Материалдар / Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла, Абайтану 10 сынып

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла, Абайтану 10 сынып

Материал туралы қысқаша түсінік
Абай өмір сүрген дәуірдің ерекшелігі. Ақынның келешек ұрпаққа арнаған адамгершілік жайлы өсиеттері. Қазіргі кездегі Абай ілімінің өзектілігі туралы ұғындыру.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
22 Желтоқсан 2017
7080
84 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады


Күні: 05.09.2017 жыл

Сыныбы: 10 в

Сабақтың тақырыбы: Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла

Сабақтың жалпы мақсаты: Абай өмір сүрген дәуірдің ерекшелігі. Ақынның келешек ұрпаққа арнаған адамгершілік жайлы өсиеттері. Қазіргі кездегі Абай ілімінің өзектілігі туралы ұғындыру.

Сабақтың түрі: Жаңа сабақ

Сабақтың әдісі: эссе, топтастыру.

Сабақтың көрнекілігі:

1) Абай «Шығармаларының екі томдық толық жинағы» Алматы «Жазушы» 2005 ж;
2) М.О.Әуезов Абай Құнанбаев «Монография. Мақалалар, зерттеулер» Алматы «Санат» 1995 ж;
Сабақтың түрі:Жаңа сабақ

Сабақтың әдісі: сауаттылық хаттар, лекция.

I. Қызығушылықты ояту сатысы:

1) Оқушыларды түгендеу, үй тапсырмасын тексеру.

2) Өткен тақырыпты еске түсіру.

II. Мағынаны ажырату сатысы. Жаңа сабақ


«... Жүрегімнін. түбіне терен бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!..»


Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған ақынның айтқан сөзі еді. Даланы торлаған надандық түнегіне ол шам-шырақтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті...

Өзінің көптеген тұстастарының айтуына қарағанда, Абай өлеңді өте ерте, он екі жасынан бастап шығарған. Оның бұл кезеңде шығарғандарының көпшілігі бізге жеткен жоқ. Абайдың жас кезіндегі өлеңдерінің кейбіреулерінің және бірқатары ұмытылған, болмаса жоғалып кеткен шығармаларының аттары ғана сақталған... Қазақстанда ол кезде жазу-сызу нашар дамыған болғандықтан, бізде Абайдың жас кезіндегі өлеңдерін сақтаған, оның өмір тарихын баяндайтын, тұстастары жазған мемуарлар, хаттар, жазбалар жоқ. Үстем тап өкілдерінің ақынға деген қатынасының да салқыны бұған аз тиген жоқ. Егер халық поэзияны терең қастерлеп, ақын атын жоғары бағаласа, ру байлары: «Құдайға шүкір, біздің рудан бір де ақын, бір де бақсы шыққан жоқ» деп күпінетін. Поэзияға осындай көзқарастың әсерімен Абай өзінің кептеген өлеңдерін жас достарының атынан таратқан. Ру таластарының қым-қуат дау-жанжалына амалсыз араластырылған Абай әкесінің әділетсіздігімен, қаталдығымен келісе алмады және көп істерге, әкесінің ырқына көнбей, әділ үкім шығарып отырды. Абайдың халық арасынан шыққан адал, ақылгөй адамдармен дос болуы және жас кезінен бастап орыс мәдениетіне бой ұруы Қүнанбайға ұнамады. Қатал, айлалы әке мен әділетті, қайсар баланың арасында елеулі тартыстар жиі-жиі болып тұрады.

Жиырма сегіз жасқа қелгенде Абай әкесімен біржола ажырасады. Ол енді тағдырын өзі белгілеп алатын болады. Абай, ең алдымен, орыс тілін үйренуге қайтадан бет бұрады.

Оның жаңа достары – негізінен кедей рулардан шыққан талантты жастар, ақындар, жыршылар және орыс интеллигенциясының таңдаулы өкілдері болады. Есейген, мәдениеті ескен Абай орыстың классикалық әдебиеті мен Шығыстың халық творчествосын оқи бастайды.

Отыз бес жасқа келгенде ғана Абай творчествоға қайта оралады. Бірақ бұл кезеңде де Абай өз өлеңдерін жас достарының атынан таратады. Тек, 1886 жылы, қырық жастан асқан соң «Жаз» деген атақты өлеңін жазғаннан кейін ғана Абай шығармаларына өз атын қойды.

Отыз жастарға келгенде Абай феодалдық-рулық ортадан біржола түңіледі. Ол патша үкіметі тұтандырып отырған рулық тартыстың халық үшін өте ауырға соғатынын анық көреді. Нағыз ақын, әрі патриот Абай халыққа оның неге қасірет шегетінін түсіндіруге тырысты. Өзінің өлеңдерінде ол феодалдық-рулық билеп-төстеушілерді аяусыз әшкерелейді және халықты өнер-білімге шақырады. Абай орыстың жер ауып келген 70-80 жылдардағы революционерлерімен танысады. Олар – революцияшыл интеллигенцияның өкілдері, Н. Г. Чернышевскийдің жолын қуушылар еді. Солардың бірі – Е. П. Михаэлис - Шелгуновтың жақын досы, белсенді қызметтесі болған. Михаэлис те, сондай-ақ, Семейге кейінірек жер ауып келген оның пікірлестері де жас адамдар болатын. Абайдың олармен таныстығы кешікпей үлкен достыққа айналады. Орыс достары Абайдың өз бетімен білім алуына ерекше назар аударып, зор көмек керсетеді. Олар Абайдан қазақ халқының тарихы, поэзиясы, әдет-ғұрпы және искусствосы жайында кеп мәлімет алады, өздеріне бейтаныс өлкенің табиғи-географиялық, экономикалық жағдайларын, тұрмысын зерттейді. Мешеу қалған қиырдағы өлкеге орыс мәдениетін тұңғыш таратушылар да, халықтың өмірі мен тұрмысын өзгертудің, оны ағартудың жақтаушылары да солар болды...

Орыстың демократиялық интеллигенциясының бұл өкілдері халықты ағартуды царизмге қарсы күрестің маңызды құралы деп санады. Абай сияқты адамдарды орыс әдебиеті классиктерінің және орыс мәдениетінің басқа да алдыңғы қатарлы өкілдерінің мұрасымен таныстыру – олар үшін, әрине, маңызды міндет болды. Абайдың бұл достары орыстың ұлы жазушылары мен алдыңғы қатарлы саяси-әлеуметтік қайраткерлерінің еңбектері мен ойларында бейнеленген орыс халқы туралы шындықты қазақ өлкесінің қалың еңбекші бұқарасына жеткізуге тырысты. 19 ғасырдағы азаттық идеяларға толы орыстың классикалыық әдебиетінің асқан гуманизмі мен терең революцияшылдығы, оның царизмге қарсы өшпенділігі, оның езілген бұқараны қорғап көтерген өшпес дауысы Сібірде де, Қазақстанда да қоғамдық ойды өмірге оятты, тәрбиеледі.

Ал, Абай болса қазақ халқының ғасырлар бойғы қараңғылықтан құтылатын бірден-бір дұрыс жолы – орыс және қазақ мәдениетінің жақындасуында деп білді. Ұлы ақын-ағартушы халықтардың туысқандығы мен достығы идеяларын жақтаушы болды. Өзінің өлеңдерінде ол қазақ халқына орыс халқын патша отаршыларынан айыра білуді көрсетуге тырысты.

«... Тура тілді кісіні дейміз орыс,

Жиреніп, жылмаңдықты демес бұрыс.

Жылпылдақтан айрылып, сенісе алмай,

Адамдықты жоғалтар ақыр бұл іс.

Сенімі жоқ серменде сырды бұзды,

Анық таза көрмейміз – досымызды.

Қылт етпеген көңілдің кешуі жоқ,

Жүрегінде жатады өкпе сызы.

Дос асықтың болмайды бөтендігі

Қосылған босаспайды жүрек жігі...»


Орыс халқының рухани мәдениетінің нағыз бағалылықтарын тауып, таныған шақта Абайдың ой-өрісі мейлінше кеңейді. Абай А. С. Пушкин мен М. Ю. Лермонтовтың, И. А. Крыловтың, М. Е. Салтыков-Щедрин мен Л. Н. Толстойдың құштар ардақтаушысы болады. 1886 жылдан бастап ол Крылов, Пушкин, Лермонтовтың шығармаларын қазақ тіліне аударады.

Абай тек қана ақын емес, сонымен бірге музыкант, қазақтың халық музыкасын терең білген, жете бағалаған адам болды. Ол бірқатар мелодиялар шығарды. Ақынның мелодиялары, негізінен, оның қазақ поэзиясына жаңалық енгізген өлеңдеріне («Сегіз аяқ», «Алтыаяқ» т. б.) арналған еді. Ол өзінің «Евгений Онегиннен» жасаған үзінді аудармаларына да осындай мелодиялар шығарған.

1887-89 жылдарда Пушкин есімі және оның геройлары – Онегин мен Татьянаның есімдері сол әндермен бірге бүкіл далаға кең таралды, қазақ халқы үшін қазақ ақындары мен қазақ эпикалық поэмаларының геройларындай сүйікті, жақын болып кетті. 80-жылдардың аяқ кезінде ақын, ойшыл, музыкант Абай халық жақсы білетін әрі аса қадір тұтатын кісі болады.

Оған тіпті алыс жерлерден ақындар, музыканттар, жыршылар келеді. Даңқты Біржан, соқыр ақын Ажар, Қуандық, Сара және басқалар оның өлеңдерін бүкіл кең далаға таратады. Мұқа, Ақылбай, Кәкітай, Мағауия сияқты жас таланттар, ақындар, жыршылар Абайдың төңірегіне топталады. Олардың кейбіреулері Абайдан үлгі алып, өздігінен білімін көтереді, орыс әдебиетін оқып үйренеді, тарихи, романтикалық және салт поэмаларын жазады. Абайдың маңына тек қазақтар ғана емес, шығыс халықтарының қуғынға ұшыраған (көбіне татар жастары), озат ойлы адамдары да келеді. Сібірдегі ссылкадан өз еліне қашып бара жатқан кавказдықтар Абай аулында айлап жатып қонақ болады.

Абайдың аулы бірте-бірте Шығыстың прогресшіл ойдағы, алдыңғы қатарлы адамдары келетін орталыққа айналады. Абайдың талантын бағалаушылардың саны жыл сайын молая береді. Тек Абайдың өз өлеңдерін ғана емес, сонымен бірге достарының да шығармаларын ел ішінде көшіріп алып, жаттап, әнге қосып айтады. Батыс және орыс жазушыларының Абай оқыған романдарының мазмұнын тыңдаушы – ертекшілер ауызша тұрде бүкіл далаға таратады... Абайдың және оның достарының ақындық, ағартушылық және әлеуметтік қызметі феодалдық ауылдың ескілігіне, рушыл даугерлерге, халықты қанаушыларға және соларға сүйенген царизмге қарсы бағытталады.

Абайдың еңбектері, оның әлеуметтік қызметі және үстем тапқа өшпенділігі, царизмнің сенімді жалдаптары дала феодалдарының ызасын келтірді. Олар білімді, қайсар ақын ту еткен идеяларға және ақынның өзіне қарсы лас, зұлымдық тартыс жүргізді. Абайдың бұл жаулары чиновниктермен, билеуші таптың интеллигенциясымен бірлесе отырып қимылдады.

Абай царизм үшін қауіпті адам ретінде, далалық өлкенің гененал-губернаторына дейін жетеді. Шындықтың батыл жаршысы, әлеуметтік тәртіптің әшкерелеушісі болған ақынды приставтар, урядниктер, болыстар үнемі аңдуға алады. Бірақ ақынның жаулары халықтың Абайға деген сүйіспеншілігінен қаймықты, сондықтан олар ақынға қарсы ашық қимыл жасай алмады. Олар тартыстың не бір опасыз түрлерін пайдаланды.

Ру басыларының бірі, Абайдың қас жауы – Оразбай өз маңына даланың Абайға қарсы азулылардың барлығын топтайды. Олар ақынның достарын қудалады, ал Абайдың үстінен губернаторға, уезд бастықтарына, патша соттарына айыптау арыздар, домалақ хаттар жолдады, ақынның өз басын «ақ патшаның жауы», «бүлікшіл», «әкелер мен ата-бабалардың әдет-ғұрпын, салт-жоралғысын бұзушы» деп кінәлады. Осындай арыздардың салдарынан бірде Абайдың аулына Семей қаласы полицмейстерінің өзі жанына жандармдар отрядын ертіп келіп, тінту жасайды.

Ал, 1897 жылы билеушілердің көрінеу-көзге демеуімен феодалдар Абайға қарсы опасыз қастандық жасайды. Семейдің губернаторы да Абайға талай рет кәрін тікті. Бірақ ақынның өз халқы арасындағы беделінен қаймығып, ол Абайды жер ауып келген достарынан айырумен, олардың тығыз байланысын үзумен ғана шектелді. Бірақ Абайды халықтан бөліп алуға болмайтын еді. Тіпті алыстағы уездерден көптеген адамдар Абайды іздеп келіп, ақыл-кеңес сұрайтын. Ру арасындағы үлкен-үлкен дау-тартыстарда ел ең әділ би Абайдың үкіміне, соның төрелігіне құлақ асатын... Абайдың әлеуметтік қызметі мен ақындық шығармалары дала жастарының арасында, әсіресе, белгілі болды. Көптеген жиындарда, ойын-тойда, қыз ұзатып, келін түсіргенде жыршылар мен ақындар Абай өлеңін айтатын.

Абайдың өз аулының қыздары ұзатылғанда өздерінің жасауларының ішінде Абайдың өлеңдері мен поэмаларының, нақыл сөздерінің қолжазба жинақтарын ала кететін болған. Мысалы Әсия, Уәсила, Рахила сияқты және басқа да қыздардың сондай қолжазба жинақтары осы күнге дейін сақталған...

Абайға орыстың алдыңғы қатарлы қоғамдық, халықтық-демократиялық ой-пікірінің таңдаулы дәстүрлеріне тәрбиеленген, өз ісінің болашақ мұрагері, талантты баласы Әбдірахманның өлімі аса ауыр қайғы болып тиеді... Оның өліміне арнап Абай көптеген әсерлі өлеңдер шығарады. Бұл өлеңдерде ол өзінің баласынан ғана емес, сонымен бірге үміткер досынан, мұрагерінен айырылған әкенің, халық бақыты үшін күрескердің қайғысын білдіреді. Топас, дөрекі жауларының қуғынына ұшыраған, ауыр тартыс қалжыратқан Абай ауыр өлімнің қайғысынан серпіліп болмай-ақ, тағдыр оны тағы да қатты соққылайды: Абайдың екінші баласы, талантты ақын – Мағауия қайтыс болады. Осындай бақытсыздық қатты жаншып, еңсесі түскен Абай өзінің қайғы-қасіретінен бой жаза алмайды. Мағауия өлгеннен кейін қырық күн өткен соң, алпыс жасқа шыққанда, өзінің туған даласында ақын қайтыс болады. Абайдың сүйегі Шыңғыс тауының бауырындағы өзінің Жидебай деген қыстағының жанына қойылады.

Абайдың өлеңдер мен поэмалардан, аудармалар мен ғақлиялардан түратын әдеби мұрасы үлкен-үлкен екі том болып басылды. Ақынның көп жылдар бойындағы ойлары мен толғаныстарының, ізгі жаны тебіренуінің аса бір қымбатты нәтижесіндей бұл еңбектері енді, тарихи тұрғыдан қарағанда, қазақ халқының рухани мәдениетінің жиынтығы сияқты болып көрініп отыр. Туған халқының өткендегі ауызша, жазбаша ескерткіштерде сақталған ақындық мұрасына терең бойлаған Абай сол мөлдір бұлақтан құнарлы нәр алып, өз поэзиясын молықтыра білді. Қазақ халқына ол кезде жете таныс бола қоймаған тәжік, азербайжан, өзбек сияқты шығыс халықтарының классикалық поэзиясы да Абай поэзиясына прогресшіл ықпал жасады. Бірақ қазақ мәдениетінің келешекте өркендеуінің кепілі, оның тарихи дамуы жолында сенімді жолбасшысы болған орыс мәдениетіне (ол арқылы бүкіл европалық мәдениетке), ең алдымен, оған дейін қазақ халқына мүлде белгісіз орыстың ұлы классиктері қалдырған мүраға Абайдың үміт артуы орасан маңызы бар факті еді. Ерекше дарынды, кемел ойлы Абай жаңа мәдениетті ақыл сарабынан өткізе, өз бойына сіңіре білді. Осындай асыл қазынаны қабылдаудан суретші Абайдың өзіндік айқын ерекшелігі өсіп, көркейе берді. Абай қазақ халқы әлі меңгеріп жетпеген мәдениеттерге бой ұрғанда, жаңа көркемдік суреттеу құралдарымен ғана молыққан жоқ, рухани дүниесін жаңа идеялармен де байытты. Өзінің идеялық және творчестволық байлығының асылына келгенде, Пушкин сияқты, Абай да қалың жұртқа ортақ, сонымен бірге анық ұлттық, халықтық ақын.

Абайдың 80-жылдардағы өлеңдерінің көпшілігі қазақ қоғамының тағдырына арналды. Сонымен қатар, ақын халқының бүкіл рухани қатынасын терең көркемдік-сыншылдықпен қайта қарап, өзінің ақындық жаңа программасын ұсынды.

Бұл шығармаларында Абай қалың бұқараға жақын келеді. Алайда оның поэзиясының халық творчествосынан зор айырмасы барын дәл осы тұста айқын көреміз. Абай бірде-бір өлең жолында халық творчествосының қалыптасқан дәстүрлі сөз жүйесі мен ақындық ой бітімін қаз-қалпында ала салмайды. Абай ауыз әдебиетіндегі сөздерді де, образ жүйесін де, стиль тәсілдерін тереңдетіп, жаңа ой, сезімдермен толықтырады, оның өлеңдерінде өзгеше бір идеялар мен жан сезімдері жүреді. Ең алдымен, бұл шығармалардан ақынның ескілік әдет, билеуші феодалдардың азғындық мінездері, қараңғылық, дау-жанжал жайлаған еңбекші бұқара мұқтаждық пен жоқшылықта өмір сүрген сол кездегі қазақ аулының қоғамдық қалпына бітіспес көзқарасы айқын көрінеді. Абайдың көптеген өлеңдерінде («Қартайдық, қайғы ойладық...", «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...», «Күлембайға», «Көжекбайға» т. б.) надандық, даукестік, парақорлық, арам-тамақтық, қазақ халқын билеп-төстеушілердің рухани бишаралығы өлтіре сыналады. Семьяға, ата-анаға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, әсіресе, жаңа көзқарас қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет соншама айқындықпен, соншама моральдық тереңдікпен айтылады.

Шығыс әйелдерінің халық поэмалары мен түрмыс-салт жырларында суреттелетін қайғылы, бақытсыз халі Абай творчествосыңда жаңа мағынаға ие болады. Өз поэзиясында Абай әйелдің жан-жүйесін көрсетеді, ал бұл жөнінде бұрынғы поэмалар мен жырларда аз айтылатын да, әйелдің қасіретті тағдырына сырттай ғана баса көңіл бөлінетін. Абай сүйген адамын өзі қалаған әйелдің махаббаты қаншалықты жан тебірентерлік, кіршіксіз, таза, терең болатынын, оның қиыншылықпен қолы жеткен бақыты үшін күресте қажырлы, берік екенін көрсетеді. Абай қазақ әйелін, ананы семьяның тірегі ретінде жырлайды, оның жанқиярлығын, даналығын, шын көңілмен берілген достыққа беріктігін, оның адал, тамаша жанының тұтастығын мадақтайды. Қалыңмалға, көп қатын алушылыққа, әйелді күңдікте ұстаушылыққа жан-тәнімен қарсы шыға отырып, ақын өлеңдерінде әйелдің қоғамда тең праволы болуы үшін күреседі. Абай бұрынғы ауылдың ғасырлар бойғы ескіліктерін, енжарлық пен жалқаулықты қатты түйреумен бірге, ақылы бар, бойында күші бар адамға қажетті қасиет ретінде еңбекті сүюшілікті жырлайды.

Ол өзіне дейінгі дидактикалық, уағыз поэзиясының канондарын бұзды... Абай жаңа поэзияның биік мақсаты, міндеті – халыққа қызмет ету, адамды қайта тәрбиелейтін және қоғамды қайта құруға көмегі тиетін жаңалыққа шақыру деп біледі. Халықтың еңбек етіп, өз правосы үшін күресуі ғана дала кедейіне тәуелсіздік әпереді, білімге, аянбай оқуға ұмтылу ғана жас ұрпақтың қолын жақсы өмірге жеткізеді. Оқуға шақыруды Абай жалаң уағызбен айтпады. Абайдың бүкіл поэзиясы, оның жаңа лебізді, орамды өлеңінің, өмірлік қуатқа толы образдарының күші қазақ қоғамын ескірген идеялар мен сезімдер шеңберінен шығарды, ауыл еңбекшілерінің ортасынан шыққан адамдардың басын қатырған мұсылман медреселерінің схоластикасы мен балдыр-батпақтарын аяусыз шенеді.

Абай шығыс поэзиясына, Таяу Шығыстың бұрынғы және сол тұстағы мәдениетіне келгенде де өзіндік бетін сақтай білді. Ол түпнұсқа арқылы (ішінара шағатай тіліндегі аудармасы арқылы) араб-иранның бүкіл батырлық діни эпосын, шығыстың Фердауси, Низами, Сағди, Хафиз, Науаи, Фзули сияқты классиктерін білді.

Жас шағында ол қазақ өлеңіне «ғаруз» өлшемін тұңғыш рет енгізіп және сол классиктердің ақындық лексикасынан алынған көптеген араб-парсы сөздерін енгізіп, әлгі ақындарға өзі де еліктеген еді. Кейін, халық творчествосынан искусствоның анағұрлым өмірлік берік негіздерін тауып, Абай шығыс әдебиетінен халық шығармалары – «Мың бір түнді», парсы мен түріктің халық ертегілерін, халық эпосын жоғары бағалады. Ол әңгімелеген «Шаһнама», «Ләйлі - Мәжнүн», «Көроғлы» поэмалары ел арасына кең таралды. Таяу Шығыс мәдениетін, тарихын зерттей жүріп, Абай Табари, Рабгузи, Рашид Эддин, Бабыр, Әбілғазы-БаҺадурхан және басқаларының еңбектерімен танысты, сондай-ақ шығыстың діни ғалымдарының пайымдауындағы логика мен мұсылман правосы негіздерін де білді.

Абай Таяу Шығыстың ежелгі мәдениеті ғана емес, сонымен бірге өз заманындағы мәдениетімен де жақсы таныс болатын. Ол татардың тұңғыш ағартушыларының да еңбектерін білетін. Жаңа туып келе жатқан ең бір кертартпа діни-саяси ағым панисламизм мен пантүркизмге Абай сол жылдардың өзінде-ақ дұрыс баға бере білген еді, бұл ағымды қазақ молдалары, қожалары, дала феодалдары жанын сала қолдайтын. Бұл бағытқа қарсы, Абай өз халқы мәдени прогреске орыс халқының ұлы мәдениетінен үйрену арқылы жететінін насихаттап, өзі де соны жүзеге асырды – бұл ретте ол өмірінің ақырына дейін дәйекті, табанды болды. Ол панисламизм мен пантүркизмді шығыс халықтарының ғасырлар бойғы оқшаулығы мен мешеулігін тапжылтпай, нығайта түсетін топас фанатизм деп есептеді.

Ұлтының және діни нанымдарының өзгешелігіне қарамастан, барлық халықтардың бейбіт, тату тұруына негізделген ағарту үшін нағыз жалынды күрескер Абайдың көзқарастары мейлінше кең, әрі батыл, еркін болды. Әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық мәселелерін езілген бұқараның тұрғысынан қараған ойлы, дана суреткер Абай – қазіргі күнде өзінің «ғажайып» жамылғысынан айрылып, халықаралық империализмге жалданған, буржуазияшыл-кертартпалық ұлтшылдық мәнін әшкере еткен панисламистік және пантүркистік идеялардың залалды әсерін сол кездің өзінде-ақ алдын ала көре білді.

Өзінің творчествосында Абай осы жалған «Шығыстың оянуымен» бірге бір қадам да басқан жоқ. Абайдың ақындық мұрасында, әсіресе, махаббат жайындағы өлеңдерінде, лирикалық толғауларында, «Масғұт» атты философиялық-моралистік поэмасында Шығыс классиктерінің әсері шүбәсіз екенін көреміз. Бірақ, ол Шығыс поэзиясы классиктерінің кезінде болашаққа бет бұрған, дамып, жаңа бір нәрсеге айналуға мүмкіндігі бар табыстарына ғана мүрагерлік етті. Абай шығармаларындағы идеялық-көркемдік мазмұнның реализмі, сезім шынайылығы, өмірді терең бойлап сезіну, адам қатынастары мен дүниені нақтылы түрде қабылдау – дәстүрлі шығыс поэзиясының жаңа өмір мен жаңа ұмтылуларын бойына сыйғыза алмай, әлдеқашан тозған сипаттарына мүлдем қарама-қарсы өзгеше. Тіпті, Абайдың өз діни нанымдары мен ішкі сенімдерін бейнелейтін өлеңдері де мұсылман дінінің кітаби догмаларынан мүлдем басқа.

Айқын, сыншыл ойды жақтаған Абай, көбіне исламның ресми тұрде уағыздалған догмаларын тікелей жоққа шығарып отырады. Ол үшін дін – тек адамның жеке басының моральдық жетілуінің құралы ғана. Молдалар мен фанатиктерге, ислам мен схоластиканы таратушыларға, құраншыларға арналған өлеңдерінде ақын оларды «малқұмар, көңілі бек соқыр, бүркіттен кем бе жем жесі?» -деп, аяусыз әжуа етеді.

Алайда, Абайдың үнемі дәйекті бола бермегенін атап өткен жөн. Молдалар мен ишандардың діни фанатизмін, екіжүзділігін, пайдакүнемділігін сынай отырып, Абай бірсыпыра өлеңдерінде, әсіресе, Қарасөздерінде дінді жақтады. Дидактикалық өлеңдеріндегі насихатының бірқатарын Абай ислам заңдарымен дәлелдеді. Ол діннің негіздерінің өзін мұқалмайтын саналы, дәйекті философиялық материализм дәрежесіне көтеріле алмады. Оның көзқарасындағы осындай әлсіздіктің бір себебі сол – феодалдардың халық бұқарасын адам айтқысыз қанап отырғанын әшке-релей, жек көре тұра, Абай сол қанаудың таптық сипатын әбден түсініп жетпеді. Оның бүкіл өмірі өткен кішкене өңірдің көшпелі тұрмыс жағдайы мәдени-экономикалық факторлардың тарихи маңызын жете бағалауға мүмкіндік бермеді. Бұл мәселелерге орыстын ұлы революцияшыл-демократтары сияқты ықылас қоюшылықты және экономикалық укладты өзгерту күресін түсінушілікті оның творчествосынан таба алмаймыз. Оның ағартушылық сипаты басым еді де, келешекке деген үмітін қазақ халқының сол замандағы оқу-білімге тезірек жуықтауына, гуманистік идеяларды кең тарату идеяларына артты, ол мүның қайнар көзі орыс мәдениетінде деп білді. Абай өздігінен білім алудың ұзақ жолын өтті.

Пушкин, Лермонтов, Крыловтардан бастаған ол 60-70-жылдар әдебиетімен де танысты, тек ақындарды ғана құрметтемей, Л. Толстой, Салтыков-Щедрин сияқты ұлы прозаиктерді де түсінді. Орысша аудармалар арқылы Абай Гете мен Байронды, Батыс Европаның басқа да классиктерін білді. Орысша аудармалар арқылы ол ежелгі замандардағы әдебиетпен де танысты. Ақынның достарының айтуы бойынша Абай Батыс философиясымен де қызықсынған көрінеді (мысалы Спиноза мен Спенсерді оқығаны, Дарвин жайын сұрастырғаны мәлім). Алайда оның философиядан алған білімі белгілі бір жүйеге түспеген еді. Маркс және оның ғылымы туралы ол білмеген болса керек.

Абайдың орыс классиктеріне творчестволық жолмен келуі ақын қызметінің әрбір жаңа кезеңінде жаңаша болып отырады. Крыловты аударғанда, Абай оның мысал моралін қазақ ұғымы мен түсінігіне сәйкестендіре, кейде өзгертіп, өзгеше бір нақыл сөз түріне келтірді. Бірақ «Қанжар», «Жолгға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз...», «Теректің сыйы», «Жалау», «Демон» үзінділерін алсақ, Лермонтовтан аударылған өлеңдердің ішінде өзінің дәлдігі мен шеберлігі жағынан күні бүгінге дейін бұлардан асқан аударма жоқ. Абайдың Пушкинге көзқарасында бүтіндей бір өзгешелік бар. «Евгений Онегин» үзінділері аудармадан гөрі Пушкин романын шабыттана әңгімелеуге ұқсайды.

Бұл ретте Абай шығыс поэзиясында ертеден қалыптасқан «нәзира» үлгісін қолданып, өзінен бұрынғы ақындардың тақырыбы мен сюжетін жаңаша баяндайды. Мысалы біз «Ләйлі мен Мәжнүн», «Фархад пен Шырын» және «Александр Македонский» (Ескендір) туралы поэмалардың сюжеттерін ертедегі тәжік, азербайжан, өзбек классигі Науаиға ұқсап, Александр (Ескендір) мен Аристотельді осы қайталау планында жырлай-ды. Ұлы мүраны еркін ақындық баяндаудың осы мәнерін Абай «Евгений Онегинге» де қолданған. Татьяна мен Онегин образдарының биік поэтикалығына, шынайылығына ғажап қалған Абай олардың тарихын баяндайды, олардың ұлы, қастерлі сүйіспеншілігінің бағалылығын баса көрсетеді және оны қазақ жастарының ұғымына жақындатады. Абай версиясында «Евгений Онегин» эпистолярлық роман түріне ие болған. Татьяна мен Онегиннің сүйіспеншілік хаттарына мелодиялар шығарып, оларды ақындардың репертуарына енгізген, сөйтіп бүл есімдердің ел арасында кеңінен белгілі болғаны соншалық - дала жастарының сүйіспеншілік хаттары солардың сөздерінен басталып отырған.

Қазақ әдебиетінін өркендеуі үшін Абайдың аудармашылық жұмысының зор маңызы болды, бірақ оның орыс әдебиетімен байланысы мұнымен ғана тамамдалмайды. Бұл мәдениет пен көркемдік дәстүрлердің, аса күшті ықпалын Абайдың өз творчествосынан іздеу керек. Мысалы Пушкинді Абай басқа орыс классиктерінен гөрі сиректеу аударған. Солай бола түрса да, оның орыс ақынымен байланысы өз творчествосында әрі терең, әрі айқын көрінеді. Оның лирикалық ойға шомуларында, табиғат суретін реалистікпен беруінде, махаббат иесі – әйелдің жүрегін терең түсінуінде, әлеум. са-рындардың адамгершілік үнінде Пушкиннің көптеген сипат белгілері бар. Пушкиннің және дүние жүзінің мәдениетімен іштей терең байланысу ғана Абайдың жылдың төрт мезгілі туралы өлеңдерін, лирикалық өлеңдері мен ақындық толғаныстарын, ақын қызметі жайындағы өлеңдерін, Александр Македонский мен Аристотель туралы поэманы жазуына мүмкіндік берді.

Ақынға арналған өлеңінде Абай ақынды қоршаған ұятсыз-арсыз, енжар ортаға оның тәуелсіздігін, шыншылдығын, өр түұлғасын, шабытты ойының шиыршық атып шарқ ұруын қарама-қарсы қояды. Абай өзінің поэзиялық көзқарастарында Пушкинмен осылайша туысып жатады. Абай көркем проза жазбаған, бірақ болыстарды, чиновниктерді, билерді, атқамінерлерді өлтіре сынап, мысқылдаған сатиралық өлеңдерінде ол Салтыков-Щедринге көркемдік жағынан да, саяси жағынан да жақын...

Өкінішке қарай Абайдың А. И. Герценді, В. Г. Белинскийді, Н. Г. Чернышевскийді және Н. А. Добролюбовты қаншалықты білгендігі және қалай қабылдағаны туралы мәселе осы уақытқа дейін өте аз зерттелген. Тек жоғарыда аталған революцияшыл-демократтардың жолын қуушылар Абайдың жақын достары болғаны және оның өз халқының азат, өнер-білімде болуын мақсат еткен арманына ортақтасқаны ғана белгілі... Абай творчествосының халықтығын зерттеу – айрықша маңызды міндеттердің бірі. Өткендегі еңбектерде бұл проблеманы дұрыс шешуге қазақ әдебиеті «бірыңғай ағынмен» дамыды деген аса қате түсінік кедергі жаса-ды. «Бірыңғай ағын теориясы» рухында жазылған зерттеулерде Абай өзінің тағдыры мен творчествосын байланыстырған ортадан – қазақтың реформадан кейінгі дәуірінен оқшау алынады.

Мақалалардың көпшілігінде Абайдың халықтығы – ақынның қайдағы бір мұрат-мақсатқа ұмтылуы ретінде көрсетілді, ол мұрат-мақсаттың өзі нақты тарихи сипаттарсыз, қайшылықтарсыз көрсетілді...

Абайдың тікелей халықтығы – халықты езушілерді қаналушы бұқараның тұрғысынан әшкерелеуінде. Бұл ретте ол халықтың ауыз әдебиетіндегі нақыл сөздерді, мәтелдерді, тілдегі метафораларды, халық юморының тәсілдері мен құралдарын пайдаланады. Ол ауыл кедейін, батырағын, қазақ әйелін, қарапайым адамдардың бейбіт еңбегін жақтайды, надан әкелердің содырлы мінез-құлықтарының кесірі тиетін жас ұрпақты жақтайды. Бұл - тікелей халықтық белгілер. Шығармаларын өз

халқының тілінде жаза отырып, ақын халық ойы мен арманын неғұрлым өткір, терең, нәзік түрде жеткізу ушін бұл тілді байытып, дамытады. Абай халық жыршылары айта алмаған, бірақ халық бұқарасының санасында жүрген ойларды айтты.

Осыдан келіп, Абай халықтығының екінші бір сапасы басталады. Халықтың саналы турде түсініп болмаған, стихиялы тілектерін, саналы түрде айтып, бул үшін өз бойына жиналған нәрді пайдаланып, сол кездегі орыс мәдениетінің шыңына құлаш ұра, ақын жалпы мәдениеттік, жалпы тарихтық маңызы бар бүкіл ұлттық қазына жасайды. Оның творчествосында көрінген Белинскийдің, Чернышевскийдің эстетикалық принциптері, оның өлмес-өшпес лирикалық туындылары, Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты аударушы және насихаттаушы ретіндегі ағартушылық қызметі, адамгершілік қасиеті жоғары адамның маңызы мен ұлылығы туралы поэмалары айрықша бағалы қазына. Бұл шығармаларда Абай халық тағдыры, халықты езушіліктен құтқару амалдары туралы тікелей айтпайды, бірақ та Абай мүрасының бұл саласы да терең халықтық болып табылады.

Бүкіл дүние жүзінің алдыңғы қатарлы ақындық мәдениетінің маңызды элементтерін қамтыған Абай шығармалары қазақ әдебиетін, оның бүкіл мәдениетін ғасырлық оқшаулану, мешеулік қалпынан шығарып, жоғары тарихи сатыға көтерді. Абайдың халықтығы мынада: ол өз халқының рухани көзі болып, алысты көре білді, халық үшін ойлап, халық үшін сезіне жүріп, оның тарихи келешегін көрсетіп берді.

Абай реформадан кейінгі дәуірдегі қазақ шаруаларының әлеуметтік тарихи тәжірибесін дұрыс бейнелеп, түйіндеп көрсетті. Бұл жәйт оның творчествосын «еңбекші бұқара тарихының», озат қоғамдық ой тарихының фактісі етті... Абайдың Науаиға, Низамиға, Фзулиге қатынасын және оның Қожа-Ахмет Яссауидің «Хикматы» сияқты мистикалық әдебиетке қатынасын қадағалай отырып айыру қажет. Алғашқылары Абайды өздерінің биік шеберлігімен, гуманистік ойларымен, ішінара, эстетикалық кезқарастарымен тартты... Өзінен бұрын болған немесе өзімен тұстас кертартпа консервативтік ақындардай емес, Абай бүкіл жердегі өмірді, оның ішінде қоғамдық өмірді қайта қүру жолындағы күресті жоққа шығарған суфизмге мейлінше қарсы. Абайдың Шығысқа қатынасы ақын творчествосының әр кезеңінде әр қилы болғанын есте ұстау қажет.

Егер жас кезінде (1860-1865) жай еліктеуден бастаса, есейіп ержеткен шағында (1886-1904) Науаи мен Низамиға сырттай еліктемей, олардың дәстүрлерін творчествогіық жолмен, сын көзімен қабылдады. Бұл ретте «Ескендір» поэмасында Низамидағы Қызыр пайғамбардың орнына Аристотель образын енгізгенін, Ескендірді қандықол басқыншы етіп көрсеткенін айтсақ та жеткілікті.

Бұрын араб аңыздарының шартты түрде ғана белгіленген геройлары болған Тариэль, Нестан, Дареджан, Автандилдің образдарында өзінің көзқарасын және өз кезіндегі грузин қоғамының этикалық нормаларын білдірген Шота Руставели сияқты, Абай да шығыс классикасының сюжеттері мен образдарын пайдалана отырып, белгілі дәрежеде, Масғұт образы арқылы сол тұстағы әрі ортақ болған ойлар мен толғауларды бейнелейді. Онан соң Абайдың шығыс классиктеріне қатынасын зерттегенде, бұл байланыстың ұтымды жақтарымен қатар (форманы жетілдіру мүмкіншілігі, Абайға тән адамгершілік қасиеттің кеңірек ашылуы) классикалық шығыс әдебиетінің орта ғасырлық жағдайлардың әдеби стильді тежеуі, діни сарындар, фантастикаға сенуден шыққан құр қиял, бірқатар көркемдік форманың енжарлығы сияқты теріс жақтарын да естен шығармау керек... Абайдың шығармаларындағы саяси-әлеуметтік идеялар соларды туғызған экономикалық базиспен бірге құрыды.

Бірақ Абайдың сол шығармалары мен көркем образдары онда суреттелген дәуірмен бірге өшіп қалған жоқ. Олардың әсер етушілік қуаты – өз тұсындағы халық өмірін Абайдың мейлінше кемелденген көркем формада бейнелеуінде... Поэзияда, музыкада, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар берген Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді. Ол өз халқының тарихында тау шыңындай асқақ тұр. Ол қазақ халқының ғасырлар бойғы мәдениетінін таңдаулы нәрін алды және бұл қазынаны орыстың және Батыс Европа мәдениетінің игі әсерімен молықтырды.

Абай өз халқының және Таяу Шығыстың қоғамдық ойының Октябрьге дейінгі тарихындағы ең прогресшіл қозғалысты басқарды... Қазақтың жаңа мәдениетінің негізін салушы, қазақтың классикалық поэзиясының шұғылалы шыңы – Абайдың мәңгі өшпес даңқының ең асқақ айғағы, міне, осында.

М. О. Әуезов.

III. Ойтолғаныс сатысы

  • Ақын өмірі мен шығармашылығын талдау.

  • Өмірінен түсінгендерін «Соңғы сөзді мен айтайын» кестесіне толтыру.


Үзінді

Беті

Пікір






Сабақты қорыту.


Үй тапсырмасы: Абай өмірі туралы реферат жазу.


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ