Тілімізді қадірлейік,
отандастар!
Өз ілімін адам құндылығына бағыттаған, алғаш
рет адамның кісілік тұлғасы туралы ой қозғаған қытай философы
Конфуций былай дейді: «Егер, маған ел басқару
мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар
едім. Себебі, тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және
идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ
түсіністік болмаған елде бірлік болмайды. Сондықтан, бәрінен де
бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі –
маңызды»
Мемлекеттік тіл туралы аз
айтылып, кем жазылып жатқан жоқ. «Қазақ қазақпен қазақша
сөйлессін!» деп Елбасымыз да айтты. Мемлекеттік тілді дамытып, үш
тұғырлы тіл саясатын қолдау – әрбір қазақстандықтың қастерлі
парызы. Мемлекеттік тілді менсінбей жүргендер өзгеден бұрын
өзіміздің бауырларымыз. Сұранысы жоқ, қолдану аясы тар тілдер жыл
санап жойыла бермек. Соңғы кезде WhatsApp мессенджері арқылы өз
тілін құрметтемейтіндерді сынап жатқан басқа ұлт өкілдерінің шағын
бейнежазбаларын көріп, қазақ тілінде ән салып, өлең оқып тұрған
жастарға риза боласың. Ішің де удай ашиды. Себебі осы сұрақты қазақ
тілін үйренушілердің аузынан бірнеше мәрте естіген едім. Өйткені
оларды таңдандыратын сұрақтар «неге қазақ балалары бір-бірімен
қарым-қатынаста өз тілдерінде сөйлемейді?», «ешкім сұрамаса да
басқа тілде сөйлегенді қалайды » Орынды сұрақ, себебі бұл
рас. Тіл- салақ сөйлегеннен
бұзылады. Тілдің бояуы бозарып, қыры сынбауы
керек. Осындай жағдайда туған
тілімізді тығырықтан алып шығудың қарапайым жолдарын атар болсақ,
әлеуметтік желідегі шұбарланған тілге тыйым салу керек. Ғаламторды
мемлекеттік тілде сөйлету, мемлекеттік тапсырыспен ресми сайт
әзірлейтіндердің жұмысына талапты күшейту секілді мәселелерді
жандандыру қажет. Осындай әрекеттерді кешіктірмей қолға алсақ, аз
уақытта мемлекеттік тілдің ахуалы жақсара түсетіні
хақ. Еліміздің елдігін, егемендігін айқындайтын
негізгі белгілерінің бірі – әрине, мемлекеттік тіл. Еліміз қуатты
болса, мемлекеттік тілдің болашағы да шуақты болатыны
анық.
Биылғы жыл – мерекелі жыл.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тойланбақ. Мұнда тек той тойлау
емес, ұлттық рухымыздың көтеруге бет бұруға, мемлекеттік тіліміздің
мәртебесін асқақтатуға тиіспіз. «Тіл – ұлттық құндылығымыздың
бірегейі, әрі ұлттың тұғыры және тәуелсіздіктің тірегі» екенін
ұмытпайық.