Тақырып бойынша 11 материал табылды

Қазақ ұлттық көркем ойлау жүйесіндегі соматизмдер

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақалада қазақ ұлттық көркем ойлау жүйесіндегі соматизмдердің қызметі мен мағыналық ерекшеліктері қарастырылады.
Материалдың қысқаша нұсқасы

УДК 821. 512. 122


ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ КӨРКЕМ ОЙЛАУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ СОМАТИЗМДЕР


Бейсенұлы Жақып

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті, Тараз, Қазақстан


Махаш Н.Ж.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті ,6В01700-Қазақ тілі мен әдебиеті ББ, 4-курс студенті, Тараз, Қазақстан


Аннотация

Мақалада қазақ ұлттық көркем ойлау жүйесіндегі соматизмдердің қызметі мен мағыналық ерекшеліктері қарастырылады. Атап айтқанда, «бет», «қабақ», «маңдай», «мойын», «мұрын» соматизмдерінің тілдік және мәдени семантикасы талданып, олардың адамның ішкі жан дүниесін, эмоциясын, мінез-құлқын және дүниетанымын бейнелеудегі рөлі айқындалады. Сонымен қатар, соматизмдердің метафоралық, символдық қолданыстары арқылы қазақ халқының ұлттық танымы мен эстетикалық құндылықтары көрсетіледі.

Кілт сөздер: соматизм, көркем ойлау, метафора, фразеологизм, ұлттық дүниетаным


Аннотация

В статье рассматриваются соматизмы в системе казахского художественного мышления и их функционально-семантические особенности. Особое внимание уделяется таким соматизмам, как «лицо», «брови», «лоб», «шея», «нос», анализируется их роль в отражении внутреннего мира человека, его эмоций, характера и мировоззрения. Показано, что метафорическое и символическое употребление соматизмов способствует раскрытию национальной картины мира и культурных ценностей казахского народа.

Ключевые слова: соматизмы, художественное мышление, метафора, фразеологизм, национальное мировоззрение


Abstract

The article examines somatisms in the system of Kazakh artistic thinking and their functional and semantic features. It focuses on such somatic elements as “face,” “eyebrows,” “forehead,” “neck,” and “nose,” analyzing their role in expressing human inner states, emotions, character, and worldview. The study demonstrates that the metaphorical and symbolic use of somatisms reflects the national worldview and cultural values of the Kazakh people.

Keywords:somatisms, artistic thinking, metaphor, phraseologism, national worldview


Адам қоршаған әлемді оны өзіне ұқсастыра таниды, сондықтан адамзат баласының тіл жүйесінде де, ойлау жүйесінде де әлемнің тілдік бейнесін қалыптастыруда антроптық образдардың атқаратын ролі зор. Бір айта кетерлігі, бұл көркем образдар әр халықта әр түрлі кейіпте болады. Олар халықтың ойлау сипатының, тілдің образдық жүйесінің, ұлттық тілдің ерекшеліктеріне, кейде тіпті осы ұлттық тідегі сөздік қорына да байланысты әртүрлі болады. «Менің ұлтымның тілінің аумағы менің дүниетанымымның аумағын білдіреді» [1, 65 б.] деген сөзді В. Гумбольдт бекер айтпаған.

Тілдің дәстүрлі көркемдік құралдары – теңеу, метафора, эпитет – сол ұлттың айналадағы өмірге деген көзқарасы мен көру ракурстарының өзіне тән ерекшеліктерін көрсетеді. Кейде тіпті халықтың тілдік қорын және тілдік бірліктерінің бір-бірімен байланысу жолдарын жете меңгерсең, халықтың ұлттық мәдениеті мен болмысын білу үшін сол жеткілікті сияқты да көрінеді. Өйткені лексикалық қорда халықтың дүниетанымы мен дүниені қабылдау дәстүрі айрықша анық көрінеді.

Халықтың ұлттық мәдениеті мен өмір сүру ерекшеліктері сол халықтың ұлттық ойлау жүйесінің өзіндік ерекшеліктерін қалыптыстырады. Бұл ерекшеліктер тіл егесі халыққа көзге ұрып тұрмаса да, басқа тілге сөзбе сөз аудару барысында тайға таңба басқандай анық көрінеді. «Қоршаған әлемді әрбір ұлттық тілде вербалды түрде сөзбен сипаттау мәселесі сол әр тілдің егелерінің қоғамындағы әлеуметтік іс қимылдардың бір біріне сай келмеуі мәселесіне барып тіреледі» [2, 7 б.].

Қоршаған әлемді дүниені қабылдау және дүниетаным деңгейінде танып білуде әлемді адаммен теңестіре қабылдау басты орын алады. Кеңістік, іс қимыл, сезімдер және т.б. қай халықтың тілінде болмасын адамның дене мүшелері – соматизм аттарымен аталады. Мақалада біз қазақ халқының көркем ойлау жүйесінде «бет», «мойын», «қабақ», «мұрын», «маңдай» cоматизмдерінің алатын орны мен қызметтерін көрсетпекпіз[3].

«Бет» лексемасы қазақ тілінің метафоралық сөз саптауында «ар», «ұят» ұғымдарының орнында қолданылады. Баршаға мәлім мәтелді қолдана отрырып айтсақ, бет – адамның эмоциялық ішкі жай күйінің, ар намысының айнасы. Егер, мысалы, орыс тілінде адамның ішкі жан арпалысы көбінесе көз арқылы берілсе, қазақ тілінде бет – ұят пен бақай есептің арпалысын көрсететін экран іспетті.

«Ұят» мағынасындағы «бет» соматикалық метафорасы қазақ тілінде ең көп кездесетін метафора:

- иман жүзді;

- бетінен оты шығу;

- беттің арын белге түю;

- беті шыдамау;

- бет моншағы үзілу;

- бетінің суын бес төгу;

- беті ашылмаған;

- ет дегенде бет бар ма?

- бетпақ.

Бет, сонымен бірге, адам жанының айнасы, оның ішкі жан дүниесінің тазалығы мен ластығын көрсетеді, әдеби көркем тілде «ұятсыз» «бетсіз» деген ұғымды білдіреді:

- бетсіз;

- беті қалың.

Арға түскен дақ бетке де «түседі»:

- қара бет;

- бетке таңба;

- бетке шіркеу болу;

- бетке күйе жағу;

- бетке басу;

- бетке салық ету.

Сонымен бірге, ар-намысқа таңба салу мен ар-намысы таза дегенді білдіретін «қара бет» – «жарқын жүз» бинарлық оппозициясы бар. Бұл мысалдағы халық түсінігінде оң баға беру және теріс бағалау өзінің қалыптасу уақыты жағынан алып қарасақ, өте көне екендігі көрініп тұр («жарық – қараңғы» – «ақ – қара») [4].

Егер ұялу бетті белгілі бір «қимыл жасауға» мәжбүр етсе (өртену, қызару, сұрлану, бұзылу), онда «қимылдың жоқтығы» ұяттың да жоқтығын білдіреді:

- беті бүлк етпеу;- беті шімірікпеу.

«Бетім-ау», «не бетімді айтайын» деген сөздер басқаның ұятты тірлігін көргенде ауыздан еріксіз шығып кететін одағайдың бір түрі болып табылады. Бұнда да, көріп отырғанымыздай, негізгі «қимыл егесі» – бет, яғни тағы да ұяттың метафоралық бейнесі.

«Бет» лексемасында «ұят» мағынасының сарқындысы «ұрсысу» деген мағынаны білдіретін образдық бейнелеулерде сақталған:

- бет жыртысу;

- бет бақтырмау;

- беттен алып, төске шабу.

Бетке басқа бір ішкі сезімнің бетпердесін жамылып алғанда, көңілдегі ой мен сезімді көре алмаймыз, сондықтан шындықты білу үшін қазақ бетті «ашуды» талап етеді:

- бетті ашып алу;

- бет пердесін сыпыру;

- бетіне көн жамылу.

«Бет» соматизмінің қазақ тілінің көркемдік жүйесіндегі екінші бір мағынасы – «бағыт, бағдар»:

- бет алысы;

- бет алды (сөйлеу);

- беті ауған жаққа;

- беті бері қарау – қазақ мифтік ойлау жүйесінде ауыр науқас – адамның жаны «арғы дүниеге», өлімге қарай бұрылатын өтпелі кезең деп есептеледі, ал ауыр науқастан айығу – «беті бері қарау», бағытын өзгертуді білдіреді (мына дүниеге қарай бұрылу);

- беті аулақ, бетін ары қылсын;

- бетінен қақпау – тәрбиеде балаға бағыт бермеу;

«Бет» лексемасы көркем троптардың құрамында өзінің тура мағынасында сирек қолданылады:

- беттің қызылы;

- бетінен қаны тамған;

Қоршаған орта, өмір мен адам пиғылын пайымдау мақал мәтел болып материалдық кейіпке түседі:

- адам ұяты бетінде;

- көз көрсе жүз ұялады.

Образдық бейнелі сөзге қажетті «материал» ретінде қазақ тілінде адам жүзіндегі басқа да бет мүшелері атауларының ролі зор. Олар басқа тілдерде бұлайша тілдің көркемдік құралдары бола бермейді. Соның тек қана қазақ тіліне тән бірі де бірегейі – «қабақ» соматизмі, өйткені ол қазақ тілінен басқа ешбір тілде ауыспалы, метафоралық мағынаға ие болған емес. Қабақ адамның көңіл күйін, дәлірек айтсақ, сол көңіл күйдің болмауын білдіреді:

- қабағы салыңқы;

- қабағы қатыңқы;

- қабағы қарс жабылу;

- қабағы ашық;

- қабағынан қар жауу;

- қабағын шыту;

- қабағы тырысқан.

Сонымен бірге бар өмірі сайын дала төсінде өтетін дала қазағының тілінде аспан әлемінен, жануарлар өмірінен алынған, халықтың аңғарымпаздығын көрсететін теңеулер де жеткілікті:

- ай қабақ;

- бөкен қабақ;

- қырғи қабақ.

Қазақ көркемдік тілінде «маңдай» лексемасының алатын орны зор. Маңдай – халық философиясында тағдырдың «жазылып қойылатын» айнымас орны:

- маңдайына жазғаны;

- маңдайы ашылу;

- маңдайы жарқырау;

- маңдайына сыймау;

- маңдайына тас тию;

- маңдайының соры бес елі.

Сонымен бірге, «маңдай» лексемасы «үздік», «алдыңғы қатарлы» дегенді білдіреді:

- маңдай алды:

- маңдайына басқан – бұл метафораның образдық тұғыры халық нанымында пір тұтқан затты маңдайына басып тәу етуден шыққан.

Жер бетіндегі бар халықтың ділі мен тілінде адамның ақыл ойы дәрежесін, тағдыр талайына жазылған бақ пен сордың айырмасын анықтауда маңдайдың алатын орны ерекше. Бұл әлемнің тілдік бейнесі мен әлемнің логикалық суретінің адам санасында бір бірінен алшақ емес екенін көрсетеді.

- маңдайы кере қарыс;

- маңдайының ырысы бес елі;

- маңдайының соры бес батпан;

Өзінің тура мағынасында «маңдай» сирек қолданылады, тек келесідей тіркестерде ғана кездестіреміз:

- маңдай терін төгу;

- маңдайынан шертпеу;

- шекесі торсықтай.

Адам бетінің келесі бір мүшесі – «мойын» лексемасына келсек, ол көбінесе өзінің тура мағынасын сақтап қалады да, өзінің қатысуымен жасалған көркем троптардың тұғырын құрайтын дене қимылдары мағынасын береді:

- мойнын бұру;

- мойын ұсыну;

- мойындау;

- қылша мойным талша;

- мойнын үзу;

- мойны босау;

- мойнына міну;

- мойнына су құйылу;

- мойнына ала қоржын асыну;

- қолымен істегенді мойнымен көтеру

- мойны жар бермеу;

«Мұрын» лексемасы қазақ көркемдік жүйесінде көбінесе адамның теріс мінезіне, теріс пиғылына қатысты айтылады:

- мұрнын көкке көтеру;

- мұрнын шүйіру;

- мұрнын тескен тайлақтай;

- су мұрын;

- тоқаш мұрын;

- екі қолын мұрнына тығып қайту;

- мұрнымды кесіп берейін;

- жаны мұрнының ұшына келу.

Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, адамның бет жүзіндегі мүшелерінің атауы болып табылатын соматизмдер адамның ішкі жан дүниесінің болмысы, ой сезімі «сыртқы көрініс» табатын орындар болып табылады: бет – ар ұят, маңдай – тағдыр талай, мұрын – көкірек көтеру, мойын – істеген ісіне жауап беру, қабақ – көңіл күй. Қорытындылай келе, қазақ ұлттық көркем ойлау жүйесіндегі соматизмдер – тіл мен мәдениеттің ажырамас бөлігі. Олар арқылы халықтың дүниетанымы, эстетикалық талғамы мен рухани құндылықтары көрініс табады. Сондықтан соматизмдерді зерттеу қазақ тіл білімінде ғана емес, мәдениеттану мен әдебиеттану салаларында да маңызды бағыттардың бірі болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Этнопсихолингвистика (отв. ред. Ю.А. Сорокин). – М., Наука, 1988.

  2. Национально–культурная специфика речевого поведения народов СССР. – М., Наука, 1982.

  3. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы: Ана тілі, 1998.

  4. Смағұлова Г. Фразеологизмдердің ұлттық-мәдени сипаты. – Алматы, 2004.

  5. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1977.

  6. Жанпейісов Е. Қазақ тіліндегі этномәдени лексика. – Алматы, 1989.

  7. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы: Санат, 2002.


 






Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
doc
05.05.2026
0
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курс саны 12