2024-2025 оқу жылына арналған
Қысқа мерзімді сабақ жоспарларын жүктеп алғыңыз келеді ме?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен жасалған
Материалдар / Мұқағали Мақатаев ғылыми жоба

Мұқағали Мақатаев ғылыми жоба

Материал туралы қысқаша түсінік
Мұқағали Мақатаев туралы ғылыми жоба
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады

Кіріспе

Ақын рухы – ұлт рухының ажырамас бөлшегі. Қазақ қазақ болғалы ұрпақ жадында өзіне өзі сөзден ескерткіш сомдаған біртуар ұлылар бар. Данышпан Абай, абыз Жамбыл, отты Махамбет, жұлдыз Сұлтанмахмұт, тұңғиық Мағжан, Құлагер Ілияс, дауыл Қасым сияқты тұлғаларымыздың асыл ой, жауһар сезімге суарылған жырлары қазақ халқының рухани әлемін байытқан үстіне байыта түсті.Солардан кейін қара өлеңнің көш керуенін қара нардай алға сүйреген биігіміздің бірі әрі бірегейі Мұқағали екендігі Ай мен Күндей ақиқат.

Мұқағали Мақатаев – ешқашан ортаймайтын, ешқашан сөнбейтін мол қазына қалдырған ақын.

Шын дарын өз заманының шындығын шығарма арқауына айналдырып, халық көңіліне ұяласа, ол мәңгі өмір сүреді. Халық сеніміне ие болу, оның қас-қабағын бағып, көңілі қалағанын жырға түсіру, сыр ғып шерту келешектің жарқын сәулесімен нұрландыра түсуі сирек кездесетін бақыт.

Зерттеу жұмысында Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығындағы ұлттық болмыс, халықтың салт дәстүрлері мен нақыл сөздеріне талдау жасалынды.

М.Мақатаев шығармашылығы өзінің ерекшелігімен жыр сүйер қауымды балалар әлеміне саяхаттатып, жетелеп алып кетеді. Оның шығармашылығы сол кездегі балалар поэзиясының табиғатын байытып, оны жан-жақты түрлендіре түсті. Суреткердің әр кезеңде жазған балаларға арнап жазған туындыларының көркемдік-эстетикалық табиғатын, жалпы поэтикалық мәселелерін жаңа заманның талаптарына сәйкес және тың әдіснамалар арқылы саралау бүгінгі ғылым сұраныстарынан туындайды

М. Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы ол дүниеден озғалы бері тоқтаусыз айтылып та, жазылып та келеді. Ал ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті, қазақ поэзиясы хақында сөз болғанда, Мұқағалидың өлең, дастандарына соқпай өту мүмкін болмай қалды.


  1. Өлең болып өрілген ақын өмірі

Ұлттық болмысы, яғни ұлттық рухы жоқ  ұлт – ұлт емес. Ұлттық болмысымыз жоғалса, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, тіліміз, дініміз ұмыт болып, өзге ұлттың жетегінде кетеміз. Қазақ халқының егемендік алып, тәуелсіз ел болуы бір ай немесе бір жыл емес, сан ғасырлық жинақталған рухының жемісі.

Ірі ақындық қуат пен азаматтық ар-намыстың көркем жемісі, әр шығармасынан өрнек тауып, оқырманының ойына қанат, бойына қуат бітіріп, поэзия құдіретіне бас игізген – Мұқағали Мақатаев. Оның поэзиясында табиғат та, адамзат пен дөңгелек дүние де анау-мынау ұсақ-түйек күйкі тіршілік емес, пендешіліктен адам жоғары қасиеттерімен даралана білді. Поэзия сөз өнері. Поэзия арқылы қаламгер әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды бейнелеп көрсете алады. Оны жанды көрініске айналдыра алады. Ол айналамыздағы дүниені, өмірді танып-білудің күшті құралы, біздің қоғамдық ой-санамыздың, көркемдік-эстетикалық сезіміміздің үлкен өнімді саласы. Сөз қолдану шеберлігі, көркемдік шеберлік дегеніміз өмір құбылыстарын танып-білу, ұғып-түсіну қабілетімен көркем ой-сезім қуаттылығымен терең тамырланып, қабысып жататындығында.

Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының бұрынғы Нарынқол ауданындағы Қарасаз топырағында дүниеге келген. Ақынның азан шақырылып қойылған аты – Мұқаметқали. Бірақ, «пайғамбардың атын алып жүру жас балаға ауырлық етеді», – деп ата-анасы оны кішкентай күнінен «Мұқағали» деп еркелетіп атап кеткен.

«Поэзия! Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе, неге іздедің?!», – деп, тебіренетін Мұқағали бүкіл ғұмырын, жан дүниесін қалтқысыз өлең жолына арнады. Талантты да, шамырқанысты ғұмыр кешіп, үдете өнімді жазды. Таланты бай, ішкі рухани қуаты берік ақын небір тамаша лирикалық жырларын ұсынды. «Мавр» (1969), «Дариға жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975) жинақтары қазақ поэзиясында өзіндік белесті із қалдырып, өз оқырмандарын тапты.

Мұқағали Мақатаев «дəл қырықтың бесеуінде» «ұйықтап кетсем болғаны төсегімде» деп өлең жазып, дəл қырықтың бесеуінде бауыр циррозы ауруынан қайтыс болған. Тұңғыш кітабы «Ильич» 1964 жылы жарық көрсе, көзі тірісінде жарық көрген соңғы кітабы «Өмірдастанға» 1976 жылдың 2 ақпанында басуға қол қойылыпты. Осы он екі жылдың аралығында ақынның он бір кітабы жарық көріпті. «Ильич», «Армысыңдар, достарым!», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Шөп жапырақтары», «Сонеттер», «Құдыретті комедия», «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Өмірдастан». Бірақ, ақынның жыл сайын дерлік шығып тұрған жыр жинақтары шетінен жұп-жұқа, кіп-кішкентай кітапшалар болатын. 1976 ақын қайтыс болғаннан кейін жарық көрген бір ғана «Өмір – өзен» кітабының көлемі (14, 5 табақ) көзі тірісінде жарық көрген бес кітабының көлемімен барабар болып шықты. [2, 112-б.]

Мұқағали лирик ақын. Лирикада адам болмысының түгел көрініс табатыны, адам жанының сыры, ой-сезімі жоғары поэтикалық деңгейде өрнектелетіні аян. Лирик ақын көбіне өзімен-өзі іштей сырласып, ойды іштей саралап, өзіне-өзі сауал қойып, тоқтам айтып, өз ойын дәлелдеуге тырысады.















ІІ. Ақынның табиғат лирикасы

Сөз өнері қашаннан халқымыздың рухани жан серігі болып келді. Онда халқымыздың тарихы, тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, қуанышы мен қайғысы айқын бейнеленіп отырады. Кемеңгер Абай айтқандай, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы дегенде сөз сарасын табатын, сөз құдіретін жетік білетін майталман ақындарды айтса керек.

М.Мақатаевтың құдайдан табынып өткен тәңірі өлең-жырлары. Өлең –тынысы, алдамайтын адал досы, жұбаныш-үміті, жанашыры, қуанышы, сырласы, мұңдасы болды, өлеңдерді жазуға көп қиналмайтын болған.

«Тағдыр қалам ұстауға шаманы келтірсе болды, жырлар өз-өзінен төгіледі» - деп отырған ақынның өзі. Сондай-ақ, ақын Б.Нұржекеевтің:

Біз қайғыны жазсақ, қайғырған адам қайтуі мүмкін деп соны елестете отырып жазамыз, ал М.Мақатаев өйтіп елестетпейді, өзі қайғырып отырып жазады. Сондықтан оның өлеңі өзгеміздікінен табиғи өмірдің туындысы болып шығады, өзі айтқандай, ол жырламайды, сырласады» – деген пікірінен Мұқағалидың ерекше жаратылған дара тұлға екенін тағы да көруге болады. [1, 198-б.]

Ақын тауға қарап өскендіктен, балалық шағынан есейгенге дейін таумен бірге жасасып келгендіктен, тауды ерекше өлеңіне көп қосты. Мұқағали: «Болашақ тауларда жатыр» деген екен. Тау – біздің несібеміз, – деп өзі құшағында туған ұлы тауларды өмірбақи өмір арнасы сипатында жырлап өтті. Тауларға қараған адам толғанбай қоймайды, оның қасиетіне қызығады, тіл қатқысы келеді. Оның тілін ұққан ақын өмірбақи тауларға табынып өтті. Сондықтан да «Мен – таулықпын!» деген өлеңін тебірене жазды. Ақын табиғаттың әсемдігін жырлай отырып, сол табиғатқа деген өзінің қатысын білдіреді.

Тау дейтін алып жүрек Ана туған,

Мен таулықпын,

Таудан мен жаратылғам.

Киіктің сүтін еміп ержеткенмін,

Қуат алып қыранның қанатынан, [5, 25-б.] – деген ақын өзі құшағында туып-өскен заңғар тауларға көз салған сайын осылай еміреніп, атамекеніне сүйіспеншілігі сол ұлы таулардың сай-саласынан жосылған бұлағындай сарқырап жататын ауылдарға теңейді. Иә, қашанда тау – биіктіктің, тереңдіктің, ұлылықтың, даралықтың белгісі ғой. Тауда туып, тауда өскен ақын еш аласармай, биік жырлап өтті. «Тау» сөзінің астарында жоғары идеяның, салмақты ойдың жиынтығы жатыр емес пе?! Ақын тауды ананың жүрегіне балап, тау сөзінен керемет бейне жасайды. «Мен Таулықпын» деп азуын айға балаған ақынның асау сезімінің аласапыран алай-дүлей күйі сезіледі. Осындай өз сезімін дәл сол қалпында жеткізуде Мұқағали асқақтай түскен шабытына тоқтау салмайды.

Ақын туған жерге деген ыстық сағынышын дүниеде еш нәрсемен теңеп немесе салыстырған емес. Сондай-ақ ақынның туған жерінің табиғатын әнге қосып, жыр еткен өлеңі – «Саржайлау». Ақын туған жерінің табиғатын:

Жазира, жасыл кілем өрнектеген,

Туған жерге, дариға, жер жетпеген, – деп әдемі етіп суреттейді. Мұнда ақын табиғатын тіптен әдемі етіп көрсетуде метафораны қолдануы оны ажарландыра түскен. Ал қарапайым шөп басқан десек, онша көрікті болмас еді. Сондықтан да түрлі өрнектермен кестеленген кілемге балап, өлеңге ерекше көрік берген. Ақын өлеңінінің мына шумағында эпитет, теңеу сөздерді қатар қолданған.

Саумал бұлақ – балдай дәрім,

Салқын самал – баурайларың.

Саялаған беу, туған жер,

Сағындырған, Саржайлауым, [4, 45-б.] – деп, туған жерін шөлдегенде суын ішіп, терлегенде самалына салқындайтын саясын сағынышпен еске алады. Бұл өлеңінде ақын «саумал бұлақ, салқын сама» деген эпитет, ал «балдай» деген теңеу тәрізді көркемдегіш құралдарды шебер пайдаланады. Мұнда бұлағын балдай тәтті дәріге теңеп тұр. Қандай берік үйлесім. Өзінің туған өлкесін жер жаннаты жерұйыққа балайды. Оның жұпар иісі аңқыған саф ауасын, жаныңды рахатқа бөлейтін тау самалын ерекше жырға қосып, «шыршаларым, аршаларым, гүлдерім, бәріңе арнап мен бүгін ән саламын» – деп бебеулейді.

Мұқағалидың «Өмір сүрейік алмасып» өлеңі ақын жанының табиғат сырымен астасқан.

Жапырақ жүрек жас қайың,

Жанымды айырбастайын.

Сен адам бола бастасаң,

Мен қайың бола бастайын.

Келісесің бе, жас қайың?! [4, 45-б.] – деген тебіреніске толы ақын жаны табиғат сырының бір бөлшегіне айналғандай. Мұнда ақын жас қайыңның жапырағын жүрекке балап, оны адам кейпіне ендіріп, троптың метафора түрін қолданып отыр, яғни өз жанын табиғаттың тамаша көркі жас өскін, жас қайың жанымен ұштастырады. Ақынның осындай құбылтуы өлеңнің әсемдігін ғана емес, әсерлілігін де күшейтіп отыр. Адамзаттың ардақты ұлы, өмір соқпағын халқымен бірге көріп, сырға толы жырын төгіп кеткен абзал азамат ақын Мұқағали сол бір орман шуылымен, жел сыбдырымен теңселе тербеліп өскен табиғат көркі жас қайың секілді.

Сен-дағы жерден нәр алдың,

Мен-дағы жерден нәр алдым.

Біреуден сен де жаралдың,

Біреуден мен де жаралдым.

Тілің жоқ жанды қайың сен,

Айырмашылығым – адаммын, [4, 45-б.] – деп ақын айтқандай, ол – жас қайың, бұл – адам, айырмашылығы осында. Екеуі де табиғат-Анадан нәр алған.

Ол жырын жырлаған халқының адал перзенті болса да, өсірмей аяқтан шалып, төмендетушілер де кездесті. Өзі өскен халқының ортасында отырып, сыртта қалғандай күйді сезінді. Сондықтан тебіреніске толы ақын өз жанын тілі жоқ жанды қай кезде болмасын көрікті, биікке өрлей өскен жас қайың жанымен алмастырып келді.

Бір жағынан бойын билеген өмірге деген сүйіспеншілік сезімі мен құштарлығынан, бір жағынан көктем сайын жасара түсетін жас қайыңға қызығушылығынан туындап отыр. Мұқағали басқа, жаңаша өмір сүруді аңсады. Бұл жалғанда арман болып айта алмаған асыл ойларын тылсым табиғатпен тілдесе отырып, жеткізгісі келді.

Табиғат – адам жанын сырлы сезімге толтырар кәусар бұлақ. Сол бір кәусар бұлақтан сусындаған адамзат баласы ақын Мұқағали сынды табиғатта тұнған көрік пен астарлы сырға қанық болмақ. Сонда ғана біз жаны мен табиғаттың шексіз байланыстылығына, адам жанының тұңғиық сыры мен табиғат сырының жақындығына көз жеткіземіз.

Туған жерді сүю, сиқырлы табиғатының қадір-қасиетін сезіну Мұқағали жырларында ерекше көрініс табады. Туған жерінің алтын бұлағын «менің әрбір қан тамырым емес пе?» – деп атамыз ежелден қасиет тұтқан қанға теңеуі де тегін емес. Қазақ халқы кіндік қаны тамған жерді қасық қаны қалғанша жаудан қорғаған. Ақынның туған жердің қадір-қасиетін терең сезінуіне, тебірене жырлауына ата-бабаларымыздың осы қасиеті сіңсе керек.

«Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы» деп толғаған ұлы Абайдың ойшыл дәстүрінен тағылым алған, табиғат суретін сөзбен өрнектеу жөнінде Ілиястан кейінгі ірі суреткерлердің қатарына қосылған, елдік пен ерлікті жырлауда Махамбет бабасының баһадүр жырларымен үндес келетін Мұқағали мұрасы – ұлтымыздың рухани құндылығы.













3. М.Мақатаевтың балаларға арналған шығармаларының тақырыптық-көркемдік ерекшеліктері

Қазақ поэзиясының тарихын бағдарласақ, балаларға арнап өлең жазбаған ақын-жазушылар кемде-кем. Солардың қатарына балалар поэзиясының дамуына көп үлес қосып, өнімді еңбек етіп келген Мұқағалиды жатқызуымызға болады. Осыдан кейін-ақ біз Мұқағалидың тек ересектерге ғана емес, балаларға да жазғандығын аңғарамыз. Кезінде балалардың сүйікті журналына айналған «Балдырған» журналының авторлары қатарынан ойып тұрып орын алды.

М.Мақатаев балаларға арналған өлеңдеріндегі жаңашылдық ең алдымен ой орамдарының сонылығынан, суреткерлік шеберлігінен және ұлттық дүниетаным өрісінің биіктігінен айқын көрінеді. Кәдімгі күпі киген қазақтың қара өлеңі Мұқағалидың өлеңдерінің халыққа соншама жақындығын ең алдымен ақын поэзиясының халықтық, ұлттық сипатынан іздеуіміз керек. Сондықтан да М.Мақатаев жырларынан тереңдік те, сұлулық та, қарапайымдылық та, асқақтық та, сезім де табиғи үйлесімін тауып, жымдасып жатады. Мақатаевтың қай өлеңін оқысақ та, үлкен эстетикалық ләззатқа бөленіп, жан-дүниеміз жадырап сала береді.

«Балалар өлеңінің әр шумағы, тіпті егіз – қос жолына бір-бір сурет салынғандай болғаны оның көркемдік құндылығына айқын» – деген екен М.Әлімбаев.

Мұқағали балаларға арнап сан алуан тақырыпта қалам тербеді. Жалынды жырларының он жеті өлеңі балаларға арналып жазылған. Мысалы, өнер-білім, Отан, бейбітшілік, туған жер, т.б. Осындай тақырыпта жазылған өлеңдердің негізінде тәрбие жатары анық. Жетіліп келе жатқан жас буындарға да керегі – осы. Мұқағалидың сол бүлдіршіндерге жазған өлеңдерінің бастамасы болған «Әліппе» өлеңіне тоқталайын. Бұл өлең бас-аяғы екі-ақ шумақтан құралса да, оның көтеріп тұрған жүгі өте үлкен. «Әліппе» деген сөздің өзі арабтың «алиф», «ба» деген басқы әріптерінен жасалынған. Қайсыбір адам баласы болмасын, ес біліп, етек жиғаннан кейін мектеп табалдырығын аттап, ең алғаш қолына «Әліппе» кітабын ұстары анық. Өлеңнің басын ақын:

Бар кітапқа бас болған,

Әліппе – ғылым анасы, [7, 36-б.] – деп бастайды. Қалай шебер де, ұтқыр айтылған десеңізші?! Иә, бұған ешкімнің де дауы жоқ шығар. Және тағы да:

Әліппеден басталған,

Даналықтың данасы, – дейді ғой. Не деген керемет! Осыншама үлкен дүниені аз сөзбен беру деген – нағыз даналықтың данасы емей немене?! Ең алғаш сыныбыңа кіріп, партаға отырғаннан кейін, әліппе кітабын ашқаныңда-ақ Мұқағалидың осында алтын сөздерімен жазылған – «Әліппе» өлеңі көзіңе оттай басылады. Балаларға әліппені үйретіп тұрған мұғалімдердің өзі де, дәрігер де, мейлі білдей академик болсын барлығы да ең әуелі әліппемен қауышып, соның нәрімен сусындап, «ана» деген алғашқы сөзді айтып өседі емес пе?! Осылайша бастаған бала бірте-бірте ақыл-есі жетіліп, қоғамға пайдасы тиер, елінің бетке ұстар азаматы болып, әрқайсысы әр мамандық саласында қажырлы еңбек етіп, үлкен өмірге аяқ басады. Мұқағали айтқандай:

Тарыдай болып кіресің.

Таудай болып шығасың, – деген жолдарынан көп нәрсені аңғаруға болады. Жыл керуені алға жылжып, тарыдай болған кішкене қара домалақ бүлдіршіндер де дүниеге келіп, олар да әліппе кітабын жастанып оқып, қоғамның бір кірпіші болып, өмірдің ағысымен сырғи береді. Ақын бұл өлеңінде барлығы да әліппемен көзін ашып, есейер, көркейер дегенді айтқысы келгендей. Бұл өлеңнің жас ұрпаққа берер тәрбиесінің молдылығымен бірге, тілге жеңілділігі сондай баланың санасына бірден-ақ құйылып, оқушысын тез-ақ баурап алады, әрі бала жадында ұзақ сақтайды. Бала «Әліппе» өлеңін оқығаннан кейін, онда оқуға деген құлшынысы артып, қызығушылығы оянады. Осылайша ол әліппемен дос болуға ұмтылады.

Ақынның «Мектебіме» деген өлеңі үш-ақ шумақтан тұрады. Баланың санасына лезде қонып, тез жатталатындай, әрі тілі жатық жазылған, әрі астарында қаншама мән-мағына жатыр. Әрине балалардың сауатын ашып, тәрбиелейтін екінші ұясы – мектебі. Олар мектеп табалдырығын аттап, мектептің жүрегі – ұстаздардан тәлім-тәрбие алады. Қашанда адамдарға наннан кейінгі ең қажеті – мектеп. Сондықтан ақын:

Мектебім айтар әнім,

Сан рет қайталадым, – деп өзінің қимасындай болған алтын ұясын әнге қосып:

Мектебім, қия алмаймын,

Көп нәрсе қиялдаймын,

Мәңгілік оқушы болып,

Қалуға ұялмаймын, [5, 58-б.] – дейді, яғни «сол партаңда отыра берсем, мәңгі оқушың боп қалсам екен» – деп армандайды. Бірақ «өмір-өзен» дегендей, өмір өз ағысымен жылжи бермек. Оның орнына басқа келесі ұрпақ келеді. Есейіп өз-өзіңді тани алар шаққа жеткеніңде, ол ұядан үлкен сеніммен аттанып:

Ассалаумағалейкум,

Дәу мектеп «өмір» деген – деп үлкен өмір баспалдығына аяқ саласың. Мұқағалидың «Интернатым – мектебім» өлеңі де мектеп, оқу тақырыбына жазылған. Бұл өлеңінде балаларға мекен болған, әрі сауаттарын ашып, айналасын тануға көп септігін тигізген аяулы мектебі мен интернатын жырға арқау етеді. Кезінде балалар ауыл арасы тым алыс болып, қатынауға қиын болғандықтан, интернаттарда жатып оқыды. Ол жер балалар үшін екінші үйлері болды.

Әрине көркемдіктің, көркем образ жасаудың басты құралы – сөз. Олай болса, сөздің мағыналық тереңдігі мен сыр-сипатының шегі болмайды. Поэзиялық шығармада сөз суретін, сөз образын жасауда контекстегі өзімен қатар келген сөз, екінші сөзбен үйлесіп, үндесіп, сөз тіркестерімен көркемдік мағынаға әсерге бөленіп, құлпырады емес пе?! Ақын поэзиясындағы бейнелеу тәсілдері, көркемдегіш құралдар жүйесі оның идеялық-эстетикалық көзқарасын, алға қойған мұрат-мақсатын, азаматтық поэзиясын таныта отырып, шығарманың ішкі құрылымы мен сыртқы сымбатын түгел қамтып, өзіне тән асу өрінен ерекшеленген суреткердің шеберлігін, ақындық сезімін сан қырынан көрсетеді.



4. Мұқағали жырларындағы халықтың салт-дәстүрлері мен нақыл сөздері және оның тәрбиелік мәні


Мұқағали – ұлт ақыны. Оның өлеңдерінде қазақ қаны атқақтап, қаракөздер жүрегі лүпілдеп соғып тұрады, ұлттық намыс отайлап көрініс береді. Бізге сонысымен құнды, сондайлығымен нәрлі. Ұлылығының - ариадна жібіндей алтын арқауы осында. Белгілі зерттеуші ғалым З.Қабдолов: «...ұлт ақыны болу оның шығармаларындағы жекелеген ұлттық сипаттарда, бояуларда, өрнектерде ғана жатпайды. Ұлт ақыны болу сол ұлттың сөзі ғана емес, өзіне айналу» - дейді. [8, 291-б.]

Ұлт ақыны болу – ұлттың тарихына, ұлыстың шежіресіне жазылу. Оның мәңгіліке өлмесі, өшпесі мәлім. Мұқағали поэзиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан. Оның қай тақырыптағы лирикасы болмасын, қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестелеген. Сондай-ақ, ақын шығармаларының өн бойында қазақ халқының ұлттық ерекшелігі көрініс береді. Біз Мұқағалиды «Ұлт ақыны» деп айтамыз. Уақыттың өзі оны мойындап, жыр тарланын лайықты тұғырына көтеруі де сондықтан. Белгілі зерттеуші ғалым З. Қабдолов:

«Ұлт ақыны болу оның шығармашылығындағы жекелеген ұлттық сипаттарда, бояуларда, өрнектерде ғана жатпайды. Ұлт ақыны болу сол ұлттың сөзі ғана емес, өзіне айналу», – дейді.

М.Мақатаев поэзиясындағы көркемдік жүйенің бір парасы өзі өмір сүрген кездегі ауыл, ел тіршілігі, ұлттық мінез, ұлттық психология, табиғат көріністерінің көркем бейнесін жасауға негізделген. Ұлттық сипат кейіпкердің түр-түсімен, киім киісімен, сөйлеген сөзімен анықталмайды. Қысқасы, ұлттық сипат тарих көшіне ілесіп дамып, жаңа реңге ие болып отыратын құбылыс.

Ұлттық мінез – әр халықтың ділі, тарихы, дәстүрі арқылы қалыптасатын шығармадағы бөлінбес бөлшек немесе кейіпкердің ұлттық болмысымен ерекшеленген үрдіс.

Мұқағалиды осы қазақтың мінезі, өмірді қазақша көріп тануы, жасаған ұлттық бейнелері оны туған халқынан бөле алмайды. Ол қанша ренжісе де, өкпелесе де тіпті одан алыс жүрген күндерінде де халқымен бірге жасады. Жалпы, ұлттық әдебиет-ғасырлар куәсі, ата-бабамыздың қазынасы. Ұлттық болмыс пен рух эстетикалық күрделі құбылыс ретінде, әдебиетке жаңа арна, келбет әкелді. Ақын ұлттық характер рухани әлемін бейнелеуде поэтикалық образдардың халық поэзиясында қорланған аса бай қазыналарын қолданады.

Көктен түсіп келген жоқ дарын маған,

Сенің шырын түсіңнен қабылдағам.

Әкелердің жолында жалындаған,

Шешек атқан шоқ гүлдер дарын маған, [4, 152-б.] –

деген ақын өлеңінің жолдары оның шыққан тегі мен әлеуметтік өмірдегі дәл-ақ танытады.

Ақынның жеке басының сезім күйлері тек бір адамның тіршілігін күйттемей, жалпы адамға тән сипаттарды кеңінен бейнелей алғанда ғана қоғамдық мәнге ие болады. Ақынды жеке адам деп қарау аз, ол-қоғам өкілі, адамзат өкілі. Ол өзін, өзінің басынан кешкенін, қуаныш-сүйінішін көрсете отырып халықтық сезімді бейнелейді. Өлеңдегі лирикалық тұлға ақынның рухы мен бейнесі екендігі аян.

Тіптен де мен емес-ті,

«Мен» дегенім,

Сендірмеймін,

Сенбеңдер сенбегенің.

Басқаның жаны-сырын ұғу үшін,

Өзімді зерттегенді жөн көремін. [4, 155-б.]

Жиырмасыншы ғасыр – ұлттық жазба әдебиеттің алтын ғасыры. Бұл кезеңде қазақ поэзиясы мен прозасы бұрын болмаған көркемдік деңгейге көтерілді. Әсіресе, қазақ поэзиясы дәуірдің қоғамдық-әлеуметтік келбетін суреттей отырып, оны көркем бейненің мінез-болмысын, қарым-қатынасын, ой-аңсары мен ішкі жан дүниесін терең ашты. Осы сапалық қасиет ақын М.Мақатаевтың лирикасында айқын байқалды. Суреткер ақын поэзиясында лирикалық қаһарман барша болмысымен ашылды. Адам болмысы қаншалықты күрделі, жұмбақ болса да, ақын оның осы күрделі табиғатына дендей ене алды. Адам бойындағы алуан түрлі құбылыстар мен мінез сипаттары ақында шынайы ашылды. Сол арқылы ақын лирикасының ұлттық құндылығы тереңдеп, көркемдік әлемі кеңейді.

М.Мақатаев өзінің шығармашылық табиғатына сай, психологиялық бейнелеу тәсілінің тура түрін, яғни кейіпкердің жан дүниесін, ішкі рухани әлемін көркемдік таным-ішкі монолог, еске алу, елестету, сана ағымы, ой қақтығысы, т.б. секілді аналитикалық психологизмнен гөрі, психиканы, кейіпкердің күрделі құбылыстарын сыртқы психологиялық белгілер – ым, ымдау, ишара, емеурін, т.б. бір сөзбен айтқанда бейвербалды ишараттар арқылы айшықтап, ажарлауды басты назарда ұстайды.

Ақынның көңіл-күй лирикасында сан алуан философиялық, психологиялық мезеттер алмасып отырады. Ақынның әр кезде әр жағдайға байланысты жазылған, әр сипат, мазмұндағы «Сен менің жүрегімді жазалама», «Жүрегімде жүргені-ай бір қауіптің», «Кем болып жаралғам жоқ мен ешкімнен», «Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген», «Жамылып сағыныштың сал шекпенін», «Қасым солай болмаса», «Қашанғы қалжыраймын ойлап өтем», «Сен қартайды дегенге», «Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы», «Бәрін де түйсін, білсін тылсым кеуде», «Маған құрбым кектенбе», «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай», «Хал сұрама, жыр сұра», «Жазылар естеліктер мен туралы», «Ғашықпын» т.б.туындыларында сын айту, ақыл қосу сарындарынан гөрі уақыт туралы мұң, назға толы сыр айту негізгі өзекжарды идеяның арқауына айналған. Өлең- өмір, өмір-өлең екенін бұдан артық түсіндіру мүмкін емес. Мұқағали үшін, бүкіл әлем, гүл, бояулар, дыбыстар бар жаратылыс, барлық өмір-поэзия дүниесі. Осы құбылыстардағы құпия қуат оларға тіршілік, ойнақы өмір беретін сырлар – поэзияның жаны.

Мұқағали – қазақ халқының әлеуметтік, ұлттық психологиясын жақсы білгендіктен ол әрдайым саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты тез өзгеріп отыратын қайшылықты, қарама-қарсы қоғамдық құбылыстардың куәгері болған.

Шын мәнінде ақынның өнерінде халық даналығының таңбасы бар. Демек, өнердің жасампаз күші оның халықтан туып, халық қажетіне жарауында жатыр. Өз шығармалары арқылы ақын әдебиеттің халықтығын ту ғып көтерді; поэзия бәрінен бұрын, халық өмірінің айнасы болуын, поэзияда, бәрінен бұрын халықтық мәні бар келелі шындықтардың суреттелуін көкседі.

Қолаң қара шашың-ай күн қақтаған!

Қос бұрым-ай жотаңда бұлғақтаған!

Қарғам, сенде жерімнің иісі бар-ау,

Жер иісі жұпардан қымбат маған! [4, 158-б.]

деп толғайды бір өлеңінде. Яғни оның халқын сүюі табиғатынан, қанынан, бар болмысынан туады. Бұл ақынның туған топырағымен тұтастығын танытады.

Мұқағали – халқын бүкіл болмысымен сүйген ақын. Ол жырларының бәрін тек өз халқына ғана арнап жазады. Мұндай ұлттық көрініс, әсіресе, ақынның «Қырқыншы жылдардағы бесік жырынан» деп аталатын өлеңінде көптеп кездеседі:

Кебін киген өледі,

Кебенек киген келеді

Майданға көкең кеткенде,

Осылай бәрі деп еді.

Әлди-әлди бөпем – ау,

Бәрі де бекер екен – ау!

«Сабыр да түбі – сары алтын»

Сарғайып қашан жетем – ау?! [4, 161-б.]

«Ала жібін адамның, аттамап еді ардағым», «халықтың кейде алғысы, қарғыстан бетер екен-ау», «Көбісі біздің ырымның, түкке алғысыз екен-ау» деген тармақтары арқылы халық болмысын танытады.

Мұқағали өмірінде орны бар, еңбегі бар ақсақалдарды қатты сыйлап өтті, алдынан кесіп өтпей, сол адам өткенше күтіп тұратын болған. «асықты жілік сыйлағанға жамбасыңды сақта» – деп атамыз қазақтың ұлағатты сөзінде ескерткендей, қайырылып сәлем бергенге қарамай кеткен кезі болмаған. Қарияларды ерекше құрметтеген. Сондай-ақ, оның қарттарға арнаған «мен қарапайым қарттарды...» деген өлеңі бар. Онда ақын:

Мен қарапайым қарттарды сүйем,

Не деген керім еді?!

Не біледі, осы жұрт, не біледі?!

Бабалардың баласы – қариялар,

Сиреп бара жатқандай көрінеді, [5, 163-б.] - деп тебірене жырға қосады. Сондай-ақ, ақын өлеңінің эмоциялық баурағыш күшін күшейте түсу үшін сұрай арнау секілді фигуралық орамды орайын тауып шебер қолданған. Ол дана қарттарға сауал қойып, сол сауалдарға жауап күтеді. Сонымен қатар, сол қариялардың қатары сиреп бара жатқанына іштей қынжылыс та бар, жүрегі сыздайды.

Көненің көзі болған қариялар тұнып тұрған шежіре емес па?! Сондықтан да ақын:

О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,

Қанеки, нелерің бар салтқа жарар!

Және

Сенімдеріңді айқаймын, ақтаймын да,

Сендердің мұрагерің атанамын, [5, 167-б.] - деп жақсы үлгі-өнегелеріңді алып, өсиет сөздеріңді тыңдап, кейінгі ұрпақтарға ұран ғып жеткізер данагөй қарт болғанды армандайды. «Дүние – кезек» деген ойды айқындайды. Ақын қариялардың бәрін де тастап, бұл пәниден баз кешетініне, өмірдің лезде өте шығатындығына күйініш білдіреді. Сол себепті ақын:

Сондықтан да садақ боп иілемін,

Сауыт болам, тек қана киіне біл, – дегенді айтады.

Осы жолдар түгелдей әсірелеу болып келеді, яғни ақын «садақ боп иілемін» – деген тамағында тағдырдың не қылғанға да басқа салғанына көніп бас ұрамын десе, ал «сауыт болам, тек қана киіне біл» деуі, сондай-ақ сауытты кез-келген адам киіне бермейді ғой, сондықтан да ақ сауытты кірлетпей данагөй қарттардың салып кеткен ақ жолын әрі қарай дұрыстап жалғастырып, өсиет сөздерін әрдайым айтып ешбір ұмытпай жадында сақтап, өзінен кейінгі ұрпақтарға жеткізем дегенді айтқан сыңайлы.

Иә, халық ұғымында домбыраның киелі зат ретінде қадір-қасиеті мол. Қазақ халқының атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық аспаптарының бірі – домбыра. Домбыра көмейінен төгілген күй адам жанының нәзік қылдарын шертіп, жан-дүниесін қозғайды. Адам көңіліндегі сөзбен жеткізе алмаған ойын домбыра арқылы күймен жеткізеді. Күйші көмейіндегі арман-тілегін, жүрегіндегі мұң-шерін күймен төгеді. Сондықтан да ақын:

Домбырам, жүрегіммен үндес едің,

Сенімен сырласымдай тілдесемін.

Бабамнан қалған мұрам сен болмасаң,

Өнердің не екенін білмес едім, – деп жырлайды. Шын көңіл, тап-таза сыр. Ақын өлеңдерінде теңеулерді көп қолданған. Сондай-ақ ол осында «сырласымдай» деп домбырасын жүрегімен үндестіріп, қайғырса да, қуанса да соның барлығын домбыра үніне қосып, адамша тілдеседі. Қаншама қайғы – қасіретті, мұң-шерді бәрін-бәрін кеудесіне сыйғыза, әрі сақтай білер домбыраның құдіреттісін айтсаңызшы?!

Ақын Қ. Мырзалиев те:

Нағыз қазақ, қазақ емес,

Нағыз қазақ – домбыра, – деп домбыраны алға тартады емес пе? Ақын Қ.Мырзалиев те күйдің тілсіз-ақ адам баласына берер әсерлі сәтін таңданыспен жырлайды. «Сөзбен жазбай тарихын, күймен жазған халқының» қасиетін күйден таныған ақын қазақ халқының ұлттық ерекшелігін жыр жолдарында күймен байланыстыра бейнелейді. [9, 127-б.]

Мұқағали ақын «Наурыз айы туғанда» өлеңінде қазақ халқының салт-дәстүрлері – Наурыз – жыл басы туралы, наурыз айының халық арасындағы қадір-қасиеті, қазақ халқының жыл басын күтіп, қасиет тұтуы, салт-дәстүрі жайлы жырлайды. Қазақ халқының ұлттық дәстүріндегі сақталған сыбағаның сапарға кеткен иесінің еліне аман – есен оралуына тілектестігі де өлең бойында әдемі суреттеледі:

Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда.

Сақталушы еді сыбаға,

Сарапға кеткен ұлдарға.

Наурыз айы туғанда. [4, 192-б.]

«Сыбаға» сөзінің өзі халық ұғымында жақсылықтың тілекшісі болып саналады. Сыбаға сақтау адамдардың бір-бірін қонаққа шақырып, сыбағасын беру – ата-бабамыздың бұрыннан жалғасып келе жатқан дәстүрі. Ақын кезінде тойланбай келген салт-дәстүрді өлең бойында қайта жаңғыртып, халықтың ұлттық бейнесін ашып көрсетеді.

Қазақ халқында атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіптің бірі – мал шаруашылығы. Атаның ала таяғын қасиет тұтып, жолын жалғастырған шопан бейнесінің ақын жырында ұлттық ерекшелігі ашыла түскен. Мұқағали ақын шопан бейнесін жыл мезгілімен байланыстыра жырлайды. Жылдың төрт мезгілін «жаз болса, жорға мініп жайтақтаған» малшының мінезін жадыраған жаздың жайлылығымен байланыстыра жырласа, «күз болса, қойшы жаны жай таппайды» екен.

Сәуір айы – малшыға сары уайым,

Малмен бірге бағады ауа-райын, – деп бейнелейді. Мұқағали ақын жырында шопан қарттың жорамалдық қасиеті ауа-райына қарап танылады. Мұндай ауа-райын алдын ала болжайтын жорамалдық қасиет қазақ халқында ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан салт. Ақын қарт шопанның көрегендік қасиеті арқылы ұлттық ерекшелікті танытады.

Мысалы, халқымыз аққу құсты киелі деп санаған. Оны атуға тыйым салып, қиянат жасауды күнә санаған. Бұл көрініс ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында жақсы келтірілген. Тәуіп шалдың айтқанымен баласы үшін аққу құсқа, яғни қасиетке оқ атып, аққудың киесіне ұшырап баласынан айрылған әйелдің өмірі арқылы бүкіл қазақтың ертеңін сақтандырып, ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған ырымдарын қайта жаңғыртқан.

Аққуға кезенерде ырым жасап,

Тым құрыса саусағыңды қанаттың ба?.. деп халықтың, жас өркендердің жүрегіне осындай тәлімге толы тамаша жыр жолдары арқылы жол тартып, көкейіне мықтап бекітуге ұмтылған. Мүмкін, ақынның тағлымы мол осындай жырларының құдіреттілігі де халық дәстүрімен астасып жатуында болар.

Мұқағали поэзиясы ұлттық болмысты танытуда көркемдік нақышымен, мазмұн тереңдігімен қазақы ұғым мен ырымды өлең жолдарында қолдану шеберлігімен құнды.

Қазақтың салт-дәстүрлері мен наным-сенімдері ақын поэзиясында өзіндік орын алады. Тұсау кесу – қазақтың ертеден келе жатқан салт-дәстүрі. «Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін» деп өлеңдетіп қазақтар сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүгіртеді, шашу шашады. Тұсау кескен адамға кәдесін береді, мәселен «Сәби болғым келеді» өлеңінде жырға қосады:

Қанаттанып өмірге ұшарымда,

Кесілмесе бәрібір тұсауым да.

Сәби болғым келеді, сәби болғым,

Сәбиі жоқ ананың құшағында. [4, 193-б.]

Бәсіре – бала жеті жасқа келгенде оған құлын, тай атайды. Бәсіреге аталған мал баламен бірге өседі. Оны бәсірен мал дейді. Мысалы:

Жылқышы атам – қамқоршы, асыл еді,

Әкелді де, ерттеді бәсіремді [4, 195-б.] – дейді.

«Әлди, әлди ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем», деп басталатын бесік жыры ертеден құлағымызға таныс естіледі. Бесік – киелі, қасиетті мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Мұқағали Мақатаевтың «40-жылдардағы бесік жыры» өлеңінде:

Бөпем – бөпем, бөпем-ау,

Қай жерде қалды көкең-ау.

Көбісі біздің ырымның,

Түкке алғысыз екен-ау! – деп мұңды жырды жазады.

Жаңа түскен келінді беташар дәстүрі жасалмай, ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі беташар жасалады. Оған туған-туысқандар тегіс қатынасады. Беташарда жас келінге тума-туысқандар тегіс таныстырылады.

Ұйықтап жатқан баланың бетінен сүйме, шошиды деген қазақта ырым бар. Бұл турасында ақын «Бесік басында» деген өлеңінде:

Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде

Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.

Ояту былай тұрсын рұқсат жоқ.

Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге – дейді.

Суреткер ақын осы беташар салтына байланысты туған «Беташар» өлеңінде:

Боз ала ауыл жастары,

Бозбала күнін бастады.

Боз жаулық жауып қыздарға,

Шаңырақ құра бастады, [4, 196-б.] – дейді.

Тәбәрік беру – дәстүрі қазақ халқында ертеден бар. Ата-бабаның қастерлі бұйымдарын ұрпағына мұра етіп қалдыру оларға үлкен ескерткіш, естелік болып табылады. Ақынның «Әке, сенің тастап кеткен мұраңды» өлеңінде:

Әке – сенің тастап кеткен мұраңды

Төрт немерең көрген шақта қуанды.

Терің сіңген тақияға жармасып,

Алма-кезек бірінен соң бірі алды, – деп жас өскелең ұрпақты ата-баба мұрасын көненің көзіндей көруге насихаттайды.

Тағы бір «Тәбәрік» өлеңінде:

Аппақ тонын атамның тәбәрігін,

Жүзге кел деп арқаңа жаба салам.

Қазақ халқы ақсақалды аталарды, ақ жаулықты аналарды құрмет тұтып, сыйлаған, төрден орын берген. «Тоқта, ботам» өлеңінде ақын:

Ей, болашақ! Қарт келеді зиялы,

Кейімесін ата қыран ұялы.

Сен сыйласаң, сәби шақтың бір сәтін,

Атаң саған ұзақ өмірін қияды – деп, жас жеткіншек балаларды, қарттарды сыйлауға шақырады. Тағы бірде ақын:

Анам маған: –

Үлкенді сыйла деген.

Сол сөз маған ізгілік құйған екен.

Үлкендерден ауысқан кішілікті

Үлкендердің өзіне сыйға берем, [4, 196-б.] – дейді.

Ұйықтап жатқан баланың бетінен сүйме, шошиды деген қазақта ырым бар. Бұл турасында ақын «Бесік басында» деген өлеңінде:

Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде

Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.

Ояту былай тұрсын рұқсат жоқ.

Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге – дейді.

Қазақы дәстүрдің бірі – келген қонақты құр жібермеу, қуыс үйден құр шығармау. Ақын бұл орайда:

Бұзықтың қамшысындай иректелген,

Бұзық ит, не сор сені сүйреп келген.

Тамыз, кәне, сүтіңнен таңдайыңа,

Тажал неме бізді де үй деп келген – деп ойын сабақтайды.

Ақын Мұқағали Мақатаев «Жетім күшіктер мен кәрі сырттан» өлеңінде:

Кәрі сырттан ұлуын доғармады,

Сол кеткеннен мол кетті, оралмады.

Бірақ бізге өлігін көрсетпеді,

Қиын екен жақсы иттің жоғалғаны – деп, жақсы ит өлігін көрсетпейді деген ойды аңғартады. Ақынның тағы бір өлеңі – «Сабыр» өлеңінде:

Сабыр, сабыр, әй, достым, ашуланда,

Төрт тентегің құтыңды қашырғанға.

Бұл өмірде баладан асыл бар ма,

Сабыр, сабыр, әй, достым ашуланба! [4, 199-б.] – деп, сабыр түбі – сары алтын деп досын сабырлыққа шақырады.

Қарап отырсақ, Мұқағали ақын өз поэзиясында көптеген халықтың салт-дәстүрін, ырым-нанымдарын өлеңдеріне арқау етеді. Ақын өлеңдерін оқығанда ақынның әр өлеңінен нақыл сөздерді жиі келдестіруге болады. Мысалы, «Өмір – өзен» өлеңінде:

«Рахатқа бола бес күнгі

Ренжіте көрме ешкімді» иә болмаса:

«Өмірді қалай сыйласаң,

Өлімді сондай жат көрме» – дейді.

Достық турасында М.Мақатаевтың нақылға толы «Қарлығашым, келдің бе?» өлеңінен үзінді келтірсек:

«Достық деген адамның көрігі екен,

Достық деген адамның серігі екен» немесе «Достық» өлеңінде:

Шоқтанып жүрген көгімде,

Шолпаным бар ғой менің де,

Жолдассыз, доссыз тегінде,

Өткерген өмір, өмір ме? [4, 200-б.] – деп ойын жалғастырады.

Ақын өлеңдерінде афоризмдер яғни нақыл сөздер өте көп. Афоризм дегеніміз – мән-мағыналары терең нақыл сөздер. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтірсек:







Нақыл сөздер

Өлең аты

1

Жамандарды іздеме өзі табар,

Жақсыларды табуың қиын екен.

«Мавр» өлеңінен

2

Бір бұйымы бір үйге мұра болар

Қайран біздің аталар – ғұламалар

«Аққулар ұйықтағанда» поэмасы

3

Атамнан қалған мұра ізеттілік

Арымды соған қоям күзеттіріп

«Шуағым менің» өлеңі

4

Қазақтың мал-ырысы, малы-бағы,

Қашаннан бір-біріне танымалы

«Тау өзені тентек қой, тасып жатыр»


5

Дариясы өмірдің шайқалмайды,

Дәрмені жоқ бір пенде жылағанға.


«Өмір дейтін» өлеңінен

6

Адамның ғұмырынан қысқа не бар?

Күн еңкейсе болғаны, кеш кіреді.


«Сәби-ана» өлеңінен

7

Бықсып жанған қоламта емес,

Артымызда шоқ қалсын.

Болашақтың ошағында

Біз тұтатқан от жансын!


«Болады деп арманда» өлеңінен

8

Бас – биік қой,

Биік жерге алдымен қар түседі

«Бастау» өлеңінен



Мұқағалидың поэзиясы – қай жағынан алғанда да, тақырып, мазмұн, т.б барлығынан биік тұрған поэзия. Оның өлең әлемі – қазақтың таңғажайып жыр әлемінен тұратын керемет ғажайып әлем.



.



5. Эксперимент бөлімі

Зерттеудің соңғы кезеңінде мектеп оқушыларынан сауалнама алдым ( 1-сурет). Сауалнамаға барлығы 22 адам қатысты. Сауалнама қорытындысы бойынша " «Мұқағалидың өлеңдерін жатқа білесің бе?» деген бірінші сауалға сұралған адамдардың 40% "жоқ", 60 "иә"деп жауап берді. (2-сурет)" Мұқағали Мақатаев жөнінде толығырақ мәліметтер білгің келе ме? деген екінші сауалға сұралғандардың 70% "иә", 30 %"жоқ "деп жауап берді. (3-сурет)Мұқағалидың патриоттық тақырыпта жазылған өлеңдерінің аты қалай? деген сұраққа 50% "дұрыс жауап берді", 30 % қате жауап берді, 20% білмеймін деп жауап берді.

(4-сурет) .

Ғылыми жоба аясында мектіпшілік «Мұқағали оқуларын» ұйымдастырдық. (5-сурет) Мақсаты - Мектебіміздің оқушылары арасында М.Мақатаевтың шығармаларын насихаттау, Оқушылардың поэзияға деген құштарлығын арттыру, өлең сөздің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету. Өз ой пікірлерін ғылыми тұрғыда жеткізе білуін дамыту болды. Оқушылар Мұқағалидың өлеңдерін мәнерлеп оқып, сұрақтарға жауап беріп, Мұқағали туралы естеліктерді тыңдап, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан көрініс қойды (6,7-сурет).

Ғылыми жоба жазу барысында Қоянбай ауылының тұрғыны ардагер ұстаз қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі болған Малгаждарова Назигуль ападан сұхбат алдым (8-сурет).Сұхбат кезінде Мұқағали жырларының ұлттық құндылығы туралы айтып берсеңіз? Мұқағали жырлары қазіргі жастарға не береді? Қазіргі жастардың поэзияға деген құштарлықтарын ояту үшін не істеу керек деп ойлайсыз? деген сауалдарға жауап алдым. Сұхбат алу зерттеу жұмысын жүргізуіме зор үлесін қосты. Мұқағалидың салт-дәстүрімізді дәріптеген өлеңдерін есіңе түсіріп айтып берді.

Мұқағали атамыздың 90 жылдығына арналған кино туындыларының жарық көруі, жас ұрпаққа Мұқағалидың өмір жолымен танысуға үлкен жол ашты. Ақын тағдыры кино тілінде өте жақсы көрініс тапқан.

Қорытынды


Қорыта айтқанда, Мұқағали ақын ұлттық болмысты танытуда өзінің қазақи салт-дәстүрге бай жырларын өзіндік ерекшелігімен, поэзиядағы өзіндік стилімен жырлаған. Ұлттық бейнені лирикалық кейіпкер арқылы ашып көрсете білді. Оның кез келген жырларынан ұлттық құндылық айқын көрінеді. Қазақ халқы қашаннан ырымға сеніп, оның алдын алу үшін жасалатын жоралғысына дейін айтып, жасап отыратын болған. Сондай-ақ Мұқағали ақанның жырынан да халқымыздың ертеден ұстанып келе жатқан ырымдарын жырына арқау етіп, жаман нәрселерден сақтандырып отырғанын айқын байқаймыз. Халық ұғымында, сақтандыру үшін айтылған әрбір ырымның түбінде қаншама ғасырлардан бері дәлелденген шындық бар.

Мұқағали поэзиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан. Оның қай тақырыптағы лирикасы болмасын, қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестелеген. Сондай-ақ, ақын шығармаларының өн бойында қазақ халқының ұлттық ерекшелігі көрініс береді. М.Мақатаев поэзиясындағы көркемдік жүйенің бір парасы өзі өмір сүрген кездегі ауыл, ел тіршілігі, ұлттық мінез, ұлттық психология, табиғат көріністерінің көркем бейнесін жасауға негізделген. Сондықтан да біз Мұқағалиды «Ұлт ақыны» деп айтамыз.

Мұқағали мұрасы – ұлттың қоймаға қосылған асыл қазыналардың көмбесі. Мұқағали мұрасына біршама баға берілді десек те әлі жеткіліксіз. Алдымызда Мұқағалитануды қалыптастыру міндеті тұр. Жоғары деңгейде ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеуге мүмкіндік ашылды. Кемімізді толтырып, төрт құбыламызды түгендеуге қазір жағдайымыз жетеді. Мұқағалиды дәріптеу қазақ әдебиетін, күллі қазақ өнерін, ұлттық құндылықтарымызды санада сақтау, қадіріне жетудің бір үлгісі болмақ.

Ұсыныстар:

  1. Орта мектепте Мұқағалитану курстары өткізілсе.



Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. З.Қабдолов. Сөз өнері. –Алматы, 1997 ж.

  2. Аймұхамбетова Ж. Лирикалық бейне жасаудағы көркемдік ізденістер. // Көкейкесті әдебиеттану. Сегізінші кітап. -Астана: ЕҰУ, 2008. - 412 б.

  3. Б.Кәрібаева. Қазіргі қазақ лирикасының поэтикасы. –Алматы жазушы. 1988.

  4. М.Мақатаев. Жырлайды жүрек. –Алматы. Жазушы. 1989

  5. М.Мақатаев. Аманат. –Алматы. Жазушы. 2002

  6. А.Әбдіқалов. Мұқағали. Естеліктер. –Алматы. Жалын. 1995 жыл.

  7. М.Мақатаев. Қош, махаббат. –Алматы, жазушы. 1988 жыл.

  8. Қабдолов З. Арна. -Алматы: Ғылым, 1994. - 366 б.

  9. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. -Алматы: Мектеп, 1960. - 292 б.


















Қосымша 1

1-сурет













Қосымша 3


5-сурет





Қосымша 4

6-сурет



Қосымша 5

7-сурет

Қосымша 6

8-сурет

32


24 Қаңтар 2025
110
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі