««Мен 21 ғасыр педагогімін»»Өтепқали Нәсіпқали Зинелғабиденұлы
Атырау облысы, Индер аудандық білім бөлімінің оқушылар шығармашылық орталығының жоғары санатты, қосымша білім беру педагогі
Жұмыс: 8 712 34 2 15 30Ұялы: 8 702 344 53 99Үй: 8 712 34 2 10 18Email.ru: otepkali70@mail.ru
Ұстаз-ең әуелі өмірін еліне, халқына арнаған айналасына имандылық шуағын сепкен, тәлім-тәрбиенің қайнар бұлағы, адам баласын білім мен ізгілікке қалай жетелеу керектігі жөнінде тағылым-өнеге қалдыратын тұлға.«Ұстаз болу-өз бақытын аялау» -деп француз философы Ж.Руссо айтқандай, ұстаз-мәңгі нұрдың шуағы, сөнбес сәулесі. Ұстаз жүрегі адамгершілік пен адалдыққа, қайырымдылық пен мейірмділікке толып, үнемі жанары нұрланып, сәуле шашып тұруы қажет. Маған бір әріптесім: «Күннің нұры мен баланың арасында қандай байланыс бар?»-деп сұрақ қойды. Жарқыраған күннің нұры, сәулесін шашқанда, сенің тоңазып тұрған денең бірден жылынады, көңіл-күйің көтеріліп, өмірге деген құштарлығың оянады. Бала да дәл күн нұры сияқты, оның періштедей көңілі, кәусар бұлақтай таза риясыз сөздері жан дүниеңді жылытып, сен оны білім-ғылым атты үлкен асуға жетелей жөнелесің. Шәкірттеріміз ең алғаш біздің алдымызға келгенде жазылмаған ақ параққа ұқсайды ғой. Өнер-білімі жоғары, тәрбиелі, тағылымы мол, қабілетті, шебер мұғалім ғана ақ парақ бетіне кереметтей ою-өрнек салып, сол баланы жеке тұлға дәрежесіне жеткізеді. Әр оқушының өзіндік ерекшелігін, шығармашылық қаблетін айыра біліп оны әрі қарай дамыту ұзақ та үздіксіз жұмысты қажет ететіні сөзсіз. Қазіргідей жаһандану заманында, уақытының көбін түрлі компьютерлік ойындармен өткізетін оқушылардың арасынан шығармашылық қабілеті бар дарынды оқушыны қалай танып білуге болады? Ол үшін не істеу керек?Бала бойында төменгі сыныптан бастап тапқырлық, бейімділік, қаблеттілік, таланттылық байқалады. Мұның бәрі бала бойындағы дарындылық қасиет. Өмірдегі шынайы ғажап адамзатқа маңыздылар-дарындылар қолында, ал сол дарындылықты дамыту ұстаздың қолында. Ғылым мен техника күннен күнге қарыштай дамыған сайын, мұғалімге қойылар талап та күшейе түсуде. Оқушылардың дамуына әсер ететін, жанына жылу шашатын, сәби жүрегіне адамгершіліктің, өнегенің нұрын құятын қосымша деректерді алдын-ала іздестіріп, қажетті деп тапқандарды сабақта қолданып отыру, көрнекілікпен техникалық құралдарды пайдалану, сол пәндердің ұстасы-пән иелері дер едім. Олардың шамасына қарай жұмыстарын міндетті түрде бағалап, мадақтап жолдастарына және басқа да сынып оқушыларына көрсету арқылы біз оқушының қызығушылығын арттырып мерейін өсіреміз.Әр оқушы-өзінше бір әлем. Сол әлемді араласаң, талай нәрсені біліп, танып көптеген мағұлматтар жинайсың. Сол секілді алдыңа келіп отырған әр оқушыны зерттей, зерделей білесің, шәкірт жүрегіндегі, көңіл түкпірінде болмашы ғана жылтырақты-шуақты сәулеге айналдыру өз қолыңда. «Бала болашығы менің қолымда»-бұл ұстаздың ойына сан мың рет оралатын тұжырым. Бірақ осы жайлы сөз қозғаған кезде менің ойыма: «Бала болашағы қандай болуы керек? Ұстаздың қолында келешек ұрпақтың тағдырына ықпал ететін қандай мүмкіндіктер бар? Бала болашағы жарқын болу үшін не істеуім қажет?» -деген сұрақтар көңілімді шырмауықша орай берді. Осы шырмауды шешемін деп терең ойға шомыла беремін, шомыла беремін... Бала болашағы қандай болуы керек...Егер біз баланы зерттеп, оның қаблеттілігін анықтап, дұрыс жолға салып, дамыта білсек, барлық баладан зор үміт күтуге болады, ол үшін әр баланың жеке дарындылығын ашып, оның жүрегінің кілтін таба білу қажет, сонда ғана ертеңгі күні ол азаматты кездестіргенде бетіне тік қарай алмақпыз. Біз болашағымыздың жарқын болуын қалаймыз, бірақ жай ғана қалау жеткіліксіз. Қарыштап алға ұмтылған ағымы қатты заманда сол толқыннан қалмай, армандаған мақсатқа жету үшін аянбай еңбек ету, яғни, өзіміз де заман талабына сай болуымыз керек, сондай-ақ, оқушы көз алдында үлгі аларлықтай тәрбиелі, инабатты, бала жанын түсінер жан болуымыз қажет деп ойлаймын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бізге сенім артып: «Еліміздің ертеңі-бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында,» -деп ұстаздардың жаңа заман қалыптастырудағы алатын орнын өз сөзінде айқындап атап өткен болатын. Ал біз, ұстаздар қауымы, осы жүктемені халық айтпақшы: «Нар тәуекел-ер ісі» -деп бар күшімізді салып арқалап көтеруге тиіспіз, сонда ғана діттеген мақсатымызға жетіп, Елбасы сенімін, халық сенімін, ата-ана сенімін болашақ алдында ақтай алмақпыз. Айтылған ойлар ұстаздар қауымына дарып, ісіміз сауатты да, сапалы болып, ел болашағының көркейуіне қызмет етсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Біздер-болашақ жеке тұлғаны қалыптастыратын таудан аққан ағын судың бір тамшысымыз. «Тамшыдан тама, тама дария болады»,- дейді, сондықтан мен тек қана, сол тамшының берері көп болсын, ұшан-теңіз дарияға айналсын деп тілеймін!