Мектеп ережесі

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Мектеп ережесі

Материал туралы қысқаша түсінік
Әр мектептің өз жұмысын реттейтін педагогикалық кеңесте қабылданған, директордың бұйрығымен бекітілген ережелері болуы қажет. Біз өзіміздің барлық әрекеттерімізді реттеуіміз керек, регламентке түсіруіміз қажет. Сонда бәрімізге де жұмысымыздың әр саласында, әр бағытында не және қалай жасау керектігі түсінікті болып отырады. Мектеп мәдениетінің бір көрінісі мен дәлелі осы жұмыс болар.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Мектепте қабылданған ережелер


Әр мектептің өз жұмысын реттейтін педагогикалық кеңесте қабылданған, директордың бұйрығымен бекітілген ережелері болуы қажет. Біз өзіміздің барлық әрекеттерімізді реттеуіміз керек, регламентке түсіруіміз қажет. Сонда бәрімізге де жұмысымыздың әр саласында, әр бағытында не және қалай жасау керектігі түсінікті болып отырады. Мектеп мәдениетінің бір көрінісі мен дәлелі осы жұмыс болар.

Мәселен, мектепке ҚМЖ туралы ереже керек, өйткені мұғалімдер сабақ жоспарын қалай, қандай үлгіде жасау керектігін білмей дал болуы мүмкін. Біреулер оны «завуч айтты» деп тек қағаз жүзінде шығаруы мүмкін, ал кейбіреулері ҚМЖ-ды «министр өз сөзінде келтірген» деп электронды нұсқада жазуы ықтимал. Біреулер сабақты баяғы Ю.А.Конаржевский бойынша 8 кезеңге бөлсе, басқалары Назарбаев зияткерлік мектептерінің немесе «Сын тұрғысынан ойлау» жобасының үлгісі бойынша сабақта 3 кезеңді қолдануда. Ал аудандық білім бөліміндегі «ақылдары тым көп» мамандар тіпті басқа үлгіні міндеттеуде.

Кімдікі дұрыс? Әрине, мектептің нұсқасы дұрыс. Бірақ ол бар болса, заңды түрде барлық процедураларды сақтай отырып қабылданған, бекітілген болса. Ол үшін алдымен «Жазу, құрастыру», кейін «Талқылау», содан соң «Педкеңесте тыңдау», одан кейін «Қабылдау», соңында «Бекіту» кезеңдерін толығымен сақтау керек.

Мектептің басты басқару органы не? Педагогикалық кеңес. Педкеңестің үкімін ешкім, тіпті министр де өзгерте алмайды. Әрине, ол үкім Конституция мен заңдарға қайшы болса. Біздің бір үлкен кемшілігіміз бар. Мектебімізге комиссия келсе, олар мектепті өз ережелері бойынша тексереді. Олай болмауы керек: олар мектепті сол мектептің ережелері бойынша тексеруі керек. Кез келген комиссияны мектеп алдымен тексеру туралы өз ережесімен таныстырып, ережені басшылыққа алуды талап етуі қажет. Әрине, егер оған батылы, білігі мен білімі, жүрегі жетсе. Жетпесе – мектеп комиссияға бас шұлғумен болады, солардың айтқанынан «Ләббай-ка!» деп шықпайды.

Өз жұмысын реттеу үшін әр мектеп ең алдымен қажетті ережелердің тізімін жасап алғаны абзал. Мектеп жұмысында нені реттеу керек? Мысалы, мынандай мәселелерді нақтылап, олар туралы ереже қабылдау қажет шығар:

- мектепте ережелерді қабылдау процедурасы (регламенті),

- ҚМЖ мен ОМЖ-ның құрылымы мен оларды бекіту,

- сабақты жаңаша ұйымдастыру,

- ашық сабақ пен оны талдау,

- өзара сабаққа қатысу,

- қалыптастырушы бағалау,

- жиынтық бағалау,

- Сабақты зерттеуді (LS) ұйымдастыру,

- Сабақты зерттеу (LS) топтарының жұмысын ұйымдастыру,

- мұғалімдердің бірлесе сабаққа дайындалуы,

- ата-аналар жиналысын ұйымдастыру,

- ата-аналар комитетінің жұмысы,

- оқушылардың өзін-өзі басқаруы,

- оқушы үні,

- сынып пен мектептің безендірілуі,

- мұғалімдердің кезекшілігі,

- сыныптардың кезекшілігі,

- оқушылардың сыныптағы кезекшілігі,

- сенбі күнінің мазмұны,

- мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеру,

- тренингтер мен коучингтер,

- мұғалімдердің каникул кезіндегі жұмысы туралы,

тағы да басқа толып жатқан жан-жақты нақтылауды қажет ететін мәселелерді бұл тізімге қосуға болатын шығар. «Бұл тізімге неге ананы, мынаны қоспадыңыз?» деп сұрамаңыз, өйткені нені қосу немесе алып тастау керектігін сіздер өздеріңіз білесіздер. Ең негізгі, ең қажетті деген 10-20 мәселені таңдап алыңыздар.

Содан кейін әдеттегідей жұмыс комиссияларын құрыңыздар. Мәселен, 2-3 мұғалімнен тұратын шағын топқа 1-2 ережені құрастыруды тапсырса. Олардың жұмысын реттеу үшін бұл топтармен бірнеше отырыс өткізіп, оларды ережелерді қалай жазу керектігімен таныстыру қажет, үйрету қажет. Алдымен барлық ережелердің құрылымы қандай болу керектігін айқындап алайық. Мысалы, ережелерде мынандай міндетті бөлімдер болуы шарт деп келісіп алайық:

1. Мұқабасы.

2. Қолдану ауқымы.

3. Глоссарий.

4. Жалпы ережелер.

5. Реттелетін жұмыс бағытының нормаларын, құрылымы мен жоспарлау кезегін, ұйымдастыру мен жүзеге асыруды анықтау.

6. Ережеге өзгерістер мен түзетулер енгізу турады.

7. Қосымша.

8. Негізделген заңдар мен нормативтік құжаттар.

Бұл келтіргенім де тек ұсыныс қана. Сондықтан да мұны жасаймын десеңіздер – бұл тізімді өз қалауларыңыз бойынша қалай өзгертсеңіз де өздеріңіз білесіздер. Менің шаруам – ұсыну ғана, ал сіздердің шаруаларыңыз – не жасау, не жасамау.

Жұмыс топтары 1, 2 немесе 3 апта еңбектенгеннен кейін олардың жасаған ережелерін мектеп мұғалімдеріне, қажет болса ата-ана мен оқушыларға жазбаша не электронды түрде таратып (электронды пошта не WhatsApp арқылы), олармен танысуды және ережелерді толықтыру, өзгерту туралы ұсыныс жасауды сұрауға болады. Бұған да 1, 2 не 3 апта берген дұрыс. Жұмыс топтары келген ұсыныстарды ескеріп, мүмкін болса авторларына жауап беріп, қажет болған жағдайда оларды ережелерге енгізеді.

Осыдан кейін ұсыныстар қабылданбайды. «Біткен іске сыншы көп!» деген. Кейінірек «Бұл неліктен былай, басқаша болмай ма?!» дегендердің байбаламы «Регламентті сақтау керек: барлық ұсыныстарды дер кезінде беру қажет еді!» деп ысырылып тасталғаны жөн. Жасыратыны жоқ, арамызда постфактум сыншылар аз емес қой. Мәселен, жыл бойы порталда жарияланып тұрған оқулықтарды көрмей, оқымай (ол туралы қанша айтылса да!), тек оқулықтар кітап болып жарияланғаннан кейін ғана ұсыныс айтушылар көптеп шығып жатады.

Басқаша да жұмыс жасауға тұрарлық. Бір ғана жұмыс тобын құруға болады. Қолынан іс келетін, басы алтын, жігері биік, еңбекқор 10-15 мұғалімдерден шығармашылық топ құрып, оларға ережелерді бір-бірлеп, дайын болған сайын өзгесін беріп отыруға да болады. Бұл амалдың күшті жағы: майталман мұғалімдер барлық ережелерді жоғары деңгейде құрастырады. Әлсіз жақтары: майталман мұғалімдердің шаршап қалуы да мүмкін, олардың арасында наразылық та тууы ықтимал: «Барлығын біз жасай береміз бе? Қалғандары ше?» Мектептің басты мақсаттарының бірі – барлық мұғалімдерді де көшбасшылыққа тарту: әр мұғалім белгілі бір уақытта жауапкершілікті өзіне алып, белгілі бір жұмысқа белсене араласуы керек, соны атқаруы қажет. Ал майталман мұғалімдерді жұмыс жасату арқылы біз сол баяғы 20% белсенді азшылықты ғана жұмысқа тартамыз. Шындығында да, ал қалғандары ше?

Ережелерді талқылау және толықтыру жұмысы аяқталғаннан кейін оларды педагогикалық кеңесте қабылдайық. Ол үшін ұзақ талқылаудың қажеті жоқ: біз әр комиссия ұсынған нұсқаларды қарастырмай-ақ қабылдайық, өйткені олар талқылау мен өзгерістерді енгізуден өтті емес пе?

Орайы келгенде мына мәселе бойынша өз ойымды айтып кетсем деп едім. Әсілі педагогикалық кеңестердің аз уақыт ішінде өткені дұрыс емес пе? 2-4 сағат мыжымай? Қарастырылатын мәселелер, оқылатын баяндамалар, сөйленетін сөздер, талқыланатын мәтіндер мен құжаттар алдын-ала әдістемелік бірлестіктерде бір аптадай оқылып, қаралып, талқыланса. Сол жерде ойлар, пікірлер, ұсыныстар айтылып, олар педагогикалық кеңестің хатшысына жіберілсе. Хатшы олармен танысып, кеңестің қаулы-қарарына енгізсе. Ал педагогикалық кеңесте мұғалімдер тек оларды бекітумен айналысса.

Ол үшін мектеп директоры «Бірінші мәселе бойынша сөйлейтін мектеп директорының баяндамасы барлық әдістемелік бірлестіктерге бір апта бұрын таратылған еді. Бәріңіз де онымен таныстыңыздар, талқыладыңыздар. Маған біраз ұсыныстар да түсті. Біз оларды ескердік. Осы бірінші мәселе бойынша ұсынылған қаулыны дауысқа салайық! Оны да сіздер кеше алғансыздар!» деп қаулыны қабылдау рәсімін ұйымдастырса. Керегі жоқ баяндама жасаудың, өйткені баяндама алдын-ала дүйім елге таратылған, тіпті мектеп сайтында, чатында, қабырға гәзетінде жарияланған. Керегі жоқ талқылаудың, өйткені талқылау әр әдістемелік бірлестікте ұйымдастырылған. Керегі жоқ, қаулыға ұсыныстар айтудың, өйткені ұсыныстар алдын-ала жасалған. Педагогикалық кеңесте тек дауыс береміз. Осылайша педкеңесіміз 30-45 минуттың ішінде тамамдалса.

Сонымен ереже (немесе бірнеше ереже) педагогикалық кеңесте қабылданды. Енді оны директор өз бұйрығымен бекітуі керек. Міне, осыдан кейін бұл ереже заңды күшіне енеді! Барлық мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар, тіпті сырттан келгендер де оларды қадағалауы керек болады.

Мысалы, бір мұғалім «Мен коучингтерге қатыспаймын!» деп қиқалыққа салса, оны «Мұғалімдердің кәсіби біліктілігі арттыру» туралы мектепішілік Ереженің 3.7 бабын орындамағаны үшін жауапқа тартуға болады емес пе? Ал ол Ережеде «Әр мұғалім аптасына ең кемінде бір рет коучинг немесе тренингке қатысуы керек» деп жазылған. Ондайларға «Өздеріміз қабылдаған ережеге өзіміз қарсы шығамыз ба енді?» деу керек шығар?

Немесе сырттан тексеру келіп, мектептің әр сыныбында, барлық дәліздер мен қабырғаларда ілініп тұрған оқушылар мен мұғалімдердің жұмыстарын көріп (эсселер мен шығармалар, кері байланыс пен рефлексия үлгілері, салған суреттері мен фотолары, картиналары мен бұйымдары, т.б.), ызадан булыға «Мынау не бәле?! Алып тастау керек!!!» деп долданып жұлынса, оларға «Кешіріңіздер! Біздің мектепте қабылданған «Мектепішілік безендіру туралы Ережеге» сәйкес біз безендіруді осылай ұйымдастырамыз!» деп айтқандарын болдырмау керек. Тіпті «Біздің мектепте қабылданған «Этикет Ережесі» бойынша бізде дауыс көтеруге, айғайлауға болмайды! Сондықтан да дауысыңызды екі тон төмен түсірсеңіз қайтеді?» деп ондай озбырларды сабасына түсіруге болатын шығар.

Осы секілді жұмысымызды реттеп алсақ, бек жақсы болар еді.

Қалай ойлайсыздар? Тек менің айтқанымды болдырмаудың сылтауын емес, болдырудың амалдарын айтыңыздар!

Немесе менің айтқаным утопия ма?

Асхат Әлімов



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
21.12.2017
1105
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі