Қазақтың жоғалып бара жатқан салт-дәстүрлері

Тақырып бойынша 20 материал табылды

Қазақтың жоғалып бара жатқан салт-дәстүрлері

Материал туралы қысқаша түсінік
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Драматургия, 2-топ студенттері Жетекші: PhD, аға оқытушы Әлтаева Н.С. Қазақтың жоғалып бара жатқан салт-дәстүрлері
Материалдың қысқаша нұсқасы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Драматургия, 2-топ студенттері

Жетекші: PhD, аға оқытушы Әлтаева Н.С.


Қазақтың жоғалып бара жатқан салт-дәстүрлері


Салт-дәстүр — әр ұлттың, халықтың дінімен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады.

Салт-дәстүр ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық — өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, ұзату, қонағасы, шашу,ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, т.б. салт-дәстүрге жатады. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет-ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі осы салт-дәстүр көрінісі.

Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.

Үме (салт). «Үмеге келген үндемей қалмайды»( мақал). Үлкен, ауыр, көлемді жұмыстарды ауыл, ру адамдары «бір жеңнен қол шығарып» бас қосып, көпшілік болып, бірігіп атқарады. Соның бірі – үме. Әсіресе, қысқы мал азығы үшін жемшөп дайындағанда мал иесі жігіттерді үмеге шақырады. Қарулы азаматтар бер орақтарын шыңдап, қайрап іске кіріседі. 20-30 жігіт қатарласа тұрып орақ тартады. Бір күн ішінде бірнеше тонна шөп шабылып, әрі жиналып алынады. Үмеге ет асаймыз деген бала-шағалар да, көңіл көтеретін әнші, күйші, жыршылар да келіп, өнер көрсетіп, жұрт бір серпіліп қалады. Кейде үлкен Үмелерде жігіттер күреске түсіп, қара жарыстар ұйымдастырылған. Көмекке келгендерге берілетін ас “үме” деп аталған. Үме – ұжымдасқан еңбек тойы. Мұндай істен ауыл азаматтары ешқашан шет қалмайды. Себебі, үме дәстүрі қазақ халқының береке-бірлігінің белгісі деп санаған.

Бәсіре атау. Қазақ халқында ұл балаларға арналған дәстүрлер жетерлік. Соның бірі- Бәсіре атау. Ата-бабамыз бұл дәстүрді баланың сүндет тойының алдында ұл балаға арнап тай немесе құлын сыйға тартқан. Сонымен қатар, “бәсірені баланың дүниеге келуі малдың төлдеуімен тұспа-тұс келген жағдайда, жаңа туған құлынды немесе ботаны сәбидің бәсіресі деп атап, соның еншісіне сыйлаған” деген де ұғым бар. Қазақтың көнеден келе жатқан бұл нанымы бойынша баланың болашағы оның бәсіресімен тығыз байланысты болады деп сенген. Яғни, бала туған кезде немесе есі кіріп, оң-солын таныған соң, «сүндет тойына» немесе мектепке барғанда атасы немесе өз ата-анасы оған тай атайды. Оны «бәсіре тай» дейді. Бала оны ерекше күтімге алады, бағады, үйретеді. Және сол арқылы мал бағуға, еңбекке үйренеді. «Бәсіре» атау баланың көңілін өсіреді, өмірге бейімделе бастайды. Өз қатарына «бәсіре тайым бар» деп мақтанып жүреді. Мұның бәрі баланың көңілін өсіріп, ынталандырып тәрбиелеудің бір жолы. Бәсіре атын мінбейді, сатпайды. Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға әрі біреу болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Есейе келе бәсіресі бар баланың да малға деген ықыласы, пейілі түзу болады. Қысқасы, ата-бабаларымыздың баланы тәрбиелеу үшін қолданған тағы бір әдіс-тәсіл түрі. Ал үлкендер үшін жомарттық пен сараңдық сынға түсетін дәстүр.

Қазіргі таңда осындай баға жетпес дәстүрлеріміз ұмытыла бастағаны өкінішті. Себебі бір жағынан бұл дәстүр денсаулыққа да пайдалы, бала шынығады, шымырлана түседі. Бұл дәстүрді ұмытпасақ байлыққа жетуді, дәулетті болуды баланың санасына сіңіретін дәстүр деп нық айта аламыз. Осындай дәстүрді сақтау қалалық жерде мүмкін болмағаны анық және ауылды жерлерде де есте қалған деп те айту қиынға түседі.

Құйрық-бауыр - қазақтың салты. Қазақ жолында құда түсіп сөйлесіп, құдалық бекіскенде, қыздың әке-шешесі құдаларының алдына әкеліп малға бата жасатады, ақ сары бас қойын сояды. Мол ет асады, кәделі жілігін түгел қалдырмай асады. Көрші-қолаңдарын қалдырмай шақырады. Алдымен езіліп піскен қойдың май құйрығын әдемілеп ұсақтап турайды да оның үстіне шала піскен қойдың бауырын ұсақтап турап араластырады. Оның үстіне азырақ ырымдап ақ ыдыстан айран құяды да, құдалардың алдына әкеліп қояды. «Құйрық-бауыр жедік, құдай дестік, құда болдық» деп құдалықты осы кәдемен бекітеді. Оны қазақ кәдесінде «құйрық-бауыр» деп атайды.

Құйрық-бауыр жеуде екі жақ бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар деген нанымды ырым жатыр.Қазақ ырымында құдалық бекіспей тұрып, әсте «құйрық-бауыр» жемейді. Құдалық бекіп құйрық-бауыр жескен соң екі жақта әсте айнымайды.

«Құрсақ шашу»

Қазақ халқының тек өзіне тән, ешбір қайталанбайтын, бірегей салт-дәстүрлері бар. Соның бірі – «құрсақ шашу» тойы. Аяғы ауыр әйелге қатысты орындалатын дәстүрдің басты мәні – қуанышты атап өтумен қатар болашақ ананың денсаулығына ерекше мән беру болмақ. Құрсақ шашу" немесе "құрсақ тойы" - аяғы ауыр әйелге қатысты ертеден келе жатқан дәстүр. Түрлі салт-дәстүрлерді білетін ақ жаулықты аналарымыздың айтар өсиеті мол. Келін үйге түскеннен соң, ененің одан күтетін үміті зор. Сондықтан, аяғының ауырлағанын байқаған өнегелі ене құрсақ шашу деген кішігірім той думан ұйымдастырады. Оның мақсаты – қуанышты атап өту және жүкті әйелдің күтіміне аса назар аудару. Бұл, біріншіден,ертеңгі күні дүниеге келер нәрестенің алғашқы тойы болса, екінші жағынан аяғы ауыр ананың да қамын ойлап, соған жағдай жасаудың амалы. Думанды дастархан жайылып, үлкен әйелдер жағы жас келінге батасын береді, ал құрбылары, абысындары білгенін айтып, ақыл-кеңес беріп, келіннің көңілін аулайды. Бойына бала бітісімен-ақ кейбір ананың асқа тәбеті шаппай, жерік болады. Оны "итжерік" деп атайды. Тәбеті шабатын тамағын тауып беру де ененің мойнында. Өйткені ертеңгі күні жерігі қанбаса, баланың толыққанды болып жетілуі екіталай. Егер жерігі қанбай жүрсе, кейін баланың аузынан сілекейі аға беретін болады деген ырым да бар. Сондықтан тойға келген әйелдер келінге арнап әр түрлі тағам әкеліп, дәм тигізеді. Жерік кезде жеген аста да көп мән бар. Тіпті баланың болашақта кім болатындығын соған қарап болжауға болатындығы ғылыми түрде дәлелденіп те отыр. Мысалы, анасы көкөніске жерік болса, бала ширақ, елгезек, өмірге құштар болады екен. Кесек көмірге жерік болса, бала болбыр, өмірге икемсіз болмақ. Ал, тек біреудің үйінің тамағын жегісі келіп тұрса, бала келешекте үйде тұрмайтын, үнемі түздің тірлігін тындыратын болып өседі екен... Келінінің жерік асын табу да ененің басты міндетіне жатады. Тәжірибелі енелер алдын ала түсікті болдырмас үшін әрі шошып қалмасын деген ниетпен келіннің көйлегінің етегін тастармен бүріп қоятын болған.

Ауыз тию – қазақтың ежелден келе жатқан ғұрытарының бірі. Үйге келген кісі асығыс болса да «ең болмаса нан ауыз тиіп кет, тізеңді бүк» деп айтқан. Бұл дегеніміз - қонақжайлылық пен жайсаңдық, өнегелі тәрбие бастауы. Бұрынғы заманнан-ақ қазағымның дастарханы үйге келімді - кетімді кісінің бәріне жайылып, бар тәтті осы кісілерге ұсынылған.

Байғазы – балалар мен жасөспірімдер бір жаңа нәрсеге ие болғанда жақын туыстарынан байғазы сұрайтын дәстүр қалыптасқан. Байғазы сұраушының көңілін қайтармай ақшалай, не заттай сыйлық беріледі. Бұл дәстүр бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді.Ата дәстүрі бойынша әрбір ұрпақ қазақтың тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын, өсиет-өнегелерін өзіне үлгі-өнеге тұтуға тиіс. Бұл болашақ ұрпағынан зор үміт күтіп отырған халқымыз үшін маңызды. Біз өз ұрпағымызды білімді де тәрбиелі, өнегелі де ізетті, мейірімді әрі қайырымды, қонақжай етіп тәрбиелегіміз келсе, халықтық салт-дәстүрге ерекше мән беруіміз керек.

Балдыз қалың — қалыңмалы төленгеннен соң қалыңдық қайтыс болған жағдайда қазақ дәстүрі бойынша қалыңдықтың сіңлісін (балдызын) алу кезінде төленетін қосымша қалыңмал. Алайда, бұл ақы күйеу қайтыс болған қалыңдығына ұрын барған болса ғана төленеді. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса балдыз қалың төленбейді. Балдыз қалың - күйеудің балдызын алу үшін бұрынғы қалыңмал үстіне түйе бастаған тоғыздан тағы да қалыңмал төлеуінің атауы.Әмеңгерлікке ұқсас дәстүр.Балдызыны келін ретінде қабылдау дәстүрі жиені бейтаныс емес, өз анасының жеңгесі болатындай дүниеге келген. Бала бейтаныс адамның өсуіне кедергі келтіріп, оның үйіндісі бар екенін түсінгендей болды. Мұның бәрі екі жақтың келісімімен ғана жасалғаны анық.

Айтұяқ (дәстүр). «Кене хан оның жолына «айтұяқ» айтып, аяғынан тік тұрады» (Ә. Қоңыратбаев). Қазақ халқының әр заманға, әр жағдайға, сол сияқты өмір жолында әдет-ғұрпына, тұрмысы мен мәдениетіне сәйкес лайықты, жарасты дәстүр, салттары өте көп. Соның бірі «айтұяқ» деп аталатын салт. Әдетте біреу қатты жараланса, өміріне қауіп төнсе немесе бір ауыр (қиын) жағдайға душар болса, әр адам өз басының амандығы үшін «ақсарбас» айтады. Бұл белгілі жай. Ал, бұрын адамдар қауіп-қатерлі ауыр, алыс сапарға (жолға) шығатын болса, мысалы отан қорғау жолында майданға аттанса, хажы сапарына немесе емдеуге бет алса, онда «айтұяқ» деп аталатын құдайы береді. Бұған жылқы сояды. Салттың «айтұяқ» деп аталуы да осыдан. Құдайы (айтұяқ) беруі ел-жұртқа күні бұрын хабар салып, шақыру жібереді. Сөйтіп жиналған көптің батасын алады. Өйткені, халықта «көп тілегі – көл» деген қағида бар. Бұрынғы жаугершілік заманда аталған салт әр ауылда жиі болған. Бұл салт қазір ұмытылып бара жатыр. Ежелгі аңыз-әңгімелерде, ертегілерде, батырлар жырында «айтұяқ» сирек болса да айтылып қалады.

Аушадияр

Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Жәй өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Аушадияр деп аталатын бұл жырдың үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Қазір Қазақстанда аушадияр айтылмайды.

Қарапайым, тұрмыстық сөздерге құралғандықтан, ол тез жатталады:

Аушадияр бір болар,

Жаманның көңілі кір болар.

Ата-анасын сыйлаған,

Ақ шалмалы би болар.

Аушадияр екі дер,

Ержеткеннің еркі дер,

Омырауы толған он түйме,

Қыз баланың көркі дер.

Аушадияр төрт болар,

Қыздың қойны өрт болар.

Екі жақсы қосылса,

Өле өлгенше серт болар.

Көгентүп тек қыздан туған жиендердің құрметіне жасалатын салт дәстүр. Бұл сашт дәстүрлің негізгі мақсаты құдалар арасында жиен немеренің де қадірлі екенін көрсету. Алыс жолға шыққан кезде ата-анасымен бірге еріп келген кішкентай балаларға бұзау, құлын, қозы-лақ атайды. Бұл – көгентүп беру деп аталады. Атаған көгентүбін кейін бермей кету – өнегесіздік, дүниеқоңыздық деп саналған.

Тоқымқағар. Ауыл-үйдің қарттары жол жүрерде, сөйтіп жастар жағы бірыңғай болып ауылда қаларда немесе жас бала тұңғыш рет атқа мінерде «тоқымқағар» деп аталатын тамақ пісіріліп, дастарқан жайылады. Бір жағы жол жүрер үлкендердің жолының болуына тілектестік болса, екіншіден жас баланың азамат болғанына қуаныш білдіру белгісі болып табылады.2. Жас адам жолға шыққанда жасалатын дәстүрлі бас қосу. Арнаулы мал сойылып, сыйлы мүшелер салынып ет асылып, кең дастархан жасалады, ойын-сауық, өлең, жыр айтылады. Бұл — сапарға шыққан жігіттің тоқымы жерде қалмасын, ат-көлігі аман келсін деген жақсы тілек білдірудің белгісі.Бұл дәстүрдің мәні, басқосудың негізгі мақсаты бар. Ол үйден біраз уақытқа жолаушылап кеткен немесе әскерге, ұзақ уақыт басқа жаққа оқуға, жұмысқа тағы сол секілді түрлі себептермен үйінен жырақтаған адам үйінен аттанарда жасалынатын салт. Үйден кеткелі жатқан адамның аман-есен отбасына оралып, бір-бірімен сағынысып қауышуын ырымдап, ағайын-туыс, жақын-жуыққа берілетін ас түрі. Сонымен қатар «тоқымқағар» ол алыстағы жақынын күткен кезде де беріледі. Мысалы әскердегі баласының келер күні жақындағанда көршілері немесе құрбылары «балаңның тоқымын қақ, ат-көлігі аман келсін!» деп тілеулестігін білдіріп жататын. Осындай ыстық ықылас пен ниеттестігіне қуанған адам міндетті түрде тоқымқағар жасайды. Қазір әркім әрқалай, өзінің ыңғайына келетін етіп, өздігінен бұрып ала беретін болды ғой. Жақында көп адам мән беріп, «той» ретінде қабылдамайтын осы тоқымқағар басқосуына бардым. Шынымды айтсам, қазақтың салт-дәстүрінің әлі де жойылмағанына, әспеттеп, құрметтей алатын адамдардың бар екенін көріп қуанған едім.

Сыйыт

Ежелгі дәстүрде қайтыс болған адамның тұтынған киімдерін оның сүйегін жууға кірген, яғни халық тілімен айтсақ «өлікке түскен» (немесе басына, ортасына, аяғына түскен) адамдарға – марқұмның атынан киім үлестіреді: бас жағына түскенге баскиімін, ортасына түскенге шапанын, аяғына түскенге етігін (шұлғауымен) атап, таза, тұтынылмаған киімді үлестіретін салт болған. Бұған қосымша өзі қатарлас адамдарға басқадай ұсақ киім, көйлек және басқа кәде қоса ұсынады. Өлік әйел адам болса, әйел киімін, еркек болса ер адам киімін үлестіреді және бұл айтылғандар шартты түрде орындалатын ереже қатарында. Егер киімі берілмей үй-іші қараулық жасаса, аруақ жалаңаш жүреді деген ұғым бар.

Сірге мөлдірету

Қураған жапырақ сары кілемге айналып, қыстың ызғарын сездіре күз де келді. Әр мезгілге мән беріп, соған орай үй-жайын қамдап, төрт түлігін сайлайтын елдің дәстүрі де уақытқа орайласқан. Ертеректе дәл осындай қоңыр күз келіп, күн суыта бастағанда қымыз әзірлеудің аяқталуына орай арнайы рәсім өткізілетін болған. Бүгінде бұл рәсімді ұстанатындар жоқтың қасы. Рухани мұраны жаңғырту мақсатында білмегендер біле жүрсін деген ниетпен атадан қалған дәстүрді бөлісуді жөн көрдік.Әсілінде, сонау ғасырдан бізге жеткен бұл рәсім «сірге мөлдіретер» деп аталады. Оған бірнеше күннің қымызын арнайы жинақтайды. Содан кейін туған-туыс, көрші-қолаң, ауыл қариялары шақырылып, басқосу өткен. Онда семіз бағланның еті асылып, үлкен астан соң қонақтарға күрең күздің дәмді қымызы тартылған. Үлкендер өз кезегімен риза болып, алғыс білдіріп, бата береді. Содан соң желінің қазығы мен бауына, биенің маңдайына сары май жағылатын болған. Онан соң, «Сірге мөлдіретерден» кейін аман-есен, жұбымыз жазылмай «Қымыз мұрындыққа жетейік» деген жақсы тілек айтылып, биелер ағытылады. Кейбір жерде бұл игі дәстүр «сірге жияр» деп те қолданылған екен.

Әмеңгерлік - күйеуі өліп, жесір қалған әйелдің қайынағасына немесе қайынінісіне, не болмаса жұбайының ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі. Бұл қазақ қоғамында ерте заманнан “аға өлсе, жеңге — мұра, іні өлсе, келін — мұра”, “әйел ерден кетсе де, елден кетпейді” деген қағидаға айналып, әдеттік заң нормасы ретінде қалыптасқан. Әмеңгерлік мәселесі ру ақсақалдарының басқаруымен қандас туыстар арасында мұқият талқыланған, ортақ ұйғарыммен шешілген. Әмеңгерлік институтының тек әлеум-құқықтық қана емес, сондай-ақ тәрбиелік-гуманистік мәні де зор болған. Біріншіден, көшпелі тұрмыс салтында жесір әйелдің жалғыз өзі күнелтуі, күйеуінен қалған бала-шағаға, мал-мүлікке ие болуы қиын. Бөгде, тегі бөлек біреуге тұрмысқа шықса, балаларына өгейлік, мейірімсіздік танытуы мүмкін.Екіншіден, марқұм күйеуінен қалған мал-мүлік жесір әйелге берілсе, бөтен адамның иемденіп кетуі, талан-таражға салуы, жетім балаларды нәпақасыз қалдыруы мүмкін.Үшіншіден, бөгде біреуге күйеуге шығатын болса, әкелерінің қандас, аталас туыстары жетім балаларды анасынан ажыратып алып қалуы ықтимал. Мұның ауыр қиянат боларын қазақтар жақсы түсінген.Сондықтан, аталған факторларды ескере отырып, қазақ ғұламалары “Жеті Жарғы” нормаларында ері қайтыс болған жесірдің “елден кетпеуін”, күйеуінің қандас туыстарының біріне күйеуге шығуын міндеттеген. Қаза тапқан еркектің туған-туыстары жесір әйелдің “әмеңгері” деп аталған. Қазақ қоғамында әмеңгерліктен бас тарту сирек кездескен, ол өзінің туысының жетім қалған балаларына, яки, өзінің қандас іні-қарындастарына мейірімсіздік, жаныашымастық ретінде бағаланған. Ал әйел әмеңгерліктен бас тартса, оған бала да, мал-мүлік те берілмеген, тек өз қалауымен күйеуге шығу еркі ғана берілген.

Қымызмұрындық – қазақ халқының атадан балаға мұра болып келе жатқан игі дәстүрінің бірі. Ертеде жер аяғы кеңіп, бие құлындап, желіге байланған тұста көптен көріспеген ағайын-туған сағынып, бірін-бірі осы «Қымызмұрындыққа» шақырысып, мәре-сәре болған. Бұл мерекеде өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып қана қоймай, қыздар билеп, жігіттер білек күшін сынасып, кір тасын көтеріп, арқан тартысып, қазақ күресінен, тоғыз құмалақ, асық ойындары секілді қазақ ұлттық ойындарынан жарыс өткізген. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін әр ауылдан жеткізілген сары қымыздың дәмін татып, бағасын берген. Дастарқанға қазақтың ұлттық тағамдары қойылған. Биенің сүтін "саумал" дейді. Саумалдың емдік қасиеті мол. Әсіресе бірінші рет құлындаған, яғни қулық биенің сүті үлкен биелерге қарағанда әлдеқайда қуатты болады. Саумалды сауған бойда ішу керек. 100-200 грамм аз мөлшерден бастап, бір литрге дейін үш мезгіл ішуге болады. Бие басына күнінен орта есеппен 10-12 литр сүт алуға болады. Кей биелер 15-17 литрге дейін сүт береді. "Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас" деген мақал осы тұста еске түседі екен. Тағы бір ерекшелігі саумал биелерді 8 ай саууға болады. Тіпті күтімі келіскен бие жыл бойы сүт береді. Саумалды ем ретінде буын ауруларына ішсе тіпті пайдалы. Сал ауруының алдын алады және жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізіп жүрген балаға да пайдасы зор. Саумал жүрек ауруларын, асқазан жарасын емдеуге, бауыр ауруына, иммундық жүйе жұмысының жақсаруына, туберкулез, ішек, тері ауруларына, аллергияны, қан аздықты, т.б. ауруларды емдеуде жиі қолданады.

Айтқандай, салт-дәстүр арқылы ұрпақ тәлім-тәрбие алып отырған. Үлкендер бүгін мұны бізге үйретіп жатса, болашақта оны келер ұрпаққа насихаттау – біздің мойнымызда! Дәстүріміз болса, халық оң болады, дәстүр бұзылса, қоғамның тарихи даму сабақтастығы да бұзылады! Сондықтан да салт-дәстүрлерімізді құрметтеп, есте сақтап, дұрыс жеткізе білу әрбір адамның қолында!


Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
10.04.2024
258
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Жариялаған:
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі