КӨШТЕН
ҚАЛМАУ ҮШІН КӨПТІЛДІЛІК КЕРЕК
Елбасы
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті
Н.Ә.Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа
Қазақстан» атты Жолдауында: «Қазақстан
бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын
жоғары білімді ел ретінде танылуға
тиіс. Бұлар:
қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі
– ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын
тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай
кірігу тілі» деп
атап көрсеткен болатын.
Яғни бүгінгідей ақпараттық қоғамның
күн сайын қарқынды даму үдерісінде
қазақстандықтар үштілділік немесе
көптілділік қағидатын ұстанып, меңгеруі
тиіс. Әрине, бұл тұста ең алдымен
мемлекеттік тілге басым бағыт берілетіні
анық. Өйткені, мемлекеттік тіл – ол
мемлекеттілігіміздің басты нышаны,
құндылығы. Содан кейін барып бүгінгі
замана тілін меңгеріп, жаһандық даму
тенденциясынан шет қалмау – басты
міндет.
Қазақ
тілімен қоса бірнеше тілді меңгеру
арқылы жас ұрпақ білім кеңістігінде
еркін самғап, әлемдік ғылым құпияларына
үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік
алады. Осы тұста мектептердің үш тілде
оқытуды қолға алудағы негізгі мақсаты
– бірнеше тілді меңгерген, жан-жақты
білімді, бәсекеге қабілетті, мәдениетті
тұлғаны қалыптастыру болып табылады.
Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер
қатарына апарар басты баспалдақтардың
бірі екені айтпаса да түсінікті. Сол
себепті де қазіргі таңда келешек ұрпақты
интеллектуалды тұлға етіп дамыту,
көптілді меңгерту – білім беру жүйесінің
өзекті мәселесіне айналған.
Жалпы,
қазір интеллектуалды жас ұрпақ өсіп
келеді. Олардың ой өрісі тез жетіліп,
кез келген технологияны меңгеріп алуға
қабілеті жетеді. Тек оған дұрыс
бағыт-бағдар, білім беру керек. Сол
технологияларды тек ағылшын тілін жетік
меңгерген адам ғана түсіне алмақ. Яки
жаһан тілін білмеген жаһандану үдерісінде
көштен қалып қояды деген сөз. Қазіргі
таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп
тілді, әсіресе халықаралық тілдерді
меңгеруді маңызды міндет деп санайды.
Осы орайда біз де өз халқымыздың қарыштап
дамып, өркениеттен кенже қалмау үшін
көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман
талабынан туындап отырған қажеттілік.
Себебі, бірнеше тілде еркін сөйлей де,
жаза да білетін маман бүгінде сұранысқа
ие. Сондықтан
да жас ұрпақтың жаңа Қазақстанның
келбетін қалыптастырып, дамыған елдер
қатарына қосу үшін ағылшын тілін жетік
білгені жөн. Бұл үштілділік саясатты
ұстанып отырған мемлекетіміздің де
басты ұстанымы екені айқын.
Ағылшын
тілі пәні мұғалімі ретінде үш тұғырлы
тіл саясатын дұрыс түсінбей, даурыға
берудің қажеті жоқ деп санаймын. Өйткені,
бүгіннің өзінде еліміз көптеген дамыған
мемлекеттерден инновациялық-индустриялық
даму көрсеткіші жағынан кейін қалып
қойғанын аңғарамыз. Ондай мемлекеттермен
терезезі тең дәрежеде болу үшін бізге
білім деңгейін көтеру қажеттілігі
туындайды. Ал оның ең алғашқы баспалдағы
тіл, оның ішінде халықаралық тіл екені
сөзсіз. Осы себепті де біз жас ұрпаққа
ағылшын тілін үйретіп, жүйелі жұмыс
жасап келеміз.
Бүгінде
ағылшын тілі бастауыш сыныптардан
бастап оқытылады. Себебі, бала жастайынан
шет тілін базалық деңгейде білсе,
болашақта кәсіби деңгейде үйреніп
алуына мүмкіндік мол. Одан бөлек қазіргі
таңда ағылшын тілін тереңдетіп оқу
курстары да жүзеге асырылуда. Соның
арқасында ағылшын тілін еркін меңгергендер
шет елдерде білімін дамытып, тәжірибесін
молайтуда. Шетелден тәжірибе жинақтап,
технология тілін түсінгендер еліміздің
әралуан саласында еңбек етіп, мемлекеттің
дамуына сүбелі үлес қосуда.
Ғылым
мен техниканың даму деңгейіне сәйкес
оқушының білімі терең, іскер және ойлауға
қабілетті, әлемдік стандарттар негізінде
жұмыс істей алатын құзырлы тұлғаны
қалыптастыру үшін мемлекеттік деңгейде
жаңартылған білім беру мазмұны қолға
алынды. Соның аясында көптеген пәндер
ағылшын тілінде оқытылып, үштілділік
саясатты жүзеге асыруға атсалысуда.
Жалпы жаһандану
заманында, яғни әлемдік ғылым, өнер және
технологиялардағы дамуды оқушылар
басқа тілді меңгеру барысында біле
отырып, өз тілінде сол дағдыларын
дамытуға мүмкіндік алады. Бұл оқушыларға
шет тілін оқытумен қатар көптеген жаңа
бағыттар береді, яғни оқушы тілмен қатар
пәнді қоса меңгереді. Мұнда оқу мен
ойлау дағдысы бірігіп, әлемдік мәдениетке
көзқарасы қалыптасқан азамат тәрбиеленеді.
Осы
бағытта мен үштілділік саясатты жүзеге
асыруға өзіндік үлес қосып келемін.
Оқушыларға ағылшын тілінен сабақ бере
отырып, онда көптеген әдіс-тәсілдерді
қолданып жүрмін. Оның ішінде оқушылардың
ой өрісін дамытуға бағытталған ашық
сабақтар ұйымдастырып, біліктіліктерін
арттыруға күш жұмсаймын. Бүгінгі заманның
талабы болған соң менің міндетім –
оқушыларға шет тілін меңгертіп, олардың
бәсекеге қабілетті тұлға ретінде
тәрбиелеу. Осы жолда аянбай еңбек ете
беремін.
Елбасы
Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан - 2050» стратегиясы
– қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси
бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған
Жолдауында «Біз ағылшын тілін игеруде
серпіліс жасауымыз керек» – деді. Демек,
ағылшын тілін білмей, заман талабына
лайықты, бәсекеге қабілетті тұлға
қалыптастыруға толық қол жеткізе
алмаймыз. Сондықтан еліміздің біліктілігі
мен сауаттылық деңгейін әлемге танытып,
алпауыт мемлекеттермен тереземізді
теңестіру мүмкіндігіне жетелейтін
қадамдардың маңыздысы – көптілділік
деп санаймын. Осы тұста, жаһан тілін
жалпының білгені жақсы.