Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз

Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасындағы тарихилық пен тарихи шындық
Мағжан Жұмабаевтың
«Батыр Баян» поэмасындағы тарихилық пен тарихи шындық
МАЗМҰНЫ
Абстракт (аннотация)
I. Кіріспе
Жұмыстың сипаттамасы
2.1 Мағжан Жұмабаев - алаштың көрнекті қайраткері, атақты ақын, қазақ
әдебиетінің классигі, түркі дүниесінің мақтанышы
2.2. Ш.Уәлиханов еңбегінен алған деректер - «Батыр Баян» поэмасындағы тарихилық пен тарихи шындықтың дәлелі.
2.3. Батыр Баян – романтикалық бейне, поэманың басты тірегі, оқиға иесі
2.4. «Батыр Баян» поэмасының көркемдік астарындағы оқиға шындығы, реалистік көрініс.
2.5. Нәтижелерді практика жүзінде пайдалану саласы
III. Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Аннотация
Бұл ғылыми жоба ең көрнекті қазақ ақындарының бірі Мағжан Жұмабаевтың “Батыр Баян” поэмасы мен өзге де әдебиет сыншылары мен әдебиеттанушылардың мақала-кітаптарындағы деректерге негізделіп жазылған. «Батыр Баян» поэмасы астарындағы тарихилық пен тарихи шындыққа дәлелдер келтіріледі.
Жоба жұмысында Мағжан Жұмабаев шығармасының көзі тірісінде-ақ тек қазақ халқы ғана емес, бүкіл түркі әлемінің зиялы қауымының санасы мен сезімін жаулап алып, әлемдік мәдениеттегі ерекше құбылысқа айналғандығына талдау жасалынады.
Аннотация
Данный научный проект основан на фактах поэмы “Батыр Баян” одного из самых выдающихся казахских поэтов Магжана Жумабаева и других литературных критиков и литературоведов. В поэме» Батыр Баян " приводятся аргументы в пользу историчности и исторической действительности.
В работе проекта будет проведен анализ того, что произведение Магжана Жумабаева считается уникальным явлением не только казахского народа, но и интеллигенции всего тюркского мира.
Annotation
This scientific project is based on the facts of the poem “Batyr Bayan” by one of the most outstanding Kazakh poets Magzhan Zhumabayev and other literary critics and literary critics. The poem " Batyr Bayan " provides arguments in favor of historicity and historical reality.
The project will analyze the fact that the work of Magzhan Zhumabayev is considered a unique phenomenon not only of the Kazakh people, but also of the intelligentsia of the entire Turkic world.
КІРІСПЕ
Поэма жанры да өз бастауын эпостық поэзияның ата-тегі
«Алпамыс», «Қобыланды» тағы да басқа жырларымыздан, қисса-дастандардан алады, яғни халық ауыз әдебиеті үлгілері негізінде белгілі бір идеясы бар, композициялық құрылысы ширақ, сюжетті, оқиғалы поэмалар туды.
ХIХ ғасырдың екінші жартысында жазба әдебиет негізін салушы Абай Құнанбаев шығыс сюжетіне стильдік, жанрлық сипаты жағынан қисса-дастандарға лайық келетін поэмалар жазды. Уақыт өте келе кәсіби әдебиеті әлдеқашан қалыптасқан Батыс Еуропаның әдеби үлгісіндегі композициясы шебер құрылған шымыр туындылар қазақ әдебиетіне де көріне бастады. Заманмен бірге адам да алға озып, өмірдің өзінен тың тақырып, жаңа идеялар туындады.
Поэмада автор тарихи құбылысқа субъективті проблемалар тұрғысынан қарайды. Бұл дәстүр ХХ ғасыр басында әсіресе Мағжан Жұмабаев поэмаларында ерекше дамыды. Жалпы осы кезең - қазақ әдебиетінде поэма жанрының өсу кезеңі болды.
Өзінен кейінгі классикалық туындыларға үлгі нұсқа болған
Мағжан Жұмабаев поэмалары –тақырып, талант, жанр бірлестігі үндескен дүниелер.
ХХ ғасыр басындағы Мағжан Жұмабаев поэмаларының ішкі мазмұнын ашуға шығыстан келген сюжеттер ғана емес, өмірдегі болған, шындық оқиғалар да романтикалық сарында қызмет еткен. Ақын осы әдіспен белгілі бір қоғамның өзі таныған бейнесін көркем шындық биігіне көтере, үлкен полотнода суреттеді. Автор бас кейіпкер іс-әрекеті арқылы өзінің эстетикалық принциптерін алға тарта отырып, қоғаммен қарым- қатынасын танытады. Бұған дәлел - поэмалардағы негізгі сюжетпен қатар дамып, ақын ой-арманын танытатын лирикалық толғаулар. Кейбір туындыларында ақын өз кейіпкерімен ажырамастай бірігіп біртұтас образға айналған.
Өз идеяларын беруде ақын өмірдің өнегелік сәттерін таңдап, жаңаша ой түзіп, өз халқына тәрбиелік, көркемдік мәні бар жаңа туындылар әкелген. Бұл туындылар Мағжан Жұмабаевтың ақындық құдіретін дәлелдеді.
М. Жұмабаев поэмаларын әр сөзіне мысал етіп ала отырып А.Байтұрсынов қазақ әдебиеті тарихын діндар дәуір және сындар дәуір деп бөледі. Және бұл екеуі де халық әдебиетінен дамыған емес, бірі - араб, парсы, екіншісі-орыс әдебиетіне еліктеуден туғанын атап көрсетеді. Және бұған заңды құбылыс ретінде қарайды. Сонымен бірге қазақтың сындар әдебиетінің Европа үлгісімен келе жатыр және сол бағытта дамиды деп таниды. Мағжан поэмалары да осы Европа үлгісіндегі сындар дәуір туындысы.
Мағжан Жұмабаев - халықтың аңыз, тарихи деректерін үлкен көркемдік идея тұрғысынан қайта құрып, жаңа сипаттағы эстетикалық игіліктер жасаушы ақын.
Жұмыстың өзектілігі: Мағжан Жұмабаевтай нар тұлғалардың қазақ тарихында болуы - ұлт үшін үлкен сый.
Жұмыстың мақсаты: Мағжан Жұмабаевтай ұлтжанды ақынымыздың шығармасын зерттеп, «Батыр Баян» поэмасының тарихилығына дәлелдер келтіру арқылы өскелең ұрпақтың елжандылық сезімін арттыру және рухын көтеру.
Міндеттері:
1. «Батыр Баян» поэмасындағы тарихилықты анықтап, тарихи шындыққа талдау жасау;
2. Көркем шығарма мен тарихи оқиғаларды байланыстыру арқылы оқушыларды Отанын, елін қастерлеуге үйрету.
3. «Батыр Баян» поэмасындағы еркіндікке ұмтылған халық арманын қазіргі заманмен үндестіре білу.
Зерттеу пәні: «Батыр Баян» поэмасы
Гипотезасы: Мағжан Жұмабаевтың поэмада тарихи шындықты астарлы жеткізу арқылы тәуелсіздікке ұмтылу мақсатын түсінеді.
Зерттеу кезеңдері, процедурасы: Зерттеу жұмысы (2024-2026 ж.ж.) аумағында жүргізіліп, үш кезеңді қамтиды.
Эксперимент әдісі: Зерттеу жұмысының мақсаты мен тақырып ерекшелігіне байланысты сипаттама, салыстырмалы талдау мен жинақтау, жүйелеу және оны түсіндіру әдістері қолданылды.
Зерттеу жаңалығы және өз бетінше жұмыс істеу дәрежесі:
1. Бүкіл өмірін қазақ жұртының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған батыр Баян Қасаболатұлының образын, характерін тарихи деректер арқылы ашу.
2. Ш.Уәлиханов еңбегінен алған деректер мен «Батыр Баян» поэмасындағы тарихи шындықты салыстыру арқылы батыр бабалар мұраты болған ел тәуелсіздігінің ұлттық сипатын айқындау.
Нәтижелер:
1. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы арқылы ұлттың тарихын, мінезін, мəдениетін танытатын тұлғалық болмысын үлгі тұтады;
2. «Батыр Баян» поэмасы – ұлтпен бірге жасайтын өміршең еңбек.
3. «Батыр Баян» поэмасының астарындағы тарихилыққа жасалған талдау арқылы оқырмандар ұлтжандылық, отансүйгіштік, туған елге адалдық қасиеттерін сақтауға үйренеді.
ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІ
2.1 Мағжан Жұмабаев - алаштың көрнекті қайраткері, атақты ақын, қазақ әдебиетінің классигі, түркі дүниесінің мақтанышы
Мағжан Бекенұлы Жұмабаев - алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы. Ақын тұңғыш өлеңінен бастап әлеуметтік тақырыпқа ден қойып, ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанды. Абай поэзиясының өшпес маңызын бірден танып, оны “хакім” деп атады, ұлы ақынның “мың жыл жұтса дәмі кетпес” сөзін жаңа жағдайда ілгері дамытты, Батыс пен Шығыстың рухани қазынасын сабақтастыру негізінде қазақ поэзиясын тақырып, түр мен мазмұн жағынан байытты. Мағжан Жұмабаев ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді көтерді , халқын өнер-білімге шақырды
Қысқа ғұмырын ел тағдырына арнап, Алаш ұранын аспандатып, халық игілігі үшін қара басын қатерге тігіп, күллі адамзаттың мүддесін көздеген Мағжан Жұмабаев -замана сырын ашып, болашаққа жол сілтеген ұлт ақыны.
-
Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,
Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.
Жастық - алтын, қайтып келмес күнімде
Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер.
Жаратылдым топырағыңнан, сен - түбім.
Жалғаны жоқ, бәрі сенен жан-тәнім.
Сенен басқа жерде маған қараңғы,
Жарық болар Шолпан, Айым, сен – Күнім, - деп жырлаған Мағжан поэзиясы ғасырлар бойы толассыз зерттеуге жетеді.
«Мағжан Жұмабаев – біздің рухани өлкеміздегі қиырдан көзге түсетін, көрген көз сүйінетін биік шындарымыздың бірі де бірегейі. Оны танып, оны қастерлеу – біздің елдік мәдениетіміздің анық көрсеткіші, сипаттамасы болмақ»,-деп Ғафу Қайырбеков айтқандай, ел болашағы – өскелең ұрпақты елінің көркеюіне үлес қосар азаматы етіп, ұлт болашағын тәрбиелеудегі ақын өлеңдерінің қосар үлесі мол.
Мағжан Жұмабаевтің жас ұрпақты елжандылыққа баулуға негіз болатын шығармаларының бірі - "Батыр Баян" поэмасы. "Батыр Баян" поэмасы қазақ халқының ұлттық мәртебесін асқақтатқан ерлік пен елдікті сипаттайды. Бұл поэма ұлтжандылық, бірлік пен туған жерге деген сүйіспеншілікпен қатар мемлекетті басқару мәселелеріне арналған.
2.2. Ш.Уәлиханов еңбегінен алған деректер - «Батыр Баян» поэмасындағы тарихилық пен тарихи шындықтың дәлелі
М. Жұмабев поэмаларының ішіндегі ең көлемдісі - «Батыр Баян». Алғаш «Шолпан» журналының 1923 жылғы 4-8 сандарында жарияланған «Батыр Баян» поэмасының жазылуына байланысты Ш.Елеукенов мынадай пікір айтады: Шоқан жазбаларында Абылай ханның қол жинап, Баяндармен бірге аттанғаны туралы дерек бар. Мүмкін, Мағжан Шоқанның осы жазбасын оқыған болар, Шоқан «Исторические предания о батырах ХVIII века» деген очерк жазды, солардың деректерін пайдаланған болар деген пікір айтады. Тарихи очерк атап отырған осы еңбегін Шоқан «аңыз» деп атаған ғой. Онда қалмақтар ақ киіз үй береміз деп шақырғанда Баян ханның бармағанын қалаған. Хан тыңдамаған. Шоқан Баян қалмақтарды қуды, жете алмады, кейін қайтқанда жолда әскері де, өзі де қалмақтар улап кеткен судан өлді дейді. Мағжан бұларды шығармашылықпен біраз өзгерте пайдаланған. Тек Шоқанда Ноян деген бала батыр аталмайды. Ондай адам, шындығында, болған емес. Ол – ақынның қоспасы. Дегенмен, мұның түбінде де ақиқат бар. Баянның ағайындарының бірі Сары дегеннің Қыстаубай деген баласы қалмақтың Лағыл деген қызымен қашып кеткенде әкесі қуып жетіп өлтіруге Баянды жұмсайды. Алайда Баян екі жасты өлтірмейді, киімдерін қозы қанына малып алып келеді. Сонда осы аңыздар негізінде Ноян Мағжан қиялынан туған. Ақын Баян өлімін де басқаша алған. Өмір шындығын көркем шындыққа айналдырған. Олай етпегенде «Батыр Баян» көркем шығарма болмас еді. Қалай дегенде де аңыз-әңгімелер поэмаға жанама өзек болған.
Осы сюжеттік дерек - «Батыр Баян» поэмасы астарындағы тарихилық пен тарихи шындықтың да бір дәлелі. Егер поэмаға осы қырынан келер болсақ алдымен тарихилық және тарихи шындық не дегенге тоқталымыз.
«Тарихилық - әдеби шығарманың тарихи- әлеуметтік ортамен, белгілі бір халықтың мәдени тарихымен, салт-дәстүрімен, ырым-нанымдарымен, ұлттық ойлау ерекшеліктерімен, аңсау арманымен тамырлас құбылыс. «Тарихилық» ұғымы суреткер дүниетанымының шартараптылығына, асқан білімдарлығына яки мынадай таным кезеңдерінің өткенді (ретрогнез), бүгінді (прозентогнез), болашақты (прогноз) жетік жан-жақты меңгергеніне тікелей байланысты»
«Батыр Баян» поэмасында қазақтың хандық дәуірі, оның ішіндегі Абылай тұсындағы жаугершілік заман психологиясы көрініс тапқан, яғни қазақтың қоғамдық формациясының патриархалды қатынасы және оның қоғам мүшесі санасына әсері көрініс тапқан.
Патриоттық рух арқылы биіктік алған ұлттық мінезді ішкі сезімдермен ширықтыра беруі, Ноян мен қалмақ қызын жерлеу сәттегі ырым, көркемдік шешім - Баян өлімі тұсындағы діни-наным яғни бейсаналдық (бақылдасу) көрінісі тағы да басқа құбылыстар Мағжандық шеберлікпен берілген.
«Тарихи шындық - өмір шындығының тарихи тақырыпқа арналған шығармадағы көркемдік көрінісі.Тарихи шындыққа қоғамдық өмірдегі нақтылы құбылыстар, болған оқиғалар, өмір сүрген тұлғалар арқау болады. Алайда әдеби шығармадағы тарихи шындық-көркемдік бейнелеу тәсілмен берілетін өмір шындығы, көркемдік шындық»
Ақын өзі таңдап алған тарихи шындыққа романтикалық қуат берген. Яғни негізгі мазмұнын тарихи оқиғалар құрап тұрған поэмаға ақын романтикалық махаббат, асқақ өлім ырғағын үстемелеу арқылы поэма жанрына жаңалық әкелді. Ал, шығарманың тарихилығы мазмұнына келесі реалистік оқиғаларды жинақтауында болып табылады;
-
жаугершілік заман;
-
XYIII ғасырдағы қазақ батырлары;
-
соның ішінде Баянның ерен ерлігі, қайсарлығы мен батыр мінезі;
-
қалмақпен жауласқан майдан даласы;
-
Абылай мен Баян арасындағы сөз бәсеке;
-
Сары батыр ұлы Қыстаубайдың қалмақ қызымен ғашықтық оқиғасы,
-
Жанатай өлімі, т.б.
Ақындық асқақ толғаулармен лирикалық сипатта басталатын поэма оқиғалары осы реалистік фон аясында жырланады. Ақын әрбір оқиғаны драмалық шиеленістер арқылы ширықтыра дамытып, трагедиялық шешімге сол биік рухта әдемі әкеле білген. Әсіресе идеясын реалистік оқиғадан алған махаббат драмасы мен көркемдік шешімдегі өлім трагедиясы асқақтық рухының шыңына көтеріле алған.
Ш.Уәлиханов деректерінен өзге де оқиғаларды таңдау, оларды үйлесіммен қиыстыру шығарма эскизін құрудағы үлкен эстетикалық талғамды дәлелдейді.
2.3. Батыр Баян – романтикалық бейне, поэманың басты тірегі, оқиға иесі
XVIII ғасыр қазақ халқының қиын-қыстау заманы болды. Жоңғар, қалмақтың жан-жақтан қыспағы елді қатты күйзеліске ұшыратты. 1723 жылғы қайғылы да қасіретті «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» оқиғасы елдің еңсесіне батты. Қазақ елі бытыраңқылыққа ұшырады. Осы кезде халықтың басын қосып, қасына батырларды жинаған ер Абылайды айтпай кетуге болмайды. Жастайынан Төле бидің қолында өскен Сабалақ жорықтарға қатысып, ерлігінің арқасында елдің айбатты арыстанына айналды. Жұрттың қамын ойлап, халықты ауызбіршілікке шақырып, елдің еңсесін көтерді. Бірақ,
Жалғыз батыр – жалғыз жан
Майданға тұлға бола алмайды.
деген сөз бар ғой. Сол кезде ер Абылайдың төңірегінде халықтың батырлары шоғырланған болатын. Абылай жинаған батырлар ішінде Кара Керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Сары, Баян мен Сағынбай сынды ел ардақтылары болатын. Аталған батырлар ішінде бүкіл өмірін қазақ жұртының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ер жүрек ардагерлердің бірі – батыр Баян Қосаболатұлы (1710 – 1757). Батырлығымен, тапқырлығымен Абылай ханның ерекше құрметіне бөленген. Қазақ-жоңғар шайқасына қатысып, Баян батыр атанған. Өкінішке орай Баянға қатысты тарихи деректер өте аз. Батыр жайлы мәліметтерді біз сол кездегі ел мұқтажын жырлаған, халықты ауызбіршілікке үгіттеген жыраулардан көреміз.
Абылай ханның тұсында өмір сүрген Үмбетей мен Тәтіқара жыр толғауларынан Баянның сол кезде жоңғарларға қарсы күрескен батыр екенін білеміз. Мәселен, Үмбетей жыраудың «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» атты ұзақ толғауында мынадай дерек бар.
Қара Керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Сары, Баян мен Сағынбай
Қырмап па еді жауыңды,
Қуантпап па еді қауымды,
Ұмыттың ба соны, Абылай.
Үмбетей толғауынан, батыр Баянның Абылай ханның тірегінің бірі екендігін байқаймыз. Баянның халқы ардақтаған, ел қорғаған батырларымен бірігіп, қазақ халқының туын жықпай, талай қан майданда ерлік көрсеткен еліміздің хас батырының бірі болғандығына көз жеткіземіз.
Ал, Тәтіқара өз толғауында:
Бөкейді айт Сағып менен Дулаттағы,
Дәріпсәлі маңдайды айт қыпшақтағы
Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын
Сары менен Баяндай уақтағы.
Баян батырдың ержүрек батылдығы мен ел қорғағаны, халықтың тұлғалы азаматы болғанының айғағын Тәтіқара жырау толғаулары дәлелдейді.
Поэманың басты қаһарманы – Баян батыр, ішкі дүниесі түгел
ашылып, күрес-тартысы кең көрінетін романтикалық бейне. Абылай
ханның өз сипаттауынша да Баян тегін батыр емес.
Көп жаудың албастысы, ел еркесі,
Баянның батырлығы алашқа аян.
Баянның әруақты құр атынан
Көп қалмақ болмаушы ма ед қорқақ қоян.
Наркескен, өрттей ескен, қайтпас болат
Баянсыз қанатымды қалай жаям?!
Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай,
Келмесе қандыбалақ батыр Баян!
Басқа батырларды санамалай келе, ақын Баянды даралап, ерекше, өршіл, ауыспалы мағыналы «албасты», «ел еркесі», «наркескен»,
«қайтпас болат», «қандыбалақ» сияқты сөздермен бейнелейді. Жорыққа шығу үшін де Баян керек, қалмақтарды қояндай бұқтыру үшін де Баян керек, Абылайдың хандық қаһары үшін де Баян керек. Осыдан келіп Баян –поэманың басты тірегі, оқиға иесі болады. Баян басын жеке көрсетуде ақын өз атынан емес, хан атынан сөйлейді. Баянды бағалаушы, батырлығын дәріптеуші – Абылай хан.
Абылай сөзі – халық сөзі. Оған ден қойсақ, Баян басында, Абай айтқан, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» – түгел бар.
Мағжан поэманың құрылымына лайықтап, Баянның батырлығын сипаттап алады, сонан соң оқиға желісін біртіндеп өрбіту арқылы батырдың ішкі дүниесін көрсетуге ауысады. Тіпті батырдың туған жерін, өскен ортасын, руы мен тегін де таныстырып өтеді.
Баян көп жорықтың бірінде қалмақ сұлуын олжалап алып келеді.
Шын ер ғой батыр Баян алып қайтқан,
Еліне сол сұлуды естен танбай!
Қыз, шынында да, көз тоқтата қараған жанды естен тандырарлықтай әрі ақылды, әрі сұлу болуы керек. Оны тегін қыз деп ешкім айта алмас. Бірақ Баян тек батыр емес, ақылды батыр, жүрек сезімін тізгіндей біледі, бірден қыз құрығына түспейді. Шыдам мен сырды бұғаулай отырып, қызға қарындасынша қарайды. Алайда ол батырды билеп кете алмайды. Осылайша Баянның жан дүниесі, сезім әрекеті бірте-бірте ашыла түседі.
Ауыл ақсақалдарының бір сұм іс болып қалды деп естіртуі Баянның
намысын қоздырады. Інісі Ноянның қалмақ қызымен кетіп қалғанын естігендегі батырдың күй-жайы былайша баяндалған:
Боз үйде жалғыз қалып Баян енді,
Жаралы жолбарыстай күңіренді.
Қорғасын миын, ойын төмен басып,
Ақылға алғыр құстай ашу төнді.
Бір көк сұр түс енгізіп бар денеге,
Сұм жүрек қанды өзіне жинай берді.
Ақырда ашу ерді билеп кетіп,
Жалп етіп, сөнген шамдай ақыл өлді.
Өлді ақыл. Атып тұрып батыр Баян,
Боз үйден оқ жыландай шыға келді.
Жан күйзелтердей жағымсыз хабар батырға жайсыз тиеді. Бір мезет батырды ашу билеп кетеді. Бұл тұсты «ақыл өлді» деген кейіптеумен түсіндіреді. Ашу үстінде ажары от шашқан көріністі «сұм жүрек қанды өзіне жинай берді» деп баяндайды. Ақын сұмдықтың бәрін «сұм жүректен» көріп, өзі қалаған қаһарманына араша болады. «Сұм жүрек» – эпитеттік тіркес. Негізгі мағынасы – жаманатты сезу. Батырдың басына түскен сын сағаты жүрек тебіренісіне байланысты. Осы жерде батыр басында өкініш те, қызғаныш та, өзімшілдік те бар. Оның қызға деген ғашықтық сезімі бұрын сыртына теппеген еді, енді інісінің жау қызы үшін туған ағаға опасыздық етуі, елін, жерін тастай қашуы өзгеше күйге салады. Махаббатын, ғашықтық отын үрлейді, жауға наразы ыза-кегін өршітеді. Қызды аярға, інісін жауға балайды.
Ой жоқ боп, жүрек шоқ боп, құр екпін боп,
Сұңқардай сорғалаған келді Баян.
Қыз түгілі қаны бірге өз бауырын
Танымай қалғандай да болды Баян.
Өз бауырын танымас адам болмас. Батырдың ішкі жан-дүниесі қопарыла қозғалып, қызғаныш сезімі өн денесін оттай шарпығанда ғана көзі қарайып, тынысы тарылады; буыны босап, белгісіз, қауіпті қаракеттер құлына айналады. Жоғарыдағы шумақ – сондай сәттің куәсі. Осы екпінмен інісі мен қызды өлтіріп жібереді.
Ашу белең алғанда ақыл кейін келеді. Есін жиған соң барып, Баян екі жасты құшақтап, өкініш жасына булығады. Кезеп ашу тарап кетіп, қорқақ ақыл: «Мұның не?» – деп, шыға келеді. Батыр өзіне-өзі сот құрады. Ішінде аласапыран басталады, жаны арпалысады. Батыр әуелі өзін аяусыз айыптайды. Бауырмалдық, туыстық сезімі оянады. Жайшылықта Ноянды өлтірмек түгілі оның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын деген ниеті қайта оралады. Енді жау қызын неге алып келіп едім деген өкініші жанын жейді. Өйткені барлық оқиғаға, өлімге себепші – сол жау қызы. Батырдың көз алдына артынан қуып жеткен ағасына арсалаңдап күліп еркелегені сурет болып тұрып алады. Бұл жай батырдың өзін-өзі кешірмеуіне, өзін-өзі кінәлауына әкеліп соғады. Ол шіріп қалғыр саусағын да, сұлуға түскен көр болғыр көзін де, сынбай қалған садағын да, кемуді көрмеген күшін де – бәрін де қарғайды.
Енді бір сәт: «Інімді алты алаштың намысы үшін өлтірдім бе?» – деген оймен жұбанбақ болады. Сол бойда ол ақылынан қайтып: «Жоқ, бұл оймен тартқан жоқпын садақты, ғашықтықтан, қызғаншақтықтан өлтірдім», – деп, айыбын қалыңдата түседі. Туыстық сезім мен ғашықтық күйік екеуі бірдей батырдың екі иінінен жаншып, ар соты алдында тізе бүктіреді, ар-намысын оятып, ерекше жанкешті күйге салады. Баян ең соңғы тоқтамында жау қолынан өлуді қалайды. Бір емес, екі адамның, ең қымбат адамдардың
қанын жүктегендіктен алаш намысы үшін өлтірдім дей алмайды.
Шындығында, інісі мен қалмақ қызының соңынан қуа жөнелгенде ол
бірден қара басының қамын ойлаған жоқ. Халықты, оның жау алдындағы ары мен абыройын алға тартты. Батыр бойындағы әр түрлі сезім толқын секілді бірін-бірі қуалап, бірінен-бірі балалап, батып-шығып жағаға жеткендей. Ел бетіне қарауға хұқысыз, ханға қадірлі болу амалын тауысқан. Жаумен жағаласып өлуден басқа жол таппады. Сөйтіп, кінәсінен тазармақ. Баян басындағы осы тайталас хал, ақтық шешім бәрібір оның басқа батырлардың көбінен қадірлі, ақылы кемел, ерлігі теңдессіз, жеме-жемде жүректі халық батыры екендігін дәлелдейді.
Сонымен Баян ел-жұрты үшін өз інісі мен тұтқын қызды, өзін де
халық жолына құрбан қылған батыр болып қалады.
Ноян – Баян емес, әлі жас, жалпыұлттық ар-намыс биігіне жеткен жоқ.
Ноянның бар ақылы білегінде,
Билеген асау жүрек, қайнаған қан, –
деп, – таныстырады ақын. Оның қайраттылығына күмәнданбайсыз, жүректілігіне сенесіз. Ол ағасын шексіз жақсы көреді, бірақ сұлу қыз тұтқынына түсіп қалды. Қуып жеткен ағасын көргенде-ақ қатесін ұқты, сол үшін қанға бөкті. Баян ол үшін аға ғана емес, бүкіл халқы, елі, жері. Ол қалмақтың сұңғыла қызының сұм ойын аңғармады, аңғалдық – балалық істеді. Ел алдындағы борыш пен парыз дегенді ұмытып кетеді. Қыз жігіттің жастығын, бостығын пайдаланады. Он бестегі Ноян, батырлар ағасы болып қалған Баян емес, оны қалай илеуге де болатынын түсінді. Қалмақ қызының сертіне беріктігін, туған еліне, анасына адалдығын теріске шығаруға болмайды. Әркімнің де солай болғанын құптау керек. Барлық мәселе Ноянның қыз сөзіне имандай елтіп, қалмақ елін өз елінен артық санағандығыда болып отыр. Баянды алдаған, Ноянды арбаған қалмақ қызы қайткенде де қазақ батырларының адал жары бола алмайды.
Көркем бейне тарихи тұлға көшірмесі емес. Суреткер тарихи
шындықты әдеби шындыққа айналдырғанда артық та кете алады, кем
де түсе алады.
2.4. «Батыр Баян» поэмасының көркемдік астарындағы оқиға шындығы, реалистік көрініс.
ХVIII ғасыр қазақ халқы үшін тарихи сын заманы болды. Ел
болып қалу екіталай еді. Екі тау соқтығысса арасында шыбын өлетіні
сияқты, қазақ даласында Шығыста Қытай, Батыста Ресей мүдделері
түйісті. Қазақ жеріне жету үшін Қытай жолында қалмақтар жатты.
Орыс патшалығы ХҮШ ғасыр басынан бастап, қазақ жерінің теріс-
тігінде отаршылдық қазығын қаға бастады. Екі ірі патшалық арасын-
да қалмақтар мен қазақтар қақтығысы осылай туды. Әйтпесе бұлар
бұрын қыз алып, қыз берісіп отырған елдер болатын. Ресей үшін
қазақтардың әлсірегені, Қытай үшін қалмақтардың әлсірегені пайда-
лы еді. Міне, осы заманда елді қорғайтын батыр, жерді қорғайтын хан
керек болды. Оларды мадақтау, болашақ ұрпақ алдында үлгі тұту –
поэма мақсаттарының бірі. Сонымен қатар поэманың жазылу әдісінде біраз өзгешеліктер бар. Оны бізге дейін зерттеушілер де аңғарды, әділ бағалады.
Ә.Тәжібаев бұл шығарманы симфониялық жыр деп атады.
Ш.Елеукенов психологиялық поэма деді. Біз өз тарапымыздан психо-
логиялық-лирикалық тәсілге құрылған шығарма деп ұғамыз. Бірақ
бұл айтылғандардың бірі екіншісін жоққа шығармайды.
Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл қолым емес кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да.
Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,
Толғанып қарауым сол баяғыға.
Бұл – ақын басындағы қасірет. Ол заманына риза емес. Анығы –
Кеңес өкіметін ол қабылдамайды. «Зарлымын», «жаралымын», «кі-
сендеулімін», «жаным күйді», «қажыдым» дегендері – шындығы.
Әйтпесе «Батыр Баян» поэмасының орнына біздің заманымыз туралы
шығарма туған болар еді. Ақын өзінің заманымен оппозицияда екендігін бүкпесіз ашық жазып отыр. Басындағы күйініш, қасіретін жыр
қылып төгеді.
Мағжан Жұмабаев өмір сүрген кездегі қазақ әдебиеті айтысты-тартысты болды. Соған орай ақын шығармалары әр түрлі бағаланып жатты.
Ташкентте оның «Батыр Баян» поэмасына бірінші болып Жүсіпбек
Аймауытов пікір білдірді. Ол Ташкентте оқып жүрген қазақ жастары
үшін Мағжан және оның жаңа поэмасы туралы кең көлемді баяндама
жасады. Кейін оны мақала қылып бастырды. Мұнда Жүсіпбек ақын
шығармаларын жан-жақты талдап, ғылыми түсінік берді.
Төңкерістің алғашқы жылдарында Мағжан Қызылжардан қуылды. Өйткені оның өлеңдері Кеңес өкіметінің талап-тілегіне қайшы келді, ақын түрікшіл деп бағаланды. Мағжан Жұмабаевтың ақындық күші, сөзге еркіндігі, суретшілдігі «Батыр Баянда» толық көрінеді. Абай айтқан «сөз патшасы» «Баянда» бар. Адамдардың мінезін дұрыс келтіру, биге – бише, батырға – батырша, ханға ханша баға беріп, әрқайсысының аузына өздеріне лайық сөз салуы, сұлуды, махаббатты, батырды, соғысты, өлімді суреттеуі өмірді түйе білгендігін көрсетеді.
Мағжанның ақындығын және оның «Батыр Баянын» қуана қабыл-
даушының бірі Ахмет Байтұрсынов болды. Ол «Әдебиет танытқышында» Мағжан шығармаларынан көптеген мысалдар алды, оларды ақындық өнердің үлгі-өнегесі ретінде талдады.
Башқұрт ақыны Сайфи Құдаш 1968 жылы Мәскеуде орыс тілін-
де шыққан «Жастық шақ ізімен» атты кітабында әлі тұтқында жатқан
Мағжан есімін қорықпай атады, ол туралы қазақтардың әлі өздері
айтпаған жылы лебіз білдірді.
Әдебиетке жиі араласып жүретін қоғам қайраткері Ы.Мұстанбаев ұлтшыл атанғандарды жақтай отырып, Абай, Мағжан, Жүсіпбектерді үлгі тұтады. «Біздің жас жазушыларымызға, кедейшіл ақындарға айтарымыз – жалпы саяси тілек бөлек. Бірақ «Батыр Баян», «Қартқожаны» оқы! Үлгі ал!», – деп жазады.
Ғаббас Тоғжанов әдебиетке таптық тұрғыдан қараса да, 1928 жылғы 6 мамырда Мәскеудегі әдеби айтыста былай дейді: «…мен әлі
де айтам – Мағжан көркемдік жағынан артық. Сондай көркемдікті
біздің жалпы жазушыларымыз да үйренуі керек. Мағжаннан үйренуге
несіне арланады» .
1924 жылдың басында Орынборда әдеби «сот» өтеді. Басты
айыптаушы – С.Мұқанов, қорғаушы – Жәкен Сәрсембин. Мұнда
«Мағжан – Совет өкіметінің жауы, оның шығармалары оқытылмасын,
жарияланбасын» деген қаулы алынады.
2.5 Нәтижелерді практика жүзінде пайдалану саласы
«Мағжан Жұмабаев шығармаларының бүгінгі күнде өзектілігі» сауалнамасы
Мағжан Жұмабаев шығармашылығының бүгінгі күнде өзектілігін анықтау және оқушылардың қызығушылығын білу үшін 4 сұрақтан тұратын сауалнама жүргізілген болатын. Сауалнамаға қатысушылар саны 20 болды. Барлығы да 8-сынып оқушыларынан құралды.
Кесте 1. Сауалнаманың 1-сұрағының жауаптары
Қатысушылардың басым бөлігі, яғни 80 пайыз оқушы, «Сен бос уақытыңды қалай өткізесің?» сұрағына ғаламторда отыратындықтарын білдірді. Сонымен қатар, қатысушылардың 15 пайызы ғана бос уақытында кітап оқитындықтарын көрсетті.
Кесте 2. Сауалнаманың 2- сұрағының жауаптары
«Мағжан Жұмабаевтың әдеби мұралары туралы білесің бе?» сұрағына
қатысушылардың 50 пайызы ақынның әдеби мұралары туралы білмейтіндіктерін белгілесе, келесі жартысының ақын шығармашылығымен таныс екендігі анықталды.
Кесте 3. Сауалнаманың 3- сұрағының жауаптары
Сауалнаманың 3- сұрағының
жауаптарына сүйенсек, қатысушылардың
75 пайызы 5-еуден кем, ал 20 пайызы 5-еуден артық Мағжан өлеңдерін
білетіндіктерін байқатты.
Кесте 4. Сауалнаманың 4- сұрағының жауаптары
Сауалнаманың 4- сұрағының жауабына 100 пайыз оқушы дұрыс жауап беріпті.
Қатысушы оқушылардың айтуынша, бұл поэма бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі кездестіруге болады.
Нәтижесінде, бұл сауалнаманы
өткізудің арқасында оқушылардың қазіргі Мағжан Жұмабаев өлеңдері
бойынша көзқарастары анықталған болатын. Сауалнамаға жауап
берушілердің басым бөлігінің ақынның патриоттық рухтағы «Батыр
Баян» поэмасымен жақсы таныс екендігі анықталды.
Алайда, жаңа буын оқушылардың бос уақытын ғаламторға телміріп
өткізетіндігі қынжылтады. Сондықтан, Мағжандай ақынның ұлттық
рухтағы өлеңдерін насихаттау арқылы жастарды ғаламтор шырмауынан
ажыратып, елін, жерін сүйетін, қоғам дамуына өз үлесін қосатын
тұлға ретінде қалыптастыру жолдарын іздеу - қазіргі заманның
талабы.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қорытындылай келе, трагедиямен аяқталған бұл поэма Мағжан поэзиясының биік асқар тауы болып табылады.
Поэма мұраты - ел қорғайтын батырлар мен жер қорғайтын хандарды мадақтау, болашақ ұрпақ алдында үлгі тұту
Реалистік негізде жазылған бұл поэма тек тарихты айтатындай. Бірақ, поэманың мақсаты тек тарихты жырлап қою ғана емес, сонымен қатар ерлікті, еркіндікті жырлау болып табылады. Поэма арқылы Батыр Баяндай ерін танып, ұмытпаған халықтың ерлікке, еркіндікке деген күш жігері артатыны сөзсіз.
Мағжан шығармаларында айтылатын қағидалар мен ойлар, ақын жүрегін мазалаған толғаныстар бүгінгі таңда, бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, өз мәнін жойған жоқ. Керісінше, уақыт озған сайын ұлттық, ұлыстық, жалпыадамзаттық философиялық-әлеуметтік проблемалар қатарында алдымыздан қайта шығып отыр.
ҰСЫНЫСТАР:
Халқына азаттық тілеген, өмірін ел мүддесіне арнаған Мағжан Жұмабаевтың еңбектерін баршаға насихаттау үшін мынадай ұсыныстарым бар:
1. Біздің халық ретінде сақталып қалғанымыз, бейбітшілікте және келісімде өмір сүріп жатқандығымызда Алаш зиялыларының үлесі бар екендігін түсіндіру үшін Алаш ардақтыларына арнайы онкүндіктер ұйымдастыруды міндеттеу;
2. Бүгінгі ұрпаққа Мағжан Жұмабаевтың өшпес мұраларын таныстыру үшін бейнебаяндар түсіріп, үлгі ете білу.
3. Мағжан Жұмабаев еңбектерін қазіргі заман талабына сай электронды кітаптарға енгізіп, әлеуметтік желілерде жеке парағын ашу.
Пайдаланған әдебиеттер.
1. Тлеубекова Ботакөз Тұрғамбайқызы, Еділхан Өміртай, Әубәкір Зәмзәгүл Молдыраманқызы. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. Алматы 2019 жыл
2. М. Орынбаев, А. Қалшабеков. М.Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасы
3. “Бес Арыс” (естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалары) А., 1992ж.
4. З.Қабдолов “Сөз өнері” А., 1974ж.
5. Е.Әбен, Е.Дуйсенбайұлы, И.Тасмағанбетов “Дала даналары” А., 2001ж.
6. М.Жұмабаев “Шығармалар” 3-томдық А., 1995ж.

