Құндылыққа негізделген тәрбие – ұлт
болашағы
Саркытбай Ақнұр Болатханқызы
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
бастауыш сынып мұғалімі
Абай облысы, Ақсуат ауданы, Қызыл кесік
ауылы,
«Би
Боранбай атындағы орта мектебі» КММ
Тәрбие мен білім беруді
жетілдірудің басым бағыттарын айқындап, педагогика ғылымында ұлттық
сана қалыптастыру көкейкесті мәселе болып отыр. Толық өркениетті ел
болу үшін алдымен өз тарихымызды, мәдениетімізді бойымызға сіңіріп,
содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз
жөн.
Халқымыз өскелең ұрпақ
тәрбиесінде ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани
мұралар сабақтастығын сақтауды мақсат тұтқан. Қазақ зиялыларының
бірі Міржақып Дулатов: «Мектептің мақсаты – құрғақ білім үйрету
ғана емес, біліммен бірге тәрбиені қоса беру»,– деп жазады. Балаға
тәрбие беру білім беруден де маңызды екенін
аңғартады.
Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек,
ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет. Бұл
жөнінде Абай атамыз: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші
– ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан», –
деген екен. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби-педагогикалық
оқулықтарға енгiзген М. Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық
тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан. «Педагогика» атты еңбегінде
былай дейді: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып
келе жатқан тастақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының
арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші
баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»
[1].
Ұлттық тәрбиенің көздері
фольклор, халық ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып,
салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге-өсиеті бар
мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл
ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары болып табылады.
Сонымен бірге, отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық
қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз,
ұлттық намыс, сана-сезім, отан сүйгіштік, еңбек сүйгіштік қасиеттер
ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттарына жатады. Ұлттық тәрбие – ұлттық
сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген
білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі.
Тәрбиенің басты нысаны елдік
сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу,
ұлтсыздық пен күресу болса керек. Әрине, жаһанданудан ешкім де құтыла
алмайды. Оған тек бейімделу керек, ал бейімделе алмағандар құриды.
Бірақ бейімделу дегенді өзгенікін толық қабылдау деп ұқпау керек.
«Бізге дәл қазіргі заманда батыстың желімен домалай жөнелетін
қаңбақ ұрпақ керек емес, пайдасын алып, зиянын бойына дарытпай,
дауылына міз бақпай қасқайып қарап тұратын тамыры ұлт рухына терең
бойлаған мәуелі бәйтерек керек. Сондықтан біздің міндетіміз – рухы
биік ұрпақ тәрбиелеу» [3, 5-б.]
Тәрбие жұмысы – ол арнайы
ұйымдастырылған қалыптастырушы үрдіс және ізгіліктілікті
қабылдайтын, әлеуметтік құндылықтар мен азаматтық мінез-құлық
үлгілері бола отырып, тек ғылыми негізделген тәрбие жүйесінің
аясында ғана өзін іс жүзінде көрсетіп, өзін-өзі қалыптастырған
тұлға үлгісіне жағдай жасайды.
Қазіргі уақыт талабы жаңаша дүниелік көзқарас
тұрғысынан жаңаша ойлап, шешім қабылдай алатын, креативті ойлау
қабілеті дамыған тұлғаны, өз елі мен жерінің, туған тілінің
жанашырын дайындауды міндеттеп отыр. Бұл міндет жаңа уақыт
талаптарына төтеп бере алатын, кәсіби білікті, бәсекеге барынша
қабілетті, ұлтжанды азамат тәрбиелеу ісінің өзектілігін алға
тартады.
Мынау аждаһадай төніп келе жатқан дүлей
дүниеде біржола жоғалып кетпеуімізге кепіл болуға тиіс. Қалай десек
те ендігі жерде өзіндік “менін” сақтауға ұмтылған жұрт ең алдымен
ұлттық тарихи жадын, бірегей ұлттық ойлау машығын, өзіндік
дүниетанымын, ана тілі мен ділін, дінін, дәстүрлі мәдениетін аман
алып қалу және оны одан әрі дамыту жолында күреске түсетіні анық.
Олай болса, осы айтқанымыздың бәрі ұлттық тәрбиеге тікелей
байланысты жүзеге асатынын мойындаймыз
[2].
Ұлттық тәрбиені ұлттық сана-сезімі жоғары
болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің
құрамдас бөлігі ретінде қарауға болады. Ол үшін ұлттық сана-сезімі
қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық
құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра
алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеуді мақсат етіп
алуымыз жөн. Әрине, тәрбие жалаң болмауға тиіс. Жалаң тәрбие
қауқарсыз. Кез келген адамды тәрбиелеудің ұлттық негізі болуы
керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айналады. Тәрбиенің мақсаты –
елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді
негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Сондықтан тәрбиенің
жүзеге асуының технологиясы қалай дегенде де ұлтымызға ұстын,
болашағымызға тұғыр болатын ұлттық тәрбиеде жатыр деп нық сеніммен
айта аламыз [2].
Қазақ жастары ұлттық
құндылықтар негізінде ұлттық тәрбие алмаған жағдайда, өзгенің
мүддесіне қызмет ете бастайды. Бұл бізді үлкен кедергілерге алып
барып соқтырады. Бұны болдырмау үшін ұлттық идеология керек. Ол
ұлттық сананың оянуына, дамуына сондай-ақ жаппай халық арасында
тұрақты түрде қалыптасуына негіз болады. Оның нәтижесінде қарапайым
халықтың да зиялы қауымның да саяси санасы ұлттық мүддені және
мемлекеттік мүддені ұға алатындай деңгейге өсіп, жетіледі. Қазақ
халқының саяси оянуы, яғни өз пайдасын түсінуі қазақстандық
көптеген ұлт өкілдеріне де игі әсерін тигізеді. Олар өздеріне
саналы, сенімді де іргелі тірек бар екенін іштей сезе бастайды.
Сөйтіп, қазақты сыйлайтын, өздері жақсы тіршілікті қанағат тұтатын
топтар пайда болып қазақ халқымен жақынырақ қайнасып, бірігу жолына
түседі. [4]
Тарихтан мәлім қазақ бауырмал
халық. Соның арқасында Герольд Бельгер, Асылы Османова,
Надежда Лушникова сынды мейірімді, санасы биік, мөлдір жандарды өз
перзенттеріне айналдырды. Олар да өз биігінде қазақтың ұлттық
идеясы мен мәдениетіне, әдебиетіне елеулі қызмет жасап келе жатыр.
Осындай биік-биік белестерімізді дұрыс жолға қоя білсек әлемде
рухани өрістің ең биік шыңында тұра
аламыз. [6]
Қоғамның белгілі
қайраткері, ақын М.Шахановтың: «Халықта ең бірінші ұлттық рух болуы
керек», – дегенін әр кез есте сақтап, еліміздің жарқын болашағы
үшін атсалысуымыз қажет. Ол үшін біз, ұстаздар қауымы, оқушыларға
салт-дәстүрлерді жай ғана үйретіп қана қоймай, олардың тәрбиелік
түп-тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіре білуіміз керек. Ұлттық
тәлім-тәрбиенің іргетасын дұрыс қалай білу мұғалімдердің
ата-аналармен қосылып жүргізген шараларына байланысты болмақ.
Өйткені бірінші ұлттық тәрбиенің ошағы – отбасында, екінші –
мектепте болғандықтан, ата-ана мен мектеп, яғни мұғалімдер мен
жұртшылық тығыз байланыста болуы шартты нәрсе екені баршамызға аян.
[5].
Ал, қазіргі кезде әр қазақ ұлт
мүддесін ең бірінші орынға қойып әр бір ісін, сөзін ұлт болмысының
тіл, діл, дін тіректерін нығая түсуіне атсалысып үлес қосуға
тиіс. Ұлттың бір тіл, дін, ділдігі халқының бір тұтас ұлттық
психологиясын қалыптастыруға негіз болады. Сол арқылы әрбір
азаматтың мемлекетін сүюге, әрі мемлекеттің баянды болу жолында
күресуге жол ашады.
Қолданылан әдебиеттер тізімі:
әдебиеттер:
1. Жұмабаев
М. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1994.
2. Пірәлиев
С. Ұлттық тәрбие және жаһандану // «Егемен
Қазақстан».
3. Қапалбеков
Б. Ұлттан тілді алса... – Алматы, 2006. – 138
б.
4. Мырзахан А. Ел болудың жолы – ұлттық тәрбие // «Ана
тілі», 20 қазан, 2011.
5. Оқушы бойында ұлттық құндылықтарды
қалыптастыруда мектеп пен ата-ананың рөлі
6.
И.Жеманай «Ұлттық тәрбие алмаған ұрпақ өзгенің мүддесі үшін қызмет
жасайды»