М.Әуезов "Жетім" әңгімесі, талдау, түсіндіру

Тақырып бойынша 11 материал табылды

М.Әуезов "Жетім" әңгімесі, талдау, түсіндіру

Материал туралы қысқаша түсінік
әңгімені талдау, оқу, оқушыларға, ұстаздарға
Материалдың қысқаша нұсқасы

М.Әуезов «Жетім» әңгімесі

Мусина Альмира Тлеухоровна

Магистр

Курмин тірек мектебінің (РО) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі


М.Әуезовтың «Жетім» әңгімесі сай сүйегінді сықырлатып, көзге жас үйіретін, көңілді босататын шығармалардың бірі. Мектеп қабырғасында білім алып жатқан жеткіншектердің бұл әңгімеден алар әсері ерекше. Оны жік-жігімен түсіндіріп, кейіпкерлердің образын ашып, оң – солын таныту, біздің алдымызда тұрған үлкен міндет. Қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің ұстазы ретінде, бұл шығарманы әр оқыған сайын, оқушыларыма талдаған сайын жүрегімде ерекше толқыныс орнайды. Әңгімеде өрілген қатыгездік, жетімдіктің ащы зары, теңсіздік пен дүниеқоңыздықты түсіндіре отыра, сабақ өткізу барысында түрлі әдіс-тәсілдерді қолданамын. Ең алдымен жаңа тақырыпты түсіндіріп, толық мәлімет берген соң, «ситуациялық сұрақ» қойып, әңгімені ой елегінен өткізіп, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін айқындап беремін. Оқушылар жаңа сабақты қалай түсінгендерін байқап, топпен жұмыс жасағанды жөн көремін. «Еркін жазу», «Бейнелеуші топ», «Кейіпкерлермен жұмыс» тәсілдерін қолдана отыра, әңгіме туралы оқушылардың өзіндік пікірі, шығармада табиғаттың бейнеленуі, жетім баланың көңіл -күйімен үндесуі, жетім деп кімдерді атаймыз деген секілді сұрақтар төңірегінде жауап іздеп, автордың оқырман санасына сіңіргісі келген дүниелерді талдаймыз. Оған қоса, жетім сөзіне қатысты мақал-мәтелмен жұмыс жасап, қамқоршылық, ізгілік, аяушылық секілді дүниелердің өмірде қаншалықты маңызы зор екендігін оқушылардың бойына сіңіруден жалықпаймын.

Шәкірттердің санасына М.Әуезовтың «Жетім» шығармасын толық жеткізу мақсатында ең ұтымды тәсіл «кейіпкерлермен кездесу». Бұл әдісті тек бір сабақта қолданбай, мектептегі оқушылардың шығармашылығын, таным – түйсігін арттыру барысында, өткен жылы үлкен сахнада, спектакль ретінде қойған болатынбыз. 5 сынып пен 11 сынып оқушыларының қатысуымен өткен қойылым, көрермендерді жылатып, өте әсерлі түрде өтті. Әсіресе, жетімнің рөлін сомдаған оқушы, өзінің рөлін өте жақсы алып шықты. Әжесінен айырылып, қайғыдан қан жұтқан сәтті көрсету барысында көзінен жас шығып, оқу ордасындағы барлық адам шығарма шын өмірде болып жатқандай жүректерімен ұғынып, аяушылық танытып жатты. Қойылымға іріктеу, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан сәтте, Иса мен Қадишаның рөлін сомдауға бастапқыда көп бала келісе қоймады, себебі, олар шығармамен танысу барысында, олардың жауыздықтарын, жетімге көрсеткен қорлығымен таныс болатын. Яғни, олар жақсы мен жамандықты айырып, бұл кейіпкерлердің қылығы дұрыс еместігіне ой түйіп, өмірде олардың орынында болғылары келмейтіндерін айтты. Ұстаз ретінде, бұл қасиетті басқа да оқушыларға көрсету қажеттігін айтып, қатыгездіктің рөлін барынша шынайы қылып жеткізу қажеттігін түсіндірдім. Жұмыла жасаған еңбектің нәтижесінде Иса мен Қадишаның рөлі де өте тамаша шықты. Жемтімді қорлау, қол көтеру, жағымсыз сөздер айту сәттерін көрген оқушылар, өмірде мұндай болғымыз келмейді деп бірауыздан айтып, қамқоршылық, бауырмалдық, сенім секілді сәттердің маңыздығын түсініп, мектеп оқушыларының өз -ара бітімгершілігін одан әрі арттыра түсті. Қойылымның сәтті шығуына ат салысқан әрбір оқушы, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, еңбектің нәтижесін көрсетті.

Жалпы, М.Әуезов байырғы қазақ аулындағы әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, озбырлық туралы, адамдар арасындағы қым-қиғаш қайшылық, әйел басындағы ауыр хал, айықпас мұң, қайғы хақында жазушы сол жиырмасыншы жылдардың жемістері әңгімелер топтамасын жазды. Өгейлік, өктемдік құрбаны болған қорғансыздар тағдыры бұл әңгімелерде де қатал реализм арнасында үлкен суреткерлік күшпен бейнеленеді. Дүниеқоңыз, безбүйрек ағайынсымағы Иса мен оның «ұрысқақ долы қатыны Қадишаның» өгейлік тепкісіне төзе алмай жанжалдасып шығып, қараңғы түн ішінде ата-анасының зиратын іздеп келе жатып, үрейі ұшып өлген он жасар кішкене Қасым («Жетім»)… шығармалардың бәрі өзара тағдырлас: бірінің бейнесін бірі толықтырып, бірінің мінезін бірі тереңдетіп тұрғандай.

«Тақырыбы ортақ, сюжеті желілес осы әңгімелердегі ұнамды кейіпкерлерді бір жерге жисақ, бәрі қосылып, «ескілік көлеңкесіндегі» «қорғансыздың» аянышты ауыр халін әр қырынан әсерлі танытып қана қоймайды, сол ескіліктің еңбек адамдарын еркінен айырып, қараңғы қапас түнекте тұншықтырып абақты екенін, одан құтылудың жолы біреу-ақ, ол тек қана азаттық үшін айқас екенін аңғартады. Бұл, әрине, шыншыл суреткердің шындықты шынайы суреттеуінің күші деп білген жөн» [1, 250], — дейді академик Зейнолла Қабдолов.

Десек те, дәл осы арада сыншыл реализм әдісінің осындай күштілігімен қатар осалдығы да ап-анық көрініп тұр: осынау зәбір көргендер мен жапа шеккендер қанаушылар қиянатына қанша ашынғанмен, кейде тіпті ашуға мінгенмен, оларға қарсы бел шешіп күресе алмайды: бас кейіпкерлердің бәрі дерлік өз қарсыластарымен батыл тіктесе алмай, көбіне құлап түседі, өздерін құрбандыққа береді.

«Трагедия – драматургияның қаһарлы тартыстар мен адасулар шайқасы, қат-қабат өмірдің объективті қайшылықтарын терең образдар арқылы ашып, зор айқастар, үлкен күрестерді бастан өткеріп, шындыққа жету жолында опат болатын күрделі тұлғаның қайғы-шері, мұң-ызасы эмоциялық-эстетикалық ғаламат әсермен оқырманға (көрерменге) берілетін, болмыстың қаны сорғалаған сұрапыл шындықтарын айқара ашып, қопара бейнелейтін іргелі жанры» [2, 38], — дейді академик Рымғали Нұрғали «Трагедия табиғаты» атты оқулығында.

«Жаз ортасының қоңыр кеші. Ұлытаудың бөктерінде кештің қоңыр салқын желі еседі. Күн батып, ымырт жабылып барады. Күнбатысты қалың қара бұлт басқан, айналада күңгірт тартқан төбелер қоңырқай тартып, түн тыныштығына қарай бой ұсынған сияқты» [3, 51], — деп «Жетім» әңгімесін оқи бастаймыз. Он жастағы тұл жетім Қасымның өне-бойыңды шымырлататын бейшаралық халін жазушы осылай елестетеді: кеш те қоңыр, жел де қоңыр салқын төбелер де қоңырқай тартып барады. Тыныштыққа қарай бой ұсыну да бар.

«Он жасар Қасымның бұдан бір жыл бұрын кәрі анасы өліп еді. Одан жарты жыл бұрын өзін туған әке-шешесі өлген… Өз әке-шешесі өлгенде Қасымның кішкентай әлсіз басы тағдырдың бұның басына келерлік барлық соққысын түгелімен көріп шыққан. Алдыңғы өлімнен кейін жарты жыл өткенде кәрі әжесі өліп еді. Бұрынғы бала – бұрын еркелікпен жылайтын Қасым әжесі өлген күні шын қайғымен жылап еді. Басына аспан құлағандай уайымды сол күні көріп еді». Тағдыр кішкентай байғұс балаға сондай қатал мінез көрсетті. Аранын аждаһадай ашқан өлім Қасым туыстарын бірінен кейін бірін жалмады. Баланы шын жетім етті. Ата-ана, кәрі анасы, бәрі, бәрі қара жер құшағына енді. Тек Қасым ғана жарық күнді көруде. Бірақ – қу жалғыз. Осы жалғыздық, панасыздық бала жүрегін ауыртты. Сәби жаны, кішкентай жүрегі үлкен қайғыға душар болды. Шығарма оқырманды толқытып, тебірентеді. Бұл жерде біз тағы да жазушы шеберлігіне тәнті боламыз.

Қасым ұйықтаса, бақытқа жеткендей болып, өзін алдына алып сүйіп уатып, көзін сүртіп жүрген әке-шешелерін көреді. Бәрі де «біз тіріліп келдік, енді өлмейміз… Сен қорғансыз емессің, сен жыламайсың, сенің көз жасың бізді қайтып алып келді…», — деуші еді. Қасым түсінде еркелеп, әжесінің төсін иіскеп, «мені неге жылаттың?» — деп өкпе де айтатын.

Бірақ күндер өтті. Қасым жетім болды. Жетімдік бұған өзінің барлық суық пішінінде емін-еркіндігін танытты. Қатал тағдыр мықты қолымен қатты ұстады.


«Күннен күн өткен сайын, әжесі келмейтін болып, алыстай бастады. Оның бейіті Ұлытаудың бөктерінде алыста қалды. Ауыл тау асып көшіп кетті. Әжесі тірі болған күн Қасымның көңілінен сұлу сағымдай, жазғытұрғы мамық түсті бұлттай болып, қайта оралмастай боп жоғала бастады. Әжесінің мұны уатып айтатын ертегісі, кешкі мезгілде алдына алып, күпісіне орап отырып, тербетіп айтатын сезімді қоңыр әні де жоғалды. Өшті, Қасымның үмітті де жарық күні де батты», — дейді автор. Бәрі де әсемдігін жоғалтқандай. Әжесінен айырылған Қасым үшін дүние өз құндылығынан айырылғандай. Әжесін өз құшағына алған тау бөктері алыстаған сайын, оның бал-бұл жанған бақытты кезі, кәрі анасының бауырында жатып, тыңдаған әсем әні де құлағынан кетіп бара жатқандай. Өмірдің оты өшкендей, баланың жанарындағы жарық та сөнгендей.

Қасым – қорғансыз. Бірақ ол қолынан келген қарсылығын жасады. «Мені мұндай сорлы қылғандай не жазып едім?.. неңді жеп едім? ! Жазығым – қуарып қалған жетімдігім бе?» — деп жерде жатқан тасты ала салып, төніп келіп қалған Исаны тізесінен періп кеп жіберіп, далаға қарай қаша жөнеледі. Қасым жас бала, дәрменсіз. Өзін қорғай алмады. Алайда біз оның бойынан өршіл сезімдердің ұшқынын сезгендей боламыз. Жазушы идеясы да осыны меңзегендей.

Ата-анасынан ерте айырылған Қасымның бөтен бір ағайынсымақтан көрген моральдық, материалдық жәбірі аздай, зират ішінде де әлдебір құбыжық оның зәресін соншалықты ұшырып еді. Қасымның жан тапсырар сәтін жазушы да бар қорқынышты суретпен береді: «Сол уақытта жаңбыр бұлты тауға таман жақындап, жел қатаңдап, күннің күркірегені жиілеп тұр еді. Күн әдетінше жарқ етті» [1, 57]. Автор табиғаттың қаталдық көрсеткен көрінісін көрсете отырып, оны бала өлімімен тікелей астастырып, психологиялық егіздеуге бой ұрады. Жазушы табиғат тарапынан Қасымның қаралы қайғысына өз көңілін білдергенін айқын суреттейді. Сүреңсіз қалған жаз жадыраған қалпынан тайып, өлім құшағына кеткен жандарға иман тілеп, артта қалған жетімге пана бола алмай, жанарына жас үйіреді.

«Сонда үш жолаушы алдарындағы ағашқа сүйеніп жығылып, қатып тұрған баланы көрді. Басында бұлар шошып, аттары да үркіп атып кетсе де, артынан оралып дыбыстап, әлгі жерге қайта келді. Бұлардың көп айқайына ешкім дыбыс бермеді. Аздан соң аттан түсіп, қасына келіп қараса, жыртық киімді, өңі кұп-қу болып, қаннан айырылып жүдеген он-он бір жасар бала екен. Ол – өлік. Бірақ денесі әлі түгел мұздап та болған жоқ екен…», — деп әңгіме аяқталады.

Жазушы трагедияға негізделген бала өмірінің соңғы сәтін қыры да, сыры да күрделі шеберлік шеңберінен шыққан сөздермен береді. Оқиғаның түгел мазмұнының идеялық пердесін ашатын, оқырманның көңіліне ой салатын шешімге жол салады. Автор шығармадағы оқиғаларды бір-бірімен байланыстыра отырып, бас-аяғы бүтін ширақ, ең бастысы – эмоциональдық әсері өте мол көркем дүние болып танылуына айта қаларлықтай септігін тигізген.

Түйіндеп келсек, осы сөз болған әңгімелерді жанрлық тұрғыдан қазақ әдебиетін байытқан шығармалар деп нақты айта аламыз. Бұл психологиялық, енді бірі – әлеуметтік, екіншісі – философиялық т.б. Барлығы да адам жанының қалтарысын, сезім құбылыстарын, замана шындығын, қоғам өмірін көрсетуде жанрлық жағынан әр тарап болып келіп, қазақ әдебиетінің дамуына әлемдік, қала берді, классикалық деңгейге көтерілген шығармалар. Мұхтар Әуезовтің жиырмасыншы жылдардағы әңгімелері әлем әдебиетінің озық ойшылдарының шығармаларымен сусындай отырып, келелі ой, келісті мазмұнның түп қазығы іспетті болды.



























Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Қабдолов З. Әуезов. Алматы: Санат, 1997.

  2. Нұрғали Р. Драма өнері. Алматы: Санат, 2001.

  3. Әуезов М. Әңгімелер. Алматы: Жалын, 1987.





Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
09.03.2021
12520
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі