Мұстафа Шоқай мұралары-Отан тарихының дерек көзі

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Мұстафа Шоқай мұралары-Отан тарихының дерек көзі

Материал туралы қысқаша түсінік
«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: МҰСТАФА ШОҚАЙ МҰРАЛАРЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» тақырыбында берілген мақаланы Мұстафа Шоқайдың мұраларын зерттеп жүрген жас қаламгерлеріміз мен оқырмандарымыз болса,пайдаланып оқысын деген ойда бердік. Мұстафа атамыздың есімін есте сақтасын деген пікір.Түбі бір түркі жұртының тағдыры талқыға түскен шақта басын бәйгеге тіккен, саналы ғұмырын ұлт мүддесі мен ел мұраты жолына арнаған сан қырлы қайраткер тұлғаның тағылымын арқау еткен еңбектер жаңа,тың деректерге жетелемек. Түркістанның бірлігі мен тәуелсіздігін ту етіп, оны өмірлік мұратына айналдырған, сол жолда құрбан болған Мұстафа Шоқайдың тұлғасы күн өткен сайын биіктей бермек.
Материалдың қысқаша нұсқасы

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: МҰСТАФА ШОҚАЙ МҰРАЛАРЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ»

Табынбаева Бекзат Сейдалықызы

Қызылорда қаласы

264 мектеп-лицей мұғалімі

Мұстафа Шоқай мұралары-Отан тарихының дерек көзі

Түркістанның бірлігі мен тәуелсіздігін ту етіп, оны өмірлік мұратына айналдырған, сол жолда құрбан болған Мұстафа Шоқайдың тұлғасы күн өткен сайын биіктей бермек. Түбі бір түркі жұртының тағдыры талқыға түскен шақта басын бәйгеге тіккен, саналы ғұмырын ұлт мүддесі мен ел мұраты жолына арнаған сан қырлы қайраткер тұлғаның тағылымын арқау еткен  еңбектер жаңа,тың деректерге  жетелемек.

Мұстафа 1890 жылы 25 желтоқсан күні сол кездегі Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Наршоқы ауылында дүниеге келген. Кей зерттеушілердің пікірінше, оның ата-бабасы қыпшақ руының белді әулетінің адамдары болған. Атасы Торғай датқа Сырдария облысындағы бірнеше ауылды басқарған, ал әкесі ауыл-аймаққа белгілі әділ би болған.

«Құндақтаулы нәрестені қолына алған имам, оның оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтқаннан кейін иіле түсіп: «Сенің атың – Мұстафа» деп үш рет қайталады. Сол-ақ екен шілдеханаға жиналған қауым бір қауқылдасып қалды: «Мұстафа – әз пайғамбарымыздың аты ғой, шырағым атына заты сай болсын!», «Мұстафа – таңдаулы, қалаулы деген мағынаға келеді екен, ұлыңыз халқына қалаулы азамат болсын!», «Басынан жақсылық кетпесін!», «Әзіреті Мұхаммет – Мұстафа пайғамбарымыздың өзі қолдап, қорғап жүрсін!», «Күнді көрмейсің бе, жарықтық. Алланың рахмет-мейірімі де бүгін ерекше түсіп тұр ғой» деген сияқты тілек-дұғалар тұс-тұстан айтылып жатты. Көпшілік арасында Шоқай бидің әкесі Торғай датқаның атын ауызға алып, қажылыққа екі рет барған марқұмның жақсылығын айтып, артынан ілтипат білдіріп жатқандар да болды» [1, 5].

Мұстафа Ташкенттегі ерлер гимназиясы мен Санкт-Петербург университетінің заң факультетін аяқтаған. Осы кезде ол өзіндік дүниетанымы мен саяси көзқарасын қалыптастырып, ағылшын, француз, түрік, өзбек, орыс тілдерінде еркін сөйлеген.

1917 жылдың көктемінде Мұстафа Ташкенттегі мұсылмандар конгресі кезінде құрылған Мұсылмандар орталығының басшысы болып тағайындалады. Осы жылдан бастап «Бірлік туы» және «Еркін Түркістан» басылымдарын шығара бастаған. «Жас Түркістан» журналы Мұстафа Шоқайдың бас редактор­лығымен 1929-1939 жылдары Берлинде Түркістан халқына ортақ шағатай тілінде жарық көрді. Ол - біртұтас Түркістан тәуелсіздігі идея­сын көтеріп, бүкіл түркі жұр­тының азаттығы үшін күрескен басылым Ал тамыз айында ол Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі атанды.

1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін комитет мүшелері қуғынға ұшырап, жасырынуға мәжбүр болды. Мұстафаның басы үшін арнайы сыйлық та тағайындалды. 

1917 жылдың 27 қарашасында Қоқанда өткен Бүкіл мұсылмандардың IV съезінде Түркістан автономиясын құру туралы ұсыныс айтылды. Оны алдымен Мұхамеджан Тынышпаев басқарады да, артынан оның тізгіні Мұстафа Шоқайға тиді. Автономия 1918 жылдың ақпанында құлады. Шоқай Ташкентке, одан әрі Ақтөбеге қашуға мәжбүр болды.

1918 жылы Шоқай Бүкілресейлік уақытша үкіметтің (Уфа директориясы) мүшесі болды.1918 жылдың қыркүйегінде Уақытша үкіметтің басшылығына адмирал Александр Колчак келді. Оның бұйрығымен директорияның барлық мүшесі тұтқынға алынды. Шоқайды Челябіге жіберді, дегенмен ол ретін тауып қашып шықты.

Мұстафа Шоқай өмірінің соңғы жылдарын шет мемлекеттерде өткізді. Түркия арқылы Германияға, сосын Францияға қоныс аударады.

Эмиграцияда жүріп «Таймс», «Шафак», Journal of Royal Central Asian Society сынды белді ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста болды. «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» атты басылымдарды шығарып тұрды. Большевиктердің жұмысы туралы түрік, ағылшын және француз тілдерінде лекциялар оқыды. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиев сол тұстағы саяси ахуалды саралай келіп мынадай тоқтам жасайды. «Оқиғалар ағымы бұл екі автономияның да ғұмырын ұзақ еткен жоқ. Құрамындағы халықтардың өзін-өзі басқару құқығын мансұқ еткен түрлі саяси топтардың өзара арпалысты күресі жағдайында мәселенің басқаша шешілуін күту қисынсыз еді. Бірақ бізге мәлім басы ашық жағдай сол, М. Шоқайұлы өмірінің соңғы сәтіне шейін Түркістан халықтарының тәуелсіздігі олардың мемлекеттік тұтастығына байланысты деген ойда болды. Осы ойдың жалынды насихатшысы болып өмірден өтті. Өз уағында айтылған бұл пікірдің ХХ ғасырдың соңына қарай іске асу мүмкіндігінің қаншалықты қиын екендігін түсіне отырып, сонымен бірге оның стратегиялық тұрғыдан қаншалықты терең және дәл айтылғандығын уақыттың өзі әлі талай рет көрсетіп беретіндігіне біздің ешқандай да күмәніміз жоқ» [2, 223]. Дархан Қыдырәлиевтің Мұстафа Шоқайдың Тәуелсіздік күрес жолын тарихи хронологиялық негізде көркем тілмен баяндап шыққан еңбегінің шоқайтанудағы мәні даусыз.


Парижде ол Түркістан ұлттық бірлестігіне жетекшілік етті.



1941 жылдың 22 маусымында Берлиндегі орыс эмигранттары жаппай тұтқындалды. Олардың арасында Шоқай да бар еді. Гитлер үкіметі оған Түркістан легионын басқару туралы ұсыныс жасады. Бұл легионның мақсаты – Германия протектораты болып табылатын Үлкен Түркістан мемлекетін құру болатын. Мұстафа бұл ұсыныстан бас тартты. Ол 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлин қаласында жұмбақ жағдайда қайтыс болды.

Мұстафа бәрінен бас тартып, бұл іске мүлде қатысы болмаса да, Сталин Түркістан легионын құрған Шоқай деген көзқараста болды.

«М.Шоқай өзінің туған елі қазақ халқының тәуелсіздігін Түркістанда көне замандардан бері қатар тұрып келе жатқан туыстас өзбек, қырғыз, түркімен және басқа халықтардың тәуелсіздігінен бөліп алып қара­ған емес.

М. Шоқай үшін Түркістан халықта­рының тұтастығы мен Түркістан халықтарының еркіндігі – бірінсіз бірі жоқ егіз ұғымдар болған»,- дейді тарихшы М. Қойгелді. Ол Түркістандағы бауырлас халықтар бір болғанда ғана ірі боларын, ірі болғанда ғана тірі қаларын ойлаған еді. Түркістан деп шырылдағанда қандай халықтарды, қандай өлкелерді айтқан дейтін болсақ, ол кісі жалпы Түркістанды Батыс Түркістан, Шығыс Түркіс­тан және Оңтүстік Түркістан деп үшке бөлген. Шығыс Түркістан – қазір Қытайға қарайтын Шыңжаң, Оңтүстік Түркістан – қазір Ауған­станға қарасты аумақ, Батыс Түркістан немесе Ұлы Түркістан – Орта Азия мен Қазақстан. М.Шоқайдың арпалысып жүргені осы – Ұлы Түркістанды құру.

1936 жылы Берлин қаласын­да Еуропада жүрген Түркістан жастарының алдында сөйлеген сөзінде ол былай дейді: «Бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Түркі­­­менстан һәм Тәжікстан деп, жат үкімет күшін алты жұмхұриетке бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айнымас бір өлке. Халқының қаны бір, тілі бір, діні бір. … Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің ата жұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат… Түрік халқы – батыр халық. Түрік халқы – арыстан ер халық. «Кімнен таяқ жегендей біздің түріктің баласы, алдырып жүрген дұшпанға ауызының аласы». Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек. Мұстафаның досы, Украинаның бұрынғы сыртқы істер министрі, профессор А. Шульгиннің: «Мұстафа – Бей мемлекеттік ірі қайраткер, аса көрнекті жазушы әрі журналист болды, бірақ, ол бәрінен бұрын өте тартымды адам еді, өзіндігі мол тұлға еді. Мұстафа – Бейді Түркістансыз көз алдыңа елестету мүмкін емес. Иә, ол өзінің жүрегімен де, өз Отанын, оның өткендегісі мен қазіргі сүрең келбетін бір минут та ұмыта алмайтын. Әйтсе де өзінің дәстүрлеріне адал күйінде қала отырып, ол өз бойына мейлінше әртүрлі адамдарды және бір-бірлеріне түсініксіз дерлік халықтарды өзара байланыстыра алатын әрі байланыстыруға тиісті аса бағалы, адамдық қасиеттердің бәрін дарыта білген еді», — деген сөзі толық дәлел. Шоқайұлының тағы бір досы, бұрынғы Мемлекеттік Думаның мүшесі және Грузия Сыртқы Істер министрі А. Чхенкели былай дейді: «Біз құрған «Кавказ, Түркістан және Украина халықтарының достығы» қоғамында ол, әрине, елінің кеңдігіне қарай тиісті орын алды. Мұстафаның Париждегі, Лондондағы, Женевадағы және Батыстың басқа да орталықтарындағы қайраткерлік қызметі сан түрлі әрі жемісті болғандығы соншалық, олардың бәрін санап шығу мүлде мүмкін емес. Ол менің күткенімнің бәрінен асып түсті, далалық азиатты нағыз халықтың көсеміне айналды. Ол өте сабырлы әрі бірқалыпты еді, бірақ жүрегі ыстығырақ болатын, қашан да өзінің жеке басының қауіпсіздігін ойламай жақындарына жәрдемдесуге құлшынып тұратын. Совет-Герман соғысы кезінде ол соғыс тұтқындарының бір лагерьде өзінің батылдығымен, немістер еврей деп есептеп, атуға кескен бірнеше ондаған грузин жастарын атудан аман алып қалған. Ол өз өмірін қауіпке тіге отырып, кешірілмес қателікті түсіндіру арқылы үкімнің орындалуын тоқтата алды. Міне, біздің Мұстафа осындай тағылық уақытта өмір сүріп, күресе білді. Енді сен, жоқсың, қымбатты досым, бірақ біз де одан жақсы дәуірде өмір сүріп жатырмыз дей алмаймын. Ал сенің есімің мен идеяң қашан да біздің арамызда халықтарымыздың достығының символы болып қала береді»… Міне, Мұстафа – Бей Шоқайұлының иман, парасат ұялаған көлдария жүрегін, ұлы тұлғасын осы жолдардан-ақ терең сезінуге болады.
Бүгін бізге Мұстафа – Бей Шоқайұлының және онымен пікірлес, халықтың бағына туған көксерек топтың тағдырларын ойлап опынғаннан пайда жоқ. Алтын құрсақты айналайын халқымыз ара-кідік болса да алыптарды тумай тұра алмайды. Ендігі үміт соларда… Олар ат жалын тартып мініп, билік тегершігін қолына алып, бізді қыранға шығарып самалдатқанша, бәрібір Мұстафа Шоқайұлын егіле еске алуды қоя алмайтынымыз және ақиқат.
Ақиқат жаршысы, ұлт жанашыры бола бiлген ерекше тұлға туралы зерттеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бередi, сөйтiп тың туындылар шоқайтану iлiмiн толықтыра түседi, оқушыларын қуанта бередi деп сенемiз.


 Пайдаланылған әдебиеттер


1.А.А.Оспанова. Мұстафа Шоқайдың қайраткерлік тұлғасы туралы зерттеу.УДК 82.0(091) [1, 5].

2. Қыдырәлиев Д. Мұстафа Шоқай. – Астана: Фолиант, 2007. – 320 бет.

3 Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры. (XVIII-XX ғғ.). Зерттеулер. – Алматы: «Жалын» баспасы ЖШС, 2004. – 400бет



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
27.11.2018
362
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі