ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ТҮРМЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Тақырып бойынша 11 материал табылды

ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ТҮРМЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
Бұл мақалада біз абақтыда жазылған поэзиялық шығармалардың кейбір авторларына тоқталдық. Жазықсыздан-жазықсыз темір торға таңылған сәттен бастап, еркіндік пен азаттықтың қадірі тереңірек сезілді. Жаншылған ыза мен қайрат, ар-ождан мен намыс кеудеде қайнап, адамдық рухты оятты. Сол рух жүректің түбінен өлең болып ақтарылды. Бұған дәлел – мақалада талданған зиялыларымыздың өлең жолдары. Бұл шығармалардан оқырман азапты күндердің, зорлық-зомбылыққа толы кезеңнің бейнесін ақынның ішкі жанайқайы, астарлы суреттеуі арқылы анық байқай алады.
Материалдың қысқаша нұсқасы

ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ТҮРМЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Жетісу облысы, Текелі қаласы

«№2 ОМ МДШО» КММ-нің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Орденбек Гүлжазира

Аннотация

Бұл мақалада біз абақтыда жазылған поэзиялық шығармалардың кейбір авторларына тоқталдық. Жазықсыздан-жазықсыз темір торға таңылған сәттен бастап, еркіндік пен азаттықтың қадірі тереңірек сезілді. Жаншылған ыза мен қайрат, ар-ождан мен намыс кеудеде қайнап, адамдық рухты оятты. Сол рух жүректің түбінен өлең болып ақтарылды. Бұған дәлел – мақалада талданған зиялыларымыздың өлең жолдары. Бұл шығармалардан оқырман азапты күндердің, зорлық-зомбылыққа толы кезеңнің бейнесін ақынның ішкі жанайқайы, астарлы суреттеуі арқылы анық байқай алады.

В данной статье мы рассмотрели некоторых авторов поэтических произведений, написанных в тюремных условиях. Оказавшись за решеткой без вины, они глубже осознали ценность свободы и независимости. В их сердцах пробудились гнев, боль и чувство достоинства, что стало источником мощного духовного подъема. Этот дух излился на бумагу в виде поэзии. Доказательством тому служат приведённые в статье отрывки из стихотворений наших выдающихся мыслителей. Читая эти строки, можно увидеть, как авторы через образы и метафоры передают ужасы репрессий, страдания и внутреннюю борьбу.

This article explores several authors of poetic works written in prison. Being unjustly imprisoned led them to deeply understand the true meaning of freedom and independence. The pain, anger, and pride stirred the human spirit within, and that spirit poured out in the form of poetry. These emotions, shaped by suffering and resistance, found expression in verses that echo from the depths of the soul. The excerpts presented in this article serve as powerful evidence. By reading these poems, we can clearly sense how the authors metaphorically reflect a life full of hardship, oppression, and unbroken inner strength.

Қазақ поэзиясының тақырып аясы кеңдігімен ерекшеленеді. Мақалада арқау етіп отырған түрме шығармашылығы тақырыбы қазақ халқының басына ауыр нәубет туындаған кезеңдегі қайсар азаматтарының қаламына негіз болған өзекті мәселенің бірі болып саналады. Аталмыш мақалада қазақ халқының сөз өнеріне өзіндік қолтаңбаларын ойып тұрып қалдырған, ұлт руханиятының діңгектері М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, М. Дулатовтар шығармашылығындағы түрме тақырыбына тоқталамыз.

Қазақ әдебиетінің ХХ ғасыр басындағы жарқын жұлдыздарының бірі М.Жұмабаевтың тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей береді. Өйткені оның шығармалары халықтың ғана рухани еншісі емес, әлемдік көркемдік қазынаның алтын қоры. Оның шығармашылығының бір қырында, яғни таразы басының бір жағында – мұңды толғаныс, өкіну және қайғы-қасірет, күйініш жатса, таразының екінші басында – романтикалық өршілдік, махаббат, сүйініш, арман, мақсат, үміт жатады. Көп қайғы-қасірет шеккен, азап пен уайым тауқыметін тартқан ақын осы оттың жалынына шалынып, соған шарпылған. Оның шығармаларында тарих тұңғиығын терең түсіну, өткенді бажайлау, болашақты болжай білу, бүгіннің ақиқатына көз жеткізу сияқты терең толғаныстар заманның астан-кестен, аласапыран жайымен астасып жатады. Зерттеуші Ғ. Майтановтың М. Жұмабаев туралы пікіріне назар аударалық: «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Мағжан Жұмабаев артында өлмейтін мол мәдени мұра қалдырды. Қазақ әдебиетінің барлық жанрында тамаша туындылар берген жаңашыл жазушы қаламынан туған шығармалар халық өмірінің ең бір көкейтесті тақырыптарын қопара көрсетіп, жанды бейне, көркем образдар арқылы, терең идеялар айтып, эстетикалық игіліктер жасады» [1,б. 15]. Міне, осы пікірдің өзі ақынның ақындық қырын биіктете түседі.

М. Жұмабаев өмірінің бірсыпыра кезеңін абақтыда өткерген уақытында қаламынан көптеген өлеңдер жарық көрді. Атап айтқанда: «Мешіт һәм абақты», «Сарғайдым», «Тұтқын», «Абақтыдан шыққанда», «Сағындым» т.б.

М. Жұмабаевтың «Мешіт һәм абақты» өлеңі әке мен баланың диалогына құрылған. Бала:

Әкетай, анау не үй түсі суық?

Жанына жібермейді жанды жуық?

Терезесі темірлі, көр есігі,

Қабырғасын қойған ба қанмен жуып?

Тас қима, темір қақпа, шойын құлып,

Тым-тырыс. Жалғыз-ақ жел тұр ғой ұлып.

Сасық та, қараңғы да, аш һәм ауру,

Кім жатыр екен, әке, тірі өліп?

Әке:

Анау үйді адамзат абақты дер,

Адам доңыз, еменнің тамырын жер.

Тәңірісі, жан жары қиялға арнап,

Сонау үйді салған ол: болсын деп көр Мешіт һәм абақты», 97-бет).

Ақын бұл өлеңде баласына абақтының ішіндегі тұтқындар үшін қандай қиын жағдай туындатып отырғандығын, ондағы күзетшілердің де еш уақытта жылы қабақ танытып, дұрыс қарым-қатынас жасауды білмейтіндіктерін баяндайды.

«Сарғайдым» өлеңі де ақынның жазықсыз қамауда отырған кезеңде туған туындысы. Өлең жолдарынан ақынның түрмедегі қиналысы, жазықсыздығын ешкімге дәлелдей алмайтын шарасыздығын байқау қиын емес:

Қалмады көздің нұры, көрге айналдым,

Қараны- ақ, ақты қара дерге айналдым.

Алмадай пісіп тұрған екі бетім

Қуарып, қаны қашып, күлге айналдым Сарғайдым», 141 –бет).

М. Жұмабаев түрмедегі қиналысын шебер троптық қолданыстар арқылы беріп, кез келген оқырманының жүрегін сыздатады. «У жұтып, солған дене, жалын жұттым, денем-тұтқын, өлім тұр қойнын ашып» тіркестері ақынның шын қиналысын байқатып, ақын:

Жасаған! Тез алатын ажал жоқ па?

Қинама, тез өлейін, ұшыр оққа, Сарғайдым», 141 бет)- деп, басына өлім тілеуге мәжбүр болады.

«Тұтқын» өлеңі де түрмедегі жағдайдан хабардар ететін туынды:

Кеудеде от, іште жалын, көзде жас,

Күні-түні қайғы жұтқан сорлы бас.

Сабан төсек, дым, қараңғы жатағы,

Наны қара, шайы қара, қарны аш («Тұтқын», 81 бет).

«Сағындым» өлеңіндегі мына жолдарға зер салайық:

Абақтыда айды, күнді сағындым,

Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.

«Қарашығым», құлыным!» - деп зарлаған

Алыстағы сорлы анамды сағындым! Сағындым», 144 бет).

Ұлты, алашы үшін қандай қиындыққа болса да мойымаған ақынның өлең жолдарынан халқын, Отанын, анасын сүйген нағыз патриоттың бейнесін көреміз.

Қазақ поэзиясындағы түрме тақырыбын өз шығармашылығына арқау еткен ақынның бірі – С. Сейфуллин. Қазақ поэзиясына жаңашыл леп әкелген, қоғам қайраткері С. Сейфуллин революциялық идеяларды алға тартып, дауылпаз жыршы атанды. «ХХ ғасырдағы қаза әдебиетінің негізін салушылардың бірі – Сәкен Сейфуллин аз ғана ғұмырында өлмейтін мол мәдени мұра қалдырды. Қазақ әдебиетінің барлық жанрында тамаша туындылар берген жаңашыл жазушы қаламынан туған шығармалар халық өмірінің ең бір көкейтесті тақырыптарын қопара көрсетіп, жанды бейне, көркем образдар арқылы, терең идеялар айтып, эстетикалық игіліктер жасады [2,б. 15].

Ақынның абақты тақырыбын арқау еткен өлеңдерінің саны бірнешеу. Атап айтар болсақ: «Тұтқын», «Сағындым», «Қамаудан», «Түрмеден қашып шыққанда» т.б.

«Сағындым» өлеңінде ақынның қамауда отырған кезіндегі еліне, жеріне, анасына, бауырларына, сүйіктісіне деген шынайы сүйіспеншілігі, сағынышы сөз болады:

Қымызы бал шараптай,

Жігіті бағлан манаптай,

Тұлпары тарпаң қанатты

Сағындым бейбіт елімді Сағындым», 58 бет),- деп, өлең жолдарында ауылына, сұлу еркесіне, ғаріп анасына, еркін даласына, бейбіт еліне, Арқа жеріне деген сағынышын жолдайды.

«Қамаудан» өлеңі:

Тас үйдегі тұтқынды

Аяған адам аз болды.

Аяды бірақ табиғат,

Көңілім соған тоқ болды («Қамаудан», 59-бет)

Ақын терезенің алдына келіп ән салған торғайлармен, шұғыласын шашқан қызыл күнмен, көгал иісін жолдаған желменен сырласады. Теңеу, эпитет, ауыстыру, алмастыруларды ақынның шебер қолдануы арқасында өлең жолдарын тебіренбей оқу мүмкін емес.

«Түрмеден қашып шыққанда» өлеңінде еңсесі қамаудан басылған ақын қашуға бел байлайды:

Тағдырдың көзі жете ме бермесіне,?

Дәуреннің неше айналып келмесіне?

Қамауға жігіт адам көнсін неге,

Жігері жоқ болмаса зердесінде Түрмеден қашып шыққанда», 62-бет), деп, бостандық, кеңдік, еркіндікке бел буып отырғандығын тілге тиек етеді.

С. Сейфуллин шын мәнінде ұлы тұлға, біздің рухани өмірімізді нұрландырып тұрған биік шыңдардың бірі. Оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістер мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ Еуропа, орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді.

«Ерлік – ең алдымен елдік мінез. Елден туған ер ешқашанда адамзатқа сай тарихи шындықтарды аяқ асты ете алмайды, оған барлық халық ұстаз! Жеке озат адамдар ішіндегі қоғамдағы өз рөлін қандай биік бағаласа да, өз халқының, барлық халықтардың тарихи қозғалыстарға жан, қуат беретінін ұмыта алмайды. М.Дулатов та сол сияқты ерлердің бірі»[3,б.456], - деп бағалаған Ә.Тәжібаев М.Дулатовтың өлең жинақтарын, «Бақытсыз Жамал» романын, «Оқу құралын» қарастырып, олардың рухани мәдениет әлеміндегі мән-мағынасын айрықша атайды.

М. Дулатов қазақ халқының тарихындағы қиын-қыстау кезеңінде көп келеңсіздіктерге төтеп беріп, ұлтының бостандық пен еркіндікте ғұмыр кешуі үшін ұлан-ғайыр еңбек еткен талант иесі. Абақты тақырыбына жазған туындыларына ден қойсақ, мынадай өлеңдерін кезіктіруге болады: «Абақтыда айт күні», «Хибстағы ұрының мінажаты». «Абақтыда айт күні» өлеңінде ақын тұтқындардың ауыр жағдайларын былай деп баян етеді:

Асырайды шықпастай қылып шыбын жан,

Сөткесінде екі қадақ қара нан.

Көкшіл сорпа, ширек қадақ жасық ет,

Сорлы тұтқын бәйге атындай жараған (Абақтыда айт күні, 124-бет).

Өлеңде ұлыстың ұлы күні Айт мерекесінде де шаттануға рұқсат жоқтығына налыған тұтқындардың, беттерінде қан тамшысы қалмаған жүдеп-жадаған жандардың аянышты бейнелері сомдалады.

«Хибстағы ұрының мінажаты» өлеңі де түрмедегі тұтқындардың басындағы қатерлі де ауыр жайды сипаттауға құрылған туынды. Бастағы ауыр жағдайды ақын былайша өлең жолдарымен өреді:

Бит, бүрге, қандалалар қанды сорып,

Қасынып түнде ұйқы жоқ, жанды қорып.

Білмейміз елдегілер неғылып жүр,

Қазіргі осы боп тұр біздің жорық («Хибстағы ұрының мінажаты», 128 –бет). Жүректі қыжылдатқан қара нан, жамбасты тескен тақтай, кілтті есік, тас кереге, темірлі әйнек, найзалы мылтық, қылышты күзетшілер өздері әбден қажыған тұтқындарды одан әрмен қинай түсетінін ақын шеберлікпен суреттейді. Шарасыз жандардың тілегін өлең соңында ақын былайша береді:

Жаза гөр топырақты елден, Алла!

Тілегін міскіндердің берген, Алла!

Құлыңа екі жаза бере көрме,

Кеше гөр, қылдым тәуба, тәуба, тәуба! («Хибстағы ұрының мінажаты», 128 –бет).

Л.Қ. Сейпутанова «Қазіргі қазақ поэзиясындағы стильдік ізденістер» атты кандидаттық диссертациясында: «Поэзиядағы поэтикалық категориялар мен көркемдік әдіс ақын стилін танытуға көмектескенімен, бүкіл шығарманың өн бойынан көрініп тұрады деп айта алмаймыз. Бұл тұрғыдан алғанда поэзиядағы стиль нақты жүзеге асқан үлгіде көрініп, оның ерекшеліктері ақын өлеңінде сыртқы пішінінен бастап, бүкіл болмысында көзге ұрып тұрады. Дегенмен, поэзияда әдіс өзгерсе, оның әсері стильге тимей қоймайды. Қай акынның болмасын стилінің байлығы - көркемдік ізденіс нәтижесінің жемісі. Ақынның суреткер ретінде марқайып, айрықша стиль танытуына, шеберлік шыңына жетуіне өзінен бұрынғы ақындар мектебі, өз ортасы, заманы айрық-ша әсер етеді. Сондай-ақ, жеке ақынның, тұтастай қазақ лирикасының биігін межелеуде көркемдік әдіс, әдеби ағым, сөз саптаудағы бейнелеуіш құралдар, көркемдік құрылымдар, бір сөзбен айтқанда, стилі шешуші рөл атқарады» [4,б.96]- деген пікіріне қосылуға болады. Өйткені бұл пікір өзіміз арқау етіп отырған Міржақып ақынның шығармашылығына тікелей қатысты.

Қорытындылайтын болсақ, қазақ поэзиясында түрме тақырыбын арқау еткен қаламгерлер қатары мол. Біз мақалада өткен ғасырдың небір зұлматтарын бастан өткеріп, өздері қысталаңның нақты ортасында болған қазақ зиялыларының аталмыш тақырыптағы туындыларына назар аудардық. М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, М. Дулатовтар бір дәуірде ғұмыр кешіп, «Қазағым» деп ұрандатып, ұлт руханиятының өркендеуіне ерекше зор үлес қосқан қайраткерлер. Шағын мақалада қаламгерлердің түрме тақырыбындағы шығармашылығына аз да болса назар аударғанды жөн көрдік.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР


1. Б.Майтанов. Сөз саны. Алматы, 2002 ж. - 266 б.

2. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы 2- кітап А, «Қазақ университеті», 2002 жыл. - 218 б.

3. Тәжібаев Ә. Халық деп соққан жүрегі // Бес арыс. Алматы: Жалын, 1992. -544 бет.

4. Сейпутанова Л. Қ. Қазіргі қазақ поэзиясындағы стильдік ізденістер. Филол.ғыл.канд.дисс. авторефераты. Астана, 2006. - 246.



Ақындардың төл шығармалары:

1. М. Жұмабаев. Шығармалар. 3 томдық. 1 – том., Алматы: «білім», 1995 жыл. – 256 бет.

2. С. Сейфуллин. Бес томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. Алматы: «Жазушы», 1986 жыл. – 340 бет.

3. М. Дулатұлы. Алты томдық шығармалар жинағы. 1 –том. Алматы: Мектеп, 2013 жыл. – 365 бет.

Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
22.06.2025
140
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі