жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз

Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
МҰЗАФАР ӘЛІМБАЕВ ПОЭЗИЯСЫ
Тәжмұхаметова Айсәуле Аманғалиқызы
Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті, гуманитарлық факультетінің ІІ курс магистранты,
Жалпы білім беретін Ш.Абенов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Семей қ. Абай ауданы.
МҰЗАФАР ӘЛІМБАЕВ ПОЭЗИЯСЫ
Мақала Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, көрнекті ақын, көп қырлы талант иесі Мұзафар Әлімбаевтың поэзиясына арналды. Сонымен бірге, мақалада ақын шығармаларынан көрінетін лирикалық қаһарман бейнесі, ақын өлеңдеріндегі көркемдік ерекшеліктер мен ақын стилі қарастырылды.
Түйін сөздер: халық жазушысы, қазақ ақыны, поэзия, лирикалық кейіпкер, өлең құрылысы, ақындық жауапкершілік.
Это статья посвещается народному писателю Казахстана лауреату государственных премии имени Ы.Алтынсарина, народному представителю, талантливому, Музафар Алимбаеву. В этой статье рассматривается художественное описание стихотворений его стиль, а также лирический герой.
Ключевые слова: народный писатель талантливый представитель, казахский поэт, поэзия, лирический герой, теория стихосложение, поэтический ответственность.
This article dedicated the national writer of Kazakhstan, winner of the state prize of the owner of Altynsarin medal, national representative, talented writer Muzafar Alimbaev. This article considered artistic description style of poems and lyrical hero.
Key words: national writer, talented representative, Kazakh poet, poetry, lyrical hero, construction of poem, poetic responsibility.
Мұзафар Әлімбаев әдебиеттің қырлы да сырлы соқпақтарынан өзіндік жол тартып, жұрттының жүрегіне бойлаған, өлең қамын ерте ойлаған, қаламы қолынан бір сәт түспеген, шығармашылық қыруар еңбегін халқының рухани дамуына бағыштаған, қазіргі қазақ балалар әдебиетінің классигі және оның зерттеушісі, өлең-баталарды қайта жаңғыртушы және дамытушы тұңғыш ақын. Елін шексіз сүйетін біртуар дарынды ақын 1996 жылы шыққан «Көңіл күнделігі» атты кітабындағы Мұзағаңның өз сөзімен айтқанда: «Жақсылық пен ізгілік, ерлік пен елдік дәстүрі ешқашан үзілмесе екен. Осы дәстүр аға ұрпақтан бала ұрпаққа мирас болып жалғаса, жарқырай берсе екен. Ол үшін аға ұрпақ бала ұрпақ алдында маңдайға ұстап, мақтан тұтар марғасқалардың өшпес өнегесін, өлмес ерлігін дәріптеп, сонымен қабат өздері кешкен опығын да, тіпті қателігінде жасырмай, бүгіп қалмай, әрдайым баяндап отырса екен. Шынайы қаламгер өз творчествосында осындай мұратты көздесе керек!» бұл халық ақыны, ар-иманын кіршіксіз сақтай білген, ел ұлы Мұзафар Әлімбаевтың халқына, шығармашылық иелеріне берген ақ батасы.
Лирикалық кейіпкер болмысы ақынның адамгершілік қасиеттерін, ой, сана, сезім, дүниетаным тереңдігін, ақындық мәдениетін, көркемдік шеберлігін, эстетикалық һәм философиялық көзқарасын айқын танытады. Б.Кенжебаев: «Лирикалық образ — сыршыл өлең-жырлардағы ақынның өз бейнесі, оның ішкі бітімі, ақынның мың иірім көңіл-күйінен, нәзік сыры мен сылқым сезімінен өріліп жасалған өзгеше кейіпкер» [1,127-б]-дейді. Ақын парасаты кейіпкер парасатына, одан әрі адамзат құдіретіне ұштасады. Поэзиядағы азаматтық, ұлттық рух та ақын тұлғасына қатысты.
«Адақтап біржолата ел есінен,
Кітапты суырғандай сөресінен,
Сөзіме қосып әлде өзімді де
Уақыттың лақтырар ма кемесінен?! Міне, осындай да үрейлі ойлар кейде мазалайды. Көркем ой мен көрікті жыр тауып, көп алдына шығу қиындап барады» [2, 339-б], - деп жазады Мұзафар Әлімбаев.
Ақындық жауапкершілікті қазақтың аса көрнекті ақыны Қ.Мырзалиев:
Дос деймін жақсы жазсам өзімді өзім,
Бүлдірсем, дұшпаным да бір өзімнен [3,194-б], — деп сипаттаса, жазушы жауапкершілігін терең сезініп, ақындық арын биік ұстауды армандайды.
«Өтеді ақын батыр боп» өлеңінде:
Кіші болсын, дәу болсын,
Сырқат болсын, cay болсын:
Ақын шептің алдында!
Қаңдай шүбә бар мұнда?!» [2, 207-б], — деген ой келтіреді. Бұл оның арман аңсары да, өз сенімі де секілді. Ақынның өзі қандай деңгейде? Бұл екі мәселенің де ақын өнернамасының болмысын, бітімін, салмағын анықтауда атқарар рөлі аз емес.
Мұзафар Әлімбаев ақындығының бір белгісі – сөзге жауапкершілігі айрықша екенін талай әдебиетші-сыншылар атап көрсеткен. Көрнекті ақын, дуалы ауыз Ғафу Қайырбеков ақынға мынандай баға береді: «Мен Мұзағаңмен республика ішінде де, сыртында да талай сапарлас болдым. Баладай алаңсыз ақ көңілі мен сергек, сезімтал, әңгімешіл, сырласқыш, жадында оқыған, білгенін, естігенін, елтігенін магниттей тартып жібермейтін, көп білгенін көпке үлестіргісі келетін, өзгенің табысына, жақсысына қуанып, өзінікіндей көріп, мәз болғыш, күлегеш те қызық мінезді, жаратылысы жақсы адам екеніне сол жылдарда да әбден көзім жеткен еді. Сол үшін де айрықша жақсы көріп, кұрметтейтінмін» [4].
Ақынын алыстан танып, талантты тамыршыдай тап баса білген халықтың оған деген ықылас-құрметі қашан да зор болған. Халықтың берген бағасынан бөлек, ақын туралы баспасөз беттерінде көптеген сын мақалалар жазылып, кейбір еңбектерде біршама зерттелді. М.Әлімбаевтың азаматтығы жайында онымен ондаған жыл бойында өмір өріне қатар аттап келе жатқан әйгілі әрі ақиқатшыл әдебиетші ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Сырт келбетімен де, күлкісімен де, әзіл-қалжыңымен де, жаны жақсыларға жанасқыш майда мінезімен де, ешкімді жатсынбайтын бауырмалдығымен де, әңгімеден аузы құрғамайтын сөзуарлығымен де Мұзафар қырғызша айтқанда, шоң қазақтың бірі. Мұзағаңның азаматтығы оның ақындығына күш-қуат беретін, тар қолтықтан демеп, өрлі жерден асырып жіберетін қасиет десем, артық болмас. Сонда Некрасовтың баршаға мәлім кемеңгер нақылын еске аламыз да, ақындығына дән риза боламыз» [5], - деп жазады
Мұзафар Әлімбаев ақындықтың парыз-міндетін имандай сыр қылып, аса бір әсем өлеңімен иландыра, пәтуалы образбен ашып берген деуімізге әбден болады. «Ақынның образдары — ақыннан өзге ешкім де емес, тек бұл оның өлеңінде әр түрлі пішіндегі объективті тұрпаты ғана. Сондықтан ол осынау ұлы әлемнің тұтқасы ретінде «Мен» деп сөйлеуге толық хақысы бар...» - деп тұжырымдайды Ф.Ницше. Ендеше, ақыннын сыр-симфониясына тоқталайық:
Тумайды жұртын ақын жылатуға,
Туады жүректерді нұрлантуға.
Өлеңін орамал ғып өтеді олар,
Көз жасын адамзаттың құрғатуға» [2, 206-б]- деген өлең жолдарынын М.Әлімбаевтың жалаң ақын ғана емес, ол өзі де әдебиет зерттеуші екенін аңғарамыз. Аса көрнекті ақын Ғ. Қайырбеков сөзімен айтсақ, «Мұзафар Әлімбаев шынтуайтқа келсек, нағыз ғылымның адамы» [4]. Ақынның «Поэзия патшалығында» және «Поэзия парасаты» деп аталатын екі циклі жүз бір өлеңнен тұрады. Бұл тақырыптағы жеке өлеңдері өзі бір төбе. Мысалы, мына бір шумақта: Өлгендер өре тұрардай
Өңмеңнен ұрып жығардай,
Бір сөзді жалған жазсам мен,
Ғұмыры сағым сыңардай[6, 325-б], - делінген.
Жалпы алғанда, ақынның «Көңіл күнделігінен», «Қалам қайраты», «Өмір. Өнер. Өнерпаз.», «Толқыннан толқын туады», «Көңіл күнделігі» сияқты әдеби-зерттеу кітаптарында да көркем әдебиет, ақындық, өнер жайындағы көзқарасы мол қамтылған.
Ақиқаттан айныса, ақын сорлы.
Сөзін айтпай біткені ақыр соңғы...
Одан кейін жөні жоқ жақ ашудың,
Қу кедейдей жайлаған тақыр сорды [7, 171-б]. - бұл дербес туынды, жеке төрттаған, рубаи, автор оны «Ақиқаттан айныса...» деп атаған. Осыны әрі ақынның өз сөзі, әрі лирикалық кейіпкердің сөзі деп кабылдауға әбден болады, кімнің сөзі екендігінің ара-жігін айыру қиын десек те болады.
Әр ақынның көкейінде оның өлеңін жан-жүрегімен сезініп, түсінетін, әр сөзін бар бояуымен, әр дыбысын бар әуезімен қалтқысыз қабылдайтын өз оқырманының аңсарлы образы бар. Өлең жазылып жатқан сәтте ол образ – бейне ақынның көз алдында көлденеңдеп тұрып алуы шарт емес, әрине. Ол ақынның болмысымен тұтасып кеткен тұлға
Әрине, мұндай ұласуға, яғни ақын мен лирикалық каһарманның бір бейнеге, тұтастық дәрежесіне жету – ақындықтағы белгілі бір биіктік. Ақынның лирикалық кейіпкері арғы аталардың өзінің алдындағы барша Алашына бақыт сыйлаған жолындағы жемісті еңбегін аса жоғары бағалайтын азамат болғандығынан ондай ағаларды достар түгіл, дұшпан да табалай алмайды — деп түйеді «Аталар мен ағалар» атты өленінде [8, 61-б].
М.Әлімбаевтың: «Өзің от боп жанасың,
Өзгелердің нұрлантуға санасын.
Өзің күл боп қаласың,
Өзгелердің құнартуға даласын» [8,322-б], — дегені оқырманды нандырады, иландырады Ақын мен лирикалык кейіпкердің бір тұтас тұлғаға ұштасқанын, тоғысқанын байқаймыз.
Ақын поэзиясындағы лирикалық қаһарман өткеніне үнемі ой жіберіп, талдау таразысына тартып, қорытынды жасауды үрдіске айналдырған. Онысы - болашақгың қамы, өзін жан-жақты жетілдіру қамы. Мысалы «Шәкірттіктен кұтылдық — деп шаттандық» дейтін өлеңде «Көп нәрсені әлі шала білеміз» —деп өкінеді. Оқуды аяқтаумен тынуға болмайды.
«Аз білердің сөзі әр кез кібіртік», «Абзал ұстаз — мінсіз шәкірт». Ол ғұмыр бойында үйренуден тиылмайды. Оку білімін үстемелеу, үзілмес үрдіс болғанда ғана — өмір өкінішсіз, еңбек жемісті [8, 31-б]. Екінші бір өлеңде («Ақиқатты іздеген») лирикалық кейіпкер ақиқатты іздеген жанды өзіне дос санайды, ал жалғандықты жақтаған бір туғанын да жат деп есептейді.
М.Әлімбаевтың өлеңдерін оқығанда, ақын мен өлеңнің тұтастығы, бірлігі айқын байқалады. Осы ретте әдебиетші, ғалым С.Қирабаевтың: «Ақын арманы, қуаныш, қайғысы өлең боп тууы керек. Егер ол өлеңге айналмаса — өлгені. Ақын мен өлең туысса, бас қосса, өмір көктің төсінде жарқылдап жаңғырықпақ, екеуі де мұңды күйін ұмытпақ. Өлең бар жерде ақын өлмек емес. Өлең оны өлім ауызынан құтқарып алмақ. Өмір болып тіл қатпақ» [9]- деген жолдары ойға оралады.
Сұлулықтың кінә ғой әрін сылу,
Батырлықтың өлім ғой сағы сыну...
Көтереді батырдың аруағын
Туған жер топырағына каны сіңу.[7, 94-б] – бұл өлең жолдарынан туған ел тәуелсіздігі үшін ажал құшу өлім емес, — өмірдің жалғасуы деген идея бойына осылай сіңгенін байқаймыз. Ақынның ішкі жан-дүниесінің қалауы, мақсат бағыты оқырман тілегімен қауышып жататын тұстары аз емес. Мұндай қырлары сыншылар пікірімен де толық сәйкесіп отырады. Суреткер жазушы қоғамдық ой-пікір мен салт-сананың мәнді сипаттарын әр уақытта аңғарып, байқай біледі, оларды айқындап көрсетіп, ойшыл адамдардың көз алдына тікелей қоя алады.
Ерлік дәстүрді әлсін-әлсін аялай жырлау М.Әлімбаевтың үлгілі үрдісі болып табылады.
Дананың жолы
Елден елге дейін.
Шаланың жолы
Үйден көрге дейін [8, 253-б] -«Құлпытастағы жазуда» осындай ізгі ой бар. Ел мен елді ерлер өнерімен, ғылымымен, ерлігімен жалғастырады.
Тамшыға өлең арнаған
Ұмытпас ұлы теңізді
Бірге ғой (бәрі Алладан!)
Қосалкы мен негізгі [7, 239-б].- деген өлең жолдарын да ақын адам жаһан дүниенің бір бөлшегі, сондықтан да сол шетсіз-шексіз тылсым дүниенің құпиясын, неғұрлым тұтас қалпында үғынғаны абзал дейді.
Есіңнен елің шықса — есалаңсың,
Ендеше қайтып тірлік кеше аларсың [7, 239-б]. Үзілді-кесілді айтылса да, ұтымды. Кім-кімді де сілкіндірер куаты бар тұжырым.
М.Әлімбаев — пәлсапалык ойдың ақыны. Ақынның осындай сипаттағы «Дәлдір менен дананың», «Көшеде тұр бүрісіп», «Бір метр», «Тал кестім», «Биіктер», «Біреулер көзбен көріп жүрмін дейді», «Кім қисын?!», «Бір кезде жұрт сынайтын «баласың» деп», «Адамзат кешпеген ауыр сын»,«Үндемейді неге анау қара тас?», «Бастай алмай дағдарсаң өмір көшін», «Бәлен ақын пәлсапалап жазды жыр», «Өшпес із», «Бөктердегі шым құдық», «Түс» және тағы басқа жырлары бүгінгі қазақ ой-толғамының бір көрінісі іспетті.
Түрлік тұрғыдан алғанда Мұзафар Әлімбаев ұдайы ізденістегі ақын. Тандаған тақырыптың көркемдік мұқтажына қарай әр жолдағы буын сандарын, кейде тармақ санын өзгерте отырып, жаңа ырғақтар табады, өлеңнің шумақтық құрылымына да жаңалық енгізеді.
Жаңашыл ақын соңғы жылдары жалғыз жолды жырлар жазумен де шұғылданды. Бұл Батыс Еуропа поэзиясында қанат жайған дәстүр, ал қазіргі орыс поэзиясында сирек үрдіс. Ақынның тәжірибесі қазақ поэзиясындағы ең алғашқы қадам. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған жалғыз жолды жырлардан бірнеше мысал келтірейік: «Айтылмағыш ақиқат аңсаттырғыш», «Шынарыңды шыбық деп қомсынар жат», «Тасырға тас атам деп, тарихқа атпа», «Әр казақ көкірегінде — бір Кене хан», «Аздық ол қорлық емес — ездік қорлық», «Шындық бір, адам біреу, пікір екеу» [10].
Өзінің тамырын тереңге жіберген алып бәйтеректі біз – ақындар десек оның сансыз жапырағын – ақынның жыры іспетті дейміз. Осы қазақ өлеңі дейтін өлкеде өз үнін, өз қолтаңбасын бізге, яғни болашақ ұрпаққа танытып келе жатқан талантты ақындарымыздың бірі М.Әлімбаевтың 1994 жылы «Ана тілі» газетінде 14 рубаидан құралған «Туған тіл туралы төрттағандар» деп аталатын тұтас топтамасы жарияланды. Мұндай топтама-рубаилар — қазақ поэзиясындағы жаңа дүние, көркемдік табыс. «Ана тілі» газеті жариялаған төрттағандар топтамасынан бірнеше мысал келтіріп көрелік:
Уақыттың желі аңызақ, күні кебір,
Заманның болмай тұр ғой мұңы жеңіл
Күн көрік, ай шырайлы Ана тілім!
Айнаңды сүрткім келер күніге бір.
Қадірін сұлу білмес өз көркінің,
Ару тіл жайлап жаяр саз толқынын.
Шәкірт күрд... Тілші жапон... Елші венгер...
Сұрайды қазақшалап сөз төркінін.
Жұпарлы қырда алуан гүлдер таптым,
Өміршең өзіміздің тілден таптым,
Tiл екен жемістісі, жұпарлысы.
Аялап халық баққан гүл мен бақтың [11] . Бір тақырыпқа мұндай топтамалар тудыру ұзақ ізденісті, асқан ойшылдықты, қиял ұшқырлығын талап етеді. Шынтуайтқа келгенде, «Күн көрік, ай шырайлы ана тілім», «Ару тіл жайлап жаяр саз толқынын» деген жолдардың метафоралық-бейнелілік сипаты жаңаша. Сондай-ақ поэзиялық мағыналас сөздер де («жемісті, жұпарлысы») ырғақтылығымен, әуезділігімен көңілде із қалдырады.
Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде ауыз әдебиеті нұсқаларын жинаушы, әрі зерттеуші ақын халықтан көп нәрсе үйренгенін дәлелдейді.
Көптеген келісті кестелердің бірі мынадай. Өлең 1969 жылы жазылған.
Жердің
Қойнындағы
Жез.
Қазбасаң,
кім алады?!
Елдің
Ойындағы
Сөз.
Жазбасаң,
жоғалады [7, 180- б]. Автордың айтуына қарағанда “осы шумақ өрнекке бірден түскен”. Он жолдық дербес сыңар шумақ. Екі-ақ сөйлем. Аралас буынды ырғақ. Дауыс толқынының еркін құбылуы бар. Тұтастық – бірлік бар. Шумақтың схемасы: жолдары мына ретпен жалғасады – 2 буын –4 буын – 1 буын –3 буын – 4 буын – 2 буын – 4 буын – 1 буын – 3 буын – 4 буын.
Ұйқастардың реті: а-б-в-г-д-а-б-в-г-д.
Поэзия - қасиетті де киелі сөз. Поэзияны үлкен құлып десек, оны ашатын алтын кілт - ақын жүрегі. Ақын халықтың сүйікті де ардақты азаматтарының қатарында тұрады. Халық қалаулысы болу ақынның тілге шешен болуы ғана емес, сонымен бірге халық тұрмысының шындығын суреттеуі, оның қуанышына бірге қуанып, қайғысына бірге қайғыруы.
Қорыта айтсақ, дарынды ақынның біз атаған қырлары міне осындай. Сонымен қазақ лирикасын, жалпы қазақ поэзиясын, шындап келсек, бүкіл туған әдебиетімізді әр салада аса қымбат жаңа көркемдік сапалармен көркейткен М.Әлімбаевтың еңбегі орасан зор. Қаламгер жырлары бүлдіршіндер үшін бір жағынан ұғынықты болса, екінші жағынан көркем, бейнелі, әрі әсерлі. Бұл, әрине, ақын шеберлігінің айғағы.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
-
Кенжебаев Б. Жылдар жемісі. – Алматы: «Жазушы», 1984.-252б.
-
Әлімбаев М. Көңіл күні (Таңдамалы) – Алматы: «Жазушы»,1971
-
Мырзалиев Қ. Шығармалар жинағы. I т.- Алматы: Жазушы, 1989
-
Қайырбеков Ғ.Сарабдал сөз сардары//Егеменді Қазақстан.- 1993.- 29 қазан;
-
Кәкішев Т. Қайратты қалам қарышы//Жұлдыз.- 1983.- №10;
-
Әлімбаев М. Таңдамалы II томдық. I т.- Алматы: Жазушы, 1983.
-
Әлімбаев М. Шығармалар жинағы.- Алматы: Санат, 1997.
-
Әлімбаев М. Сүймеген жүрек семеді.- Алматы: Жазушы, 1987
-
Қирабаев С. Әдебиетіміздің ақтандақ беттері.- Алматы: Білім, 1995
-
Әлімбаев М. Жалғыз жолды жырлар//«Қазақ әдебиеті».- 1996.- №18
-
Әлімбаев М. Туған тіл туралы төрттағандар//«Ана тілі».-1994.- №12

