Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті
Қайруллаев Нұртілек Жарқынұлы
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: Қазіргі қазақ әдебиетіндегі Жәңгір хан және Махамбеттің тарихи тұлғасының көркемдік шешімдері
6В01701 «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы
Орал, 2024 ж.

«Тіл мен әдебиет мұғалімдерін дайындау» БББ
«Қорғауға жіберілді»
БББ жетекшісі
_______________ Г.Г.Турганалиева
« ___»___________ 2024 ж.

Орындаған:
/ күндізгі бөлім, ҚТӘ-43 топ /__________ Н.Ж. Қайруллаев
Ғылыми жетекшісі:
PhD (Философия докторы) ___________ А.А. Акбулатов
Орал, 2024 ж.
МАЗМҰНЫ
1.1 Жәңгір ханның халық өміріндегі терең тұлғасы 5
1.2 Мәңгілік мұратты Махамбет бейнесі 20
2 ӨЛШЕУЛІ ҒҰМЫР, ӨЛШЕУСІЗ БАҒА 44
2.1 Жарық көрмеген жасампаз ханның жолдары 44
2.2 Махамбет шығармалары арқылы жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу мен оқыту 50
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ әдебиетінің тарихында, тарихымыздың ақтаңдақ беттерінде жырланып, жазылып келген тұлғалар, Махамбет пен Жәңгір ханға қатысты көзқарас, деректер біржақты болып келді.Осы тұрғыдан келгенде ақын мен ханды бір-біріне қарама-қайшы қою, бұрыннан бітіспейтін жау деп көру, тарихи тұлға ретінде бағамдай алмау сияқты жағдайлар кездеседі.Енді осы сияқты мәселелерге ден қойсақ, тақырыпты басқаша қырынан қарауға тура келеді.
Біздегі мақсат сол екі тұлғаның қазіргі әдебиетіміз бен тарихымыздағы орнын, тарихи тұлғасын, қажырлы қайраткерлер ретіндегі бейнесін төл оқырмандарымызға көрсете білу.Көзіқарақты оқырман да бұрыннан келе жатқан алауыздықтар, хан мен сұлтан, би-болыстар мен қара халық, батыр-ерлердің арасындағы келеңсіз жағдайлар, ішкі саятымыздың хандық дәуірден бергі жағдайы, бәрі-бәрінен хабардар.Ал енді талайғы дәстүр бойынша, бодандық, отаршылдық қамытын киген тұста, ел билеген хандар бойынан тек мін іздеу басталады. Бұл тұлға ретінде, оның жеке өмірін зерделеп, жеке басына қатысты ақпараттарды білгендік емес, жалпы болып өткен саяси-әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарға қарап қана баға беру деп білемін.
Ал шын мәнінде, олардың дара тұлға ретіндегі атқарған істері, өнер-білім жолындағы қажырлы еңбегі, дін мен ғылымды қалайша ұштастырғаны, ағартушылық қызметі бір басқа.Оқырманға Жәңгір ханды алаяқ, өктемшіл, халыққа қылаудай пайдасы жоқ, жолдама алып келе салған хан ретінде көрсетпей немесе Махамбетті, туыла сап хан ордасын шапқан, қанында билеушіге қас бітімі бар, тек домбырасын ап дабыл сала кететін, майданда жүріп өлең айта беретін ақын есебінде ғана танытпай, олардың жеке бас ерекшелігін, өмірдегі тұлға ретіндегі миссиясын, халыққа қылған қызметін көрсету.Осы себептен де, қазірге дейінгі қолда бар ақпараттарға сүйеніп, шығармашылық зиялы қауымның еңбектерін талдап, тарих тезіне үңіліп, тұлға ретіндегі болмыстарын аша білу өзекті болып отыр.
Зерттеу жұмысының мақсаты – Қазіргі қазақ әдебиетіндегі, тарихи-әдеби, шығармашылық еңбектердегі Жәңгір мен Махамбет туралы деректерді жеке-жеке қарастырып, оқып, саралап, салыстырмалы түрде шынайы бағасын беру.
Махамбет пен Жәңгір ханды тарихи тұлға ретінде шынайы қарастыру; Осы мақсаттарға жету үшін мынадай міндеттер қойылды.
Міндеттері:
Бөкей Ордасының соңғы ханының бірі Жәңгірге қатысты, сан алуан еңбектерді зерделеп, саралай келе, тарихи тұлға ретіндегі бейнесін ашып көрсету;
Қазақ даласының рухын көтерген өр Махамбетті, ел жадынан өшпейтін елеулі істерімен үлгі етіп, көркем еңбектерден тарызылап, кесек бейнесін көркем жеткізу.
Жұмыстың теориялық-әдіснамалық негіздері. Бұл дипломдық жұмысты жазу барысында Х.Досмұхамедұлының, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Б.Аманшин, Р. Отарбаев, Ә.Кекілбаев, Т,Әлімқұлов, Х.Сүйіншәлиев, Т.Боранғалиұлы, А.Жайсаңның еңбектері басшылыққа алынды.
Зерттеудің әдістері. Тарихи-өмірбаяндық зерттеу, салыстырмалы сипаттау, талдау, жинақтау, жүйелеу, топтастыру, ой қортындысын жасау, дәстүрлі салыстырмалы әдеби талдау әдістері қолданылып, зерттеу объектісіне қатысты теориялық қағидалар басшылыққа алынды.
Жұмыстың теориялық-практикалық маңызы. Жәңгір хан туралы, оқулықтарда қосымша (лексикалық) мәлімет беру, жеке тақырып ретінде тарихқа ұлы хандар тізіміне енгізу.Махамбет шығармалары арқылы отсансүйгіштікке баулу, тәрбиелеу мен оқыту, сыныптан тыс жұмыстар жүргізу.
Зерттеу нысаны: Махамбет пен Жәңгір хан, олар туралы жазылған зерттеу еңбектер, мақалалар, архив деректері.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Біз, дипломдық жұмысымыздың негізгі тұжырымдарын саралап, екі мақала шығардық.Шыққан мақалалар Қазақстандық «Ұстаз тілегі» сайтында және шетелдегі онлайн конференция жинақтарында жарық көрді. Атап айтқанда, «Жәңгір ханның халық өміріндегі терең тұлғасы» тақырыбындағы мақала, шетелдік «European Research Materials» (May 30-31, 2024). Amsterdam, Netherlands онлайн конференциясында, "Т.Әлімқұловтың "Қараой" әңгімесі негізіндегі Махамбет бейнесі" тақырыбындағы мақала, республикалық «Ustaz tilegi» ғылыми-әдістемелік журналында жарияланып, сертификаттарға ие болдық.
Дипломның құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, 2 тараудан,
4 бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1.1 Жәңгір ханның халық өміріндегі терең тұлғасы
Біз өмір сүріп келе жатырған кезең, біз өмір сүріп жатқан ел мен жер, тұтастай алып қарағанда біздің тәуелсіздіктен кейінгі ахуалымыз-батыр бабаларымыз бен тарихи тұлғаларымызға алғыс айтудан, ардақты есімдерін асқақтатудан басталады. Бізге берілген бақ-сол төл перзенттеріміздің рухын өшірмей, атадан балаға қалған асыл мұраларын сақтап, дәстүрін дәріптеп, ұлағатты ұлылардың ұрпақтары ұлы істерді жасап, қазақ деген атқа кір сіңдірмеуден басталады. Мейлі қара, мейлі хан болсын, ақын болсын, батыр болсын, аты аталып, қым-қиғаш тарихта өзіндік орын алып, ғасырлар бойы адамзат мойындамағанмен, тарихтың айшықты беттері оларды қайта қарауды, шынайы бағалауды, жадымызда жаңғыртуды мойындатып отыр.
Рас, сол кезеңдегі болып өткен көтерілістер, соғыс жылдары, Кеңес үкіметі орнаған кезеңдерде мұндай мүмкіншілік болмаған.Болған күннің өзінде еркін көсіліп, деректер жинап, ақпарат көздерін қарау оңай шаруа болған жоқ.Ал қазір, тарихтағы тағылымды тұлғаларды терең тануға түрлі мүмкіндігіміз бар.
Өздеріңіз білетіндей, сондай тұлғалардың арасында өзіндік бағасын ала алмай, елеулі істері ескерілмей, саяси-әлеуметтік оқиғаның құрбаны болып, жағымсыз образ ретінде бейнеленген хандарымыз бар.Солардың қатарында Бөкей Ордасының соңғы ханының бірі – Жәңгір Бөкейұлы.Біреулер қанаушы десе, енді бірі озбыр, «шығыстың деспоты» деп те атап келді.Қайткен күнде де Жәңгірдің борышы, оның азаматтық, тарихи тұлғасы ақталмай келді.
Біздің кейбір тарихшыларымыз, ғалымдарымыз, оқырмандарымыз арасында әлі күнге дейін Жәңгір ханды, батыр, ақын Махамбет өлеңдері аясында ғана танушылық бар. Бұл арада хан дәрежесін, оның міндеттерін былай сырып тастағанда, жеке адам ретінде оған баға беріп, саралай алмау сынды мәселелер бар. Жәңгір хан Махамбетке жау емес.Өзі төрелігін дұрыс айтпаса, төрден шығаратын ақынын, баласының қасына бекерден бекер қосты дейсіз бе? Хан, Махамбетпен ешқашан жүз шайысқысы келмеген, тентегін тезге салғысы келіп еді, ақыны оған көнбеді.Бүйтпесе Махамбет бола ма?!
Ұстаз-ғалым Т.Б.Бораш: «Қазақ поэзиясындағы хандар тұлғасының бейнеленуі” еңбегінде былай дейді: “Күнді алақанмен жауып көрсетпеуге болмайтын сияқты, қалайда тарихта болған, Ресейдегі мұрағаттар болмаса, батыстағы, араб-парсыдағы немесе қытайдағы құжаттардан əрідегі Түрік қағандығы, берідегі Қазақ хандығы туралы деректер мол табылып, қалай болғанда да мемлекеттігі, белгілі елбасы билеушілері болғандығын жасырып айтпауға болмайтын жағдайға жеткенде кеңес идеологиясы тарихтағы, көркем əдебиеттегі хандарымызды жеккөрінішті етіп көрсетудің басқа айла-тəсіліне көшеді. Марксизм-ленинизм ілімінің негізгі қағидасы – қоғамдағы таптық күрес теориясы бойынша енді билік жүйесіндегілердің бəрі, хандардан бастап, ауыл ауқаттыларына шейін үстем тап өкілдері ретінде танылып, халықты нөмірі бірінші қанаушы – хан етіп көрсетіліп, одан халықтың зейінін шығару үшін тарихтағы, əсіресе, əдеби шығармалардағы олардың бейнесіне қара күйе жағылып, жауыз, қанішер, топас кейпінде беріледі.
Халық ауыз əдебиетінің қай жанр үлгілері болмасын, қайсыбір түрі молырақ, екіншілері аз мөлшерде болсын қалай болғанда да фольклористика тарапынан зерттелді деуге болады. Бірақ, біздің байқауымызша, осы саланың басқа əдебиет салаларындағыдай өте аз, кейбір жанрларындағы мүлдем зерттеуші назарына ілікпеген қыры – бұл хандар бейнесі. Оның басты себебі, жоғарыда əлденеше айтылған – Кеңестік Одақ кезіндегі а) мемлекеттік деңгейде жүргізілген таптық көзқарастың хандар – халықты қанаушы деген миф жəне ə) ол қағидаға қарамай тарихтану мен əдебиеттану ғылымдары саласындағы кейбір батылы барып зерттеу жүргізгендердің көресіні көргендері, енді бұл мəселеге баруға ойы бар зерттеушілер жүрегін шайылтқан қуғын-сүргін жəне оның зардаптары» [1, 11-12 бб.].
Ия, сол бір кеңестік жүйенің жаққан қара күйесінен, әлі де болса арыла алмай келеміз.
Бірқатар архив деректеріне, сақталған құжат беттеріне, жазылған хаттарға қарасақ, Жәңгір хан және Исатай-Махамбет арасында бітіспестей өшпенділік жоқ екенін көруге болады.Жанында бірнеше әскерлерімен ханның ордасын қоршап, сол жерде-ақ бәрінің күллін көкке ұшыратын күш барда, Исатайдың неліктен орданы шаппай қалғаны белгілі шығар.
Патшалық билік қашаннан қазақты езгіге, ауыртпашылыққа салмады десеңші?! Одан кейін де қайсібір қайраткерлерімізге жала жауып, тарихты бұрмалауға, тұлғаларымызды жан-жақты тануға мүмкіндік бермеді. Сол кезеңде жаппай қазақ даласын зерттеу, немесе бар білімді қазақ баласын өзіне тартып, қайткен күнде де хандық биліктің дәстүрлі бағытын, қазақтың болмысын жою, отаршылдықтан туған саясаттың көрінісі еді. Ал осыны сезген арыстан жүректі, алып ойлы қос батыр қалай шыдап тұра алсын! Бар ойлары аждаһадай аранын ашқан Ресей патшалығының ықпалынан шығып, елдің бейбіт, тыныш өмір сүруін қалау болатын. Еркін далада көсіліп өскен, ат үстінде егеулі найза қолға алып, қоңыр салқын төске алған ерлер үшін, бұл мәселеде үнсіз қалу-ең үлкен қасірет. Батыр қанды, рухты жанды сақ ұрпақтары үшін бұл үлкен азап!
Бұл арада екі оттың арасында тұрған жалғыз-ақ Жәңгір хан.Бұл туралы ханның өзі де: «Алдымыз өрт, артымыз жар, қайт Махамбет, райыңнан қайт!»,-деген сөздері бар.Нені меңзеп тұрғаны айтпаса да түсінікті.Рас,ханның кемшіл тұстары да аз болған жоқ. Бірақ өмірде болсын, өнерде болсын, тарихта немесе әдебиетте әркімнің сыналуы тиіс тұстары бар.Мұнымен, мен Жәңгір ханды ақтап немесе жақтап тұрғаным жоқ, зерттеулер мен еңбектерді талдай келе, ханның біз білмеген терең тұлғасын әрбір қазақ қауымына жеткізкім келіп отыр.Алдымен бұл тақырыпты қозғамас бұрын, Жәңгір хан кім, қалай тәрбиеленді, ортасы қандай, ата-бабалары кімдер, қалай хан сайланды, - деген сынды сауалдарға жауап беріп кетейік.
Бөкейұлы Жәңгір хан (1801-1845) – Кіші жүздің Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Бөкей Ордасының соңғы ханы, Әбілхайырдың шөбересі, Нұралы-ның немересі. Оның шын аты – Жиһангер.
Әкесі Бөкей Еділ мен Жайық арасындағы елін әуелі сұлтандық дәрежеде басқарады да, кейін орыстың қазақ хандықтарын бөлшектеп, әлсірете беру саясатына орай 1812 жылы хан атағын алады. Бірақ ол хандықтың қызығын көп көре алмай, 1815 жылы қайтыс болады. Хан тағы мұрагерлік жолмен Бөкейдің артында қалған үш баласының үлкені Жәңгірге бұйырады. Алайда Жәңгірдің жас болуына, әрі сыртта Астрахань губернаторы Андреевскийдің үйінде оқып жүруіне байланысты, ол ер жетіп, оң-солын жете танығанша билікті Бөкейдің інісі Шығай сұлтан қолға алады.
Еуропалық білім алып, орысша тәрбиеленіп, хандықты әкімшілік жағынан басқару тәсілдерін үйреніп келген жас жігіт 1823 жылдан бастап билік тізгінін өз қолына алғаннан кейін, патша өкіметінің саясатын бұлжытпай орындап, Батыс Қазақстанда жүзеге асырушы қуыршақ ханның бірі болады.
Жәңгір билік еткен кезде Еділ, Жайық өзендері мен Каспий теңізінің жағалауындағы жерлерді қазақ шаруаларының пайдалануына тиым салынады. Олардың бұл өңірлерге мал жаюға, балық аулауға қақылары болмайды. Бұған салықтың көбеюі мен жер бөлісінде шаруалар үлесінің кемуі келіп косылды да, осының бәрі жиылып келіп, Бөкей ордасында Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған шаруалар көтерілісінің тууына әкеп соғады.
Жәңгір хан өзі билік құрып тұрған кезде елді отырықшылыққа көшіру, мектеп ашып балаларды оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Ол ашқан мектептен білім алған алға- шқылардың бірі – белгілі қазақ этнографы, Орыс география қоғамының қызметкер мүшесі Мұхаммед-Салық Бабажанов бұл ретте: «.. ханның ықпалымен және жанашырлығымен Ордадағылар білімнің қажеттілігін сезіне бастады. Шәкірттер мен мұғалімдерді ынталандыру үшін марқұм хан ақшасын да, өзінің ынтасы мен ордалықтарға оқу-білімнің пайдасы жөнінде түсіндірмек болған ынтасын да аямады. Өзінің сарайында мектеп ашып, онда 60 адам мұхаммед діні, орыс жазуы және тілі жөнінде дәріс алды. Бұл мектеп сарай маңында осы күнге дейін « Жәңгір мектебі» деп аталып келеді. Ондағы 30 бала Орданың шаруашылық қаржысы есебінен білім алуда» - деп жазады.
Жәңгір хан – бойында жақсылығы мен жамандығы жарыса өріліп, атқарған ісінен орайына қарай осының екеуі де көрініс беріп тұратын күрделі тұлға. Жақсысын көріп, асқақтатып, аспанға шығармай, жаманын көріп, жатқа санап, жарға итер мей, адамгершілікті биік парасаттылықпен тарихи бағасын берер кез енді келді деп білеміз. Қалайда Жәңгір ханның халқымыздың тарихында өзіндік орны бар екені ешқандай дау тудырмаса керек.
Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Бөкей ордасындағы хан өкіметі жойылып, басқару жүйесі қайта құрылды [2, 190-192 бб.].
ХХ ғасырды әдебиетіміздің алтын ғасыры десек те, ондағы бейнеленген әдеби кейіпкерлер тарихи тұрғыдан нақты берілмей, көп жағдайда партиялық, таптық тұрғыдан қысым көріп, бұрмаланып жатқан жағдайлар жиі кездесті. Көпшілігі атын атауға немесе ол тұлға туралы зерттеуге бара бермейтін, сондықтан да белгілі бір кейіпкер туралы айтылғанда, қасындағы тарихи тұлғалар жанамаланып берілетін. Біз Бұқар жырауды естісек Абылайды, Жиембетті естісек Есімді, сол сияқты Махамбетті айтсақ Жәңгір есімізге түсері хақ.Сол кезеңдегі әдебиетші-тарихшы ғалымдарымыз Халел Досмұхамедұлы, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Берқайыр Аманшин, Қажым Жұмалиев, Исатай Кенжалиев еңбектерінен, біз Жәңгірді жағымсыз бейнеде ғана елестете алатынбыз.Тіпті, Жәңгір туралы бір ауыз жақсы сөз айтылмайды. Хан мен қараша халықтың бұрыннан келе жатқан дәстүрі, қаймағы бұзылмаған қазақ хандығы, қоғам арасында билік пен теңдік мәселесін бұзуда, отаршыл Патша үкіметі үшін бұл таптырмас идеология еді. Сол бір таптық идеологияның құрбанына айналған, тарихи тұлғасы қарама-қайшылыққа толы, қара басы айыптаудан, ғайбаттаудан арылмаған, қазақтың игі-жақсысы қатарынан табылмаған, заманы кетсе де жаманы кетпеген, ұрпағына ұлағатты істері жетпеген тұлға, арғы атасы Әбілқайыр, бергі атасы Нұралы, әкесі Бөкей ханның мұрагері- Жәңгір хан еді.
Енді Жәңгір хан хақында айтылған жоғарыда аталған ғалымдарымыздың еңбегіне талдау жасап көрелік.
Махамбеттанудың алғашқы бастауында тұрған, көтеріліс туралы біршама деректерді оқырман қауымға ұсынған, ғалым Халел Досмұхамедұлы «Исатай-Махамбет» еңбегінде Жәңгір туралы былайша мағлұмат береді:
1815-інші жылы Бөкей өлді. Жас баласы Жәңгір хан болды. 1824-інші жылға дейін елді Жәңгір жас болған соң, Бөкейдің інісі Сығай төре биледі.
Жәңгірдің заманында ел мен ханның арасы айтқандай болып бөлінді.
Жәңгір Аштархан губернаторы Андреевский дегеннің қолында өсті. Орысша, арабша, парсыша заманынша жақсы тәрбие алды.
Өткен замандағы арабтың, қызылбастың салтанатты «падишалары», орыстың Романынан шыққан айбарлы патшалары Жәңгірге үлгі болды. Қазақтың салты, қазақтың тұрмысы, әдеті, заңы туралы Жәңгірге тәрбиешілер, әрине, бір ауыз да сөз айтқан жоқ.
Жәңгір өзімшіл, патшашыл, орысшыл, діншіл болып, ел билеу туралы еш нәрсеге үйренбей, қазақтың жайында дым білмейтін болып шықты.
1824-інші жылы жасқа жетіп, хандықты қолына алған соң, Жәңгір ұяда көргенін іске асыра бастады.
1806-ншы жылы патшаның қазақтікі деп айтқан жерін, Жәңгір өзімнің жерім деп түсінді. Қара халықтың жері ханның мүлкі деген пікірді жүргізді. 1806-ншы жылы, патшаның қазақтікі деген жерінен төрт жүз мың десетине жақсы жерді, ханның үлесі деп жариялады. Қалған жерден бірқатар жақсы жерлерді айналасындағы туғандарына, төрелерге, жақындарына үлестірді. Өзіне жақпаған ауылдың, рудың жерін тартып алатын болды. Қараөзеннің бойы мен Айғырқұм деген жерден, Байбақты Еділбай деген ауылды, басы Жантеліұлы Жүніс қылып куды, бұлардың жерін Орманұлы Шыналы төреге алып берді.Осындай ісі көп болды.
Жәңгірдің заманында Бөкейдің елі көшуді кемітіп, отырықшы бола бастады. Әр рудың белгілі қыстауы, жайлауы болды. Жайлағанда, қыстағанда ел 1806-ншы жылдың шегінен аса алмайтын болды. Жазы қолайсыз не қысы қатты жылдары, көршілес нудағы елдер мен қазақтың арасында күшті жанжалдар пайда болды.
Жұт көбейді. Ел жарлы бола бастады. Жәңгір қазақты қорғамады, қорғауға әлі де келмеді.
Еділ-Жайық бойындағы казак-орыстар, теңіз бойындағы байлар қазақтың меншікті жеріне ауыз салды. Қазақтың мойыны патырау, ыштырап дегеннен босамады. Айналасындағы жерге, бай көршілеріне түк (тұяқ) ақы төлеп, қазақ жан сақтайтын болды.
Қазақ хандарының бұрынғы тұрмысы Жәңгірді қанағаттандырмады. Жәңгірге салтанат, патша тұрмысы керек болды. Салтанат құруға ақша керек. Елге түсетін салық көбейді. Жәңгір зекет алуды шығарды. Зекетті малмен алмай, ақшамен алатын болды. Ханның соғымы деген тағы бір ауыр салық салды. Ақ киіз, қызыл киіз деп, үй басына тағы бірнеше сомнан жылына салық түсті. Ханның «салтанаты» елге ауыр тиді. Түрлі атақты салық көбейіп кетті.
Жәңгір хан елден бөлектене бастады. Қасына күзетші кылып орыстан әскер алды. Төлеңгіт, нөкер көбейді. Ел аралаушы «хан адамдары», патша шенеуниктері көбейді. Бұлардың бәріне үй, ет, қымыз, лау, тағы басқа нәрселер керек болды. Керектің бәрін халық төлейтін болды.
Жәңгір ноғай мүфтиінің қызын алды. Елді ноғай мүфтиіне, ноғайдың мекеме шарғиясына бағындырды. Әдет орнына шариғат жүрді. “Указ” деген молдалар шықты. Садақа, підия, ғұшыр, пітір, тағы басқа түрлі елге дін салығы түсті.
Жесір дауы, жер дауы секілді қазақтың нағыз әдетпен шешілетін өзара істері шариғат бойынша тергеле бастады. Молдалар да дегендей әділ бола алмады, арасында жемқорлары, бұзықтары болды. Жаңа да молдалардың көбі, әсіресе әуелгі уақытта қазақтың әдет-ғұрпын білмейтін ноғай, естек, мешер, тептер, сарт секілді келімсектерден болды.
Елдің тыныштығын алуға бұлар да көп себеп болды. «Надан қазақ», «пасық қазақ», «күпірсің», «ананы істеме», «мынаны істеме» деген үгітті ел ағасы ақсақалдардың, билердің талайлары есітті.
Жасқұс деген жерге Жәңгір мешіт салдырды. Жәрмеңке ашты. Жәрмеңкеге жиылған жұртты еріксіз сабап, мешітке намазға айдайтын болды.
Жәңгірдің басына билігі келмейтін, мақтан сүйгіш, кім мақтаса соған еретін менмендігі күшті, ел билеуден түк білмейтін адам екендігі бүтін жұртқа мәлім болады. Ел арасында Жәңгірді жақтырмаған адам көбейеді.
Осы уақытта елдің көзіне Тайманның ұлы Исатай көрінеді. Ханнан, Қарауыл қожадан, төрелерден, хандықтардан жәбір-жапа көргендердің бәрі Исатайға келіп шағынатын болады [3, 36-43 бб.].
Махамбеттанушы, ақынның дәуірін біраз барлап, соны пікірлер айтып, мұраларын жеткізуде үлкен еңбек еткен, жазушы Сәбит Мұқанов өз очеркінде:
«Россия дворяндарының, Россия помещиктерінің салтымен тұрған Жәңгір ханның заманында, Бөкей ордасында халықты аса күйзелткен бір мәселе - жер болды. Жәңгірден бұрынғы көшпелі ауыл тұрмысында, жеке кісі меншіктенетін жер участогі болмайтын, мал шаруашылығымен күнелткен қазақ халқында жер жеке адамның меншігі саналмай, жалпы рудың меншігі саналатын. Әрине, онда да жердің отын, суын кедейден байлар артық пайдаланды.
Бөкей ордасына қараған елдің жерін Жәңгір хан Россия тәртібімен басқарды, яғни қайдағы шұрайлы жақсы жерлерді өзі алды, өзіне жақтас билер мен байларға бөліп берді. Жәңгір ханның өз қарамағында 400 мың десятинадай жер болды. Жәңгір хан өзіне жақтас сұлтандарға, байларға жерді былайша үлестірді: "Мұсағали, Шынғали Орман балаларына 700 мың десетина, Қарауыл қожа Бабажановқа 390 мың десетина, өз інісі Меңдігерейге 400 мың десетина, Балқы би Құдайберген ұлына 300 мың десетина, Бегалы сұлтан балаларына 200 МЫҢ десетина, Шөке Нұралыхановқа 170 мың десетина... 1830—1845 жылдары хан өзі қалаған әкімдерге 15117 мың десетина жер берді».
1830 жылы Бөкей Ордасында 11660 үй, 58300 жан бар еді. Соларға Бөкей ордасының малға жайылымдық, шабындық жерін бөлгенде, жан басына 48 десетинадан келеді.Бірақ, жалпы есеппен солай болғанмен, осы жердің бәрі қанаушы таптың қолында болып, халық жерден аса тарығады.
Халықты жерден қысу, рақымсыз қанау мұнымен ғана тоқтамайды. Жәңгір ханның Каспий түбегін билетіп қойған адамы Қарауыл қожа Бабажанов "1834 жылы орыстарға сендер үшін төледім" деп өтірік айтып, қазақтардан 2000 қой, 2000 тоқты, мың сом ақша алады және 10000 бау құрақты тегін отырғызады», [4, 134-135 бб.] – деп, Жәңгірдің жер мәселесінде халықпен мүлдем санаспайтындығын баса айтады.
Ал бүкіл саналы ғұмырын Махамбеттануға арнаған, қазақ даласында болып өткен тарихи оқиғаның қыр-сырына терең үңілген, тарихта да әдебиетте де өзіндік үлесі бар ,қаламгер Берқайыр Аманшин, өзінің үлкен туындысы «Махамбеттің тағдырыры» романын жазды. Бұл романда Махамбет бейнесі көтеріле, асқақта сомдалып, Жәңгір бейнесі күлкіге, келекеге, жағымсыз іс-әрекеттерге құрылған.Сонымен қатар, роман мазмұнына өзек болар оқиғалар бас қаһармандарын суреттеуде, ең алдымен портреттерін баяндап, сөзбен сурет салады. Мәселен: «Көзі жіпсиген, мұрыны пістедей, еріні қаймақтай, жұқалтақ сары екен. Қасы тықыр, көзі томпақтау, қоңырқай мысық мұрт, шоқша сақалы бар. Әншейінде жұрт «хан, хан» дегенге, ертегідегі Тоқтамыс хан, Ақша хандардай қыруар жауды жалғыз жайрататын дәупірім шығар десе, кәдімгідей жай пенде» [5, 23 б.].
Бұл – Жасқұстағы ордасынан үш ақ боз жеккен қоңыраулы қара күймемен Нарындағы Айғырқұмға тойға келген Жәңгір ханның бейнесі. Сондай-ақ жазушы, Жәңгір хан туралы өзінің романында:
«Ұяда не көрсең – ұшқанда соны істейсің» деген, қаршадайынан Астраханда ақ патшаның өзі қойған үлкен кәкімінің үйінде тәрбиеде болған Жәңгір сонда көргенін істеді.
Гражданский губернатор Степан Семенович Андреевский өзі ірі ғалым дәрігер еді — Мемлекеттік медициналық коллегияның мүшесі, кейін ол ұйымдастырған Медико-хирургиялық академияның директоры болды. Әйелі неміс еді – үйін саксондық барондар үлгісінде ұстады. Үй жиһазы, киер киімі, қолданар бұйым барлығы асыл әрі әсем, оның үстіне осы үйдің күнбе-күнгі тұрмыс қалыбының тәртіптілігі мен ыңғайлылығы жас ханзада Жәңгірге ұнады, сосын да бек жақты. Губернатордың балаларымен бірге ол әртүрлі пәндерден сабақ алды, европа тілдерін үйренді. Андреевский оны кеңсесінде мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатымен, патша әкімшілігінің жоғарыдан жергілікті орындарға дейінгі құрылысымен, жұмыс тәсілдерімен, ел басқару, іс жүргізу өнерін үйретті.
Осы көрген-үйренгенінің бәрін таққа отырғаннан кейін енді ол Жасқұстағы ордасында ұстана бастады. Арғы бабалары Әбілқайыр, Нұралы, өз әкесі Бөкей хандар бүйтіп орнығып отырып, шәһәр шам жағып тәрбие құрған емес. Олардың бар ғұмыры ұшарын жел, қонарын сай білер қаңбақша көшкен елмен бірге аттың жалында, атанның қомында өтті. Қысы-жазы мекені киіз үй, жегенде қартадан, кигенде қамқадан артықты білген емес. Ел жұтаса – бірге жұтайтын. Бөкей мен оның інісі Сығай 1801 жылы Жайықтың ар жағынан осы Нарын бетке өткендерінде, еншісі бірге екеуінің небәрі он бес шақты жылқысы, бес түйесі, отыз қойы бар, Бөкейдің үстінде жадағай, бұтында жарғақтан басқа лыпасы жоқ екен. Ақ патшаға хат жазғанда, соңына шыңғыс әулеті төренің жақ-таңбасын салуға да қолы икемге келмей, қазанның түп күйесін жағып, бармағын басатын.
Сол тұқымның түйнегі Жәңгір енді тәрбиені тәйөгізге жекті. Қазақ енді аттан түсе қалып, қамшысының сабымен етегін бір-екі қаққылап: “Ассалаумағалейкүм, алдияр тақсыр” деп, ханның үстіне кіріп келе беруден қалды. Жасқұстағы жүз терезе-қырық есік хан Ордасының қақпасының аузына күндіз-түні қос-қостан қарулы күзет қойылды. Ордаға бейсауат ешкімді оқ бойы жолатпай, айнала торып көк мылтық асынған қос-қостан жасауыл жүрді. Өзге қара халық былай тұрсын, тарту-таралғысын артып, ханға сәлемге келген елдің не бір дәріпті кісілерін де хан қабылдамай, келесі жұмаға, арғы сәрсенбіге дейін күттіріп, сарсылтатынды шығарды. Хан өзі сол шақта ханшаларын, тума-туысқан жас төрелерін ертіп, Тарғынкелдің бойында құс салып, саят құрып жүретінді шығарды. Көлден қайтып оралса, бал-шарапты сапырып ішіп, құтпанамазынан таң сәріге дейін кернейлетіп-сырнайлытып, думан құрып, жатып алады. Бұған шыдай алмағандар ханды сыртынан жеті атасынан бермен қарай боктап- боқтап, қайта ауылына қайтып кетіп жүрді. Мұны естіген хан әлгі қазақтың артынан атарман-шабармандарын жіберіп, қудырып алып, алдына жығып айып төлетті. Орданың шатыры көтеріліп, шамын жаққан жылы жайық-беріш Тайманның Исатайы да осының кебін киді [6, 53-54 бб.] – деп, қазақ ханының бет-бейнесін, құйтырқы әрекеттерін барынша әшкерелейді.
Бұл ханға Кеңес Одағы кезіндегі идеологиялық, таптық тұрғыдан берілген баға еді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, ғылыми зерттеу жұмыстарын жасау, тарихи-әдеби туындыларды жазу, өз тарихымызға, тұлғаларымызға ұлттық таным тұрғысынан қарау мүмкіндігі туды. Осы тәуелсіздікпен бірге тарихи тұлғалар бейнесі қайта сомдалып, жаңаша пайымдаулар, объективті көзқарастар қалыптасты. Осы бетбұрыстар нәтижесінде аз да болса Жәңгір Бөкейұлы туралы келелі пікірлер, зерттеу мақалалар, тарихи-әдеби туындылар жарық көре бастады. Мәселен, Р.Отарбаев пен М.Құлкенов «Жәңгір хан» мақаласы, А.Хамзин «Жәңгірдің игілікті істері», Р.Отарбаев «Шер», Ә.Сарай «Жәңгір хан», Е.Хайдаров «Жәңгір ханның ағартушылық қызметі», А.Дүйсенбаев «Осы жұрт Жәңгір ханды біле ме?», Т.Боранғалиұлы «Жәңгір хан», Ж.Ақбай «Жәңгір хан», «Жәңгір ханың жаңа қыры», Б.Сүйеуғалиева «Жәңгір хан тұсындағы ағартушылық қызмет», Ж.Орамах «Жәңгір хан қадіріне жеттік пе?», Қ.Бозымов «Жәңгір ханның мол мұрасы» т.б. әр жылда зерттеу мақалалары, кітаптар шыға бастады.Айта кету керек, Әбіш Кекілбаевтың деректі тарихи баян деп атаған «Шандозы», Махамбет өмірбаянына қатысты тың деректер мен мол мәліметтерге қанық, біздің мүлде теріс қабылдап жүрген жайттарымыздың біразының бетін ашып, идеологиялық бұрмауларды шындыққа негіздеген көлемді туынды. Мұнда тек Махамбетке қатысты деректер айтылмайды, жазушы Жәңгір ханды да басқа қырынан танып, оның игілікті істерін, тарихи тұлғасын танытады.
Ал енді осы еңбектерді талдап көрелік.
Хандық дәстүрді берік ұстанған әрі жана реформаны жетік түсінген Жәңгір, өз билігін әкімшілік тұрғыдан нығайтты. Қол астындағы елді әулетінен бері қара халық алдында артықшылыққа ие сұлтандар басқарды. Сайланып қойылған сұлтанды осы лауазымға ханның мінездемесіне сәйкес, шекара комиссиясы тағайындады. 1825 жылы Жәңгірдің ордасы 32 ұлысқа, 12 руға бөлінді. Ру басқарушы он екі сұлтанға қол астындағы бөліктің ішіндегі ахуалды қадағалау, ханның барлық әмірін қалтқысыз орындау міндеті жүктелді. Ел ішіндегі шетін оқиғалар жөнінде ханды хабардар ету, старшындарды басқару, хан тарататын жазба нұсқауларды жеткізу құзырына ие болды.
Қасиетті Түркістаннан кейін қазақ хандарында орнықты астана болмағалы көп заман өтті. Сол Түркістанның төрінде соңғы рет отырған хан – Жәңгірдің бабасы Әбілқайыр еді. Кейіннен Жайыққа жырақтап, орыс патшасына Ордың бойынан өзіне қала салып беру туралы талап койды. Өтінішін орындап, шаһардың іргесін қалағанымен, Ресей Орынборды қия қоймады. Қатуланған хан башқұрт пен қазақтан қол жиып, ордамды беріңдер деп қамал қақпасын жұлқылаған. Ақыры ала алмастан, ақ туырлықты отауы қай жерге тігілсе–сол орын ордасы саналып өмірден өтті.
Сөйтіп, «әуелгі хандар салмаған» (Байтоқ жырау) астананы Еділ бетіне келіп Жәңгір көтеруге бел байлады [7, 65-69 бб.].
Жәңгір таққа отырғанға дейін Бөкей ордасында дін жолындағылар сирек болатын. Тіпті мешіт жайын жаңа қоныс иелері емес, басында Ресей жағы күйттегендей көрінген. 1806 жылдың 19 мамырында Сыртқы істер министрі билік етуші Сенатқа жасаған баяндамасында: «бір замандағы әйгілі Ак Мешіттің ірге тасынан жаңадан мешіт көтерсек, кісікиік қазақтың мінезін жұмсартуға көп пайдасы тиер еді» - деген ұсыныспен шықты. Ауқатты сұлтандар мен пайғамбардың үмбеті қожалар арасынан болмаса, ол тұста намазға жығылып, сәлде салып жүруді қыр халқы қадет қыла қоймаған. Ал Жәңгірдің өзі бес намазын құр жібермейтін тақуа адам еді. Сондықтан, ордадағы діни басқарудың басы-қасында ханның өзі тұрды.
1838 жылы Орынборда керуен сарай соборлық мешіті салынатын болды. Жәңгірдің бастамасымен орда қазақтары 9512 рубль (467 рубльдік алтын және күміс мәнетпен) қаржы жинап, Перовскийге жіберді. Губернатор мұндай көмегі үшін орда жұртшылығына алғысхат жолдады. Өйткені қайырымдылық қаражатына салу көзделген мешітке ақша жинап, башқұрт, мешер кантондарын екі жыл аралаған Ғабдолла Дәулетшин молданың тапқаны небәрі 15 мын рубль еді. Енді бөкей қазақтарының қаржылай қомақы үлесі, Жәңгірдің демеушілігі арқасында сәулетші А. Брюлловтің (суретші К. Брюлловтың ағасы) жобасымен мешіттің іргесі қаланды. Намазға жығылар залы қазақ пен башқұрт киіз үйінің үлгісімен күмбезделді. Еңселі мұнарасы алыстан менмұндалап тұрды.
Мешітті көбейту үшін осылайша тер төккен Жәңгір, керісінше Ордада провославие дінінің әрекет етуіне үзілді-кесілді қарсы болды.
Жәңгір Ордада медицина ісін жолға қоюды ойлады. 1825 жылы ол өз мекені мен көшпелі тұрмысының дәрігерлік көмек алуға шалғайлығын, Орынбор алдына мәселе етіп қойды. Босандырушы кіндік шешенің жоқтығы, қырда әйел мен бала қазасына әкелетін жәйттер жоқ емес.
Кездескен сәтінде губернаторға:
Сырқаттан қиналғандар шипа алу үшін мен аурухана салып, аптека ашпақпын, емдейтін, обаға қарсы егетін фельдшерлер алдырмақпын. Осы оймен С.Петербург медицина-хирургиялық академиясында емтихан тапсырып, аттестаттаудан өткен, өз тәжірибесімен үкіметке танылған лайықты шенеунікті ордаға қызметке шақырып отырмын. Медицина ғылымының бар саласынан, сонымен қатар ветеринариядан дағдысы мол. Бұл маманды қабылдауға үкіметтің рұқсатын алу үшін қайда, қалай ұсыныс жасауым керек?–деп қолқа салған.
– Өте игілікті іс, ол дәрігердің формуляр қағазы мен аттестатын жеткізіңіз, [7, 76-85 бб.] – деп құптаған Сухтелен.
Хандардың ішінде тұңғыш генарал-майор шенін алған, Қазан университетінің құрметті мүшесі атанған, аса білімді, сыйлы, озық үлгі көрсеткен Жәңгір хан туралы:
Министр Киселевтің 27 қазандағы баянаты бойынша І Николай: «Хан Жәңгір Бөкеевке генерал-майор атағы беріліп, өзі қаласа әскери казак мундирін киіп жүруіне рұқсат етіледі» деген әмір берді.
Патша қол қойған ресми грамота оның қолына тек 1843 жылы келгенімен, Петербург пен Орынбор оны осы лауазымымен сол қырқыншы жылдан атап, жаза бастады. Грамотаның түпнұсқасында: «Мы хана Внутренней Киргизской Орды Джангера Букеева, в знак благоволения нашего к нему, всемилостивейше пожаловалы в Генерал-майоры тысяча восемь соть четыредесятого года декабря первого дня» делініп ұлықталды.Сөйтіп, қазақ халқының тарихында тұңғыш рет генерал атағын алған адам Жәңгір Бөкеев болды [7, 440 б.].
Эрдмандай ғалымдармен араласа, хабарласа жүріп, Жәңгір шығыстану мәселелеріне, жазу үлгілеріне қатысты сын-пікір айтатын дәрежеге жетті. Университеттің құрметті мүшесі болып сайлануына да тікелей Эрдманның ықпалы тиді. 1844 жылдың 27 мамырында университет кеңесіне бұл туралы ұсыныс түсіргенде, ол 1839 және 1944 жылдары Қазанда болған кезінде генерал-майор Жиһангердің, кітапханаға баға жетпес қолжазбалар тапсырғанын алға тартты.
Осы сапарында Жәңгір Қазанға, кейіннен қазақ ұлтының тұңғыш тарихшысы деп мойындалатын Мырза Хайдар Дулатидің, парсы тілінде жазылған моғол хандарының жылнамасы – «Тарихи-Рашиди» қолжазбасын жеткізген болатын!
Кез келгеннің қолынан келе бермейтін мұндай атымтай жомарттықты бағалаған профессор Эрдман: «Ғылымға тәнтілігін және ғылыми орталар мен мекемелерге, әсіресе, шығыс тілдері мен әдебиетіне қамқорлығын дәлелдейтін осынау тартулардың бәрі, Қазан университетінің де, ғылыми қауымның да пайдасына қатысты пікірлері мен жәрдемдері маған мәртебелі.Кеңес алдында: хан Жиһангер Бөкеев Императорлық Қазан университетінің құрметті мүшесі етіп сайлауға лайықты деген ұсыныс жасауға батылдық береді» [7, 118 б.] – деп ғалымдар таразысына салды.
Ханмен достық қарым-қатынаста болған, Қазан университетінің ректоры Карл Фукс пен жұбайы Александра Андреевна, Жәңгірді аса құрметпен қарсы алып, оның мәдениеттелігіне, білімділігіне бас иіп, былай дейді:
Ерлі-зайыптылардың әуелгіде сыйлы қонағына деген сырттай қызығу- шылығы басым еді. Сөйтіп, кейіннен келбетін сөзбен салғандай етіп: «бет әлпетімен, ашаң жүзімен хан еуропа келбетті. Орысшасы мінсіз болмағанымен, ақаусыз сөйлейді. Қазақ тілімен қатар, парсы араб тілдерін біледі, әрі осы үш тілде бірдей жаза алады» [7, 114-115 бб.] – деп мейманның мінез-құлқын жіті шолумен отырыпты.
Қарап отырсақ, елге қызмет еткен, алып ақыл ой иелері, ғалым да зерттеуші де, профессорлар мен ректор, саяхатшы-жиһанкезіңе де дейін Жәңгір ханмен сыйлас, дәмдес болған екен.Онымен қоймай, сол таныстықтан соң аралас-құралас боп, сый-құрметтер жіберіп, хат алмасып отыратын болған.Ханның ордасына профессор Гебель келіп, оның қонақжайлылығына, ғылыммен әуестігіне тәнті болып былай дейді:
«Жәңгір хан отыздар шамасында, мығым денелі, моңғолдан гөрі еуропа әлпетті адам. Жүзі солғын көрінгенімен, қой көзі мейірімді. Сақал-мұрты мен қас-қабағы қара. Өзі әңгімешіл, әрі орысша кідіріссіз сөйлейді. Үстіне алтын мен күміс оқалы күлгін барқыт кафтан. Басына төбесі шошақ, айнала құндыз ұсталған, алтын жіппен кестеленіп тігілген бөрік киген. Көкшіл түсті асыл тастар қадалған белбеуіне черкес қанжары мен қылыш байлаған. Оң жақ өңірінде Анна жұлдызы құбылады» [7, 207 бб.] – деп Гебельдің кейіннен Жәңгірмен алғаш кездесуін жазатын сәті осы еді.
Қазан университетіне берілуі арқылы, бірқатары баспа бетін тұңғыш көрген шығармалардың ғылыми айналымға түсуіне Жәңгірдің септігі тиді. Шындығы сол, шығыс жылнамашылары өз еңбектерінде пайдаланып келгенімен, Еуропа мен Ресейге әлі белгісіз, қазақ мемлекеттігі бастауларының бірден-бір дереккөзі «Тарихи-Рашидиъді» Жәңгірден бұрын қазақта ешкім оқыған да, оның құнды тарихнама екенін білген де емес! Тек 1860 жылы Шоқан Уәлиханов Қашғарға саяхатынан кейін, осы шығарманы зерттеп, өз сапарының сызбасын ондағы оқиғалар ізімен нақтылады.
Әйтеуір, 19-ғасырдың орта тұсында қазақта екі тұлға ғана шығыс қолжазбаларын жинаумен шұғылданып, ғылымға айтулы үлес қосты. Олар зерделі ғалым Шоқан Уәлиханов пен зияткер хан Жәңгір Бөкеев! Дулатидің қазақ тарихшысы екенін мойындау, қазақ мемлекеттігінің құрылу кезеңін айқындау үшін алда әлі де бір жарым ғасырдай уақыт тұрды. Жәңгір мен Шоқан, бірі – қаражатымен, екіншісі – кабілетімен бұған ізашарлық жасады. Үш ғасыр кейінде қалған Дулати тарихшыға, қазақтан алғаш ат басын бұрған шолғыншылар осы екеуі еді [7, 127-128 бб.].
Орыстың, шетелдік классиктердің түбін алтынмен аптап, күміспен күптеген сынық сүйем, жарты қарыс әдеби шығармаларының басын қосқан кітапхана ұстаған. Кейін Жәңгір мектеп аштырған соң бай кітапханасын қазақ жерінде ашылған тұңғыш оқу орнына тарту жасаған. Сарайының кең де жарық бір бөлмесіне билльярд қойғызған. Жәңгірдің өзі шахматты сүйіп ойнаған.
Әрине, Жәңгірдің негізгі көздеген көкейкесті мақсаты бұл емес-ті. Ол қолында билік барда, бет қызуы басылмай, ет қашырмай жылан шақпай, жылқы теппей тұрғанда діттеген ойына жетіп қалғысы келді. Онысы–мешіт салу, ауру-сырқауға шипа қолданатын дәрігер ұстау, жәрмеңке ұйымдастыру, мектеп ашу болатын [8, 20 б.].
Қанша жерден жүзімізді құбылаға, ниетімізді құдайта бұрған мұсылманбыз десек те, діннің қанымызға араласып, сүйегімізге сіңе қоймағаны шындық. Осыны жиһангез, саятшы, әкім боп ортамызға келіп жүрген отаршыл империяның өкілдері байқап алдында күл астынан білдіртпей су жібертіп, қулықпен істесе де, кейін келе-келе ашықтан ашық мұсылмандық жолдан шығарып, шоқындырып, христиандықты қабылдатуға бар пәрменін салған. Басып алған жеріндегі негізгі тұрғындарды діннен, тілден, тарихи жадтан айыру сынды мемлекеттік дәрежеде ойластырылған, қуатталған, жүзеге асырылуға тиіс жоспарларының бірі болатын. (Шоқындырылғаннан кейін ауа көшіп қашқан Қосағаштағы бір ғана Алтай қазақтарының тағдырын еске алыныз). Мұндай шовинистік көзқарас, төрт бірдей казачествоның қоршауында тұрған, Еділ-Жайық екі өзен аралығында тіпті қарқынмен өрістеді. Алтын айдары Айға шағылысқан Орал қаласындағы екі шіркеудің үлгісінде халық көп қоныстанған елді мекеннің бәріне православиялық дін орнын салу міндеттелді...
Бұл қауіпті нұсқаудың астарында не жатқанын, ауылдың дүмшесі: «Адамды топырақтан жасаған», –десе: «Молдеке, осыдан бала жасап берші», –деп бір уыс топырақ әкеліп беріп жүрген қараңғы қазақ сезбегенмен, замана ағымын көңілімен барлап, көкейімен түйгендер білмеді емес, білді. Кезек өзіне келгенде Жәңгір: «Ордада алдымен мұсылман мешітін салдырайын, шіркеуді ретіне қарай көре жатармыз», [8, 21 б.] –деп жеке басын да, қарамағындағы халқын да арашалаған.
Жәңгір Ордада дәрігер ұстап, халық арасында дүркін-дүркін бел алып кетіп отырған қатерлі дертке қарсы емдік шаралар жасатқан. Оны этнограф ғалым Мұхамбет Салық Бабажановтың «Қазақ даласынан табылған тас қатынның мүсіні» деген еңбегінен анық байқаймыз.
Жәңгір сонымен бірге Астрахань губернаторына бедел салып жүріп, 1838 жылы Ордада дәріхана аштырды. Медицина саласында өз ұлтынан шыққан маман жоқ, дәрі-дәрмек қат кезде қазына есебінен дәрігерлер ұстап, дәріхана ашып ақсүйек пен қара халықты бөле-жармай, ортақ ықылас көрсеткен ханға соқырдың бәріне таяқ, ақсақ біткенге аяқ болмадың деп өкпе айтуға болмас. Бұл қайткен күнде де Самар даласына келген қайырлы істің алғашқы бастауы еді. Және оған мұрындық болған Жәңгір Бөкейұлының өзі-тін [8, 23 б.].
Ендігі сөз «Хан жәрмеңкесі» хақында. Жәңгір хан жылына бірер мәрте қала жағалап, сарысіңір боп жүретін қарамағындағы елдің қамын соқпады емес, соқты. Орынбор губернаторына қайта-қайта өтініш салып жүріп, 1832 жылы Ордада жәрмеңке ұйымдастыруға ресми рұқсат алды. Жәрмеңке уақыты көктемде маусымның 7-25, қыркүйектің 14-25 аралығында өткізілетін боп белгіленді. «Число приезжающих на Ординские ярмарки колеблятся между двумя и семью тысячами, из которых значительное большинство составляют киргизи», [8, 24 б] –деп көрсетеді «Краткое сведение о ярмарке во внутренной Киргиской Орде» деген еңбегінде академик Вебель. Жәрмеңкені ұйымдастыруға қазынадан 56 161 сом ақша жұмсалған, оған 316 ләпкенің басын біріктірген 12 үлкен корпус салынғанын ауызға алады. Осы жәрмеңкенің арқасында, Хан Ордасы түйіскен тоғыз жолдың торабына айналды.
Жәңгірдің Орда қазақтарына жасаған ең үлкен ізгілікті ісі мектеп ұйымдастыруы еді. Орхон-Енисей жазбалары, араб оқуымен заманында сауаттанған халықтың тарихын қозғағанда тұңғыш деген сөзге жармаса беру көз көрмес, қол жетпес қашықта қалған мәдениетімізге топырақ шашып, бүгінгінің күлін көсегендей әсер ететіні бар. Ал, «Жәңгір мектебі» шынында да қазақ топырағында орыс тілінде дәріс беретін тұңғыш оқу орны боп қаланды.
«Училище учреждено Ханом 6 декабря и в этот день при жизни Хана ежедневно производился в училище торжественный публичный экзамен, на которам присутствовал сам Хан, и кроме того предлагалось угощение...
К.П. Ольдекон, получивший лично от хана вознаграждение (и неизвестно в каком размере) за труды по училищу, вел учебное дело с великим старением, с успехом и замечательно умело как видно это из его всегда аккуратной отчетностью Хану с представлением списков, тетрадей ученических и пр. сохранившихся в архивах инспекций...» (Школьный альбом Букеевской Орды. Астрахань, 1838 г.) [8, 26 б.].
Хан басымен шәкірттердің сабағына қандай ықыласпен қарағанын, жоғарыдағы пікірден артық түсіндірем деу бос әурешілік. Енді осы мектептің тұңғыш есігін ашқан, көп шәкірттің бірі әрі бірегейі Мұхамбет Салық Бабажановтың, 1861 жылы Санкт-Петербургте шыққан "Қырғыздың қырғыз туралы жазбалары" деген кітапшасындағы мына жолдарга көңіл тоқтатайық. "Ханның ықпалымен және жанашырлығымен Ордадағылар білімнің қажеттігін сезіне бастады. Шәкірттер мен мұғалімдерді ынталандыру үшін марқұм хан ақшасын да, өзінің түсіндірмек болған ұмтылысын да аямады. Өзінің сарайында мектеп ашып, онда 60 адам Мұхамбет діні һәм орыс жазуы мен тілі жөнінде дәріс алды. Бұл мектеп сарай маңында осы күнге дейін "Жәңгір мектебі" деп аталып келеді.
...Халқына қызмет қылған өзге мүғалімдер мен дәрігерлер, заң қызметкерлері, фельдшерлер мен агрономдар жүздеп саналады. Құдай атасына бермеген білімді, хан осылайша ботасына берді [8, 26-29 бб.].
«Ордасында Жәңгір деген ханы бар». Бұл он екі бөлімнен тұратын «Шандоздың» бір тарауы. Ондағы ерекше тұлға Жәңгір хан. Жәңгір тарихы біздің замандастарымызға осындай пародокстық, трагедиялық сипатымен қызғылықты. Онымен айқас-қандардың тағдыры да дәл сондай айқыш-ұйқыш қайшылықты сипаттарымен тартымды. Жәңгірдің жиырма екі жылға созылған билікшілік дәурені, Ішкі Орданың саяси дербестігін сақтап қалуға бағышталды. Ол арғы-бергі қазақ хандарының ішіндегі ең білімдісі еді. Сондықтан да, қандай заманда, қандай ортада, қандай аумақта, қандай қауымға билік құрып отырғандығымен белгілі мөлшерде есептесе білді, [9, 208-209 бб.] – деп Ә.Кекілбаев бағалайды.
Ә.Кекілбаев осылардың бәріне жете тоқталып, тарих қойнауынан ханның бұрын беймәлім ғұмыр парақтарын тауып, оларға сарабдал талдау жасаған. Өмір шайқас болған жерде, екі жақтың бір түзудің бойына сыймайтыны белгілі. Ел басқарған адамның көпке ұнауы да, көптің көңілінен шығуы да екіталай. Билік пен халық арасында қай кезде де кикілжіңдер болған. Жәңгір билік құрған заман, жаңаның қарыштап алға басып, ескінің етектен тартып жібермеген бір жолайырық кезеңі еді. Бұл кездегі қоғамның сілкінісі – өктем. Жәңгірде оны мойындамасқа шара да, жол да жоқ еді. Бұл – Жәңгірдің трагедиясы да. Жәңгір өз ордасын қоршаған ірі мемлекеттермен тіл табыса да, жұмысын нәтижелі жүргізе де білді. Әрине, бұл Жәңгірдің артықшылығы екенін мойындауға да тиіспіз.
Бұл турасында академик З.Қабдолов: «Махамбет өмір сүрген уақыт пен өнерін өрбіткен кеңістік туралы ойласақ, біздің жадымызға патшалық Ресейдің тепкісінде төңбекшіген басыбайлы отары – ұланғайыр ұлы даламыз, сол даланың бір шалғайындағы Бөкей ордасы, Орданы билеген қазақтың соңғы ханы Жәңгір Бөкеев оралады», – деген еді [10, 234 б.]. Хан Бөкейсіз, Жәңгірсіз Орда тарихын айту мүмкін емес. «Ресейдің тепкісінде төңбекшіген басыбайлы отары» дегенде, Ресейдің кез келген жерге ауыз салмағаны, балығы көп, шалғыны мол, жан-жақпен қатынасы да мардымды Жайық бойын текедей таңдап, тапжылтпағаны – сол заманның ақиқаты.
Бұл ішкі-сыртқы саясатта мейлінше прагматик болуды талап етті. Жәңгір бұл талапқа жауап бере білді. Сондықтан да, ең ұзақ уақыт билік құрған Орынбор губернаторы В.А.Перовский оған «ақылды және көреген» «ақылды және мейлінше епті» деген баға берді (История Букеевского ханства. 815-817-б.б). Бұл бодандық жағдайында билік жүргізген бағынышты елдің падишасы ала алатын ең жоғары баға еді. Ол, ең алдымен, өз төңірегіндегі географиялық қеңістіктегі ең ірі және ең күшті мемлекеттің қақ ортасында отырғанын білді. Мұндай жағдайда теке-тіресіп емес, тек тіл табысып қана өз мүддесін қорғай алатынын түсінді. Сондықтан да, оның қай әрекетінде де есепшілдік пен епсектік үстем түсіп отырды. Бұл жағынан ол өзінің қай бабасына да ұқсамады [9, 209 б.] – дейді жазушы Ә.Кекілбаев.
Ол өзіне дейінгі қазақ билеушілерінің талайының ойында болғанмен, бәрі-бәрі тәуекел ете қоймаған соны істерді қолға алды. Бөтен ортада және мейлінше күрт және тез өзгеріп бара жатқан заманда бұрынғысынша көсіле кошіп, жазыла жайлап жүре алмайтындарын ұқты. Сондықтан, қытымыр заманға лайық қымтырыла тұрмыс кешуғе бейімделмей болмайтынын түсінді.
Ендеше, жер реформасын енді кешеуілдетуге болмайтын еді. Өйткені, мәселен, 1844 жылы Ішкі Орда солтүстіктен оңтүстікке 350 шақырымға, батыстан шығысқа 200 шақырымға созылған, 70 000 шаршы шақырым аумаққа ие еді. Сол аумақты 1830 жылы 10 235 шаңырақ немесе 102 350 адам мекендеді («Северная пчела”). Жыл өткен сайын Бөкей Ордасында да халық саны көбейе түсері сөзсіз еді. Бірақ, онсыз да біреудің қолтығында отырған елдің аумағы жыл өткен сайын тарыла қоймаса, ұлғая қоймасы даусыз еді. Мәселен, 1851 жылы сол аумақты 6 миллион десятина жер болды. Оның 5 300 000 десятинасы жайылымдыққа жарамды деп табылды. Шаңырақ саны 24 мыңға, адам саны 120 мыңға жеткен-ді (История Букеевского ханства. 785 б.). Бұл әлгі пікірімізді ай- дан анық дәлелдей алса керек. Ендеше, істейтін жалғыз қайран – жер катынасын өзгерту елі.Ал, жер қатынасын өзгерту тұрмыс үрдісін де өзгертпей қоймас еді. Жәңгір тұсында отырықшылыққа бет бұрылды. Ол өзі бастап үй салып, барлық сұлтандар мен рубасыларды үй салуға міндеттеді. Жасқұстағы Орда қаласы солай пайда болды. Тек онымен ғана тынбай, ірі руларды билейтін рубасылар мен старшындар өздеріне тұрақты мекен тұрғыза бастады. Байлар мен әлді шаруалар да өздеріне үй, ең болмаса, жер казба салып алуды әдетке айналдырды. Отырықшылык нышандарының күшеюі жолдар мен қатынас жүйелеріне де көңіл бөлдірді. Хан көрші ірі қалалармен үзбей байланыс болуына назар аударды. Сауда-саттық өркендеді. Әуелі шектес орыс, қалмақ базарларында өз өкілдерін ұстап, тұрақты орын иемдену жүзеге асырылды. Сосын Ішкі Орданың өзінде тұрақты сауда орындары мен жәрмеңкелер ашуға ұласты. Ұлттық сауда капиталы пайда бола бастады. Шаруашылық жүргізуде жаңалықтар көбейді. Мал тұқымын асылдандыру қолға алынды. Дәнді дақылдар өсіру мен бақшалық салу үрдіске енді. Халықты індеттерге қарсы егу тәжірибеге ене бастады [9, 209 б.].
Алайда, ол бөтенге еліктейміз деп жүріп, өзгеге сіңіп, өз-өзімізден біржолата құрып кетпеуді де қамдастыра білді. Әсіресе, ислам дәстүрлерін қастер тұтты. Ордада мешіттер мен медреселер көптеп ашылды. Молдаларды хан өзі тағайындады. Әдеттегідей, Уфадағы діни жиналыстың қарауына ұсынбады. Бұл христиан дінінен басқа діндерге тыжырына қарайтын В.А.Перовскийге жақпады.
Отырықшы тұрмыс пен шаруашылық жүргізуге көшу біліктілікті қажет етті. Әуелі Орда қаласында мектеп ашылды. Қазак балаларын Орынбор қаласында, азаматтық және әскери мектептерде оқыту жүзеге аса бастады. Финанстық жүйе жасақтау мен алым-салық жинау жолға қойылды. Ел басқару қайта жүйеленді. Империя көкірегіне сұғына кіріп жатқан аймақта таза өркениеттік таңдау жасамай тұрып, көсегелерінің көгере қоймайтынын жақсы білген Жәңгірге, жан-жақты жаңашыл болмасқа жағдай қалмады. Орыс капиталымен ықпалдаса отырып, шикізат өңдеу кәсіпорындарын ашуға талаптанды. Қандастарын жаңаша тұрмыс құруға бағыттап, өзі өнеге корсетті. Н.Харузин айтқандай, «Жәңгір ақылы мен білімдарлығы жағынан орда хандары арасындағы айырықша құбылыс еді» (Киргизи Букеевской Орды. Вып. 1. М., 1889. 76 б) [9, 210 б.] – деп Ә.Кекілбайұлы, Жәңгірдің қыр-сырын жан-жақты аша түседі.
Міні, осы айтылғандарға қарап Жәңгірдің азаматтық тұлғасын,тарихтағы, ел өміріндегі орнын бағамдауға болады.Істеген игілігі ғасырлар бойында жалғасын тапқан болса, ханға қатысты мұраларды осымен аяқтай салуға болмайды.Бұл әрине аздық етеді.Әлі де ізденеріміз, зерттейтін дүниеміз көп.
Жәңгір хан бойында қаталдық пен қайраттылық, өктемдік пен өрлік, мансапқорлық пен дегдарлық қат-қабат ұштасып жатқан. Әрқайсысы орайына қарай көрініс тапқан. Тіпті қателігі де бір басына жетерлік болған. Бірақ та хан түгілі, аяғы жерде, екі көзі аспанда жүрген кімнен кетпей жатқан қателік [8, 48 б.].
Бұны ханды ақтау немесе жақтау үшін айтып жатқанымыз жоқ, бабамыздың рухына жағылған күйелер үшін қынжыламыз да.Әттең талайғы тағдырлар Ресейге күнімізді қаратпағанда жағдай басқаша болар ме ед, кім білсін?!
Бірі білсе бірі біле білмейді, біздің мемлекеттің Қазақстан аталуы да, Еуразия елі болуымыз да Бөкей заңдастырып, Жәңгір жалғастырған, немересі Шәңгерей қолға алған дүниелер болатын.Бұның бәрі ханның білімділігінің, көрегенді дипломатиясының арқасы еді, әрі қазақ тарихында бұған дейін бірде-бір хан ел басқару ісінде,Ресей патшасымен бетпе-бет келіссөз жүргізіп көрген емес.
Тағы бір елеулі оқиға. Хан іс қағаздарын жүргізу, архив жүйелеу, мұражай ұйымдастыру жайын ерекше құнттапты. Сөйтіп, еліміздің мұрағат шежіресін де біз ресми түрде Бөкей ордасының архивінен бастадық. Әйтеуір, Жәңгір тәуекел еткен істер өз заманының биігі, рухани ізашарлығы еді [7, 443 б.].
Жәңгірден қалған қайырлы орданың ойпаты мен теңізінен табылған мұнай қорынсыз, Қазақстанның бір қазынасы кемшін түсер ме еді? Бір ғасыр бұрын Қамысқала маңынан кен көзі ашылып, ағайынды Новельдер алғашқы мұнара орнатты. Сөйтіп, Асанқайғы айтқан: «Үсті ызыңдаған жел болғанымен, асты тұнған байлық» та қазаққа Жәңгір хан қызғыштай қорыған аймақтан бұйырды [7, 443 б.].
Талайғы тағдырлар тарихынан осылайша хабар болып, толықтай болмаса да ханның біраз қырын танығандаймыз, ендігі мәселе осы айтылғандардан қорытынды жасап, өскелең ұрпақтың санасын тарихи шындықпен сусындату үшін, дұрыс дәйектемелер жасап, толымды тұжырымдар жасау.
1.2 Мәңгілік мұратты Махамбет бейнесі
«Ұлы адамдар өз ескерткішінің тұғырын өзі орнатады, ал мүсінін болашақ соғады», - деген В.Гюгоның сөзін ескерсек, Махамбет ескерткішінің тұғыры – өз өлеңдері. Болашақ соққан мүсін – Махамбетке арналған зерттеулер, пікірлер, өлең-туындылар.Махамбет тақырыбында поэзиялық туындылар көптеп жазылды, әлі де жазылары өзсіз. Барлығына тән мақсат біреу – өмірін өлеңмен өрген, ғұмырын қара қазақтың азаттығы жолында қиған, мәңгілік мұратты Махамбет бейнесін көрсету. Махамбетті дәріптеу, Махамбетше өлеңнен өрім өру, ақынның өз дәуіріндегі замандастарынан бастап, Кеңестік тұста да, тәуелсіздік алғаннан кейін де, қазір де жалғаса берер мәңгілік дәстүр.
Қара қылды қақ жарып, бетің бар, жүзің бар демей, шындықты қасқайып тұрып хан алдында тайсалмай айтқан, өршіл поэзиямызды дамытқан, әдебиетімізде әділеттік, шыншылдық дәстүрлерді қалыптастырған, «Белгілі туған ер едім, Беліме садақ асынған, Біріндеп жауды қашырған» – деп өткен Махамбеттің кекесек бейнесін, өнегелі өмірін, өрелі де өміршең жырларын поэзия жанрына арқау етіп өрбіткен Т.Жароков, Қ.Бекхожин, Х.Ерғалиев, Ә.Сәрсенбаев, Ж.Молдағалиев, М.Мақатаев, Д.Әбілов, Ғ.Қайырбеков, Т.Молдағалиев, О.Сүлейменов, М.Сатыбалдиев, Ж. Нәжімеденов, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, Қ.Мырзалиев, А.Бақтыгереева, С.Жиенбаев, Ж.Әбдіраш, Ж.Нәбиуллин, Қ.Мұқашевтан бүгінгі Т.Медетбек, Ж.Ерман, А.Ершуов, Қ.Жылқышиев, С.Тұрғынбековке дейінгі аралықта көптеген ақындарымыз батыр жайлы өлеңдер жазды. Ханнан қаймығып, биден бүгіліп көрмеген, жауының алдында ісімен де, сөзімен де тайсалмай өткен, азаттық үшін алысқан «арыстан» Махамбетті сөз жоқ әр буын өз түсінігі, таланты тұрғысынан жыр еткені, келешекте де жырлай беретіні сөзсіз. Профессор Қ.Әбдезұлы: «...батырын көкке көтерген, олардың тұлғасын ел махаббатына, жұрт сүйіспеншілігіне бөлеген осынау ақындық, жыраулық поэзияның осындай озық үлгілері кейіннен дүниеге келген жазба әдебиетке де рух берді, құнарлы көркемдік бояу қосты», – дейді.
Кеңес дәуірінде Махамбет рухына арналған жырлардың сапында ерекшелеу тұрғаны да, ертелеу туғаны да көрнекті ақын Қалижан Бекхожиннің туындылары.
Қалижан ақындық зор тебіреністен, батыр ақынға бас иген мол толғаныстан туған осы өлең жолдарының арнасын кеңейтіп, 151 жолды “Махамбет қабірінің басындағы тебіреніс” атты толғауымен шарықтатты. Бұл толғаудың шынайы шабыттан шарықтап барып туғанына әдебиетші Т.Ибрагимов те былайша куәгерлік сез айтады: “Бекхожиннің аталмыш туындысы Махамбет шығармаларын жете біліп, шексіз сүюден, Махамбет туралы деректерге қанудан Бекхожин көкейіне ұялған, санасына сіңісіп, бүкіл жан дүниесін баурап алған идеалдағы Махамбет болмысының бір сәт поэзиялық образға айналуы” [11, 124 б.].
Кей тіркестерде автор Махамбет образын шынайыландыра түсу үшін әдейі батыр ақын өлеңдерінің екпінімен жырлағаны болмаса, жалпы өлеңнің өн бойынан Қ.Бекхожиннің өзіндік тебіреніс шабыт шалқары, бейнелі тіркесті тіл көркемдігі, стилі айқын аңғарылады.
Сен
Елімнің жапан шөлінде
Арқырап аққан сел едің,
Кегін де, жұрттың шерін де
Нажағайлы жырыңмен
Көк нөсерге бөледің,..
Нажағайым!
Мұнарлы күн жарқ еттің,
Күркіреп бұлтты жардың да
Күйігін күллі зар-кектің
Бойыңа тартып жандың ба? [12, 36 б.]
Арнау өлеңнен Қ.Бекхожиннің Махамбетке деген ішкі адал адами сүйіспеншілігіне де куә бола аламыз. Ол батыр ақынның бейнесін тың теңеулермен образды түрде поэзия тілімен өте шебер сомдай білген. Айталық, ең алдымен Махамбетті қазақ даласына біткен азаматтық “биікке”, қайсар да қайратты тұлғасын “алып шың-құзға”, заңғар тауға “бұлт тіреген терекке” балайды. Ал өткір тілді ақындығын “от ауыздым, орақтым, нажағайым, жыр сапырған дауылсың” деп сипаттап, ойлы зеректігін “тұңғиығым”, “теңізім”, “кемеңгерім” сияқты алуан түрлі сөз образдарымен түрлендірген.
Тумасы жарық жұлдызым,
Тұлғасы алып шың-құзым!
Ошақтай орға қайтып сыйды екен?!
–деген терең күрсіністен соң ақын:
Атаңа нәлет Ықылас
Ата жұрттың асылын
Балтаға қайтып киды екен?
–деп налиды.Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға:
Сендей нар қоспақтың баласы
Маған оңаша жерде жолықсаң
Қайраңнан алған шабақтай
Қия бір соғып ас етсем,
Тамағыма қылқаның кетер демес ем!
– деп өктем сөйлегеніндей, Қалижан да Ықыласқа:
Ханның қара жендетін
Ата жауым дер едім,
Тіріде маған кездессе
Тап өзіңше жұлқылап,
Тірідей етін жер едім! [12, 38 б.]
–дей келіп, халықтан " қарғыс алған Ықылас жайында: «Ықылас кетті тозаққа»... – деп, түйіндейді.
Бұл толғау Махамбеттің "Тарланым”, “Баймағанбет сұлтанға айтқаны" өлеңдерінің өршіл рухты табиғаты арқылы, Қалижанның толғанысқа толы монологымен лирикалық ширығу әсерінен мазмұн байлығына ие болғанын байқатады. Мысалы:
От ауыздым, орақтым,
Жауға шапқан жарақтым.
Сенің найзаң - найзағай...
Тілің алмас найзадай...
Өзендей еді ызаң да,
Қарашаны хан ұлына теңгерем деп,
Кек кернеген кіреукеңнің
Күдіресін қанға батырдың
–деген өлең жолдары хақында академик С.Қирабаев: "Мұнда Махамбет жырының стилі, оның өрлігі мен тапқыр образдарының әсері сезіледі. Махамбет бейнесі оның Исатай туралы айтқан сөздерін жаңарта қайталау және сол үлгідегі тың образдар табу арқылы жасалады", [13, 122 б.] – деп ақынның өзіндік ізденісін де, дәстүр жалғастығын да орынды аңғартады. Ал, Ж.Молдағалиевтің "Махамбет қабірі басында" (1966) атты туындысының, Махамбеттің Исатайды жоқтаған "Мұнар күн" өлеңімен үндестігі айқын танылады.
Көркем сөздің құдіретін аша түсіп, дарын қиялын қияға самғатқан әйгілі ақындардың бірі Жұбан Молдағалиевтің “Махамбет қабірі басында” (1966) атты өлеңін оқығанда көз алдымызға астары тереңде, асқары көк тіреген, рухы мықты Махамбет тұлғасы келеді. Бұл өлең жоғарыда сөз болған Қ.Бекхожиннің туындысымен тақырыбы жағынан үндес. Екі өлең де авторлардың Махамбет бейіті басындағы толғаныс-тебіренісінен туған монологты туынды. Өлеңде асыл батырды ардақтау, жалын жырларына сүйсіне отырып ақынша екпіндей жырлау, қайталанбас батыр ақынға лайықты құрмет көрсетілмей отырғанына өкіну, қынжылу басым.
Махамбеттің Исатайды жоқтаған “Мұнар күн” өлеңінің үндестігімен Жұбан ақын:
Буғандай тілін көптен шер
Шешіле қалды өктем жел:
Осы Қарой, осы жер –
Батырдың қанын төккен жер...
–деп, Махамбет сарынымен қайталаудың эпифора түрімен, кейіптеу тәсілімен желге тіл бітірткенде, өткен өмірдің куәсы ретінде жүйрік желді сөйлетуді максат етеді. Жел Махамбеттің арыстандай айбаттылығын дәріптеп, “Арыстан ақын” деген эпитетпен әрлендірген. Жырдағы ақын мен желдің кезекті қысқа диалогында:
Жел: - Осы Қарой, осы жер –
Батырдың қанын төккен жер;
Буыршын мұзға тайған жер;
Бура атанға шөккен жер;
Арыстан ақын Махамбет
Бармағын шайнап өткен” жер;
Қанжығаға басы байланып,
Барымта болып кеткен жер
–деп, қаралы Қарой жерін тіліне тиек етсе, ақын: -Жоқ, біз Қаройға назалы емеспіз, егестің азасына ызалымыз–дей келе, желге қарата:
Жерге тиме, жел-еке, жазығы жоқ,
Жүз жыл бойы ақынын азалаған.
Құлақ тосқын, достым жел,
Осы Қарой, осы жер–
Махамбетті көрген жер;
Маржандай жырды терген жер;
Ер соңынан ерген жер;
Атой да атой, “аттан” жер;
Атанға оғын артқан жер… [14, 282 б.]
– дейді.Махамбеттің “күн” эпифорасын Жұбан “жер” эпифорасымен алмастырады.
Ақын Ж.Молдағалиев аталмыш өлеңінде “арыстан ақын” Махамбет жортқан жер Қаройды сипаттауда кейіптеу тәсілін пайдаланған. Махамбеттің ерлік көрсеткен жері де осы Қарой, Махамбеттің басы кесілген жері де осы – Карой болғанын Жұбан ақын:
Ерлік пенен қылмыстың куәсіндей,
Мың қызарып, бозарған Қарой жатыр.
Жырдың басын алатын күш жоқтығын,
Көзбен көріп көгерген Қарой жатыр. [14, 283 б.]
–деп, Қарой жерін «қызартады, бозартады, көгертеді». Автор желмен арадағы диалог арқылы пікір таластырады, өткен дәуір жайлы тебіреніп, сыр шертеді. Махамбеттің асқақ жырлары өмірге келген, батыр тұлпарының тұяқ ізі қалған Қарой төсі, шежірелі дала, бетегелі, жусанды жазық жер сол күннің бәріне куǝ екенін алға тартады. Жұбан ақынның: Көрсем дейді иілмей өткен басты, Жыр боп, ту боп бастаған өңкей ерді, –деген жыр жолдарындағы «иілмей өткен бас» деуінен Махамбеттің қайсарлығы, шыншылдығы, өрлігі байқалса, «Жыр боп, ту боп бастаған өңкей ерді» дегенінен елді жырымен рухтандырып, азаттық үшін, ту ұстап, қол бастаған батыр Махамбеттің өр тұлғасы сөз өнерінде сомдала түседі.
Деген де бар басы оның көмілмеген,
Қалған мәңгі бастас боп өмірменен.
Зираты оның кеудесі әр қазақтың,
Қалай өлсін ұлы ерлік, өмірлі өлең! [14, 283 б.]
–деп, Жұбан ақын Махамбеттің ақындығын да, батырлығын да үнемі қатар ала суреттейді. Махамбеттің есімімен тығыз байланысты болған оның ұлы ерлігі мен өмірлі өлеңін ешкім өшіре алмайтыны, батыр ақын қазақ ғұмырымен «мәңгіге бастас боп калды» – деуі Жұбан жырының ең негізгі түйіні. «Құдірет ақын Махамбет атының өшпейтіндігіне, керісінше, оның есімін тәңір есіміндей көретін әр қазақтың жадында мәңгіге жаңғыратынына ақын кәміл сенімді.
«Дұшпанда кеткен сол көптің, Ежелден бергі кегі үшін», «Ереуіл атқа ер салып, Егеулі найза қолға алып, Еңку-еңку жер шалып», түз даланы жортқан Махамбетті жырлауда Ғ.Қайырбеков өзінің «Махамбет даласы» өлеңінде дауылпаз ақын жүрген даланы обьекті етіп алуының мәні ерекше. Өйткені, Дала – халықтың құтты ордасы, елінің атамекені. Халық үшін дала тіршіліктің тынысы, күрестің бел ортасы.
Заулауында киіктің
Кеңдігі бар даламның,
–деп толғаған ақын Ғ.Қайырбеков енді бірде:
Бұл даланы ер Махамбет жырлаған,
Ақ нажағай ат үстінде тулаған, – дейді.
Ақын мәні терең осы өлең жолдарының алғашқысында қазақ даласының кең байтақ шексіз-шетсіз екенін тіліне тиек етсе, екіншісі «Махамбет даласы» өлеңінде Махамбеттей рухы биік тұлғаны дүниеге әкелген қазақ даласын жырға қосады. Ұлттық өлең қазынасында ерекше орны бар, алмас жыры мен өткір семсері бар, бітімі бөлек «ақ нажағай» Махамбет тұлғасын жырға қосуы арқылы, дала тақырыбын даралай көрсетеді.
Ғафу өлеңінің өзекті арнасы – қазақтың дарқан даласында дүниеге келіп, сол байтақ даланы ат тұяғымен де, жырымен де дүбірлете өткен дауылпаз ақын Махамбеттің тағдыр тарихы.
Махамбеттің ақындық құдіреті де осы туған жерінің туын көтеріп, жері мен малының талауға салынуына көнбеуінде. Сондыктан да батыр ақынның ел қорыған, жер қорыған өлеңдері барша қазақ жүрегіне ыстық. Ақын:
Сол даланың көзі болған шырақты
Жаны сорлы өшіріпті бір надан [15, 28 б.]
–деп кейіптеу тәсілі арқылы «ат үстінде тулаған ақ нажағай», «сол даланың көзі болған шырақ» – деп, Махамбетті ақ нажағайға, шыраққа баласа, шырақты өшірген жанды сорлы қылып, надан етіп суреттейді.
Махамбеттің мәңгілікке жаңғырар есімі мен өшпес жырлары, айбынды ұлы тұлғасы хақында Ғафу ақын:
Оның сөзі оңдырмайтын ақ алмас
Ол тірлікке екі қайтып оралмас
Сонда-дағы бұл дүниеден ол сабаз
Көк аспанның күйіндей боп жоғалмас,
–деп алдаспан ақынның алмастай өткір жырларының мәңгі жасайтынына, батыр бабамыздың есімі көк аспанның күйіндей мәңгі жоғалмасына нық сенеді. Ақын Махамбет бейнесін жырмен шынайы айшықтап, ақындық суреткерлігін әбден танытқан тұсы:
Ол сар садақ ер қасында шіренген,
Ол құйылған отты қайрат-жігерден.
Құдай өзі әдейі көктен түсіріп,
Елдің жасын бір тиюға жіберген.
Ол да кетті, кайтсе де адам болғасын,
Зорлап қиды зор кеудеден зор басын, [15, 93 б.]
–деген жыр жолдары.
Ақын жырында батыр ақынның тұла бойын отты, қызулы қайрат-жігерден құйылған алып етіп сипаттаумен қатар, «Махамбетті елдің көз жасын құрғатарға құдай өзі көктен түсірді» деп жер бетіндегі көптің бірі емес көктен түскен дара да дана тұлға екенін топшылайды.
М.Сатыбалдиевтың «Махамбет монологы» атты өлеңінде Махамбеттің айбынды рухы басым. М.Әуезовтің: «Екпінді, келте кесек бір қимылдың жыры да өзіне ұқсап: зымырап, шарқ ұрып, от шашып, іші-тысы бірдей тұп-тұтас боп тұрады»,- деп Махамбет жырларына берген бағасындай, Меңдекеш өлеңінен батыр ақын образын тануда сондай қызу екпінділіктің, от шашқан өр тұлғалылықтың күйін сезінеріміз сөзсіз. Айталық, өлең:
Қара табан қазақтың
Қазанын сақ-сақ қайнатқан,
Қып-қызыл шоқтай қызулы ем
Қылышпен көксеп азат күн
Қылпып бір шығып қайрақтан
Құсамды бастым, халқым-ау,
Қиқулап орда бұзумен...
Қара суды кері ағызар шағымда [16, 82 б.]
–деп басталысымен-ақ құлағыңа Махамбеттің үні келгендей елтисің.
Қара аспандай мынау каһарлы басыммен,
Қопармаспын ба, қап тауының да тасын мен?!
Құл бола алман қай «құдайға» да көндігіп,
–деген жолдардан Махамбеттің еңсесі жығылмаған ереуіл рухпен «құл бола алман қай «құдайға» да көндігіп» деп, тайсалмай өткенін, қалың бұқараны бұғаудан құтқарып, құлдық пен күндіктен азат ету жолында қан төгіп, ата жаумен ат үстінде қаһармандықпен алысып өткенін аңғартады. «Қорғасын қайғы қалжыратқанда, Құзғындар көзі қанды баққанда, қабыландай салам мен бүлік» деп берілген метофоралы тіркестер Махамбеттің характерін тереңірек ашуға ықпал етіп тұр. Өлеңнің өн бойынан сол заманның шындығын қолма-қол «шаппа шап” (М.Әуезов) жырлаған батыр ақынның рухы, айқассыз өткен бір күннің жоқтығына куә болған шерменде халықтың мұң-шері құлаққа келіп жетеді:
Қамауда жатып, талауда қалған елді ойлап,
Қаптайды теңіз кеудемде менің аһ ұрып,
Қоңыраулатып шығармын қашан атойлап,
Қара дауылымды азан да қазан сапырып?..
Қиқарланып қияс мүйізді кұлжадай,
Қасарысқан жауымнан сұрадым теңдік ақырып.
Алайда, өленде сол мұң-шерді сейілтерге табылар қайрат-жігер, бұла күштің салмағы мықты. Меңдекеш өлеңінің қызулы, екпінділігінен, оттылығынан Махамбеттің өр бейнесі ерекшелене түседі.
Көрнекті қоғам қайраткері І.Омаров өзінің Т.Жароковқа жазған бір хатында: «Сіздің өлеңдеріңізден менің аса бір қадірлейтін жалынды адамның дүбірін естігендей боламын. Ол кісі – Махамбет»- десе, Т.Жароков хақында профессор М.Қаратаев: «Тайыр дүниеге келген Темірбек дейтін жер – Нарын құмы мен Жайық даласының түйіскен жері. Бір кезде Исатай мен Махамбет ту тігіп, жасақ жинаған осы өңір екен, сондықтан Махамбеттің жалынды жырының жауынгерлік рухы басқа жерлерге қарағанда, осы жерде өте-мөте басым болған. Тайырдың бала кезінің өзінде еліктірген, қызықтырған сол ғаламат жырдың құдіреті еді. Балдырғандай баланың балауса жас көңілі ел аузында аңыз болған ардагер ақынның, атақты батырдың алып тұлғасын көзіне елестетіп, арманы, мүддесі Махамбет болды, ықыласы мен аңсары соған ауды...», [17, 9 б.] – деп, естелік-пікір білдіреді.
Ақындық ерен шабытымен Т.Жароков «Ер Махамбет» атты өлеңінде батыр баба бейнесін былайша жырмен сомдайды:
Ту көтере туған ер,
Хан ұлына қас бола,
Оққа қарсы тұрған ер,
Қаруын ұстай қаская,
–деп, Махамбеттің еліне азаттық аңсап, қолына қару ұстап жортуылға шыққаннын, мақсаты: «Қамы емес қара басының, Қас болды ханға, Алғалы кегін ел көз жасының...»- екенін шынайы жырлай білген Т.Жароков дауылпаз ақын бейнесіне контраст ретінде Жәңгір ханды: Алдады да күш жиды, Бұлаң құйрық түлкідей,- деп, оның екіжүзділігін әсерлі сипаттайды. Дүбірге, қозғалыс-қақтығысқа толы өлең соңы:
Ел бағы үшін ер өлді,
Тебірентіп жер-көкті,
Отанын ердің көр енді,
Арманына ел жетті, – деп түйінделеді.
Т.Жароковтың батыр бабаға арнаған «Махамбет туралы аңыз» атты екінші туындысы жоғарыда сөз еткен «Ер Махамбет» өлеңімен өзектес. Екеуінде де көтеріліс тарихы қамтылады.
Қайғының қайығына жүзгенде елі,
Аттандап туды бір ер табандаған.
Қиялдай қиссадағы ерте күннің.
Батыры емес бұл ер ертегінің,
Елінің кекке туған өр перзенті
Махамбет еді ол шыққан шерте мұңын...
Сүйсінген сымбатына көрген елі,
Күшіне ашуы да тең келеді!
–деп ақын ел үшін туған ер Махамбетті қайтпас қайраттың, батыл батырлықтың, аса табандылықтың, таусылмас жігердің иесі болғанын мақтан тұтады.
Дауылпаз ақынды: «Халқының құйған құрыш көк қалқан, Найзасы найзағайдай жарқ-жұрқ ойнап, Болды оның көксеуі – ел атқан таңы», – деп көтермелеп сөйлейді. Өлең өзегінің бір қыры Махамбеттің қорғасыннан құйылғандай өткір де зілді жырларын тудырған ақындық дарындылығын
айырықшалайды.
Тас кескен оғы да ок, сөзі де оқ,
Жауына болды атылған өзі де оқ!
Бетпе-бет ханмен қарсы қағысқанда,
Оқтай бір атылмаған сөзі де жоқ,
–деп айта келе, ақынның «Баймағамбет сұлтанға айткан өлеңін дәйек етіп беру арқылы ақынның ештеңеден жасқанбас, өктем сөйлер өжет қасиетін танытады. Хас батырға хан-патшаның қолы ақыры жетіп тынады. Бұл тұсты Т.Жароков:
Дариға-ай! Осы жері аянышты,
Арманы Махамбеттің жалап ішті.
Жаздырмай бойын ардың жалыны да,
Қайрады қара тасқа қара күшті!
–деп батырдың ызалы қалпында көз жұмғанын елестетеді. Адамзаттың жауыздыққа бой алдырған аң кейпіне айналғандығына қамыққан, жиіркеніштен жиырылып өмірден аттанған ақын бейнеленеді. Ақын көкейінде кеткен зәрлі кек ұрпаққа салмақты ой салғандай.
Махамбет өлді. Күндей батып кетті.
Ішінде кегі тастай катып кетті!
Ер өлді. Бірақ, оқтан өткір сөзі –
Өлтіріп хан, патшаны атып кетті! [15, 11 б.]
«Абай – даналықтың діңгегі болса, Махамбет патриоттық рухтың жалауы. Елім, жерім деп соққан жүрегі бар әрбір қазақстандық омырауына Махамбет бейнесін тағып жүрсе деймін» – деген өзекті ойдың авторы ақын Фариза Оңғарсынова үшін, дауылпаз Махамбет салған ақындық дәстүр де, батырлыққа үндейтін өжет қасиет те ерекше қастерлі.
Әдебиет сыншысы Б.Майтановтың: «Махамбет, Абай жырлары өздерінен кейінгі талай ұрпақ ақындарға жарық шырақ болғаны аян. Ол жырлардан қазіргі қазақ ақындары да үйренеді, келер толқын да көңілге нәр, ойға азық алары кәміл» [18, 51 б.] – дегеніндей, Фариза Махамбеттің ақындық арнасын, дәстүрінің көкжиегін кеңейтті. Махамбеттің батырлығындай атойлаған өр рухқа толы ащы шындықпен жосылған ақиқатты жыр сарынынан батыр ақын бабаның даусын естігендей күй кешесіз.
Тазарар түрім жоқ менің
Жанымның кірін жумай бір
Махамбеттердің рухымен, - дей келіп,
Намыс бер, ой бер ұланға,-
Күндердің күні болғанда,
Шамырқанып шығарға,
Арманда кеткен ер үшін,
Адыра қалған жер үшін,
Ақырып теңдік сұрарға!
–деп, батыр бабаша екпіндетеді. Ф.Оңғарсынова жырларына Махамбет рухы куат беріп, арна ашқаны сөзсіз-ау дейміз. "Бала күнімізден атын жаттап, үлкендердің айтуымен қанымызға сіңген бейне, Махамбет бейнесін айтам, мен үшін Мұхаммед Пайғамбар секілді әулие тұлға болатын. Мен анамнан естіген әңгімелердің әсерінен болса керек, бұл екі кісіні түсімде көретінмін және біздің туысқандарымыз деп қабылдайтын едім" – [19] деп, естелігін айтады. Сөйтсек, "Оның өз шығармашылығында әлсін-әлсін Махамбетке оралып отыруы, Махамбетке жүгінуі бекер емес" (Ә.Бөпежанова) екен.
Ф.Оңғарсынова Лермонтовқа арнаған «Ащылық туралы жыр» атты өлеңінде тағы да Махамбет бейнесін танытады.
Ақиқат іздеп жөргектен,
Найзағайлы жырын селдеткен,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен;
Мұнарлы бұлттан мұң емген,
Заманын тілдеп түнерген,
Жайлылық таппай жер-көктен,
Өзіңе тұстас бір мұңлық
Махамбет – сынды ер де өткен
–деп, халықтың бағы, жүйріктің бабы болмай, елге іріткі салған жаттың опасыз әрекеті Махамбеттің басын қаққанын мұң етеді [20, 67-68 бб.].
Ақынның «Махамбет аудармашысымен әңгіме» циклі поэзия дегеннің дүйім жұртқа белгілі ортақ теңгермешілігінен таза, абстрактілі «ағайыншылдықтан» ада, ап-анық ақ адал өлең. Ақын Оңғарсынованың қайраткерлік көрегендігі, кісілік келбеті, азаматтық ажары осы өлең идеясынан анық аңғарылады.
Ендеше ақынды тыңдап көрелік:
Ұлылар да ортақ, де, жақсы ақын де,
Өз халқыма таныту – мақсатым де –
Бірақ, мүмкін емес-ау өз шыңынан
Махамбеттер сөйлеуі басқа тілде...
Аудармашының мақсаты – біреу. Махамбетті патриот ақын есебінде өзгелерге таныту, өзге ұлт тілінде сөйлету. Ана тілінде түлеп туған «Махамбеттен қалған айбалта жырды» тәржімемен беру – толыққанды, қасиетті өлең-жырдың натурасын өзіндей жеткізе алмаса керек. «Әділетсіз дүниенің қабырғасын Махамбетше сөгер жанды» кездестіру былай тұрсын «білмеймін жел ме, сел ме, жырда онымен бір тұлға теңдесер ме..» Фариза ақынның айтары ақиқаттан алшақ кетпейді.Ақын афоризмі ұшқыр ойдың ұрымтал тұсын дәл аңғарған:
Қалайы алтын болмайды зерлесең де,
Дала емес кең көшең де,
Құс қанаты бітпейді сен қаншама
Қолыңды кеңге серме,
Қараларға ағару бұйырмаған
Опамен жемдесең де
Қазақ лирикасының тарихы, жай-күйі туралы айта келіп Ә. Тәжібаев: «Ұлы ақындар ұлттарына жетекші болар, оларды көркемдік рухта тәрбиелеуге ұстаздық етер шығармалар жаза жүріп, өздерінің эстетикалық принциптерін де жариялай отырады» – деген болатын.
Фаризаның «Поэзия» циклінде өнер өрісін өрге сүйрер көркем шумақтар ақынның әлеуметтік-танымдық, көзқарасымен ұштастырыла беріледі. Өлеңде ұлттық поэзияның болмысын Махамбет бейнесі арқылы көрсетумен бірге лирик ақынның суреткерлік келбеті, эстетикалық танымы, яғни ақын «менінің» мінезді күн шуағы бар. С.Мұқановтың: «Менсіз» ақын оригиналды ақын бола алмайды. «Мен» жоқ ақын өмірдің бейнелеушісі емес, регистраторы ғана. Бізге керегі – өмірдің әрбір көрінісін өз жанының елегінен өткізіп, сол көрініске өзінің «менін» қоса жырлайтын ақын» – дегенін оңды түсініп, байыпты тұжырымдасақ, Фариза «Поэзиясының» төмендегі өлең жолдарына көз жүгіртелік:
Толғанғанмен ел жайлы, қоғам жайлы,
Кернесе де кеудесін соған қайғы,
Байрон емес –
Махамбет, ол өмірге
Уитмен боп тіпті де оралмайды;
Қылыш байлап, дулыға кигізгенмен
Пастернак та Махамбет бола алмайды.
«Солай семсер өмірдің тағдыры үнін, бойлатпас заңдылығын» арқалы Махамбет ақыннан ақын Фаризаға көшкен киелі өлеңнің оқалы зеріндей дәстүр және жаңашылдық деп ұқтық. Әйтпесе: «Махамбеттің сөйлеуі басқа тілде наркескеннің жарқылы мен жаңғырығы» түрінде қалғаны жалғандық емес қой...[21, 43-45 бб.].
Қилы-қилы тағдыры көп тарпаң тарихтың шаң-тозаңына көмілмей, қайта жыл өткен сайын жаңғыра түскен Махамбеттің ақындық тұлғасын пір тұтқан О.Сүлейменов “Махамбетке” деген шағын арнау өлеңінде:
Қас жауыңды
Ел алдында жазықты
Жерге қағып жіберіпсің қазық қып.
Қайсар бопсың, бірақ сенің жырыңның
Аржағында жатады бір нәзіктік.
О, даланың жолбарысы, көкжалы!
Көкжал бөрі қай кезде де олжалы.
Өзіңнен бе?
Сөзіңнен бе?
Әйтеуір
Сенен кепті дейді ханның ажалы [15, 41 б.]
–деп, батыр ақынды даланың азулы жолбарысына, үнемі олжалы жүретін көкжал бөрісіне балап, оның бейнесін асқақтатса, “өзіңнен бе?” – деуінен батырлық тұлғасын даралап, “сөзіңнен бе?” – деуі арқылы “сүйегі тұтам қалғанша тартынбай сөйлер” асқақ үнді, айбынды ақын екендігін анық сипаттайды.
Қаһарман ақынға арнаған Олжастың “Махамбеттің өлер алдындағы ойы”, “Махамбетке”, “Қатаң да бопсың, қасарсаң” деп басталатын өлеңдерінде батыр ақынның айбынды сөзін, ұнамсызды бетке айтар батылдығын, батырлығын жарқырата көрсете алғанына куә боламыз.
Қатаң да бопсың, қасарсаң,
Қас дұшпанды
Бір-ақ сілтеп
Қақ бөліпсің қылышпен,
Қанды ұрыстан
Құйттай ғана босасан,
Жыр арнапсың
Жүректерге сүйіскен.
Профессор Ғ.Есім: “Ерлікті Махамбетке қатысты айтсақ, ол оның төл қасиеті. Сол тел қасиеті оның ақындығы арқылы айқын көрінген. Махамбеттің ақындығы оның ерлігінің көрінісі”, [22] – деп тұжырымдама бергеніндей, О.Сүлейменов өз өлеңінде Махамбеттің айбарлылықпен ханға қарсы “найзағайлы жырын селдетіп, адырнасын ала өгіздей мөңіретіп”, халықтың кегі мен ызасының жолында өжет ерлік көрсете білгенін аңғартады. Бұл пікірімізге
Саған берген
Алыптығын алыптың
О, Махамбет,
Қайсар ұлы халықтың,
Қаһарлансаң
Ханның басын алыпсың,
–деген жолдары куә бола алады. Суреткер Махамбет рухын асқақтатып, оның жауына аса қатал екенін өлеңінде “қақ бөліпсің қылышпен”, “қаһарлансаң ханның басын алыпсың”,-десе, “Махамбетке” өлеңінде “жерге қағып жіберіпсің қазық қып”, – дейді. “…Махамбет тұлғасын Сүлейменов сұрқайы, оңғақ бояулармен сала салмай, образдың бір тал шашын жықпастан, ешқандай жасанды, жалған бояу қоспастан өткірліктен қорықпастан, мейлінше реалистік тұрғыдан бейнелейді”, [23, 425 б.] – деген М.Қаратаевтың байыпты пікірі біздің ойымызды сабақтай түсетініндей. О.Сүлейменовтің “Махамбет” атты өлеңінен батыр ақынның қылыш жүзді, алғыр да айбынды кескінін, туралығын айқын аңғарамыз.
Дұшпаныңнан қайтты кегің, қайтты есең.
Айтып сапсың ақиқатты, айт десе.
Қандай бакыт ақын болып туғаным,
Сені ақын деп білер ме едім, әйтпесе! [15, 41 б.]
– деп, Махамбеттердің анық жалғасы ретінде өз заманында өзінің өшпес жырларымен есе қайтарып та, ащы ақиқатты айтып та жүрген өршіл үнді, тума талантты О.Сүлейменов өзінің ақын болып туып, ақын жүрегін терең түсінгенін бақыт санайды. Бақыт болғанда да адамды таңдап табатын, талғап қонатын сирек бақыт екенін аңғартады. Олжас жырларында Махамбет өлеңдерінің екпіні де, үндестігі де басым. Осы өлеңнен Олжастың өзінің ақындық тұлғасы да, Махамбеттей ұлы қаһарманның ерен бейнесі де толық танылып тұр. Елін шексіз сүйген есіл ер Махамбеттің монологын беру арқылы Олжас та ақын ретінде өзінің еліне, халқына деген сүйіспеншілігін білдіреді.
Намыстың пірі болған батыр ақынды Қадыр Мырзалиев «Махамбет» атты өлеңінде:
Тура сөзің, о, баба,
Төске түскен балғадай,
–деп жырға қосса, батыр образын жасауда дауылпаз ақынды:
Біреуі едің от ұлдың
Шапқан заман көшіне
–дей отырып, өз заманының «керуен көшін» дұрыс бағамдай білген, шындықты шырқап жырлай білген «от ұлға» балайды. Сол «от ұл» қорданы тұтандырып, Нарын құмындағы дүрбелең дүбірлі алдаспандар айқасқан көтерілісте «дауылды ерт» бола білді, намыс отын жақты, Орданы теңселтті:
Құм Нарында бір түнеп,
Көрінгенде шандағың,
Бұлтты күндей күркіреп,
Бүлкілдеттің хан тағын.
Тұтандырған қорданы,
Дауыл болдың, өрт болдың,
Құс төсекті Орданың,
Түн ұйқысын төрт бөлдің [15, 38 б.]
–деп, ақын Махамбетті көтерілістегі қайыспас көсем, әрі өр кеуделі көзсіз ер, әрі иілмес қара емендей өршіл мінезді ақын, өз басынан көпшіліктің игілігін артық санайтын жалынды жан дәрежесінде бейнелейді. «Бұлтты күндей күркіреген Махамбет «құс төсектегілерді» дүрліктірді. Ақын қара халықтың ауыр халіне контраст ретінде, ханның жылы да жұмсақ тұрмысын «құс төсекті Орда» деп суреттеуі өз үйлесімін тауып-ақ тұр. Махамбет өзінің қимыл- қарекетімен, айбынымен дұшпандарын сескендіргенін: «Сасып қалған сұлтандар теріс киді шапанын» -деп, бейнелейді.
Ақын өлеңіндегі:
Сұр жебе боп атылдың
Сұм Орданың төсіне
–деген жолдардағы «сұр жебе» және «сұм Орда» эпитеттерінің үйлесімді қолдануы жөнінде сыншы 3. Серікқалиев: «Қадір поэзиясында ...қайғы қасіретке тұншығып сыңсыған құм Нарынның жоқтауы, Махамбет Орда төсіне, сұмдық ұясына атылған сұр жебе тәрізді» [24, 126 б.] – деп, сөз зерделейді.
Махамбет есімі А.Бақтыгерееваның «Әділ туын қашан да түсірмеген», Өлең деген – кұдірет қой, шынында» деген еркін композициялы екі өлеңінде, сондай-ақ «Махамбетке», «Жасқұста, сонау Нарында», «Ақ Жайықтың айдыны» өлеңдерінде тікелей ұшырасады.
Бөрі ме едің, тарлан ба едің,
Күрес жолы тағдырың.
Әйтеуір сен арманда едің,
Аңсағаның алғы күн...
Сен өжет ең, дұшпандарың
Сенен гөрі күшті еді.
Өшпесе де жалын жырың
Шәйт кеткен ер едің.
Бір айыбың- әділдігің
Бір айыбың өлеңің [25, 101 б.]
–деп, А.Бақтыгереева жырлағандай, Махамбеттің сыр түйіні, жалынды жырлары – ақиқат, шындық. Шындық жыры жалынды да өр болмақ.
В.Г.Белинскийдің сөзімен айтсақ, «Өлеңдегі өмір – ақиқат шындықтағы
өмірден гөрі мәнді өмір» [ 26, 164 б.]. Махамбет өзі өмір сүрген ортасын өз өлеңдері арқылы ғұмырлы етіп, өшпес тарих етті. Міне, А.Бақтыгереева да осы тенденцияны баса көрсеткен. Бұл арнаумен қоса, А.Бақтыгереева Махамбеттің күрескерлігін, асқан ақындығын образды түрде келесі бір өлеңінде:
Әділ туын қашанда түсірмеген
Шырылдайды күрестің ішінде өлең.
Бізден бұрын ғасырда Махамбеттің
Замандасы арманын түсінбеген.
Мәңгі қалған ойшылдың күрсінгені
Даңғой өткен, ол шіркін білсін нені?
Әр кезеңнің болады өз Данасы,
Әр ғасырдың болар өз күншілдері [25, 85 б.]
– деп, бейнелі сурет жасайды.
Ақын Т.Досымов "Биіктік" өлеңінде Махамбеттің асыл бейнесінен, тарихи алып тұлғасынан биіктік іздеп, бабаның биік тұлғасын тауға телиді. Т.Молдағалиевтің "Тау баласы тауға қарап өседі" деген образды пікіріне Т.Досымов:
Тартыспай-ақ, Ғамзатовтай көкеммен
Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен.
Осы қырда төбешіктей Аналар,
Дүниеге таудай ұлдар әкелген.
Ерліктері айналмайтын елеске,
Атыраудың алыбының бәрі есте
Ереуіл атқа ерін салған егесте,
Махамбеттің өзі бір тау емес пе?! [27, 207 б.]
– деп, үн қосады. Махамбеттей тау тұлғалы рухты ақынның өлеңінен де, өмірінен де сабақ алып өту, құдіретті бейнесіне қарап өсу жас ақын үшін де, қазақтың болашақ өр ұрпағы үшін де бақыт екені өлең өзегінен аңғарылып-ақ тұр.
Махамбеттің тұлғалық көркем бейнесі қазақ әдебиетінде әңгіме, повесть, романдарға да негіз болған.Проза жанрынан Т.Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесі, Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» романы, Ә.Таразидың «Тәж», Н.Әбуталиевтің «Қайран Нарын», Б.Аманшиннің «Махамбеттің тағдыры» романы, Қ.Мұқанбетқалиевтің «Бас жұтқан бас», М.Мәжитовтің «Барлыбай түбіндегі ән», З.Қабдолов «Мұз үстінде от жаққан», Р.Отарбаев «Бас» Ә.Кекілбаев «Шандоз» т.б. шығармаларды атап айтуға болады.
Енді осы туындалардың бірсыпырасын талдап, азат рухтың асқақ күрескері Махамбет хақында, яғни ақынның алып бейнесін қалай кескінделдігіне көз жүгіртелік.
Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» романы, Махамбет туралы, оның кесек бейнесін сомдауда тарихи шындықты көркем бейнелеп, батырын дәріптеуде соны ізденістерге барған туынды.Романда Махамбет тұлғасы жанындағы жолдастары, іс-әрекеттері арқылы суреттеліп, тарихи оқиғаларға байланысты жан-жақты көрсетіледі.
Мәселен романда: Нұрбал көз қиығын ақынға салды Қысқа қойған қара мұрты бар, беті жалпақ біткен, қара торы өңді, иегі сәл шығыңқы басында төбесі үшкір дулыға, оң жақ бүйіріне әшекейлі шолақ қанжар таққан, сол жамбасында – семсер деп суреттейді.Енді бірде: жалбарынып тұрған қызға сөзін бітіртпей шорт үзді.Иығынан шеңгелдей ұстап, тартып қалып еді, темірдей саусақтары тым қатты батып кетті білем, қыз шалқалай берді.Тізесі дірілдеп, жігіт қолына асылып тұр.Батыр қалш-қалш етеді.Ал жігітте (Махамбетте) үн жоқ.Түтіккен ашу мен мейірбан жанашырлық қатар кеп, аңтарылып тұр, [28, 2-8 бб.] – деуінен көз алдымызға айбарлы, отты көзқарас, нағыз қазақ батырының кескін-келбеті оралады.
Автор, Махамбеттің жалғыз өзі Хиуаға келіп, хан мен сұлтандардың, қалың жасауылдың арасында қаймықпай мінез көрсетіп, өткір, уытты сөздерін қалайша шашқанын былай жеткізеді:
Тақсыр, бірақ саған жыршы бола алман Шырыны шекер гүлінді алайын деп те келгенім жоқ саған! – деді ақын.
– Сен өз достарыңмен бірге Хиуаның базарында қару-жарақ жиып жүрген көрінесің.Сол үшін маған Жәңгірдің басын әкеп беретін боласың, - деп сыздады хан.
– Ел атынан елшілікке кеп отырған жоқпын алдыңа, жауынгер есепті кеп отырмын Өз хандарына қазылықты халқымның өзі айтады.
–Халқында алынбаған құным бар Арғынғазы деген сұлтандарың менің қол астымдағы жерлерге баса-көктеп кіруден жасқанбады.Ұмытқан екенсің ғой оны?! – деді Аллақұл даусын көтеріп.
– Сұлтан – халық емес Қоқан мен Хиуаның құшбегілері қазақ ауылдарын шапса, қазақ сұлтандары Хиуа қыстақтарына қырғидаи тиген.Сол үшін халық кінәлі ме екен? Иә, Арғынғазы өз нөкерің еді, асыңды ішіп, аяғыңды тепті. Жылқыңды үйір-үйірімен қуып, жер каптырып, масқаралап кетті Ал сен болсаң, одан ала алмаған кегіңді қаймана жұрттан алып, кәріңді Сыр бойындағы қазақтың кедей ауылдарына төктің, жүздеген қазақ қыздарын күңдікке саттың. Мына сыйың солардың өтеуі ме, қалай? – деп ақын Нұрбалды нұсқады.
Ыза қысқан хан орнынан көтерілді.Хиуаның намысқой сардарлары қолдарын селебелеріне созды.Ақ оюлы, серейген шошақ төбелі қалпақ киген кісі орнынан атып тұрды
–Жап, аузыңды, Махамбет! Бейбастақтығың шектен шығып кетті.Қызыл тілің – қас жауың.Сорғалап тұр уы. Кешірім сұра! Неғып сілейіп тұрсың?» Жығыл аяғына! – деп зекіді ол.
–Аптықпа, Қайбала, сенімен сөйлесіп тұрғаным жоқ, – деді ақын сабырлы үнмен.Ұмытсаң, есіңе түсірейін, құлақ сал. Қазақ мақалы «Жалғыздың» деп келе жатыр еді, хан сөзін аяқтатпай, аға миршабқа, ақынды сыртқа алып кетіңдер, [28, 9 б.] – деп ишарат жасады.
Жасауылдар Махамбетке тап беріп, қолын қайырып еді, ақын бір-ақ сілкініп, босанып алды да, бас иместен шығып кетті.
Ия, батырдың сөзінде ешбір қоспа жоқ, шындықпен уыттылған сөздері ханға да оның айналасындағыларға да жақпады. Әрбір сөздерін нық қадап айтып, хан алдында көлгірсуді, иілуді білмеді және де осындай халық пен билік арасындағы мәселеде, әділдік турасында иіліп те көрген емес. Әз басын астамшыл төрелер мен сұлтандар алдында бүгуді ар санаған батыр үшін, хан да тәтті жан да, тіпті өлім де қорқынышты емес.
Ал енді мына бір жолдарда:
Махамбет онымен аз сөйлеседі. Кейде қатты кетіп, дөрекілікке басып, тауын шағып тастайды, кейде бұны мүлдем ұмытып, тұңғиық ойға батып, қамығып отырып қалады.Қожасының жай ғана ақын емес екенін ол бірден байқады: жұрт терезесі тең отырып сөйлескенімен, оның сөзін өзгеше ілтипатпен тыңдайды.
Махамбеттің көз алдынан қазақ бойжеткендері, олардың жасқа толы жанарлары кетер емес. Қарт ананың азалы үні де құлағында тұрып қалғандаи. Бетін қарсыдан соққан ескек желге төсеп, соңына өкшелей ерген Балабекті байқамастан, Махамбет, ауыр ойдың қорғасын құшағынан арыла алмай, шапқылап келеді, шапқылап келеді...
– Уа, Махамбет, ерлігің қайда ежелгі? Шыдамың қайда? Әлде әл-қуатың Калмыководағы түрмеде, түгесіліп пе еді, әлде алмас жүзің жер кезіп жүріп жасыды ма? Жоқ, батылдықтан айрылып, болдың ба Уа, Махамбет, ерлігің қайда ежелгі? Шыдамың қайда? Әлде әл-қуатың Калмыководағы түрмеде, түгесіліп пе еді, әлде алмас жүзің жер кезіп жүріп жасыды ма? Жоқ, батылдықтан айрылып, болдын ба қорқақ, майырылып? Намыстан гөрі тірлігіңді тәттірек көре бастадың ба? Қобыланды батыр қиссасындағы «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына», – деген сөз есіне түсті.Ойы сан құбылып, бірден-бірге кетеді, таяудағы оқиғаларды көз алдына әкеледі [28, 22-24 бб.] – деп, ақынның бір басында қаншалықты мұңы мен наласы, қайғысы мен қасіреті барын, оның барша қалың қазағын ойлап, ұлт қамын көксеген нағыз ұлтжанды, елі мен жерінің қорғаны болған айбынды тұлғасын, қазақтың арулары мен асыл аналары үшін жүрегі қан жылап, жат қолында зәбір көргеніне қапа болған, ары мен намысын биік қоятын абыройлы, жігерлі, дархан жүректі, елі мен жері үшін жанын қиюға даяр қаһарман батыр бейнесін көреміз.
Тағы бір байқайтынымыз, Махамбет әрдайым ауыр ойдың жетегінде жүріп, өзіне өзі есеп береді, бұрынғы ерлердің асыл істерін есіне алып, өзінің дымсыз отырғаны жан-жарасын жегідей жеп, болашағының қалай боларын елестеді.Бұл жай ғана құрғақ қиялдан туған ойлар емес еді, абыройлы ардың аманатын арқалаған, серт еткен сенімнен туған, үкілеген елінің үмітінен туған ойлар болатын.
Бірде Махамбет жастықтың отымен сән-салтанатқа мас болып, қаннен қаперсіз жатқан шағында, Исатай ағасы оны уақытша рахаттан айықтырып, қатты сөздерімен бір сілкіндіріп алғаны бар еді.Содан кейін Махамбетке кім араша болсын, тұла бойы қайнап, серігінің сөзі ойынан кетпей, артында азалы халқының мүшкіл хәлі тұрғанда, ханмен масайрап жүруді қош көрмеді. Орынборға, хан баласын оқытуға келген Махамбет, әлгі ойлар есінен кетпей, Жәңгір тұқымын тастап кете барады.Бұл қылығын естіген хан оны әміріне шақырады.Әрине, бұл тірлігі үшін ақынды жазаламай, не бір шара қолданбай қоймасы анық қой. Сонда да батыр жасқануды білген емес, тіпті ойында барын ақтара салады. Оны мына бір үзіндіден келтіре кетелік:
Ақын төбенің етегіне келіп атынан түсті Шөмекейдің шалдарына құрметпен бас иіп, сәлем берді.
– Құлағым сенде, Жәңгір – деді дауыстап
– Қасыңнан хан тағының мұрагері, жас мырзаңды көре алмай тұрмын ғои, –деді хан ызасын ішіне тығып.
– Ол Орынборда қалды.
– Ал сен неге мұндасың? Әлде сен өзіңді мынау сұлтандардан мықты санаймысың? Жәңгір аиналасындағы жайсаң топты нұсқады.
– Махамбет, орныңды біл! Менің де рақымым шексіз емес.Қайт Орынборға! Жәңгір ханның саған айтар жарлығы осындай!
– Хандығың да, жарлығың да өзіңе, Жәңгір! Махамбеттің үні темірдей қатқыл естілді.
Жұрт тына қалды Фатима шатырдан шығып, босағаға тоқтады.Киімі күнге шағылысып, жарқ-жұрқ етеді. Жігіттер сапы қыбыр етпей, сұлтандар үрке қарап, үдірейісіп тұр.Жәңгір аузын аша алмай, сілейіп отыр.
Сен халық қарғысына ұшырадың, Жәңгір хан! Махамбеттің зор үні сай-салаға саңқылдап, көмейіне көптен бері тығылып жүрген сөздері ағыл-тегіл ақтарылып кетті Сен мені өзіңнің сұлтандарыңмен салыстырдың ғой.Жауап бер ендеше.
Алтын тақты хандардың
Хандығынан не пайда?
Қарып пенен қасерге
Туралық ісі болмаса,
Ханнан қырық туғанша
Қарадан бір-ақ тусайшы,
Халықтың кегін қусайшы
– Тарт тіліңді, тілің кесілгір, – деп ақырып жіберді есін жиған хан.
– Қайдағы кек, кімді айтып тұрсың?
– Сені, Жәңгір! – деді Махамбет.Сосын шөмекейлерді нұсқап, хан екенің рас болса, босат аналарды. Қазақ араша сұрай келген ақсақалдарға бұғалық салмайды
– Әй, жігіттер! Ақсақалдарға ат әкеліңдер! – деді Махамбет, көңілді үнмен атшыларға бұрылып.Олар не істерін білмей сасып қалды.Ойламаған жерден батырланып алған шөмекейлер аттарға қараи тұра-тұра жүгірді Алдарында дембелше келген төртбақ шал барады Ол бір атка ырғып мініп те алды.
– Тоқта! – деп ақырды Жәңгір орнынан тұра беріп қолындағы кішкентай алтын шоқпары жарқ ете түсті
– Ей, Жәңгір! – деді оған шөмекейлердің басшысы. Сабыр ет, дәл қазір басымды кесіп алсаң да, құдайдың өзі куә, Махамбет дұрыс айтады!
– Әкім батыр, жүздігің қайда?! Байлаңдар бәрін, соғыңдар дүрені.Хан шоқпарымен Махамбетті көрсетті [28, 43 б.] – деп бейнелегенінен, әділдік, теңдік жолын бірінші орынға қоятын Махамбет үшін, лауазымы қандай адам болмасын турасын айтпаса, осылай шарт кесіп айтатын батырдың арлы, биік намысты бейнесін көреміз. Ғасырдан-ғасырға жеткен Махамбеттей күрескер жыраудың сұңғыла сөздері, халқын соңынан ерте алған көшбасшының, ел мұңын шаққан жұрт жаршысының, қалың қолды бастаған батыр қолбасшының тұлғасын танытып тұр.
Романда, ақынның мінезі, оның өлеңдерінің қалай туып, қалайша халыққа жетіндігін былайша:
Махамбет қызба болатын, жұртпен сөзге келмей жатып-ақ, айтысып қала беретін.Осындай тік мінезі достарының жанына батып, тек жалғыз өзі оңаша қалғанда ғана естіген-білгенін салмақтай алатын.Ой соңынан есіне өткендегі бастан кешкен жайлар оралып, соған қоса тұла бойын туған елге деген сағыныш сезімі билейтін.Реніш-өкпе, өткенге өкініш, ыза мен сағыныш тоғысып кеп, жыр боп ағатын [28, 51 б.] – деп көрсетіп, енді бір оқиғада біз білетін Махамбеттің шебер ақын ғана емес, майданда асқан батыр, епті, күшінің орасан зор екенін, айбынды тұлғасынан айлық жердегі жауының қалай қорқатындығын мына бір тамаша суреттеу арқылы жеткізген:
Тапаншасы қолынан түсіп кеткен Көкболсын, қылышын суырмақ болып еді, қарсы алдынан шыға келген Махамбеттің қап-қара боп түтігіп кеткен аибарлы жүзін көріп, дереу жал құшып жата қалды да, атының басын тез бұрып ала жөнелді.Махамбет сілтеген семсер екеуінің арасына түскен төлеңгітке барып тиді.
Төлеңгіттер ақырып-бақырып, кіжіне айқайлап Махамбеттің маңынан кетер емес.Бірақ батыр жалтарып кетіп, денесіне дарытпай койды Жауына құйындай тигенде бір өзінде екеу емес, он қолы бардай оңды-солды қоғадай жапырып, қойдай қырып жүр.Бір төлеңгіт қана қол тигізе алды оған.Соның өзінде атының құлағын шауып түсіргеннен басқа зақымы жоқ.Махамбетке қылыш та жетпеді, оқ та тимеді.Мынадай қоян-қолтық араласып кеткен айқастың ішінде мылтықтың пайдасы да шамалы болатын.
Төңірегіне мықты деген елу шақты нөкерін топтап алып, Көкболсын тағы да Махамбетке ұмтылды.
– Шап, шап, иттің баласын. Ақтар қарнын найзамен! – деп айтақтайды төлеңгіттерін.Көкболсынның көз алдында – тек Махамбет қана, құлағында соның арпалысқан демі, ысқырған қылышы [28, 142 б.].
Махамбет образын сомдау, батыр ақынның өнегелі өмірін үлгі етіп, азаттық, теңдік, бостандық идеясын көтеру, толарсақтан саз кешкен, кеудесін әділдік жолында тосқан ерлердің толассыз ерліктерін көрсету, сол істің көшбасшысы Махамбеттей ерен тұлғаны екшелеп көрсету – бар қазақ даласының талантты ұл-қыздарының шығармашылығына қашан да арқау болған.Сондай бір Махамбет туралы жазылған прозалардың алды, ұзақ уақыт пен тынбай атқарған ізденістің, ерен еңбектің нәтижесінде жарық көрген туынды Б.Аманшиннің «Махамбеттің тағдыры» романы еді.Жазушы бұл шығарманы жазу үшін саналы ғұмырының жарытысына жуығын сарп еткен.
Енді Махамбеттей батырын, айбынды ақынын қалай кескіндеп, бейнелегенін көру үшін шығармаға бойлап, үзінді келтіріп көрелік.
Былғары сататын дүкендердің алдында жүк тиеген ескі ағаш арбаның қасында Махамбет тұр. Орта бойлы, мығым денелі, шүңірек көз, мұрыны жуандау, еріні қалың, қаба сақал кеспірсізден кісі. Үстінде – орыс үлгілі бешпент-шалбар, басында-қара елтірі кереге бөрік. Бірден назарына шалынатыны – көзі кісіге қарағаны. Ұясы терең екі көзі адамның өңменінен өтіп кетердей өткір [6, 77 б.] – деп, шығарма басында кескінделетін Махамбет бейнесі оның жасаған көзсіз ерліктерімен, алысты болжайтын көрегендігімен, үлкенді құрмет, кішіні ізет қылатын кішіпейілділігімен, айлалы да епті, ақылды да қырағы іс-әрекеттерімен толыға түседі.
Романда, Махамбеттің бейнесі оның ханға, сұлтанға, төреге айтқан сөздерінен, іс-әрекеттерінен айқын байқалады.Мәселен:
– Қой дегесін, қою керек. Ханның қаһарына қалып жүрерсің тағы да, - деді де, Қарауылқожа кетуге ыңғайланды.
Махамбеттің арқасы жаңа қоза бастаған, тентек ұшқын пышырлаған көзін тіктеп, екі қолын бір-біріне сарт еткізді:
– Пау, деген! Хан ба сонда құбыжығың қорқытатын? Ендеше қолыңнан екі келсе – бірін қыл. Қоқаңдама босқа, өзгеге істегенің маған өтпейді. Есіттің бе, әй, қожа? [6, 81 б.] – деп Қожаның бетін бір қайтарса, енді бірде хан мен төре, жұрт алдында:
– Енді білдім, басқаша сайрай бастапсың. Аузыңнан қисық түтін бұрқ-бұрқ етеді. Ұры-қарының демі мүңкиді. Өтемістің Махамбеті аузыңа түкірді ме, әлде? – деп салды.
– Тақсыр? – деп енді Махамбет өңі сұрланып, орнынан ұшып түрегелді.
– Тақсыр, байқап сөйле. Тек тұрған теректі теппе. Мен қайыра серіпсем, қалай боларын кім білер, Исекем дұрыс айтады.
Қатты толқыған Махамбет өзін-өзі билей алмай, айналаның бәрін ұмытқандай, орнында әлі түр. Жүзінде кезек алмасқан күрт ашу, мысқыл күлкі бар.Бұдан соң өзіне тиіспек боп, «Ә, сіз намазға бармаушы ма едіңіз, мырза? – деп мысқылдаған Шыңғали төреге:
Махамбет іліп әкетті:
– Ә, Шыңғали мырза. Намаз дедіңіз бе? Сіз, немене, мешітке азаншылыққа шыққансыз ба енді?
– Шықса несі бар? Құдай үйінің қызметі. Хақ тағалаға бір табан жақын жүргім келген шығар.
– Пау деген! Махамбеттің жүзіндегі жаңағы ащы күлкі енді анык ойнап шыға келді. Басқан қадамың бәрі қаралық. Мұсылманшылық не теңің сенің? Одан да бабаң құсап бұтқа табынып, Шақия-мүниге тапсырмайсың ба өзіңді?
[6, 101 б.] – деп тайсалмай сөйлейді.Екінші бір кезекте, пақыр шал Махамбетке шағынып, төрелердің күштеп тартып алған малын қайтарып беруін өтінгенде, Шыман төре мен Қаруылқожаға кез болған Махамбет:
Махамбет немқұрайдылау:
– Ә, Қожеке... – дей салды. Суқаны сүймейтін адамы, сонда да сақалын сыйлап қол беріп, амандасқан болды. Қожаның қасындағы Шыңғали да қолын ұсына беріп еді, Махамбет көзі жарқ етіп, тіксіне калды:
– Жоқ, Шыман төре! Қолың өзіңе. Сен кісі өлтірген адамсың, қолың қан!
– Есенғұлдың бір пақыр шалына әлің келсе, ерлеген екенсің – деп, Махамбет нық сөйледі. Осы арада шалдың малын қайтарып бер деп зекіген Махамбетті, жапардың Күшігі Қарауылқожаға айдап салады, сонда Қарауыл:
– Ә, Махамбет пе? Шығар, шығар бұл құлмәліден.
Махамбет екі бүйірін таянып, мыналарға биіктен қарағандай, паң тұр еді:
– Ә, Қожекең бе едің?! Ұрар, ұрар бұл құлмәлі бәріңнің енеңді! [6, 80 б.] – деп, салды қолма-қол.
Ауылға оралғасын осы әңгімесін айтқанында, Махамбет әуелі мәз болғандай әйдә кеп күлмесін бе? Ондайда екі алақанын біріне- бірін сарт еткізетін. Ол әбден ызаланғанындағы кекесін, жұғымсыз күлкі еді – екі көзі жарқылдап, от шашып, орнында қозғалақтап отыра алмады [6, 167 б.] – деуінен, ар мен намыс жолында кімнен болса да қаймықпайтын, ешбір бүкпесіз, қоспасыз, бостандықтың лебі сезіліп тұратын, мірдің оғындай қадалған жерін тесіп өтетін әр сөзінен, оның қара қылды қақ жарған әділ бейнесін көре аламыз.
Шығарманың жекелеген тұстарына үңілсек , Махамбеттің тұлғасын жан-жақты қырынан тануға болады. Мысалы, біз білетін батырлар аңғал да сенгіш келеді ғой, ал бірақ Махамбеттің бұлардан ерекшелігі, алдағы болатын қауіпті, қандай да бір даудың боларын күні бұрын-ақ сезіп қояды.Онымен қоймай істің соңы неге апарарын да дөп айтады және сол айтақаны болады да.Бұны алдамақ болған сұлтан-төрелердің әрекеттерін ылғида әшкерелеп отырады.Мына бір оқиғада:
Жәңгірдің Торғындағы жазғы үйінде ханның он екі санат билері қымыз ішіп отырғанда, бір жақтан Махамбет келе қалатын жері ғой. Оны естіген алашаның биі, ханның сыбыршысы Бекмұханбеттің Алтайы босаға жақта саба пісіп тұрған төленгіттің қолына бірдеңе ұстатып, бар киімін шешіндіріп, қазір Махамбет келгенде сөйдеп айт деп, үйретіп қояды. Айтқанындай-ақ, Махамбет есіктен кіріп: Ассалаумәлейкүм, билер! - дей бергенде, тыр жалаңаш құл оған шап беріп құшақтап:
– Ойбай, бауырым Махамбет! Ойбай, қайда жүрсің?! Ойбай, өлтірді ғой өзің жоқта мені құлсың деп, қаңғысың деп, мына Егіз, Балқы ағайының, – деп еңкілдеп, жылап қоя береді.
Сонда Махамбет еш саспай тұрып:
– Қарағым, інім-ай! Көз жасыңнан садақа кетейін! Сені өтірік айдап салып, осынша жылатқанында мына он екі төбет шұнақ би, тап мынадан көп бермеген шығар, [6, 111 б.] – деп қойнынан алып, бір дорба алтынды ұстата беріпті. Билер шық үндей алмай, жерге кіріпті.
Махамбетке қанша қастық қылғанымен, оның бақталас дұшпандары да, қарасы мен ханы бар, орысы мен патшасы бар, бәрі де батырдың қызыл тілдің шешені екенін, Хақ тағаланың бұған берген ерекше қабілетін, асқан талантын мойындайды.Автор ақынның бұл ерекшелігін де қапы қалдырмай, мына бір үзінділер арқылы:
Жәңгір іштей деуін дегенмен, осыған өзінің де иманы кәміл емес пе, қалай? Жай қызығын, көп шуылдақтың бірі емес Махамбет, өзгеге істеген зорлығынды оған жүргізе алмайсың. Исатайды көбіне-көп қит-қиттайтын – осы құлмәлі.
Исатаймен суыспай тұрған кезде Жәңгір Махамбетті бауырына тартып көрген. Екеуі құрдас, Махамбеттің де әйелі шеркештің қызы, бажамыз деп те қалжыңдасатын. Онысынан да бұрын қызыл тілге шеберлігіне қызығып еді. Тіл мен жақты берген-ақ құдай тағала. Жай сөйлей алмайды, аузын ашса әндетіп, жорғалатып жүре береді. Сөзі кесек-кесек, төкпектетіп төгіп бергенде делебеңізді қоздырмай қоймайды. Көңіліне не келсе де ірікпей, қойып қалады, бетің бар, жүзің бар демейді [6, 109 б.] – деп ханның сөзін бір келтіре кетсе, кезінде онымен достық қарым-қатынаста болған Дальдың айтқанын былайша:
Бәрінен де бұрын бүгінгі мына ақын Махамбетті айтсаңшы.
Даль Махамбетпен осыдан үш жыл бұрын Петербургтен Орынборға келген бойында-ақ танысқан.Сол жолы Үйшік, Князь жағынан келе жатып, Ішкі Орданы түгел аралап өткенінде, ақын бір жұмадай мұның қасында болған. Ол кезде Даль қазақша білмейтұғын, соның өзінде Махамбеттің сөйлегені жай сөзге ұқсамайтынын, сөйлемдері ылғи да бір ырғақпен бірімен-бірі жұптасып, соңғы тіркестерінің дыбыстары ұйқасып шығатынын бірден байқаған. Қазір енді қазақша өзі де сөйлей алады, Махамбеттің өлеңдерін кейде өз аузынан орыс әріптерімен жазып алып жүретіні бар, – деп жеткізеді. Иә, сұңғыла сөздерімен де, орақ тілді, от ауызды шешендігімен де есте қалған бітімі бөлек ақын бейнесі, замандастары жыр қылып айтып отыратын, өскелең ұрпақ көркемдік қуат алып, рухтанатын, шабытын шыңдап, өнеріне табынатын асқақ тұлға еді [6, 119 б.].
Ал оның көзсіз батырлығы, шайқас алаңындағы ептілігі, жауынгерлік өнері тіптен басқа.Автор оны айшықты теңеулермен, ауыспалы метафораларды шебер қолданып, батырды күрес үстінде тамаша бейнелейді. Мысалы:
Қарауыл қатты тебініп қалып, атының тізгінін қоя берді. Қарсы атойлап келе жатқан қолдың алдында ақ көйлегінің үстінде қысқа шекпенінің екі етегі құстың қанатынша жайылып, шолақ найзасын алға ұмсындыра ұстап, Махамбет шауып келеді екен. Алыстан да көзінің жарқылы от шашқандай, жүзі алаулап жанып келеді. Қарауыл оны қақ жүрегінің басынан көздеп, атып жіберіп еді, әттең, дарымады. Қырсыққан мылтығын ат үстінен жерге алып ұрды, Қарауыл қайтадан қылышына жармасты [6, 159 б.].
Айнала ақ топалаң шаң, алысқан, шабысқан айқастың бел ортасында Махамбет шал жиренімен құдды ойнап жүргендей шыр айналады. Оң қолында – шолақ найза, сол қолында – шойын басты шоқпар. Бұрқанған ызасы, буырқанған қайраты қоңырқай жүзінде көз қаратпастай лапылдап, жармасқанда түйілген, жайратқанда сүйінген сәттері жиі алмасқанда, екі қасы құстың қанатындай серпиді.
– Кел, кел! Қашпа! Қашпа! – деп Махамбет қазанат торы мінген, тығыншықтай қара бір төреге иек қағып еді, анау қорыққаны, шамасы:
– Ә-һо-хо-һа... – дегендей әрі-сәрі дауыстап, жалт бұрылып кетті.
Махамбет шал жиренді оқша атылдырып, оның артындағыларға дүрсе қоя берді:
– Тағы қайсың?
Содан оң келгенін оң, сол келгенін сол ұрып, түсірумен жүр, көңілдене дауыстап, сөйлеп те жүр:
– Тағы қайсың? О, батырым, сен бе едің?.. Қарай гөр өзін...Қашпа, қашпа... Я, аруақ!.. Қожахмет, ұр қарақұстан!.. Ә, сен бе едің? Мә, сыбағаң, сасық төре. Кім едің, ей, Махамбетке қол көтеретін? [6, 160 б.] – деп, ақынның өз аузынан шыққан сөз арқылы оның жауынгерлік бейнесін бере отырып, шайқаста да өз сарбаздарына қалайша рух бергенін айтып, батырдың алмастай өткір жүзінен, өңменіңнен өтіп кететіндей қаһарынан, дұшпандарының қалай сескенетінін мынадай үзінділерден көре аламыз:
Қылышын қынабынан сыр еткізіп суырып алған Махамбет көзі жарқ-жұрқ жайнап, астындағы шал-жиренді «әйт-шүу!» – деп бір тебініп қалып: «Ағатай! Ағатайлап» алға қарай жөнеп берді. Соңында-шошаңдаған қырық найза. Ат тұяғы тепсеңге күрп- күрп тиіп, тебінгілер сарт-сарт ұрды.
Ентігін басын үлгерген Шыңғали, омырып ауырған денесін тез жинап алды. Тұла бойы еркінен тыс бір сәт діріл қағып өтті. Махамбеттің беліндегі ақырын бұландаған қайқы қылышы жан алатын әзірейілше ысқырып, жақындап қалғандай сезінді.
– Ә, төре! – деп Махамбет суық жүзбен кекесін күлді. Әншейінде гүжденуің әлей еді, түрің жаңа жарасқан екен, дамбалшаң қалыпсың ғой! Ал, сөйлеші, қане. Мен – қашқын, сен – тұтқын, сонда қайсымыздан қайсымыз артықпыз тап осы казір? Мен қашып құтылдым құрған торларыңнан, сенің қолыңнан ғой о да келмейді. Жарақсыз жуасқа мықтысың, а? Жауыз! – деп ақырып, Махамбеттің қолы қылышының балдағына бара бергенінде, төре құлындағы дауысы құраққа шыға ойбай салды [6, 198-212 бб.].
Аз ғана ғұмырда азаттыққа ұмтылған жас жаны небір зұлматты көрген Махамбетке арнап,базыналы күй кешіп,елден іргесін бөлек салған ақынның соңғы жылдарадағы жай-күйін,көркем де асқақ бейнесін жазушы Тәкен Әлімқұлов шебер суреттеп берді.
«Қараой» әңгімесінде Мақамбет әртүрлі іс-әрекет үстінде түрліше бейнеде көрінеді.Мәселен, Ақыраптың ұзақ түнінде Мақамбеттің ұйқысы шала болды.Әлденеден көңілі алағаржақтанып, жүрегі өрекпіп, дөңбекшіп шықты. Құлқын сәріде төсектен тұрып, тысқа шығып еді. Үйінің жанында біраз тұрып қалды.Мақамбет басқа ғаламнан келгендей, Қараойды жаңа көргендей сезінеді. Баяғы балдай балалық, сағынышты шақ қалған ойпаң – көзіне оттай ыстық та, жаудай жат та. Ынтыға есейген, торыға тоқыраған, дерттен қайта ашынған ақын Қараойды бірде қайта құтайған құтқа баласа, бірде елі ауып кеткен сары жұрттың төрінде төңкеріліп жатқан қара шаңыраққа ұқсатады», [29, 6 б.] – дейді. Бұл үзіндіден байқағанымыз, батырды біз секунд сайын алаңдаумен өмірі өтетін, біреу қолға түсіре ме, я болмаса алдағы күнім қалай болмақшы, – деген уайыммен жүретін дала тағысының бейнесінде көреміз.
Ия,көз алдыңа бар ауыр жүкті арқалаған, тау қопарар толағай бейне, қатулы қастары мен отты көздері нағыз қазақ батырына тән, айбатынан алты айлық жердегі ел қорқатындай, күрсінген демі барлық даланың ауыртпашылығын сездіріп тұрғандай айбарлы бейне елестейді.Бұған қоса табиғат та ақынмен бірге тыныстап, қатар жүргендей.Оны мына жолдардан аңғару қиын емес: Таң көктемнің таңындай толықсып атты. Күз таңының мұншалық сұлулығын бұрын көрген емес-ті. Күн де көктемнің күніндей айдарланып, сансыз алтын найзасын шашағымен шашырата шықты. Қазіргі сәтте шашақты найзадан айрылған күн күйеудің жыртысқа түскен сал орамалындай пәршектенген кіреуке бұлттардың арасынан сығалап қарайды. Асқа тіккен алтын жамбыға да ұқсап кетеді.
Енді бірде Махамбетті әуеде ұшып бәйек болған қызғыш құспен тағдыры бір десе,енді бірде:
– Байғұс-ау, саған не болған? Шайың және де суып қалды ғой, – деді Әуес. Мақамбет үй жанында ұзатар қыздай ұзақ тұрып қалғанын енді ғана байқады. «Ау, шынында да, маған не көрінді?!»–дейді дегбірсізденіп. Көргеніне қызығады, көргенінен шошиды. Денесінде қызу бар ма, қалай? Елірмесі бар баладай боп тұр [29, 6 б.] – деп, көрсетеді.Шынында да, бар ойын уайым жеп қойған,сенген жандардан сеніміне серкеу түсіп, сергелдеңге түскен ақын қайтіп жайбарақат отыра алмақ?Ендігі бар ойы қайтіп ел болып, қалың қазағын ауыр қыспақтақтан алып шығып, көсегесін көгерту еді.Ендігі жерде сенері,бар үміт артары кенжесі – Нұрсұлтаны ғана.
Ақынның батырлық бейнесін сездіре отырып, ендігі жерде қаһарлы, айбынды Мақамбетті, отбасындағы жайлы мінезі, әкелік мейірімі күшті, қамқор Махамбет бейнесінде көре аламыз: Әуестің өз басы үшін Мақамбет көбіне мінезімен ыстық. Сусыннан қыл шықса қатынын сабайтын батырдай емес, Мақамбет от басында өте жайлы. Ашуын тырнадан алмайды.
Қайта, осы Қараойдың жапалы қойнауында болымсыз күйбеңге күйінген зайыбына сабыр тілеп, жылаған жас баланы жұбатысады. Әуес күйеуінің қара торы дидары мұңға толып, таусылып отырғанын анық-ақ аңғарды. Өзі де күрсініп еді, көзінің жасы бірге шықты. Жаулығының ұшымен сүртіп жатып:
– Қарақтарым бір аунап түсті-ау! – деді. Мақамбеттің де көзіне жасы тығылып қалды.
Осы жайттарды оқырман оқи отырып, ой елесіне шомылып, шебер бейнелеулерден әсер ала, ары қарай шығарманы аяқтамай қалуы мүмкін емес деп ойлаймын.Енді жазушы Махамбетті өзінің үзеңгілес серігі, бастаушысы Истаймен бірге жорық кезіндегі теңдессіз ерліктерімен, адал достықтарын қатар бейнелейді.Батыр бұрынғы күнін, келмеске кеткен ерлерін, адуынды кездерін аңсайды.Жазушы оны былайша суреттейді: Белесі береген, сайы ұры Бозадырда шашырай қашып, бүйірден дүрліге қайта тиіскен сары садақты сарбаздары, қара мылтықты мергендері, қылышты қылилары, сойылды сотқарлары бірде аяныш, бірде сүйініш тудырып, Мақамбеттің қанын қыздырды. Мақамбет ауру баладай елермелей бастады. Бәйге Ақтабаны оққа ұшқандағы дулығалы Исатайдың мылтығының аузы үңірейген аттылы жауларға беріспей, жаяу найзаласқан көзсіз ерлігі елес берді. Қақпанға түскен көкжалдай көзіне қан толған Исатай сол күйінде көрініс берді. Мақамбеттің көлденең тартқан атынан бас тартып, жау ішінде жорта жаяу қалып тұр. Үзеңгі жолдас ақынын табалап: «Сенің қайратың тіліңде. Менсіз сайра, менсіз зарла!» деп тұр. «Мен екі өле алман!» деп қасқайып тұр [29, 13 б.].
Енді оқырман Махамбетпен бірге ой қиялына шомылып бара жатқанда, нақ осы мезетте ақынның бағанағы ой-қиялы ортасынан қақ айырылады. Жазушы ұтқырлық танытып, оқырманды өзіне елітіп оқиғаны былайша өрбітеді: Елестің осы арасына келгенде, Мақамбеттің құлағына оқыс дауыс шалынды.
– Байғұс-ау, атой салып, саған не көрінді? – дейді Әуес.
Мақамбет ұшықталған баладай сауыға бастады.Қараойдың қойнауында атой салғанда, артынан келері қатыны ғана екенін енді білгендей.
– Үйге қайт, – деді Әуес.
– Ат таңасырғым кеп тұр, – дейді Мақамбет. Әуес тағы шошиды.
– Шаңқай түсте ат таңасыра ма екен.
Мақамбет бүркіттей түйіліп, аспанға қарайды. Кіреуке бұлт қоюлана түскен. Бағанағы алтын жамбы жездей ғана жылтырайды.Не деген теңеулер десеңші?! Ойымен алысқан, қарбалас үстіндегі адамды, бір уақ дағдарылып қалып, есін жиған ұшықталған балаға теңесе, енді бір уақ баяғы қалпына оралған сабырлы, салмақты күйге енген батырды бүркітке теңейді.Одан кейінгі уақытта Махамбетті суреттеуден оның асқан көреген, сезімтал жан екенін аңғара аламыз.Сатқындық ғұмыр кешіп жүрген шақта онсызда сұм пиғылдылар аздай, Ықылас келе салысымен олардан да сескеніп,бір жамандықты іші сезгендей.Мақамбетті қайтадан ашу-ыза баурады. Басына қаны теуіп, құлағы шулап кетті. Ащы ызыңдар сапырылысып:
«Келе жатқандар – досың; жоқ, досың емес – жауың!» десті.
– Дос болса, құба-құп. Жау болса, саған серт! [29, 14 б.] – деп қара қанжарын жамбасқа қысып қойды.
Айтса айтқандай жыртыққа жамау сұрап келген Ықылас,әлденені сылтауратып ақынға тап береді.Осы арада біз, төрт адамға дес бермеген күш-қайратты, өлмес рухты, нағыз батыр бейнесін көреміз.Келте ғұмыр осы жерде үзілетінін қайдан білсін, бар айтқаны Әуес болса, ойында қалың халқы тұрды.
Автор осы сәтті былай береді: Осы уақытта Мақамбетке төрт адам жабылып үлгерген. Екеуі екі қолын қайыра бастады. Мақамбет құрыққа ілінген құландай:
– Бала-шағадан аулақ! – деп жанұшыра бұлқынып, төрт адамды сүйрете-мүйрете тысқа шыға бергенде, табалдырыққа сүрініп, етпетінен құлады.
Қаншама жанның аяғы аттағаны мәлімсіз көне табалдырықтың алдында жаңа опыр-топыр басталды. Мақамбет жауған жұдырықты елемей, бар күшін жиып, етпеттей күжірейіп, жендеттерді сауырдан төге берді. Олар қайта жармасып, шықшыттап, батырдың тынысын тарылтуға күш салды. Мақамбеттің теңдессіз үлкен жүрегі тынымсыз дүрсіл қағумен болды. Жаралы арыстанның ыңыранғанындай, тұншыққан домалақ дүрсілден Ықыластың үрейі ұшты. Ол қазықтың қасында жатқан тоқпақпен Мақамбеттің басына ұрды. Мақамбет ақтық рет «Әуес!» деп, сылқ түсіп, сұлап қалды [29, 18-19 бб.].
Қаншалықты жұмбақ болған, қандай күйінішті ауыр трагедия. Автордың баяндауында, бейнелеп беруінде сөз жоқ.
2 ӨЛШЕУЛІ ҒҰМЫР, ӨЛШЕУСІЗ БАҒА
2.1 Жарық көрмеген жасампаз ханның жолдары
– Көзі ашылсын, көкірегі оянсын деп мектеп ашып ем, ілімнен гөрі арыз-шағымға қаламың жүрдек болмаса неғылсын, – депті арқаға жүзін бұрып.
– Тақырға гүл өсер деп су құйып ем, оным өзімнің үстімді былғар шалшыққа айналды, – депті шығысқа назар тіктеп.
– Қазаққа біткен маңдайы жарқыраған жақсының бәрі көгенделіп ілкі нәубет, алғашқы соққыға ілінбесе қайтсін?! Не бастың, не аяқтың есебінде жоқ можантопай түбі сен озасың, сен... – депті бетін құбылаға бұрып.
Бұ қазақтан еститінің жақсы болсаң да бір атаңа нәлет, жаман болсаң да бір атаңа нәлет, [8, 46-47 бб.] – деп ақтық демі таусыларда күйініп өткен Жәңгірдей бабаларын, қазіргі ұрпақтары сағынышпен еске алама ма екен? Жоқ әлде қанаушы, озбыр деп табалап өтер ме екен? Әлде тіпті тарихта мұндай тұлға, хан бар екенін біле ме десеңші?!
Бізге белгілісі Жәңгір өз кезінде аса сауатты, білімді, ғылым мен білім жолында үлгі бола білген, қазақ даласына жарық тұңғыш жарық сәуле шашып, мектеп ашып, қыр қазағын қараңғылықтан шығарған жан еді.
Қоғамдық ой-сананың, танымның, түрлі көзқарастың, білімнің алғашқы қайнар көзі мектептен басталады десек, осы кездегі берілетін ақпараттың бірізділігі, ғылымилығы, нақтылығы қажет-ақ.Ал Жәңгір турасына келсек, ол туралы мәлімет әркелкі, жас ұрпақтың санасы тарихи шым-щытырық шырмаумен шырмалып жататын жайларына қанықпыз. Бұл мәселенің мәнісі неде десек, біріншіден, Жәңгір ханның күрделі тұлға екенін танытса, екіншіден, хан хақындағы көзқарастың, идеологиялық бір ортақ мүддеге жұмылдырылмауы, үшіншіден, тарихи тұлға туралы оқулықтың жоқтығы немесе мәліметтің дұрыс берілмеуі деп білемін.
Қазіргі мектепте оқытылатын оқулықтарда тек көтеріліс аясында, соның айналасында аз-маз айтылатыны болмаса, хан туралы бастан-аяқ тарихи-өмірбаяндық дерек жоқ. Осы нәрселерді ескере отырып, тарихшыларымызға, Жәңгіртанушы зерттеушілермізге, ғалымдарымызға оқулық жазушы авторларымызға мынадай ұсыныс жасар едім:
– Әртүрлі еңбектерде хандар хандар тізіміне еніп жүрген Жәңгір хан
туралы мәлімет, жеке тақырып ретінде Қазақстан тарихы оқулығына енсе;
– Қазан университетінің сирек қолжазбалар қорында жатқан ханның шежіресін, түрлі еңбектерін, хат, мәліметтерін жинап зерттеп, сараптап, жинақ етіп бастырсақ, сыздырған картасының көшірмесін тапсақ;
– Жәңгір хан жайлы оқушылар, жалпы барлығы тез қабылдай алатындай қысқа мазмұнды жинақтар шығарылса;
– Ханның тапқан, жинаған, кейін әлем елдеріне қойылған аса құнды этнографиялық бұйымдарын, дүниелерін елімізге қайтарсақ;
– «Жәңгір мектебі» түлектерін түгендеп, төл перзенттерімізді кеңінен насихаттап, жұртқа таныстырсақ;
– Жәңгір хан туралы өлкетану сабақтары жүргізілсе,іс-шаралар сол аймақта ғана емес, республикалық деңгейде жүргізілсе;
– Отан тарихының Жәңгір хан мен Махамбетке қатысты көптеген принципті мәселелері түбегейлі шешілсе.
Ал енді өзімнің қосар үлесіме келетін болсам, «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының болашақ мұғалімі ретінде айтар ұсынысым:
– Жәңгір ханды жалпы тек тарих сабақтарында ғана емес, нақты ғылыми айтылған деректермен қатар, өзімен тұстас ақындар поэзиясынан, өз серіктерінің, түрлі ғалым-зерттеуші, саяхатшылардың Жәңгір туралы айтқан сөздері арқылы, журнал, мақала беттеріндегі сипаттаулар, архив деректері арқылы таныту;
– Әдебиеттер тізіміне, Бөкей Ордасының ақын-жырауларын, олардың поэзиясын қосып, оқытсақ, тереңірек қарастырсақ; (Мәселен, Байтоқ, Жанұзақ жырау, Шәңгерей, Ғұмар Қараш, Тайыр Жароков). Сол арқылы оқушылар, кейбір Жәңгір туралы, оның жасаған игілікті істері туралы білсе;
Қазіргі күні өзіміз білетіндей, жаңартылған оқу бағдарламасында негізгі берілетін грамматикалық біліммен қатар, қосымша лексикалық білім де берілетінін білеміз.Осы орайда қазақ тілі сабағынан Жәңгір хан тақырыбына арнап, әрі грамматикалық біліммен қоса мынадай сабақ үлгісін ұсынар едім:
Сабақтың тақырыбы: Жәңгір ханнан қалған мол мұра
Сабақтың мақсаты:
Оқушылардың сөздік қорын байыту, ауызша сөйлеу тілдерін дамыту, сауатты сөйлеу, жазу дағдыларын қалыптастыру.
Күтілетін нәтиже: Оқушылар, Жәңгір хан туралы тың деректермен танысады, субьективті көзқарастарын өзгертіп, хан жасаған игілікті істерді де білетін болады, әрі қазақ тілінен түрлі грамматикалық тапсырмаларды орындай отыра, Ішкі Орданың білімді, жасампаз ханы туралы мәліметтерге қанығады
1-тапсырма. Мәтінді оқып шығып, қарамен жазылған сөздердің синонимін табыңыз.
Жәңгір (Жиһангер) хан Ішкі (Бөкей) Ордада 1823 жылдан – 1845 жылға дейін билік құрды. Жәңгір қазақ жұртының ең соңғы ханы. Ол билеген 22 жылда қазақ даласына бірнеше өзгерістер әкелді.1827 жылы Жасқұста, Хан ордасының іргесін қалап, 1832 жылы қазақ жерінде сауда жәрмеңкесін, 1841 жылы өз қаражытына мектеп аштырды.Сондай-ақ ел ішінде медицина ісін қолға алып, дәрігер-маман ұстап, шешекке қарсы екпе ектірткен.
1830 жылы инженер Тафаевқа Еділ-Жайық өзен аралығының топономикалық картасын сыздырған. 1835 жылы хан Жасқұстағы ең көрікті құрылыстың бірі мешіт салдырса, 1838 жылы Орынборда Керуен Сарай соборлық мешіті салынуына Жәңгірдің бастамасымен қаржы жиналды.Сүйтіп, 1846 жылы қос ғасырлы Орынбордың тарихи сәулеті собор мешіті– Керуен сарайына да Жәңгірдің атынан кірпіш қаланды [7, 82-84 бб.].
Жәңгір 1840 жылы қазақта тұңғыш рет генерал-майор атағын алса, 1844 жылы Қазан университетінің құрметті мүшесі атанды.Өз заманында, Қазан университетінің ректоры математик Лобачевский, шығыстанушы, профессор Қазымбекпен, медицина профессоры, ректор Фукспен, неміс ғалымы Гумбольдт, профессор Эрдман, саяхатшы Гебельмен сыйлас, достық-қарым қатынаста болған. Қазақта «Таихи-Рашиди» еңбегінің құндылығын түсінген әрі Қазан университетіне табыстаған Жәңгір болған.19 ғасырдың отызыншы-қырықыншы жылдары Жәңгірдің өз қолымен жинаған Ордадағы қару-жарақ пен ат әбзелдері мұражайы қазақ жерінде баламасы жоқ жәдігерлік дәл осы ханда болатын [7, 96 б.].Хан араб-парсы орыс тілдерінде еркін сөйлеп, жазатын болған.
2-тапсырма
1.Тест сұрақтарына дұрыс жауап беріңіз.
Сөйлемдегі сан есімнің мағыналық түрін анықта. Жәңгір хан, әкесі Бөкейден айрылғанда 14 жаста еді.
А)Реттік
В)Есептік
С)Топтау
Д)Бөлшектік
2.Сөйлемдегі қарамен жазылған сөздің баламасын тап. 1834 жылы хан Қазан университетінің құрметті мүшесі атанды.
А) киелі
В) көрікті
С) әдемі
Д) сыйлы
3. Жәңгірдің «Тарихи-Рашиди» кітабын табыстаған, көпмағынаны білдіретін университет атауы?
А) Орынбор
В) Астрахан
С)Қазан
Д) Мәскеу
4. Сөйлемдегі асты сызылған сөздің жасалу жолын анықта.1832 жылы Хан ордасының солтүлстік-батысында тұрақты жәрмеңке ашылды.
А) зат есім+сын есім
В) зат есім+етістік
С) сан есім+зат есім
Д) үстеу+сын есім
5.Сөйлемнен күшейтпелі шырай жасайтын сөзді тап. Жәңгірдің Орда қазақтарына жасаған ең үлкен ізгілікті ісі мектеп ұйымдастыру еді.
А) ең
В) жасаған
В) үлкен
С) ісі
6.Сөйлем бойынша заттанған сын есімді тап.Жәңгір қазақ хандарының ішіндегі ең білімді хан.
А) қазақ
В)хандарының
С)білімді
Д) ішіндегі
7.Сөйлемнен біріккен сөзді тап.Бұған дейін, Жәңгірден басқа ешкім Ресей патшасымен бетпе-бет келіссөз жүргізіп көрген емес.
А)бетпе-бет
В)көрген
С)жүргізіп
Д)келіссөз
8) Сөйлемнен үстеуді тап.Хан іс қағаздарын жүргізу, мұражай ұйымдастыру жайын ерекше құнттапты.
А)жайын
В)ерекше
С)жүргізу
Д)құнттапты
9.Сөйлемнен көмекші есімді тап.Хан халық арасында белең алған қатерлі дертке емдік шаралар жасатқан.
А)арасында
В)белең
С)дертке
Д)жасатқан
10.Сөйлемнен есімдікті тап. Жәңгір: "Мектеп-талапты жастың бәріне ортақ", – деп алған бетінен қайтпаған.
А) талапты
В) ортақ
С)бәріне
Д)мектеп
3-тапсырма. Берілген сөздерге қысқаша анықтама беріңіз.
Хан сарайы, Жасқұс, Мұрагер;
Жиһангер, Жәрмеңке, Реформа;
Реформа, «Қару-жарақ палатасы»;
«Заң жинағы», Мұражай, Күмбез
Генерал-майор, Карта, Шежіре
4-тапсырма. Өлеңнен есімше, көсемшелерді, зат есімнің түрленуі арқылы жасалған сөздерді тауып, жұрнақ жалғауын сызып көрсет.
Созарыңа кол жетіп,
Сөйлеріңе тіл жетіп,
Жеделдес дуспан елінің
Аруын сүйіп олжа етіп,
Кешегі өткен хандардың:
Әбілқайыр, Нұралы,
Бөкей менен хан Жәңгір
Солардың болған шағында
Кемеріңнен асып шалкып
Тасып едің, ер қазақ.
Со күнде қатар ел едің,
Қай халықтан кем едің?! (Ғұмар Қараш)
5-тапсырма.Сөйлемдерге тиісті сөздерін қойып, морфологиялық талдау жаса
...1801 жылы Сарайшық тұсындағы Жалтыркөл маңында дүниеге келді.
(Есім хан/ Абылай хан/Жәңгір хан)
1811 жылы Астрахан азаматтық губернаторы ... үйінде тәрбиеленді.
(Гебельдің/ Андреевскийдің/Лобачевскийдің)
1823 жылы Жәңгір, Бөкей Ордасының ... деп жарияланды.
(сұлтаны/төресі/ханы)
1824 жылы Орынбор мүфтиінің қызы ... үйленді.
(Фатимаға/Айшаға/ Ғалияға)
... 12 тамызда Хан ордасы Жасқұстың іргетасы қаланды.
(1825 жылы/ 1826 ж/1827ж)
1842 жылы Жәңгірдің өзінің ... жинағы болған.
(әдебиеттер/заңдар/дәстүрлер)
6-тапсырма. Жәңгір туралы айтылған пікірлерді оқып, синтаксистік жалдау жаса.
“Жәңгірхан 24 жаста, орта бойлы, бет әлпетімен және ашаң жүзімен еуропалыққа ұқсаңқырайды. Жайдары да жылы жанары, кескін келбеті адамды өзіне тартып тұрады. Орысша тілі жатық, ақаусыз сөйлейді, біршама сауатты жазады. Апа тілі қазақша болғанымен, оған қоса парсы және араб тілдерін біледі, әрі осы үш тілде бірдей жаза береді”. ( Карл Фукс – Қазан университетінің ректоры. 1826 ж. “Казанский вестник ”)
«Жәңгірхан халқының әдет-ғұрпын берік ұстанды, өз жұртында ол – көшпенді казак, ғылыми ортада ғалым. Оның пікір мен лебізін жұрт аса зейінмен тындайды. Ол ағарту ісін қолға алып, Шығысты зерттеу ізденістерімен атсалысты» (А.Терещенко. 1853 ж. «Москвитянин» журналы) [30, 52 б.].
Қазақ тарихында бұған дейін бірде-бір хан, ел басқару ісімен Ресей патшасымен бетпе-бет келіссөз жүргізіп көрген емес. Жәңгір барлық дипломатияны ұстануға тырысты. Сол жылдың 26 маусымы күні,Жәңгір нөкерлерімен Петербургке келді. Мемлекеттік мүлік министрлігінің шенеуніктері, Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментіне шұғыл қатынас қағаз жазып, қазақ ханын қалай қабылдаудың, орналастырудың тәртібін ақылдасты. (Тілекқабыл Боранғалиұлы «Жәңгір хан») [7, 226 б.]
Тағы бір елеулі оқиға. Хан іс қағаздарын жүргізу, архив жүйелеу, мұражай ұйымдастыру жайын ерекше құнттапты. Сөйтіп, еліміздің мұрағат шежіресін де біз ресми түрде Бөкей ордасының архивнен бастадық. Әйтеуір, Жәңгір тәуекел еткен істер өз заманының биігі, рухани ізашарлығы еді (Тілекқабыл Боранғалиұлы, «Жәңгір хан») [7, 443 б.].
«Жәңгір ақылы асқан, адамгершілігі және әдептілігімен танылған жарқын тұлға ретінде үнемі қазақтардың жадында қалды».(А.Харузин 1889 ж. Бұлай деп Москва университетінде оқыған лекциясында айтты )
«...Еділ-Жайық екі өзен арасын жиырма екі жыл билегенде, жұртына осынша игілік әкелген хан Жәңгір, неге ғана кісі көргісіз харам, адам айткысыз арам да жаман адам болады сонда? Жоқ, қалай болғанда да қазақтың ханы, орыстың генералы Жәңгір Бөкеев – өз заманының үлкен қайраткері». (3. Қабдолов, 2001 ж. «Егемен Қазақстан».)
7-тапсырма
Берілген деректер бойынша, кісі аттары, жер-су, қала атауларын т.б. фонетикалық талдау
-
1801 ж. Сарайшық тұсындағы Жалтыркөл маңында дүниеге келді.
-
1811 ж. Астрахан азаматтык губернаторы Степан Андреевскийдің үйінде тәрбиеленді.
-
1813 ж. Ноғай руын басқаруға қойылды. Қасына тәлімгер етіп Айтбай, Жантума старшындар тағайындалды.
-
1815 ж. Бөкейдің ауызша қалдырған өсиеті бойынша хан тағына мұрагер деп жарияланды.
-
1823 ж, 22 маусым.Император I Александрдың Жәңгірді таққа тағайындау туралы жарлық-бұрыштамасы.
-
1823 ж, 22 маусым. Петербургте хан атына грамота ресімделді.
-
1824 ж, 26 маусым. Орал қаласының түбінде ұлықтау рәсімінде ант қабылдады.
-
1824 ж, 12 қыркүйек. Орынборда 1 Александр патшамен кездесті.
-
1824 ж, қазан Уфаға барып, бұрынғы Орынбор мүфтиінің қызы Фатима Мұхаметжановаға үйленді.
-
1825 ж.Ұлысқа, рулық бөлікке негізделген басқару реформасын қолға алды.
-
1826 ж, тамыз. Мәскеуде І Николайдың таққа отыру салтанатына қатысты.
-
1826 ж, 13 қазан. Қазан университетін аралады. Ректор К. Фукспен, шығыстанушы А. Қазымбекпен, математик Н. Лобачевскиймен, ақын М.Рыбуш-кинмен танысты.
-
1826 ж. «Казанский вестник» ханның Қазанда болған күндері туралы жазды.
-
1827 ж. «Заволжский муравей» журналында Жәңгір туралы мақала жарияланды.
-
1827 ж, 12 тамыз. Хан ордасы Жасқұстың іргесі қаланды.
-
1827 ж. Николай патшаға сыйлыққа сән-салтанатты киіз үй жасатып, Петербургке жіберді.
-
1827 ж, қыркүйек-қазан. Сенатор Ф. Энгельмен бірге орда жерінің шегін айқындаумен шұғылданды.
-
1829 ж, қазан. Хошеут ұлысында атақты жиһанкез Александр Гумбольдтпен кездесті.
-
1832 ж. Хан ордасының солтүстік-батыс кемерінде тұрақты жәрмеңке ашылды.
-
1834 ж, сәуір. Ханордаға саяхатшы Карл Гебель келді.
-
1835 ж, сәуір. Қазақ дәстүріне негізделген заң ережелерінің қысқаша жинағын жазып, Орынбор губернаторы Перовскийге жіберді.
-
1835 ж. Ханордада алғашқы мешіт күмбез көтерді.
-
1837 ж. Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған көтеріліс.
-
1839 ж. І патшаның қабылдауында болып, орданың жері, ұлы Сақыпкерейдің мұрагерлігі, қазақ жастарын оқыту туралы мәселелерді ақылдасты.
-
1840 ж. қараша. Генерал-майор атағы берілді.
-
1841 ж, 6 желтоқсан. Ордада жеке қаражатына тұңғыш мектеп ашты.
-
1844 ж, қаңтар. Қазанға келді. Университетке «Тарихи-Рашиди», т.б. қолжазбаларын тапсырды. «Северная пчела» журналында Жәңгір туралы мақала жарияланды.
-
1844 ж Орда мектебі шәкірттерінің бір тобын Орынбордағы Неплюев кадет корпусына оқуға жіберді.
-
1844 ж, шілде. Қазан университетінің құрметті мүшесі атағы берілді.
-
1845 ж, 30 қаңтар. Орынборда Кенесары ханға хат жазды.
-
1845 ж, Жәңгірдің демеушілігімен «Мұқтасар» заңтану курсы кітабы жарық көрді.
-
1845 ж, 11 тамыз. Жәңгір Торғын жайлауында дүние салды [7, 444-445 бб.].
(Деректер Т.Боранғалиұлының «Жәңгір хан кітабынан)
8-тапсырма
«Әуелгі хандар салмаған» (Жәңгір туралы) тақырыбына эссе жазыңыздар
2.2 Махамбет шығармалары арқылы жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу мен оқыту
Бүгінгі таңда, орта мектептің оқу-тәрбие үрдісінде қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасын талдау барысында, М.Өтемісұлының шығармаларын оқыту, жас ұрпақты ерлік, отаншылдық рухта тәрбиелеуге жеткіліксіз көңіл бөлініп отырғаны байқалады. Осы орайда, жалпы білім беретін орта мектептің 5 пен 11-ші сынып оқушыларына арналған қазақ әдебиеті пәнінің бағдарламасына, М.Өтемісұлының шығармалары арқылы оқушыларға білім мен тәрбие берудің міндеттерін шешуге бағытталған тарауларға, толықтырулар ұсынғанды жөн деп білеміз.
Мәселен, 5-сыныптағы «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша оқу бағдарламасына, өзіміздің зерттеу нысанамызға сай, М.Өтемісұлының маңызды шығармаларын оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай жаттауға икемді тақырыптарды «Ереуіл атқа ер салмай», «Азамат ердің баласы», «Орай да борай қар жауса», «Атадан туған аруақты ер», «Біз ер едік», т.б. өлеңдері туралы мағлұматтар беруді ұсынамыз. Сонымен қатар, қосымша ретінде оқушыларға М.Өтемісұлының шығармалары негізінде, тәрбиелік тақырыптарға мазмұндамалар жаздыру ұйымдастырылғаны жөн.
6-сыныптың «Қазақ әдебиеті» пәнінің оқу бағдарламасына «Тілек», «Нарында», «Біз ер едік», «Мен едім» өлеңдерін енгізуді ұсынамыз.
7-сыныптың «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламасында М.Өтемісұлы шығармаларына әдеби талдау жасауға (М. Өтемісұлы өлеңдерінің айырмашылығы, троп түрлері, әдеби терминдер, жекелеген образдарды талдау, үзінділер жаттау) орын берілсе, сондай-ақ «Күн қайда?», «Белгілі туған ер едім», «Қылыштай қиғыр алмас ем», «Күміс мылтық қолға алып» секілді патриоттық шығармаларында батырлар образын талдауды, отансүйгіштік ұғымына мән беруді, өлеңдердегі туған жер тақырыбына негізделген үзінділерді тауып жаттатуды, мазмұндама жаздыруды міндетті тапсырмалар ретінде ұсынамыз. Бұл бағдарламаның басқа бөлімдері әдебиет теориясын оқытуға арналған.
Ал, 8-сыныптың «Қазақ әдебиеті» пәні бағдарламасының ІІ бөлімі, жыраулар шығармашылығына арналған. Оқушыларға отаншылдық идеяларды тыңғылықты, әрі тереңірек жеткізу мақсатында М.Өтемісұлының отансүйгіштік тақырыптағы жырларын салыстыра отырып, талдатуды ұсынамыз.
9-сыныптың «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламасына, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ағартушылық әдебиет үлгілерінен Ш. Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбайұлының ағартушылық-демократтық бағыттағы шығармаларымен қатар, М.Өтемісұлының отансүйгіштік мәні зор шығармалары берілгені жөн болар еді. Осы ретте, оқушыларға ағартушылық және отаншылдық әдебиет үлгілерін қарастыра отырып, М.Өтемісұлының шығармаларындағы отаншылдық ой- пікірлерден мағлұмат беруді қуаттаймыз.
10-сыныптағы «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламасына, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет бөлімінде, Ы.Алтынсариннің балаларға арналған Отанды сүю туралы мысалдарынан, Ш.Уәлихановтың отансүйгіштік туралы жазылған қолжазбаларынан, А.Құнанбайұлының қазақ елі үшін жазылған өлеңдерімен қатар, М.Өтемісұлының елшілдік тәрбиеге бағытталған шығармаларын, сыныптан тыс оқу ретінде тапсырмалар берілгені орынды болар еді.
11-сыныптағы «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламасында, соғыс жылдарындағы әдебиет (1941-1951) бойынша, Б.Бұлқышев шығармаларынан, 1960-90 жылдардағы қазақ әдебиетінен Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас», «Ұшқан ұя», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер», І.Есенберлиннің «Алтын Орда» шығармаларынан үзінді берілуі керек. Сондай-ақ, М.Өтемісұлы шығармашылығын зерттеуші ғалымдар мен жазушылардың романдарынан, М.Өтемісұлының образын сомдайтын үзінділер берілгені жөн [31, 90-91 бб.].
Мұғалімдер мен тәрбиешілерге, «М.Өтемісұлы шығармаларындағы отансүйгіштік тәрбие берудегі кездесіп отырған проблемалардың негізі неде деп білесіз?» деген сауал қояр болсақ, «негізгі себеп арнаулы оқу бағдарламасы мен әдістемелік әдебиеттер мен құралдардың жоқтығынан және оқу-тәрбие үрдісіндегі кешенді «отансүйгіштік тәрбие – беру» жүйесінің анықталмауында» деген жауапты естуіміз хақ.
Сонымен, оқу-тәрбие үрдісінде М.Өтемісұлының шығармалары бойынша тәрбие берудің, отаншылдыққа баулудың маңызы зор. Оны жүзеге асыру, М.Өтемісұлы шығармалары арқылы тәрбие беру ісінің «Қазақ әдебиеті» пәнінің оқу бағдарламаларында айқын көрініс бермеуі, әдістемелік оқу құралдарының және қосымша басылымдардың жоқтығынан болса, ал сабақтан тыс тәрбие жұмыстарында халқымыздың ерлік дәстүрлеріне арналған кештер мен кездесулер, конференциялар, т.б. шаралардың ұйымдастырылмауы және оқушылардың іскерлігі мен білімінің талап етілмеуі, т.б. жағдайлар мен мәселелердің жолға қойылмағандығынан мүмкін болмай отыр.
Міне, сондықтан мектеп оқушыларына М.Өтемісұлының шығармаларын кешенді, терең, ұтымды пайдалану арқылы отансүйгіштік тәрбие беруде, оны жүзеге асыруда осындай болжамды бағыттарды ұстандық.
Айта кету керек, мен осы соңғы 4 курстың кәсіби-педагогикалық сарамында ««Ахмет Байтұрсынов атындағы №10 жалпы орта білім беру мектептің» 5-ші, 8 ші сыныптарына сабақ берген болатынмын.Сол сараман кезінде, М.Өтемісұлы шығармалары арқылы, ерлік рухта тәрбие беруге арналған сыныптан тыс сабақтар жүргізілді.Сабақ жоспарын ұсынсам:
Сабақтың тақырыбы: «Елім деп еңіреген ер Махамбет»
Мақсаты:
Білімділік мақсаты – XIX ғасырда отаршылықтың қара түнегіне найзағай болып жарқырап, елдің елдігі үшін ерлікпен күрескен жауынгер ақын Махамбет Өтемісұлының әрі батыр, әрі жырау-ақын, әрі күйші композитор екендігін тереңірек таныстыру.
Тәрбиелік мақсаты – Махамбет өмірін үлгі ете отырып, Отанды сүю, Отан алдындағы борышы мен міндетін айқын сезінетін асқақ арман, биік мұраттарға талпына білетін патриот ұландар тәрбиелеу.
Дамытушылық мақсаты – балаларға ізденімпаздық қасиеттерді қалыптастыру, өлкеміздің тарихына деген қызығушылығын арттыру, ақпарат хабарларын көре отырып, өз пікірлерін, ой тұжырымдарын айта білуге тәрбиелеу.
Күтілетін нәтиже: Ақын, батыр өлеңдері арқылы оқушылар бойында ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыру
Көрнекіліктер: Интерактивті тақта, бейнебаян, презентация, аудиожазба, кеспе қағаздар, боялған асықтар, D-ID платформасы (жасанды интеллект) плакаттар, маркерлар,кітаптар көрмесі, телеэкран, магнитофон, компьютер, таспаға жазылған Махамбет күйлері.
Әдіс-тәсілдер: «кроссенс» әдісі, «қоржын» әдісі, «бас-қол-жүрек» әдісі
Ұйымдастыру кезеңі (оқушылармен амандасып, сабақтың тақырыбын болжайды
Сабақтың басы
Мұғалімнің іс-әрекеті: Сәлеметсіздер ме, оқушылар?! Оқушылар, отан дегенді қалай түсінесіңдер, Отанға қызмет ету деп, нені айтар едіңіздер? Біздің ата-бабаларымыздан отан үшін от кешкен кімдерді білесіздер? Махамбет Өтемісұлы кім, қандай өлеңдерін білесіңдер? Ендеше біз өткелі отырған тақырып қандай?
Оқушының іс-әрекеті: Сұрақтарға жауап береді, өз түсініктерін айтады. Ақын туралы білетін мәліметтерін, жатқа білетін өлеңдерін айтады. «Кроссенс» әдісі арқылы тақырыпты болжайды.
Бағалау критерийлері: Отан туралы түсініктерінің болуы, батыр туралы мәліметтерді білуі
Мұғалімнің іс-әрекеті: оқушыларды Махамбет Өтемісұлының өмірбаянымен таныстырады.
Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы, казіргі Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарына қарасты Нарын құмында туған. Махамбеттің шыққан ортасы шағын шаруа.
1925 жылы Халел Досмұхамедұлы жариялаған «Исатай- Махамбет» атты кітаптағы пікірлер бойынша, «Махамбеттің өзі де жас кезінде Жәңгірдің нөкерінде болған екен. Исатай ханға карсы бола бастағанда-ақ Исатайға еріп кеткен. Махамбеттің өзі әрі батыр, әрі жырау, әрі домбырашы; өте қызулы адам екен…» – делінген.
Сондай-ақ Махамбеттің орысша, мұсылманша сауатты адам болғаны туралы деректі материалдар да бар екені мәлім. Олардың бірі тарихшы А. Ф. Рязанов тауып мәлімдеген, Махамбеттің 1839 жылғы елде қалған жолдастарына жазған хаты, екіншісі, 1845 жылғы Орынбор шекара комиссиясына баласы Нұрсұлтанды оқуға алуын сұрап, өз қолымен жазып жолдаған арызы. Сонымен қатар, Н.Шаяхметов тауып жариялаған ақынның жаңа қолжазбасы мен мері Махамбет өмірін анықтауда жаңа дерек болып отыр [32, 450 б.].
Махамбет – суырып салма төкпе ақын. Өлеңдері ауызша тарап келген. Сөйтсе де ақынның кейбір өлендері өзінің мазмұны жағынан да, түр өзгешелігі жағынан да бұрынғы ауыз әдебиеті шеңберінен жоғары, жазба әдебиетке бір табан жақын тұр [32, 465 б.]. Оның «Мен,мен,мен едім», «Азамат ердің баласы», «Соғыс», «Жалған дүние», «Еңселігім екі елі», «Тарланым», «Атадан туған аруақты ер», «Қақақулап шақырмай», «Белгілі туған ер едім», «Есіл ер», «Қызғыш құс», «Ереуіл атқа ер салмай», «Мұнар күн» т.б. өлеңдері бар.
Махамбеттің отаншылдық рухта, ерлік пен елдің өшпес үлгісіндей болған бір өлеңінен үзінді:
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шөл көрмей,
Арып-ашып жол көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?! [33, 76 б.]
Оқушы іс-әрекеті: Өлең оқылып болған соң, оның мағынасы, тақырыбы мен идеясы, көркемдік ерекшелігі талқылайды
Сабақтың ортасы
Мұғалім: Оқушыларды «қоржын әдісі» (түрлі-түсті асықтар арқылы) «Мұнар күн», «Арғымақ», «Қызғыш құс» атты 3 топқа бөледі.Тапсырма ретінде «Толарсақтан саз кешіп» өлеңі беріледі
1 топ: Өлеңнің тақырыбы мен идеясын анықтайды
2 топ: Өлеңді құрылысына қарай талдайды
3 топ: Әдеби-теориялық ұғымдарды анықтайды
Оқушылар: Топ бойынша өздеріне берілген тапсырмаларды орындайды
Сергіту сәті: «Ұлытау» тобының орындауындағы «Жұмыр қылыш» күйіне сергіту сәтін жүргізеді
Мұғалім: «Махамбет» туралы деректі фильмнен үзінді көрсетеді. D-ID бағдарламасымен, жасанды интеллект арқылы, Махамбеттің суретін сөйлету арқылы ақынның өсиетін жеткізеді.
Телеэкранға назар аударылды (Бөкей хандығы туралы деректі фильм. М.Құлкенов, Ж.Жетіруов) Көз алдымызға елестетеміз: Күмбірлеген күйдің сазы… Үйір-үйір жылқылар желдей ескен Нарын даласының табиғаты:
«Біздің анау Нарында
Бір төбелер бар еді,
– дегендей, бірнеше Айналасы ат шаптырса жеткісіз», төбелер де өз табиғатымен көз тартады. Осы жерде «Көк төбеде» ақынның жастық шағы өткендігін де оқушы айтып кетті. Осыған жалғас көрші ауыл Тобылбай кұмы басында «Махамбет арғымақ байлаған жер» деп аталатын төбелер бар.
Нарын құмында неше түрлі ағаш, жеміс, жидек, құмаршық өскен шағылдары, алуан түрлі шөп өскен ашық аландары бар. Нарын құмының табиғаты жақсы, қысы өте жұмсақ, ылғал жақын болған соң шөп қыркүйек айына дейін көкпеңбек болып тұрады. Нарынның шығысында Самар көлдері деп аталатын жиырма төрт көл бар, жағалауы ну қамыс, қыста малға азық, әрі ықтасын. Бұл өңірдің сипатын Махамбет жырға қосқан («Нарында»):
Қойды мыңға толтырған
Нарынның ана құмдары.
Түйені жүзге толтырган
Көкпекті, шайыр, шымдары.
Жатып қалған тайлағы
Жардай атан болған жер.
Жабағылы тоқтысы
Қой болып, қора толған жер.
Осы жыр жолдарымен сабақтың ортасын қортындыланады.Сүйтіп оқушылар батыр бабасының елдік, ерлік жолындағы ерен еңбегін, азат үнін естіп, көз алдарына Махамбет бейнесін келтіреді.
«Бас, қол, жүрек» әдісі арқылы көрген бейнебаян, оқыған өлең, естіген мәліметтері бойынша баспен не білгендерін, жүрекпен нені сезінгендерін, қолмен соған не жазатындарын ойланады. Осы тапсырма бойынша «Елін сүйген ер жүрек батыр» тақырыбында ой-толғаныс жазады (40-50 сөз).
Мұғалім: 10 минут уақыт беріп, «Күн қайда» өлеңін топ болып жаттауға береді.Кейін оқушыларды ортаға шақырып, «Оймошақ» әдісі арқылы өлең жолдарын кезекпен-кезек айтқызады.Мысалы:
1 оқушы: Айналайын, Ақ Жайық,
2 оқушы: Ат салмай, өтер күн қайда?
3 оқушы: Еңсесі биік боз орда,
4 оқушы: Еңкеймей кірер күн қайда, т.б.
Оқушылар: Қабілеттерін танытып, өлеңде тез арада жаттап, ұмытпай айтуға тырысады әрі сабаққа деген қызығушылықтары артады
Сабақтың соңы
Қорытынды:
Сонымен, оқушылар біз батыр бабаларың, ақын аталарың Махамбеттей өрен тұлғамен біраз таныс болдық. Махамбет, ұл болып туған жастың мақсаты: «Ереуіл атқа ер салу, егеулі найза қолға алу, алты малтаны ас кылып, ат үстінде күн көріп, ашаршылық шөл көріп» жүріп, жаудан кек алу, халықтың арын, жерін қорғай білу деп түсінеді. Міне, Махамбет жарқын ойлы, жалынды ақын ретінде тарихқа осылай келген-ді.Осындай ұлы тұлғаның ұрпағы болғанымызды мақтанышпен айта аламыз.Ол елі мен жерін шексіз сүйген, сол үшін де қасы қаны қалғанша күресіп, байтақ даламызды қорғаумен өтті. Махамбет- еліміздің нағыз ұлтжанды, паториот ақыны әрі қан майданда күрескен батыры.Оның әр өлеңінен осыны байқаймыз, әр ісінен үлгі аламыз.
Кері байланыс: Бүгінгі сабақты бағалау үшін «Мейрамхана мәзірі» әдісі арқылы сіздердің пікірлеріңізді, алған әсерлеріңізді білгім келеді.«Мейрамхана мәзірі» әдісі арқылы «Мен тағы тапсырыс берер едім», «Маған бәрінен ұнағаны», «Менің асқазаным қорытты», «Келесіде мәзірге қосыңызшы» деген сөздер арқылы кері байланыс орнатады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Еліміз тәуелсіздік алып, өз қолы өз ауызына жетіп, бейбіт күн кешкенге дейін ұлан-байтақ даламызда не болмады десеңші?! Сол кезден бастап, күні бүгінге дейін көздің қарашағындай сақтап келе жатқан жеріміз, оны емін-еркін төстеп, ілім-білім алып, аяғымызды құлаштай аттап жүргеніміз, кешегі батыр бабаларымыздың ғұмырын сарп етіп, жанын пида еткен ерлік, өрлік істері ғой!
Бұл даладан батыр да, ақын да, шешен мен көсем де, хан мен сұлтан да өтті.Бірі өз кезінде ұлықталса, екіншісі заманы өтіп есімі ардақталды.Біз білетін қазағына бас болған, бітім айтып, билігін жүргізетін хандар, қара бастың қамын ойлаған емес.Төрелігі дұрыс болмаса, төрден шығаратын ақын-жырауларымен де санасқан.
Ал енді неге көмек сұрай келген қонақтарын бауырына басып, құшақ жая қарсы алып, асты-үстіне түсетін қонақжай, дарқан қазағым неге бұлай біріне-бірі жау болды екен? Сонда қазаққа қазақ қонақ емес пе?!
Әрине, бауыр мен бауырдың татулығын, билеуші мен бұқараның теңдігін, егеменді елдің елдігін, байтақ жердің кеңдігін көре алмаған дұшпандар көп.Сол бір әйтеуір, қазақты қазаққа жау қылу, болмаса басына дау қылу, ол аз десең тарихын таптап, теріске шығарып, тарихи тұлғаларын мойындатпау.
Өкінішке орай, кешегі кеңес билігі мен үстемдігі орнаған тұста, осы елдігіміздің ғылыми және әдеби тарихына басқаша көзқарас қалыптасып, халық жадынан бұрынғы мемлекеттігімізді, хандық дәуірімізді ұмыттырып, халықтың санасына ел билеген хандарымыз туралы өңделіп, бұрмаланған, негізінен теріс бағыттағы әдебиет үлгілерін ғана насихаттап, көрсетіп, қазақта халықтың қамын ойлаған ел билеуші болмаған деп, олардың зейінін шығаруға тырысты. Бұл жолда кеңес идеологиясы едәуір «табыстарға» жеткенін амалсыз мойындауымызға тура келеді. Оның белгісі – халқымыздың екі ұрпағы мемлекеттігіміздің ғылыми, әдеби тарихынан көз жазып қалды, өз тарихын, та- рихи тұлғаларын білмей, білгісі келмей мәңгүрттенді, зерттеу жұмыстары дұрыс қолға алынбады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жазылған академиялық тарихымыз, оқулықтарымыз бен әдебиет үлгілеріндегі билеу жүйеміз, мемлекеттігіміз, ел билеуші хандар сияқты тарихи тұлғаларымыз туралы зерттеулер әлі де толық бой түзей алмай, ел намысын аяққа таптатпай, батыл байлам жасауға бара алмай кібіртіктеп, жалтақтықтан, бойкүйездіктен арыла алмай келеді. Осындай өз құндылықтарын жинауда, бағалауда, зерттеуде, қорғауда марғаулық, енжарлық барын сезген басқа халық өкілдері тарапынан, ғалымдары бар, саясаткерлері бар, жай еріккендері бар немесе «көлденең көк аттылардың», ең өкініштісі, олардан асып түспесе кем түспейтін өз ішімізден шыққан маргиналдар тарапынан, ғылыми тарихымыз бен әдеби тарихымызды иесі жоқ дүниеліктей олай да бұлай да жұлмалап, аяғын сүртетін шүберекке айналдыруға тырысатындығы байқалады – [1, 20 б.] дейді ұстаз ғалым.
Біздегі сондай бір тұлғалардың арасындағы, зерттеу нысанамызға алып отырған кейіпкеріміз Жәңгір хан, бағзы дәстүрімізден келе жатқан ханның мирасқоры ретінде таққа отырып, ел билегеніне кінәлі ме? Әлде басқа біреу хандыққа отырып, халқына ұнамды болып, жойылудың аз-ақ алдында отырған елді, алпауыт Ресеймен шайқастыра ма? Заман қарыштап алға басқан сайын, адамның ақыл-ойы, санасы жетілген уақытта, соғысудың не керегі бар? Әмбеге аян, ондай тәуекел қылатын, бұрынғыдай Жәнібек пен Керей заманындағыдай күн емес қой.Салыстыруға да болмайтындай өлшемдер.Аталған тақырыбымыздағы Жәңгір мен Махамбетке қатысты ойымызды, ат шаптырып, бәйгеге салудырудың қажеті жоқ.Бұл жердегі екі тұлғаның қайсысы бірінші орында, қайсысы биік деген салыстырулар жөн болмас. Біз үшін екі саңлағымыз да қымбат, орындары бір төбе.Сол себептен, тарихта болған оқиғаларға мемлекеттік, ұлттық-рухани мүдде тұрғысанан дұрыс қарап, сараптап, қорытынды пікір шығарайық.
Бұл турасында жазушы Рахымжан Отарбаев та: Архив деректерін, түрлі жазбаларды ақтарғанда Жәңгір көтерілісшілерге қарсы осыншама қол жинады деген бірде-бір мәлімет таптырмады. Ал Исатай мен Махамбеттің Перовскийге т.б. жолдаған, бізге жеткен отызға тарта хат, мәлімдемесінде Жәңгір хан жайлы ұнамсыз пікір ұшыраспайды. Хан да олар жайлы қиғаш сөзге бармайды. Тіпті, бір мәліметте 1834 жылы Махамбетті старшындыққа тағайындағанын, бірақ Орынбор шекара комиссиясы бекітуден бас тартқанын баяндайды. Қол жинап, күнде ереуіл салып жүрген ақынның дәрежесін арттыру не үшін керек болды, – деген сауал көлденеңдейді. Бәсе, не үшін? Ол, біздің топшылауымызша, «бұл халыққа сен де керексің, мен де керекпін. Бір-бірімізді жат қолына ұстап бермей сақтайық. Мені құртарсың, өзің де сау қалмайсың. Сені жойсам, өзім де аман құтылмаймын. Патша өкіметі екі тентегіңді тезге сал, салмасаң бізге өкпелеме деп отыр. Әлі де болса қайт райыңнан. Көзге сеніп, сөзге алданған халықты бассыз қалдырмайық» дегені ханның.
Исатай мен Махамбет Қарауылқожаны жеңсе, Жәңгірді мұқатса, хан ордасын шапса, бұқараны еркіндікке, бостандыққа жеткізетіндей көрді. Бәлкім, білмеді, яки, білгісі келмеді. Сол арқылы хандық басқару жүйесіне ғана емес, алтыбасты аждаһардай күллі патшалы Россияға қарсы тұрып, қару кезенді. Қашан да топ бастайтын жақсыға зәру кезде бұдан асқан батырлық, бұдан өткен көзсіздік жоқ еді
Тағы бір дәлел. Көтерілістің үшінші кезені әбден асқынып, хан Ордасын қоршап шабуға дейін келгенше, Жәңгірдің әрекетсіз жатуын қалай түсіндіреміз? Жан-жағын түгел тіреп тұрған төрт бірдей казачество әскерін алдырып, даланы қанға бояуға құдіреті жетіп тұр еді ғой. Әбден жетті.Бірақ, ондай қанқұйлы әрекетке бармады.
– Келісімге келерміз, түсінісерміз, оқ атпаңдар, атсаңдар да тигізбей, тек жасқаңдар, – деп, Орданы қоршаған көтерілісшілерге қарсы Жәңгірдің қару көтертпегенін қай қисынға саямыз? Аяғаны ма, әй, қайдам. Қорықты ма, ол да деркүмән. Халқын босқа қырып алудан сақтанды ма, мүмкін, осы көкейге қонар [8, 45-46 бб.].
Біз тарихи тұлғаларды әлі күнге дейін әдеби кейіпкер дәрежесінен асып тани алмай келеміз. Социалистік реализм әдісімен жазылған партиялық әдебиеттің тарихи, кейіпкерлері көбінесе автордың біліміне, көзқарасына,талантына тәуелді боп жатады [8, 48-49 бб.] – дейді.
Сол сияқты Махамбет мұрасын да тек көтеріліс төңірегінде, хан-сұлтандар айналасында емес, жалпы рухани, ұлттық дүниетаным тұрғысынан қарап, оның жас ұрпақты, жалпы адамзатты тәрбилеуде мәні қандай, Махамбет мұрасын барлық қырынан танып, жан-жақты қарастырсақ, – деген мәселелер төңірегінде ойлансақ, қолғаа алсақ, бұл қос тұлғаның орнын дұрыс бағамдап, тарихи баға беруде, тауларымызды аласартпай, рухын, даңқын биікке көтеретін едік.
Қос ғасыр қойнауындағы Жәңгір хан, оның үрейін ұшырған деп берілетін ер Махамбет жайлы пікірлер, оны көтеріліс барысында ғана жыр ететін тарих, әдебиет оқулықтары, өзіміздің де көзқарасымыз өзгеретін кез келді.Әйтпесе, таласты тағдырлардың шешімінің мәні тым ұзақта...
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Бораш Б.Т. Қазақ поэзиясындағы хандар тұлғасы: Оқулық.–Алматы: «Дәуір», 2012. – 440 б.
2 Елтұтқа : Ел тарихының әйгілі тұлғалары / (М.Жодлдасбекұлы, Қ.Салғараұлы, А.Сейдімбек, ) – Астана : Күлтегін, 2001. – 358 б
3 Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы еңбектері. “Астана – Полиграфия”, 2008. – 400 бет.
4 Махамбет Өтемісұлы Жинақ / Құраст Ғ. Қабдолқайырұлы. -Алматы: “Арыс” баспасы, 2004. -312 бет.
5 Аманшин Б. Махамбеттің тағдыры: роман және әдеби-зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1991. – 400 бет.
6 Берқайыр Аманшин. Махамбеттің тағдыры. Роман. 6-кітап. Алматы: “Өлке” баспасы, 2003 ж. – 232 бет.
7 Жәңгір хан / Т. Боранғалиұлы. – Алматы : Абзал-Ай, 2020. - 447 б
8 Отарбаев Р. Шер. –Алматы: Өлке, 2005–432 бет
9 Кекілбаев Ә. Шандоз. Деректі-тарихи баян.7-том.–Алматы: «Жазушы», 2010. –320 бет.
10 Қабдолов 3. Махамбет поэзиясындағы ерлік пен елдік рухы және қазіргі дәуір, //Халықаралық конференция материалдары, А., Қазақ университеті, 2003. –520 б.
11 Ибрагимов Т. Өлең өрісі: Зерттеулер. –Алматы:Жазушы, 1979. –208 б.
12 Жыр арқауы– Махамбет. (Поэма, дастан, толғау, өлеңдер) 3 кітап.–Алматы:Өлке.2004.–208 б.
13 Қирабаев С. Талантқа құрмет: Мақалалар, зерттеулер, портреттер, Алматы: Жазушы, 1998.–248 б.
14 Молдағалев Ж. Үш томдық шығармалар жинағы. ІІ том. Алматы: Жазушы, 1980.–680 б.
15 Жыр арқауы– Махамбет. (Жыр жинағы). Құрастырған Д.Махранов. – Алматы, Арыс, 2003.–304 б.
16 Сатыбалдиев М. Қызғыш құс: Таңдамалы жыр жинақ. – Астана: Елорда, 2003. –224 б.
17 Уақыт және қаламгер. 1-кітап, 1973.
18 Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау.Оқу құралы.–Алматы: Сенат, 1996.–336 б.
19 Оңғарсынова Ф. Мен оны туысымдай көретінмін: Мақала. Алтын Орда, №36 (190) 12-18 қыркүйек. 2003
20 Махамбет – ғасырлар жыры / Тәжіғалиева, Алтыншаш Сағиқызы.– Алматы: Өлке, 2007. – 153 б
21 Мүтиев 3.Ж. Фариза Оңғарсынова лирикасы: - Орал: «Шұғыла Принт», 2019. – 222 б
22 Есім.Ғ. Ақберен жырдағы ерлік атойы.//Қазақ әдебиеті. 23.05.2003
23 Қаратаев М. Эпостан эпопеяға: Әдеби-сын зерттеулер. –Алматы: Жазушы, 1969.–444 б.
24 Серікқалиев З. Ақжол.Сын кітабы: Мақалалар, зерттеулер. –Алматы: Жазушы, 1990.–464 б.
25 Бақтыгереева А. Ақ шағала: Өлеңдер. – Алматы: Өлке.2001.–250 б.
26 Белинский В.Г. Шығармалары. Сын мақалалары. /Аударған: Б.Шалабаев. – Алматы: Жазушы, 1987, –352 б.
27 Қарой антологиясы. (Өлеңдер мен дастандар). Құрастырған Қ.Жылқышиев. – “Атырау-Ақпарат” коммуналдық кәсіпорынының баспасы.2003.–222 б.
28 Әнуар Әлімжанов. Махамбеттің жебесі.Роман 5 кітап. Алматы: “Өлке”, 2003 ж. –208 бет.
29 Әлімқұлов Тәкен. Ә 55 Сейтек сарыны: Әңгімелер мен повестер. –Астана, 1999. – 417 б.
30 Жәңгір хан/ Ж.Ақбай. Орал : Полиграфсервис, 2001. – 120 б.
31 Махамбет шығармалары арқылы жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу мен оқытудың өнегесі: монография / Б. С. Хайыржанова. Атырау 2022.– 190 б.
32 Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы.Оқулық. –Алматы, “Санат”, 2006. –904 бет.
33 Менің атым – Махамбет.Өлеңдер.–Алматы: “Жібек жолы” баспа үйі, 2006.–268 бет.
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Қазіргі қазақ әдебиетіндегі Жәңгір хан мен Махамбеттің тарихи тұлғасының көркемдік шешімдері

шағым қалдыра аласыз