ТУҒАН ӨЛКЕНІ ТАНУ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ БАСТАУЫ

Тақырып бойынша 11 материал табылды

ТУҒАН ӨЛКЕНІ ТАНУ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ БАСТАУЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері: Жылыой ауданының географиясын, жер-су атауларын зерттеу, мәліметтер жинақтап, кеңінен насихаттау. «Туған өлкені тану – рухани жаңғыру бастауы». Біз әлем таныған, дамыған елдердің қатарына кіруіміз үшін ең басты керек нәрсе ол рухани кемелденуіміз. Соның бірі дүние есігін ашқан сәттен бастап, кіндік қанымыз тамып туып-өскен туған жеріміздің біздің өмірімізде алатын орыны ерекше. Жер анамыздан нәр алған әрбір перзент оның алдында борыштар. Елімізді дамыту, оның көркейтудің алғы шарттарының бірі – ол өлкені жете танып, зерттеу. Ардагер Төлеуов Наурызбай ұстаздың жазбаларынан сіздерге Жылыой ауданының физикалық географиясы мен Ақкиізтоғай ауылының жер-су атауларымен таныстырғым келеді.
Материалдың қысқаша нұсқасы

«Атырау облысының Білім беру басқармасының Жылыой ауданы білім бөлімінің

«10 Амангелді атындағы жалпы орта білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі»



















ТУҒАН ӨЛКЕНІ ТАНУ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ БАСТАУЫ

Бағыты: «Өлкенің географиясы, топонимикасы»















Автор: Сатыбалдиева Айнұр Сатыбалдықызы

География пәні мұғалімі, satybaldiyeva1999@mail.ru

















Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылы, 2024ж.

МАЗМҰНЫ

I.КІРІСПЕ. ТУҒАН ӨЛКЕНІ ТАНУ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ БАСТАУЫ......................................

................

II. НЕГІЗГІ БӨЛІМ. Жылыой ауданының физикалық географиясы……………………………...

…………

III.ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІ. Ақкиізтоғай ауылының жер-сулары............................................................

................

IV.ҚОРЫТЫНДЫ.................................................................................................................................

…………

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР.................................................................................................











































I. КІРІСПЕ. Туған өлкені тану – рухани жаңғыру бастауы



Жұмыстың мақсаты мен міндеттері: Жылыой ауданының географиясын, жер-су атауларын зерттеу, мәліметтер жинақтап, кеңінен насихаттау.

«Туған өлкені тану – рухани жаңғыру бастауы». Біз әлем таныған, дамыған елдердің қатарына кіруіміз үшін ең басты керек нәрсе ол рухани кемелденуіміз. Соның бірі дүние есігін ашқан сәттен бастап, кіндік қанымыз тамып туып-өскен туған жеріміздің біздің өмірімізде алатын орыны ерекше. Жер анамыздан нәр алған әрбір перзент оның алдында борыштар. Елімізді дамыту, оның көркейтудің алғы шарттарының бірі – ол өлкені жете танып, зерттеу. Ардагер Төлеуов Наурызбай ұстаздың жазбаларынан сіздерге Жылыой ауданының физикалық географиясы мен Ақкиізтоғай ауылының жер-су атауларымен таныстырғым келеді.



II. НЕГІЗГІ БӨЛІМ. Жылыой ауданының физикалық географиясы

Ежелгі мезозой эрасында кайнезой эрасының аяқ кезіне дейін Еуразия материгіндегі қазіргі ойпаттар: Шығыс Еуропа жазығының оңтүстік көп бөлігі, Батыс Сібір жазығы түгел, Тұран жазығы, Каспий маңы ойпаты тұтасып жатқан теңіз болып, Солтүстік Мұзды мұхитына жалғасқан. Кайнезой эрасының үшінші дәуірінен бастап су тартылып, жердің баяу көтерілуі негізінде құрлыққа айналып, Каспий теңізі бөлініп, судан босаған жерлер қалың шөгінді басқан ойпатқа айналған. Біздің туған жеріміз кезінде теңіздің түбі болған. Біздің заманымыздан бұрын 549-530 жылдары Кир патшасының Орта Азия мен Қазақстан жеріне жасаған жорығында Каспийдің солтүстігі, шығысы құм басқан төбелер, жағалаудың табиғаты, құйып жатқан өзендері сипатталған.

Жер бедері: Жылыой ауданының жер көлемі 29,3 мың шаршы шақырым. Халқы 55582 адам. Орталығы Құлсары қаласы, Солтүстігінде Мақат Қызылқоға ауданы мен шығысында Ақтөбе облысы, оңтүстігінде Маңғыстау облысының Бейнеу ауданымен шектеседі. Батысын Каспий теңізі шайып жатыр. Жылыой жерінің көп бөлігі Каспий маңы ойпатында жатыр. Аудан жері солтүстікке, шығысқа қарай біртіндеп биіктеп, Жем үстіртіне жалғасады. Каспий маңы ойпаты – теңізден босаған алғашқы аккумуляциялық жазық. Каспий маңы ойпаты теңіз деңгейінен 27-28 метр төмен жатса, ауданның ең биік жері Желтау 221 метр Ақкиізтоғай жерінен шығысқа қарай бөлек төбелер тізбектеліп, көтеріле береді. Ауданның оңтүстігінде Каспий маңы Қарақұм орналасқан. Өңірі аласа құмтөбелер ойыспен алмасып, шөбі шүйгін, малға қолайлы келеді. Жылыой жері солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 шақырым, батыстан шығысқа қарай 300 шақырым. Осы жерге Израил, Ливан, Того, Сингапур мемлекеттері сияды.

Геологиялық құрылысы: Атырау облысы, Жылыой ауданы көне шығыс Еуропа платформасының шегінде жатыр. Платформа екі қатарлы құрылымнан тұрады. Беті шөгінді қабаттар тұз асты, тұзды, тұз үсті кешендеріне бөлінеді. Жоғарғы девонды-таскөмірлік шөгінділі Қаратон-Теңіз аймағында қалыптасқан. Тұз үсті қабатының жоғарғы бөлігі Прорва қалыңдығы 1,5 м жететін құрылымдар түзілген.

Гидрогеологиялық жағдайы: Ойпатты шөгінді жыныстардың орасан зор қабатында жер асты суларының мол қоры бар. Мұнай-газ іздестіру, барлау нәтижесінде Оңтүстік Ембі ауданында Жер асты сулары толық зерттелген. Минералды су аймағы Сарбұлақ, Ұшқан, Құмшеті, Биікжал, Төресай, Жаңасу, т.б. шипалы су көздері ерекше.

Мұғалжар тауынан басталатын Жем өзені ұзындығы 712 шақырым. Жылыой жерін шығыстан батысқа қарай басып өтетін өзен. Су жинау алқабы 40,4 мың шақырым. Бұрын Каспийге құйған. Төменгі ағысында тармақталып жайылып, орта ағысында қара суларға бөлініп қалады. Аудан жерінде салалар құймайды. Қар, жаңбыр суларын әкелетін құрғақ арналар бар. Тасығанда тұщы, кейін кермек, жазда ашиды. Суы жайылым, шабандықтарға, егістікке пайдаланылады.

Пайдалы қазбалары: Ауданның негізгі байлығы мұнай, газ, битум. Құрылыстық кендер Ақкиізтоғай аймағында жақсымай топырағы, қиыршық тастар, әк тастар қоры, Құлшан ата, Бұдырақты бордың және қызыл, сары түсті саздың қоры белгілі. Сарбұлақ, Ұшқан, Үлкен төбе, Биікжал, Жаңасу, Жеті шымырау, Бәли орпа тұщы су көздері, фонтандар негізгі байлығымыз.

Климаты: Аудан шұғыл континенталды. Ылғалдың аздығы, аса ыстық, қуаң, қар суықты аязды желімен, аңызақ, шаңды дауылымен, көп булануымен ерекшеленеді. Қыста солтүстіктен, шығыстан соғатын арктикалық ауа массасының (антициклон) әсері басым. Жазда оңтүстік тропикалық құрғақ ауа массасының ықпалы басым. Аудан ішінде Ақкиізтоғай климаты қатал болады. Шілденің орташа температурасы +24° +25°c, ең ыстық температурасы +45° +50°c болса, қаңтар температурасы -8° -12° орта, -30° жетеді. Ылғал негізінен қыста түседі, қардың қалыңдығы 5-10 см.ылғал мөлшері 150-190 мм,булану 1000 мм.

Топырағы: Ауданымыз шөл зонасында орналасқан. Топырақ негізінен тұзды, қара шірікке кедей, сұр, қоңыр сазды топырақ ойыстарда, тақырларда, тегіс жерлерде қалыптасса, құмды сұр топырақ биіктеу жерге ауысады. Теңізге барған сайын көлемді жерлерді сор алып жатады. Осы табиғатта біз туып өстік. Жер асты байлығын игеріп, үстінде ауылшаруашылығын дамытудамыз. Әркімнің туған жері өзіне ыстық. Кім қайда кетсе де, туған жерін сағынбайтын пенде жоқ. Тек осы жерде еңбек етіп, еңбектің көзін тауып еңбектену әр ұрпақтың борышы екенін ұмытпау керек.

Ауданның экологиялық жағдайы: Ауданның экологиясы күрделі жағдайда. Жеріміздегі алып ТШО кенішінен бастап, көптеген мұнай-газ кеніші, ескі кен орындары, барлау бұрғылау орындарының қалдықтары, елді мекендердегі шығатын күл-қоқыстар жерлерді дұрыс пайдаланбау аудан экологиясын қиындата түседі. Кен орындардан шығарылатын күкіртті газдар оның жануы ауаны, топырақты, өсімдікті зақымдап сіңеді. Онымен қоректенген жануарлар зақымданады. Осылардың бәрімен тығыз байланысты адамдар денсаулығы мен өміріне зиян тигізуде. Сондықтан табиғи ортамызды қорғау баршамыздың ісіміз. Әрбіріміз тазалықты өз бойымыздан, жұмыс істеген жерімізден, үйіміз бен оның айналасынан, жүрген көшемізден бастасақ. Үй айналасына ағаш, көкөніс өсіріп баптасақ, көшеде жылма-жыл отырғызылған ағаштарға қарасақ жауапты мекемелер, қоғамдық ұйымдар қатаң қадағаласа, әрбірімізге, аудан халқына көп пайда болар еді. Экология сөзі бұдан 200 жыл бұрын болмаған. Бүгінгі таңда шаруашылық өнеркәсіп, адам өмірінде негізгі айтылатын сөзге айналды. Сондықтан бүгінгі бізден бастап келешек қай ұрпаққа да күрделі болатынын және бірінші мәселе болатынын қаперге береміз. («Ақкиізтоғай жылнамасы», 2022, 53-57б.)















III.ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІ. Ақкиізтоғай ауылының жер-сулары

Жем өзені өзі, басталатын Мұғалжар Орал тауының жалғасы. Полезой эрасында, Каледон тау жасау құбылысында бұдан 345 миилион жыл бұрын пайда болған. Жем өзені осы кезеңдерде өз арнасын сан өзгерткен. Жылыой өңірінде Жем өзеніне құятын салалар жоқ. Тек қар, жаңбыр суы құятын терең жыралар кездеседі. Жылыой ауданы аймағында арнасының ені 4-5 шақырымнан үлкен көпірге дейінгі 7-10 шақырымға дейін кеңейіп, көпірден кейінгі салаларға бөлініп, үлкен алқапты суға толтырып, Каспийге құйған. Қазір судың аздығына байланысты теңізге құймайды. Жылыой өңірінде 19 колхоз ұйымдастырылған болса, соның жетеуі көпірдің жоғарғы жағында орналасқан делінеді. Аталған колхоздардың орналасуына байланысты, тұрмыс-тіршілік, географиялық орналасуына байланысты түрлі жер-су атаулары пайда болған. Ойхой, ол кезде Жемнің несін айтасың Жем еді ғой! Кең еді ғой. Ел екі жағасына егін салады, - деп Жанат Нұрмаханова «Дүсіптің ұлы Дияр» - деген кітабында таңдай қаға айтады. Көп жер атаулары айтылған. Сол атаулардың көбі уақытқа, шаруашылық түрінің өзгеруіне пайдаланбауға байланысты 60 тан асқан адамдардың есінде қалып, кейінгілер білмей ұмытуға айналған, атаулардың көбі 1930 жылдардан бері қарай қалыптасқан.

1.Көбіне адамдардың мал қыстатып отырған жеріне байланысты. Жемнің оң жағасында Естебай тоғайы, Қази тоғай, Шәнен тоғай, Омар тоғай, Аманбай тоғайы сол жағалауында Туаш тоғайы, Әбі түбек деген атаулар бар. Тоғай сөзіне жоғарыда анықтама берілген. Жем өзені алқабының шебі, қалың, жыңғылды, талды, ықтысыны көп алқапқа мал қыстатқанда сол тоғайларды адам атымен атаған. Ол кісілердің ұрпақтары бар.

2.Әр төбеге, биік жерлерге қойылған қасиетті адамдардың мәйіті мен атымен аталған жерлер, мысалы: Асан қожа, Бақа, Ақмешіт, Құлшан ата, Қосмола, Сәттің моласы, Жарты мола, Жадырасын, Қараш мола, Шыңдауыл, Қазбек, Бақашы, Сарнияз, Жәлеке атаулары дәлелдеуді қажет етпейді.

3.Географиялық тұрғыда топырақтың түсі мен өсімдіктердің түрі мен жер бедері, сор, бұлақтарға байланыстыра аталғандығын аңғаруға болады. Қаражар, Жанбиеке Бұлақ, Ұйтас, Терісаққан, Ақжар, Сарқұмақ, Досының ағы, Қараман соры, Кіші, Үлкен, Аралтөбе, Үшсай, Жыңғылды тоғай, Қоңыр орпа, Есекжал, Күре, Биікжал, Қырғын, Орлыкөл, Кебіртұмсық, Қасқырбұлақ, Тақырбұлақ, Жаманқұмақ, Айнымас, Қоңырқұдық, Жетішымырау, Қаражал, Желтау, Шөптікөл, Қаракөлдеу тағы басқа.

Ақкиізтоғай – ақ сөзі топонимдер құрамында «таза, мөлдір, кең» деген мағынаға ие екендігі айтылады. Ал киіз түркі тілдерінде қой жүнінен жасалған, қалың, жылы төсеніш ретінде түсіндірілсе, тоғай (Ә.Мұрзаев, 1984, 562)-географиялық термин ретінде түркі тілдерінде қолданылып келе жатқан су, өзен алқабындағы орман, шалғын мәніне ие деп қараған. Олай болса өзеннің ағып келе жатқан барысында кеңжайылмалар көп кездеседі. Бірінші жағдайда ақ селеулі шалғын өсімдік өскен алқап алыстан аппақ болып көрінетіндігінен аталады десек, екінші бір атауда алқапта ақ киіз үйлер тігіп жайлап отыруға байланысты делінеді. Үшінші нұсқа ақкиіз жайып ханды қарсы алған жер екен делінеді. Ой елегіне салғанда бірінші нұсқа қонымдырақ.

Атырау – облысымыздың орталығы. Ерте кезде Үйшік атты балықшы қыстағы болған. 1645 жылы орыс патшасы бұйрығымен Гурьев деген көпес тас қалашық салған. 1992 жылдан Атырау қаласы аталады. Атырау – сөзі географиялық терминге жатады. Өзен мұхитқа немесе теңізге сан салаға бөлініп, көп аралдар құрап, құйуын Атырау деп атайды. Мысалы, Еділ өзені мың саламен Каспийге құяды делінген. (Ә.Нұрмағанбетов 1994, 10б) «Атырау – араб тілінде Жайық өзенінің теңізге құятын сағасы», - деп толықтырады.

Жайық – Орал тауынан басталып, Батыс Қазақстан Атырау облыстарын басып өтіп Каспий теңізіне құятын өзен. Ұзындығы – 2428 км.Оның 1082 км алабы Қазақстан жерінде. Ол туралы біздің дәуірімізге дейінгі грек ғалымдары К. Птоломейдің «География» атты еңбегінде «Дайкс» деп атаса, орта ғасырлық араб саяхатшысы Ахмет Ибн Фадлан «Джайх» түрінде атаған. Олай болса Дайк өзені ежелгі заманға тән атау.

Жем – 712 км ұзындықпен Мұғалжардан басталып, Каспийге құятын өзен. Бұл өзен ерте ғасырда «Гем» аталғанын А.Левшин айтса, В.В.Радлов шығыс түркі тілдерінде «Кем» -өзен екенін айтқан. А.Әбдірахманов «Сібірдегі түркі халықтары, Енесей өзенінің Кем-Гем деген. Сондықтан Гем өзені қазақ тілінде бұрмаланып Жем аталып «өзен» мағынасын білдіруі мүмкін» - дейді.

Мұқыр – бұл атау Ақмола, Атырау, Ақтөбе тағы басқа облыстарда кездеседі. Географиялық термин ретінде түркі, моңғол, тұңғыс тілдерінде пайдаланылады. Ғ.Қоңқашбаев «Мұқыр – келте, қысқа ағып келіп, сіңіп кететін өзен» десе, Ойрат, Алтай, Қырғыз, Тува тілдерінде де осы мағынаны береді екен.

Қошқар – атауы таулы Алтай, Қырғыздарда тау есебінде кездеседі екен. Қырғыз топонимисі Д.Исаев 1977, 98 Кочкар атауы моңғол тіліндегі Хоттор – «еңіс, ой, ойпан жер» деп берген. Біздің жағдайымыз да осыған келуі мүмкін. Екіншіден адам аты болуы да ықтимал, себебі, Қошқаров, Текеев, Сарқұнанов, Бурабаев деген азаматтар болған.

Құлсары – 1954 жылдан Жылыой ауданының орталығы, іргесі 1939 жылы Мұнай газ өндірілуге байланысты қаланды. Атауы XIX ғасырдың басында өмір сүрген және осы арада жерленген, ел арасында беделді, көріпкелдігі бар Құлсары батырдың есімімен аталған делінген. Атырау энциклопедиясы 272 б. Күмбезді бейіті бар.

Қосшағыл Мұнай кен орны. 1926 жылы барлау жұмысы жүріп, 1935 жылы пайдалануға берілді. Мұнай төменгі бор, юра, перметриясы дәуірі қабаттарында 81-420 м тереңдікте орналасқан. Атауы қазіргі 1 ауыл мен 2 ауыл орнында сормен бөлінген биік құм төбеге (ондай төбелер ескі мектеп, медпункт орналасқан жерлерде де болған) сәйкес аталған делінеді. Атырау энциклопедиясы 268 бет, Жылыой жылнамасы 2008 ж. 273 бет.

Аралтөбе – «Жеріңнің аты, еліңнің хаты» атты энциклопедиялық анықтамада Аралтөбе деп көрсеткен, жазық далада аралға ұқсап жатқан төбе дейді. Бұндағы Арал дегенге келісуге болмайды. Көптеген оқулықтарда Ара төбе деп аталады. Бұндай төбелер байқаған адамға Молқаттың тұсынан солтүстік шығысқа қарай тізбектеліп бірде бөлек, бірде жалғаса биіктей беретін төбелер Қазбекке қарай араның тісіне ұқсап орналасқан. Қазбектен бері қарай Кіші ара төбе және Бекет ата мен Құлшан ата арасындағы көрінетін биік төбені Үлкен ара төбе деп атайды. 1960-65 жылы Ара төбе су қоймасын жасау жоспарында Жем өзенінің ең қысылып келетін тұсы, Үлкен Ара төбе мен Жемнің арғы бетіндегі үлкен қара жалдың арасы бөгет – плотина салуға ең қолайлы жер деп есептелген. Осы анықтамалық энциклопедияда біраз атаулар берілген.

Аққұдық – Ақ және құдық сөзінен жасалған. Құдық қазғанда топырақ түсінің ақ болуынан аталған.

Биікжал – Жылыой ауданы жерінің көп жері Каспий маңы ойпатында жатыр. Құлсарының солтүстігінде Досының ағы, Иманқарадан бастап, шығысында 35-40 шақырымнан бастап, биіктей беретіні байқалады. Ол жеке төбе, қырқа жалдар арқылы байқалады. Сондай биік төбе, жалдың бірін Биікжал деп атаған.

Жанбике – Ақкиізтоғайдың шығысында Жемнің оң жағасында 55 км жерде бұлақ бар. Ол кісі атымен аталған.

Иманқара – Құлсарыдан солтүстік-шығысқа қарай 65 км. Көне түрік тіліндегі Йаман және қара сөздерінен қалыптасқан атау «Жаманқара» мағынасын береді десе, Атырау энциклопедиясында Сазды шөгінділер мен кірленген құмдар, қоңыр-қощқылдан қара түске дейінгі жыныстардан тұрады. Қара деп аталуындағы екінші буын топырақ түсі болады. 230 бет.

Қайнар – өзен. Ошақ тауының солтүстік етегіндегі бұлақтан бастау алады. Ұзындығы – 144 км. «Бұлақтан басын алатын өзен» мағынасындағы атау. Жоғарыдағы айтқандай, «Жаңа Таң» кеңшарының солтүстік-шығыс шеткі нүктесі «Қаражар». Жем өзенінің көп иілістерінің бірі, География тілінде мияндр делінеді.

Қаражар – топырақ түсіне байланысты атау деп есептеймін. Жардың биіктігі 4-5 м. Судың әр жылғы шаюынан топырақ қабаттары айқын білінеді. Жоғарғы қабатының қарақоңыр топырағы қарсы бетіне қарағанда айқын көрінеді.

Қазбек – географиялық нүкте болғанымен анықтамаларда айтылмапты. Облыс көлеміндегі ауа райын бақылау орталығы, Жаңа таңның жазғы щаруашылық орталығы болып есептеледі. Бұл ірі биік жал, төбе адам атымен аталған болуы керек.

Үйтас – Жем өзенінің оң жағындағы Қаратас жер бетіне шығып жатқан төбе. Ертеректе ауданға сол жерден тас шығарып тасыған. Тас жер бетіне көрініп, кейде едәуір шығып, кей жерінде киіз үйге ұқсап, томпайып шығып жатқан жері кездеседі, соған байланысты Үйтас аталса керек.

Жосалы – Жем өзенінің оң жағынан жаңбыр, қар суын әкелетін терең жыралы сай. Қосмоланың қарсы бетінен орналасқан. Сайдың жарларынан қызғылт, сары, қызыл саздар көрінеді. Бұл жыныс- Перм дәуірінің топырағы болып есептеледі. Жергілікті халық қызыл сазды үй қабырғасын бояу үшін пайдаланған. Оны жоса деп атайды да шыққан сайды жосалы деп атаған.

Терісаққан – бұл да терең. Жосалыдан төмен қарай 4-5 км шамасында Жемнің ағысына қарсы бағытта қосылатын терең жыралы сай. Сондықтан Терісаққан деп аталса керек.

Әбі түбек – Жыңғылдытоғай мекенінен солтүстікке қарай 5-6 км. Жем өзенінің биік жарлы иілісі бар, су тасыған кезде оңтүстік - шығыстан ағып келіп биік жарға соғып, бағытын батысқа бұрып кетеді. Жынысы қатты не сазды болса керек. Жемнің арғы беті мен бергі жағынан темір арқан керілген. Судың маусымындағы, тасыған кездегі деңгейін, жылдамдығын су шығынын есептеп тұратын бақылау орнын Жыңғылтоғай азаматы Әбі деген кісі бақылап өтті. Сол кісінің атымен аталып кетті. Ұрпақтары бар.

Ақжар – Жыңғылтоғай мекенінен 5-6 км Жемнің арғы биік жары. Ақ борлы топырақтан тұруына байланысты аталған. Қазір де айқын көрініп тұрады.

Досының ағы – Досы кісінің аты. Ақ деген сол жердің топырағының түсі. Негізі топырағы бор дәуірінің борынан тұрады. Иманқараның оңтүстік – шығысына қарай, 10-15 км орналасқан биіктік.

Сарқұмақ – топырақтың ақшыл сары түсіне байланысты айтылған.

Ақмешіт – Бекет атаның мешіт салып бала оқытқан, қазір атаның әке шешесі, бауырлары, кесенесі тұрған биік төбе. Топырағы ақ сазды бордан тұрғандықтан, салынған мешіт айналасындағы мәйіттер ақ болып көрінеді.

Құлшан ата – әулие. Борлы, каолинді бор дәуірінің жер бетіне шығып жатқан дөңесінде мешіті ойылып жасалған. Борынан құнды құрылыс материалы – извест жасалынады, мектеп үшін бағалы жазу құралы.

Қосмола – Жыңғылдытоғайдың шығысында 4-5 км Құлшан атаның солтүстігінде Жем жағасында үлкенді-кішілі күмбезді екі мәйіт атымен аталған. Біздің аймағымызда бос тастан салынған молаларды биенің сүтіне қыл қосып илеп, тас басқан делінеді. Күмбездің төменгі терезесіне дейінгі биіктігі тасты маңдайластырып 5 рет орналастырған. Сонда тастың ұзындығы 30 см десек, қалыңдығы 1,5 метр. Содан жоғары қарай жұқарта қалаған. Тастардың арасында қыл қалдықтары анық байқалады. Қай ғасырда тұрғызылғаны, кімдікі екені белгісіз. Бұндай молалар Ақмешіт қорымында да көп болған.

Қаражал – түркі тілдерінде биік жерде (қырқа, төбе, дөн, жал, арқа, сырт) деп атай береді. Бұл жер Жыңғылтоғай мекенінен оңтүстікке қарай 7-8 км орналасқан, Құлшан атаның оңтүстігінде 1-1, 5 км Аралтөбемен жалғасып жатқан биік жер, топырақ түсімен қара қоңыр түсті бұйрығын жусан алыстан қарайып көрінгендіктен Қаражал деп аталған. Бұл жерден қара тас жердің әр жерінен көрініп жатады.

Бұдырақ – Құлшан атаның батысында 4-5 км жерде, тегіс жерден бірнеше бор төбешіктер шоғыры орналасқан.

Жыңғылдытоғай – екі сөзден құралып тұр. Тоғай аталатын жерлер өзеннің бір заманда арнасы кеңінен жайылмасы болған, бұта – талды, жыңғылды шөбі шүйгін алқап, жыңғылдың көптігімен аталған. Бұрынғы Молотов колхозының орталығы. Халқы 1963 жылға дейін жыңғылды отынға пайдаланып келді.

Мәңкіт – екінші атауы Ботай склад – жыңғылдытоғайдан 6-7 км батысында орналасқан. Жемнен шығып, жемге айналып қосатын 1-1, 5 км қашықтықта тайыз сай бар. Ертеректе балалармен сай жағасынан қыш құмыра, күйдірген пештің орнын таптым. Сай жағасындағы ақ борлы құмыра жасауға қолайлы екен. Құмыра сынықтарында өрнек болған жоқ. Бұл атау құмыра жасау дәуірінің атауы болса керек. Кезінде Атырау музейіне хабарлаған болатынбыз. Хабар болмады. Зерттеуді қажет етеді. Кейіннен колхоз кезінде тары құятын қойма жасалған. Оны Ботай деген кісі ұстаған. Содан Ботай склад аталған. Ол 1957 жылға дейін құламай тұрады.

Девител – дұрысы двигатель – Жыңғылдытоғайдан 9-10 км колхоздың егіс алқабы болды. 1953-55 жылдары егіс көлемін, түрін көбейту, ағаш жеміс-жидек өсіру кезеңі кезінде Жемнің арасындағы қара суға 3-4 су тартатын матор двигатель құрылған. Соны халық, балалар естілуіне қарай двигатель атады. Ол атау 1963 жылға дейін болды. Қазір аталмайды. Сол кезде тары, жүгері, қызанақ, қызыл бұрыш мол шықты. Жидек ағаштары егілгенін білемін. Аудан бойынша солай болды.

Үш сай – Жемге қарай қосатын қатар жатқан үш сай атымен аталды. Бұл жер совхоз кезінен Ақкиізтоғайға қарай кең алқап жоңышқа егісіне айналдырылды. Бұл атау аталмайды.

Шеңгелдітоғай – двигательден батысқа қарай 3 км жерде Жем жағасында бұта тіктес тікенді өсімдік, қалың, биіктігі 2-3 м өсіп тұрды. Жазда көкпеңбек алыстан көрінетін. Жем суының шайуынан құлап жойылды. 1960 жылға дейін болды.

Молқат – Ақкиізтоғайдан батысқа қарай 10-15 км бұрынғы Бірлік таң, Ворошилов колхозының жері. Атауы түркі халықтарының тілдерінде мол, барлықты, көпті, кеңдікті білдірсе, қата-қатар дегенді білдіреді. Қалмақшада осыған ұқсас қатар жатқан сай мағынасы болуы керек.

Қарағай – «Жердің аты, еліңнің хаты» деген энциклопедиялық анықтама Қарағайдың қалың өсуіне байланысты делінген. Бұл қате пікір деп есептеймін. Кайнезой эрасының қай дәуірінде де бұл жерде Қарағай өсетін климаттық жағдай болмаған. Бұл Таз руы Көшей бөлімінің бала оқыту үшін Қарағайдан қиып мешіт салғанына байланысты айтылған. Кесене салынып аты жаңғырған.

Құрсай – аты айтып тұрғандай жылдың көп уақытында құрғақ жататындықтан айтылған.

Қамыскөл – жан жағы қамыс болғандықтан айтылған. Құрақ жейтін балық жіберілмесе қазір де қаулап өседі.

Қоңыр орпа – Қоңыр түсті білдірсе, орпа – топырағы қар, жаңбыр суы бірқалыпты сіңіп, көктемгі өлі шөптің, кейін жусанның жақсы шығатын жері айтылады. Көктемде қоңыр бас қалың шығады да, қоңыр түс береді.

Есекжал – «Жаңа таң» серіктестігінің қамыс – құрақ өскен, бұлағы бар жайлысты жері. Жылыой жылнамасы 2008 жыл 185 бет. Сауран айналып көшкен елді осы өңірге Есек батыр, Шотан батыр, Әжібай би, Арал батыр, Есболай батырлар бастап келген. Есек батырдың қалмақтарға қарсы соғыста қарауыл төбесі Есекжал деп аталған делінген. Екінші нұсқа Жылыой жері солтүстігі мен шығысына қарай біртіндеп жеке және жалғасқан төбе, жалға айналып, биіктей Ембі қыратына ұласады. Сондай төбелердің бірі – Есекжал. Солтүстігі, шығыс жағынан тегіс болып келеді де оңтүстігі мен батысына тік құлап түсіп, сорлы тегістікке айналады. Төбенің бірнеше жерінен бұлақ шығып қамыс-құрақ өсетін қорысқа айналған. Аумағы 2-3 км ұзынша, ортасынан нар қамыс өсіп, аяқ басуға болмайтын батпақ, шеті аласа балауса құрақтарға айналады. Бұйрығынды, жусанды төбеден өзгеше болып өсіп, үрпиіп, Есектің жалына ұқсап көрінгендіктен аталуы да мүмкін.

Күре – Есекжалдың оңтүстік батысында 5-6 км жерді айнала тегіс, бір жағы сор, көлемі Есекжалдан кіші, басында бұлағы бар төбеге қамыс құрақ өскен. Есектің құлынын күре дейтінін ескерсек, қазақ ат қойғыш-ау деп ойлайсың. Бұлақтың деңгейінің төмен жерден шықпай екеуінің де төбенің басынан шыққанына таңданасың. Ол геологиялық заңдылық.

Қарақұм – топырақтың түсіне байланысты атау. Мысалы, Қызылқұм, Сарықұмақ тағы басқа.

Кебіртұмсық – Ақкиізтоғайдан шығысқа қарай 20 км тегіс немесе сорлы жерден тік көтерілген топырағы қара кебірден тұратын малдың тұмсығына ұқсайтын төбе, үсті тегіс.

Қасқырбұлақ - Ақкиізтоғайдың оңтүстік шығысында 28 км. Т.Жанұзақтың «Жер-су атаулары» 337 бет, кітабында «Қас» буыны топонимдік мағынасы «төбе», «су жағасы», екінші буыны «қыр» сөзіне көне түркі тілдерінде де жота, төбе дегенді білдіреді. Ал, бұлақ көзі төбеден, қырдан аққан бұлақ мағынасын береді.

Намазтақыр – Жемнің оң жағасында солтүстікке қарай 8-10 км, Кіші Аралтөбенің тұсында төбе қоршаған кең айдын тегіс тақыр. Шеттері көзің ұшында көрінеді. Беті жарылмаған тегіс, Жайнамазға теңеп қойылған болуы керек.

Шөптікөл, Қаракөлдеу – Жемнің солтүстігінде орналасқан, бұрынғы Молотов, XX Портсъезд колхозының шабындық жері. Қардың мол жылдары ойпан алқаптар сумен қанығып мол шөп шықса керек. Атау шөптің молдығымен топырақтың түсіне байланысты қойылған. Қазір ылғалдың аз болуына байланысты шөп шықпайды-ау деймін, аты шықпайды.

Желтау – тау. Биіктігі 221 метр. Қосшағыл кеңшарының жері, оңтүстік – шығыс бағытта 150-160 км. Ембі қыратына кіреді. Желтау батысы және оңтүстігі кең жазықтан кемерленіп, көтеріліп, биік болып көрінеді. Үстіне арнайы жермен шыққан кезде, ені 5-6 км-ге жететін жазық болып келеді. География заңдылығы бойынша биік жер салқын болады, ойпаң, тегіс жерге қарағанда, салқын жерден, жылы жерге қарай ауа жел болып қозғалады. Жылдың көп мезгілінде таудан самал жел соғуына байланысты Желтау аталған. («Ақкиізтоғай жылнамасы», 2022, 201-209б.)



IV.ҚОРЫТЫНДЫ

Қорытындылай келе, бұл жазылған мақала Жылыой ауданының жер бедері, топырағы, климаты, пайдалы қазбалары, геологиясы, гидрогеологиялық жағдайы, экологиясы жалпылама айтқанда физикалық географиясынан сыр шертеді. Сонымен қатар, Ақкиізтоғай ауылының жер-су атауларының ежелден қандай себеппен аталғаны, қандай мағына беретіндігі топонимика сөздіктерінен алынып, зерттелген.

Біздің еліміздің әлі сырлары ашылмаған, көбірек зерттеуді қажет ететін жерлері көп. Бұл өлкенің тарихының тереңде екенін, жер қойнауларына бай, табиғатының ерекшелігін айқындайды. Мендегі мақсат осы Жылыой өлкесінің географиясы туралы мәліметтерді толықтыра түсіп, танымын кеңейтушілер үшін кеңінен насихаттау.





ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. «Ақкиізтоғай жылнамасы». Төлеуов Наурызбай. 2022.













































Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
31.12.2024
310
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі