Қылышбек Асқар, «Ыбырай
Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ-сінің дене
шынықтыру пәні мұғалімі
Мұғалім – мәртебелі
мамандық
Адамзат баласы бас иген
мамандықтың иесі болу қандай керемет! Менің мамандығым жан-жақты
білімділіктің, ізденімпаздықтың, шығармашылықтың, мейірімділік пен
адамгершіліктің көрсеткіші бола алады. Ал әр адамның біліктілігі,
тәжірибелі болуы осы мамандықпен байланысады. Сондықтан ұстаз
болуды ғасырлар бойы маңызын жоймай, күн сайын қажеттілігі артып
келе жатқан мамандық деп санаймын. Ұстаз ғасырлар көшін
жалғап, мемлекет пен қоғамды байланыстырып келеді.
Өйткені адамзаттық құндылықтарымыз, адами асыл қасиеттеріміз,
ата-бабамыздың мұралары ұстаздар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып
жатыр. Еліміздің келешегін көркейтіп, өркендететін жастар болса,
оларға жол көрсететін ұстаздар деп есептеймін. Ұстаздың берген
білімі мен тәлімі оларға өмірлік азық болады. Армандарға жетелеп,
мақсаттарға ұмтылдырады. Жеке тұлға болып қалыптасып, өмірден өз
орындарын табуға көмектеседі. Сол себепті шәкірттері ұстаздарын
әрдайым дәріптеп, мақтанышпен еске алып жүреді. Көрген жерде сәлем
беріп, төрден орын ұсынады. Ендеше, ұстаз болу –
бақыт. Себебі бұл мамандық кез
келгеннің қолынан келмейді. Қазіргі таңда ең өзекті әрі қажет
мамандықтардың бірі болып саналатын мұғалім болу менің бағыма
бұйырды. Не үшін мен мамандығыммен
мақтанамын?
Біріншіден,
елімізде білімі мен біліктілігі қатар өрілген өз
кәсібінің шебері, шығармашыл, ізденімпаз ұстаздар көп деп
есептеймін. Олай дейтінім, уақыт көшінен қалмай, үздіксіз ізденіп,
жаңалықтың жаршысы болып жүрген әріптестерімді мақтанышпен айта
аламын. Осы орайда, Уильям Уордтың айтқаны үнемі жадымда жаңғырып
тұрады. «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет
мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» деген сөз менің
өмірімнің бағдаршамына айналғандай. Алдымдағы шәкіртімнің қиялына
шабыт беріп, көзінен қуаныштың ұшқынын көргенімде осындай мәртебелі
мамандықтың иесі болғаныма сансыз шүкірлік
айтамын.
Екіншіден, мұғалімдер білім беріп қана қоймай, оқушыны
өмір сүруге жетелейміз. Алған білімін өмірде дұрыс қолдана білуге
үйретеміз.
Үшіншіден, ұстаздың жеке басының, адами
қасиетінің көрінісі бала үшін өте маңызды деп есептеймін. Ұстаз
өзінің білімділігімен, жүріс - тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті
сырт - пішіні, киген киімімен де шәкіртке әсер
етеді.
Сөзімді қорыта келе,
мамандықтың бәрі жақсы, бірақ
мұғалімдік мамандықтың ең қасиеттісі, ең қастерлісі, ең үздігі
дегім келеді. Сондықтан шәкірттеріме білім мен ізгіліктің дәнін
сеуіп, адами құндылықтардың нәрін бергім келеді. Қоғамдағы мұғалім
мәртебесі өзімізге байланысты. Олай болса, әр мұғалім білімімен
қоса, сөйлеген сөзіне, адами болмысына жауапкершілікпен қараса,
мұғалім мәртебесі әрдайым биікте болады. Әлемдегі ең үздік мамандық
иесі екеніңді сезіну – зор бақыт.