Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз

Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРЫН ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ САБАҒЫНДА ПАЙДАЛАНУ
АВТОРЫ: Жолдасбаев Мейрамбай
ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ
ТАҚЫРЫБЫ: ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРЫН ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ САБАҒЫНДА ПАЙДАЛАНУ
Мақсаты: Дене тәрбиесі пәнін жаңа технологиялық әдіспен оқушылардың жас ерекшеліктеріне, денсаулықтарына байланысты, ұлттық ойындарды, спорттық ойын түрлерін, сабақтың мазмұнына қарай іріктеп алып, пайдалану.
Өзектілігі: Қазақтың ұлттық ойындары – баланың зерек те ақылды, шымыр да ширақ боп өсуінің басты құралы. Оны оқыту процесінде қолдану – тиімді әдіс.
Күтілетін нәтиже: Оқушыларының ұлттық ойындар арқылы денсаулығы нығаяды, ағзаның қызметтік міндеттері, негізгі физикалық, жеке қасиеттері, тұлғаның коммуникативтік қарым-қатынасы дамиды.
Қазақтың ұлттық ойындарын дене шынықтыру сабағында пайдалану.
Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі жастарға үлгілі, өнегелі тәрбие беру –қазіргі міндеттердің бірі. Қазақтың ұлттық ойындарынын оқу және тәрбие үрдісінде оқушыларға сабақ беру кезінде пайдалану бүгінгі күнде өзекті мәселе болып табылады.Еліміздің егемендік алуы Қазақстандағы дене шынықтыру, ұлттық ойындар мәселесіне басқаша сын көзбен қарауды талап етеді.
Оқушыда жалпы адамзаттық құндылықтар мен адамның айналадағы дүниемен жеке тұлғалық қатынасын тәрбиелеу мақсатын халқымыздың мәдени мұрасының салт –дәстүрінің озық үлгілерін оның бойына дарыту арқылы жүзеге асыруға болады. Осымен байланысты бағдарлама халқымызға тән қонақжайлылық, мейірімділік т.б. сияқты қасиеттер халыққа тән ерекшеліктер. Жас ұрпақ өз халқының мәдениетімен асыл мұраларымен ұлттық әдебиеттер арқылы танысып келеді. Халық ойынды тәрбие құралы деп таныған. Ойынды сабақта қолдану оқушылардың ой- өрісін жетілдірумен бірге өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп кейінгі ұрпаққа жеткізе білу құралы.
Халықтық педагогиканың адам отбасы өскелең жас ұрпақты тәрбиелеу туралы арман-мақсаттарын ұсыныстарын қамтып көрсететін педагогикалық идеялар мен салт-дәстүрлері өткен мен қазіргінің арасындағы байланысты көрсетеді. Ол тарихи даму барысындағы әлеуметтік мәні бар ақпаратта (білім, білік) т.б. жиналып ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады.
Халықтық педагогиканың ең бір көне тиімді құралдарының біріне ойын жатады. Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді.Сөйтіп өзінің өмірден байқағандарын іске асырып қоршаған адамдардың іс-әрекетіне еліктейді. Соның нәтижесінде өзі көрген жағдайларды отбасылық тұрмыс пен қызмет түрлерін жаңғыртады. Мәселен қазақтың ұлттық ойындары «Бәйге», «Көкпар», «Қыз қуу», «Асық ату», «Алтын сақа», «Хан талапай», «Тоғызқұмалақ» т.б. балалардың еңбекке деген қарым-қатынасы мен қабілеттерін арттырады.
Ойын дегеніміз - адамның ақыл –ойын дамытатын, қызықтыра отырып ойдан –ойға жетелейтін, тынысы кең, қиял мен қанат бітіретін ғажайып нәрсе.
Ұлы педагог В.И.Сухомлинский: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз творчествосыз, фантазиясыз толық мәніндегі ақыл –ой тәрбиесі болмайды». Демек шәкірттің ақыл-ойы, парасаты, ұлттық сананы сіңіру арқылы байи түседі.
Оқу үрдісінде ұлттық ойын элементтерін пайдалану сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сай алынады. Сонда ғана оның танымдық, тәрбиелік маңызы арта түседі. Оқушыларды әсіресе «Көкпар», «Асық», «Теңге алу» секілді ұлттық ойындарға қатыстыру өте тиімді екеніне көз жеткізу қиын емес. Бұл ойындарды жаңа материалды бекіту немесе қайталау кезінде қолдану керек деген пікір бар. Оқушы ойынның үстінде не соңында өзінің қатысу белсенділігіне қарай түрлі баға алуы мүмкін. Мұғалім әр оқушының еңбегін бағалап, ынталандырып отыруы тиіс. Ойынның тәрбиелік маңызы мынада: ол баланы зеректікке, білгірлікке баулиды. Бабаларымыздың асыл қазыналарына деген көзқарасын құрметтеуге, сөз әсемдігін сезінуге үйретеді. Батылдыққа, өжеттікке тәрбиелейді.
Қазақтың ұлттық ойындарын дене тәрбиесі сабағында жоспарға енгізу арқылы өткізу жас буынды тәрбиелеуде теңдесі жоқ құрал. Әр сабақ сайын ұлттық ойынның үш-төрт түрін алып, солардың ойнау тәсілін үйрете отырып, жетілдіре,
қайталау арқылы пысықтап, әрбір бала жадында сақтайды да, оны ойнай біледі. Ұлттық ойындар ережесін түсіндіру, қызықтыру арқылы меңгерте отырып, мен неше түрлі қызықты көрнекі құралдар мен атрибуттарды сабағымда қолданамын. Осы атрибуттарды сабақта қолдануыма ата-аналар көптеп көмек көрсетуде. Мысалы: қазақтың ұлттық ойыны «Бәйге», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Көкпар» ойындарына ағаш аттың макетін, көмбеге киіз үйдің макетін жасап сабақтарды қызықты өткізуіме атсалысты.
Ұлттық ойындарды мектептегі дене тәрбиесі сабағында қолданудың заманға сай әдістерін ойлап табу әрине қиын. Әрбір баланың санасына ойынды сіңістіріп енгізу үшін біз қызықты да дұрыс әдістерді қолдануымыз керек. Ұлттық ойындар өзінің табиғатында, жаратылысында ұлттық өнегені бойына сіңіріп, бүкіл ұлтқа тән қасиеттерді өз бойына дарытып, толығып, жетілу арқылы, өзінің жан жақты тәрбиелік қасиетін шыңдай түседі. Ұлт ойындары өте күрделі дүние, ол адам баласының табиғи әрекеті. Сабақтың барысында сол табиғилығын сақтай отырып, оның элементтерін ретті пайдалану сабақтың әр кезеңінде оқушылардың көңіл-күйіне психологиялық жағынан барлау жасай отырып, білгірлікке әрекет жасауды талап етеді.
Бала ойын арқылы ойлап, ойын арқылы қиялдайды. Көңіл аударарлық ойынның бір түрі – асық ойыны. Бұл ойынды тек асығы бар балалар ғана ойнайды. Асық ойнаушылардың саны 4-8 балаға дейін жетеді. Бұл ойынның түпкі мақсаты – асық ұтып алу.
Асық ойынының түрлері өте көп. Олар –алшы, омпы, хан, құмар, көтеріспек. Асық ойыны өте қарапайым болып көрінгенмен, мұнда адам денесін шыңдап, сомдайтын қасиеттер, баланың «бұзылып» кетпеуі үшін, оны өзара әркетке жетелейтін қимыл қаншама. Ең бастысы, ол баланы жастайынан салауатты өмір салтына жетелейді. Адамның ойлау жүйелерінің жетілуінен бастап, бұлшық еттерінің жетілуіне, тыныс алу мүшелерінің реттелуіне, өз дене мүшелерін меңгеруге, соның нәтижесінде қырағылық пен мергендікке баулиды. Асық ойынын мектептегі дене тәрбиесі сабағында үйретіп алып, сыныптар арасында жарыс түрінде өткізуге болады. Асық ойыны білмейтін бала қазір ауыл түгіл, қалада да жоқ. Каникул кезінде аула ішінде асық ойынын балалар көп ойнайды, ішінара қыздар да кездеседі. Ұлттық ойындар арқылы біз баланы көпшілдікке, ұйымшылдыққа тәрбиелейміз, оларды жеке-дара тұлға ретінде қалыптастырамыз.
Асық ойыны – баланың ұсақ моторикасын дамытады, бұлшық ет қозғалысын жақсартады. Дәлдікті, мергендікті, зейінін арттыруға ықпал етеді. Көпшілдікке, сыйластыққа, әділдікке тәрбиелейді.
Қазіргі компьютер заманында оқушыларды қызықтырып асық, бес тас ойнаңдар деп айту өте қиын іс.
«Бес тас» ойыны. Ойнаушылардың саны екіден бес-алтыға дейін барады. Ойын тақыр жерде өтеді. Бауырсақтай доп-домалақ бес тас керек. Өйткені сүйірленген тастар ойнағанда, иірген кезде өз еріктерімен домалап түспей біріне бірі бөгет жасайды және қолға ұстауға да ыңғайсыз. Ойын ережесі. Балалар ең алдымен кім кімнен кейін ойнайтындығын бес тасты жоғары лақтырып, алақанның сыртына түсіріп, содан қаршып қағу арқылы кезек алысады. Ең көп қаршығаны бірінші, одан азы екінші, тағысын тағы солай кете береді. Бірінші кезек алған ойыншы бес тасты ойынның шартын бұзғанға дейін қаға береді одан кейін екінші кезектегі ойыншы ойнайды, одан үшінші кезектегі ойнайды, тағысы тағы, кезектесіп ойын жалғаса береді. Ойын бірліктен басталады. Бес тасты иіргеннен соң біреуін қақпа тас етіп алып, қалған төрт тасты жеке-жеке бір-бірлеп қағып алады. Екінші рет иіріп екілікті ойнайды, онда жердегі төрт тасты екі-екіден қағып алады. Үшінші рет иіріп үш тасты бірге, бір тасты бөлек қағып алады. Төрттікте қақпа тасты лақтырып төрт тасты жерге қойып, тағы лақтырып төртеуін жерден қайта алуы керек. Бесінші ойын – «жалақ». Жалақты үш жалау, немесе бес жалау болады. Қақпа тасты лақтырып жіберіп сұқ қолымен жерді үш ре жалауы керек, немесе ойынның шарты бойынша бес рет жалауы керек. Ұш жалау немесе бес жалау ойыншылардың өзара келісімдері бойынша тағайындалады. Алтыншы ойын – «алақан». Мұнда қақпа тасты лақтыра отырып қалған төрт тасты бір-бірлеп екінші қолдың алақанына жинаулары керек. Жетінші ойын – «төртбұрыш». Төртбұрышты төрт тасты төрт жерге қойып, яғни төртбұрыш шығарып, қақапа тасты биіктете лақтырып төртеуін де жинап алып қағулары керек. Төртбұрыштың үлкендігі ойыншылардың өзара келісімдері бойынша қойылады. Сегізінші ойын – «арттан тастау». Бұл ойында жерден бірінші тасты қағып алып, енді екінші тасты алғанда бірінші тасты қолдың артынан жерге тастау керек, одан үшінші тасты алғанда екінші тасты арттан тастау керек. Содан кейін жерден тастардың бәрін жинап қағып алу керек. Тоғызыншы ойын – «үндемес». Бұл ойында қақапа тасты қағып алғанда қолдағы жерден алған тасқа соғыстырмау керек. Ойынның шарты бойынша үндеместі ойнаған кезде тастардың даусы тұрмақ, ойыншының өзі де үндемей отырғаны абзал. Басқа балалар ойынның осындай сәтін пайдаланып қалғысы кеп үндеместі, яғни ойнап отырған баланы күлдіруге тырысады. Бұған ойыншының берілмеуі керек, себебі дыбысы шығып қалса, онда ойын шарты бұзылды деп есептелінеді де, бес тасты келесі кезектегі ойыншы алады. Оныншы ойын – «сарт-сұрт». Бұл ойын да бірлік сияқты, әр тас жеке-жеке қағылып алынады. Бірақ қақпа тас пен жерден алынған тастың сартылдаған дауысы естілуі керек. Он бірінші ойын – «қаршу». Ойыншы бес тасты иіріп жерге тастайды. Содан кейін қақпа тасын алады. Оны алып болғаннан соң қалған төрт тасты бір-бірлеп қаршып алуға тиіс. Он екінші ойын – «нәби». Бұл ойында сол қолдың бас бармағы мен сұқ қолын жерге тұрып, оң қолымен сол қолдың сыртынан тастарды алдыға иіріп тастайды. Ал қақпа тасты алғаннан кейін нәби сайланады. Нәбиді басқа ойыншылар сайлайды. Нәби ойыншылардың келісімі бойынша не алдыдан, не артынан, не бір тастың екіншісіне тиіп тұрғаны, әйтеуір қиын жердегісі сайланады. Ойыншы нәбиді басқа тастарды өткізіп болғаннан кейін ең артында өткізеді. Ең ақырында бәрін ойнап біткеннен кейін ойыншылар біріне бірі ұпай салады. Ұпай салудың бірнеше түрлері бар. Біріншіден, бес тасты қолын айналдырып лақтырып қағып алу керек. Екіншіден, бес тасты тұгел лақтырып, алақанның сыртына түсіріп, одан қайта лақтырып қаршып алуы керек. Содан қанша тас қағып алса, сонша ұпай салады. Әр тас – он ұпай. Егер бес тасты түгел қақса, онда 50 ұпай алады. Осылай ойын жалғаса береді. Ұпай салушылар ұпайды тек өзінен кейінгі кезектегі ойыншыға ғана салады. Ойынның шарты бойынша тастарды қаққан кезде басқа тастарды қозғалтпаулары керек.
«Бес тас» ойынында баланың ұсақ моторикасы дамиды, математикалық ой-өрісін арттырады, логикалық ойлауы жетіледі, қимыл-қозғалыста болады.
Мен «Бес тас» ойынын топқа бөлу арқылы үйретудемін. Сабақ барысында оқушылар өте қызығушылық танытып, үйренуге деген талпыныстары байқалды. Әсіресе, дене тәрбиесі сабағынан босатылған оқушылар отырып «Бес тас» ойынын ойнауға болады. Бұл ойынның бір қасиеті оқушыларды төзімділікке, шыдамдылыққа, шапшаңдыққа үйретеді.
Қазақтың ұлттық ойындарының біразы ойлауды қажет ететін ойындарға жатады. Олар негізінен логикалық ойлау мен математикалық, философиялық ойлануды дамытуға негізделген. Мысалы, тоғыз құмалақ ойыны.
Тоғыз құмалақ ойыны жас жеткіншектерге спорт әліппесін үйретумен қатар, олардың ой-өрісін, сана-сезімін, дамытуға оқу үлгерімін жақсартуға және саналы тәрбие өзіндік септігін тигізеді.
Бұл ойынды арнайы ағаштан жасалған төрт бұрышты тақтада ойнайды. тақтаның екі қатарға тоғыз-тоғыздан ойылған сопақша келген ұясы (кіші отау), әр қатар үшін бір-бірден жасалған екі қазан (үлкен отау) болады. Олар ақ және қара түске боялған. Әр оқушыға 81-ден, екі ойыншыға 162 құмалақтан беріледі. Олар әр ұяға 9-дан орналастырылады. Әр ұяның 1-ден 9-ға дейін реттік саны болады, олар солдан оңға қарай есептеледі.
Ойын ережесі: тоғыз құмалақтың партиясы ақ пен қараның кезектесіп отыратын жүрісінен тұрады. Ойынды бастаушы өзінің кез келген отауына бір құмалақты ғана қалдырып, өзгесін қолына алып, оларды сағат тіліне қарсы жақтан бастап, бояу түсіне қарамастан, бір-бірден ұяларға салады. Егер ең соңғы құмалақ түскен бәсекелестің ұзындығы тас саны (2, 4, 6, 8, 10, ...) жұп болса, онда ойыншы сол ұядағы құмалақты алып, өз қазанына аударады. Ойын барысында біреудің ұясында 2 құмалақ қалса, серіктесі ең соңғы тасын түсіріп үлгерсе, ол үшін тасты түгел алады, ұя ойын аяғына дейін «тұздыққа» айналады. Әр ойыншы өз қарсыласының жағында тек бір ғана «тұздыққа» ие болады. Қазанына 82 құмалақ жинаған ойыншы ұтады.
«Теңге алу» ойыны. Бұл ойын әсіресе Қазақстан, Азия халықтарының арасында көп кездесетін ұлттық спорттың бір түрі. Ойын шабандоздардың ат құлағында ойнай білетін үлкен шеберлікті, асқан жылдамдықты, ерекше ептілікті қажет етеді. Ойынның мәні-атпен шауып келе жатқан жігіт айтулы мәреге дейін белгілі межелерге көміліп қойылған күміс теңгені іліп алуға тиіс. Осы ойын элементтерін пайдалана отырып, сабақ кезінде оқушылар қатты жүгіріп келіп әр жерде жатқан, ия болмаса арнайы қойылған шыттарды іліп ала жүгірулері керек.
«Бәйге» ойыны. Бұл ойын барысында жылдамдық, ептілік, шапшаңдық секілді дене сапалары дамиды, көпшілдікке тәрбиелейді. Көрнекілік құралдарға ата-аналардың көмегімен жасалған ағаш аттарды, киіз үй макетін, қол шыттарын пайдалану арқасында сабағым қызықты да, әсерлі өтті. Ойынды эстафеталық жарыста командамен ойнауға пайдалануға болады. Бұл ойын баланы ептілікке, жылдамдыққа баулиды. Ойлау қабілетін арттырады. Ағаш аттардың орнына резеңке шарларды да пайдалануға болады.
«Арқан тартыс» ойыны. Ұзындығы 8-10 метрдей жуан кендір арқан керек. Арқанның тең ортасынан орамал немесе шүберек байланып белгі жасалынады. Осы орталық белгінің екі жағынан бір жарым-екі метрдей жерден тағы да жоғарыдығы тәртіппен белгі жасалынады. Ойнаушылар (ойынға 10-15 адамнан) екі топқа бөлініп қатысады, екіге бөлінудің тәртібі: ойнаушылар бойларының биіктігіне қарай бір қатарға тізіліп тұрады. Ойын жүргізушінің берген командасы бойынша тізбекте тұрған ойнаушылар оң жақ шетінен қатар санды: бір, екі, үш... деп бастап, сол жақ шетіне дейін санап шығады. Сөйтіп, бұл топ тақ, жұп болып екіге бөлінеді. Қатысушылардың саны он адамнан кем болмауы керек.
«Аударыспақ» ойыны басқашаболып та ойнала береді. Бұл ойынды командамен де, жеке де ойнауға болады. Мектепте аударыспақты гимнастикалық орындықты пайдалану арқылы өткізуге болады.
Осы 2016-2017 оқу жылында «Тақия тастау» ойынын сабағыма енгізуді жоспарлап отырмын. Бұл ойынға бірнеше бала қатысады. Балалар шеңбер жасап отырады. Жүргізуші шеңбердің сыртын айнала жүгіріп, бір баланың артына білдіртпей тастап кетеді. Сезіп қойған бала жүргізушіні қуып жетуі керек. Ал жүргізуші бала қуған баланың орнына келіп отыра қалуға тырысады.
Жүргізушіге жете алмаған бала айыбын төлейді, өнер көрсетеді. Өте қызықты әрі жан-жақты ойын. Себебі, бұл ойын дене бітімін тәрбиелеуге көмектеседі, шапшаңдық, мұқияттылық және ең ұтымдысы баланың өнерін жан-жақты дамытуға көмек береді.
Қазақтың ұлттық ойындарын көптеген спорттың түріне байланыстырып қолдануға болады. Ұлттық ойындар дене тәрбиесі сабақтарын дамытудағы негізгі құралы болып табылады. Бұл ойындарда көптеген тәсілдер жүйесі,үйрету мен тәрбиелеу әдістері жинақталған. Олар ұрпақтан-ұрпаққа таралып,әдет-ғұрып,салт-сана білімдерінің жиынтығы ретінде халық өмірін жан-жақты түрлендіруде. Арнайы спорт жабдықтары мен құрал-саймандарды көп қажет етпейтін қазақтың ұлттық ойындарының дене тәрбиесі сабағын жоғары әдістемелік деңгейде сапалы өткізудегі пайдасы мол.
Қазақтың ұлттық ойындарының дамымаған түрлерін тауып, дене тәрбиесі сабағына көптеп қолдануға шақырамын. Бұл ойындар адамның ой-өрісінің, өмірге көзқарасының дамуына,сана-сезімнің өсуіне мол мүмкіндіктер туғызуымен қатар адамның дене дамуына және рухын көтеруіне көмектеседі. Ойынға қатысушылардың ойын ережесін қалай түсінетіне байланысты, олар ойынның адамгершілік нормасының қоғамға, ал керісінше қоғамның ойынға бағытталуында. Бұл ойындардың құндылығы – ойын кезінде адамгершілік мінез-құлық, өзара сыйласу, татулық, ұжымда бір-бірімен тіл табысу сияқты мінездер қалыптасады. Арнайы спорт жабдықтары мен құрал-саймандарды көп қажет етпейтін қазақтың ұлттық ойындарының дене тәрбиесі сабағын жоғары әдістемелік деңгейде сапалы өткізудегі пайдасы мол.
Сонымен түйіндеп айтарым, сабақта және тәрбиеде, бастауыш мектептерде ұлттық ойынды ұтымды пайдалансақ дене шынықтыру пәнінде оқушылардың өз бетімен жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру шарттары теориялық тұрғыдан негізделсе, онда оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыруға және халықтың асыл мұрасын бойына сіңіріп, ұлттық сананы қалыптастыруға болады.
Әрбір бала өзін қазақпын деп есептесе өзінің ұлтының дәстүрін, ойындарын жатқа біліп, соны пайдаланып өсуге тиіс. Сонда ғана біз оларды патриот ете аламыз.
Қолданылған әдебиеттер:
1. «Мұғалім к.з» - Республикалық оқу-әдістемелік ғазеті. №5(10) мамыр 2011ж
2. «Мектептегі дене шынықтыру» - Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал №5 2010ж
3. «Мектептегі дене шынықтыру» - Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал №3 2014ж

