Орта мектепте Махамбет шығармашылығын оқыту арқылы елжандылыққа тәрбиелеудің тиімді жолдары

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Орта мектепте Махамбет шығармашылығын оқыту арқылы елжандылыққа тәрбиелеудің тиімді жолдары

Материал туралы қысқаша түсінік
«Қазақ әдебиеті» пәні мазмұнында берілген Махамбет шығармаларының елжандылыққа тәрбиелеудегі маңызы мен мәнін дәйектеу, оқытудың тиімді жолдарын анықтау
Материалдың қысқаша нұсқасы

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті





Қорғауға жіберілді

«____» ____________

2024 ж. хаттама №_____

Академик С.Қирабаев атындағы

қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасы

___________

Кафедра меңгерушісі: Оспанов Е. Т.





ДИПЛОМДЫҚ ЖОБА

Тақырыбы: «Орта мектепте Махамбет шығармашылығын оқыту арқылы елжандылыққа тәрбиелеудің тиімді жолдары»



6В01701 – Қазақ тілі мен әдебиеті



Орындағандар:

Яхияева Л.





















Алматы, 2024



КІРІСПЕ


Махамбеттану қазіргі кезде әдебиет ғылымының жанданып келе жатқан жаңа бір саласы ғана емес, жаһандану заманында өзіміздің ұлттық болмысымызды, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалуда аса жоғары тағылымдық, тәрбиелік маңызға ие болып отыр. Кезінде еркіндік пен бостандықтың туын көтерген Махамбет өлеңдері бүгінгі күні де тәуелсіздігімізді, елімізді, елдігімізді қорғауға жігерлендіретін мәдени мұра ретінде бағалануда. Биылғы жылдың он төртінші наурызында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мемлекет басшысы нақты қандай құндылықтарға назар аудару керектігін айта отырып, оның ең алғашқысы – Тәуелсіздік және Отаншылдық белгілеп берді[1]. Тәуелсіздіктің арқасында, қазақ елін, Қазақстан халқын әлем таныды және мойындады. Тәуелсіздік символы – мемлекеттік Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз. Ту – ұлттың бірігуіне ықпал етеді. Ұлттық сананың биіктігін көрсетеді. Тәуелсіздік – еркіндік пен азаттықты ғана алып келмей, сонымен қатар, ұлтымыздың санасын өзгертті, сапасын арттырды. Қазақстан 30 жылдан астам егемендігі уақытысында ешқандай елдермен шекара үшін, тіл үшін, дін үшін, азаматтық пен ала алмай келе жатқан тәуелсіздігі үшін қақтығысқа түскен жоқ. Елдің тыныштығын басты назарда ұстады. Сондықтан да, басты құндылығымыз ретінде танылып отыр. Отаншылдық деп отырғанымыз Отанға, туған елімізге, тілімізге, туып өскен жерге деген махаббат, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа, мәдениетке деген құрмет. Қазіргі таңда жас ұрпақты отаншыл, елжанды етіп тәрбиелеуде Махамбет мұрасының таптырмас тәрбие құралы екендігін дәйектеуді діттеген біздің зерттеу жобамыздың тақырыбының өзекті мәселеге бағытталып отырғанын байқатады.

Дипломдық жобаның мақсаты: «Қазақ әдебиеті» пәні мазмұнында берілген Махамбет шығармаларының елжандылыққа тәрбиелеудегі маңызы мен мәнін дәйектеу, оқытудың тиімді жолдарын анықтау.

Дипломдық жобаның міндеттері:

  • Әдебиеттану ғылымында Махамбеттану теориясының қалыптасып дамуын сипаттау;

  • Махамбет шығармаларының елжандылық сипаты мен заманауи білім берудегі рөлі мен маңызын айқындау;

  • «Action Research» зерттеу әдісі арқылы Махамбет шығармаларын оқытудағы қиындықтарды анықтау;

  • Орта мектепте Махамбет Өтемісұлы шығармаларын тиімді оқыту жолдарын айқындау.



Жобаның күтілетін нәтижелері:

1. Орта мектепте Махамбет Өтемісұлы шығармаларын оқыта отырып, оқушыларды елжандылыққа тәрбиелеудің тиімді технологиясы ұсынылды.

2. «Action Research» зерттеу әдісінің нәтижесі ретінде «Мектеп бағдарламасындағы Махамбет шығармалары бойынша түсіндірме сөздік» дайындалды.

Жобаның нақты бөлімдері үшін әр топ мүшесінің жауапкершілік аймағын көрсетілген жоба командасының сипаттамасы

Жобаның тақырыбы ғылыми жетекшімен және топ мүшелерімен, ақылдаса отырып, бірге таңдалды.Тақырып бойынша материалдарды да топ мүшелері Малик Ақжүніс, Мұхамедалиева Ақтоты, Яхияева Лаура бірге жинады. Жиналған материалдар талдана келе «Махамбет мұрасының зерттелуі» бөлімін Малик А., «Махамбет шығармашылығындағы жаңа түр, жаңа идеяның тағылымдық мәні» бөлімін Мұхамедалиева А., «Қазақ әдебиеті» пәні мазмұнындағы Махамбет өлеңдерінің танымдық, тәрбиелік сипаты» бөлімін Яхияева Л. жазып, безендірді. «Action Research» зерттеу әдісін топ мүшлері бірлесе жүргізді, нәтижесі ретінде ұсынылып отырған жоба өнімін, яғни «Мектеп бағдарламасындағы Махамбет шығармалары бойынша түсіндірме сөздігін» құрастыруға топ мүшелері түгелдей белсене ат салысты. Жобаны толықтай редакциялап, терген Мұхамедалиева А., жоба бойынша презентациялық материал әзірлеген Малик А., Махамбет шығармалары бойынша құрастырылған сөздіктің құрал ретінде жариялауға жауапты тұлға Яхияева Л. болды. Негізінен ғылыми жоба топ мүшелерінің ынтымақтасты қарым-қатынасы нәтижесінде жобаның мақсаты жүзеге асты, жоспарланған іс-әрекеттер орындалды.

Жобаны жүзеге асыру этаптары

Бірінші кезеңде(қыркүйек-қараша 2023ж.) толығымен дипломдық жобаның мазмұнына сай материалдар жинақталды.

Екінші кезеңде(желтоқсан 2023ж.) жоспар түзіліп, материалдар орналастырылды

Үшінші кезеңде(қаңтар-ақпан 2024ж.) «Action Research» зерттеу әдісі жүргізілді.

Төртінші кезеңде(наурыз 2024 ж.) дипломдық жоба бойынша тұжырымдар, қорытынды жасалды.

Бесінші кезеңде(сәуір 2024ж.) жұмыс техникалық безендірілді.

Жобаның перспективасы мен жүзеге асырылуы

Жобаның негізіг тұжырымдары «Action Research» зерттеу әдісі арқылы педагогикалық практика өткізілен Алматы қаласы №96 мектепте және Алматы қаласы, Қарасай ауданы, Жаңатұрмыс ауылы «АйСаф жеке қыздар мектебінде» тәжірибеден өткізілді. Нәтижесінде сөздік, әдістемелік нұсқаулықтар дайындалды.

Зерттеу еңбегіндегі әдістемелік тұрғыдағы ұсыныстар мен оқытудың жаңа бағыттағы жүйелерін, сабақ үлгілерін әдебиетті оқыту үдерісінде пайдалануға болады. Махамбет шығармалары бойынша жасалған сөздікті қазақ әдебиеті пәні мұғалімдері және мектеп оқушылары пайдалануларына болады.

















































1 ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕ МАХАМБЕТТАНУ ТЕОРИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСЫП ДАМУЫ


    1. Махамбет мұрасының зерттелуі


Махамбет мұрасы - ерекше стилді, өзіндік орны бар, зерттеушілердің ден қойып зерттейтіндей құнды мәліметтерге толы, тарихи да, әдеби қазына. Сондықтан болар ақын поэзиясының тақырыбы, жанры, идеясы, стилі, тілі, лексикасы, көркемдік əлемі хақында əдебиетші-тілші ғалымдар тарапынан жазылған үлкенді-кішілі ғылыми мақалалар, зерттеу-монографиялар баршылық. Ең бірінші кезекте біз Махамбет ақынның тарихтағы орны мен қызметін анықтап алуды мақсат етіп, шолу жасаған еңбектерімізде ақынның туған жылы туралы талас пікірлердің бар екендігіне назар аудардық. Махамбет мұрасын алғашқы зерттеушілердің бірі, ғалым Е.Бекмаханов 1966 жылы жарық көрген «ХIX ғасырдағы Қазақстан тарихы очерктері» деген монографиясында ақынның 1803 жылы туылғанын жазғанменен, 2012 жылы «Шың», «Атамұра» баспаларынан шыққан тарих оқулықтарында Махамбеттің туған жылы 1804 жыл деп көрсетілген. Бұл әрине, өз кезегінде ҰБТ тапсыратын оқушыларды шатастыратыны анық. Мұрағат құжаттарына сүйенсек, 1841 жылдың 7 жұлдызында Жайықтың  Дуанбасы деген жерінде Махамбет тұтқындалып, 17 наурызда Ордонанс-гауз түрмесіне қамалады. Сол кездегі құжатта ол туралы: «37 жаста, бойы 2 аршын 5,4/3 вершок (168,7 см), шашы, қасы, мұрты, сақалы қара, беті таза, түсі қараторы, қой көзді…»[2] деп жазылады. Осы оқиғаға байланысты ақынның қайтыс болған 1841 жылдан 37 жас шегеріліп, туған жылы 1804 деп айтылған. Бірақ дәл осы мұрағаттағы 1836 жылдың 8 қарашада, сондай-ақ 10 желтоқсанда тұтқындағы Махамбеттің тергеушілерге : «Менің атым Мұхамет Өтемісұлы, жасым 33-те, дінім-мұсылман, татарша сауаттымын, орысша да аздап оқып, жаза аламын» деп айтқан сөзінің соңына арабша қол қойып, мөр басылған құжат та сақталған[3]. Міне, осы құжатты басшылыққа ала отырып, Махамбетті зерттеуші ғалымдар Е. Бекмаханов, Қ. Сыдиықов, И. Кенжалиев бірінші құжатта Махамбет әлі 38 жасқа тола қоймағандықтан өзінің сол кездегі толық жасын атағанын, сондықтан, екінші құжат бойынша 1836 жылы ақын түрмеде болғанда 33 жаста болған болса, оның туған жылы 1803 деп дәл белгілеп берді. Міне, сондықтан да   2003 жылы ЮНЕСКО шешімімен Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойын өткізу туралы шешім қабылданды. Махамбет ақынның туған жерін де нақты атап айтқан Е. Бекмаханов болды. Тарихи деректерге және ақынның өз өлеңдеріне сүйене отырып, Махамбет Өтемісұлы Бөкей хандығы аумағындағы Нарын құмының шығыс бөлігі Бекетай құмында деуге толық негіз бар:

Алақандай Нарында
Ата менен ана бар,
Іні менен аға бар,
Қатын менен бала бар,
Қарындас халқым жаңа бар.
Жалғыз ұлым Махмұт
Бекетай құмның ішінде
Жалғыз бір қалған со да бар (Махамбет) [4].

Ақын өлеңдерінің халыққа жетуіне оны жаттап, таратқан шәкірттері Қуан жырау, кішкене Қобландының еңбегі зор болды. Сондай-ақ 1910 жылы Орынбордан шығатын «Шайыр» журналында ақын өлеңдері жариялана бастады.

Қазақ әдебиеттану ғылымында Махамбеттанудың негізін салған Халел Досмұхамедұлы болды. Ол өзінің 1924 жылы «Сәуле» журналына жариялаған «Қазақ батырлары: Исатай мен Махамбет» деген мақаласында, сондай-ақ «Махамбет батыр» деген зерттеу еңбегінде ақынның шыққан тегі, шығармашылығы туралы келелі пікірлер айтты[5].

Махамбет туралы ірі зерттеулер жүргізген ғалым-Қажым Жұмалиев. Ол Махамбет шығармашылығын зерттеп қана қойған жоқ,оны ел аузынан жинап, баспа бетінде жариялауда да қыруар іс тындырған. 1939 жылы ғалым Махамбет өлендерін жеке жинақ етіп кұрастырып, алғы сөзін жазып шығарады. 1948-1962 жылдар аралығында шыққан Махамбет өлеңдері жинағының толық нұсқасын құрастырып, алғы сөзін жазды. 1948, 1958 жылдары ақын өлеңдерінің орыс тілінде басылып шығуына ұйытқы болды, әрі Махамбет өлеңдерінің орысша-қазақша жинағын құрастырды. Бұл туралы Қ.Жұмалиев өзінің «Қазақ эпосы және әдебиет тарихының мәселелері» атты кітабында 1925 жылғы бірінші рет жеке жинақ болып шыққан күннен санағанда Махамбет өлеңдерінің қаншасы енгізілгенін, қаншасы енгізілмегенін, қаншасы жаңадан қосылғанын атап-атап көрсетеді. Жаңадан табылып,Махамбеттікі-ау делінген өлеңдердің кімдерден, қашан, қай жерде жазылып алынғаны туралы мәліметтер береді. Қ.Жұмалиев "Айқас" (1944), "Махамбет Өтемісұлы" (1948), "Қазақ әдебиетінің тарихы" (1961, II том, 1-кітап), "Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері" (1958), "XYIII -XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті" (1967) т.б. еңбектерінде Махамбет шығармашылығын ғылыми тұрғыдан талдап, оның қазақ әдебисті тарихынан алатын орнын айқындап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай Махамбет шығармашылығын саф күйінде келер ұрпаққа ұсынды. Бұл зерттеулер Исатай - Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің шығу себебін, әлеуметтік маңызын, тарихи өміршеңдігін айқындауда, Махамбет поэзиясының бостандықшыл рухын танытуда алғашқы жазылған маңызды материалдар еді. Соңдай-ақ аталмыш еңбектердің негізгі өзегі – 1836-1838 жылғы шаруалар көтерілісінің әрі көсемі, әрі халық мұңын жырлаған шешені ретінде Махамбеттің тарихи рөлін айқындауымен ерекшеленеді. Сонымен бірге Исатай бастаған халық көтерілісі, оның шығу себептері, Махамбет өлеңдеріндегі Исатай образы және Исатайдың соғыстағы сенімді серіктері, Махамбет өлеңдеріндегі романтизм элементтері, ақынның өмірі, тағдыры, зерттелуі, шығармаларының көркемдік ерекшеліктері, оның мұрасын насихаттаушы белгілі жыраулар Мұрат Мөңкеұлы мен Ығылман Шөрековтің қабілет қарымы мен жыраулық шеберлігіне т.б. туралы да парасатты пайымдаулар жасайды[6].

Махамбеттанудың дамуына еңбек сіңірген қаламгердің бірі–Берқайыр Аманшин. Шығармашылық ғұмырының көбін Махамбеттануға арнаған қоғам қайраткері. Ел арасынан ақынға қатысты аңыз-әңгімелерді жинап жариялаған, ақын шығармаларын жүйеледі, талдады. Махамбет туралы көлемді тарихи көркем роман да жазды[7].

Әнес Сарай - 1997 жылы жарық көрген «Исатай мен Махамбет» атты тарихи зерттеуінде ұлы ақын өмірбаяны мен шығармашылығына қатысты тарихи, деректі тың материалдарды қоғамдық санаға алғаш ұсынады. Соңғы кездерде жарық көрген «Ноғайлы» тарихи еңбегінде де Махамбет нәр алған қайнарлардың бірі ретіне Ноғайлы әдебиетін атайды [8].

Қазақ әдебиеттануы мен әдебиет теориясының аса көрнекті қайраткері, академик, Зейнолла Қабдолов та Махамбеттануға өлшеусіз үлес қосты. Махамбет шығармашылығына арналған лекциялары мен Махамбеттанудан оқыған арнулы курстарында ақын поэтикасының жұмбақтарын ашуға, сыр- ларын түсіндіруге күш салатын. Академик жазушының Махамбеттануға байланысты дәрістері мен кеңестерінде осыларда айтылатын дара ойлардың кейбір бағыттарының үзінділерін қолданатын. «Махамбет өлеңі – қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті» - деп бастайды Махамбеттің 200 жылдығына арналған «Мұз үстінде от жаққан»атты мақалалар топтамасын[9].

Махамбет туралы роман жазуды жоспарлаған жазушы Орал мен Атыраудың ақын болған талай жерлерін аралап болашақ шығармасына материалдар жинады. Бірақ, романды аяқтауды тағдыр жазбады. Артына шамамен жүз бет көлемінде үзінділері қалды.

Махамбет туралы бала кезден білетін, шығарма жазуды оқушы кезінен армандаған қаламгердің бірі Әбіш Кекілбай. Студент кездегі ғылыми зерттеу жұмыстарында Махамбет жырлары көркемдігінің даралығы туралы талай ойлар айтып, Махамбет туралы поэма да жазған. Алғашқы мақала, зерттеулерінде ақын поэтикасының негізгі арналарына көңіл бөледі. Ақын өмірбаяны туралы көп материал жинаған. Бірақ, алаңсыз жазуға үкімет жұмысындағы маңызды істері мүмкіндік бермеген. Соның өзінде де өмірінің соңғы жылдары ХХІ ғасыр басындағы жаңа қазақ тарихи романының бастауы болып табылатын «Шандоз» атты роман жазды[10].

Махамбеттануға қатысты зерттеулерге өлшеусіз көмек көрсетіп отырған, әрі ғылыми негізді өткір мәселелерді жиі көтеріп жүретін екі баспагер-қаламгерді ерекше көрсетуге болады. Бірі, «Мереке» баспасының бас директоры Мереке Құлкенов болса, екіншісі «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес. Әсіресе, «Арыс» баспасынан жарық көрген 20 томдық «Махамбет әлемі» атты серияны атап өту керек. Бұл - болашақ Махамбеттанудың мызғымас іргетасы.

Кейінгі зерттеулерден О.Тұржанның, К.Мырзағалиеваның еңбектерінің махамбеттану ғылымын дамытуға бағытталғанын байқауға болады. Біздің зерттеу жобамыз үшін аталған зерттеушілердің «Махамбет поэзиясы бодандыққа қарсы күрестің әрі ұраны, әрі теориясы болды»[11], «Елім деп еміреніп, жерім деп тебіренген жырларында оның Отанына сүйіспеншілігі, жүрек дүрсілі, қуанышы мен қайғысы көрінеді. Махамбет жырларының көркемдігін айтпағанның өзінде негізгі қасиеттерінің бірі де осы отаншылдық өршіл сезімде жатыр»[12] деген пікірлері бағыт-бағдарымызды айқындауға мүмкіндік берді. Сөзімізді қорытындылай келе, ақын мұрасын зерттеушілер еңбектерін шоли келе, зерттеу тақырыбымызға қатысты маңызды ой-тұжырымдар мен пікірлерді төмендегі кестеде белгіледік:


1-кесте

Махамбеттану ғылымын қалыптастырып, дамытушылар пікірлері


Зерттеген ғалымдар

Еңбегінің атауы

Тұжырымдар

Халел Досмұхамедұлы

Қазақ батырлары: Исатай мен Махамбет» 1924, «Махамбет батыр» 1925

«Махамбет - қазақ әдебиетінде өз бейнесін және Исатай бейнесін танытқан ақын»

Қажым Жұмалиев

"Айқас" 1944 жыл, "Махамбет Өтемісұлы" 1948 жыл

««Қазақ» сөзін тұңғыш қолданған-Махамбет»

Зейнолла Қабдолов

«Мұз үстінде от жаққан» мақаласы,

2004 жыл

«Абайға дейінгі қазақ поэзиясында Махамбеттен асқан ақын жоқ»

Мұхтар Әуезов

«Әдебиет тарихы» 1991

«Бүкіл 19 ғасыр әдебиетінде қимыл мен күрес жырын Махамбеттей қып жырлаған ақын болған емес. Алды да арты да бір өзі»

Әбіш Кекілбай

«Махамбет дастаны», 1958

«Қазақ әдебиетіндегі ақындақ өнердің жаңа дәуірі Махамбеттен басталды деуге болады»

Сәбит Мұқанов

«Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер»,

1942 жыл

«Махамбет жырлары ереуіл толғаулары болды»

Құлмат Өмірәлиев

«XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі», 1976 жыл

«Туған жер, Отанның символдары ретінде Еділ, Жайықтың нышандарын алу Махамбеттерден келеді»

Берқайыр Аманшин

«Махамбеттің тағдыры»,

1991 жыл

Романда Махамбеттің көркем бейнесі тарихи деректерге сүйене отырып сомдалған.

Рәбиға Сыздықова

«Қазақ әдеби тілінің тарихы», 1993 жыл

«Осы аралықта – ескіні жинақтап, түйіндеп, жаңаны бастауда – қазақтың төл әдеби тілінде із қалдырған сөз шеберлері тұрады. Солардың бірі емес, бірегейі Махамбет Өтемісұлы болды. Махамбет тарихта жырау емес, ақын деген атпен танылды, бірақ әдебиет пен әдеби тілдегі орны жыраулық пен ақындықтың түйіскен жерінде. Ол – жыраулар мектебінің нәрі мен барын алып, оны ақындық дәстүрге қиюластырған қаламгер».

Әнес Сарай

«Исатай-Махамбет» 1997 жыл

«Ақын өз кезіндегі өлең жыраулық өнер туындыларын және қазақ эпостарын, «Қырымның 40 батыры»тәрізді жыраулық энциклопедины жақсы білген»

Оңайгүл Тұржан

Махамбет өлеңдерінің поэтикасы

«Махамбет поэзиясы бодандыққа қарсы күрестің әрі ұраны, әрі теориясы болды»

К. Мырзағалиева

Махамбеттану, 2017

«Елім деп еміреніп, жерім деп тебіренген жырларында оның Отанына сүйіспеншілігі, жүрек дүрсілі, қуанышы мен қайғысы көрінеді. Махамбет жырларының көркемдігін айтпағанның өзінде негізгі қасиеттерінің бірі де осы отаншылдық өршіл сезімде жатыр»





1.2 Махамбет шығармашылығындағы жаңа түр, жаңа идеяның тағылымдық мәні


Махамбет шығармашылығы әдебиеттанудың да, тіл ғылымының басты нысанына айналып отырғаны оның жанрлық, тілдік ерешеліктерінде болса керек. Зерттеушілер әр қырынан қарастыра келе ешкімге ұқсамайтын ақын қолтаңбасындағы жаңашылықты түрлі бағытта қарастырады. Біз, ақын шығармашылығындағы жаңашылдықты өз көзқарасымызша төмендегідей топтастырдық:



2-кесте

Махамбет өлеңдеріндегі өзгешеліктер


Ақын өлеңдерінің басты сипаты

Жаңашылдығы

Өлеңдерінің басты идеясы-ерлік пен елдік.

«Махамбеттің бүкіл өлеңдері ерлікке арналған. Ерліктің не екенін білгің келсе, Махамбет өлеңдерін оқы әрі жатта» Ғ. Есім

Махамбет өлеңдерінің дыбыстық үйлесімі мен сөз мағынасы шебер байланыста құрылған.

«Өмірдің әралуан құбылыстарына шаншыла көз тігіп, терең ұғынуға машықтанған ақын, сөз образдарын да сол өмірдің бір бөлшегі етуге тырысқан» Қ.Жұмалиев

Қазақ поэзиясының толғау, сатира,элегия, арнау жанрларын қалыптастырды.

«Толықсып толғау толғасам, іштегі қызғын басылды-ау» Махамбет

Ассонанс пен аллитерацияның озық үлгісін көрсетті.

Өлең жолдарының біркелкі дауысты немесе біркелкі дауыссыз дыбыстардан басталуы-ақындық шеберліктік

Ақын шығармалары қайталаулар, риторикалық сұрау, нақыл сөздер, афоризмдер мен тұрақты тіркестерді шебер қолданумен ерекшеленеді.


Еркін ұйқастың озық үлгісін көрсетті.

«Өлеңге қажеттіктерді (ұйқасты, өлшемдерді т.б ) іздемей, оны еркін құратын амал болса, бұл тәсілдің классикалық көрінісін ұсынған Махамбет деуге болады» Р. Сыздық

Психологиялық параллелизм шебер қолданыс тапты.

«Қызғыш құс» өлеңі- психологиялық параллелизмнің жарқын көрінісі

Қазақ әдебиетінде тарихи шындыққа сәйкес Исатай батыр бейнесі жасалды

«Исатай батырды сурттеуі ілгергі әдебиеттегі батырларды сурттеумен бір үлгілес» К.Мырзағалиева



Ақын өлеңдерінің басты тақырыбы ерлік пен елдік, ал идеясы тәуелсіздікке шақыру, елді қорғауға насихаттау екендігін философ ғалым Ғ. Есім дөп басып айтқан: «Махамбеттің бүкіл өлеңдері ерлікке арналған. Ерліктің не екенін білгің келсе, Махамбет өлеңдерін оқы әрі жатта. Махамбет үнемі ат үстіндегі – ақын. Жайланып отырып өлең жазу оған бұйырмаға. Ол ерлік поэзия тілімен насихаттаған, ерліктің түпкі мақсатын ашқан, ол мақсат – ел қамы. Етек-жеңі жиналмай, бытырап жатқан елді енді жинау мүмкін еместігін хан Жәңгір білмеген. Бұл мақсатты Махамбет өзінше шешкен. Ол халықтың намысын ояту, жер болмау, құлшылыққа түспеу үшін көзсіз ерлікке барған. Өз күресінің нәтижеге жетпейтінін Махамбет те оның серігі Исатай да білген, бірақ ерлік табиғаты өз дегенін жасамай қоймайды. Ертеңгі күнін таразыға салып, ойланып-толғанып отырған адамнан ерлік шықпайды. Махамбеттің ерлігі жанқиярлық ерлік, құрбандыққа дейін бастайтын ерлік»[13,163]. Бұл айтқандардан Махамбеттің рухты ақын екенін байқаймыз.

Махамбет шығармаларының тілі әрі көркем, әрі образды, әрі өткір, әрі күшті болуымен қатар, әр сөзі орынды, әр жағдайдың өзіне лайықты, соған тән болып келуімен қатар дыбыстық үйлесімімен де ерекшеленіп тұрады. Кезінде белгілі ғалым Қ.Жұмалиев айшықты, көркем сөздерді, аз сөзге көп ой сыйғызуды, тілдік амалдардың қолданыстарын сөз ете келіп, «Махамбеттің көркем сөз ұстасы екендігіне ешкім шек келтіре алмайды», деген еді [14,154]. Сондықтан біз осы пікірін негізге ала отырып, Махамбет өлендерінің дыбыстық үйлесіміне назар аудармақпыз. Махамбет өлеңдерінің дыбыстық үйлесімі мен сөз мағынасы шебер байланыста құрылған, Қ.Жұмалиев сөзімен айтқанда, «Өмірдің әралуан құбылыстарына шаншыла көз тігіп, терең ұғынуға машықтанған ақын, сөз образдарын да сол өмірдің бір бөлшегі етуге тырысқан» [14,148]. Ғалым Қ.Жұмалиев тіл қолданысы, сөз шеберлігі жағынан Махамбет өлеңдерінің өресі биік тұрғанын айта келіп, «Махамбет тілінің асқан көркемдігі, анықтық, дәлдігі, әр алуан поэтика тілдердің элементтерін (эпитет, теңеу, тропа, фигуралардың түрлерін) жеке де, өзара байланысты түрде де өте ұсталықпен қолдана алуында ғана емес, ең алдымен оның өлеңдерінде кездесетін сөз образдарының өмір шындығына дәл келмейтіндігімен, сөйлем құрылыстарының ішкі логикалық байланыстарының беріктігінде»,- деген еді [14,146]. Сондықтан біз Махамбет өлендерінің көркемдігінің бір сыры өлеңнің ішкі мазмұны мен дыбыстық құрылымның үйлесім табуында деп білеміз. Махамбеттің өлеңдерінің бастан аяғына дейін жырлаған негізгі өзекті тақырыбы - жастарды елін, туып өскен жерін қорғау үшін «жалаулы найза қолға алып, жарақты жауды токтатып» елі үшін кұрбан болған елдің арманы жоқ, туған халқы, елі үшін кездескен қиыншылықты жеңе білуге жас ұрпақты үгіттеді. Өлеңдерінің идеясы – тәуелсіздік, бостандық, азат елдің егемендігіне қол жеткізу. Қазақ халқының рухын көтеру үшін жырланған отты да, рухты өлеңдері халыққа жігер беріп, тайсалмауды, өз туған халқының перзенті ретінде өз елінің болашағынан үлкен үміт күтті.

Толғау – қазақ әдебиетіндегі сюжетсіз поэзиялық туындының халықтық түрі, белгілі тақырып бойынша ойлар түю, философиялық пікірлер білдіру пішіні. Толғау туралы анықтамалар көп. Толғаудың басты шарттарының бірі – белгілі авторы болуы керек, қоғамдық-әлеуметтік ірі мәселелерді қозғайды, поэтикалық құрылымы әртүрлі, күреске үндейді, онда жыраудың немесе ақынның өмірге, өмірдегі маңызды оқиғаларға көзқарасы, философиялық ой-толғанысы. «Жыраудың ең сүйікті жанры – толғау. Толғау – «толғану», «толғаныс» деген ұғымды білдіреді. Бұл сөздің ойға да, сезімге де қатысы бар. Сондықтан да толғаудың өзін ойға құрылған толғау, сырға құрылған (лирикалық) толғау деп жіктеуге болар еді. Ой толғауларда жырау – ең алдымен философ. Мұндай толғаулар нақыл, тақпақ, афоризм түрінде келеді. Ал сыр толғаулардағы негізгі жүкті көтеретін – сезім, эмоция. Бұл топтағы шығармаларда жалпы жырау поэзиясына тән үгіт, насихат, дидактика мүлде дерлік ұшыраспайды. Мұндай толғаулардан жыраудың өзіңдік “мені” де бой көрсетеді”.

Көркем шығармаларды, әсіресе, поэзиялық шығармалардағы дыбыстар бірдей келіп, үндесіп, қайта-қайта айтылуы арқылы стилистикалық қызмет атқарып, көркемдегіш құралға айналуы фониканың зерттеу нысанасына алынады. Махамбет өлеңдерінде аллитерация мен ассонанс арқылы қолданылған сөз тіркестері де жиі кездеседі. Олар екі сөздің тіркесуі немесе үш сөздің бірдей дыбыстар арқылы сылдырап үндесе келуі арқылы өлеңге ерекше ырғақ, үйлесім беріп, стильдік бояуын күшейте түседі. Мысалы: қабырғасын қаусатып, қаумалаған қарындас, көнбегенді көндірген, тағыдай таңдап, қарақұс қонбас, сағыздай созылған, жауырыны жазық, арыстандай ақырған, еңіреген ерлер, абайламай айрылдым, алғыншы алған арудың, ақтабан аты астында, тебінгі теріс тағынбай, толықсып толғау толғасам, қиқулап құстар қонатын, қапыда қалған қасқамын, бізге біткен бес еркектің буы бар, т.б.

Ассонанс - дауысты дыбыстардың қайталанып басталуы. Махамбеттің ел қорғаған ерлердің басында түрлі қиыншылық болатынын айтып, олардың осы ауыртпалықты көтеріп, қайыспай шыдау керектігін, әсерлі жеткізу мақсатына өлеңде ассонанс көмекке келеді.

Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай..., -

деген өлең жолдарында «е» дауысты дыбысын қайталау арқылы айтылған сөздің көңілге әсері де күшті, құлаққа да жағымды, сазды естілетінін байқаймыз. «Айналайын Ақ Жайық, Ат салмай өтер күн қайда? Еңсесі биік боз орда, Еңкеймей кірер күн қайда?» деген өлең жолдары «а», «е» дыбыстарынан басталып, бұл дыбыстар өлеңге ерекше леп пен ырғақ беріп тұр.Сондай-ақ, кейде өлеңнің бір жолындағы дыбыстар ғана емес, бірнеше тармақтағы дыбыстар да үндесе келетін кезі де болады:

Қаршыға құсты көп көрдім,

Қайырылып қазға қараған, -

деген екі жолдағы барлық сөздер де қ-к дыбыстары арқылы үйлесіп келгенін көреміз [15.54]. Махамбеттің «Еңіреу ұлы емшек боз» өлеңі ассонанс арқылы «е» дыбысынан басталатын сөздерге құрылса, «Толарсақтан саз кешіп» өлеңі аллитерация арқылы т, қ-к, б, м дауыссыз дыбыстары үш-төрт тармақ жол сайын кезектесіп келуімен ерекшеленеді. Кейде ақын айтылған сөздің әсерін күшейту мақсатында бір сөзді бірнеше рет қайталап, өлеңнің стильдік бояуын қалыңдата түсетінін байқаймыз. Мысалы, «Аймақ та аймақ, аймақ көл», «Мұнар да мұнар, мұнар күн», «Асқар, асқар, асқар тау» «Уа, Иса-еке, Иса-еке, Кел кетелік, кетелік», «Ау, қызғыш құс, қызғыш құс», т.б. Бір сөздің өлеңнің өн бойында бастан аяқ қайталанып келуі Махамбет шығармашылығына тән стильдік ерекшеліктердің бірі болып табылады. Мұндай сөздердің қайталанып келуі өлеңнің дыбыстық жағынан бір ырғақпен айтылып, тыңдаушыға эмоциялық әсер етуіне қызмет етеді. Мысалы, «Мен, мен едім, мен едім» өлеңінде «едім» сөзі ер едім, бөрі едім, жебе едім, еп едім, көп едім, жеп едім, сен едің, мен едің т.б. түрде тіркесіп келсе, «Адыра қалған Нарынның» өлеңінде «бар» сөзі суы бар, жуы бар, туы бар, буы бар, жары бар, қары бар, оба бар, қоға бар, талы бар, жолы бар, т.б. тіркестер ақынның ішкі көңіл күйін ерекше ырғақпен жеткізу амалы ретінде өлеңнің стильдік бояуын қалыңдата түседі. Демек, сөз де, дыбыс та белгілі бір жүйемен, мөлшермен қайталанып келуі арқылы өлеңге гармония тудырады десек, бұл үйлесім ырғақ арқылы жасалады екен [16,77]. Сондықтан Махамбет жырларындағы ырғақ өлеңде дыбыстар үйлесуі мен үндесуіне қызмет етіп тұрғынын танытады.

«Мұнар күн» өлеңінде әр тармақ соңы күн деген сөздің «н» дыбысына аяқталса, әр тармақ басында бірдей дыбыстар 3-4 тармақ сайын ауысып келіп, өлеңге дыбыстық үйлесім беріп, ақынның айтар сөзін ерекше жеткізуіне қызмет етіп тұр. Мысалы:

Бұлттан шыққан шұбар күн,

Буыршын мұзға тайған күн.

Бура атанға шөккен күн.

Бұлықсып жүрген мырзадан

Бұрынғы дәулет тайған күн.

Арқанын қиып алған күн

Алма мойын аруды

Ат көтіне салған күн.

Махамбет поэзиясында буынның жуан-жіңішке келуі, немесе кейбір тармақ- жіңішке, келесі тармақ жуан сөздерден келуі де өлеңнің дыбыстық жағынан ерекшеленіп айтылуына қызмет етеді. Мысалы: «Ата-ананы сөктіріп, Ат басына соқтырып» деген жолдарда бірдей дыбыстардың жуан-жіңішке екі түрлі буында келуі арқылы екі түрлі мағыналы сөз тудырып тұрса, «Түніменен түйіндік, таң атқанша тарандық» деген өлең жолдарының алғашқы тармағы өңкей-жіңішке, кейінгісінің барлығы да жуын буынды сөздермен тіркесіп келуі, өлеңнің өзіндік үйлесім мен ырғақпен айтылуын қамтамасыз еткен.

Махамбет – жыраулық дәстүрді берік ұстанған ақын. Ол бірде ежелден қалыптасқан, көп жырау қолданған, тіпті эпосқа да кірігіп кеткен тұрақты формулалар мен шумақтарды пайдаланса, бірде көрген-түйгені мол мосқал адамша тақылдап сөйлейді, кей кезекте ақыл айтып, көп нәрсені қорыта, жинақтай баян етеді. Махамбеттің мұндай өлеңдері өмір шындығымен түйіндес, терең ой, парасатты философияға негізделген даналыққа толы келеді[17].


3-кесте

Ақын өлеңдеріндегі нақыл сөздердің қазақтың мақал-мәтелдерімен үндесуі


Ақын қолданған нақылдар

Қазақтың мақал -мәтелдері

Асыл ердің баласы

Жауды көрсе, шыдамай

Көзін салар қияға

Ермін деген жігітті

Кеңшілікте сынама

«Өзіммін деген жігітті үйде сынама,

түзде сына»

Айырдан туған жампоз бар-

Нарға жүгін салғысыз.

Аруанадан туған мая бар-

Асылын айуан десе нанғысыз.

Жақсыдан туған жаман бар-

Бір аяқ асқа алғысыз.

Жаманнан туған жақсы бар-

Атасын айтса нанғысыз.

Жаманменен дос болсаң,

Айырылмас күні қос болсаң,

Басыңа қиын іс түссе,

Басқа кетер бөлектеп

Қолдан берер есептеп,

Сыртыңнан жүрер өсектеп.

Жаманмен дос болсаң, аузы-басың қан болар.

Жақсыменен дос болсаң, аузы-басың май болар.

Жақсыменен дос болсаң, жетерсің мұратқа.

Жаманменен дос болсаң, қаларсың ұятқа.

Сан шерулі қол болса,

Батырлар болар ағасы.

Аз сөйлер де көп тыңдар

Хас асылдың баласы.

Ел ағасыз болмас,

Тон жағасыз болмас.

Аз сөз – алтын,

Көп сөз – күміс.


Махамбет поэзиясының көркемдік қасиеті, әсіресе, тілдік қолданыстарынан анық байқалады. Демек, ақын өлеңдерін тілдік тұрғыдан талдау барысында оның дыбыстық ерекшеліктері ерекше назар аудартады. Батырға тән тау жыққандай екпіні мен айбыны ақындық шығармашылығына алмас қылыштай қиып түсер өткірлік пен от жалынындай қызулық дарытып, басқаға ұқсамайтын даралық пен сұлулық сыйлап тұрғандай. Ақын сөз асылын саралап, әр сөзін садақ жебесіндей нысанаға дөп тигізіп қана қоймай, сөз тасқынын жауған жаңбырдай нөсерлетіп төгіп-төгіп жібереді. Әр сөзі бір-бірімен мағыналық жағынан байланысып қана қоймай, дыбыстық жағынан да үйлесіп, үндесіп келуі ақын өлеңдерінің эстетикалық табиғаты да ерекше екендігін танытады. Тіл дыбыстарының көркем әдебиеттегі поэтикалық қызметін стилистиканың бір саласы фоника қарастырады десек, ол әдеби тіліміздің ауызша түрінің дыбыстық қабатын зерттейтін фоностилистиканың аясында қарастырылады және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Сондықтан көркем шығармадағы тіл дыбыстарының сатилистикалық қызметін қарастыру барысында автордың да сөз саптау шеберлігін, шығарманың өзіне ғана тән ерекшеліктерін тереңірек тануға мүмкіндік туады.

Махамбет шығармашылығы қазақ поэзиясы жанрларының қалыптасуына сатира,монолог,элегия, арнау т.б поэтикалық тіл құралдарының артуына үлес қосты. Поэзиялық шығармалардағы дыбыстардың қолданыстары мен оның көркемдік қызметі лингвистикалық поэтиканың өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Өлең-жырлар тілінде дыбыстық жағы неғұрлым жетік, тілге оралымды қолданылса, оның әуені мен әсері де соғұрлым күшті болады. «Өлең қай тілде болмасын, ол дыбыстар гармониясы, дыбыс үндестігінің, дыбыс ырғағының көрінісі»,-дейді белгілі ғалым Р.Сыздықова [18]. Сөз табиғатына үңіле қарасақ, ол дыбыстау мен мағына бірлігінен тұратынын білеміз. Ал осы бірлік арқылы дыбыстау мен мағынаның үйлесе келуі өлеңге ерекше сипат беріп, стильдік даралық дарытады. Дыбыс пен мағына арасындағы үйлесім, әсіресе, поэзиялық шығармалардағы дыбыстардың ерекше үндесіп келуі өлең табиғатына тән қасиет екендігі тіл мамандарының назарын баяғыда-ақ өздеріне аударып, зерттеуге нысана болды.

Махамбет – негізінен лирик ақын, мұрасы негізінен лирика. Оның өлеңдерінде өз көңіл-күйі мен елдің көңіл-күйі бөлінбей, тұтас, ұштастырыла жырланады. Оның лирикасын саяси әлеуметтік мазмұнды, үгіттік лирика деуге болады. Махамбет – хан мен халық арасындағы теңсіздікті, тап күресін көрген, соны жыр өзегі еткен жан. Оның жырлары – жалынды күрес жаршысы. Махамбет өлеңдері көтеріліс, күрес, тартыс үстінде туды. Оның өлеңдері сол көтерілістің ақындық үні, шежіресі болды. Шаруалар көтерілісінің тынысы. Махамбет жырларының бүкіл поэтикалық интонациясынан, от-жалынды, ызалы лебінен, екпін-серпінінен, асқақ әуенінен аңғарылады.

Егеулі найза қолға алмай

Еңку-еңку жер шалмай

Ер төсектен безінбей

Темір қазық жастанбай... -

деген жолдарынан поэтикалық леп – саз ердің, күрес ақынының аузынан шығар сөз.

Махамбет өлеңдері көбіне шешендік өрнекке құрылған – нақыл, терме, толғау түрінде келеді. Мысалы:

Қыран құстың баласы

Ұшса келмес ұяға

Асыл ердің баласы

Жауды көрсе шыдамай,

Көзін салар қияға,-

Немесе:

Аз сөйлер де көп тыңдар

Хас асылдың баласы

Жаманнан туған жақсы бар

Атасын айтса нанғысыз,-

деген сияқты толғаулары ел аузында қанатты сөзге айналып кеткен. Байқағыш, бақылағыш, білгір ақын өмірден көрген-білгендерін, көңілге түйгендерін, басынан кешкендерін ой елегінен өткізіп, үлкен философиялық түйін жасаған, соның бәрін кейінгі ұрпаққа ғибрат етіп кеткен. Махамбет өлеңдері көбіне ағымымен келетін 7-8 буынды не бірыңғай жеті буынды болып келеді. Өлеңдері, негізінен, шұбыртпалы, айнымалы ұйқаспен жазылған. Махамбет өлеңдерін табанда шығарып айтты, күрес мақсаты соны қажетсінді. Оның өлеңдеріндегі көркем сөз бедерлерін, сөз образдарын өзінің негізгі ойына орай алады. Ол көтеріліс басшысы Исатайды биіктету үшін оны тарланға, арыстанға, ал өздерінің ата жауы Баймағамбетті нарқоспаққа балайды. Сол арқылы оның жексұрындық бейнесін береді. Немесе хан сұлтандарды қарны жуан билер деу арқылы да олардың жиренішті кескінін бере білген. Махамбет өз ойын қапысыз жеткізу үшін сөздерді талғампаздықпен қолдана білген ақын. Оның өлеңдерінде көркем сөздердің талайы кездеседі. Бірақ ақын оларды тек әсемдік үшін ғана ала салмаған, өмір шындығын терең бейнелеу үшін «мұнар», «шұбар» сияқты эпитеттерді орынды пайдалану арқылы ол орны толмас қазақ екенін білдірген.

Ал «Қызғыш құс» өлеңінде де ақынның еліне деген сүйіспеншілігі тамаша өрнектелген. Ақын психологиялық параллелизмді шебер қолдана отырып, қызғыш пен өз тағдырын салыстырады. Махамбет көл қорыған қызғыштай елі үшін отқа түседі.

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,

Қанатың қатты, мойның бос.

Исатайдан айрылып,

Жалғыздықпен болдым дос.

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!

Ел қорғаны мен едім.

Мен де айрылдым елімнен;

Көл қорғаны сен едің,

Сен де айрылдың көліңнен.

«Әрине, өлеңнің құрылымы жағынан Махамбет оқшауланады дегенде, көп туындылары тың өлшемдері, ұйқастар, ырғақтар болып көрінгенімен, үлгісі, негізі жоқ жаңалықтар емес. Бұлардың үлкенді-кішілі үлгілері батырлар жырлары мен ертедегі ақын-жазушылардан да табылады, бірақ олар бір қаламгердің тұтас шығармашылығын сипаттайтын белгі емес, ілеуде бір көзге шалынған көріністер болып келеді. Ал Махамбеттің «өлеңге ұқсамаған» өлеңдерінде, әсіресе 5-10 жолдық қысқа туындыларында ол ақын емес, билерше көрінеді, өлеңі параллель кұрылымды, ырғақты, ара тұра ұйқасты аллетерациялы, ассонансты билер сөзі-қара сөзге жақындайды. Мамандардың айтуынша, прозаға жақын құрылған ақынның идеясын дәл, толық жеткізетін, яғни өлеңге қажеттіктерді (ұйқасты, өлшемдерді т.б ) іздемей, оны еркін құратын амал болса, бұл тәсілдің классикалық көрінісін ұсынған Махамбет деуге болады»[19,150].

Ақын шығармашылығының биік тұсы-оның өлеңдерінің көбісі айнымас серігі, ағасы әрі досы Исатайға арналғандығы. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Зәки Ахметов «Махамбет ақынның шеберлігі» деген мақаласында «Ақын Исатай бейнесін қадірлі, қасиетті адам туралы халық ұғымына, көркем ойлау өзгешелігіне сәйкес тартымды суреттеген, - деп жазады. – Исатай батырды тарланым деп қол жетпейтін қасиетті құсқа балап айтуы да, арыстаным деуі де – халықтық үлгідегі сөз қолданыстары – метафоралар. Құланға теңегенде даусы зор, айбынды дегенді аңғартса, құлжадай айбар мүйіздім, - деп, әрине, ауыспалы мағынада, айбаттылық, қаһарлылық секілді сипатты таныту үшін айтып отыр. Хиуадай базарлым дегенде – мазмұны өте бай метафора. Базар қазақ ұғымында, кейбір туыстас шығыс елдерінің түсінігінде де көңілді жиын, көпшілік бас қосатын қызықтың орны деген мағына беретін болса, бұл жерде батырдың төңірегінде тобы көп, ұғысатын көңілдес, сырлас адамдары мол деген ойды аңғартады»[20,27-28]. «Мінгені Исатайдың ақтабан-ай», «Мінгені Исатайдың Көгілдірді-ай», «Баласы Исатайдың Жақияды» деп асқақта, асқан батыр Исатайдыңатын да, баласын да жырға қосып, ерекше суреттейді. «Исатайдан айырылып, Алқалай келген кеңесте Дем құрыған күн болған» деп өкініші мен өксігін де жасырмайды. Хан ордасын қоршап, енді шабамыз деп тұрғанда, хан ойлануға он күн мұрсат сұрап, айла жасайды. Исатай Махамбеттің «олар алдап тұр» дегенінен қарамай, хан арбауына көніп қалғаны «Әй, Махамбет, жолдасым» атты жырында әдемі көрініс тапқан. Ақын батыр ағасына сол сәтте ренжіп ашу-ызаға булықса да жырда бұл басқаша шыққан. «Егер Махамбет «сен сөйттің, сондықтан жеңілдік» дегенді өз атынан налып айтса, жарасымсыздау болар еді. Ал шындықты жасыруға тағы болмайды. Сондықтан да Махамбет жақсы тәсіл тапқан. Бұл жағдайды Исатайдың монологы етіп, өз аузымен айттырған:

... Айбатыма шыдамай,

Хан баласы жылады-ай!

«Жанымды қи» деп сұрады-ай!

Ақкөңіл, аңқау жүрекпен,

Беремін деп, мен тұрдым,

Көк бедеуді бауырлап,

Шабамын деп, сен тұрдың.

Исатай басшы білсін деп,

Ауыр әскер қол тұрды.

Бұдан да біз Махамбеттің Исатайға деген шексіз сүйіспеншілігін байқап, бос пендешілікке бармайтынын, ерлерге тән биік парасат-пайымын көреміз.

Исатай басшы, мен – қосшы, Исатай деген ағам бар, Ақ кіреуке жағам бар деп өзін кішірейтіп, ағасын әр кез биіктете көрсетуі де Махамбеттің адамгершілігін, шыншылдығын аңғартып, өз бейнесін де аша түседі.

Махамбет жырау Исатайдың соғыс алдындағы мұздай құрсанып, халық үшін қанды майданға кіргелі тұрған сәтін:

Ақтабан аты астында,

Дулығасы басында

Зығырданы қайнайды.

Қасына ерген көп әскер

Маңыраған қойдай шулайды -

деп суреттесе, ұрыс даласындағы қимылын:

Толғай-толғай оқ атқан,

Он екі тұтам жай тартқан,

Қабырғасын қақыратқан,

Тебінгісін тесе атқан.

Біздің қайсар батырдың

Жүрегін сөйтіп оятқан, - деп көрсетеді. «Алайда, ақын мұнымен шектеліп қоймайды, қазақ тіліндегі параллелизм құдіретін пайдалана отырып, Исатайдың келбетін жарқырата түседі. «Тайманның ұлы Исатай» деген жырды оқығанда соның куәсі боламыз. Исатай «Алтын ердің қасы», қабырғасын сөксе де, қанын судай төксе де қайыспайтын қара нар», «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермеген», «тарлан бөрі», «асқар тау» тағысын-тағы метафоралар Исатай батырдың шырайын шығару үшін қолданылған көркем құбылтулар» /98/.

Махамбеттің көтеріліс басшысы, өзі аға деп ардақ тұтқан Исатай Тайманұлы туралы, оның болмыс-бітімі, батырлығы жайында айтқан толғаулары негізінен арнау, мадақ болғанымен, бұл туындыларында да Исатай абыройын көтеру арқылы көтеріліс рухын аспандата түсті, санасына еркіндік идеясын құйып, рухын көтерді:

Ат туады байталдан,

Айт десең – лебіз қайтарман.

Төрт-бес жылдай алысып,

Мына тұрған Иса-екем

Ханның бір туын қайтарған, -

десе, Исатай батырдың ерлігімен бірге қара халық көтерілсе хан да тағынан таятыны айтылып тұр. Халықты жасымауға, сенімге, хан екен деп жасқаншақтамауға үндеу бар.

Тұжырым. Ғылыми жобаның 1 тарауында тақырыпқа сай әдебиеттерге, зерттеуші ғалымдар мен әдебиеттанушылардың пікірлеріне шолу жасай отырып, Махамбет ақынның өмірінен беймәлім мәліметтерді көбірек келтіруге тырыстық. Туған жылы мен туған жеріне қатысты талас пікірлерге мұрағат деректеріне сүйенген нақты ақпараттар берілді. Оның шығармашылығындағы басты сипаттар арқылы ақынның дара тұлғасы, қайталанбас қолтаңбасы, рухты өлеңдерінің танымдық, тағылымдық мәні анықталды. Осындай рухты жырларды мектепте оқытудың маңызы, таныту жолдары, жас ұрпаққа тигізер әсері туралы мәселелер келесі тарауда сөз болады.

2 МАХАМБЕТ ШЫҒАРМАЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУДЕГІ РӨЛІ


2.1 «Қазақ әдебиеті» пәні мазмұнындағы Махамбет өлеңдерінің танымдық, тәрбиелік сипаты


Өзінің бар өмірін түгелімен тума талантты қайталанбас шығармашылығымен де, қол бастаған қолбасшылық ержүрек батырлығымен де патриоттық, елжандылық ұстанымдарда өткізген, сол жолда өмірін құрбан етіп, артына осы отансүйгіштік, ұлтжандылық рухтағы мәңгі өлмес жырларын қалдырған Махамбет патриотизмі бір сөзбен айтуға сыймайтын кеңірек талдауды қажет ететін күрделі мәселе болып табылатыны сөзсіз. Енді сол өршіл де асқақ рухты ықпалды да пәрменді тәрбие құралы ретінде пайдалана отырып, ұрпақ тәрбиесіне пайдаланудың мәні отансүйгіштік рухта енді ғана қайта қалыптастырып келе жатқан еліміздің болашағы үшін өте зор болмақ. «Ақынның жырларын оқып-жаттап, сараптап пайымдай алу, оның өнегелі өмірі мен өміршең жырларын Қазақстандық идеологияның басты мақсатына пайдаланудың мәні де үлкен»[21,7]. Қазірде жиі айтылатын жастарға терең біліммен қатар «қазақстандық патриотизм», «отансүйгіштік», «ерлік» идеялары ең басты идеологиялық ұстанымға айналып отырғаны белгілі. Бұл, бәр жағынан, еліміздің мемлекеттігін одан әрі ретінде буыны бекіп нығая түсуінің басты шарты болса, екінші жағынан, қазіргі ақпараттық қоғамның алмағайып ғасырындағы ғаламдану үрдісі кезінде Қазақстанның да өз тарихы, мәдениеті, тілі, ғылым мен білімі, экономикалық әлеуеті, идеологиясы арқылы халықаралық қауымдастықтан өзінің қайталанбас бет-бейнесі барлығымен орнын табуы үшін қажет болып отыр. Қасиетті Отанын, оның жерін мен суын шексіз сүю, өз халқының өнеге дәстүрін, әдет-ғұрпын, елдің тарихын құрмет тұту, тәлім-тәрбиесін бойына терең сіңіру, елдің мүддесін көздеп, бостандығы мен беделін қорғау, әр азаматтың күш-жігерін, ел бірлігін нығайтуға, азаматтық татулықты баянды етуге жұмсауы деп түсінуге болады. Жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие берудің, қазақстандық патриотизмнің бағдарлы ұстанымдары мемлекеттік идеологиядағы басты басым бағыттардың бірі – қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Білім және тәрбие беру тарихының түрлі кезеңдерінде оқушыларға отансүйгіштік тәрбие беру мәселесі өз деңгейінде зерттелген болатын. Патриотизм – өте ерте кезден келе жатқан ұғым. Энциклопедиялық сөздікте «Патриотизм (грек. patriots – отандас, patris – Отан, туған жер) – Отанға деген сүйіспеншілік , өз бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан сенімі мен мүддесіне жұмсау», - деп анықтама берілген» [22,169]. Белгілі тарихшы Л.Н.Гумилев өзінің «Көне түріктер» атты еңбегінде: «VI ғасырдың аяқ кезінде түркі тайпаларының аса жаужүрек болуын, шығысында қалың Қытайдан, батысында Византиядан, түстігінде Персия мен Үндістаннан, солтүстігінде Русь мемлекетінен үнемі қорғанудың қажеттілігінен»,- деп түсіндіреді [23,123]. Нақты Қазақстан жағдайында қазіргі кезде де осы елді қорғау мәселесі өзекті, өйткені, қазба байлықтары мол ұлан байтақ елімізге иелік еткісі келетіндер аз емес. Сондықтан туған жерді, Отанды қорғау, ел байлығын, тыныштығын күзету бүгінгі күні де күн тәртібінде тұрған келелі мәселе болып табылады.

Халық педагогикасында «Отанды сүю отбасынан басталады» деп ұққан ата-бабаларымыз отансүйгіштік қасиетті ата-анасының, бауырларының, ауыл-аймақтың, елінің намысын қорғауды өз ұрпақтарына бірінші парыз ретінде ұқтырып өсірді. «Еліңді сүйсең ерлік істейсің», «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі», «Туған жерге ту тігу елім деген азаматтың борышы» дегенді өздерінің ұл-қыздарының санасына үнемі сіңіріп отырады. «Ер намысы-ел намысы», «Ер - намыстың құлы», «Арың үшін алысу – азаматтық», «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген елжандылық ұрандар халқымыздың мәңгілік тәрбие қағидасына айналды. Ерлік дегеніміз ұлттық тәрбие тағылымының, салт-дәстүрдің, тұрмыс-тіршіліктің негізгі тұтқасы болып саналады. Бала дүниеге келе салысымен ерлік рухта тәрбиелеу, еңбекке, елін, жерін, ана тілін сүюге баулу бесік жырынан бастап бүкіл ауыз әдебиетінің өнегелі өсиеті болып өзекті орын алады. Еңбек пен ерлікті, ел мен жерді пір тұтқан бабаларымыз ғасырлар бойы ерліктің ерен үлгісін көрсетті.

«Ер – елдің ық жағынан панасы, қорғаны» деп бағалаған ата-бабамыз «ерлік тәрбиеден туады» деп ұққан. «Батыр», «ер» деген ұғымдар үнемі қатар қолданылып келген. Олай болса, елімізде отансүйгіштік тәрбие салт-дәстүрімізде және ауыз әдебиетінде ерекше орын алған. Қазақ елінің тарихында сақ патриотизмі, түркі патриотизмі, қазақ патриотизмі ерте кезден бері қалыптасты. Қазақ патриотизмі туралы зерттеуші А.Қ.Дүйсенбаев: «Қазақ патриотизмі – рухы биік жеке тұлғаны қалыптастырудағы ата-бабаларымыздың қаhармандық, батырлық, ерлік, отансүйгіштік тәлім-тәрбие беру идеалдарының жиынтығы», - деп түсінік береді [24,27].

Ал, философ ғалымдардың зерттеулерінде ерлік, батырлық, отансүйгіштік тәрбие мәселелеріне ғылыми тұрғыдан түрліше сипаттамалар беріледі. Зерттеуші ғалым Қ.Н.Меңгібаевтың пікірінше: «Әрбір ұлттың тәуелсіздікке қол жеткізуіне мүмкіндік беретін жоғары сезімі болған, мұндай сезім қазақ ұлтының ұлт боп ұюына негіз болады», - деп түсіндіреді [25,29].

Демек, ел ішіндегі отансүйгіштік сананың ұлттық сипатта болатындығына түсінік береді. Мұндай пікірді белгілі философ Ғ.Есім де төмендегіше түсіндіреді: «Исатай, Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліс азаматтық елдік үшін қантөгістердің бәрі де тегін, еш кетпеді. Олар қазақтың түптің түбінде жаңғырып, түлеп түсер заманына қосылған үлкен жетістік еді», - деп әділ бағасын айтқан» [21,47].

Шын мәнінде Махамбет ел, халық жүрегінен мәңгілікке орын тапты. Оның жырлары елдің рухын көтеретін, ерлікке, елдікке бастайтын ұран іспетті. Сондықтан да болар халқымыз Махамбеттің есімін де, отты жырларын да қатты қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа рухани қазына ретінде аманаттап жеткізіп отырды. Махамбеттің қай өлеңін алсақ та, оның басты қызметі жас ұрпақты ерлікке патриотизмге, адамгершілікке тәрбиелеу. Демек, оның шығармаларындағы айтылған ойлар, рухты жырлар бүгінгі педагогикадағы патриоттық тәлім-тәрбие беру мәселелерімен үндесіп жатыр. Махамбет өлеңдерінде ұрпақ тәрбиесіне қатысты тәрбиенің сан-алуан салалары атап айтқанда, адамгершілік-имандылық, сұлулық, елжандылық тәрбие туралы жан-жақты сөз болады. Махамбет шығармаларының жастардың бойында жағымды адами қасиеттер мен құндылықтарды қалыптастыруда алатын орны ерекше. Дегенмен осындай тағылымдық, тәрбиелік мәнінің маңыздылығына қарамастан негізгі мектептерге арналған оқыту бағдарламасында Махамбеттің барлығы 3 шығармасы ғана берілген.


4-кесте

Орта мектепте оқытылатын Махамбет шығармалары


Сынып

Бөлім атауы

Шығармалар

9

Тарихи шындық пен көркемдік шешім

«Махамбеттің Баймағамбетке айтқаны»,

«Мен, мен, мен едім», «Бағаналы терек»


5-кесте

Орта мектепте оқытылатын Махамбет туралы шығарма


Сынып

Бөлім атауы

Шығармалар

7

Ұрпақ тәрбиесі

М. Шаханов «Нарынқұм зауалы»



Керісінше, 2020 жылы ҚР БжҒМ бекіткен «Абай мектептерінің» 5-11-сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» пәнінен жаңартылған мазмұндағы тереңдетілген үлгілік оқу бағдарламасында Махамбет шығармаларын оқытуға ден қойылып, жүйелі берілгенін байқадық.







6-кесте

Абай мектептерінде Махамбет шығармаларының оқытылуы


Сынып

Бөлім атауы

Шығармалар

1

6

Тәрбиенің қайнар бұлағы

«Ұл туса»

2

7

Даналық-өшпес жарық, кетпес байлық

«Ереуіл атқа ер салмай», «Тарланым», «Мен-құстан туған құмаймын»

3

9

Жапанға біткен бәйтерек

«Махамбеттің Баймағамбетке айтқаны», « Мен, мен едім», «Бағаналы терек жарылса»



Махамбет өлеңдерінің қайсын алсақ та асқақ арманды, елін сүйген жүректі, өшпес рухты сеземіз. Ақынның «Баймағамбет сұлтанға айтқаны», «Мен, мен, мен едім» өлеңдерінің тағылымдық, тәрбиелік мәні бірдей- ақынның елжандылық, елсүйгіштік бейнесін таныту, асқақ арманы мен ел мүддесі үшін жасаған батырлық, ерлік істерін көрсету. Мысалы, «Махамбеттің Баймағамбетке айтқаны» деген өлеңінде бірінші ақын «Өтемістен он едік, Онымыз атқа мінгенде, Жер қайысқан қол едік» деп өзі туралы айта келіп,

Еділ үшін егестік,
Тептер үшін тебістік.
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық,
Теңдікті, малды бермедік,
Теңдіксіз малға көнбедік [26] -

деген жолдар арқылы еліне қызмет ету басты мақсаты екенін білдіреді. Әрі қарай кешегі Исатайдың барында «алақандай Нарынды бастаушы», «екі тарлан бөрі», ерегіскен дұшпанға атылған жебе» екенін айта келіп, арманын тағы да халық мүддесімен ұштастырады:

Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім.
Еңсесі биік Ақ орда,
Еріксіз кірсем деп едім.
Керегесін қиратып,
Отын етсем деп едім.
Туырлығын кескілеп,
Тоқым етсем деп едім.



Бұл өлеңде назар аударатын нәрсе

Өздеріңдей хандардың,
Қарны жуан билердің ,
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көпке шақыртып,
Басын кессем деп едім.


Немесе

Еңсесі биік Ақ орда,
Еріксіз кірсем деп едім.
Керегесін қиратып,
Отын етсем деп едім.
Туырлығын кескілеп,
Тоқым етсем деп едім.
Тақта отырған хандардың
Төрде отырған ханымын
Қатын етсем деп едім.
Әлдилеген баласын
Жетім етсем деп едім.
Хан сырқаты - сары бал,
Сұраусыз ішсем деп едім. -

деп Баймағамбетке қарап айтылатын жолдардағы ақын ойын оқушыға дұрыс түсіндірудің қажеттілігі туындайды.

Нұсқаулық: Тарихтағы мәліметтерге сүйенсек, біріншіден, бұл өлеңдер Махамбеттің Исатайдан айрылып, іші қайғыдан жанып тұрған сәтінде айтылған. Сондықтан ақын

Көрмес, келмес деп едім,
Өз еркіммен бетімді - ай.
Есігіңнің алдына
Ұрмай, соқпай келтірген,
(Арманың бар ма құдайға)
Мынау Махамбет сынды «жетімді - ай»!-

деп «аһ» ұрады.

Екіншіден, тарихтағы Махамбет-Исатай бастаған ұлт-азаттық көтерілістің маңызы ерекше болды, бірақ көтерілісшілер халықтың шұрайлы жерлерінен айрылып, салықтың мөлшері көбейіп, т.б. әлеуметтік жағдайының нашарлауын отарлық езгіден емес патша жарлығын орындап отырған хандар мен болыстардан көріп, соларға шүйлігуі олардың қателігі болғандығын оқушыға түсіндіре кету керек.

Өлеңдегі өзіне қаратыла айтқан ауыр сөздерге онша мән бермей, Баймағамбет сұлтан «Бұлай айтпаса бұл Махамбет болар ма?!» депті деген шындыққа құрылған аңыз да оқушыға айтылуы тиіс. Мұның өзі болыстың Махамбетті батыр, ақын, жалпы халықтың азаматы ретінде құрметтегенін байқатады.

Аталған өлеңдерді оқытуда ақынның «Мен, мен, мен едім» өлеңінің терме ретінде орындалуы да оқушының шығарманы жеңіл қабылдауына септігін тигізеді. Әлеуметтік желіде аталған терменің Ғ.Құрманғалиевтің және басқа әншілердің орындауында аудионұсқалары бар. Қазіргі жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуде Махамбеттің өр тұлғасын идеал ретінде ұсыну үшін бұл өлеңдердің маңызы зор. Ақынның «Мен-і» талданып, елін сүйген адамның портреті, бейнесі жасалады. Осы сабақта ақынға еліктеп оқушының өз «Мен-і» жасалуы «еліңді сүй», «Отаныңды сүй» деген құрғақ сөздерден гөрі анағұрлым нәтижелі болары сөзсіз.

Махамбет ақынның «Бағаналы терек жарылса», «Ұл туса» өлеңдерінде риторикалық сұрауды қолданудың озық үлгісі жасалған. Елдік, азаматтық тақырыбы көтеріліп, ақын «Алтын тақты хандардың, хандығынан не пайда? Туралық ісі болмаса?», «Алаштың байлығынан не пайда? Тарығып келген ерлерге Пайдасы оның болмаса?» дей келіп, қорытынды сөзін айтады:

Әлпештеп қолда өсірген
Туған ұлдан не пайда,
Қолына найза алмаса,
Атаның жолын қумаса?!

«Бағаналы терек жарылса» өлеңінде дәл осы ой жалғасын тауып, ақын елге пайдасы тиетін, халықтың кегін қуатын, қарадан туған азаматты армандайды, елдің ертеңін соған аманаттайды:

Бағаналы терек жарылса,
Бақыраш жамап болар ма?!
Қарағайға қарсы бұтақ біткенше,
Еменге иір бұтақ бітсейші
Қыранға тұғыр қыларға.
Ханнан қырық туғанша,
Қарадан бір-ақ тусайшы,
Халықтың кегін қусайшы,
Артымыздан біздердің
Ақырып теңдік сұрарға!

Міне, бұл сабақтарда да «Ақын нені армандайды?», «Ел қамын ойлаған азамат бойында қандай қасиеттер болуы керек?», «Ақын ел басқаратын басшыға қандай талап қояды?» деген сұрақтар елдік пен азаматтықтың мағынасын түсінуге әкеледі.

Махамбет ақынның ерлікке үндейтін, нағыз батырға тән тұлғалық сипаттарды айшықтап, әсерлеп жеткізетін шоқтығы биік шығармасы-«Ереуіл атқа ер салмай» өлеңі.

Нұсқаулық: Бір қарағанда оқуға тез, жаттауға жеңіл өлең. Ал шындығына келгенде ерге лайықты сипаттарды немесе қажетті заттарды білдірту үшін ең алдымен өлеңдегі әрбір сөздің мағынасын түсіндіру қажеттелігі туындайды. Осы тұста Махамбет өлеңдерінің тіліне терең талдаулар жасаған тілші-ғалым Р.Сыздықованың «Сөздер сөйлейді»(Алматы, Мектеп, 1980) кітабына сілтеме жасап отырған абзал. Мысалы, осы өлеңдегі ереуіл сөзін алайық. Бұрынғы оқулықтарда оның мағынасы ерттеулі ат деп түсіндіріліп келген. Р.Сыздық бұл түсінік қате екенін атап көрсетеді. Ғалымның пайымдауынша, Махамбеттің аталған өлеңі 1910 жылы Орынборда «Шайыр» деген баспада жарияланған және кітапты құрастырушы ақын Омар Қараш ереуіл атқа мінбей сақталған ат деп түсінік береді. Міне, осы түсінікті басшылыққа ала отырып, Р. Сыздық ереуіл ат деген сөздің мағынасын мықты, ұрысқа жарамды ат деп түсіндіреді. Кейінгі сөздіктерде бұл сөздің мағынасы жорыққа алып жүретін ат(Кеңесбаев), ұзақ жортуға шыдамды, берік, мықты (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 1978) деп берілген[27,56]. Біз де осы түсініктемелерді басшылыққа аламыз, осы өлеңдегі ереуіл ат-ұзақ жортуға шыдамды, берік, мықты ат деген мағынада деп түйіндейміз және өлеңді оқыту барысында солай түсіндіріледі.

Дәл осылайша өлеңдегі толағай сөзін түсіндіргенде де қателіктерге жол бермеу үшін ғалымның пікіріне жүгінгеніміз дұрыс: бас деп түсіндіріліп жүрген сөздің мағынасы қу толағай тіркесі түрінде жұмсалғанда, біздің байқауымызша, тек «бас» деген ұғымды емес, тақыр бас, жалаңаш бас дегенді білдіреді. Сонымен, қу толағай-тақыр бас, жалаңаш бас

Бұдан басқа да өлеңдегі түсіндірілуге тиіс сөздер:

Егеулі найза - өткірленген, қайралған, егеленген (күрек,найза)

Еңку-еңку- кедір-бұдыр, ойлы-қырлы жер

Тебінгі- тоқым қысқа болғанда аяқ киім мен шалбар балағын қорғайтын ер-тұрман құрамына қатысты әбзелдердің бірі

Терлігі- тоқымның астына салатын, қойдың жабағы жүнінен тер сіңіру үшін жасалатын киіздің бір түрі

Сөздердің мағынасы дұрыс түсіндірілгенде ғана ел қорғауға аттанған жауынгердің портреті жасалады: ереуіл атқа мінген, егеулі найза ұстаған, еңку-еңку жер шалған, тебінгісі әбден тер сіңіп, шіріп тозса да, ал терлігісі майдай іріп, яғни, үгітіліп кетсе де төзімділік танытатын, жас баланың сақалы шығып шал болғандай ұзақ уақыт болатын көтеріліске шыдайтын, өзегі талып ет жемей, ашаршылық, шөлге төтеп беретін ...ер жігіт. Бұл Махамбеттің өз жауынгерлеріне ғана емес, елі үшін ұлы күрестердегі жеңіс осындай төзімділікпен келетінін, ел мүддесін өзінің жеке басынан артық қоятын нағыз ерлерге арналған сөздер.

Сондай-ақ өлеңдегі

Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай, -

деп келетін жолдардағы ассонанс,

Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,

Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай, -

деген өлең жолдарындағы аллитерация Махамбет Өтемісұлының асқан шеберлігі ретінде түсіндіріледі.

Ақынның шығармашылығында шоқтығы биік тұрған арнасы-оның досы, ағасы, басшысы санаған Исатайға арнаған жырлары.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Зәки Ахметов «Махамбет ақынның шеберлігі» деген мақаласында «Ақын Исатай бейнесін қадірлі, қасиетті адам туралы халық ұғымына, көркем ойлау өзгешелігіне сәйкес тартымды суреттеген, - деп жазады. – Исатай батырды тарланым деп қол жетпейтін қасиетті құсқа балап айтуы да, арыстаным деуі де – халықтық үлгідегі сөз қолданыстары – метафоралар. Құланға теңегенде даусы зор, айбынды дегенді аңғартса, құлжадай айбар мүйіздім, деп, әрине, ауыспалы мағынада, айбаттылық, қаһарлылық секілді сипатты таныту үшін айтып отыр. Хиуадай базарлым дегенде – мазмұны өте бай метафора. Базар қазақ ұғымында, кейбір туыстас шығыс елдерінің түсінігінде де көңілді жиын, көпшілік бас қосатын қызықтың орны деген мағына беретін болса, бұл жерде батырдың төңірегінде тобы көп, ұғысатын көңілдес, сырлас адамдары мол деген ойды аңғартады» [28, 27-28]

Ойымызды қорыта келе, М. Өтемісұлының мектеп бағдарламасында берілген өлеңдерінің елжандылыққа тәрбиелеудегі маңызын кесте арқылы көрсетейік:


7-кесте

«Қазақ әдебиеті» пәні мазмұнындағы Махамбет өлеңдерінің елжандылық сипаты


Махамбет шығармалары

Идеясы

Өлең жолдары

«Махамбеттің Баймағамбетке айтқаны», «Мен, мен, мен едім»

Ердің міндеті-елге қызмет ету

Еділ үшін егестік,
Тептер үшін тебістік.
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық,
Теңдікті, малды бермедік,
Теңдіксіз малға көнбедік


Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім.

«Бағаналы терек жарылса», «Ұл туса»

Елді қорғау-азаматтық борыш, атадан аманат

Ханнан қырық туғанша,
Қарадан бір-ақ тусайшы,
Халықтың кегін қусайшы


Туған ұлдан не пайда,
Қолына найза алмаса,
Атаның жолын қумаса?!

«Ереуіл атқа ер салмай»

Ерлікке, күреске шақыру

Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Ерлердің ісі бітер ме?

«Тарланым», «Мен құстан туған құмаймын»

Исатай, Махамбет бейнесі-ерлік пен елдіктің, өрліктің, адал достықтың символы

Кермиығым, кербезім!

Керіскідей шандозым

Құландай ащы дауыстым!

Құлжадай айбар мүйіздім.

Қырмызыдай ажарлым!

Хиуадай базарлым!


Мен - құстан туған құмаймын,
Бір тұлпарға жұбаймын.
Сауырыма қамшы тиген соң
Шаппай неғып шыдаймын?
Мен - түбін кескен бәйтерек,
Толқын соқса құлармын.



Махамбет өлеңдерін талдағанда оның көркемдік поэтикасына мән бермей кетуге болмайды. Зерттеуші Қ.Аронов жалпы аруақты да арқалы ақын Махамбет шабыты келгенде үдей соққан дауылдай, нөсерлі жаңбырдай, сырты мен іші келіскен ғажайып, бейнелі сөздерді лек- легімен төгіп-төгіп жіберетін болса керек»[29] дей келіп, мұның анық та, айқын айғағын Исатайға арнаған «Тарланым» өлеңінен көруге болатынын айтады: 

Кермиығым, кербезім!      
Керіскедей шандозым!           
Құландай ащы дауыстым!     
Құлжадай айбар мүйіздім!     
Қырмызыдай ажарлым!
Хиуадай базарлым!
Теңіздей терең ақылдым!
Тебіренбес ауыр мінездім! [26].

Осы өлеңінен:

Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,

Атылған оғы Еділ-Жайық тең өткен.

Атқанда қардай боратқан,

Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан.

Арыстан еді-ау Исатай!

Бұл фәнидің жүзінде,

Арыстан одан кім өткен?! -

деген үзіндіні алсақ, теңеу, метафора, әсірелей теңеу (эпитет) және әсірелеуді кездестіреміз. Міне, не барлығы  6-7 жолдың ішінде бір-бірімен тығыз байланысты бірнеше көркем сөздердің қабат келуі, түр жағынан алып қарағанда да, оның шеберлігін көрсетеді. Бірақ оның шеберлігі тек қана сол сөздерді табуында емес, сол образдарды сөздердің ақынның ойымен байланыстылығында. Демек бұл контексте қолданылған образдар тек көркемдік үшін тұрған жоқ, бәрі де ақынның негізгі пікіріне  бағыныңқы; суреттейін деген құбылысының, айтайын деген ойының бірі онысына,  бірі мұнысына жарап тұр. Ақынның күштілігі де, сөздерінің көркемдігі де осында.

Аталған өлеңнің осы үзіндісінде теңеу, эпитет, метафора бір-бірімен байланысып келіп, күрделі теңеулі метафоралар жасалғанын көреміз. Көркемдегіш құралдардың бұлайша бір-бірімен байланысып, тізбектеле бір тіркесте келіп, күрделі бейнелеуіш тізбек жасауындағы заңдылық болса керек. Өйткені, теңеу, эпитет, метафоралардың жасалуында ұқсастық, жақындық бар. Әсіресе, «метафора мен теңеу өзінің жасалуы жағынан бір-біріне өте жақын; олар бір негізден жасалады. Метафорада заттың, құбылыстың өзі ұқсатпа балама ретінде алынса, теңеуде сол зат пен құбылыстың әрекеті ұқсатпа теңеме болады, яғни бірінде екі зат (зат, құбылыс) теңдікте алынса, бірінде екі заттың әрекет-қимылдары теңдікте алынады. Осы себепті Махамбетте де теңеме ретінде алынатын сөздер мен балама ретінде алынатын сөздер өзара барынша жақын, тектес болып отырады: Арыстандай ақырған, Айбатыма шыдамай; Исатай мен Махамбет, Екі арыстан ер қалды-ау»[30,68]. Көркемдік-бейнелеуіш құралдар тек жасалу жағынан ұқсас емес, сонымен қатар мән-мағынасы, қолданылу өрісі, стильдік қызметі жағынан да жақын, бір-бірімен байланысты, сабақтас болып келеді. Мұның дәлелін біз тоқталып отырған теңеудің тілдік табиғатынан көреміз. Жоғарыда Махамбеттің «Тарланым» өлеңінен келтірілген үзіндіден байқағанымыздай, сондағы «керіскедей», «құландай», «құлжадай», «қырмызыдай», «Хиуадай», «теңіздей» теңеулері күрделі метафоралар жасауға қатысып тұр. Яғни аталған теңеулер күрделі метафоралардың құрамында келіп, қосымша теңеулік қызметте жұмсалып, көркем бейнелер туғызуға үлес қосқан. Керісінше, басқа көркемдік тәсілдер күрделі теңеулер жасауға қызмет ете алады, соның нәтижесінде теңеу бейнелі сипатқа ие болып, көркемдік бояуы құлпыра түседі. Мұндай тәсілдң Махамбет өлеңдерінен көптеп байқауға болады. Ол әрине, ақынның асқан шеберлігі мен сөздің қадірін біліп, орнымен қолдана алатын талғампаздығын байқатады.



2.2 Махамбет шығармалары арқылы елжандылыққа тәрбиелеудің тиімді жолдары


Махамбет шығармаларын оқытудың және оның елжандылыққа тәрбиелеудегі маңызын анықтау міндетін жүзеге асыру үшін Қазақстанда педагогикалық зерттеулерде кейінгі жылдары қолданыс тауып жүрген «Action Research», яғни іс-әрекетті зерттеу тәсілі таңдалды. Зерттеу жұмысында бұл ұғымның әлі толықтай нақты қазақша аудармасы жоқ болғандықтан іс-әрекетті зерттеу деген мағынасындағы ағылшын тіліндегі сөздің түп нұсқасы(Action Research) пайдаланылады. Action research - мектептегі мұғалімдердің оқыту үрдісіндегі өзекті мәселені анықтап, оны шешудегі өзінің іс-әрекетіне талдау жасау, түзету, басқару мен бағалау үдерісі.  Осы тәсілдің негізін салды деп есептелетін американдық психолог Курт Левиннің (1890 -1947 ) «Зерттеусіз әрекет жоқ, әрекетсіз зерттеу жоқ» деген сөзі осы тәсілдің мағынасын ашады. Негізінде бұл әдіс Lesson Study тәсіліне ұқсас, айырмашылығы Lesson Study-да сабақтағы іс-әрекет зерттеліп, бірнеше мұғалім бірлесе іс-әрекет жасап, белгілі бір әдістеменің ұтымды немесе ұтымсыз екенін бірге бақылап, қорытындысын бірге шығарып, оқытуды жетілдіреді, яғни көбіне сабақтағы оқушының іс-әрекеті бақыланады. Ал Action Research тәсілін бірнеше мұғалім де, жеке мұғалім қолдана алады. Күнделікті сабақ беру барысында қиындық тудырған мәселе анықталып, оны шешудің жоспары жасалып, сол шешу мақсаты орындалғанға шейін зерттеу жүргізіледі. Алдымен тақырыпты дұрыс таңдалу керек және зерттеушінің осы тақырыпқа қатысты нақты ұсыныстарының болуы маңызды. Біздің жағдайымызда іс-әрекетті зерттеу тақырыбы «Махамбет шығармаларын оқытуда кездескен қиындықтар және оны шешу жолдары» деп таңдалды. Нәтижесінде сөздік, әдістемелік нұсқаулық дайындау жоспарланды. Осы тақырып бойынша зерттеудің бірінші кезеңінде өзіміз педагогикалық практикадан өткен Алматы қаласы №96 мектептің және Алматы қаласы, Қарасай ауданы, Жаңатұрмыс ауылы «АйСаф жеке қыздар мектебінің» қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінен сауалнама алынды. Сауалнамаға №96 мектептен- 16, АйСафтан-6, барлығы 22 мұғалім қатысты.


8-кесте

Орта мектепте Махамбет өлеңдерін оқытудағы қиындықтар бойынша жүргізілген сауалнама


Сұрақ

Жауап

Бағдарламада Махамбет өлеңдері жеткілікті қамтылған деп ойлайсыз ба?


Махамбетті таныту сабақтарын қандай деңгейде(төмен, орта, жоғары) өткіздім деп ойлайсыз?


Қандай қиындықтар кездесті?


Кездескен қиындықтар туралы әріптестеріңізбен ой бөлістіңіз бе?


Ол қиындықтарды қандай жолмен шешуге болады деп ойлайсыз?




Берілген жауаптарда 5 мұғалімнің сабақтың қызығушылық таныту кезеңін, 8 ұстаздың Махамбет өлеңдерін оқытуда ең тиімді әдістерді таңдаудан қиналатынын, барлық ұстазға Махамбет өлеңдеріндегі архаизм сөздердің мағынасын түсіндіру қиындық тудырғанын байқадық.

Action Research тәсілін қолданудың екінші кезеңінде ұстаздардың ұсынысына сай және дипломдық жобаның өнімі ретінде «Махамбет Өтемісұлы өлеңдерін оқыту бойынша түсіндірме сөздік» құрастырдық. Сондай-ақ тиімді әдіс-тәсілдерді ұсыну үшін мерзімдік басылымдардағы ұстаздар тәжірибелерін зертттеуді қолға алдық. Зерттеу барысында жинаған мәліметтерімізді төмендегідей топтастырдық.

Махамбет өлеңдері арқылы елжандылыққа тәрбиелеу сабақтарының қызығушылықты ояту бөлімінде балаларға елін, жерін сүйген Махамбеттің өр тұлғасын таныту, елі үшін туған ердің нақты бейнесін көрсету мақсатында ақынның өз сөздерін пайдаланып, оқыту.

1.Тапсырма: Өлең жолдарына сүйеніп Махамбеттің туған жерге сүйіспеншілігін әңгімеле.

Әдірә қалған Нарынның
Теңіз деген суы бар,
Жағасында жағалай біткен
Қамыс деген нуы бар.

Туған жердің табиғаты

Жайықтың бойы көк шалғын

Айналайын Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?

Туған жеріне «айналайын» дейді

Абайламай айырылдым,

Ар жақтағы елімнен,

Анау Нарын деген жерімнен,

Туған жерінен айрылу өліммен тең

Тірі кеттім демеймін,

Кем болмады өлімнен

2. Махамбет қайғылы да қасіретті өмірін әңгімелеу үшін М. Шахановтың «Нарынқұм зауалы», Т. Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесін пайдалану. Осы тұста Атырау қаласы Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Бегеева Ләззаттың тәжірибесін пайдалануға болады[31]:

«Өз тәжірибеме жүгінсем, көңіліне сезіміне жол тауып, кілт тауып ене білсең, өз ойы болмайтын, өз пікірін айтпайтын бала жоқ сияқты. Осы орайда М.Өтемісұлының жылдық тойы қарсаңында Т.Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесіне тоқтауды жөн көрдім. Күрескер ақын, қайсар батырымыздың ерлігін дәріптеу, терең қарастыру мақсат болып отыр. Әңгімені өзі қызығып оқуға ден қоятындай етіп жұмылдыратын кіріспе үшін қосымша материал пайдалану қажет. Т.Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесінде қайталанбас бір туар ақын Махамбет өмірінің ең трагедиялық тұсы арқау болған күрескер ақынымыздың ең соңғы сағаттары психологизм арнасында суреттейді. Сабақты, балалар, Махамбет жанұясымен Қараой деген елсіз далада жалғыз үй не ғып отыр деп ойлайсың? Себебі не? – деп проблемалық сұрақтың төңірегінде ойлантып, өткенге шолу жасап, Махамбет туралы «менің бұрыннан білетінім» деп ойларын жинақтадым. «Махамбеттің Жәңгірге айтқаны», «Қызғыш құс» өлеңдерін сахналап, қысқаша түсінік алғаннан кейін Әнуар Әлімжановтың «Махамбет» кітабынан үзінді беремін.

«1946 жылы қазан айында Орынбор қазақтарының батыс бөлігінің билеушісі, сұлтан Баймағанбет Айшуақов патшаға адал қызмет етуге берілгендігін дәлелдеу үшін Махамбетті өлтірудің жоспарын жасайды. Және де ақынның өзін тірілей қолға түсіріп әкелген адамға ескі патша ақшасымен 1000, ал басын әкелген адамға 500 сом төлейтінін жария еткен. Ақын халқын ұрысқа дайындайды. 1936 жылы Қиялымола деген жердегі көтерілісте досы, басшысы Исатайдан айрылады. Ақын жалғызсырайды. Ол Жәңгірдің қан жылатқан заңынан, елінен, туған Нарыннан, ата қонысынан кетеді». Міне, балалар, Махамбеттің Қараойда отыру себебі осы екен. Енді әрі қарай не болғанын, қалай қаза тапқанын оқып білейік деп қызықтырып қоямын. Әңгімені оқып болғаннан кейін балаларға Ә.Әлімжановтың кітабынан үзінді келтіремін.

Махамбет Өтемісұлының өлімі

Әнуар Әлімжановтың кітабында «Махамбеттің басын Баймағамбет сұлтанға алып барғанда Шернияз ақын сұлтанның жанында отырғаны жазылады. Ықылас оны подносқа салып, бетін мақпал матамен жауып әкеледі. Сұлтан: «Қандай сыйлық әкелдің» деп матаны қанжардың ұшымен ашып қалғанда, подноста Махамбеттің басы жатады. Шернияз әуелі бұл кім деп ойлады ма, ұзақ қарап, ақынның басын таныған соң, жағалай отырған адамдарды бір сүзіп өтеді де, айқайлап далаға жүгіреді» (Ә.Әлімжанов «Махамбет»)

Ал жазушы Тәкен Әлімқұлов «Қарой» әңгімесінде ақынның дүниеден өтер сәтін: «Махамбеттің теңдесіз үлкен жүрегі тынымсыз дүрсіл қағумен болды. Жаралы арыстанның ыңыранғанындай, тұншыққан домалақ дүрсілден Ықыластың үрейі ұшты. Ол қазықтың қасында жатқан тоқпақпен Махамбеттің басына ұрды. Махамбет ақтық рет: «Әуес!» деп, сылық түсіп, сұлап қалды», - деп суреттейді.

1847 жылы 27 ақпанда ақ патшаға адал қызмет еткені үшін сұлтан Баймағанбет Айшуақовқа генерал-майор атағы берілді. Сол жылы 30 наурызда сұлтан қайтыс болады. Ел ішінде Санкт-Петербургтен үйіне қайтып келе жатқан жолда Елек өзенінен өтер кезде опат болғаны туралы әңгіме бар. Сұлтанды суға батырып өлтірген Махамбеттің досы Асаубай болған көрінеді. Осылай ақын үшін кек алған. Осы әңгімеден кейін «Орда туған мекенім» әнін орындатып жіберсе, сабақты керемет әсерлі етеді».

2. Екінші бір тиімді әдісті келтірейік. Махамбет өлеңдерін талдауда Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Жаңа өмір ауылы Шаған жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Ханов Шоханның сабақта қолданған «Домбыра», «Садақ» әдістері де көңілге қонады[32,26].

М.Өтемісұлының «Мен, мен, мен едім», «Баймағамбет сұлтанға айтқаны» өлеңдерін талдау сабағында қолданылған «Домбыра әдісі».


1-сурет

Домбыра әдісі



Домбыраның шанағына - Махамбеттің миссиясы– еліне қызмет ету деп жазылады.

Домбыраның мойнына - Махамбет ақынның шын мәнінде еліне жасаған қызметін дәлелдейтін өлең жолдарын жазады.

Домбыраның құлағына - оқушының осы дәлелдерге келтірген тұжырымы, Махамбетке берген бағасы жазылады: Махамбет-елін шексіз сүйген ақын, әрі батыр.

3. Сондай-ақ «Садақ әдісін» қолдану Махамбет өлеңдерін тақырыптық-композициялық талдауда жақсы нәтиже береді.







2-сурет

Садақ әдісі




Садақтың жебесінің бағыталған тұсына оқушылар Баймағат сұлтанға айтқан сөзі деп жаза отырып, әрі қарай не айтты сонда, сұлтанға садақша қадалған сөздер қайсы деп ойлайсың? деген сұрақтарға жауап береді. «Садақ әдісі» әрі батыр, әрі ақын Махамбет шығармаларын талдауда оң нәтиже береді.

Сабақта осылайша балалардың табиғатына жақын, ұлттық түсінігіне сай домбыра, садақты әдіс-тәсіл ретінде қолданудың біріншіден, сабақтың тақырыбымен үндес тағылымдық мәні бар: Махамбеттің ақын ғана емес батыр, әрі күйші болғанын аңғартады. Екіншіден, елжандылық деген ол халықтың дәстүріне құрметпен қарау екенін де байқатады.



















ҚОРЫТЫНДЫ


Махамбет-ұлт тарихында батырлығын ақындығы асқақтатқан, өмірімен де өлеңімен де өршіл рухтың өнегесін салып кеткен ақын. Елжанды деп өз тағдырын ел тағдырымен қатар қойып, өз бақытын ел бақыты деп санайтын адам десек, Махамбет, шын мағынасында осындай тұлға болған. Махамбеттің батырлық даңқын ақындығы арттырып, сөз саптауы мен бейнелі сөз қолданыстарымен ерекшеленіп, өзіндік стилі мен қолтаңбасын жазбай танитын жыршы атанды. Тәрбиенің күшті құралдарының бірі сөз десек, Махамбет сөздері елін сүйетін ұлан тәрбиелеуде таптырмас құрал болып отыр.

Ақынның қай өлеңін аласақ та ел мүддесін, халық мұратын, азаматтың парызын алға тартады. Мектеп бағдарламасында берілген ақынның «Мен, мен, мен едім», «Баймағамбет сұлтанға айтқаны», «Тарланым», «Ерлердің ісі бітер ме?», «Мен-құстан туған құмаймын» өлеңдері жоғары пафоста жазылған, ерлік пен елдікті насихаттайтын тәрбиелік мәні жоғары шығармалар болып табылады. Махамбет заманында бұл өлеңдер азаттыққа үндейтін, бостандық, еркіндік үшін күрестерге рухтандыратын азаттық жырлары болса, бүгінгі күні де маңызын жоймай, тәуелсіздігімізді, елдікті сақтап қалуды аманаттайтын, жүрекке жеткізіп айтар әсері бар асыл мұра ретінде танылып отыр. Ел басына күн туса ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып Отанын, елін, жерін қорғауға дайын болатындай ұрпақ тәрбиелеуде Махамбет ақынның өз өмірі де, өлеңі де жарқын үлгі, ешқашан маңызын жоймайтын құнды дүние болып қалары сөзсіз. Ғалым С. Қасқабасов «Махамбет — жаңа заманның ақыны»[33, 230] деп жазды. Ғалым оны дәлелдеп: «Махамбет — жаңа заманның ақыны. Ол өз заманы талап еткен әдебиетті жасаушы, яғни Махамбет жаңа әдебиеттің басында тұр», - дей келіп, «Махамбет өз дәуірінің тынысын, талабын дұрыс түсініп, көре білді. Сол себепті де ол әдебиетті жаңа бағытқа бұрды. Ең бастысы көркем әдебиетті хан сарайынан шығарып, бұқара ортасына әкелді. Әдебиеттің міндеті — әміршіге қызмет ету емес, қоғамға қызмет ету деп білді. Қоғамға қызмет ету — әр адамға, оның сезіміне әсер ету, оның бойында рух көтеру, сөйтіп көпшілікке ықпал ету деп түсінді. Осы себепті Махамбет әрбір сөздің қуатын, құдіретін барынша пайдаланған. Сөйтіп ол, көркем поэзияның өзіне тән табиғи функциясын қайта жандандырды, оны дамыта түсті. Екінші сөзбен айтқанда, Махамбет сөздің магиялық күшін, эмоциялық қуатын, эстетикалық әсерін күшейтіп, зор биікке көтерді»,[33, 402] - деп қорытынды жасады, баға берді. Шын мәнісінде, Махамбет ақынның өлеңдеріндегі әсері күшті сөздер ұлттық намыс, ұлттық мақтаныш, жігер, өрлік тудыруда магиялық күшке ие теңдесі жоқ құнды дүние болып қала береді.





ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


  1. Он төртінші наурыз. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы, Атырау қаласы. https://quryltai.kz/kk/

  2. Бекмаханов Е. Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында.-Алматы: Санат, 1994.-416 бет.

  3. Сыдиықов Қ. Махамбет жинағы қалай құрастырылды. // Қазақ әдебиеті, - 1990. – 12 қазан.

  4. Өтемісұлы М. Ереуіл атқа ер салмай. – Алматы: Жазушы, 1989. – 14-16 бет.

  5. Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы еңбектері.- Астана: Астана-Полиграф, 2008.-400 бет.

  6. Жұмалиев Қ. Махамбет Өтемісовтің өмірі. Махамбет Өтемісұлы. – Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1962. – 121бет.

  7. Аманшин Б. Махамбеттің тағдыры.- Алматы, Жазушы, 1987-252 бет.

  8. Әнес С. Исатай, Махамбет тарихы.- Алматы: Өлке, 2003.- 250 бет.

  9. Қабдолов З. Таңдамалы шығармалар. 2 т. – Алматы: Жазушы, 1993. – 458 бет.

  10. Кекілбай Ә. Шандоз.- алматы: Арыс-2004-353 бет.

  11. Тұржан О. Махамбет өлеңдерінің поэтикасы. Монография. – Астана : Елорда, 2007. – 245 бет.

  12. Мырзағалиева К. Махамбеттану. Оқу құралы. – Қостанай: ҚМПИ, 2017. – 139 бет

  13. Есім Ғ.Махамбет поэзиясындағы ерлік философиясы:Махамбет поэзиясындағы ерлік пен елдік рухы және қазіргі дәуір: Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы: Қазақ университеті, 2003.-520 бет.

  14. Жұмалиев Қ. Егеулі найза.-Алматы: Жазушы, 1979.-188 бет.

  15. Махамбет. Ереуіл атқа ер салмай. Өлеңдер.-Алматы: Жазушы, 2002.-132 бет.

  16. Бүркіт О.Қайталамалардың лингвостилистикалық жүйесі. – Алматы: Ғылым.- 2001.-274 бет.

  17. Қабатай Б.Т.Балалар әдебиеті және оны оқыту әдістемесі. Оқу құралы. – Алматы: Ұлағат, Абай атындағы ҚазҰПУ, 2021.–219 бет.

  18. Сыздық Р.Сөз құдіреті.-Алматы: Санат, 1997.-224 бет.

  19. Сыздық Р. Махамбет өлеңдерін оқығанда: Махамбет поэзиясындағы ерлік пен елдік рухы және қазіргі дәуір: Халықаралық ғылымы-теориялық конференция материалдары. – Алматы: Қазақ университеті, 2003 -520 бет.

  20. Ахметов З. Махамбеттің ақындық шеберлігі. Махамбет: Елдік пен ерліктің өшпес рухы. – Атырау, 2002. – 24 б.

  21. Хайыржанова Б.С. Махамбет шығармалары арқылы жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу мен оқытудың өнегесі. Монография. – Атырау: Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті КеАҚ, 2022. – 183 бет.

  22. Қазақстан. Ықшам энциклопедиялық сөздік. Бас ред. Б. Аяған.-Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005.-560 бет.

  23. Қайыржанова Б. Махамбеттің тәлім-тәрбиелік пікірлері //Ұлт тағылымы, 2004 №3, 159-161

  24. Уәлиханов Е. Махамбет тағылымы // Қазақ әдебиеті, 2004, 26 қараша

  25. Сариев Ш. Махамбет – тәуелсіздік жаршысы //Қазақ әдебиеті, 2009,4 тамыз

  26. Өтемісұлы Махамбет. Шығармаларының төрт томдық академиялық жинағы. 7 том : Құжаттар мен тарихи деректер / Махамбет Өтемісұлы ; құраст. Егеубаев А.Қ., Раев Қ.М. - Алматы, 2003. - 504 б.

  27. Сыздық Р. Сөздер сөйлейді.- Алматы: Мектеп, 1980

  28. Мақпырұлы С. Қазақ поэзиясындағы Махамбет бейнесі.Алматы: Құнды қағаздар, 2002.

  29. Аронов.Қ. Махамбеттің көркемдік әлемі: https://kazgazeta.kz/news/139852

  30. Өмірәлиев Қ. Махамбет поэзиясының тілі. Махамбет және тілтаным. Зерттеулер. – Алматы: «Арыс» бас­пасы, - 2004. – 14 - 119 бет.

  31. Бегеева Л.Қазақ әдебиеті сабақтарында қосымша материалдарды пайдалану: https://45minutkz.files.wordpress.com/2014/06/6.docx

  32. Ханов Ш. М. Өтемісұлы. Мен, мен, мен едім: «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы, №2, 2022

  33. Қасқабасов С. Махамбеттің мәңгілік мұңы.-Алматы: Жібек жолы, 2013-414 бет.





























ҚОСЫМША


Мектеп бағдарламасындағы Махамбет шығармалары бойынша түсіндірме сөздік


6В01701- «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша дипломдық жоба аясында құрастырылған қазақ әдебиеті мұғалімдеріне және мектеп оқушыларына арналған көмекші құрал





Құрастырғандар: Малик А.М.

Мұхамедалиева А.Б.

Яхияева Л.М.




























Алматы, 2024 ж.






Пікір жазған: п.ғ.к., доцент Қабатай Б.Т.


Құрастырғандар: Малик А.М.

Мұхамедалиева А.Б.

Яхияева Л.М.











Ұсынылып отырған көмекші құралда бағдарламада берілген Махамбет шығармаларында кездесетін қиын сөздердің түсініктемелері берілген. Ақын өлеңдеріндегі сөздердің мағынасын түсіну сол шығарманы толық қабылдауға септігін тигізеді. Сондай-ақ ұлттық бірыңғай тестілеуде сөздердің мағынасын ажыратуға байланысты келетін тапсырмаларды дұрыс орындауға дайындайды. Көмекші құрал қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне және оқушыларға арналған.















Алғысөз

Кезінде еркіндік пен бостандықтың туын көтерген Махамбет өлеңдері бүгінгі күні де тәуелсіздігімізді, елімізді, елдігімізді қорғауға жігерлендіретін мәдени мұра ретінде бағалануда. Биылғы жылдың он төртінші наурызында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мемлекет басшысы нақты қандай құндылықтарға назар аудару керектігін айта отырып, оның ең алғашқысы – Тәуелсіздік және Отаншылдық белгілеп берді. Тәуелсіздіктің арқасында, қазақ елін, Қазақстан халқын әлем таныды және мойындады. Тәуелсіздік символы – мемлекеттік Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз. Ту – ұлттың бірігуіне ықпал етеді. Ұлттық сананың биіктігін көрсетеді. Тәуелсіздік – еркіндік пен азаттықты ғана алып келмей, сонымен қатар, ұлтымыздың санасын өзгертті, сапасын арттырды. Қазақстан 30 жылдан астам егемендігі уақытысында ешқандай елдермен шекара үшін, тіл үшін, дін үшін, азаматтық пен ала-алмай келе жатқан тәуелсіздігі үшін қақтығысқа түскен жоқ. Елдің тыныштығын басты назарда ұстады. Сондықтан да, басты құндылығымыз ретінде танылып отыр. Отаншылдық деп отырғанымыз Отанға, туған елімізге, тілімізге, туып өскен жерге деген махаббат, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа, мәдениетке деген құрмет. Қазіргі таңда жас ұрпақты отаншыл, елжанды етіп тәрбиелеуде Махамбет мұрасының таптырмас тәрбие құралы екендігі сөзсіз. Ол үшін бірінші кезекте ақын өлеңдерінің түсініп оқу қажеттілігі туады. Ақын өлеңдерінде жаугершілік заманға, ат әбзелдеріне, соғыс, майдан тақырыбына қатыста қазіргі балалардың түсінігіне қиын сөздердің кездесуі заңдылық. Олардың мағынасын түсінбей шығарманы толық қабылдау мүмкін емес. Бұл мәселе мұғалімдерге қиындық тудыратынын байқадық. Қалың түсіндірме сөздіктерге әркезде жүгіне беру қиындық туғызады және ол оқушылардың барлығына бірдей қолжетімді бола бермейді. Сондықтан мұғалімге де, оқушыға пайдалануына оңай, алып жүруге ыңғайлы осындай сөздік шығаруды шештік. Сөздікте мектеп бағдарламасында берілген ақынның «Мен, мен, мен едім», «Баймағамбет сұлтанға айтқаны», «Тарланым», «Ерлердің ісі бітер ме?», ««Мен-құстан туған құмаймын», «Ұл туса», «Бағаналы терек жарылса» және қосымша оқуға тапсыруға болатын «Мұнар күн», «Қызғыш құс» өлеңдері бойынша кездесетін қиын сөздердің мағынасына түсініктемелер берілген. Сөздікті құрастыруда Махамбет өлеңдеріне арнайы тілдік зерттеулер жүргізген тілші-ғалым Р.Сыздықтың «Сөздер сөйлейді», Б.Қалиевтің «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», М.Бұралқыұлының «Қазақ тілінің сөздігі», І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» еңбектері пайдаланылды.







«Махамбет бұрынғы, соңғы қазақ ақындарының ішіндегі ең бір күштісі деп саналуға тиіс. Махамбет жырлары өз заманындағытең ұанды, ең әсерлі сөз, көпшіліктің өз үні, өз тілі, өз арман талабы».

М.Әуезов


«Махамбет - ең алдымен халқын, Отанын сүйген патриот ақын. Оның өлеңдері-елін тереңнен сүюдің айқын үлгісі. Найзасына асыл сөз, өткір тілін қоса жұмсады».

Қ.Жұмалиев


«Махамбет-Абайға дейінгі ақындардың ақыны, Абылайдан кейінгі батырлардың батыры, Махамбеттің есімі-өмірдегі қасіреттің символы. Махамбет өлеңі қайталанбас, құдіретті.Шығармалары тап-таза қорғасыннан құйылған ап-ауыр асыл сөз, басқа жер бетіндегі елдің өлең-жырында жоқ».

З.Қабдолов


«Осы аралықта – ескіні жинақтап, түйіндеп, жаңаны бастауда – қазақтың төл әдеби тілінде із қалдырған сөз шеберлері тұрады. Солардың бірі емес, бірегейі Махамбет Өтемісұлы болды. Махамбет тарихта жырау емес, ақын деген атпен танылды, бірақ әдебиет пен әдеби тілдегі орны жыраулық пен ақындықтың түйіскен жерінде. Ол – жыраулар мектебінің нәрі мен барын алып, оны ақындық дәстүрге қиюластырған қаламгер».

Р. Сыздық


 «Махамбет өз дәуірінің тынысын, талабын дұрыс түсініп, көре білді. Сол себепті де ол әдебиетті жаңа бағытқа бұрды. Ең бастысы көркем әдебиетті хан сарайынан шығарып, бұқара ортасына әкелді. Әдебиеттің міндеті — әміршіге қызмет ету емес, қоғамға қызмет ету деп білді. Қоғамға қызмет ету — әр адамға, оның сезіміне әсер ету, оның бойында рух көтеру, сөйтіп көпшілікке ықпал ету деп түсінді. Осы себепті Махамбет әрбір сөздің қуатын, құдіретін барынша пайдаланған. Сөйтіп ол, көркем поэзияның өзіне тән табиғи функциясын қайта жандандырды, оны дамыта түсті. Екінші сөзбен айтқанда, Махамбет сөздің магиялық күшін, эмоциялық қуатын, эстетикалық әсерін күшейтіп, зор биікке көтерді».

С. Қасқабасов


«Қазақ даласындағы азаттықшыл ақыл-ойдың бас сардарларының санатында айбынды ақын Махамбет алдымен ауызға ілігеді. Оның жан жүрегіңді түгел баурап алатын өжет те өктем жырлары әлі күнге сай-сүйегіңді сырқыратар бостандық дұғасындай пәрменді естіледі».

Ә.Кекілбаев


«Махамбет жырларының құдіреттілігі – арман-аңсарының заманалық кесектігінде. Ұлттың азаттығы мен халықтың әлеуметтік теңдігін Махамбеттен терең жырлаған, Махамбеттей жеткізе жырлаған ақын қазақ топырағында некен-саяқ».

А.Сейдімбек


«Ақын өз кезіндегі өлең жыраулық өнер туындыларын және қазақ эпостарын, «Қырымның 40 батыры» тәрізді жыраулық энциклопедины жақсы білген».

Ә.Сарай


«Елім деп еміреніп, жерім деп тебіренген жырларында оның Отанына сүйіспеншілігі, жүрек дүрсілі, қуанышы мен қайғысы көрінеді. Махамбет жырларының көркемдігін айтпағанның өзінде негізгі қасиеттерінің бірі де осы отаншылдық өршіл сезімде жатыр».

К.Мырзағалиева


«Махамбеттегі ұлттық рух, оспа тіліміздің барлық байлығын сарқа пайдалануында десек артық айтқандық болмас еді. Сөз саптауы, сезім мен сырды жеткізу, бейнелеу тәсілдері мүлде бөлек. Сондықтан да біз Махамбет жырларын жазбай танимыз. Бұл ақын стилінің даралығы болса керек».

И.Қабулұлы


«Махамбеттің поэзиясы – шідер мен шынжырға көнбей кеткен жігерлі жеке күрескерліктің, сонымен қатар жалпыбұқаралық сипаттағы азаттық арпалысының рухты поэзиясы».

Ш.Амантай


«Махамбет өзінің болмыс-бітімін ең алдымен ел мүддесіне қызмет етуге бағыттаған, сөз құдіретін, өзінің поэтикалық дарынын төңкерісшілердің қаруына, идеологиялық үніне бейімдеген».

И.Тасмағамбетов


«Махамбет поэзиясы бодандыққа қарсы күрестің әрі ұраны, әрі теориясы болды».

О.Тұржан


«Туған жер, Отанның символдары ретінде Еділ, Жайықтың нышандарын алу Махамбеттерден келеді».

Қ.Өмірәлиев


Махамбеттің нақыл сөздері


  • Аз сөйлер де, көп тыңдар хас асылдың баласы.


  • Халық қозғалса – хан тағында тұра алмас.


  • Құс ілген қудың ұятта ісі болмайды.


  • Кәрісі кімнің жоқ болса, жасы болар дуана.


  • Ермін деген жігітті,

Кеңшілікте сынама.


  • Жақсыдан болат ұл туса – жауырынынан өтін алса да, жамандарға жалынбас.


  • Өлім – хақтың пәрмені.



  • Ханнан туған қырықтан, халықтың кегін қуатын қарадан туған біреу артық.



  • Жақсымен дос болсаң,

Алдыңнан шығар елпектеп...

Жаманмен дос болсаң,

Сыртыңнан жүрер өсектеп.


  • Шын ажалың жетпесе,

Ажалдан бұрын өлмессің.


  • Халық үшін қан төгем деп,

Қараны ханға теңеп берем деп.

Ол мақсатқа жете алмай,

Дегенімді ете алмай,

Қор болдық-ау, шырақ-ай!


  • Еңбек етіп ел үшін,

Соңымда бір қалған халқыма,

Артымда бір атақ, даңқ қалды-ау.


  • Қапыда кеткен дүние-ай,

Ақырында еш болды-ау,

Ел үшін еткен еңбегім.


  • Аламанға жел бердік,

Аса жұртты меңгердік.

Қара қазақ баласын

Хан ұлына теңгердік.


  • Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім.


  • Еділ үшін егестік...

Жайық үшін жандастық,

Қиғаш үшін қырылдық.


  • Жатып қалған тайлағы

Жардай атан болған жер.


  • Ел үшін қылыш сермедік.


  • Тоқсан тарау су ақса,

Дария болар сағасы.


  • Тоқсан тарау су ақса,

Дария болар сағасы.


  • Туған ұлдан не пайда – қолына найза алмаса, ата жолын қумаса.


  • Ханнан қырық туғанша, қарадан біреу тусайшы, атаның кегін алсайшы!


  • Алаштың байлығынан не пайда – қайыры оның болмаса.


  • Бұл дүниенің жүзінде

Айдан көркем нәрсе жоқ –

Түнде бар да, күндіз жоқ.

Күннен көркем нәрсе жоқ –

Күндіз бар да, түнде жоқ.





Тарланым


Таудан мұнартып ұшқан тарланым,

Саған ұсынсам қолым жетер ме,

Арызым айтсам өтер ме?

Арыстаным, көп болды - ау

Саған да менің арманым!

Кермиығым, кербезім!

Керіскідей шандозым.

Құландай ащы дауыстым!

Құлжадай айбар мүйіздім!

Қырмызыдай ажарлым!

Хиуадай базарлым!

Теңіздей терең ақылдым!

Тебіренбес ауыр мінездім!

Садағыңа сары жебені салдырған,

Садағының кірісін

Сары алтынға малдырған.

Тереңнен көзін ойдырған,

Сұр жебелі оғына

Тауықтың жүнін қойдырған.

Маңдайын сары сусар бөрік басқан,

Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан.

Айқайласа белдік байлаған,

Астана жұртын айналған,

Астына тұрман болсам деп,

Жұртына құрбан болсам деп,

Адырнасын ала өгіздей мөңреткен;

Атқан оғы Еділ - Жайық тең өткен:

Атқанын қардай боратқан,

Көк шыбығын қанды ауыздай жалатқан,

Арыстан еді - ау Исатай!

Бұл фәнидің жүзінде

Арыстан одан кім өткен?


Тарлан - арғыл,шұбар сепкілді аралас түс. Ителгінің түрі қара тарлан.(Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 619б)

Шандоз - өрен жүйрік,жеңімпаз. Сұлу,көркем. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 719б)

Кербез - керіліп-созылған, сәнқой. Сұлу. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 305б)

Керіскедей - келіскен, көз тартатын, үлкен. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 308б)

Құлжа - ірі үлкен.(Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 373б)

Айбар - айбат, айбын, қаһар. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 19б)

Адырна - садақтың дөңес болып иілген бөлігі. (Қаз.этнография., 1,65), (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 13б)

Сусар бөрік - бөрік елтіріден, аң терісінен жиек жүргізіп тігілген дөңгелек бас киім. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 110б)

Тұрман - ер-тоқымның жабдығы. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 654б)


































Ереуіл атқа ер салмай


Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Қоңыр салқын төске алмай,

Құбыланы төрткүл оңға алмай

Тебінгі терге шірімей,

Терлігі майдай ерімей,

Алты малта ас болмай,

Өзіңнен туған жас бала

Сақалы шығып жат болмай,

Ат үстінде күн көрмей,

Ашаршылық, шөл көрмей,

Арып-ашып жол көрмей,

Өлеңді төсеп ет жемей,

Ер төсектен безінбей,

Ұлы түске ұрынбай,

Түн қатып жүріп, түс қашпай,

Тебінгіні теріс салмай,

Темірқазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай,

Ерлердің ісі бітер ме?!


Махамбет өлеңдерінің тіліне терең талдаулар жасаған тілші-ғалым Р.Сыздықованың «Сөздер сөйлейді»(Алматы, Мектеп, 1980) кітабына сілтеме жасап отырған абзал. Мысалы, осы өлеңдегі ереуіл сөзін алайық. Бұрынғы оқулықтарда оның мағынасы ерттеулі ат деп түсіндіріліп келген. Р.Сыздық бұл түсінік қате екенін атап көрсетеді. Ғалымның пайымдауынша, Махамбеттің аталған өлеңі 1910 жылы Орынборда «Шайыр» деген баспада жарияланған және кітапты құрастырушы ақын Омар Қараш ереуіл атқа мінбей сақталған ат деп түсінік береді. Міне, осы түсінікті басшылыққа ала отырып, Р. Сыздық ереуіл ат деген сөздің мағынасын мықты, ұрысқа жарамды ат деп түсіндіреді. Кейінгі сөздіктерде бұл сөздің мағынасы жорыққа алып жүретін ат (Кеңесбаев), ұзақ жортуға шыдамды, берік, мықты (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 1978) деп берілген[27,56]. Біз де осы түсінікntмелерді басшылыққа аламыз, осы өлеңдегі ереуіл ат-ұзақ жортуға шыдамды, берік, мықты ат деген мағынада деп түйіндейміз және өлеңді оқыту барысында солай түсіндіріледі.

Дәл осылайша өлеңдегі толағай сөзін түсіндіргенде де қателіктерге жол бермеу үшін ғалымның пікіріне жүгінгеніміз дұрыс: бас деп түсіндіріліп жүрген сөздің мағынасы қу толағай тіркесі түрінде жұмсалғанда, біздің байқауымызша, тек «бас» деген ұғымды емес, тақыр бас, жалаңаш бас дегенді білдіреді. Сонымен, қу толағай-тақыр бас, жалаңаш бас

Бұдан басқа да өлеңдегі түсіндірілуге тиіс сөздер:

Егеулі найза - өткірленген, қайралған, егеленген (күрек,найза)

Еңку-еңку - кедір-бұдыр, ойлы-қырлы жер

Тебінгі - тоқым қысқа болғанда аяқ киім мен шалбар балағын қорғайтын ер-тұрман құрамына қатысты әбзелдердің бірі

Терлігі - тоқымның астына салатын, қойдың жабағы жүнінен тер сіңіру үшін жасалатын киіздің бір түрі

Сөздердің мағынасы дұрыс түсіндірілгенде ғана ел қоғауға аттанған жауынгердің портреті жасалады: ереуіл атқа мінген, егеулі найза ұстаған, еңку-еңку жер шалған, тебінгісі әбден тер сіңіп, шіріп тозса да, ал терлігісі майдай іріп, яғни, үгітіліп кетсе де төзімділік танытатын, жас баланың сақалы шығып шал болғандай ұзақ уақыт болатын көтеріліске шыдайтын, өзегі талып ет жемей, ашаршылық, шөлге төтеп беретін ...ер жігіт. Бұл Махамбеттің өз жауынгерлеріне ғана емес, елі үшін ұлы күрестердегі жеңіс осындай төзімділікпен келетінін, ел мүддесін өзінің жеке басынан артық қоятын нағыз ерлерге арналған сөздер.Сондай-ақ өлеңдегі

Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай-

деп келетін жолдардағы ассонанс,

Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,

Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай-

деген өлең жолдарындағы аллитерация, ассонанс Махамбет Өтемісұлының асқан шеберлігі ретінде түсіндіріледі.













Мен құстан туған құмаймын


Мен - құстан туған құмаймын,
Бір тұлпарға жұбаймын.
Сауырыма қамшы тиген соң
Шаппай неғып шыдаймын?
Мен - түбін кескен бәйтерек,
Толқын соқса құлармын.
Еріскендей ер болса,
Соғысқандай жер болса,
Бірме-бірге келгенде
Әлі де болса бір тәңіріге жылармын.
Мен - қарақұстан туған
қалықпан,
Сөйлер сөзге жалықпан,
Көптер көзін тіккендей,
Көп соңыма түскендей
Көптің несін алыппын?!
Тыңда,халық,әлеумет,
Көп кісіден анықпын!


Құмай - таулы жерді мекендейтін ірі жыртқыш құс. (Қазақ тілінің сөздігі.- Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 422 б )

Қалықпан - тазқара, сақалтай, құмай деп те аталатын бүркіт тұқымдас құс. (Қазақ тілінің сөздігі.- Алматы: “Дайк-Пресс” баспасы, 1999.- 367 б )





















Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны


Алай ма, сұлтан алай ма!

Астыма мінген арғымақ

Аяңдап түсіп марай ма?

Арғымақ дейтін жығылар,

Найза бойы жар келсе,

Жабыдайын жалтаңдап,

Түсер жерін қарай ма?

Арғымақ атқа айдай таға қақтырса,

Кілегей қатқан Еділдің

Көкше мұзынан таяр ма?!

Ата ұлының баласы

Асыл ерге малың бер,

Малың бер де басын қос,

Басыңа тарлық түскенде

Ардақтаған әділ жанын аяр ма?


Жабы - байырғы қазақ жылқысының бір түрі. Денесі ірі, басы дөрекілеу, мойны қысқа, кеудесі жең, жоны жалпақ сауырлы, құйрық-жалы қалың әрі ұзын, денесі тығыз етті болады. Бұл жерде жабы , арғымақ сөзіне қарама-қарсы мағынада, арғымаққа қарағанда батырдың аты болуға, соғысқа алып жүруге жарамсыз деген мағынада қолданылып тұр. (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі: Алматы 2014ж 171 б)



























Мен - мен едім, мен едім!


Мен - мен едім, мен едім!

Мен Нарында жүргенде

Еңіреген ер едім.

Исатайдың барында

Екі тарлан бөрі едім.

Қай қазақтан кем едім?

Бір қазақпен тең едім.

Өздеріңдей хандардың,

Қарны жуан билердің

Атандай даусын ақыртып,

Лауазымын көкке шақыртып,

Сұлтанын суға сұлатып,

Ханшасын қақпа алдында жылатып,

Ернін еттей тесісіп,

Кеңірдегін кесісіп,

Жыраға басын түсіріп,

Жылғадан қанын ағызып,

Басын кессем деп едім!

Еділдің бойы ен тоғай -

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге

Мал толтырсам деп едім.

Еңсесі биік ақ орда -

Еріксіз кірсем деп едім.

Керегесін кескілеп,

Отын етсем деп едім.

Туырлығын тескілеп,

Тоқым етсем деп едім.

Тақта отырған хандардың

Төрде отырған ханымын

Қатын етсем деп едім.

Әлдилеген баласын

Жетім етсем деп едім.

Хан сарқыты - сары бал -

Сұраусыз ішсем деп едім.

Ханның киген кіреуке -

Үстіме кисем деп едім.

Қанікейдей көріктіңді

Қалыңсыз құшсам деп едім.

Тінікейдей тектіңді,

Ителгі көзін төңкертіп,

Күшіктей даусын қыңсытып,

Аш күзендей белін бүгілтіп,

Әділ жаннан түңілтіп,

Ат көтіне үңілтіп,

Артыма салсам деп едім.

Тілекті құдай бермеді -

Өздеріңдей хандарды

Осылай бір қылсам деп едім!

Мен - мен едім, мен едім!

Мен Нарында жүргенде

Еңіреген ер едім.

Исатайдың барында

Екі тарлан бөрі едім.

Ерегіскен дұшпанға

Қызыл сырлы жебе едім.

Жақсыларға еп едім,

Жамандарға көп едім.

Ерегіскен дұшпанның

Екіталай болғанда

Азыққа етін жеп едім.

Хан баласы ақсүйек -

Ежелден табан аңдысқан

Ата дұшпан сен едің,

Ата жауың мен едім.

Ежелгі дұшпан ел болмас,

Етектен кесіп жең болмас!

Хан баласы ақсүйек -

Байеке сұлтан сен болып,

Сендей нарқоспақтың баласы,

Маған оңаша жерде жолықсаң,

Қайраңнан алған шабақтай

Қия бір соғып ас етсем,

Тамағыма қылқаның кетер демес ем.



Нарын - Атырау облысы орналасқан жер атауы.(Жер-су атауларының анықтамалығы. - Алматы: Арыс баспасы,2009. - 231б)

Қарны жуан - шектен тыс сараң, қытымыр, бай адам. (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. - Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 2008. - 489б)

Атандай - арыстандай, еңгезердей. (Қазақ сөздігі. - Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. - 118б)

Лауазым - жоғары қызмет, атақ-дәреже. (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. - «Мектеп» баспасы, 2008. - 365б)

Туырлық - киіз үйдің керегені жауып тұратын киізі. (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. - Алматы: «Мектеп» баспасы, 2008. -567б)

Хан сарқыты - басқа ауылға қыдырған, тойға барған кісілердің өз ауылдарына алып кететін дәмі.

Осы орайдағы басқа жұртта жоқ тағы бір рәсім - хан атқа мініп, ордаға түскен кезде әр тайпадан, әр тайпадан, әр тараптан арнайы іріктелген қаншама адам ханның өрістегі малын, қозы - лақ, құлын - тайына дейін түк қалдырмай бөліске салады. Бұлт рәсім хан сарқыты деп аталады. Ханға малдың керегі жоқ. Хан - ел иесі, жұрт тұлғасы, елде бар болса, ханда да бар, ханның халықтан бөтен тілегі болмауға тиіс деген сөз. Сонымен қатар жақсы ырым. Сайлауға келе алмаған жұрт тойдан дәм татады, хан малының тұқымы қалған елге құт әкеледі. Ырым, наным ғана емес, мақтан. Өзінің ұлттық мемлекетінің басында отырған, халық қалауымен көтерілген ханға деген биік құрмет белгісі. (Қазақ тіліндегі көне және сирек қолданыстағы сөздер сөздігі. Алматы: «Дәуір»- баспасы, 2021. - 338б)

Кіреукедей - оқтан, найзадан қорғану үшін жорыққа киетін темір сауыт.

Кіреуке сияқты мықты, берік. (Қазақ сөздігі. - Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. - 118б)

Қаныкейдей, Тінікейдей - Қаныкей, Тінікей - бұл ертедегі халық ауыз әдебиетінде кездесетін күн астындағы Күнікей деген сияқты қазақ әйелдерінің есімі. Тарихтан Тоқтамыс ханның Қаныкей, Тінікей атты апалы-сіңілі қыздары болғаны белгілі.

Текті - қазақ біреуден жақсылық көрсе, «текті елдің ұрпағы ғой, текті екен» деп жатады. Себебі, қазақ баласы үшін «асылдың қиығы», «тектінің тұяғы» деген сөзді есту – үлкен мәртебе. Жомарттық, кеңпейілділік, бауырмалдық, үлкен алдында иіліп, кіші алдында сызылып тұратын адамгершілік – осының барлығы тектіліктің белгісі. Демек, тектілік – адам бойындағы барлық көркем мінездің жиынтығы.

Ақсүйек - билеуші таптардың өкілі, алпауыт тұқымы. (Қазақ тілінің сөздігі. Алматы: « Дайк-Пресс» баспасы, 1999. - 28б)

Нарқоспақтың баласы - жатық өркешті түйе. Бір өркешті нар мен қос өркешті түйенің будандасқан түрі (төлі). (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. - Алматы: «Мектеп» баспасы, 2008. -407б)














Ұл туса


Күн қақты ердің астында

Көп жүгіретін күлік бар.

Көн садақтың ішінде

Көбе бұзар жебе бар.

Қарайғанның, жігіттер,

Бәрін кісі демеңіз -

Күпе-күндіз тайраңдап,

Түзге шықпас ерлер бар.

Тауда болар тарғыл тас,

Тарықса шығар көзден жас.

Ордалыға көз салсаң,

Оғы қалса жоғалмас.

Топтан озған тарлан боз,

Тұрасынан айрылса,

Тасты басып тұра алмас.

Асылдан болат ұл туса,

Екі жақ болып тұрғанда,

Егескен жерде шарт кетер,

Жауырынынан өтін алса да

Жамандарға жалынбас!

Туған ұлдан не пайда?

Алтын тақты хандардың

Хандығынан не пайда,

Қаріп пенен қасірге

Туралық ісі болмаса?

Алаштың байлығынан не пайда,

Құланнан басқа ел таппай,

Қонарына жер таппай,

Маңқиған сары даладан

Екіндіде құлаған

Тарығып келген ерлерге

Қайыры оның болмаса?

Ақ жұмыртқа, сары уыз,

Әлпештеп қолда өсірген

Туған ұлдан не пайда,

Қолына найза алмаса,

Атаның жолын қумаса?!


Күлік - тұлпар, жүйрік. (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. - «Мектеп» баспасы, 2008. - 283б)


Көбе бұзар - кез оқтың бір түрі. (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. - Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 2008. - 403б)

Жебе - садақ оғы. Жау жолына құрылған кедергі. (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. - Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 2008. - 286б)

Алаш - қазақ тайпаларының ең алғаш қауым болып біріккен одағы. Ел-жұрт, қауым, көпшілік. (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. - «Мектеп» баспасы, 2008. - 39б)

Екінді - бесін мен ақшам арасындағы мезгіл. (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. - «Мектеп» баспасы, 2008. - 220б)

Ақ жұмыртқа, сары уыз - ана бауырындағы әлпешті нәресте. (Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. - Алматы: “Ғылым” баспасы, 1977. - 27б)






































Бағаналы терек


Бағаналы терек жарылса,

Бақыраш жамап болар ма?!

Қарағайға қарсы бұтақ біткенше,

Еменге иір бұтақ бітсейші

Қыранға тұғыр қыларға.

Ханнан қырық туғанша,

Қарадан бір-ақ тусайшы,

Халықтың кегін қусайшы,

Артымыздан біздердің

Ақырып теңдік сұрарға!


Бағаналы - бағана деген сөзден шыққан. Басы аша түрінде келетін үйдің тіреуі. Жерге тікесінен қадаған жұмыр діңгек,жуандау бөрене. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 74б)

Бақыраш - кішіректеу бақыр. Металлдан жасалған шөміш,ожау. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 79б)

Иір бұтақ - иіріліп келген, қисық, ирек (бұтақ,тұмсық). (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 286б)

Тұғыр - қолға үйретілген саят құстың қонақтайтын орны, биіктеу ағаш қондырғы. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 651б)

Қарадан - осы жерде халық арасынан шыққан қарапайым адам;бұқара халық.

(Қазақ тілінің сөздігі.- Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы,1999.- 376б)























Мұнар күн


Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн,

Буыршын мұзға тайған күн,

Бура атанға шөккен күн,

Бұлықсып жүрген ерлерден

Бұрынғы бақыт тайған күн,

Қатарланған қара нар

Арқанын қиып алған күн,

Алма мойын аруды

Ат көтіне салған күн,

Бұлаңдай ерді кескен күн,

Буулы теңді шешкен күн,

Сандық толы сары алтын

Сапырып судай шашқан күн -

Түс қыла гөр, құдайым,

Біздей тақ мейманасы тасқанға

Біздің ер Исатай өлген күн!

Он сан байтақ бүлген күн!

Орта белін сырлаған

Оқ жаңбырдай жауған күн;

Оң қанатын теріс жайып,

Лашын қуға төнген күн,

Желпілдеген ала ту

Жиырылып ойға түскен күн;

Жез қарғылы құба арлан

Жез қарғыдан айрылып,

Қорашыл төбет болған күн,

Аса шапқан құлаша ат

Зымырандай болған күн,

Арқаулының бойынан

Теріскей дауыл соққан күн;

Сағағы болат қылыштың

Балдағынан сынған күн.

Хас бәйтерек жығылып,

Жығылғаны естіліп,

Алыстағы дұшпанның

Қуанып көңілі тынған күн!


Буыршын - аруана мен үлектен туған төрт жасар бура; інген бұзар. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 113б)

Бура - бура шөгеру: Айыр түйенің келеге түсетін еркегі.Күйі келген інгенді шөгеріп, оған шабынған бураны әкеліп салу арқылы інгенді қайыту (ұрықтандыру) тәсілі. (Қаз.этнография., 1,544)

Бұлаңдай - бұлаң:бұлаң етті – қылт етіп көрінді, сылаң етті. Бұлаңда:Шұбаланған ұзын нарсенің ырғалып теңселуі; ерсілі-қарсылы қозғалуы. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 116б)

Буулы тең - тең көлікке арту үшін буы-түйген жүк. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 631б)

Бүлген - талқандалу, ойрандалу, жаудан жеңілу мағынасын беретін көне сөздердің бірі. (Р.Сыздық, XVIII-XIX ғ қаз.әдеб.,73)

Қу - иілген ұзын мойынды, әдемі сұлу құс; аққу. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 412б)

Жез қарғы - иттің мойнына тағатын жалпақ қайыс. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 381б)

Құба арлан - ақшыл сұр, бозғыл, сұрқай(түс). (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 416б)

Cағағы - жылқының сағалдырық тұратын тамағының астыңғы жағы. Бір нәрсенің екінші нарсемен түйіскен жері. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 543б)

Балдақ - қылыштың семсердің сабындағы қол тіреп тұратын темірі. (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. - Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 2008. - 89б)

Теріскей - cолтүстік жақ, терістік (Ауылдың теріскейін орап өтетін жарлы сай. (Қазақ тілінің сөздігі.-Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 1999.- 634б)























Қызғыш құс өлеңі


Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,

Қанатың қатты, мойның бос.

Исатайдан айрылып,

Жалғыздықпен болдым дос.

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!

Ел қорғаны мен едім.

Мен де айрылдым елімнен;

Көл қорғаны сен едің,

Сен де айрылдың көліңнен.

Аспанда ұшқан қызғыш құс!

Сені көлден айырған -

Лашын құстың тепкіні.

Мені елден айырған -

Хан Жәңгірдің екпіні.

Айтып - айтпай немене,

Құсалықпен өтті ғой,

Махамбеттің көп күні!


Қызғыш құс – желкесінде қара қауырсынды айдары бар, кішкентай қоңыр ала құс.

Құсалық – құса болғандық (уайым, шер), қасіретке батушылық.

Лашын құс – тепкіні қатты тегеурінді құс.






Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
08.00.2025
43
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі