Тақырыбы:Қазақ батырларының жауынгерлік құралдары
Мазмұны:
1 Кіріспе бөлім
1 Қару туралы түсінік
Тарихқа терең үңілсек, ата – бабаларымыз қазақ даласын жаулап алу саясатын жүргізген жауларының шапқыншылықтарынан қорғауда ғасырлар бойы күресіп келген. Осындай жаугершілік заманында қазақ батырлары қолдарына қару алып елді, жерді азат еткен ерлердің есімдері ұранға айналып, олар ұстаған қарулар ұрпақтан-ұрпаққа мұраға қалып отырған. Ер азаматтың жаугершілік заманда жаумен шайқасқанда жеңіске жетуі оның астындағы тұлпары мен үстіндегі сауыты, қару-жарағына байланысты екені белгілі. Халқымыз бұл ойды «ер қанаты -ат»,«ер қуаты–қаруы» деп тұжырымдаған.Осы тұрғыдан алғанда қазақ халықының қаруы оның ерлікке толы өмірінен мәлімет беріп,еркіндікке ұмтылған мақсатын көрсете ді.
Қазақтың қару-жарақтары, әскери өнері, сауыт-сайманы, көшпелілердің соғыс тәсілдері жайлы тақырыптарда көптеген ғылыми зерттеулер, танымдық анықтамалар жарыққа шықты. Қазақ қаруын этнографиялық тұрғыдан алғаш зерттеушілердің бірегейі ғалым – Ш. Уәлиханов болды. Оның «Вооружение киргизов в древние времена и их военные доспехи» атты зерттеуінде және басқа еңбектерінде XVIII - XIX ғғ. қазақтың суық және от қарулардың түрлері мен типтерін, жасалу технологиясы, қазақ тіліндегі дәстүрлі кәсіби атаулары, олардың қолданылуы, қазақ халқының қару-жарақпен байланысты ырымдары туралы мәселелер қарастырылды [1].
2 Незгізгі бөлім
2.1 Қарудың тарихы

Қазақ даласын мекен еткен байырғы көшпелi халықтарда қару-жарақ түрлерi мен типтерiнiң қалыптасу тарихына тоқталатын болсақ, олардың қару-жарағы алыс қашықтықта, орта қашықтықта және жақын дистанцияда қолданылатын қарулар және қорғаныс жарағы болып бөлiндi.
Қазақ халқы қару-жарақты қадірлеп, жеті қазынаның біріне жатқызып, әдетте оларға қылышты, найзаны, садақты, сауытты, шоқпарды жатқызған. Қазақ батырлары соғыс кезінде жекпе-жек шайқастарда садақпен ату, найзамен түйреу, қылышпен кесу, балталасу мен шоқпарласу түрінде өткен. Содан болар, халық арасында «Ер қаруы - бес қару» деп айтылған. Қарудың түрі бесеу болатындығы туралы Қ.Ахметжанов былай дейді: «Қару-жарақ түрлерінің бесеу болып қалыптасуы олардың өзіндік, бірін-бірі ауыстыра алмайтын жеке қызметінің (функциясының) болуына байланысты. Соғыс қаруларының жұмсалу тәсілі бес түрлі болып қалыптасқан. Олар – ату (садақ не мылтық), кесу (қылыш), түйреу (найза), шабу (айбалта), соғу (шоқпар). Басқа қарулар осы бесеуінің вариациялануы, түрленуі ғана. Сондықтан айқаста бұл бес қару бірінің орнын бірі баса алмайды» [2, 46-б.]. Ал «қару» және «жарақ» сөздерінің астарына үңілу халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі қасиетті құралдың орнын анықтауға көмектеседі. Зерттеушілер бұл екі сөздің «қару» сөзі «қар» деген түбірден туындап, ұстау деген мағынаны білдірсе, «қару» қолға ұстайтын соғыс құралдарының ортақ атауына айналған.Ал, «жарақ» сөзіне байланысты пікірлер алуан түрлі, олардың кейбіріне тоқтала кетсек, мысалы М. Қашқаридің «Диуани Лұғат-ат түрік» еңбегінде «jarыk-жарақ:шайқасқа киіп шығатын темір сауыт, қалқандардың кез-келгеніне қолданатын ортақ атау» [3,25-б.] деп көрсетілген. Тарихта көшпелілер өмірінде қару асынып жүру жаугершілік заманда ғана емес, бейбіт өмірде де дәстүрге айналды. Қазақ халқының тарихы мен олардың шаруашылығына байланысты жазылған еңбектерде көшпелілік қазақтардың әдет құқықтарына тәуелді болғандығы туралы айтылады. Көп ғұмырын соғыспен өткізген қазақ халқы арасында тараған «Борышыңды көпке созба, қаруыңды үйде қалдырма» деген мақал, сөзге ой түйген бабаларымыз батырдың жарақсыз құр қара күшке сенуін құптамағандығын қуаттайды.Қайрат-күші кемімеген батыр өз еркімен қаруынан айрылмайды. Қаруынан айрылу өліммен тең. Батыр қаруынан айрылса басынан бағы тайғандай күй кешеді, ол тек қолына қаруын қайта түсіріп, атына мінгенде ғана қайраты арта түседі. М. Қашқари сөздігінде басында дулығасы, үстінде сауыты жоқ ерді «башнақ ер» деп атайды, оны аударған А. Егеубай «жалаң деген мағынаны білдіруі мүмкін» дейді[3,526-б.].Осы ойлар да халықтың «Қару дайындаған құлын болар, қаруды ұмытқан тұтқын болар» деген бір ауыз сөзімен түйінделген. Қазақ жоңғар қақтығысы кезінде, қазақ хандары мен сұлтандар, билер мен батырлар Мәртөбе мен Күлтөбенің басына жиналып кеңес құрған.Кеңеске келген жауыңгердің бірде-бірі жиналысқа қарусыз келмеген. Қарусыз келген жауыңгерге орын берілмеген және ол сайлауда дауыс бере алмаған. Тынымсыз соғыстар, қазақ даласын жаулап алу мақсатында жүргізілген шапқыншылықтардан қорғану мақсатындағы күрес қазақтың бойында жауынгерлік, батырлық дәстүрді қалыптастырды. Хандар мен сұлтандардың өзі сыртқы саяси мәселелерді шешкенде белгілі батырлардың әскери және саяси қолдауына сүйенді. Ханның күштілігі мен беделі оны қолдаушы батырлардың тектілігі мен саны арқылы да танылды. Ханның өзі кейде жорықтардан қалып, батырларды жасақтарымен бірге аттандырып отырған. Көшпелі халықтың алыс, орта және жақын қашықтықта қолданылатын қарулар және қорғаныс жарақтар болып бөлiндi. Ерте заманнан евразиялық көшпелi халықтар жауынгерлерiнiң алыс қашықтықта айқаста қолданған басты қару түрi-жақ болды. Белгiлi қару зерттеушi М.В.Горелик жақтарды конструкциясына байланысты қарапайым типi, күшейтiлген типi, күрделi типi, құрамды типi деп 4 типке бөледi [4,59-б.].Археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған заттай деректерге сүйенсек көшпелi садағының ең көне түрi «скифтiк типтегi садақ» деп аталатын түрi болды. Жақтың ұзындығы шамамен 60-80 см, соған сәйкес оғының ұзындығы 60-70 см болды. Дала көшпелiлерінің б.з. дейiнгi III ғасырдан бастап садақтың жасалуы әрi жетiлдiрiлiп, алысқа ату үшiн адырнаның иiндерi ұзартылып, бастары мен белi атқан кезде қозғалмас үшiн 7 сүйектермен күшейтiлген болып жасалған. Садақтың бұндай түрін ғалымдар көшпелі жауынгер ғұндар садағы деп атады. Еуразия аумағын б. з. I-II мыңжылдығында мекендеген көшпелілер жақтарының жекелеген түрлерi осы ғұн садағының негiзiнде дамыды. Археологиялық қазба кезінде ғұн, түркі заманына жататын обалардан мұндай адырна сүйектері жиі табылған.
Б.з. V-VI ғасырларында ғұн садағын әрi қарай жетiлдiру барысында пайда болған «түркi садағының» басты ерекшелiгi - оның иiнiң iшкi бетiне сүйек салып,сүйектiң серпiндi күшi қолдануында. Археологиялық қазба барысында табылған садақ қалдықтары, адырна сүйектері, жақтың кішкене модельдері көне түркілердің бейнелеу өнері ескерткіштерінде садақтың суреттері, оның формасын, көлемін, белге тағылу әдісін толық қалпына келтіруге мүмкіндік беретінін Қ.Ахметжанов еңбектерінде қамтылған[2,53 б.].
Бұл садақ та күрделi - құрама садақ болды, ұзындығы 120 сантиметр. XIII ғасырда көшпелiлер садағының төртiншi түрi – «моңғол садағы» қолданысқа ендi. Бұл садақтың адырнасы екі түрлі ағаштан жасалынып, иіндері бір немесе екі жағынан сүйекпен күшейтілген. Санк –Петербургтегі этнография музейінде қойылған моңғол садағының иінінің екі жағынан сүйекпен күшейтілген. Иіні мен басының түйіскен жерінде кіріс адырнаны қатты ұрмас үшін сүйектен яғни малдың бақайшағынан жасалған қорғаныш бар. Жақты бұлай жасау сол кезеңдегі күллі түркі монғол халықтарына ортақ жасау әдісін қолданғандығы туралы Сольовьев өз еңбектерінде қарасырып кеткен[5, 27 б.]. Қазақ садағы да осы үлгідегі садақ. Оның да иіндері сүйекпен күшейтіліп, басы ағаштан бөлек жасалып иініне бекітіледі. Жақтың адырнасына қайын, қарағай,қолданылып, оның иініне малдың қабырға сүйегі қолданылған болуы керек. Жақтың иінінің бетіне тарамыс жапсырылып,құралған бөліктері қайыспен буылып, су өтпес үшін майға суарылып, қайыңның тозымен қапталады.Кейде жақтың терімен қапталған түрі де кездеседі.
XV ғасырдан бастап серпiнi күштi болу үшiн әртүрлi материалдардан, бес буыннан құралып жасалған жақтың бесiншi түрi қалыптасты. Жақтың бұл үлгiсi көшпелiлер садағының дамуының соңғы кезеңі деуге болады. Еуразия даласын мекен еткен көшпелiлердің қару-жарақ түрлерi мен типтерiнiң қалыптасуынан біз, олардың қару-жарағы алыс қашықтықта, орта қашықтықта және жақын қашықтықта қолданылатын қарулар және қорғаныс жарағы болып бөлiнетіндігін байқадық. Көшпелiлер садағының: скифтiк типтегi садақ, ғұн садағы, моңғол садағы деген түрлері болғандығын аңғардық. Солардың негізінде қазақ садағы да жасалып, осы үлгідегі садақ деп аталатын күрделi садақ түрi болды.
Б.з. дейiнгi I-мыңжылдықтың ортасынан б.з V ғасырына дейiн көшпелi жауынгерлерiнiң жақ пен жебенi бiрге салып алып жүретiн садаққабы терiден екi қалталы болып жасалатын. Түркi заманынан бастап (V-VШ ғ.ғ.) жақ пен оқтың қаптары екi бөлек жасалды.Қазақтарда садақ пен жебе бұрын басты қарудың бірі болып, қазақ жауынгерлері садақ тарту өнерін жетік меңгерген болатын.Ілгеріде көптеген аңшы, жауынгерлердің, батырлардың есіміне «мерген» аты қосылып айтылуы да осының дәлелі.
Қазақтарда 22 наурыз мейрамы уақытында жүзіктің көзінен жебені өткізетін сайыстар болған. Сол сайыста құралайды көзген атқан мергендер жарысқа түсіп, үлкен атақты иеленген. Садақтың адырнасы бес функционалдық бөліктен құралып жасалады. Қолға ұстайтын жері – «белі», иілген бөліктері – «иіні», кірісі байланатын екі ұшы – «басы». Адырнаның белі мен басы қозғалмайды. Қатты бөлігі–иіні қозғалатын, серпінді бөлігі. Ал әр бөлік әр түрлі сүйек, мүйіз, ағаш, тарамыс, тері, тоз материалдарынан жасалатын бірнеше конструктивті элементтерден тұрады. Жебе-садақ оғының масағы. Қорамсақ– садақ оғының сауыты. Оны белге байлап немесе иыққа асып алады. Қалың көннен жасап өрнектейді. Қорамса ішінен екі қатар көлденең таспа тартады, оған жебелерді қатарлай тізеді. Оқтың алуға оңай болуы үшін жебенің кірісі төмен қаратылады. Сабының түрлеріне, қанаттарына (қауырсындары), ұштарындағы оқтардың жасалу материалдары мен түрлеріне және оқтың жеке атаулары мен міндеттеріне қарай бөлінген.Жебелерді сабының түрлеріне қарай бөлуде оқ саптарының қандай ағаштан жасалуына, саптарының ұзындығына және оқ саптарының түсіне байланысты жіктеу жасауға болады. Қандай ағаштан жасалғанына қарай оқтардың «қу жебе», «қайың оқ», «тобылғы сапты оқ», «қамыс сапты оқ» деген атаулары болады.Батырлардың қарулануын бiлдiретiн, «бес қаруын асынды», «бес қаруы бойында», «бес қаруын сайланған» деген сөз тiркестерi ана тiлiмiзде, ауыз әдебиетте жиi қолданылады. Соғысқа қатысты «ер қаруы» деген сөз тiркесi, халықтық әскери термин ретiнде, жай қару емес, соғыс қаруы, жауынгердiң соғыста қолданатын жеке қаруы (қылыш, айбалта, найза т.б.) деген ұғымды бiлдiрген.Қазақтың «ер қаруы - бес қару» сөздерiнiң астарында көшпелi халықтарда ертеден қалыптасқан, жауынгерлiк қаруды классификациялаудың осы өзiндiк жүйесi жатқанын байқауға болады. Ал осы оқтар көркем әдебиетте былайша көрініс табады: «Ши оқпен емес, тобылғы оқпен атам, - деді, Көшек қара ағаштың бұтағынан иілген, әдемі кішкентей садағын сайлап. - Мына ұшқыр оқтарым жоғалмасын деп қой ши оқпен атып жүргенім. Сырты күмістелген кішкене, былғары қорамсағынан бір уыс қызыл тобылғы оқ суырды. Тобыршығы - жез, қауырсын орнына бір-бір тұтам шуда жіп байлаған» [6, 27 б.].
«Ер Тарғын» жырынан«доғал оқ» деген оқ түрін көруге болады: «Тарғын бұл Қартқожаққа кезек беріп, атсаң ат деп, қарсы қарап тұрып еді, Қожақ мұны сыйлап, атуға қимады. Не үшін десеңіз: «мен алпыс беске келген, сақалым қуарған бір қарт шалмын, бұл ғой, жас болса да, қасындағы Ақжүністей сұлуды қиып, әм өзінің жанын қиып, маған қарсы тұрды. Бұл өте батыр екен. Мұның өзін де атпайын, атын да атпайын тек мұның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын жалғыз доғал оқпененатып уатайын. Соныменен өзімнің оны аяп атпағанымды білдірейін, оның ақылы болса, ойлап білер де, қызды маған тастар да, жүре берер» - деп, бір жалғыз доғал оқпенен салып қалғанда, Тарғынның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын күлпара қылып уатып кетті» [7, 135 б.].
Көшпелілердің қару-жарақтары, соғыс тәсілдерін қамтыған тақырыптар бойынша ғылыми зерттеулер, танымдық еңбектердің ішінде ер қаруы бес қарудың бірі садақ және оның жебесі туралы біршама еңбектер жарыққа шыққан. Оның кейбірінде жебенің қалай жасалғаны, не мақсатта пайдаланатындығы, қандай қашықтыққа ұшатындығы, салмағы мен ұзындығының қандай екендігі бойынша ғылыми тұрғыдан сипаттама беріліп, зерттелген. Ал қазақ халқының ауызша және жазбаша әдебиетіндегі батырлар жыры, ертегілер, аңыз әңгімелерде, ондағы берілген кейіпкерлердің барлығының батырлығы мен олардың қолданған қару жарақтарының түрлері мен жебелерінің атаулары айтылады. Зерттеуші ғалымдардың деректеріне сүйенсек, қазақ халқының ауызша және жазбаша әдебиетінде жебе атауларының 40-қа жуық аттары анықталып, олар жырларда, дастандарда және көркем әдебиетте қалай қолданылғандығы жайында айтылған.
Қазақ халқының қару-жарақтарын зерттеуші Қ. Ахметжан соғыста және аңшылықта қолданылатын садақ оқтарының бірнеше түрлері болатындығын айтады. Садақ оғы ұшының формасы, жасалу материалы мен қолдану қызметі арқылы анықталды дей келіп, қазақ оқтарының жебелерін жасалған материалына сәйкес топқа, жебе басының пішініне байланысты типке, қимасына байланысты үлгіге, ал ұзындығына байланысты нұсқаға бөледі. Бұл ғылыми тұрғыдан садақ оқтарының ең бір жүйелі жүргізілген жіктеуі екенін айта кету керек. Жебеге қатысты атауларды М. Қашқари еңбегінен кездестіруге болады. Мысалы «азұқоқ» (қаңғырған оқ), йасыш (жебенің басындағы темірі), темүркен немесе теміркен (бұларда оқтың темір ұшы), тылы (оқтың басына (ұшына) байланатын қайысы), борыбасы (оқ басының жебе ұшына еңгізілетін тұсындағы кертік, айылбасы) және шырғұй (жебе басының қалың, жуантық басы) [3, 314 б.]. Бұдан біз, жебенің түрлерінің көптігі және оның ішінде бізге жеткен жебе атауларының бір бөлігімен ғана танысып отырмыз. Ата бабаларымыздан қалған мұралар көп, одан өзімізге қажетін аламыз және оның өтеуі ретінде береріміз де көп.
Қару-жарақ соғыс өрті толастамаған заманда аман қалудың, жан сақтаудың бірден-бір құралы болды.Қазақтың бес қаруының бірі – садақ пен оның жебесінің осынша көп түрі мен атауы болуы көшпелі әскери өнер мен дәстүрдің қазақ даласында күрделі даму жолының болғандығын байқаймыз.
2.2 Қару-жарақ этнографиясы
Түркілердің дәстүрлі қарулану жүйесіндегі әскери қару-жарақ түрлері
Түркілердің дәстүрлі қару-жарақ жүйесі шабуыл мен
қорғаныс қаруының бірнеше түрі мен топтарынан құралған. Қарулану
термині қазақ тілінде қазақтың дәстүрлі қару-жарақ жүйесін толық
түсінуге мүмкіндік береді.
Түркілердің қару-жарақтар түлрлері, олардың қосымша элементтерінің
атауы өзге түркі тілдес халықтардікіне ұқсас болып келеді. Бұл осы
жүйенің барлық түркітілдес халықтар үшін ортақ болғанын және оның
түркі дәуірінде қалыптаса бастағанын білдіреді.
Көшпенділердің+
қорғаныс қаруы да осы дәуірде пайда
болды.
Түркілер қолданған қарудың бес түрі немесе бес қару
Қазақтың аңыз-дастандарында жауынгерлер қауымы өкілдері яғни, батырлар қолданған бес түрлі қару туралы жиі сөз болады. Қазақта «Ер қаруы – бес қару» деген даналық бар. Қару-жарақтың бес түрге топтастырылуы оның қасиеттеріне байланысты. Жауына күйрете соққы беретін қару-жарақтың әр қайсысының өзіндік қайталанбас қасиеттері бар. Осы қасиеттеріне қарай ер қаруы: ату, кесу, шабу, түйреу және соғу қаруы деп бес түрге бөлінген. Әр топ іштей бірнеше түрге жіктеледі.
Ату қаруы
Түркілердің негізгі қаруының бірі – жақ деп
аталған. Ол ағаш, сүйек, мүйіз, қайың қабығы (тоз), сіңір мен
былғары сынды материалдардан жасалады. Ол бірнеше бөліктен тұрады.
Түркілер жебені пайдаланатын мақсаты мен ұшына қарап бірнеше түрге
бөлген. Ұшы жалпақ екі айыр болып келетін жебе «қозы жауырын» деп
аталады. Ол жарақатты тереңірек салуға арналған. Ал, сауыт бұзуға
арналған үшкір, үш-төрт қырлы жебе «сауыт бұзар» немесе «көбе
бұзар» деп аталған. Түркілер жебенің ұшын темірден, сүйек, мүйіз
бен ағаштан да жасаған. Адамды аттан құлатып түсіру үшін немесе
аңға шыққанда түркілер ұшы цилиндр тәріздес ағаштан жасалған «доғал
оқты» пайдаланған. Ал, соғыс кезінде дыбыстап белгі беру үшін
«ысқырық» оқтар қолданылған. Ал, садақтың оғы салынатын қапты
қорамса десе, жақты салатын қорапшаны «садақ» деп атаған. Міне,
ерте заманда қазақтардың әкери қару-жарағы осындай атауларға ие
болған.
Кейінірек қазақтар жақтың орнына мылтық пайдалана бастады. Ертедегі
бабаларымыз білтелі мылтық, бытыралы, шүріппелі мылтықтар
пайдаланған.

Кесу қаруы
Түркілер жауынгерлері кесу қаруының: семсер, қылыш және сапы деген үш түрін қолданған. Түркілер қылыштары басының қайқылығына, пішініне қарай, сабының және балдағының пішініне орай бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы «наркескен». Оның қайқылығы бірден алқымынан басталады, сондықтан кесу күші жоғары болған. Асыл қылыштың ерекше түрін қазақтар да өзге түркі халықтары секілді «зұлпықар» деп атаған. Зұлпықар (арабша Зу – л фикар – «жасын» деген сөз) — Әзірет Әлінің (Мұхамед пайғамбардың немере інісі әрі күйеу баласы, төртінші халиф Әлі ибн Әбу Тәлібтің) аты аңызға айналған қасиетті екі басты қылышының аты. Кейбір қылыштар шапқанда ауыр болу үшін басы үлкейтіліп, жалпақ қылып жасалған және ұшының сыртында шығыңқы тұрған жотасы болған. Оны «жалман» деп атаған. Жыраулар шығармаларында мұндай ауыр қылыштар «алдаспан» деп аталады. Қазақ батырлары қылыштың бұл түрін өте жоғары бағалаған. Ал, қылыш, семсер салатын бұйым «қынап» деп аталады. Оны асынып жүруге арналған бауды «қылыш бау» деп атайды. Қынап ағаштан жасалып, былғарымен немесе барқытпен қапталған. Металмен әшекейленіп, алтын, күміс және асыл тастар қондырылған. Кейбір қынаптар таза металмен қапталған.

Жүзі қысқа қарудың бір түрі – қанжар деп аталады. Ол шайқаста атты жауынгердің қосымша құралы қызметін атқарған. Бұл пышақ қазақтың ұлттық костюмінің ажырамас бөлігіне айналып, ерлердің «кісе белдігіндегі» қынапта үнемі пышақ жүретін болған. Қынап пен оның белдікке тағатын ілмегі кестеленіп, металмен безендірілген.

Түйреу қаруы
Қазақта екі түрлі түйреу қаруы болған. Ұшы жалпақ болып келетін қылышты қазақтар «найза» деп атаған. Ұшы қырлы ұзын қылыш «сүңгі» делінген. Ол жаудың сауытын сындыра соққы беруге арналған. Қазақ батырлары найза мен қайың найзаға: мойшақ, ту, жалауша, шашақ сынды белгі таққан. Ту – жалпы әскердің белгісі, мойшақ - әскербасының таңбасы болды. Түрлі-түсті жалаушалар әскери жасақтардың бір-бірін тануы үшін қажет болса, аттың жалынан немесе жібек баудан жасалған шашақтар батырлықтың нышаны саналды.

Шабу қаруы
Ертедегі қазақтардың негізгі деген төрт шабу
қаруы болған. Олардың жарақаттау қабілеті мен пішіні жағынан
айтарлықтай ерекшелігі бар. Бұл қарудың бір түрі «балта». Оның жүзі
орташа болып келеді. Жүзі ай пішіндес әрі енді болып келетін
балтаны қазақтар «айбалта» деп атаған. Жүзі сына тәріздес болып
келетін қару «шақан» деп аталған. Бірақ, қазақ батырлары соғыста
балтаның төртінші түрі – жарты айбалтаны көп қолданған. Кәдімгі
балта, айбалта мен шақанның қасиеттерін біріктіру арқылы жасалған
айбалтаның басы балға пішіндес болады.
Қазақ балтасының сабы кейде металмен көмкеріліп, былғарымен
қапталады. Жауынгер балтасы сабының ұзындығына қарап: ұзын сапты,
орташа сапты және сабы қысқа балта деп үшке бөлінген. Қазақтар
сабының ұзындығы орташа болып келетін балтаны кеңніне қолданған.
Ал, қысқа сапты балталарды әдетте белдікке қыстырып жүретін болған.
Ұзын сапты айбалтаны хан сарайын немесе қорған қақпасын күзететін
жауынгерлер ұстады.

Соғу қаруы
Бұл қарудың ең көне түрі «шоқпар» деп аталады. Ол ағаштан, ауыр сойыл түрінде жасалады. Кейде шоқпарға металл шынжыр немесе үшкір темір тығылады. Соғу қаруының екінші түрі – «гүрзі» деп аталады. Басы металдан құйылған ауыр шоқпар. Соғу қаруының үшінші түрі – «бұздыған» деп аталған. Бұздыған — басы алты не сегіз қырлы (әр қырының арасы тілімделіп ойылады) болып келетін, темірден жасалатын шоқпардың жеңіл түрі. Соғу қаруының төртінші түрі – «босмойын» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, босмойынның басы иілгіш келеді. Шоқпардың басы сабына қайыс немесе шынжыр арқылы бекітіледі. Мұндай шоқпарлардың басы ағаштан, тастан немесе металдан жасалған.

Қазақтар соғыс қаруын пайдалану шеберлігін
жан-жақты меңгерді. Батырлар жекпе-жегі ермек үшін емес, олардың
қару ұстау шеберлігін, күші мен ерлігін айқындау үшін өткізіліп
отырды. Жекпе-жекте міндетті түрде қару қолданылды. Көшпенділер
жауынгерлері де қазіргі кездегі сияқты ұстаған қаруына қарай
бірнеше топқа бөлінген. Белгілі бір қаруды жетік меңгерген
жауынгерлерден найзагерлер, семсершілер, садақшылар, айбалташылар
жасақтары құрылған. Бес қаруды әбден меңгерген шебер батырлар ең
үздік гвардия бөлімшелеріне алынған. Көшпенділердің соғыстағы
әскери тактикалары да осы бес қаруды пайдалану ерекшеліктеріне
негізделді. Әдетте, соғыс алыс қашықтықта тұрып садақтан оқ атудан
басталған. Атты әскер найзаны жаппай шабуыл кезінде қолданған.
Кейін арадағы қашықтық жақындаған кезде қарудың өзге түрлеріне
көшкен.
Осындай ерекшеліктері бар соғыс қаруын халық айрықша қастерлеген.
Қаруды кім болса сол асынбаған. Қаруды қастерлі деп санаған
ертедегі қазақтар оған сыйынған, ант беріп, әр қаруға өзінше ат
қойған. Орта ғасырларда семсер немесе алдаспан қылыш биліктің
белгісі саналып, таққа отырған билеушіге табысталып отыратын.
Қазақтар хан көтерген кезде билік пен хандықтың белгісі ретінде
белдігіне алтын қылыш тағыпты. Жоғарыда аты аталған бес түрлі қару
әскери биліктің белгісі саналып, әскери шен қарумен белгілеген.
Қызметке тағайындалған кезде әскербасыларға қыл-құйрық немесе
мойшақ тағылған найза, қылыш немесе күрзі тарту етілді. Қару асыну
құқына ие болған адамдарға белгілі бір артықшылықтар да берілген.
Мысалы, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңы бойынша хан кеңесіне қару
асынған хандар, сұлтандар, батырлар мен ру басылары ғана қатыса
алатын. Ал, жиын-тойда, мерекеде асынатын қару-жарақ әскери награда
қызметін атқарды. Әскери шен-шекпенді дәстүрлі ас пен мерекелер
кезінде өткізілетін жарыстарда бәйгеге тігіп
отырған.
Сол жаужүрек бабалардың бүгінгі ұрпағы да қазақтың бес қаруына
үлкен құрметпен қарайды. Арамызда әлі күнгей дейін даңқты
бабаларынан қалған қаруды қастерлеп, төріне іліп қоятын қазақтар аз
емес.
2.3 Қарудың қоғамдағы рөлі және сипаттамасы
Батырлардың қарулануын білдіретін, “бес қаруын асынды”, “бес қаруы бойында”, “бес қаруын сайланған” деген сөз тіркестері тілімізде, ауыз әдебиетінде жиі қолданылады. Қазақтарда “ер қаруы – бес қару” деген мақал сөз де бар. Бірақ бұл бір ауыз сөздің астарында не мағына жатқаны бұл күндері көпшілікке түсініксіз. “Ер қаруы деген не?” Олардың саны неге бесеу? Олардың қандай ерекшеліктері бар?
Қазақ тілінде адамға қатысты қолданылатын “ер” сөзінің екі түрлі мағынасы бар: а) жалпы еркек жынысты адам; ә) батыр, қаһарман, ер жүрек, жауынгер кісі. Көне түркі тіліндегі руникалық жазба ескерткіштерінде, ХІҮ ғасырдағы түркі тілдерінде де “ер, ерен” сөзі батыр, жауынгер деген мағынаны білдірді [1].
Қазақтың эпостық қаһармандары Ер Қосай, Ер Тарғын есімдерінде “ер” сөзі, Қобыланды батыр, Алпамыс батыр есімдеріндегі сияқты, “батыр” сөзінің синонимі ретінде қолданылған. Түркі тілдерінде “батыр” (“баатыр”/ “батур”/ “баһадур”) сөзі қолданысқа кейін еніп, көнеден келе жатқан “ер”, “алып сөздерін ауыстырды”. Ал “қару” - соғыста қолданылатын жауынгерлердің шабуыл құралының атауы. Соғысқа, әскери іске қатысты осы екі атау қосылып, “ер қаруы” деген сөз тіркесі, халықтық әскери термин ретінде, жай қару емес, соғыс қаруы, жауынгердің соғыста қолданатын жеке қаруы (қылыш, айбалта, найза т.б.) деген ұғымды білдіреді. Бұл сөз тіркесінде ер қаруының басты екі ерекшелігі көрініс тапқан. Бірінші – жалпы еркек адам емес, тек жауынгер, әскери адам ғана ұстайтын құрал екендігі, екінші – күнделікті тұрмыста емес, тек соғысқа қолданатын құрал екендігі. Осы күндері әдебиет, баспасөз беттерінде әр түрлі авторлар “бес қаруға” бірнеше құралдарды, садақ, найза, мылтық, айбалта, қанжар, шоқпар, пышақ, қамшы т.б. жатқызып жүр. Енді осы аталған құралдардың бәрі де жоғарыда анықталған екі ерекшелікке сәйкес келе бере ме екен, соған тереңірек үңіліп көрелік.
Қамшыны батырлар ғана емес, атқа мінген әр адам (әйел, еркек, жас, кәрі) және мал баққандардың бәрі ұстанған. Қамшыны әдетте малды және құл иеленуші қоғамда мал санатында есептелген құралдарды ұру үшін пайдаланды. Қазақтарда да, басқа халықтарда да қылмыс жасаған адамға қамшымен дүре соғылатын. Сондықтан көшпелі халықтарда, оның ішінде қазақтарда да біреуге қамшы жұмсау оны малға, құлға немесе қылмыскерге теңеумен бірдей болды. Қамшыны құлға, қылмыскерлерге жұмсалатын құрал ретінде түсіну орта ғасырлық жазба деректерде айтылады. Шайқы Балхи өзінен ақыл- кеңес сұраған Халиф ар- Рашидқа былай дейді: мұсылмандардың әміршісі ол Алла тағала саған халықты әділеттілікте ұстап отыру үшін үш зат берді байлық, семсер және қамшы. Байлықпен сен кедейлікке тосқауыл қоюуың керек. Семсермен сен халықты езушілерді құртуға міндеттісің, ал күнахарларды қамшымен жазалауың тиіс.
Көне грек тарихшысы Геродот жазып кеткен скифтердің ертедегі бір аңызында да осы туралы айтылған. Елу жыл бойы жорықта жүрген скиф жауынгерлері еліне қайтып келе жатады. Ұзақ жылдар бойы ерлерінен хабар болмаған әйелдері өздерінің соқыр құлдарымен тұрып, олардан бала туады. Скиф жауынгерлері елдің шетіне жеткенде құлдан туған, есейген ұлдар оларды елге жібермей, соғыса бастайды. Ұзақ айқасып скифтер оларды жеңе алмайтын болған соң, айқасты тоқтатып, өзара кеңес құрады. Сонда бір ақылгөй қарт жауынгер мынандай кеңес берген екен: Ей, скиф жауынгерлері, осы біз не істеп жүрміз, Біз өз құлдарымызбен соғысып жүрміз, біз қарумен соғысқан соң, олар өздерін бізге тең санап, азат адам санап жүр, сондықтан жеңіліс бермейді. Біз найза, жарақтарымызды тастап, оларға қамшы алып шығайық. Егер біздің қару орнына қамшы алып шыққанымызды көрсе, олардың өздерінің құл екені естеріне түсіп, оны мойындап, қарсыласуға шамасы жетпейді [2].
Скифтер бұл кеңесті мақұл көріп, құлдарға қамшы алып шығады. Қамшыны көрген құлдар сескеніп айқас туралы ұмытып, қаша жөнелген екен. Міне бұл аңызда скифтер қамшыны жауынгерлік қару емес, құлды бағындыратын құрал ретінде пайдаланғаны жөнінде анық айтылған, оның осы мәні құлдан туған ұлдарға өздерінің құл екенін есіне түсірді. Көшпелі халықтың жауынгерлік этикасын дұрыс түсінбегендіктен, Ресей ғалымы А.П.Бородовский бұл аңызға сүйеніп, скифтер қамшыны соғыс құралы ретінде қолданған деп теріс тұжырым жасайды [3].
Бірақ өзі аналог ретінде Ертедегі Спартада да құлдар көтерілісін спарталықтар жауынгерлік қарумен емес, қамшымен басқанын, яғни құлдарға қару емес қамшы қолданғанын мысал қылып келтіреді. Дәстүрлі қоғамда затты қолданғанда оның символдық мәні ескеріліп отырады. Жауынгер скифтер мен спарталықтар үшін құлдарды өздеріне теңеп, олармен қару алып соғысуы қаншалықты мүмкін емес болса, өздеріне тең, азат әскери адамға қамшы жұмсау соншалықты мүмкін емес. Қазақтарда да қамшы әскери қаруға жатпайтынын 19- ғасырда Ш. Уәлиханов та жазып кеткен [4].
Шығыс бейнелеу өнерінде де айқас кезінде қамшы қолданған жауынгерлер бейнесі кездеспейді. Әрине, адам өзін-өзі қорғауда немесе кісі өлтіруде тұрмыстық затты да, егіншінің, малшының құралдарын да, тасты да, пайдалана беруі мүмкін, бірақ әр кәсіби істі кездейсоқ зат емес, тек кәсіби құрал ғана сипаттайтынын ескерсек, малшы құралы – қамшыны ер қаруына жатқызу қателік.
Барлық түркі халықтарының қаһармандық эпостарында соғыс кезінде батырлардың жекпе – жек айқастары 5 қару түрімен сайысу – садақ ату (1), найзаласу (2), қылыштасу (3), балталасу (4) мен шоқпарласу (5) түрінде өткен. Ертедегі ұлы жиын тойларда да осы қару түрлерінен батырлардың сайысы болған. Қару түрінің жауынгерлік жекпе–жек сайысын өткізу мүмкіншілігі – ер қаруының үшінші ерекшелігі болып табылады.
Осы уақытқа дейін көшпелі халықтардың әскери ұйымының құрылымын сипаттағанда, негізінен әскердің ондық жүйемен бөлінуі ғана айтылады. Бұл - әскери құрылымның көлемдік сипаты ғана, яғни сандық көрсеткіші ғана. Қазіргі замандағыдай, бұрынғы кездерде де көшпелі халықтардың әскерінің құрамы қару түріне қарай бөлінген. Әр қаруды жете меңгерген жауынгерлерден арнайы садақшылар, найзашылар, қылышкерлер, айбалташылар, шоқпаршылардан тұратын әскери бөліктер, қосындар құрылған. Мысалы, “Манас” жырында қырғыз, қазақ және басқа түркілерден құралған жетпіс мың әскердің құрамында 20 мың сакдақшылар қосыны, 30 мың мылтықшылар қосыны, 5 мың гүрзішілер қосыны, 5 мың найзагерлер қосыны және 10 мың қылышкерлер қосыны болғаны айтылады [5].
Түркі халықтарының басқа да жырларында мұндай деректер кездеседі. Әскерді бұлай қару түріне қарай бөлу қазақтарда да болғанын тарихи жырлар деректері дәлелдейді [6].
Жазба деректерде Абылай, Кенесары әскерлерінде де осындай қару түріне сәйкес бөлінген топтар болғаны көрсетіледі. Әрине, әр әскер бөліктерінің жауынгерлері бір ғана қару түрін ұстап жүрген жоқ, мергендер қолына найза, қылыш ұстаса, найзагерлердің белінде қылышы, садағы болды т.с.с. Ал бірнеше қаруды меңгерген, бесаспап батырлардан ауыр қаруланған арнаулы бөліктер құралған. Қару түрінің әскер құрамын анықтауы–ер қаруының төртінші ерекшелігі. Әскери бөліктердің қару түріне қарай бөлінуі әскери құрылымның сапалық сипаты, ал бұл сипат оның әскери – техникалық деңгейін анықтайтын көрсеткіші болып табылады.
Көшпелілердің соғыс өнерінде батырлардың жекпе – жегі ғана емес, бүкіл әскердің ашық майдандағы айқасы, оның тактикасы осы жауынгерлік қару түрін қолдануға қатысты құрылды. Ұрыс алыс қашықтықтан садақпен атысудан басталып, адамдары шығынға ұшыраған жау әскерімен жақын қашықтықта бетпе – бет айқаста найзаласумен жалғасты, одан әрі қарай қоян- қолтық шайқаста қылышпен шабысу, айбалта, шоқпар сілтеу секілді тәсілдерге көшетін. Күштің тепе–теңдігі бұзылған жағдайда, қаша ұрыс салып, қайтадан шауып келе жатып артқа қарай садақ атуға көшіп, жаудан айласын асыруға тырысатын. Бұл әскери тактика барлық түркі-монғол халықтарына ортақ әдіс болды.
Соғыста қолбасшылар әскери тактиканы ойластырғанда бес қару түрін айқаста қолдану мүмкіншілігін ескеріп, ұрыс салу әдісі соған негізделген. “Әмір Темір аманаты” атты ортағасырлық жазба ескерткіште былай делінеді: “Жақсы қолбасшы, жау әскер басыларының санын біліп, оған өзінікін қарсы қоюы тиіс, ол қай қарумен қаруланған жауынгерлерді, олар садақкерлер, найзагерлер немесе семсермен қаруланғандар бола ма, айқастың басына кімді қоятынын жақсылап ойластыруы керек” [7].
Әскери тактикаға негіз болу – ер қаруының бесінші ерекшелігі. Сонымен, жекпе-жек өткізетін, әскери бөліктер құратын, әскери тактиканы анықтайтын қарулардың ішінде де қанжар мен қамшы жоқ.
Соғыс қаруының тағы бір ерекшелігі, бұл – алтыншы ерекшелік, - ер қаруы ретінде олармен жоғары дәрежелі әскери лауазымдарды белгілеу, әр түрлі символдық мағынада қолдану. Әдеби ескерткіштерге және алуан түрлі өнер жәдігерлеріне сүйенсек бұл дәстүрдің барлық елдердің тарихында болғанын байқаймыз. Түрік сұлтандары таққа отырғанда, қазақ хандарын ақ кигізге көтергенде олардың белдеріне қылыш байланатын. Еуропада рыцарь дәрежесін алғандарға корольге семсер таққан, Шыңғысханның кешітендері (жеке ұланы) “қылыш ұстаушылар” деп аталған, оғыздарда жақ хандықтың белгісі болды. Түрік сұлтандарының жеке ұландарының (гвардиясының) арнаулы бөлігі (солақтар) белгі ретінде жақ пен жебе ұстап жүрген. Шығыс шахтары, хандарының “үзенгішілерінің” (үзеңгі ағасы), орыс патшаларының жеке күзетшілері “рындалардың” лауазым белгісі – айбалта. Шоқпар – казак атамандарының, поляк гетмандарының лауазым белгісі. Иран, түрік қолбасылары да, дәреже белгісі ретінде, шоқпар ұстайтын. Байрақ, шашақ тағылған найза – көп халықтарда әскербасылық белгі. Мұнда да әскери дәреже белгісі ретінде қолданылған қарулар бесеу екенін көреміз: семсер (қылыш), найза, айбалта, шоқпар және садақ. Әскери дәрежені бейнелейтін қарулардың ішінде де қанжар жоқ. Көшпелі халықтардың әр замандардағы қанжарлары семсер, сапы, қылыштардың формасын тура қайталайды, яғни сол қарулардың тұрмыста қолдануға арналған кішірейтілген үлгісі. Қанжарда (кездікті, пышақты) күнделікті тұрмыста хан да, қара да, батыр да, малшы да, ер де, әйел де, бала да пайдаланған. Қанжарды көбіне күнделікті өмірде, серуенде, үйде т.б. жағдайларда таққанын көреміз.
“Ер қаруының” санының бесеу болып қалыптасуы олардың айқаста бірін-бірі ауыстыра алмайтын тек өзіндік жеке қызметінің (функциясының) болуына байланысты. Соғыс қаруларының негізгі жұмсалу тәсілі бес түрлі болып қалыптасқан. Олар: ату (садақ), кесу (қылыш), түйреу (найза), шабу (балта), соғу (шоқпар). “Қылыш мұраты - кесу” деген қазақ мақалында қылыштың негізгі функциясы анық айтылған. Басқа қарулар осы бесеуінің вариациалануы, түрленуі ғана. Осы бес ер қаруының әр түріне негізгі функциясымен бірге қосымша функциясы беріледі, мысалы, кесу қаруына түйреу-шабу мүмкіншілігі, шабу қаруына қосымша кесу-түйреу-соғу қасиеті, соғу қаруына түйреу мүмкіншілігі қосылады. Алайда бұл қосымша қасиеттер қарудың негізгі жұмсау тәсілін өзгертпейді, бірақ қандай қосымша қасиеттері қосылғаны немесе қай қасиеті күшейтілгеніне байланысты әр қару түрінің бірнеше жаңа типтері мен үлгілері пайда болады. Бұл толықтырулар әр қарудың түрлі нұсқаларының сыртқы формасына өзгерістер енгізеді. Соғыс қаруының өзіндік жұмсау тәсілмен айшықталынуы – ер қаруының жетінші ерекшелігі.
Сонымен, “ер қаруы – бес қаруға” мынадай анықтама беруге болады. “Ер қаруына” мынадай басты ерекшеліктерге сай келетін:
а) өзіндік жұмсау тәсілі бар;
б) жауынгерлер ғана ұстайтын;
в) соғысқа ғана қолданылатын;
г) жауынгерлік жекпе-жек сайысын өткізуге болатын;
д) әскер бөліктерін құруға негіз болатын;
ж) әскери тактиканы анықтайтын;
и) әскери қару ретінде түрлі жоғарғы дәрежелі әскери лауазымды белгілейтін жауынгерлік қарудың негізгі бес категориясы – ату қаруы (садақ, оқ), түйреу қаруы (найза, сүңгі), кесу қаруы (қылыш семсер, сапы), соғу қаруы (шоқпар, гүрзі), шабу қаруы (балта, айбалта, шақан) жатады.
Бұдан “ер қаруы – бес қару” сөздерінің астарында көшпелі халықтарда ертеден қалыптасқан, көшпелілердің жауынгерлік қаруды жүйелеудің өзіндік жүйесі жатқанын көруге болады. Тілдік деректерді, ауыз әдебиеті материалдарын талдау қазақтардың (жалпы көшпелі түрік халықтарының деуге болады) қаруды классификациялаудың бұл жүйесін толық қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
3. Қорытынды
Көшпелі әскери өнердің өте жоғары деңгейде дамығанын, қазақтың қару-жарақтарының ертеден қалыптасқандығы, оның ұлтымыздың жауынгерлік салты мен қазақтың бойындағы жауынгерлік рухты қалыптастыруда алар орынын көрсетеді

Әдебиеттер:
1.Валиханов Ч. Избранные труды. Под ред. А.Маргулана. – Алматы: Худ.лит,1958. – С. 643.
2.Ахметжанов Қ.С. Жараған темір кигендер: Батырлардың қару-жарағы, әскери өнері, салт-дәстүрлері. – Алматы: Дәуір, 1996. – 240 б.
3. Қашқари М. Түрік сөздігі. 3-кітап / Аударған А. Егеубай. – Алматы: Хант, 1998. – 600 б.
4.Ахметжан Қ.С.Қазақтың дәстүрлі қару-жарағының этнографиясы. - Алматы., 2006. – 216
5.Сольовьев А.М. Военное дело коренного населения Западной Сибири. Эпоха средневековья. – Новосибирск. – 1987.
6.Мағауин М. Аласапыран. (Тарихи роман) 1,2-кітап. – Алматы: Жазушы, 1988. – 830 б.
7.Қазақ ертегілері (Құраст.Е.Дүйсенбайұлы). – Алматы:Жазушы,2009. – 320 б.
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫНЫҢ ЖАУЫНГЕРЛІК ҚҰРАЛДАРЫ

шағым қалдыра аласыз