Қазақ әдебиетінің классигі Бердібек
Соқпақбаевтың туғанына - 100 жыл
Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда
Алматы облысының Нарынқол ауылында туған. Абай атындағы Қазақ
педагогикалық институтын, кейіннен Мәскеуде Жоғары әдеби курсты
бітірген. Біраз жыл ауыл мектебінде бала оқытқан. «Қазақ әдебиеті»
газетінде, «Балдырған» журналында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм»
киностудиясында істеген. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағында
балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған.
Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950
жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Кейін балалар мен
жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман
жазған. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір
қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар»
секілді туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген
тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы
Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында
(Франция) өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі
(Б.Соқпақбаевтың сценарийі) арнаулы жүлдеге ие болды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет
Грамотасымен марапатталған.
Жақында ғана қазақ әдебиетінің көрнекті
өкілі, классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына
арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі Алматы облысы
Райымбек ауданының Нарынқол ауылында өткен болатын. Іс-шараға
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент Сенатының Төрағасы
Мәулен Әшімбаев қатысып, жергілікті жұртшылыққа ел Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берген еді.
«Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетінде
ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Ардақты
азаматтың есімін ұлықтап, еңбегін ел жадында жаңғырту – бәрімізге
ортақ парыз. Осы орайда, жазушының 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы
күндері тізбесіне енгізілуі және туған жерінде сәулетті
ескерткішінің бой көтеруі – әйгілі сөз зергеріне деген
қадір-құрметтің белгісі. Қаламгердің өзіне ғана емес, оның
кейіпкеріне ескерткіш орнату – өте сирек кездесетін оқиға. Астана
төрінде тұрған Қожаның мүсіні Соқпақбаев шығармашылығының ұлт
руханиятында ерекше орын алатынын көрсетеді», –Қиын заманда өмір
есігін ашқан Бердібек 8 жасында анасынан айырылды, бұл оның өмір
бойы айнымас азабы болып қалады. Баланың бойына білімге деген
сүйіспеншілікті кейін соғыста қаза тапқан ағасы Сатылған сіңірткен.
Бала аштық пен ауыр жұмысты және т.б қиыншылықтарды басынан
өткерген. Дегенмен, ол өте ізденімпаз, қабілетті бала болғандықтан
оның өмірі жақсы бағытқа бет ала бастайды.
Мектептен және ФЗО-дан кейін ол әскерде
қызмет етіп, кейін Алматыда Абай атындағы Қазақ педагогикалық
институтының филология факультетінде оқып бітірген соң туған
ауылында екі жыл ұстаз болып жұмыс атқарды. 1950 жылдан бастап
Алматы қаласындағы «Пионер» және «Қазақстан пионерлері» қазақ
газеттерінің редакцияларында қызмет еткен. Кейіннен өзінің талабына
орай Соқпақбаев Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітіреді.
Ал шығармалары туралы айтатын болсақ,
«Бұлақ» (1950) өлеңдер жинағы, «Он алты жасар чемпион» (1951),
«Бақыт жолы» (1952), «Алыстағы ауылда» (1953), «Балалық шаққа
саяхат» (1960). Бұл повестьі бойынша жазылған киносценарий де
фильмге түсірілді (1965).
«Дала жұлдызы» (1960), «Аяжан» (1963, орыс
тілінде 1965), «Гауһар» (1966) повестерін жазған.
Б.Соқпақбаевтың ең танымал шығармаларының
бірі «Менің атым Қожа» повесті (1957) кітабы балалардың сүйіп
оқитын шығармасына айналып, орыс, украин, француз, литва, латыш,
өзбек тілдеріне аударылды. Аталған туындыны 1963 жылы «Қазақфильм»
студиясы сол кітап бойынша жазылған киносценарийді экранға шығарды.
«Менің атым Қожа» фильмі француздың Канн қаласындағы жастар мен
балаларға арналған кинофильмдердің халықаралық фестивалінде (1967)
арнайы сыйлыққа ие болды.
Әдебиет айдынына алғашында ақын болып
келген Бердібек проза жанрларында қалам тербей бастайды. Кейіннен
ол драмалық шығармаларды да жазған. Атап айтқанда, «Бозтөбеде бір
қыз бар», «Әпенденің айласы», «Менің атым Қожа» т. б. драмалық
шығармалары бар.
Сондай-ақ, Б.Соқпақбаевтың қырқыншы
жылдардағы жастар өмірінен жазған өзгеше шығармасы «Өлгендер қайтып
келмейді» романы орыс тіліне аударылып басылды.
Бердібек Соқпақбаев әдебиет әлеміне басқан
алғашқы қадамы болып саналатын 1950 жылы жарық көрген «Бұлақ»
(Көктем) жыр жинағы бірден өз оқырмандарын тапты. Қаламгерлердің
назарын өзіне аударған жазушының келесі кітабы – «Он алты жасар
чемпион» повесі. Бердібек Соқпақбаев
туралы сөз болғанда менің есіме ең алдымен «Балалық шаққа саяхат»
атты шығармасы еске түседі.
Өйткені «Балалық шаққа саяхат» Бердібек
Соқпақбаевтың өзі өмір сүрген ортаның боямасыз көрінісі. Сонымен
қатар, бұл шығармасында жазушының шеберлігіне танті болмай тұра
алмайсың.
Қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын
өзіндік өрнегін салған қаламгер өмірдің шынайы бет-бейнесін
суреттеуге қарапайым баяндау арқылы оқырыманын өзіне бірден баурап
әкететін. Әсіресе, шығармаларындағы кейіпкерлердің психологиясын,
мінез-құлқын бейнелеуде ерекше жол таба білген жазушы.
Бердібектің алғашқы өлеңдері «Жастар
даусы» (1949) атты жинаққа кірген. Кейіннен «Лениншіл жас»,
«Қазақстан пионері» газеттері мен «Пионер» журналдарында жиі
басылып тұрған.
Филология ғылымының докторы, профессор
Серік Қирабаевтың айтуынша, «Бұлақ» деген атпен 1950 жылы басылған
Бердібектің балаларға арналған өлеңдер жинағы жарық көрген кезде
қазақ әдебиетінде балалар әдебиеті онша дами қоймаған кез еді.
«Балаларға арналады» деген шығармалардың өзі балалар туралы
үлкендердің көзімен суреттелген өмірдің бейнесі болатын. Балалар
характері, бала психологиясы дегенге онша мән беріле бермейтін.
Балаларға арналған өлеңдердің жаттауға ыңғайлы ойнақылығы, ырғағы,
ой тапқырлығы ескерілмейтін. Ғалымның келтірген деректеріне
сүйенсек, алғашқы өлеңдерімен-ақ Бердібек осы олқылықтардың орнын
толтыруға қызмет етті. Оның «Бұлағында» шын мағынасындағы кіші
мектеп жасындағы балаларға лайық жырлар мол болған.
Сол жылдардан кейін-ақ, Бердібектің «Он
бес жасар чемпион» атты повесі «Пионер» журналында басылса, 1953
жылы «Бақыт жолы» деген әңгімелер жинағы жарыққа шыққан. Сөйтіп, ол
әдебиетке еркін еніп, балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің
қатарына қосылған. Оның сол кездегі замандастары шын балаға тән
мінезі бар әдебиет Бердібектен басталады деп баға берген. Сөйтіп
қазақ балалар әдебиеті Соқпақбаевтың түсінуге жеңіл әрі астары мол
шығармаларымен алғашқы ірге тасы қаланған.
Көптеген әдебиет сыншылары Бердібек
Соқпақбаевтың әрбір шығармасы боямасыз, шынайы суреттелген деп жиі
айтады. Иә онысы рас, «жазушының кейіпкерлерін асыра мақтап,
ешқашан көтермелеп, әсірелеп жазбаған» дейді Жүсіпбек Қорғасбек
«Өзгеше ойлы қаламгер» жазбасында. Оның басты артықшылығы осында
еді. Бір мысал келтіре кетейік, «Балалық шаққа саяхат» повесіндегі
барлық кейіпкерлері өмірдің тура өзінен қиып қана алған адамдар.
Бір қарағанда қарапайым жолмен ғана әңгімелеу арқылы оқырманға
айырықша әсер қалдырады. Осы шығармасын оқи отырып, жазушының бала
күніндегі қазақ ұлтының дәстүрлі өмір ағымынан айрылып, екінші бір
заманға ауысу кезіндегі өмірді айна қатесіз шеберліктпен
суреттеген.
Бердібек өмірде көңілді, тапқыр,
әзіл-қалжыңы аузында жүретін, сөзге жүйрік жігіт болған. Сол
ерекшелігін оның шығармаларынан айқын аңғарылады.
Балаларға арнап жиырмадан аса туынды
жазған Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі «Менің атым – Қожа» повесі
бастапқыда протестік шығарма деп танылған. Сондықтан бұл туынды
ұзақ уақыт қолжазба күйінде жатады. Повесть ең алдымен орыс тіліне
аударылып, Мәскеудегі «Детская литература» баспасынан жарық көрді.
Содан кейін аталған шығарма француз тіліне аударылады. Көптің
көңілінен шыққан туынды артынша әлемнің 30 тіліне аударылып
шыққан.