жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мысалы :Абай Құнанбайұлы
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әліпбиінің атасы
Ахмет Байтұрсынұлы - әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, халық ағартушысы. Қазақ қоғамына жаңаша оқыту жүйесін енгізе отырып, ежелеусіз төте жазу мен оқуды қалыптастырған қазақтың ғұламасы А.Байтұрсынұлы: «Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолмен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын», - деген болатын. Ахмет Байтұрсынұлы – өзінің бүкіл саналы өмірін қазақ тіліндегі дыбыстар жүйесін арнайы зерттеп, қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен айналысып, қазақ тілі ғылымын дамытқан ірі ғұлама. А.Байтұрсынұлы қоғам, ғылым және мәдениеттің өркендеуі жазу арқылы іске асатынын жақсы түсінді.
А. Байтұрсынұлы 1910 жылдардан бастап араб әліпбиін қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, ыңғайластыруды қолға алғаны белгілі және ғалым реформалаған әліпби 1912 жылдардан бастап қолданысқа енді. Сол әліпби негізінде тұңғыш «Әліппе» оқулығы жарыққа шықты. А.Байтұрсынұлының бұл «Әліппесі» сол кезеңдегі қазақ қоғамын сауаттандыру ісінде теңдессіз қызмет атқарған болатын. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін, оның сауатты да білікті ел қатарына қосылуы үшін ақтық демі біткенше күрескен осынау ұлы адамның аты ұлт жүрегінде мәңгі сақталуы тегін емес. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әліпбиінің алғашқы авторы және ұлт мақтанышы. Байтұрсынұлы әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Ол Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, 1924), құрылтайында (Баку, 1926) араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген ғылыми баяндама жасады. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады. Ол халыққа ғылым-білімнің қажеттілігін түсіндірумен ғана шектелмей, білім беру ісін жолға қоюға күш салды. Орыс, татар мектептерінен оқып шыққан ұлт мамандарының өз тілін қолданудағы кемшіліктерін көріп: «[[Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды не жазса да қиындықпен жазады, себебі, жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық» деп жазды. Байтұрсынұлының «Оқу құралы» (1912) – қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. Бұл әліппе оқытудың жаңа әдістері тұрғысынан өңделіп, 1925 жылға дейін бірнеше рет қайта басылды. «Оқу құралы» қазіргі әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды оқулық ретінде бағаланады. Оның қазақ халқына арнап жазған «Тіл – құрал», «Оқу құралы», «Тіл жұмсар», «Баяншы» іспетті еңбектер мен түрлі хрестоматиялары, әдістемелік құралдары әлі күнге дейін қазақ тілі білімі мен тіл оқыту әдістемесі саласындағы ғалымдардың қолданысына ие. А.Байтұрсынов араб жазуын қазақ тіліне икемдеген нұсқасын қазақ жұртшылығы, әсіресе мұғалімдер қауымы ешбір талассыз қабылдады, себебі А. Байтұрсыновтын реформасы қазақ тілінің табиғатына сүйеніп, ғылыми негізде жасалған болатын. Сонымен қатар оның 1912 жылдардан бастап ұсынған, осы алвафитті негізге алған 1912 жылдардан бастап мұсылман медреселері мен қазақ – орыс мектептері де қолдана бастапты. 1924 жылы Орынборда маусымның 15-сіндегі мәжілісінде А. Байтұрсынов «Әліпби тақырыпты» деген баяндама жасайды. Ол түркі халықтарының қолданып келе жатқан жазуы бар екендігін, оны тастап, басқа графикаға көшу оңай емес деген пікірін осы съезде дәлелдейді. Әліпби (графика) қандай қасиеттерге ие болу керек деп, қазақ халқы қолданып отырған, икемделіп, өңделген (реформаланған) араб алфавитінің он сипаттарын (қасиеттерін) көрсетеді. А.Байтұрсыновтың осы баяндамасын және латын таңбаларын алуды қостаған Алаш арысы, біртуар мемлекеттік қайраткер Нәзір Төреқұловтың баяндамасын талқылап, екі алфавиттің оң – теріс жақтарын сарапқа салып қарағаннан кейін, съезд: «Қазақ тұтынып отырған түрк (араб таңбалы) әліпбиінің баспа түрін дара болмауы баспа ісіне де, үйрету жағына да қолайсыздық қылатын болғандықтан, ол қолайсыздықтан құтылу үшін түрк әліпбиінің өзін түзету өзге әліпби алудан анағұрлым оңай болғандықтан, түрк әліпбиінің жазба түрін осы күйінде қалдырып, баспасын дара түрінде алу керек» деп А.Байтұрсынов реформалаған және баспа түрінің де вариантын ұсынған араб жазу негізіндегі қазақ алфавитін қабылдау керек» деген қара ұсынды. 1926 жылы Баку қаласында өткен Бүкіл Одақтық Түркологиялық съезде барынша дәлелдеп, қазақтардың латынға көшуіне қарсы болды. Бұрыннан пайдаланып келген, әрі нақтылы бір ұлт тіліне лайықталып, реформаланған араб (мысалы, қазақтардікі сияқты), не орыс (мысалы, сол кезде чуваштар қолданып отырған) графикасын латыншаға ауыстырудың ешкандай не саяси – идеологиялық, не экономикалық тиімділігі жоқ, сауат аштыру, оқыту ісінде де лайықталған араб графикасы мен қабылданбақшы латын жазуының бір – бірінен артық–кемдігі шамалы, керісінше, жазу таңбасын өзгерту сан ғасырлық жазба мұрадан, жазба дәстүрден қол үздіреді дегенді айтты. А.Байтұрсынұлы полиграфиялық жағынан қолайлы-қолайсыз жерлерін, оқыту процесіндегі тиімді-тиімсіз жақтарын таразылай отырып, қазақ тілінің төл дыбыстарына ғана тән 28 әріптен тұратын әліпби құрастырды. Қазақ графикасының негізіне қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтарды да пайдаланып отырғандықтан, туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады. Оны қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды - жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды. Сол кездегілер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазады. Оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды. «Тіл-құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының, іргетасы болып қаланды. Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып-білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралдарының» орны айрықша. Қазақ тіл білімінің ана тіліміздегі іргетас қалаудағы Ахметтің тағы бір зор еңбегі - ғылымының осы саласының терминдерін жасауы. Ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы Ахмет Байтұрсынұлынікі. Бұлар не бұрынғы қарапайым сөздің мағынасын жанғырту арқылы, не жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген соны сөздер, сәтті шыққан атаулар екенің олардың күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқандығы. Атақты ғалым Рабиға Сыздықова Ахмет Байтұрсынұлы туралы: «Ахмет Байтұрсынұлы - біріншіден, қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы. Соңынан із салған жаңашыл ағартушы. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының әліп-биімен ашып, ана тілін Байтұрсыновтың “Тіл құралы” арқылы оқып үйренді», - деп пікір қалдырған екен. Расында қазақтың тілін ғылымиландырған А.Байтұрсынұлы еді.
Қорыта айтқанда, А.Байтұрсынұлы ұзақ ғасырлар бойы орта түркі жазу дәстүрін сақтап келген қазақ жазуын қазақтың ауызша тіліне лайықтаған алғашқы реформатор. Қазіргі таңда А.Байтұрсынұлы негізін салған «Әліппе» оқулығы мектеп балаларының қолданысына қайтып келіп, өшкеніміз жанып жатыр. Бастауыш сынып үшін жүйелі құрылған «Әліппе» оқулығы ауадай қажет. «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, күшті болуымыз керек»,-деп А.Байтұрсынұлы өзі айтқандай аңсаған егемендіктің құны мен қадірін біліп, күшімізді білімге салуымыз қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
-
↑ Қазақстанның қазіргі заман тарихы: Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған окулық. 2-басылымы, өңделген. Жалпы редакциясын басқарған тарих ғылымының докторы, профессор Б. Ғ. Аяған. Алматы: Атамұра, 2009. ISBN 9965-34-933-9

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген