Ұлттық рухтың негізі -
ұлттық тіл
Ана тілің біліп
қой,
Еркіндігің,
теңдігің.
Ана тілің біліп
қой,
Мақтанышың,
елдігің.
Ана тілің - арың
бұл,
Ұятың боп, тұр
бетте.
Өзге тілдің бәрін
біл,
Өз тіліңді құрметте! - деп,
ақын Қадыр Мырза Әли жырлағандай, мен өз ана тілімді басқа тілден
ерекше көріп, құрметтеймін, ана тіліммен
мақтанамын.
Еліміз тәуелсіздік алып,
ата-бабаларымыз арман еткен еркін, азат елде өмір сүріп жатырмыз.
Тәуелсіз еліміздің ең басты белгісі - бұл ана тіліміз. Ана
тілімізді сақтап, еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізу жолында
қаншама тер, қан төгілді. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке
ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін
ұмтылады. Сондықтан кез келген мемлекет өзінің ана тілін,
салт-дәстүрін ерекше қорғайды. Біз тәуелсіздік алғаннан кейін ана
тілімізге мемлекеттік статус берілді. Қазақстан Республикасының әр
азаматының міндеті ең алдымен ана тілімізді дамытып, оның одан әрі
өркендеуіне үлес қосу.
Ана тілі - халықтың өткен
өмірінің, қазіргі және келешек ұрпағының тарихи бір тұтастық,
мызғымас бірлік белгісі. Ел-жұртымызды, туған жерімізді, оның
табиғатын ана тіліміз арқылы қабылдап, оларға деген махаббатымызды
ана тіліміз арқылы жеткіземіз. Менің ана тілім- қазақ тілі. Ата
Заңымыз Конституцияда "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл
- қазақ тілі" деп анық жазылған. Ана тіліміз бойымызға ана сүтімен
беріліп, отбасыдағы тәрбие арқылы дариды. Әр қазақ баласының өз ана
тілін қадірлеп, оны құрметтеу - міндеті.
Біз қазақ деген ұлы халықпыз, тіліміз де,
дініміз де тек қана өзімізге тән. Еліміздің іргесін шайқалтпай,
босағасын берік ұстап тұрған осы біздің тіліміз бен ұлттық
салт-дәстүріміз. Менің ойымша, әрбір патриот елі, жері, тілі, ұлты
үшін тер төксе, құрметтесе, біздің елдігіміз, тәуелсіздігіміз одан
әрі беки түспек. Ел тәуелсіздігінің ең басты
жетістігі - оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі,
ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре
алмайды. Тіл - ұлттың жан дүниесі.
Шынымен де қазақ халқының басында талай қиын, қайғылы күндердің
болғаны белгілі. Сондай ауыр кездерде, туған жерін, қонысын тастап
кеткен кезде, халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы - ана
сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана.
Бауыржан Момышұлының
"Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту - бүкіл ата
- бабамызды, тарихымызды ұмыту" - деген болатын. Сондықтан
тілімізді ұмытпай, әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елу елдің
қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауымыз керек деп
білемін. Біз еліміздің болашағы - жастар, өз ана тілімізде сөйлеп,
ана тілімізде білімімізді дамытып, тіліміздің мәртебесін
дүниежүзіне танытуымыз керек. Көп жылдар бойы өзге елдің саясатын
қолдап, өз еркіндігімізге қол жеткізе алмағанымыз, тілімізге де
кесерін тигізбей өткен жоқ. Өз тілімізден алшақтап, оны дамыта
алмағанымыз шындық. Алайда біз ата-баба арман еткен тәуелсіздікке
қол жеткіздік, өз мемлекетіміз, дініміз, тіліміз бар. Тіліміз
өмірге жаңа келген сәбидей дамып, өсу үстінде. Мен өз қазақ тілімді
жақсы көремін және барша жастарды, елінің жүрегі қазақ деп соққан
барша азаматтарды ана тіліміз - қазақ тілін өркендетуге, қазақ
тілінде еркін сөйлеп, ойымызды білдіруге, тіліміздің одан әрі
асқақтап, дамуына үлес қосуға шақырамын. Өз ана тілін сақтау және
дамыту – әр азаматтың міндеті мен борышы, бойымыздағы ұлттық рухты
көтеретін, бойымызға мақтаныш сезімін сыйлайтын ерекше
сезім.
Ата-бабамыздан қалған асыл
қазына тілімізді сақтаудың пайдалы жолы - отбасында ана тілінде
сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш,
ренішіңді бөлісіп, кез келген ұлтпен өз ана тіліңде сөйлесу керек
деп білемін. Мен ұлтымды, тілімді сүйемін. Мен ана
тіліммен мақтанамын және мемлекеттік тілімді
құрметтеймін!!!
Тулешов Серғазы
Болатбайұлы
"Каспий өңірі "Болашақ"
колледжі
Құқықтану мамандығының 2 курс
студенті
Ақтау
қаласы