жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Нанды қадірлеп жүрміз бе?
Нанды қадірлеп жүрміз бе?
Қазақ халқының қадір тұтар құндылықтары негізінен Исламнан алынған. Мысалы, халқымыздың «Дастарқанды баспа, нанды шашпа!» деген ұлағатты сөзі бар. Осының негізінде кешегі ата-әжелеріміз нанды мейлінше құрметтеген. Бірақ дінге жаңадан келген кейбір бауырларымыздың мұны теріске шығарып жүргені жасырын емес. Олар: «Жеті нан пісіріп, тарату шариғатқа қайшы. Алла нанға мұқтаж емес» дейді. Сонда біздің ата-бабаларымыз ақымақ һәм надан болып, бүгінгі күннің кейбір жастары олардан ақылды әрі білімді болғаны ма?
Хадис шарифте: «Бірде Алланың елшісі (с.а.у) Айша анамыздың (р.а.) бөлмесіне кірген кезде жерде жатқан нанның үгіндісін көреді. Пайғамбарымыз (с.а.у) оны дереу жерден көтеріп, сүртіп (тазалап) жейді де: «Айша! Құрмет көрсеткенге – құрмет көрсет! Өйткені, мына нан бір елден жиіркеніп қашатын болса, ешқашан ол елге оралмайды», – деді» (Ибн Мәжә).
Бұл хадистен Пайғамбарымыздың (с.а.у) нанды құрметтеуге ерекше мән бергендігін байқаймыз.
2012 жыл Алланың қалауымен маған қажылық парызымды өтеу нәсіп болды. Араб жерінде болғанда байқағанымыз, жергілікті тұрғындар нанға құрмет көрсетпейді екен. Өйткені, көшеде, қоқыста нанның көгеріп, шашылып жатқанын көрген қасымдағы кісілер маған: «Мұнысы несі? Нанды құрметтеу керек емес пе? Обалы кімге?» деді, таңырқасып.
Мәдинада жүрген кезімізде бір күні нәпіл ораза ұстаған болатынбыз. Пайғамбарымыздың (с.а.у) мешітіне ауызашарға бардық. Сонда қара өңді бір адам (қызметші болуы керек) дастарқанды басты да, нан мен құрманы лақтыра бастады. Қасымдағы кісілер: «Мұнысы қалай? Қызық екен, дастарқанды басып, нанды лақтырғаны несі? Бұл дұрыс емес, молдеке», – деп маған қарады. Шындығында бұл анайы, шариғатқа да келмейтін іс болды. Осындайды қазақтың кейбір жас жігіттерінің санасында: «Нанды құрметтемесе де болады екен» деген теріс пікір қалыптасатыны анық.
Ауызашардан соң құптанға дейін Құран оқи тұрайын деген ниетпен мешіттің төбесіне көтерілген едім. Қарасам жиналмалы орындықтың үстінде ақ киімді, қызыл-ақ орамалды, үстінен хош иіс анқыған бір адам отыр екен. Қасына таяп барып сәлем бердім. Ол кісі сәлемімді жылы қабылдады. Мен одан:
Сіз мәдиналықсыз ба? – деп сұрадым. Ол:
Иә, – деп жауап берді.
Сіздер ше?
Біз Қазақстаннанбыз. Мен:
Бізді бір сұрақ мазалап жүр, – дедім. Оның көзі шарасынан шығардай бізге тесіле қарады.
Біз қазақ деген елміз. Егеменді ел болғанымызға 20-жылдан асып барады. Қаншама жыл Ресейдің боданы болсақ та, мынандай масқараны көрген жоқ едік. Қайда барсақ та, ас атасы нанның шашылып жатқаны. Ал, бізде намаздан хабары жоқ адамның өзі нанның жерде жатқанын көрсе, жоғары қойып құрметтейді. Әлде біздікі дұрыс емес пе? Нанды құрметтеу дінге қайшы ма? Дастарқанды басу ше? – деп, оны сұрақтың астына алдық.
Әлгі кісі сөзімізді мұқият тыңдап алып:
Пайғамбарымыздың (с.а.у) нанға қатысты сүннеті әлемде жоғалған ба? – деп жүруші едім. Сіздерде сол сүннет сақталыпты ғой, – деп, нан туралы өте көп уағыз-насихаттар айтты. Мен бұл кісінің аузынан шыққан сөзді қасымдағыларға аударып отырдым. Ал, дастарқанның Адам атадан (ғ.с.) бері құрметтелетінін алға тартты. Әлгі кісі бізге қарап, басын шайқап: «Біз үлкен нығметтен айырылып қалдық. Өйткені, біз нанды құрметтемейтін халыққа айналдық. Осы үшін Алладан пана сұраймын» деп көзіне жас алды.
Ертесіне Мәжит ақсақал екеуміз таң намазын оқуға мешітке келдік. Бір кезде қасымызға жастары 9-10 шамасындағы екі бала келіп, сәлем берді де қолдарындағы наны мен кішкене ыдыстағы балдарын екеумізге ұсынды. Біз алғысымызды айтып, нан мен балды алдық.
Дегенмен, олар кете қоймаған соң (біз оларға ақша берсек пе деген ойда болдық): «Садақаларыңды Алла Тағала қабыл етсін» дедім арабша. Олар: «Әмин, Алла Тағала сіздікін де, біздікін де қабыл етсін» деді. Бұл оқиға еріксіз менің бала кезімді еске түсірді. Анамыз жеті нан пісіріп, көршілерге таратуға жібергенде: «Алла Тағала қабыл етсін» деген сөзді естімей үйлерінен шықпайтын едім. Қасымдағы Мәжит ағаға қарап: «Балағы шолақтар жеті нанға неге сонша қарсы болып жүр? Мына екі бала менің көз алдыма балалық шағымды елестеткендей болды. Ата–бабаларымыздың салып кеткен сара жолы нағыз шариғаттың өзі екен» дедім.
Бірер күнен кейін Мекке шаһарына келіп, қонақүйге жайғастық. Мұнда да шашылып жатқан нанды көріп, көңіліміз налыды. Қонақүйдің жанында үлкен мешіт бар екен. Қағбаға бара алмай қалған күні сол мешітте намаз оқып жүрдік. Намаздан кейін кейде жамағатпен әңгімелесіп қаламыз. Бірде меккелік араб бізге сәлем беріп, қасымызға келіп жайғасты. Осы мешітте Құраннан дәріс береді екен. Одан да нан туралы сұрадық. Ол біздің елдегі ас атасына деген құрметке ерекше қызығушылық танытып: «Сіздердің ата- бабаларыңыз дінді сіздерге толығымен жеткізген екен. Нанды құрметтеу сүннетке сай», – деді.
Нанға байланысты атақты Досбол бидің басынан өткерген мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Хорезм ханы Досболдың тапқыр әрі шешен екенін естіп, оны сынау үшін сарайына шақырыпты. Сарайға келген Досбол биге:
«Мына жерде барлығы бірдей киінген қырық кісі тұр. Осылардың арасында хан да бар. Солардың арасынан ханды адаспай табуың керек. Әйтпесе басың кетеді», – дейді. Досбол би қиналыңқырап: «Жарайды, маған мұрсат беріңдер», – дейді. Содан әлгі қырық кісіге қанша үңілгенімен, ханды таба алмай қатты сасады. Бір уақытта түскі астың уақыты болып, әлгілер дастарқан басына жайғасады. Осы кезде Досбол би қуанғаннан:
– Ханды таптым, –деп жанындағы кісіні көрсетіпті. Ханның қасындағылар аң-таң болып:
– Дұрыс. Қалай білдіңіз?- дегенде, би атамыз:
Дастарқанға нан келгенде одан ең бірінші болып хан ауыз тиді. Ханнан бұрын ешкім асқа ауыз тигізуші ме еді?! –деп жауап беріпті.
Әр қазақтың үйіне барсаңыз алдымен нан алып келеді. «Нан ауыз тиіп, кетіңіз» деген жылы сөзді естисіз. Халқымыз ешуақытта қонағын сырттан қайтармаған, дастарқаннан дәм таттырмай жібермеген.
Менің бабам Исламханның інісі Боранбай атам ашаршылықта отбасымен бір түнде жан тапсырыпты. «Сол кезде бір тілім қатқан нан болғанда інім аштан өлмей тірі қалар еді ғой» деп бабам үнемі қамығып айтып отыратын.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тәлімін алған Рабиғидың (р.а.) аз ғана нан үгіндісін жерге тастамай үй іргесіндегі құмырсқа илеуіне шашып жатқан көрген сахабалар: «Мұның не? Не істеп тұрсың?» деп сұрағандар, ол: «Бұлар да менің көршілерім, менен қалған нан қиқымын жеуге хақысы бар», – деп жауап қайтарыпты.
Ата-бабамыздың сара жолынан аттамайық, тоқшылықтың қадірін білейік. Алла Тағала бізді бұл нығметтен айырмасын деп, әрқашан дұғада болайық. Қаншама жұрт аштықтың зардабын тартып жатқанын бір сәт те естен шығармайық. Нан Алла Тағаланың бізге берген ең қадірлі асы.
Бүгінгі тоқшылық күнімізге шүкіршілік ете отырып, ас атасы нанның қадірін біле жүрейік. Ысырапқа бармайық, құрметті бауырлар!
Алматы облысы, Жамбыл аудандық
Орталық «Шынасыл» мешітінің бас имамы

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген