Материалдар / "М.О.Әуезовтың Абайтану саласындағы ғылыми еңбегі" Баяндама
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

"М.О.Әуезовтың Абайтану саласындағы ғылыми еңбегі" Баяндама

Материал туралы қысқаша түсінік
Мұхтар Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, педагог, ағартушы. Мұхтар Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Омархан мен атасы Әуез екеуі де хат танитын сауатты адам болған. Өз заманында ұлы Абаймен сырлас, ауылдары іргелес, аралас-құралас тіршілік кешкен. Бала Мұхтардың атасы Әуез – Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның туған інісі. Абайдың өлеңдерін зор ықыласпен тыңдап, қағаз бетіне түскен тың туындыларымен танысып, пікір алмасқан
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
29 Қазан 2021
380
0 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

«М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі» КМҚК





















«М.О.Әуезовтың Абайтану саласындағы ғылыми еңбегі»

Алибекова А.А

Биология пәні мұғалімі

(педагогика және психология магистрі)

































Семей 2021ж

«М.О.Әуезовтың Абайтану саласындағы ғылыми еңбегі»



Мұхтар Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, педагог, ағартушы. Мұхтар Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Омархан мен атасы Әуез екеуі де хат танитын сауатты адам болған. Өз заманында ұлы Абаймен сырлас, ауылдары іргелес, аралас-құралас тіршілік кешкен. Бала Мұхтардың атасы Әуез – Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның туған інісі. Абайдың өлеңдерін зор ықыласпен тыңдап, қағаз бетіне түскен тың туындыларымен танысып, пікір алмасқан.

Әуезов Семейде "Алаш жастары" одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. 1918 жылы мамырда Омбыда өткен Жалпықазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Семейде "Абай" ғылыми-көпшілік журналын, "Қазақ тілі" газетін шығаруға атсалысқан. 1919 жылы семинарияны тәмамдап, қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласады. 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне оқуға түсіп, "Шолпан" және "Сана" журналдарына жұмысқа орналасады. Жазушының "Қыр суреттері", "Қыр әңгімелері", "Үйлену", "Оқыған азамат", "Кім кінәлі", "Заман еркесі" әңгімелері осы басылымдарда жарық көрген. 1923 жылы маусым айында Ленинград мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет бөліміне түседі. 1924-1925 жылдары аралығында Семейдегі мұғалімдер техникумында оқытушы болып істейді. Осы аралықта "Таң" журналын шығарады. 1925 жылы Ленинградқа оралып, оқуын қайта жалғастырады. 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды. Бұдан бөлек Қазақ ағарту институтында сабақ берді. 1934-1961 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ұстаздық қызмет атқарды.Замандастары Мұхтар Әуезовті елгезек, бауырмал, ізгілікті, адам деп сипаттаған.

Қазақтың заңғар жазушысы артына мол әрі бай мұра қалдырды. Елдің оқу-ағарту ісіне, драматургия саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

20 жасында Әуезов өзінің тұңғыш көлемді туындысы "Еңлік-Кебекті" жазды. Шекспирдің Ромео мен Джульетта туралы хикаясымен желілес бұл пьеса күні бүгінге дейін қазақ сахнасынан түспей келеді. "Еңлік-Кебек" ең алғаш 1917 жылы Абайдың әйелі Әйгерімнің ауылында сахнаға қойылса, 1922 жылы Орынборда жеке кітап болып басылып шықты.

Қаламгердің көптеген көркем әңгімесі, тұңғыш пьесалары Семейде жазылып, Семейде сахналанды.

Абайтанудың алғашқы негізін де М. Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянында жатқаны мәлім, Абай өмірбаянын ғылыми негізде жаза отырып М.Әуезов Абайтану саласындағы бірнеше күрделі мәселелерді тұтастай қарастыруды бірден қолға алды.1924 жылы Семейде Абайдың қайтыс болуына 20 жыл толуына орай әдеби кеш те ұйымдастырды. Онда ақынның замандастарына естеліктер айтқызып, әңгімелерін тыңдады. Бұл кезде Абайдың көзін көргендер аз да болса, бар еді. Жазушы алдымен Абай өмірбаянын жазуды бастады. Өзі ол туралы: «Әуелі оның өмірін зерттедім. Көптеген деректер тобын жинастырдым. Көкбаймен, атаммен, Ділдәмен, ақынның достары, жауларымен жеке-жеке кездестім. Көкбай, Ділдә, Әйгерім, Нұрғаным... оларды көрдім, әңгімелестім», – деп еске алса, тағы бір жазбасында: «Мен роман жазбақ болғаннан кейін керекті материалды әртүрлі жолмен жинай бастадым. Сондықтан мен оның балалық, жастық шағын, жігіт кезін көрсету үшін Абайды көзбен көрген адамдардың аздаған естеліктеріне сүйенуге мәжбүр болдым. Рас, өзімнің сол Абай шыққан жердің қазағы болғандығымның біраз пайдасы тиді: жасаңдау кезімде Абайды жақсы білетін адамдармен – кемпір-шалдармен кездескенім бар. Олардың кейбіреулері тіпті Абайдан бірнеше жас үлкен адамдар еді», – деп жазады.


Абай өмірбаянын қалпына келтірудің басты әдісі – ауызша сұрау, тірі архив иелерінің естеліктерін жинау, жариялау. Ең бастысы Абай өлеңдеріндегі негізгі әлеуметтік сарындарға сүйену арқылы М.Әуезов көп шындықтың бетін ашады. Осы арқылы жазушы  Абай мұрасының зерттелу жолына зор үлес қосты.

Абайдың жалпы шығармашылық мұрасына арналған ғылыми еңбектердің ішіндегі ірісі – М.Әуезовтің осы «Абайдың туысы мен өмірі» атты монографиясы. Он тараудан тұратын бұл жұмыстың бастапқы үш тарауында абайтанудың ең алғашқы қадамдарынан бастап, елуінші жылдарға дейінгі бұл игілікті іске қосылған ірілі-ұсақты зерттеулер, сын мақалалар. Жазушы кейінгі тарауларда Абайдың жастық шағындағы шығармалары бір жүйе, ал қаламгер ретінде қалыптасқан кезеңдегі туындылары жанр-жанр бойынша қарастырылады. Сол тараулардың ішіндегі маңыздысы -  «Абай лирикасы» деп аталатын бесінші тарау.

Бұл тарауда М.Әуезов ақынның шығармашылық ғұмырының соңғы жиырма жылдан астам кезеңдегі өлеңдерін хронологиялық тәртіппен алып, оларға жан-жақты талдау жасайды. Тарауда өлеңнің шын мәніндегі лирикалық шағын түрлерін алғаш рет енгізген Абайдың жаңашылдық үрдістері сипатталады. Жазушы ақынның әр шығармада әр қырынан көрінген шыншыл реалистігін,  суреткерлігін, қоғам өмірі мен адам мінезін бейнелеудегі сыншылдық бағдарын әрдайым ерекше мән бере атап көрсетеді.

Мұхтар Л.Соболевпен бірігіп жазған «Абай» трагедиясын 1940 жылы Мәскеуде бастырды, кейін ұлы ақынның өмірін бейнелейтін опера либреттасын, киноценарий жазды. «Абай» трагедиясында ақын өмірінің соңғы кезеңі бейнеленген. Мұнда Абай – халықтың ортасынан шыққан ең таңдаулы адамдардың қамқоршысы, халық мүддесін жақтайтын күрескер, өнер-білімді уағыздаған өнерпаз ақын, әнші жастардың тұтас бір ұрпағының тәрбиешісі. Пьеса біздің көз алдымызға үлкен ойшыл, прогресс пен мәдениет жолындағы күрескердің алып тұлғасын елестетеді. Мұхтар бұл трагедияға дейін Абай жайында роман жазуға бел байлайды. 

Жазушы көп жылғы ғылыми зерттеулерінің қортындысы ретіндегі Абай мұрасы жайлы монографиясы мен «Абай жолы» эпопеясын жазды. «Абай жолы» эпопеясында жазушы бірінші кезекте Абай дәуірінде қазақ елінің тұрмысына түскен ірі тарихи өзгерістердің негізі мен ақын шығармаларындағы басты әлеуметтік сарындарды тудырып отырған замана шындығына баса көңіл бөлген. М.Әуезов ақын өмірбаянын қайта-қайта өңдеп, толықтырып жазу үстінде Абай өмірі мен заманы жөнінде ел аузындағы естеліктерді жиып, ғылыми тұрғыдан талдау арқылы оны Абай шығармаларындағы басты әлеуметтік сарындармен салыстыра отырып, басты тарихи арнаны табады. Жазушы Абайдың өмірбаянын жазуда шешуші орын алған сұрастыру, әңгімелесу, естелік жию жолымен жинастырған көл-көсір деректерді талдап, талғай қорытып алған ой тұжырымдауының көбі эпопея желісіне өндірудегі қайталанбас суреткерлік өнер бірден танылып тұрады.

1937 жылы жазылған «Татьянаның қырдағы әні» атты үзінді болашақ романның тарауы ретінде  жоспарланған еді. Жазушы өз шығармасын Абайдың ұлы Пушкинмен рухани жақындасуын көрсетуден бастаған. Бұл автордың ойынша романның негізгі идеясын айқындайтын өзекті тақырыптардың бірі болатын. М.Әуезов көп ұзамай өз ойын жалғастыруға кірісті. Жазушы әуелі екі кітаптан тұратын «Абай», одан кейін мұның жалғасы ретінде тағы 2 кітаптан тұратын «Абай», одан кейін мұнын ретінде тағы 2 кітаптан тұратын «Абай жолы» романын жазды. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО Мемлекеттік сыйлығы беріліп, 4 томдық, «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. М.Әуезов өзінің дарындылығы, ойшыл-даналығы, халықтың тілек-арманын, тарих тағылымын терең ұға алатын білгірлігі арқасында  алдына қойған мақсатына жетті. Жазушы кесек, кең тынысты, сан миллион оқырмандардың жүрегіне жол табатын көркем шығарма арқылы Абайды әлемге әйгіледі. «Абай жолы» эпопеясы уақыт сынынан мүдірмей өтіп, адамзаттың ақыл ойы, көркемдік даналығы туғызған ең үздік, ең таңдаулы шығармалардың қатарынан орын алды. Эпопеядағы Абайдың тұлғасы, қай жағынан алсақ та, халықтың тағдырымен тамырлас, ажырамас бірлікте көрінетін, әлем әдебиетіндегі аса ірі көркем бейне.

М.Әуезов қазақ әдебиеті тарихында теңдесі жоқ тарихи орны бар ұлы ақынның ғылыми өмірбаянын жазуды алғаш рет қолға алғанда осы бір үлкен жауапкершілікті ұғына білді. Жазушы қолға түскен беймәлім деректердің ғылыми тұрғыдан сырын ашып, оларды Абай атқарған ақындық-қоғамдық қызметіне сәйкестендіріп беруге күш салды. Абай өмірбаянын сан рет өзгерте жазып, уақыт өткен сайын дәуір талабына сай толассыз іздену, соны деректер көзін еселеп табу арқылы оны жаңғыртып, өсіріп, тереңдетіп отырған. М.Әуезов ұзақ жылдар бойы Абай өмірбаяны жөнінде деректерді, сұрыптау жолында «Абай жолына» аса қажетті көл-көсір тарихи деректер көзінің ірге тасын қалады.

Абай шығармашылығын зерттеудің кейбір маңызды проблемаларын өзі тікелей қарастыруға мүмкіндігі болмаған тұстарда, оларды мәселе қою түрінде әдеби жұртшылықтың талқысына салып, бұл бағыттағы жемісті жұмыстың жөн-жобасын, әдістемелік принциптерін анықтап берген еңбектері және бар. Олардың ішінен, мәселен, «Абай жайын зерттеушілерге», «Абай мұрасы жайында», «Абай Құнанбаев шығармашылығын зерттеудің маңызды мәселелері» сияқты мақалаларын атап өтуге болады.

Не артында қалдырған қолжазбасы, не күнделігі, не естелігі жоқ «өз заманы үшін жұмбақ жан күйінде өткен ғажайып ақын» туралы бір ғана жазушының осыншалық телегей теңіз мәлімет жинап, үлкен монография мен төрт томдық өмірбаяндық эпопея жазып шығуы таңданарлық құбылыс еді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мырзахметов М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. – Алматы: «Санат», 1997;

  2. Қазақ совет әдебиетінің тарихы. ІІІ том  – Алматы: «Ғылым», 1967;

  3. Абай және қазіргі заман.  – Алматы; «Ғылым», 1994

  4. Мырзахметов М. М.Әуезов және Абайтану проблемалары. –Алматы: «Ғылым», 1982

  5. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. –Алматы: Ана тілі, 1995;

  6. Ысмағұлов Ж. Абай ақындық тағылымы. – Алматы: «Ғылым», 1994



Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!