Рухани адамгершілікке тəрбиелеу

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Рухани адамгершілікке тəрбиелеу

Материал туралы қысқаша түсінік
Оқушылардың бойына бес құндылықты сіңіре білу мақсатында жазылған баяндама
Материалдың қысқаша нұсқасы

Рухани адамгершілікке тәрбиелеудегі өзін-өзі тану пәні оқытушысының ролі

Өзін-өзі тану пәні – рухани адамгершілікке баулитын пән десек, өзін өзі тану дегеніміз не және ол пәннің балаларға оқытудың қажеттілігі неде деген сауал туындауы әбден мүмкін. Өзін-өзі тану дегеніміз – өзіңді қоғамдық әдепті тұлға ретінде қарастыру арқылы барлық адамдарға тән әдептіліктің негізгі қасиеттері төңірегінде этикалық ұғымдар қарастыру. Қарапайым тілмен жеткізер болсақ, өзін өзі тану – өзіңді өзің тәрбиелеу дегенге саяды. Өзін-өзі тану адамның бойына жағымды қасиеттердің қалыптасуы мен дамуына және жағымсыз қасиеттерін жоюға бағытталған адамның саналы түрдегі мақсатты жұмысы болып табылады. Өзін өзі танымаған адам – қоғам үшін пайдасыз адам. Тәрбиесі төмен, нені жақсы, ненің жаман екенін білмейтін адамның болашағы да бұлыңғыр. Сондықтан адамға алдымен тәрбие керек. Өзін-өзі тану адамды өзінің қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзін өзі жетілдіруге, рухани өмірде және қоршаған өмір жағдайларында өзінің бағыт-бағдарының болуына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзімен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелейді. Өзін-өзі тануы арқылы адамның адами қасиеттері дамиды және шығармашылық қабілеттері шыңдалады, өзінің ішкі әлеміне үңілу арқылы өзін жақсы да жағымды жағынан қабылдап, өмірдегі мұратын танып, біледі. Сондай-ақ, жаңашыл болады, ұлттық және жалпыадамзаттық мәдени құндылықтарды өмірінің бағдарына айналдырып, ту етіп ұстайды, материалдық игіліктерге ғана емес, сонымен қатар, рухани байлыққа ұмтылатын болады. Өзін өзі танып білмейінше, адамгершілік-руханилық, салауатты денсаулық, бақытты болашақ болмас еді. Демек, өзіндік таным дегеніміз - адамгершілік мінез-құлқын қалыптастыру деген сөз.

Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген ұлағатты сөзі бар [1]. Шынында да, тәрбиелі адам мәдениетсіз, білімсіз, көркем мінезсіз бола алмайды. Тәрбиесі жақсы адам рухани байлықтың баршасына ие. Дұрыс тәрбие - адам дамуының діңгегі. Біздің ұлтымызда «қазақы тәрбие» деген ұғым бар. Ол дегеніміз – қазақы қанның балалар арқылы өніп-өскен сабақтастығы. Оның ішіне алдымен ата-ананы, үлкендерді, қоғамды, жалпы өзі өмір сүріп отырған ортаны сыйлау секілді ұғымдар енеді. Қазақы тәрбие қазақ ұлтына ғана тән қасиет. Қазақы тәрбие ұлттық тәрбиемен астасады. Ұлттық тәрбие – баланың бойына ұлттың тамырын, әдет-ғұрпын, мәдениетін сіңіру. Тәрбие туралы сөз қозғағанда отбасы туралы айтпай кетуге болмайды, себебі, өнегенің басы – сол жанұядан басталатыны айдан анық. Бала балабақша мен мектепке келерден бұрын 90 пайыз тәрбиені өз үйінен алады екен. Бұл «бала бойындағы негізгі іргетас отбасыдан қаланады» деген сөз. Бала да талдың жас шыбығы секілді, баптаушысы қалай қарай исе, солай қарай өседі. Оның өсімі күтіп-баптауына байланысты. Дұрыс бапталғанының жемісі де көп болмақ. Күтімі нашар ағаштың жемісін құрт басып, тек отынға жарары сөзсіз. Ал ол баптаушылар кімдер? Әрине, алғашқы кезекте ата-ана. Одан соң тәрбиешілер мен ұстаздар. Олар ата-ана берген тәрбиені одан әрі жандандырады. Балабақша баланы әуелі икемділікке, сонан соң белсенділікке, қарым-қатынасқа үйретсе, мектеп тұлға болып қалыптасудың алғашқы сатыларын меңгертеді. Балабақша мен мектеп – тәрбиенің түрлі факторын үйлестіріп, біріктірудің орталығы. Сондықтан бұл екі ұйымның да бала өмірінде атқаратын маңызы зор. Қазіргі  заманда жас ұрпаққа сапалы тәрбие беру - ең маңызды міндеттердің бірі. Соның ішінде рухани құндылықтарды сіңіре отырып тәрбиелеу – одан да маңызды. Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабын қолыма ала отырып, қызықты әрі шынай үзіндіні оқыдым. «Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда, адам баласы туғанда өте әлсіз, осал болып туады. Малдың төлі туа сала аяқтанса, тауықтың балапаны жұмыртқадан жарылысымен жүгіріп кетеді. Ал адам баласы туғанда іңгалаған айғайы мол бір кесек ет. Ақыл-есі жоқ. Денесі тым әлсіз. Өсіп-ұлғаюы тым сараң. Мінекей, адам баласы осылай өте әлсіз боп туып, аса сараң өсетіндігінен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбиелемей болмайды» [2, 13-б.] деп жазады. Сондай-ақ, «Бала аурулы, зағып болса, баладан емес, тәрбиешіден, бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген иран елінің мәтелі шын, дұрыс мәтел» [2, 14-б.] деген тұстарымен келіспеуге болмайды. Бүгінгі таңда бала тәрбиелейтін тәрбиеші - тек ата-ана ғана емес, жоғарыда айтып өткендей, олардың қатардың балабақша тәрбиешісі мен мектеп мұғалімі, тіпті, достары мен жүрген ортасы да кіреді. Айналадағылар қандай үлгі көрсетеді, нендей бағыт береді – бәрі де баланың санасына жазылып қала береді. Осы тұста қандай тәрбие түрінде болмасын, біз, үлкендер ата-ана ретінде де, ұстаз ретінде де қателік жібермеуіміз керек.

ХХІ ғасыр еркіндік пен бостандықтың заманы десек те, қоғамымызда көптеген келеңсіздіктер жоқ емес. Соның ішінде, нашақорлық, маскүнемдік, қатігездік секілді адамға кері әсер беретін мінез-құлық белгілері көрініс беріп қалады. Қазіргі таңда нашақорлық пен маскүнемдік төрткүл дүниеде жаһандық қатер болып, бүгінгі күннің бас ауруына айналып отыр. «Маман ретінде осы кеселдің себебі, түпкі негізі неде деп ойлайсыз?» деген сауалға әлеуметтік-сауықтыру наркологиялық орталығының дәрігері: «Бұл жердегі басты мәселе тәрбиеде. Егер отбасы мен ортасы дұрыс тәрбие берумен қатар, өздері де үлгі болып, ұрпа­ғының болашағына немкетті қарамай, қашанда бақылауда ұстаса, бала теріс жолға түспейді. Олардың бәрі қызығу­шылықтан, тек «бір рет тартып көрсем, бір рет ішіп көрсем» деген әуестенушіліктен басталады. Баланың жүрген ортасына, жора-жолдастарына да көп байланысты. Тағы бір себеп – жастардың жұмыс істемей, бос сандалып жүруі. Ал есірткіні бір-екі тартып, бір-екі рет ине салған соң қалай тәуелді болғанын өздері де білмей қалады. Сосын не істейді? Есірткі сатып алу үшін кез келген қылмысқа барады. Ал ата-ана байғұс оны іс насырға шауып, асқынған жағдайда өте кеш біледі. Егер дер кезінде, ауру асқынбаған кезде әкеліп жатқызса, онда ем де тиімді болар еді» деп жауап берген [3]. Мамандардың өзі мәселенің басты түйіні тәрбиеде екенін ашық айтып отырғанда, түйіткілдің неден басталатынын аңғармау мүмкін емес. Сондықтан да дұрыс тәрбие – ертеңгі жарқын жетістігіміз, бақытты болашағымыз, уайымсыз келешегіміз екенін айтпай-ақ білуге болады. Осы тұста мектеп қабырғасында жүретін өзін-өзі тану пәнінің маңызы зор. Оның маңыздылығы сол, ұлт тәрбиесіне өз үлесін қоса алады. Өзін-өзі тану пәні білім берудің басымдықтары – рухани-адамгершілік білімді іске асыруға, ұлттық және жалпыадамзаттық мәдениетті үйретуге ықпал етеді. Бала әртүрлі мәселелерді адамгершілік нормаға сәйкес конструктивті шешуге үйренеді. Өзіне, адамдарға және қоршаған әлемге ізгілікті қарым – қатынас жасау, көмек беру, қамқорлық жасауға баулиды. Жасампаздық белсенділік, азаматтық және отансүйгіштікке тәрбиелейді. Өзін-өзі тану пәнінің ең басты ерекшелігі - адамзат баласының ғасырлар бойы жинақтаған адами асыл қасиеттерді жас ұрпақтардың бойына сіңіру, ата салт пен ұлттық ұлы дәстүрлеріміздің жиынтық тәрбиесін тамырына тағылым етіп дарыту. Бұл пән адамгершілікке тәрбиелеудің негізі, қарым-қатынас жасау мен дүниетанудың құралы, тұлғаның зердесі мен шығармашылығын дамытудың арнасы. Өзін-өзі тану пәні – өзге пәндерден ерекше. Ол  дәстүрлі пәндер сияқты қоршаған орта туралы емес, адамның өзі және оның ішкі жан-дүниесі туралы пән. Жас жеткіншектердің рухани дамуын жетілдіріп, оларды ізгілікке жетелеуде бұл пән маңызды рөл атқарады. Өзін өзі тану пәні арқылы берілетін рухани адамгершілік білім негіздері адамдар арасындағы жарасымды қарым-қатынасқа сай бақытты өмір сүруді қалайтын, қоршаған табиғи ортаны сақтауға мүдделі, өмірде кездесетін әр түрлі жағдаяттарда өзіндік көзқарастары мен дүниетанымы қалыптасқан болашақ ұрпақтың жеке тұлғалық қабілеттерін жетілдіруге қызмет етеді. Жас ұрпақтың рухани мәдениетін арт­тырып, көркемдік әлемін байытуда, дүниетанымын қа­лып­тастырып, салауаттылыққа тәр­биелеуде өзін-өзі тану пәнінің орны ерекше. Өзін-өзі тану бағдарламасының негізгі мақ­саты – адамның қоршаған ортаны біліп, өзінің ішкі жан дү­ниесіне үңіліп, өзін-өзі бас­қару негізінде адамгершілік-рухани әлеуетін көтеру болып табылады. Жеке тұл­ғаның бойына имандылық нұ­рын ұялатуда бұл пәннің мәні ерекше зор. Осы тұста біз жоғарыда сөз еткен «рухани адамгершілік құндылығы» тіркесінің мағынасына тоқтала кетуді де жөн көріп отырмын. Рухани құндылықтар адам үшін маңызды болып табылатын моральдық, діни, этикалық сенімдердің жиынтығы болып табылады. Олар туғаннан қалыптасады, уақытты өзгерте және жақсартады. Рухани құндылықтарға сүйіспеншілік, достық, қайырымдылық, құрмет, өзін-өзі тану, шығармашылық, еркіндік, өзіне деген сенім және діни сенім кіреді. Мұның бәрі біздің өзімізбен және қоршаған адамдармен үйлесе білуімізге қол жеткізуге көмектеседі. Бұл құндылықтар ерекше маңызға ие, сондықтан ол өмірге мән беріп, біз адамдарға санатына айналдырады.

Бүгінгі күннен күнге қарыштап дамып келе жатқан Қазақстанның болашақ кемеңгерлері мен кетігіне қаланар кірпіші жас ұрпақтың бәсекеге қабілетті болуы керектігін сезіндіре тәрбиелеу - ұстаздардың басты мақсатына айналды. Өзін-өзі тану пәнін жүргізуші педагогтар әр сабақты жүзеге асыру барысында оның сапасына талдау жұмысын жүргізеді, яғни баланың жалпы сабақты қабылдауы, сабаққа берілген адамгершілік-рухани қасиет туралы негізгі ұғымның балаларға түсінікті болуы, сабақ барысында балаларға қиындық туғызатын сәттердің кездесуі, орындалатын тапсырмалардың балалардың психо-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келуі, сабақ мазмұнына педагог тарапынан енгізілген өзгерістер – бәрі де есепке алынады. Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімінің міндеті – балаларды жақсы, жаман мінез-құлықты ажырата білуге үйрету, оқушылардың бойында жақсы мінез-құлық дамытуға ықпал ету, өз өздерін құрметтеуге, өз өздеріне деген сенімділікке тәрбиелеу болып табылады. Сол жолда кез келген оқытушы ұдайы ізденіс үстінде болуы қажет. Мұны педагог шеберлігін арттырудың бірден бір жолы деуге болады. Соған қоса, рухани адамгершілікке тәрбиелеудегі өзін-өзі тану пәні оқытушыларына мынадай міндеттер жүктеледі.

Міндеттер. Бірінші, сабақтың тақырыбын балалардың түсінуіне қол жеткізу. Ол үшін сабақты балаларды қызықтыра отырып, өткізген жөн. Сабаққа балаларды қызықтыру арқылы олардың жақсылық жасауға деген ниет, ынтасын туғызу қажет. Осы іс-әрекеттердің барлығы жүзеге асуы үшін мұғалім үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады», - деген сөзі ізденімпаз, жаңаша ұстаздарға арналғандай [4]. Мұны әрбір мұғалім жадында ұстауы тиіс. Себебі, жаңашыл ұстаз ғана заман ағымына ілесе алады. Жақсы ұстаз ғана оқыта алады. Қазіргі заманғы мұғалімнің басты мақсаты – оқушыны терең білім алу мен сапалы ойлауды дамытуға жетелеу болып есептеледі. Бұл міндеттерді шешу үшін мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру өзгерістерге жол ашады. Бұл баланың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймайды, білім деңгейін көтеруге үлкен үлесін қосады. Сабақ беруде мұғалім оқушылардың жас ерекшелігін негізге алуы керек. Тапсырмаларды да меңгере алатындай, сұрақтарға дұрыс жауап іздей алатындай етіп қою керек. Сол кезде ғана сабақ күтілген нәтижеге қол жеткізеді.

Екінші, сабақта түсінгендерін ары қарай өмірінде де қолдана білу. Бұл бірінші міндеттен туындайды. Өзін-өзі тану пәні – тәрбиелеу пәні деп қарастырсақ, бұл сабақта бала бойында қалыптасқан тәрбиенің іргетасы ары қарайғы үлкен өмірде де соны пайдалана білуі керек. Бұл білімдер мен біліктер, қабілеттер адамдармен өзара түсіністік пен үйлесімділікке қол жеткізуге, өзге адамдарға дер кезінде көмек беріп, қолдау көрсету қабілеттерін меңгеруге мүмкіндік береді. Рухани-адамгершілік білім баланың, жеткіншектің бойына өзінің жарқын болашағына деген сенімділігін ұялатады. «Өзін-өзі тану - өмірді тану», - деп көне грек философы Сократ айтқандай, әр баланың өмірден өз орнын табуына ықпал етуге аталған пән мұғалімдері көмектеседі. Осы пән арқылы оқушы бойына мейірім мен рахымшылдықтың, адамгершіліктің, әділдіктің, шынайылықтың дәнін себуге болады. Бұл болашақ ұрпақтың бойына рухани адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негіздейді. Сонымен қоса, жас ұрпақтың қабілеті мен мүмкіншілігін жан-жақты ашып, адамгершіліктің биігіне көтеретін, ізгілік пен сұлулықтың шын мағынасын түсінуге, шынайы мейірімділік пен ақиқатқа ұмтылуға, өз өмірін жоғары мәнмен өткізуге жетелейді.

Іске асыру жолы. Бірінші міндетті іске асыру, яғни сабақтың тақырыбын балалардың түсінуіне қол жеткізу үшін – оқытуда инновацияны қолдану, яғни мұғалімнің жаңа қаруы ретінде инновациялық әдіс-тәсілдерді кеңінен пайдалану. Инновация дегеніміздің өзі жаңалықты енгізу, жаңалық әкелу, жаңа әдістеме мен жаңа технология. Өзін-өзі тану сабақтарының өзіндік ерекшелігін байқататын «Шаттық шеңбері», «Армандайық», «Өзіммен-өзім», «Әңгімелесейік», «Сергіту сәті», «Сахналау», «Ойын-Жаттығу», «Жүректен–жүрекке шеңбері» тәсілдері балалардың қызығушылығын арттыруға, ынта-ниетін оятуға ықпал етеді. Сабақта қолданатын әрбір әдіс-тәсіл тек балалардың қызығушылығын ояту үшін ғана жұмыс істемеу керек, сонымен қоса балаларға тәрбиелік мән бере білу керек. Мысалы, «Шаттық шеңбері» - сабақтың басында қолданылатын тәсіл. Балалар шеңберге тұрып, өлең шумағын айтады. Бұл тәсіл әрі балаларды сергітуге арналған болса, екінші жағы – балалардың бойына қуаныш сыйлайды. Өз сабақтарымда шаттық шеңберін құрағанда, тәрбиелік мәні бар өлеңдерді таңдауға тырысамын. Мысалы:

«Күннің көзі ашылып,

Көкте шуақ шашылып

Құтты қонақ келіпті,

Төрімізге еніпті.

Амандасу үлкенге,

Тәрбиенің басы ғой,

Ал, кәнекей бәріміз,

Сәлем дейік үлкенге!» деп шаттық шеңберін құрағанда әр баланың санасында «қашанда үлкендермен сәлемдесу керек» деген ой еріксіз қалыптасып қалады. Немесе:

«Достарды біз қолдаймыз.

Қиын шақта қолдаймыз.

Біздің топта ұл-қыздар

Тату-тәтті ойнаймыз!» деген өлең шумақтары арқылы оқушыларға достыққа деген адалдықты насихаттауға болады. Сол секілді балаларды «Даналық  ағашы» арқылы топтарға бөліп, оларды ашық болу, бір-бірінің сөзін бөлмеу, белсенді болу, сабақтан ой түйіп, қажетін алу сияқты сабақ ұстанымдарымен таныстырамыз. Аталған ұстанымдар балаларды мәдениеттілікке, жинақылыққа, білімділікке жетелейді. «Тыныштық сәті» - балаларды бірнеше минут тыныштыққа бой алдыра білуге бағыттайтын тәсіл. Бұл әрекетті кез келген жерде және кез келген уақытта жасап көруге болады. Алдымен, балалардың ыңғайлы жағдайда отыруын ескеру керек. Бала арқаны тік ұстап, еркін отыруы керек. Бүкіл денені босаңсытып, қолды тізеге қояды. Сонан соң, ойды ізгілік күйге бейімдейді. Бұл дегеніміз сыныптастарына, достарына, жақындарына іштей игі тілек білдіру болып табылады. Толық тыныштықта баланың баланың жүрек соғу ырғағы мен тыныс алуы реттеледі, денесі жеңілденеді. Ол өз ойын жинақтай алу мүмкіндігіне ие болады, өзінің сезімі мен көңіл күйін реттейді. Cонымен қатар, сабақта «Отбасы мүшелерін үштілде ата» ойынын ойнаймыз. Ойынның шарты - балаларды шеңберге тұрғызып, допты бір балаға беремін, қағып алған бала үштілде отбасы мүшелерін атау керек. Мысалы, бір оқушы «ата – дедушка - grand father» десе, екіншісі «әже – бабушка – grandmother», келесілері сол секілді «әке – папа – father», «ана – мама – mother», «аға – брат – brother», «әпке – сестра – sister» деп үш тілде сөйлейді. Аталған ойын түрі балаларға отбасы құндылығын байқатады, әрі еліміздегі үштілділік саясатының жүзеге асуына да жол ашады.

Екінші міндетті жүзеге асыру, яғни, сабақта түсінгендерін ары қарай өмірінде де қолдана білу үшін бала үйренгенін мектеп қабырғасынан шыққан соң, ұмытып кетпеуіне ұстаз тарапынан жағдай жасалу керек. Ертеректе, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуді үшін ата-бабаларымыз кейінгі ұрпақтың ата салтын мықтап ұстауын талап еткен. Тіпті, «шыншыл, әділетті, иманды болу ата-бабамыздан келе жатқан дәстүріміз» дей келе, сол дәстүрді бұзғандарға ат-шапан айып тартқызған. Сонымен қатар, баланы рухани тәрбиелеуге тырысқан. Жылдың әр мезгілінде елдің қайда, қалай көшетінін, суды қайдан ішетінін, жеті атасын, олардың зираттарын, елдегі даңқты адамдарының ерлік хикаяларын, ауыл-аймақтағы жер-су атауларын ерінбей-жалықпай баласының санасына сіңіре білген. Көшпенді ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне қатысты жайттарды топтастырғанда да ғылым үшін аса маңызды жүйелік принципке ерекше мән берген. Осы айтылғанға орай жас буын тәрбиесін бесіктен бастап, бұларды ақыл-ой, имандылық, еңбек, көркемдік, сымбаттылық секілді сан салаға жұптастырған. Бала атаулының айналаны қабылдағыш, зейінді келетіні белгілі. Осы ерекшелікті әлімсақтан аңғарған ата-бабаларымыз – төкпе ақындық пен сұңғыла жыршылық, айыр көмей шешендік пен төгілдірген күйшілік секілді киелі өнерлеріміздің іргетасы бала санасында сәби шақта қаланатынын ерекше ескеріп, осынау балдәурен балалық кезеңге айрықша мән берген. Сондықтан да, балаларға жоғарыда айтқанымыздай елі, жері, суы туралы, ата тегі, төрт түлік мал, жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, аспан денелері, табиғат құбылыстары, ауа райы т.б. жөнінде оның түсінігіне лайық, қысқа да нұсқа, жүйелі мағлұматтарды әр түрлі әдіспен жеткізіп отырған. Қазақ дәстүрінде ата-анаға қызмет ету – борыш, ата салтын орындау – парыз, анасының ақ сүтін, әке еңбегін ақтау – қарыз екендігін, адамның адамгершілігі де, кісілік имандылығы да осы борыш, парыз, қарыз өтемімен айқындалатындығын да балаға түсіндіріп отырған. Сол кездегі балалар алған білімдерін өз өмірлерінде пайдаланып қана қоймай, өсе келе өзінен кейінгі ұрпаққа да дәл солай жеткізіп отырған. Бүгінгі таңда ұстаздар да осы жолмен келе жатыр десек артық айтқандығымыз емес. Олар өзін өзі тану пәні арқылы жоғарыда айтып өткендей, имандылық, әділеттілік, шыншылдық, қарапайымдылық, кішіпейілділік секілді ата-баба дәстүрін баланың бойына сіңіруіне мейлінше мүмкіндік жасап, заманауи әдіс-тәсілдермен жеткізуге барынша тырысуда. Соған қоса, әр сабаққа үлкен мән бере отырып, оны бала жүрегіне дәл жеткізуге күш салуда. Әр тақырыптың мазмұнын ашатын ата-баба өнегесі, күнделікті тіршіліктегі сыйластық, мейірім, ар-ұждан, ақыл, жүрек, ерік-жігер, жан мен тән сұлулығы, адал достық, қоршаған орта, адамгершілік құндылықтар - барлығы да осы пәнде айтылып, оны әрбір баланың жүрегімен сезінуі, түсінуі ұстаздар үшін үлкен жетістік.

Алынған нәтижені талдау. Аталған әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, сабақ беруде мен педагог ретінде өз мақсатыма жеттім деп айта аламын. Менің мақсатым – балаларға аса маңызды рухани-адамгершілік құндылықтар мен қасиеттердің мән-мағынасын, адами қарым-қатынас туралы материалдарды оқушыларға ұғындыру және түсіндіру, оны күнделікті өмірде пайдалану мақсатында адамгершілік қарым-қатынастың мәнін ұғындыру болатын. Қолданған әдіс-тәсілдерім маған негізгі көмекші құрал болды. «Шаттық шеңбері» әрбір балада өзі өзгелерге сенетін және өзі де сенімге ие болатын үлкен достық шеңберіне қабылдануы ретінде түйінделсе, балалардың шеңберге тұрып бір-біріне деген риясыз шын жүрегінен шыққан тілектерін айтуы, жылы лебіздерін білдіруі – рухани дамудың негізін қалауға ықпал ететінін байқадым. Ал «Тыныштық сәті» балаларға жағымды ойларға берілуге мүмкіндік жасады. Олардың ойларына, тіпті, ересек адамдар ойламайтын қызықты бейнелер елестеді. «Тыныштық сәті» аяқталғаннан кейін балалар өздерінің санасында, қиялында ойлап тапқандары жайлы әңгімелеп, суреттеді. Оларды тыңдап отырып бала қиялының қаншалықты бай екенін байқадым. «Жүректен-жүрекке» кезеңінде сабақ үстіндегі алған білімдерін, жаңа ақпараттарын қорытындылай келе, ой бөлісіп, бір біріне деген жылы тілектері жүректен-жүрекке ұштасып жатты. Бір сабақта «Абайдың «...Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!» - деген өлең жолдарын басшылыққа ала отырып, өзіңнің өмірге қалайтын кірпіштерің қандай жақсы қасиеттерден тұратынын жаз» - деген тапсырма бердім. Оқушылар «Сүйіспеншілік, ұстамдылық, ұқыптылық, жауапкершілік, тапқырлық, кішіпейілділік, қамқорлық, мейірімділік» деген қасиеттерді тізіп жазды. Бір оқушыдан: «Мейірімділік дегенді қалай түсінесің?» дегенде: «Кетіп бара жатқан құмырсқаны аяқпен баспау» деген қызықты жауап алдым. Кейде, біз, үлкендер мұндайларға аса мән бермей, ұсақ-түйек деп қарауымыз мүмкін, бірақ баланың санасында мейірімділік түсінігі кішкентай құмырсқаны өлтірмеуден бастау алып тұр. Сабақтың басында сыныпқа әрдайым: «Бүгін немесе кеше қандай жақсы істердің куәсі болдыңдар? Өздерің қандай жақсы іс жасадыңдар?» деген сауал тастауды әдетке айналдырдым. Менің бұл тәсілім – балалардың үнемі жақсылықты байқап жүруінің, оны тек байқап қана қоймай, көңіліне тоқып, санасына сіңдірудің бірден бір жолы болды деп айта аламын. Оның дәлелі - сабақта берілген сауалды жауапсыз қалдыратын оқушының жоқтығы. Мұның бәрі – менің ұстаз ретіндегі жұмысымның нәтижесі деп сенімді айта аламын. Менің оқушыларыммен қарым-қатынасым тек білім беруші ұстаз ретінде ғана емес, тәрбиелеуші мұғалім ретінде де өрбиді. Сондықтан, менің атқарған жұмыстарым қашанда оң нәтиже беруі міндетті. Мұғалімнің шығармашылығы дұрыс жолға қойылса, балалардың да шығармашылық іс-әрекеттері дұрыс ұйымдастырылады. Сонымен қатар, сабақ қызықты өтсе, дұрыс қорытындыланса, оқушылардың ақиқатты іздеудегі өздігінен әрекеттенуі жоғары дәрежеде болатыны белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, сабақ тақырыбы толығымен ашылады деуге негіз бар. Сонымен қатар, балалар бойында білуге, оқуға, ізденуге, үйренуге деген ұмтылысты байқадым. Осыдан соң, педагог ретінде оқушы әлеуетін аша алдым, сабақ идеясы жетті деп айтуыма әбден болады. Сабақтарда балалардың берген жауаптарына сүйсініп, одан әрі шабыттана түсеміз, олардың тақырыпты түсініп сезінгендеріне, жүректеріне жеткеніне шынымен де қуанамын. Себебі, өзін-өзі тану сабақтарында ұсынылып отырған ойындардың басым көпшілігі балаларды мейірімділікке, достыққа, сүйіспеншілікке, сыйластыққа үйретуді көздейтіндіктен, бұл ойындар бала бойына жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіруге үлкен жағдай жасайды деп айта аламын.

Дегенмен де, баланың бас ұстазы - ата-ана. “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” демекші, ата-ананың және отбасының басқа мүшелерінің мінез-құлқы, бір-бірімен қарым-қатынасы, күнделікті атқарып жүрген жұмысы балаға үлкен сабақ. Отбасында бала үлкендермен қарым-қатынас жасап, сөйлеу және ойлау дағдысын алады. Мұнымен қатар, үлкендер балаға үлгі болу үшін олардың алдында өздерін дұрыс ұстай білгені жөн. Ата-ана дұрыс киім киюімен, мезгілінде тамақтандыруымен, үй ішінің тазалығымен, тәртіптілігімен, өзге адамға деген ілтипатымен, сыпайы мінезімен, жылы сөзімен бала көзінше өз абыройын берік ұстауға әрдайым міндетті. Мұндай отбасында бала жаны жайлау, көңілі көктем, кісіге қайырымды, еңбексүйгіш, қарапайым болып өседі. Сабағын да жақсы оқиды, болашақ отбасын құруға әзірлігі мол болады. Ал ата-анасы ұрыс-керістен көз ашпайтын отбасында бала ынжық, тұйық мінезді, жалқау, өтірікші болып өседі. Мұндай балада өз құрбыларымен қарым-қатынас жасау дағдысы да болмайды. Сондықтан да, баланың үйден көргені, етене жақындарынан естігені - ол үшін тәрбиенің ең үлкені, яғни, баланың дұрыс адам болып қалыптасуы үй тәрбиесіне байланысты. Баланы сәби кезінен еңбекке, адалдық пен достыққа, тән тазалығына баулуы шарт. Бала осы тәрізді жақсы қасиеттердің бәрін де ата-ананың бойынан тауып, соған еліктеп, солардан үйрену керек. Отбасыда ата-ана – қашанда өз балалары үшін тәртіптілік пен сыпайылықтың, ынтымақтастықтың, қайырымдылық пен қамқорлықтың, адалдық пен адамгершіліктің үлгісі. Баланың бойына ана сүтімен сіңген қасиет оның бүкіл ғұмырына жетеді. Сондықтан, балаға ең алдымен ата-ана үлгі болуы қажет. Демек, ұрпағымыздың саналы да сапалы болуы – тек бір адамға ғана жүктелген міндет емес, баршамыздың ортақ мақсатымыз. Себебі, бала тәрбиесі – қашанда ел мүддесі екенін ұмытпайық дегім келеді.



Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Bilim-all» ұстаздар сайты.

2. Мағжан Жұмабаев «Педагогика», Алматы: «Ана тілі», 1992.

3. «Егемен Қазақстан» интернет порталы.

4. А.Байтұрсынұлы «Баяншы». Әдістемелік құрал. Алматы: «Ана тілі», 1992.

2


Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
31.05.2018
362
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі