ОҚУ-ТӘРБИЕ ҮДЕРІСІНДЕ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІН
ПАЙДАЛАНУДЫҢ
ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Акказин Алимкан
Омирзакович
«Бауыржан Момышұлы атындағы
№34 орта мектебі» КММ
Мектеп оқушыларының қимылдық ойындар арқылы дене
мәдениетін дамытуда олардың ақыл-ой және қимыл-қозғалысына және
біліктілігіне ғана емес, психологиялық аспектілеріне де үлкен мән
беру қажеттігі туындап отыр.
Адам анатомиясын зерттеген жаратылыстанушылар мен
дәрігерлер ежелгі дәуірде-ақ психикалық құбылыстардың ми қызметімен
байланыстылығы жөнінде болжам айтқан, әрі психикалық сырқаттарды
сол ми қызметінің бұзылу салдарынан деп топшылаған. Мұндай пікір,
көзқарастарға жарақат немесе сырқаттан зақымданған адам бас миына
бақылаулар негіз болған. Осындай сырқаттарға кезіккен адамның
психикалық қызметі күрт бұзылысқа түседі: көзі көрмейді, құлағы
естімейді, ес, ойлау, сөйлеу қабілеті кемиді, кейде өз қозғалысын
басқара алмай қалады.
Организмге әсер етуші тітіркендіргіштер мен
оларға жауап реакциялар арасында уақытша байланыстар түзіледі. Осы
байланыстарды пайда ету бас ми қыртыстарының ең маңызды қызметі.
Уақытша жүйке байланысы ми қызметі ретінде психикалық іс-әрекеттің
қайбірінің болмасын негізгі физиологиялық механизмі болып табылады.
Миға қандай да бір тітіркендіргіш әсер етпей, ешбір психикалық
құбылыс өздігінен туындамайды. Әрқандай психикалық процесс пен
қалаған уақытша байланыстың соңғы нәтижесі тыс әсерлерге жауап
сипатындағы сырттай көрініс берген әрекет. Психикалық қызмет осыдан
объективтік дүние заттары мен құбылыстарының әсерінен туындайтын
мидың рефлекторлық бейнелеу жұмысы.
Уақытша жүйке байланысын әрқандай психикалық
іс-әрекетін физиологиялық механизмі деп танудың маңыздылығынан
психологиялық құбылыстың физиологиялық құбылыстармен бірдейлігі
келіп шықпайтынын есте сақтаған жөн. Психикалық іс-әрекет тек қана
физиологиялық механизм сипатымен шектеліп қалмай, мидағы
бейнеленген нақты дүние, яғни психикалық құбылыстың мазмұнымен
байланысты [1].
Сонымен психика дегеніміз – мидың қасиеті.
Ағзаның психикалық әрекеті барлық дене мүшелерінің қызметі
арқасында жүзеге асады. Олардың бірі сыртқы әсерлерді қабылдайды,
екіншілері олардың барлығын сигналдарға айналдырып, іс-әрекетті
жоспарлап, қадағалап отырады, ал келесісі – бұлшық еттерді әрекетке
келтіреді. Осы күрделі жұмыстардың бәрі қосылып, адамның
психо-физиологиялық қалыптасуының белсенді құралы
болады.
Мұндай психо-физиологиялық ерекшеліктер табиғатын
зерделеу зерттеліп отырған мәселенің түйінді шешімдерін табуда
маңызды деп есептейміз.
Дене тәрбиесін беруде адамның психикалық әрекет
заңдарын, оның желісі мен құрылым ерекшеліктерін айқын түсіну үшін
жан әрекетін туындатушы тән адам миының құрылымымен танысып, оның
жан күйі көріністерінің сол тән бөлігімен қандай байланыста
болатынын білу қажет.
Бас миының бағаналы бөлігі – күрделі де
тіршілікке өте қажет шартсыз рефлекстік әрекеттерді басқаратын
орталық. Сору, шайнау және жұтыну рефлекстері осы тетігі
құрамындағы сопақша мидың жауап әрекет орталығынан басқарылады.
Кейбір қорғаныс рефлекстерін (түшкіру, жөтел, жас ағу) де осындай
жүйке іске асырады. Мұны дене қимылымен өзара байланысын зерделеу
болашақ дәрігерлер үшін мәнділігі жоғары [2].
Оқушылардың психо-физиологиялық ерекшеліктері мен
адамдарға қатынасының орнығуы немесе өзгеруіне себепші – бұл
оқушылардың жас деңгейі. Мұны зерттейтін болсақ 12-15 жас бұл
адамгершілік және өнер талғамы, эстетикалық сезімдердің белсенді
даму кезеңі, психологиялық тұрақталу және мінездің қалыптасу және
орнығу кезеңі және ең негізгісі, мақсатты және жүйелі түрде білім
алуға азаматтық, кәсіби машықтануға, ынталы түрде ой және дене
еңбегімен айналысатын т.б. әлеуметтік рөлдердің нақты қалыптасатын
кезеңі болып табылады.
Оқушыларға дене тәрбиесін беруде адамның
психологиялық табиғатына сай халықтық педагогика элементтерін
пайдалануда көрсетілген типтердің ерекшеліктері бойынша жұмыс түрін
таңдау қажеттігі маңызды.
Халқымыз: «Тірлігің – ірі, тілің – майда болсын»,
- дейді. Адамның ішкі жан дүниесі оның сөзі мен тілінен анық
байқалады. Қалай сөйлегеніне және қандай сөз тіркестерін
қолданатынына қарап, сөз ырғағы мен әуенін талдай отырып, сөйлеу
процесіндегі тыныстары мен жеделдігіне орай, жеке адамның
ерекшеліктері байқалады. Сонымен қатар мінезді дұрыс түсінуде адам
үшін маңызды болған қоғамдық құндылықтар мен жеке талғамдар
арақатынасы шешуші мәнге ие. Әр қоғамның өзіне сай маңызды да мәнді
міндеттері болады. Міне, осы міндеттерді іске асыру барысында мінез
қалыптасады. Кейін солар тұрғысынан тексеріледі, бағаланады. Мінез
– оқушының қандай да қасиетінің төзімділігі, өжеттігі, енжарлығының
т.б. көрінісі ғана болып қоймастан, қоғамдық мәні бар іс-әрекетке
ие болған бағыт-бағдар сипатын аңдатады. Осыдан мінездің
тыңғылықтылығы адамның өмірлік бағыт-бағдары негізінде
нақты бір жүйеге келеді. Мінездің қалыптасуындағы басты
шарт – өмірлік мақсат, мұраттың нақтылығы. Мақсаттың болмауы не
оның шашыраңқылығы – босбелбеулік мінезсіздіктің белгісі. «Өсіретін
де – мінез, өшіретін де – мінез» деген халқымыз. «Жаман мінез не
іспен, не күшпен түзеледі».
Оқушының биологиялық жағдайына мән берсек, мұнда
жоғарғы жүйке қызметінің типін, физикалық күшін, дене құрылысының,
бет әлпеті ым-ишарасынан сондай-ақ тұқымқуалаушылық,
туа біткен нышандарын т.б. ерекшеліктерді білу қажет.
Адамның саналы іс-әрекеті биологиялық себеп-салдармен байланыс жоқ.
Дене тәрбиесі сабағында талап дұрыс қойылса, жас маман биологиялық
қажеттікке мойынсынбай, қандай да бір кедергілерді жеңуге
талпынады. Алғашқыда күрделі болып көрінген дене жаттығуларын
саналы әрекетпен жоғары деңгейде жасауға бағыттайды және терең
заңдылықтарын тануға ұмтылып, соларға орай өз әрекет-қылығына бағыт
таңдайды. Дене тәрбие сабағында оқушының психологиялық жағдайы мен
физиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, олардың тәжірибені игеруі
жаттығуларды үйренуі, әрекет-қылық тәсілдерінің нәтижесі –
оқушылардың өз тәжірибелерінің өнімі емес, өткен әулеттерінің, яғни
гендік ерекшеліктердің берілетіндігін де естен шығармау
керек [3].
Бір жағынан құндылық бағыттары жүйесін,
себеп-салдардың өзгеруі мен кәсіби- мүмкіндіктерінің өсуіне
байланысты жас мамандардың – спортта рекорд көрсететін көркем өнер,
техникалық сондай-ақ ғылыми жетістіктерге олар жете алатын кезеңде
екендігін де ескеру қажеттігі туындайды.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, қимылдық ойындарды
жеке сайыс элементтерімен дене тәрбиесінде пайдалану өзектілігі
арта түседі.
Егер дене шынықтыру жаттығулары қалыпты жағдайда
жүріп жатса, соңғы нәтиже мен темперамент арасында ешқандай да
тәуелді байланыс болмайды. Сонымен тұлғаның қалыпты жағдайдағы
әрекет нәтижесі оның шапшаң не енжар екендігіне қарамай, бірдей
өлшемде болады, себебі соңғы өнім нәтижесі басқа факторларға,
әсіресе, түрткілер мен қабілет деңгейіне байланысты келеді [4].
Темперамент ерекшеліктері осы жаттығулар мен әрекетті орындау
тәсілдерін өзгертуге ықпал жасауы мүмкін.
Оқушылар темпераменттеріне қарай нәтиже емес, сол
нәтижеге жету жолдарын таңдауымен ажыратылады. Темпераменттің тума
ерекшеліктері тәжірибе, әлеуметтік ортаға және өз басын билей алуға
байланысты психикалық процестерде көрініс береді. Жағдайға орай
жауап-әрекет, бір жағынан, жүйке жүйесінің сипатына, екінші
тараптан, білім алуы, тәрбие, дене мәдениеті кәсіби тәжірибеге
тәуелді болмақ. Мысалы, тәжірибелі маманның әрекет шапшаңдығы туа
берілген қасиет емес, ол жаттығу мен үйренудің нәтижесі екендігі
хақ. Ал сол әрекеттердің іске асу шегі жүйке жүйесінің
мүмкіндіктерімен анықталады.
Әдебиеттер
-
Тайжанов С. Дене
мүмкіндіктерін тәрбиелеу. – Алматы: Мектеп,
2004.
-
Тілеулов Э.Ж. Дене тәрбиесінің
ілімі мен әдістемесі. Оқу құралы. 2003
-
Әбділлаев
Ә.К., Оңалбек Ж.К. Дене мәдениетінің ілімі және әдістемесі. –
Түркістан: Тұран, 2004.
-
Әбділлаев
Ә.К. Дене мәдениетінің ілімі және әдістемесі: ІІ-ІІІ-ІV
бөлімдер.
Жоғары оқу
орындарының дене шынықтыру және спорт мамандықтары студенттеріне
арналған оқу құралы. – Түркістан: Тұран баспаханасы, 2007
ж.