Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Ұлы халықтың-Ұлы Абайы
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Тақырыбы: Ұлы халықтың- Ұлы Абайы
Мазмұны
Кіріспе ………….................……………………...........……........…….....….. 4
Негізгі бөлім
І Абай қара сөздерінің морфологиялық сипаты
1.1 Туынды сөздер .........................................................................................6
1.2 Кітаби тілдік (шағатайша) морфологиялық тәсілдер .............................15
Қорытынды ...........………………………………………......…......................19
Пайдаланылған дереккөздер …………....................…….………...................21
Аннотация
Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері Зерттеуде көздейтін мақсатымыз - ең алдымен, әдеби тіліміздің даму барысының бір дәуіріндегі - ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы- грамматикалық сипатын көрсету.
Екіншіден, грамматикалық тұлға-тәсілдерді активтендіру, нормалау ісіндегі Абайдың қызметін таныту.
Үшіншіден, грамматикалық тұлға - тәсілдердің қазақ поэзия тілі мен проза тілінде, соңғының әр алуан стильдеріне қарай дифференциялану актісін айқындау.
Бұл мақсатқа жету үшін төмендегі мәселелердің шешімін бағалау міндеттері қойылды:
- Абай қара сөздерінің морфологиялық сипаты;
- Морфологиялық тұлғалардың қызметі ( -мақ жұрнақты тұлға; -ар жұрнақты тұлға; ортақ етіс тұлғасының көптік категорияны білдіруі);
- Морфологиялық тұлғалардың кейбір ерекшеліктері (Шартты рай тұлғасының керек сөзімен тіркесі; Кейбір етістіктердің сөздерді меңгерудегі ерекшеліктері; Кейбір морфологиялық тұлғалардың сыртқы формасы жағынан варианттылығы; Абай және әдеби тіл нормалары).
Зерттеу нысаны – Абайдың қара сөздері, тілдің грамматикалық құрылысына қатысты зерттеулер, пікірлер мен ізденістер.
Зерттеу әдістері мен тәсілдері Жұмысты жазу барысында сипаттама, талдау, жүйелеу, жинақтау, саралау, тарихи-салыстырмалы, сараптау, қорыту әдістері қолданылды.
Зерттеудің дереккөздері Абай тілін зерттеуде оның алдындағы, тұсындағы қаламгерлер тілі де қажетінше (әсіресе Ы.Алтынсарин) талданып отырылды. Бұл материалдар, сондай-ақ Абай тіліндегі кейбір жеке жайларға арналған мақалалар, «ХУІІІ-ХІХғ. қазақ ақындарының шығармалары» кітабы бойынша берілді, сондықтан мысалдардарда кітап беті ғана көрсетілді.
Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері проф. Қ.Жұмалиевтің[4], Р.Сыздықтың[5] еңбектері, Абай шығармаларының жинағы, сондай-ақ Абай тіліндегі кейбір жеке жайларға арналған баспа бетін көрген ғылыми мақалалар бұл жұмысымыздың орындалуына тікелей жәрдемін тигізіп, ғылыми тірек-таяныш болды. Абайдың өзінен келтірілген мысалдар оның екі томдық шығармалар жинағы бойынша [6] алынды.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы Әдеби тіліміздің даму барысының бір дәуіріндегі - ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы- грамматикалық сипатын Абай тілі арқылы көрсетіліп, қазақ әдеби тілін дамытудағы қосқан үлесі, жаңалығы, орны анықталып, грамматикалық тұлға-тәсілдерді активтендіру, нормалау ісіндегі Абайдың қызметін танытылады.
Кіріспе
Қазақстан қоғамы үшін әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени өзгерістер мен бәсеке үдерісінде адам ресурсын сапалы дамытудың маңызы өте зор. Оны орындау үшін нарықтық экономикаға негізделген бәсекеге лайықты жаңа заманда жаңаша ойлайтын жеке тұлғаны дайындау шарт. Қазақстан Республикасының президенті – елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында білім және кәсіби машық - заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары туралы: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек»,- деп атап көрсетеді [1].
Осымен байланысты Қазақстандағы жоғары білім беруге негізделген қазақ тілі маманын даярлау жүйесінің көздейтін мақсаты – жан-жақты дамыған, шығармашылық ойлау қабілеті жоғары, өз бетімен білімін жетілдіре алатын, мамандығы бойынша қажетті білім, іскерлік, дағдысы қалыптасқан терең білімді, білікті, ізгілікті маман даярлау.
Қазақстандағы соңғы жылдары болып жатқан әлеуметтік-саяси өзгерістер білім беру жүйесінің барлық салаларына қарқынды өзгерістер алып келді. «Білім туралы заң», «Жоғары білім туралы заң», «Қазақстан республикасы гуманитарлық білім беру бағдарламасы», «Қазақстан республикасында жоғары білімді дамыту стратегиясы», «Білім беру туралы мемлекеттік бағдарлама», «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» т.б. мемлекеттік құжаттар білім беру мазмұнын анықтап беріп отыр. Аталмыш құжаттарға сәйкес жоғары білім беруді дамытуда көзделетін негізгі мақсат: «Оқытудың жоғары сапасын қамтамасыз етуге қабілетті және ғылым, мәдениет, білім беру процесін бірлікте тану негізінде жас ұрпақты тәрбиелейтін жоғары білім берудің тұңғыш жаңа ұлттық моделін қалыптастыру болып табылады» [2,7].
«Білім беру – қоғам мүшелерінің адамгершілік-интелектуалдық, мәдени және дене дамуы мен кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейіне қол жеткізуді мақсат ететін үздіксіз тәрбиелеу мен оқыту процесі» [3,180].
Осыған сәйкес жоғары білім беру маманның болашақ қызметіне сәйкес біртұтас, жүйелі, іргелі білім, кәсіби іскерлік, дағдылармен қаруландыруды және арнайы шығармашылық және ғылыми ізденушілік қабілеттерін дамытуды көздейді.
Бертіндегі жазу нұсқаларының, әсіресе жеке жазушы тілінің грамматикалық құрылысын сөз еткенде, классикалық грамматиканың тәртібімен бастан- аяқ барлық категорияларды суреттеп шығудың қажеттігі жоқ. Әдетте әңгіме «ерекшелік» болып түсетін грамматикалық тұлға тәсілдер айналасында болады. Ол ерекшеліктердің өзі әдеби тілдің қазіргі нормасымен салыстырылып айқындалады.
Өткен ғасырларда жазылып алынған ауыз әдебиеті үлгілерінің ( өлеңмен берілген эпостардан бастап, қара сөзбен айтылған қарапайым ертегі-аңыздарға шейін), сол кезде баспа бетін көрген жеке ақындар шығармаларының, екі тілдік сөздіктердің, ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ баспасөзінің тілдеріне және қазақ тілі грамматикасы туралы өткен ғасырда орыс ғалымдары жазған ғылыми мағлұматтарға қарағанда, қазақ тілінің негізгі грамматикалық тұлға-тәсілдері қазіргі кездегіден көп ажыратылмайтын сипатта қалыптасып үлгергені көрінеді. Әсіресе қазақ тіліндегі септеу, тәуелдеу, жіктеу жүйесі ХІХ ғасырдан да көп бұрын қазіргі нормада тұрақталған. Сондай-ақ етістік саласындағы біраз категориялар ( шақ, етіс, жекеше-көпшелік т.б.) қазіргідей түрінде нормаланған. Әрине, бұдан ешбір айырма - өзгеріс жоқ деген тұжырым шығуы мүмкін емес. Мысалы, кейбір морфологиялық тәсілдің сыртқы тұлғалануы жағынан өзгешелеу болуы мүмкін: баратұғын ~ баратын, менен~ мен, дайын ~ дай т.т. Немесе бір грамматикалық мағына бірнеше амалмен берілуі мүмкін, айталық, қимыл қажеттілігін (осы күнгі бару керек тұлғасы) бірнеше тұлғамен беру: бармақ керек, бармаққа керек, барарға керек, барса керек, бару керек, баруға керек. Сондай-ақ сөз тудыру саласында едәуір өзгешелік болады: қазірде актив жұрнақтар өткен ғасырда әлі бұл дәрежеге жетпеген болу мүмкін, немесе белгілі бір жұрнақтың тудыратын мағынасы осы күнгіден өзгеше болып келеді. Сол сияқты проза тілінің синтаксисі соңғы жүз жылдың ішінде едәуір айырма - өзгерістерге ие болды. Ол өзгерістерді туғызған себеп-факторлар да әр алуан. Сайып келгенде барлығы да әдеби тілдің нормалану процесіне қатысты болғанмен, сол процесс жолында себепкер болған мотивтер түрліше болып келеді, оның ішінде ықшамдалу құбылысы да бар, дифференциация тенденциясы да бар (қазірде –мақ жұрнақты тұлғаның қимыл есімі үшін ажыратылуы), өзге тілдердің әсері де (әсіресе синтаксистік құрылыста) себепкер болады т.т. Сондықтан осылардың барлығы Абай тілінің грамматикалық құрылысын да сипаттап өтуді қажет етеді.
Осы айтылғандар зерттеу нысанына алынып отырған тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
1 Абай қара сөздерінің морфологиялық сипаты
1.1 Туынды сөздер
Қара сөздер деп ат қойып алған прозалық шығармаларының өзін жақсылап танып алсақ. Абайдың қара сөздері жайында кеңінен сөз етіп, толық баға барген адам – М.Әуезов болатын. Ол өзінің монографиялық еңбегінде: «Қара сөздер көркем прозаның өзіне бөлек, бір алуаны болып қалыптасады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естелік, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі»,- деп бағалады [7,213].
Туынды сөздер ыңғайында Абайда кездесетін сөз тудырушы жұрнақтарды және синтаксистік амалдарды регистрациялап шығу мақсатын көздейміз. Талдау үстінде кейбір аффикстердің қызметтері ғана емес, олардың актив-пассивтілігі, стильдік немесе басқа да мотивтерге орай пайдаланылғандығы қоса сөз болып отырады.
Талдау барысында бірінші орында сөз жасаудың морфологиялық тәсілі, яғни жұрнақ жалғау амалы тұратындығына, екінші орында синтаксистік тәсілдерден сөзді қосарлау және тіркестіру жолдары келетіндігіне қөз жеткізуге болады.
Абай тіліндегі ең өнімді жұрнақ –лық, (-лік, -дық, -дік, -тық,- тік). -лық арқылы жасалатын сөздердің морфологиялық құрылымы біркелкі емес: ол негізгі түбір тұлғаға да ( первичная основа), туынды тұлғаға да (вторичная основа) жалғанған. Әрине , ең көп ұшырасатыны - бұл жұрнақтың тікелей түбірге жалғануы: адалдық, адамдық, азаматтық, азаттық, ақымақтық, аламандық, арамдық, байлық, балалық, балуандық, барлық, батырлық, беріктік, билік, болыстық, бірлік, дұшпандық, ездік, еркелік, жақсылық, жалғандық, жамандық, жастық, жомарттық, жоқтық, жүйріктік, жылмаңдық, жылылық, жігіттік, зарлық, зорлық, имандық, иттік, кәрілік, кедейлік, кедендік, кісілік, қарсылық, қастық, қаттылық, қомдық, қорлық, қулық, құдайлық, құмарлық, масқаралық, мастық, момындық, мырзалық, надандық, оңайлық, ортақтық, өрлік, паңдық, салғырттық, салдарлық, солдаттық, софылық, суықтық, тентектік, тоқтық, тірілік, шалқақтық, шеберлік, шешендік, хақтық, ұрлық, ұсақтық, үлкендік, ынтықтық т.б.
-лық жұрнағы жалғанған түбірлер төл сөздер де, араб-парсы сөздері де (ғашықтық, софылық, хақтық, растық), орыс сөздері де (солдаттық, болыстық) болып келеді.
Бұл жұрнақтың түбір сөзге жалғанғандағы беріп тұрған (Абай тілінде) мағыналары мен қызметтері мынадай:
-
Абстракт ұғымдарды, яғни құбылыс, күй, сапа атауларын, адам өмірінің кезеңдерін т.б. білдіретін зат есімдер жасайды: адамдық, адалдық, байлық, кедейлік, балалық, жігіттік, кәрілік, достық, дұшпандық, иттік, қулық, құмарлық, надандық, растық, болыстық ( екі мағынада: бірі- әкімшілік инстанциясының жинақты-абстракт атауы, екіншісі - болысу етістігінен жасалған дерексіз ұғым аты). Бұл тәсіл және осы көрсетілген мысалдар қазақтың жалпы халықтық тіліне тән, сондықтан оларды ауыз әдебиеті үлгілерінен де, өзге ақындардан да жиі кездестіреміз. Абайдың осы модельмен бірнеше жаңа сөз жасап әдеби тілге қосқанын жоғарыда айттық.
-
–лық жұрнақты модельді Абай әсіресе аударма шығармаларында актив пайдаланған: Жанында суықтық бар бір жасырын [6,104] - И царствует в душе какой-то холод тайный (Лермонтовтан). Азаттық пен тыныштық көксегенім [6,213] – Я ищу свободы и покоя (Лермонтовтан). Кеудемде осы жүрек тұрған шақта, Жақсылық жоқ өзіме мен дәметер [6,100] - Пока сердце в груди моей бьется, Не увидит блаженства оно (Лермонтовтан). Жаның шошыр өрлігі жаннан бөлек, Кісіге балдан тәтті орны келген [6,72]. Бұлардың барлығында да орыс тіліндегі түбір және туынды дерексіз есімдердің баламасын –лық жұрнақты туынды сөздермен берген [5,190].
-
-лық жұрнағы арқылы жасалған сөздердің бір тобы нәрсе атауларын білдіретін зат есімдер болып келеді: ахиреттік (кебін), жарлық, қомдық, ішкілік. Бірақ бұл типті туындылар Абайда көп емес және барларының өзі халық тілінен алынғандар. Бұл үлгімен Абай өзі жаңа сөздер жасамаған. Бұл модельмен оқулық, сөздік, орталық (зат есім мағынасындағы) тәрізді көптеген жаңа сөздердің жасалуы соңғы екі – үш он жылдықтардың жемісі екені белгілі. Мысалы, жарлық- өте ертеден келе жатқан туынды сөз. Жалпы халық тілінде және Абай тілінде бұл сөз екі мағынада жұмсалған: а) хан, патша т.б. тәрізді өкімет иесінің бұйрығы, әмірі: Жарлықты кешіктірмей тез беріңіз[6,134]. б) құдайдың «бұйрығы», «кесімі», «жазғаны»
3) –шы +лық болып ажыратылатын түрімен жасалған сөздер адамның кәсібінің, мамандығының түрін білдіреді: Суретшілік, бәйітшілік, қойшылық. Абайда да, оның алдындағыларда да бұл жұрнақтар қосындысымен осы күнгі тіліміздегідей шаруашылық салаларын атау ( егіншілік, бақшашылық, шаруашылық) фактісі жоқ.
Келесі күрделі ( құранды) жұрнақтың бірі –лы +лық адамның ішкі қасиеттерін білдіретін дерексіз есімдерді жасайды: тоқтаулылық, шыдамдылық, арлылық, намыстылық, табандылық, талаптылық, рахымдылық, мейірбандылық, байлаулылық, естілік. -лы +лық аффикстері арқылы Абай көптеген жаңа сөздер жасаған: тоқтаулылық, байлаулылық, арлылық, намыстылық тәрізді сөздер халық тілінде потенциялды болғанмен, Абайдан өзге нұсқалардан көп кездеспейді[5,193].
–лы +лық аффикстер қосындысының антонимі –сыз+дық құрамасы. Бұл да активтенуі жағынан да жаңа туындылар жасау жағынан да Абайда –лы +лық жұрнағымен қатар тұрады: білімсіздік, жігерсіздік, ұятсыздық, қайратсыздық, қайғысыздық, тиянақсыздық т.б.
-лық жұрнағының бұлардан басқа есімше жұрнақтарымен (-ар, -ған) және етістіктің –мақ жұрнағымен қабаттаса қолданылғандары Абай тілінде орын алады. –Мақ+тық тұлғалы сөздер –мақ жалғанған қимыл иесінің есімінен дерексіз ұғым атауын жасайды: табылмақтық, танымақтық, айырмақтық, иланбақтық, сүймектік, қызықпақтық. Бірақ бұларда өзбек тіліндегідей қимылдың орындалу мүмкіндігін білдіретін оттенок жоқ. Бұл туынды сөз мағынасы жағынан –мақ немесе –у жұрнақты және –у+шы+лық жұрнақты тұлғалары сай келеді: сүймектік ~ сүймек ~сүю~ сүюшілік, -мақ пен –у жұрнақтарының өзі сөзге абстракциялық мән береді: жүру немесе жүрмек – жүру қимылының жалпы атауы (орысша хождение дегенді білдіреді). Мұның үстіне –лық жұрнағы тіркескенде абстракция одан әрі күшейеді. Абай осы күнгі –у жұрнақты қимыл есімінің орнына көбінесе –мақ жұрнақты тұлғаны қолданғандықтан, оның етістік негіздерінің дерексіз ұғымдағы есім жасауда –мақ+тық қосындысын жиі пайдалануы түсінікті болып шығады. Әсіресе бұл тәсіл оның прозасының тіліне тән. Қазірде –мақ+тық түріндегі аффикстер қосындысынан туынды сөз жасау - өнімді тәсіл емес.
Есімшінің –ған жұрнақты түріне –лық аффиксін жалғап жасалған тұлғалар да Абай текстеріне жат емес: білгендік, үйден шықпағандық қылып, зор болғандық әсері, арызы жеткендік, сыйы өткендік, заман өзгергендіктен ескіріп, жан кеудеден шықпағандық, адам жаулағандық т.б.
Қазіргі қазақ тілінің нормативтік-ғылыми грамматикаларында мұндай тұлғаның (-ған+дық) бар екендігі туралы ауызға алынбайды, ал шындығында бұл қазіргі нормамызда өнімді тәсіл бомаса да, тіл тәжірибесінде мүлде жоқ тұлға емес. Абай туынды сөздің бұл түрін өте актив қолданған, өткен шақтық есімшелерге –лық жұрнағын жалғау – есімшені субстантивтеудің, ал кей жерде адъективтеудің (зор болғандық әсері) грамматикалық тәсілі болып табылады.
Келер шақ есімшеге (-ар жұрнақты) –лық жұрнағын тіркеу арқылы жасалған тұлғалардың қызметі мен мағынасы бұдан гөрі өзгеше:
біріншіден, –ған+дық тұлғасы –ар +лық тұлғасына қарағанда Абайда сан жағынан сиректеу ұшырайды, ал –ар+лық жұрнақты сөздер өнімділігі (жиілігі) жағынан екінші орын алады, бірінші орынды, біздіңше, -лық жұрнағы тікелей түбір сөзге жалғанып жасалған туындылар алады. Екіншіден, -ған+дық тұлғасы, көбінесе, субстантивтенуде есімдер (зат есім) болса, -ар+лық тұлғасы адъективтенген есімдер (сын есім) ретінде қолданылады: сыйласарлық кісі, өлерлік жан, ұяларлық нәрсе, мақтанарлық орын, көндірерлік күш, ұқтырарлық тіл т.б. Бірақ –лық жалғанған есімшенің екі түрі де өздерінің етістік белгісінен мүлде айырылып қалмайды, сондықтан көпшілігі өзге есімдерді белгілі бір септікте меңгеріп, солармен тіркесте қолданылады: жатқа мақтанарлық мақтан, соғысқа жарарлық кісі, ата-ананы тұзақтан құтқаралық бала, сөзді ұғарлық жан, еңбегіңді білерлік еш адам жоқ; қуанарлық қыз емес жылтырауық таққанға.
Абайдағы –ар+лық жұрнақты сөздер семантикасы жағынан –а+тын жұрнақты ауыспалы шақтық есімше тұлғасына бірқыдыру жақын келеді: соғысқа жарарлық кісі -соғысқа жарайтын кісі; тұзақтан құтқарарлық бала- тұзақтан құтқаратын бала. Бұл сәйкетік әсіресе –ар+лық тұлғасы етістікпен тіркесіп келген жерлерде айқын сезіледі: ол бала сені асырарлық (~асырайтын) болып туа ма; баланың мал табарлық (~ табатын) болары т.б. Дегенмен, -ар+лық тұлғасында адъективтену мағынасы күшті, сонымен қатар мұнда көрсетілген қимыл- сынды жүзеге асыру потенциясы (ұғымы) бар. Сондықтан автор сол кезде де, қазірде де өнімсіз бұл тәсілді осы оттеноктерді беру үшін әдейі қалап қолданғанға ұқсайды.
Некен-саяқ жағдайда Абай –ар+лық тұлғасын таза субстантив ретінде қолданып, зат есімдерше септік, көптік, тәуелдік жалғауларын жалғайды:[айтарыңды] ана сөзді ұғарлықтарға айт [6,166], Маған да біреу жалынарлыққа жеткен екенмін [6,189]. Енді елді түзерлігі-ақ қалған [6,165]. Бұл қолданыстардың мотиві Абайдың сын есімдерді жиі субстантивтендіру әдетіне байланысты, бұл жерде –ар+лық тұлғасын Абай сын есім ретінде алып отыр. Келер шақ есімшенің болымсыз түрі де –лық жұрнағын жалғап келе береді (рас, бұл әлдеқайда сиректеу): білместік, үміт үзбестік, ұмытпастық.
Қазіргі тілімізде –ар (-мас) жұрнақты келер шақтық есімшеден –лық арқылы жаңа тұлға жасау- нормалық өнімді тәсіл емес, -лық жұрнағы Абайда сын есім жасайтын –шақ,- кер,- ғыш,- қой т.б. жұрнақтармен де қабаттасып келіп адамға тән қасиеттің жалпы атауын білдіреді: жеңсікқойлық, нанғыштық, сенгіштік, қорғалауықтық, күнәкәрлық, мақтаншақтық, борышқорлық.
Абай текстерінде бір компоненті –лық жұрнақты тұрақты тіркестер де жиі ұшырайды: мал тапшылық, көрсе қызарлық,қолы тарлық, ит қорлық, әсем салдық, тән саулық, қызба бастық, күлкі тоқтық т.б. Бұлар септік жалғаулы сөздерді меңгеріп тұрған етістікті (есімшелі) грамматикалық тіркстерден өзгеше, өйткені алдыңғылардың негізі- көрсе қызар, қолы тар, әсем сал тәрізді фразеологиялық единицалар.
Сөйтіп, -лық –Абай тілінде ең өнімді сөз тудырғыш аффикстердің бірі. Бұл құралмен жасалған сөздердің ішінде жалпы халықтық тілде қолданылып келгендері де, Абай жасаған жаңалары да бар. Жаңалары- бір қатар абстракт есімдер мен сын есімдер.
-лы арқылы жасалған сөздердің бәрі түбірде (негізде) аталған заттың бар екендігін білдіреді.
Кей реттерде –лы жұрнағының жалғануы факультативті сипат алады (яғни жалғанбай да келе береді), өйткені, біріншіден, -лы жұрнағының жалғанбағандығы мағынаға нұқсан келтірмейді, екіншіден, мағынасы әрі қызметі бірдей сөздер –лы жұрнағын жалғап та, жалғамай да қатар келе береді. Салыстыр: Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ, Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті [6,47]. Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы, Тояттаған бүркіттей салқы түсті [6,47].
Мұндағы қоян жақ, бөкен қабақ дегендер де, өзгелеріндей, қоян жақты, бөкен қабақты түрінде келе алар еді. Сондай-ақ қырлы мұрын ~қыр мұрын [6,24].
-лы жұрнағының сын есім түбірлеріне жалғануы қазіргі тілімізге тән емес. «Суффикс обладания –лы/ -ты может присоединяться тепер только к именам существительным, а к прилагательным- лишь в случае образования антонимического повтора, вроде ұзынды-қысқалы « имеющий и длинное и короткое», т.е. « все меры длины» [9,10]. Сондықтан Абайда кездесетін қызықты (нәрсе, уақыт), қымбатты (шақ), тынышты (ат) туындылары факультативтік құбылыстар болып табылады.
Абайдағы өзге де сын есімдер сияқты –лы жұрнақты туынды сын есімдер де сөйлем ішінде субстантивтеніп келеді.
Абайда -лы арқылы өзі жасаған жаңа сөздер аса көп емес. Біздіңше, өнерлі) және қол өнерлі, сәулелі (кісі), жетімді (жеткілікті сөзінің дублеті), мінді (мінсіз-дің антонимі), кеселді (түйін, қылық) сөздерін ғанаАбай өзі жасаған болар, немесе кейбіреулерін активтендірген болар.
-сыз жұрнағы –лы жұрнағының антонимі. Ол да көбінесе Абайда туынды түбірлерден –ым, -у жұрнақты сөздерге жалғанады: жарамсыз (қылық), болымсыз, толымсыз(жұрт), тынымсыз, ұғымсыз, тиымсыз,өлшеусіз, теңеусіз. Бұлардың барлығы да халықтық тілдікі. –сыз жұрнағы фразеологиялық тіркестерге де жалғанған: Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін [6,122]. Ала қолсыз мырза еді [6,194].
-шы (-ші) жұрнағы қазіргідей Абай тұсында да өнімді аффикстердің бірі. Беретін мағыналары: адамның кәсібін, мамандығын білдіру. Абайда бұл мағынадағы сөздер көп емес: бояушы, тігінші, кестеші, бітімші, күтуші.Ал қалған жағдайда белгілі бір қасиет, жағдай, қылық, мінез иесін білдіреді: тыңдаушы, үйренуші, ыза болушы, сыншы, сынаушы, айтушы, өсекші, өтірікші, алдамшы, билеуші, әмірші, басшы, ойнасшы, арызшы, амалшы. Осы мысалдардан көрініп тұрғандай, -шы жұрнағы түбір сөздерге де, туынды сөздерге де, туынды сөздерге де жалғанған. –шы жұрнағы арқылы жасалған жаңа сөздер Абайда көп емес. Суретші (сурет салатын өнерлі адам), сыншы (сын айтушы), амалшы (интриган), айтушы («ақын» мағынасында), тыңдаушы ( «оқушы» мағынасында),арызшы («арыз бергіш адам»), бастаушы сөздері Абай активтендірген сөздер болуы мүмкін, өйткені осы көрсетілген мағыналарда Абайға дейінгі не тұстас қаламгерлер тілі мен ауыз әдебиетінен кездестірмедік, (сыншы сияқты сөздер бар- бірақ ол көбінесе «атты сынаушы»дегенді білдірген: Хан Қореннің қолында Бір сыншысы бар еді- «Қыз Жібек», 1963,42). «Читатель» мағынасындағы оқушы сөзі де Абай тұсында туа бастағанға ұқсайды. Бұл сөзді Абайдан басқалардан да кездестіре бастаймыз. Мысалы, Ақанда : Оқушым айтушыдан болсын зият. Бұл қатардан Абайда өте жиі қолданылған сөз –алдамшы: алдамшы өмір, алдамшы саудагер, алдамшы шайтан, алдамшы болу.
Сірә, заманынан, замандастарынан үміті, арманы алданған ақын осы сөз арқылы өзінің айналасына (болмысқа) деген көзқарасын білдірген болу керек.
-шыл (-шіл) жұрнағы адам мінезінің қасиетін, оның бір нәрсеге бейімділігін білдіреді. Бұл – Абайдың таңдап алып, өте жиі пайдаланған жұрнағы. –шыл жұрнағы жалғанған сөздерді, көбінесе, шындыққа сай жағымсыз мазмұндағы ұғымдарды (қасиет, белгі) білдіруге жұмсайды: қиянатшыл, жікшіл, қошеметшіл, байбайшыл, өзімшіл, оразашыл, намазшыл, ойшыл деген екі сөз жаңа ұғымдарды білдіретін неологизмдер екенін айттық: шыншыл-дана, шындықты айтушы, реалист: ойшыл- «мыслитель» және «мечтатель»- дегендердің баламасы.
-ма (-ме, -ба,- бе, -па, -пе) жұрнағы. –ма жұрнағы Абай кезінде қазіргідей актив болмаған. Мысалы, Абайдың тұсындағы жалпы халықтық тілде де, Абайдың өзінде де осы күнгі шығарма, тапсырма, міндеттеме, мінездеме, сипаттама, қоспа зат есімдері жоқ емес. Дегенмен, Абайда бұл жұрнақты сөздер жоқ емес: елерме, таңдама (таңдалған зат, нәрсе, қазіргідей жазушының жинағы - кітабы емес), қылт етпе. Бұл тұлға Абайда сын есім мағынасында да жұмсалады да: бояма күлкі, елірме күлкі.
-ым(-ім -м) жұрнағы арқылы жасалған туынды сөздерден Абай тілінде бітім, күтім, тыным, өсім, кесім, бағым сөздері кездеседі. Бұлар процесс атауын немесе қимылдың нәтижесін білдіреді. Бұлардың ішінде Абай заманында туған бірен - саран неологизмдер де (өсім) бар. Қалғандары халықтық тіл қорлары. Сірә, өткен ғасырда –ым жұрнағы әлдеқайда активтеу болғанға ұқсайды, етістіктен есім тудыратын тәрізді жұрнақтармен қызметі ажыратылмай, қатар қолданылған сәттерін табамыз. Мысалы, Келімі келген кер миық. Туымына әркім ден қойған (Базар, 237,242). Болымы жоқ бозбала (Майлы, 212). Бұл сөздердің бірқатары қазіргі әдеби тілімізде көп қолданылмайды.
-қыш (-кіш, -ғыш, -гіш) жұрнақты сөздер Абайда белгілі бір әрекет-қимылды істеуге бейімді адамды білдіреді: қызметке таласқыш, ары кеткен алдағыш, уайым-қайғы ойлағыш, қулық көргіш, сұмдық білгіш. Және көбінесе бұлар жағымсыз іс-әрекетке бейімділерді атайды. Сондықтан –ғыш жұрнақты сөздердің көпшілігі Абайда өзге де мысқыл, ажуа, сөздермен қатар қолданылған: Кісімсіп белгілі білгіш. Біреуге сондай-ақ күлгіш [6,90]. Сөзуар, білгіш, Закончик, көргіш [6,91]. Қозғау салып қоздырғыш [6,149]. Ары кеткен алдағыш [6,149].
Қимыл атауын білдіретін –ыс жұрнағы арқылы жасалған жаңа сөздер Абайда жоққа тән. Абай қолданған соқтығыс, ұрыс, соғыс сөздері жалпы халықтық қолданыстағылар. Өнімді –дай (-дей,-тай,-тей; -дайын,- дейін) жұрнағы өз қызметінде Абайда өте жиі кездеседі: гүлдей, шоқпардай, инедейін.
-қор, -кер, -паз, -қой, -кез, -дар, -ман жұрнақтарымен жасалған сөздер де Абай тілінен орын алған: құмарпаз, сезімпаз, өнерпаз, әсемпаз, жауапкер, намысқор, сәнқой, даңғой, хабардар, аларман, берермен. Бұлар да Абай туындылары емес. Көрсетілген жұрнақтармен келген сөздер өткен ғасырлардағы әдеби тілде сирек болса да, батыл қолданылғаны көрінеді. Бұлар ауыз әдебиетінде де ұшырасады. Мысалы, Бұхар жырау текстерінде қызметкер, үміткер, намыскер сөздері, мақалдарда аларман, берермен т.б. бар: Үміткер болып барша тұр. Хабардар болып қарайын ( «Қамбар» 1957, 40, 70). Ақыр бір күн болармын Сол жігітке қызметкер ( «Қыз Жібек», 1963, 76). Өнімсіз көне –сақ,-сек жұрнағымен келген сөз Абайда 2-3 жерде қолданылған: сұрамсақ, тілемсек. Бұлар да бұрыннан келе жатқан туындылар. Салыстыр: «Саудагер ажарын сатады, сұрамсақ назарын сатады» (мақал). Өте сирек кездесетін –дақ,-дек (жүрдек, жалпылдақ, тастақ) –шақ, -шек (ұялшақ), -шық, -шік (төменшік, таусыншық), -ғы (тұрғы) жұрнақты сөздерді де Абай халық тілінен алып пайдаланған. Абай жаңа сөздер жасауда бұл жұрнақтарға көп жүгінбегені көрінеді. Сөз жасайтын жұрнақтардың ішінде Абайда тағы да жиі кездесетіндерінің бірі есімнен етістік тудыратын –сы аффиксі. Бұл жұрнақпен бұрыннан жасалған сөздерді Абай өте актив қолданады. Олар: кісімсу, көрмегенсу, құдайсу, адамсу, қамқорсу, білмегенсу т.б.
Абайда қарт сөзі қартаң түрінде қолданылады. Сірә, бұл –аң жұрнағының Абай өлкесінде едәуір өнімді тәсіл екендігіне байланысты болу керек. Қазақстанның, Семей, Шығыс Қазақстан аймағында мол сөзі молаң, жазық сөзі жазаң, қашық сөзі қашаң (М. Әуезов тілінде) түрінде қолданылған фактілері бар[10,82]. Есімнен етістік тұғызатын -ла, -( -ле, -та, -те, - да, -де) жұрнағының жалпы қазақ тілінде қай заманда да өте өнімді болғаны аян. Бұл жағынан Абай тілі де оқшауланбайды. Бұл жұрнақтың өткен ғасыр текстерінде қолданылуына тән бірер ерекшелігін айтуға болады. Бірі─ -ла жұрнағының жалғанатын түбірлерді таңдауда еркіндеу, кеңдеу болуы. Осы күнгі әдеби тілімізде бұл жұрнақпен тікелей етістік жасалмайтын кейбір есім түбірлері өткендегі қазақ тілінде кездесе береді. Мысалы, тезге салу деудің орнына тездеу, сондай-ақ арлау, жарлау, орлау т.б. : Алдын қазып орласа; намысқа тиіп арласа; Алдын әкеп жарласа (Майлы, 206). Бұл құбылыс Абайда да бар: мін, жат («бөгде адам») сөздеріне -ла жұрнағын тікелей тіркейді: Жақынын жалған міндейді[6,58]. Қазірде бұл- мінейді, мін тағады түрінде нормаланған. Қайырсыз ит деп жатады [6,59] ─жатқа санайды, жат көреді. Әрине, бұл аса өнімді емес, дегенмен халық тіліне тән еркіндіктің салдары ХІХ ғасыр әдеби тілінде із қалдырған[5,198].
Түркі тілдік емес бей-(би-), -на, -и тәрізді аффиксті сөздер де өткендегі қазақ тіліне жат емес, бірақ өнімді, мол да емес. Қазіргі нормадағыдай, өткенде де бұл қосымшалар жалғанған сөзімен қоса лексикалық тұтастық ішінде келген, сондықтан араб-парсы сөздерімен ғана айтылады да, қазақтың төл сөздерінен туынды элементтер жасамайды. Осы күнгі лексикалық нормамызда құрамында осы аффикстер бар сөздердің өзі сан жағынан шектеліп, тұрақталғаны байқалады. Ал өткенде бұлардың аз-көп кездесуі авторға байланысты болған. Кейбір қаламгерлер, әсіресе оңтүстік өлкесін мекендеген Майлы, Базар тәрізді ақындар, бей- префикстері бар шығыс сөздерін молырақ пайдаланған: Бетеге мен жусаннан бейқадір қып (Майлы, 211), Бейқайраттың белгісі (сонда, 193). Ал Абай бейхабар, бишара, бейжай, бейғам тәрізді халық тіліне сіңіскен сөздерді ғана пайдаланған да, өзі жаңадан сөз жасамаған. Бей- префиксінің қызметін қазақтың –сыз жұрнағы актив атқарған, сондықтан Абайда бейқайрат, бейқадірлер емес, қайратсыз, қадірсіз сөздері табылады. –и жұрнақты сөз Абай тілінде аса көп емес. Көбінесе «Қара сөздерінде», онда да кейде тіркес ішіндегі сөздерде кездеседі: шаһари, кәсіби, жибли, арзуи, әдәби (< әдеп+и), әзәли т.б.
Сөз жасаудың синтаксистік тәсілдері- сөздердің қосарлануы, бірігуі және тіркесуі біз әңгіме етіп отырған кезеңде, оның ішінде Абай тілінде қазіргідей жүйелі амалдар, бірақ өнімділігі жағынан бірдей емес.
Абай қолданған қос сөздер тілдік тегі жағынан:
а) екі компоненті де түркі (немесе түркі- моңғол) сөзі;
б) бір компоненті қазақ, екіншісі араб-парсы сөзі;
в) екі компонеті де шығыс сөздері болып келеді.
Екі сыңары да түркі элементтерінен жасалған қос сөздердің басым көпшілігі жалпы халықтық тіл қазынасынан алынып қолданылғандар, олар сол кездегі сөйлеу тілдінде де, қазақ әдеби тілінде де, ауыз әдебиеті тілінде де кездесетіндер. Бұлар морфологиялық құрылымы жағынан қайталама түбірлерден (айтып-айтпау, айтшы- айтшылау, ақырын- ақырын), қарсы мәнді түбірлерден (алыс-жақын, жатпай- тұрмай, күні- түні, оңды- солды, өлер- тірілер, ыстық- суық), мәндес түбірлерден (шаң- тозаң, күш-қуат, ар-ұят, ұры-қар, ұры- бөрі, уайым- қайғы, телі- тентек, құлын- тай, қат-қабат, күй-жай, кем- кетік, жоқ- жетік, сұм- сұрқия, сәлем-сауқат, дау-жанжал, бақсы-балгер) жасалған қос сөздер болып келеді. Сондай-ақ қазақ тілінде өнімді қолданылған еліктеуіш қос сөздерді (пыш-пыш, сап-сап, алаң- жұлаң, әні-шаны, бұрқ- сарқ, бүлк- бүлк т.б.) Абай да еркін пайдаланған.
Бір сыңары шығыс сөздері болып келетін қос сөз сөздер де Абайда кездеседі, бірақ олар да халықтық тіл қорынан, (дос- жар, жер-жиһан, сән- салтанат) және сан жағынан өте шағын. Ал екі сыңары да араб- парсы элементтері болып келетін қос сөздер мұнан да аз (қарып-қасер, әділет- шапқат, ғиззат-құрмет).
Абай сөзді қосарлау арқылы жаңа лексикалық единицаларды жасауды басты, өнімді тәсілдердің бірі етіп алмаса да, кейбір зерттеушілер танығандай[8]. мағыналары жуық кейбір сөздерді қатар қолданып, кейде қос сөз дәрежесіне келтіру тенденциясы бар. Мысалы, ағайын- жұрт, ағайын- туған, ақыл- ой, арқа- басы, ашап-ішу, әл—қуат, думан- сауық, дос- асық, жылай-жырлай,зар- нала, керенеу-кердең, керім- кербез, қоңыр-күңгір, әділет- шапқат, ғиззат- құрмет тәрізді парларды Абай өзі тіркестірсе керек. Бұлар қос сөз категориясына өте жуық келеді, әрине, кейбіреулерінің араларына үтір қоюға да болады (солай жазылып та жүр: керенау,кербез, бір керім т.т). Е.Жанпейісов дұрыс көрсеткендей[11,42] , Абайдың сөзді қосарлап қолдану әрекеті Мұхтар Әуезовтен әлдеқайда аз, бірақ жалпы тенденция Абайдан басталатыны рас.
Қос сөздерді пайдалануда бір ерекшелік- өлең шартына байланысты қос сөз компоненттерінің арасына жалғаулық немесе басқа сөздер салып ажаратып жіберу фактісі бар: Қай мезгілде тойғыздың қатыны мен қалашын [6,21]. Әуремін мен тыя Дауың мен шарыңды [6,220]. Ұрыңнан асырдың сұм тілді қарыңды[6,220]. Бұл тәсіл жалғыз Абайға емес, бүкіл қазақ поэзиясының тіліне тән. Мысалы, Қаріп пенен қасірге болдың қорған (Шөже, 123). Телі менен тентекті тияр десе (Сүйінбай). Әрине, бұл Абай дәуіріне немесе Абайға тән норма емес, өлең тілінің шарттарына байланысты құбылыс.
Жаңа сөз жасаудың синтаксистік тәсілінің бірі- түбірлерді біріктіруді Абай актив қолданбаса да, бұрыннан әдеби тіл мен ауызекі тілде бар біріккен тұлғаларды еркін пайдаланған. Абай қолданған ақсақал, ақшомшы, жаманат (осы күні бұл сөз бірде біріктіріліп, бірде бөлек жазылып жүр, бірақ табиғаты- біріккен сөз), баспана, бозбала, бойкүйез, желбуаз, желбуаз, жаздыгүн, жарымес, желқабыз, көкжиек ( бұл да қазір кейде бөлек жазылып жүр), көкорай, күншығыс, қалжыңбас, қылжақпас сияқты сөздер ертеден бірігіп, лексикалық бір мағына иесіне айналғандар. Абай мүмкін қолөнер тәрізді бірер сөз болмаса (ол да жорамал), өздігінен жаңа біріккен сөздер жасамаған. Тегі, жалғыз, Абай емес,жалпы сол тұстағы қазақ әдеби тілінде бұл тәсіл актив қолданылмаған. Атқамінер, елубасы, онбасы,атшабар сияқты бес- он образды атаулар о баста жалпы халықтың сөйлеу тілінде пайда болған, әдеби тілге сөйлеу тәжірибесінен еннен. Екі түбірді біріктіріп, жаңа мағыналы сөз жасау тенденциясы үстіміздегі ғасырдың 20-40 жылдарында активтенгені мәлім.
1.2 Кітаби тілдік (шағатайша) морфологиялық тәсілдер
Шағатай ақындарына еліктеген шәкірттік бала кездерін айтпағанда ол кемел шағындағы өлеңдерін қазақтың құнарлы тілімен жазып кетті. «Кітапшылдық» дәстүріндегі әредік сөз қолданысты оның кейбір айрықша күйініш, не сүйініш үстіндегі ақындық шалықтауларынан ғана ұшыратуға болады. Мысалы, оның Әбдірахман ауырып жатқандағы тәңірге жалбарынған
«Алланың рахматын, Жар
тұтып әрнеге, Әбдірахман ол атын,
Үйреткен жүмлеге»,-деп басталатын өлеңіндегі
қолданыстар мән сиқат, сұңғат, нама, сүрме
сияқты «шағатайшылдықты» басқа өлеңдерінен аса көп
кездестіре бермейміз. Әдеби тілдің лексикалық нормасын Абай
осылайша тіл тазалығы тұрғысынан қалыптастырды. Сөздердің айтылуы
мен жазылуы үнемі сәйкеспейтіні мәлім. Сондықтан жазуда
фономорфологиялық принцип басшылыққа алынады да, негізінен
сөздердің жеке тұрғандағы бітімі сақталады. Ал, сөйлеу ағымында
бір-бірімен тіркесу, жалғасу, бірігу нәтижесінде сөздер байырғы
дыбыстық құрамын өзгертіп, сөйленіс ыңғайына икемделеді. Бұл -
орфоэпиялық заңдылық. Жазба тексте тарихи төркіні ескеріліп
таңбаланғанмен, дұрыс сөйлеудің ілгерінді-кейінді ықпалдарға түсіп
сингармонияланған, яки іштей үндескен сөздердің тізбегін оқырман
орфографиялық берілімінде емес, орфоэпиялық норма бойынша айтып
саптауы тиіс. Жазу емлесін бұзбай қолданатын ақын-жазушы үндестік
заңдарын, буындардың жылысу, кірігу қажеттіліктерін елемей кете
алмайды, қайта оларды толық игеру арқылы ғана сөздердің оқылуына
қойылатын орфоэпиялық талаптарды түсініп, дұрыс ұйқас
құрайды.
Абайдың негізінен, прозасының тілінде оның өлеңдерінде қолданылмаған , тегі, сол кездегі қазақтың жалпы халықтық тіліне тән емес, өзге түркі тілдеріне жататын бірнеше морфологиялық тұлға-тәсілдерді кездестіреміз. Олар : есімше тудыратын –мыш жұрнағы, кәмілдікті білдіретін дүр форманты, етістіктің ІІІ жақ көпше түріне –лар жалғауының қосылуы (бардылар) және ІІІ жақ бұйрық рай тұлғасының үшін шылауымен тіркесі (барсын үшін).
Огуз тілдерінде өткен шақтың
бір түрін жасайтын verbum finitum ретінде
–мыш аффиксті тұлға өткен ғасырдағы
кейбір қазақша прозалық нұсқаларда (баспасөзде, Абайдың «Қара
сөздерінде» және кітаби тілде жазылған үлгілерінде) ара тұра
infinitum (есімше, етістіктен болған есім) ретінде
жұмсалған [1].
Онда да етістіктің тура түбір
тұлғасына емес, тек -ыл жұрнақты ырықсыз етіс
тұлғасына тіркелген түрінде ұшрасады
(айтылмыш,
жазылмыш,
көрсетілміш т.б) да, көбінесе анықтауыш
болып келеді (огуз тіліндегідей жіктелмейді). Бұл тұлға Абайда
негізінен 38-сөзінде айтылмыш,
жазылмыш түрінде бірнеше реттен
ұшырайды: Бұл айтылмыш үш хиләттің иелерінің алды-
пайғамбарлар [6,202]. Бұл сөзіме ғақлия дәлелім
–жоғарыдағы жазылмыш алла тағаланың
есімдері [6,199]. Бұл тұлғаны қазақтың ауыз
әдебиеті үлгілерінен де (тіпті олардың қара сөзбен берілген
бөліктерінен де ), Алтынсарин шығармаларынан да, орыс ғалымдары мен
ағартушылары жинаған немесе өздері құрастырған (Васильевтердің
текстері) материалдардан да таба алмаймыз. Керісінше «Дала уалаяты
газеті» әсіресе өзінің «Ресми білімінде» кейбір ырықсыз етістерге
–мыш жұрнағын жалғауға бейім
тұрады: Жаңадан шығарылмыш газет шығып тұрады жұма сайын бір
мәртебе...
Ұлықтар өздеріне тапсырылмыш уалаятының хал-ахуалын анық
біліп...(1889,№1). Сол айтылмыш жобалары төменде
мағлұм етіледүр (1893,№15)
т.б. [12,292].
Өткен ғасырдағы қазақ баспасөзінің ресми бөлімінде және ішінара Абай прозасында қолданылған –мыш аффиксті тұлға кітаби тілден («шағатай» тілінен) ауысқан. Ал «шағатай» тілінде бұл форма көбінесе verbum infinitum (есімше) ретінде қолданылған.
Өзге де кітаби тіл элементтері сияқты , -мыш аффиксті тұлғаны да Абай өлеңдерінде және «Қара сөздерінің » көпшілігінде мүлде қолданбай, негізінен, бір-ақ шығармасында (38-сөзінде) стильдік мақсатпен пайдаланған[13,74].
Талдап өткен тұлғаға қарағанда, дүр формантының қазақ тіліндегі мән-жайы сәл өзгешелеу. Бұл тұлғаның көне замандарда қазақ тілінде де қолданылып , реликт ретінде кейбір ескі үлгілерде сақталып қалғанын зерттеушілер көрсеткен болатын. Біздіңше, бұл қалдық екі ситуацияда көрінеді: бірі- етістікке (оның –а, е-, -й жұрнақты көсемше тұлғасына) жалғанып, бастауыш пен баяндауышты қиыстыратын ІІІ жақ көрсеткіші ретінде. Мысалы : Бұл Тарғын қамалға кірген соң, Ақшаханның әскерлері мұның Тарғын екенін білмесе де , айтадүр біздің ноғайымыздың бірі батыры ғой деп («ер Тарғын», 1898). Куәлікке жүредүрміз (халық әдебиетінен).
Абайда дүр формантының етістікпен келгені алла туралы өлеңдерінің бірінде, бір-ақ жерде:
Ақыл мен хауас барлығын
Білмейдүр жүрек , сезедүр.
Мүтәкәллимин мәнтиқин
Бекер босқа езедүр (І, 214)
Екінші тобы –дүр формантының есімдермен келуі. Бұның халық тіліндегі қалдығы куә дүрміз дегендер мен «Мен, мен дүрмін» деген батырлар монологының айбынды жолдарындағы көрінісі. Есіммен келгенде дүр формантында шақтық көрсеткіш сипаты жоқ. Мұнда дүр өзі тіркескен сөзіне дәлдікте жұмсалады. Бұл – қазақ тілінде сирек болса да қолданылып келен тәсіл. Мысалы, Бұхарда : Айтар сөзім осы дүр (47). Шортанбайда : Бұл дүние арман емес дүр, Бір кезек дәурен сүргенге (147). Мағлұм дүр құдайға пенденің қылған күнәсі (142). Эпостарда: Құдіретіне алланың бенденің жоқ дүр көнбесі («Қыз Жібек»,1963, 85). Кім бай дүр, кім жарлы дүр тәңірге аяң («Айман-Шолпан», 1957,11). Көбінесе бұл форманттың құдай , тәңір туралы жолдарда келетіндігі –сірә, құдай тағала ісінің кәмілдігі жөніндегі халық сеніміне байланысты болу керек.
Бірақ қайткен күнде де бұл тәсіл Абай кезеңінен көп бұрын-ақ қазақтың жалпы халықтық тілінде өнімсіз амалға айналған, оның ішінде әдеби тілінде өнімсіз амалға айналған, немесе біздің бір жорамалымыз бойынша –ды(-ты) тұлғасына көшкен. Кәмілдікті, дәлелдікті білдіретін модальдық сипат осы күнгі (және өткен нұсқалардағы) –ды, -ты формантында бар. Бұл формант көбінесе есімшенің өткен шақ тұлғасы мен ( болған-ды, барғанды) керек, емес тәрізді бейтарап сөздерге де тіркеседі. Революциядан бұрын жарияланған қазақ мақалдарының бір жинағында «Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі-ді» деген мақал бар. Мұндағы ді-лердің орнына дүр форманты сұранып тұрғандай.Сондай-ақ Абайдағы: Сабырлық қылсақ керек-ті деп аяқталатын жолдардағы ті- көрсетілген қызметтегі модальдық формант. Ал бұл – қазірге дейін өнімді , тірі тәсіл[14].
Абай прозасының текстерінде бұдан басқа өзге түркі тілдік тағы бір тәсіл кездеседі. Ол ІІІ жақтың бұйрық рай тұлғасының үшін шылауымен тіркесі: ... Ол көз нәзіктігінен керегіне қарай ашып, жауып тұрсың үшін қабақ беріпті [6,182] ... Бұларының бәрі жұрт болсын, өссін, өнсін үшін [6,182] ... Бұл тәсіл бір ғана шығармасында, 27- сөзінде келеді.
ІІІ жақтың бұйрық рай тұлғасының үшін шылауы мен тіркесі қазіргі өзбек тілінде мақсат мағынасынын білдіретін өнімді тәсіл. Бұл тәсіл ішінара түрік тілінде де , қарақалпақ тілінде де бар. Қазақ тілі үшін мүлде жат бұл тіркес Абай тіліне шағатай әдебиетінің әсерінен енген болу керек. Сірә, 27- сөз шағатай әдебиетінен аударма болуы да мүмкін, туыстас тілдегі тексті аудару немесе қазақша баяндау үстінде оригиналдағы ұқсас тәсілдер еріксіз тілге оралып, қолданылып кетуі де ықтимал. Сөйтіп, Абай тіліне, қазақтың жаңа жазу әдеби тіліне орта азиялық түркі әдеби тілінің ( шағатай тілінің) грамматика саласындағы ықпал- әсеріне келсек, талдауларымызды былайша қорытындылауға болады.
Абай тілінде шағатай тіліндік морфологиялық кейбір көрсеткіштердің бары хақ, бірақ олардың қолданылуында белгілі бір принципті мотив бар. Бұл жерді біз Абайдың 13-19 жастарында шағатайшылап жазған үш өлеңінде ( « иузи- рәушан, көзі - гәуһар», «Фзули, Шәмси, Сәйхали», « Әлиф дек ай йузіңе ғибрат еттім») бұлар балаң ақынның нағыз шағатайша жазған (немесе жазбақ болған) шығармалары, демек, тіл жағынан бұл үш өлең Абайдың өзге шығармаларынан, тіпті 13- 38- сөз тәрізді прозалық дүниелерінен де оқшау тұрады. Олардағы шағатайша жеке сөздер мен грамматикалық тұлға- тәсілдер қазақша жазған Абай тілінің сипаттамасына кіре алмайды. Сондықтан бұлардағы қазақша –дай орнына -дек жұрнағы жұмсалуын (әліфдек ай йузі – әліптей ай жүзі; лағилдек бет – лағылдай бет), барыс септіктің -ға жалғауының орнына -а көрсеткішінің келуін, огузша септелген есімдіктерді ( сәңә- саған) т.б. Абайдың қазақша тіліндегі шағатай элементтері дегеннен гөрі, Абайдың шағатайша тіліндегі шағатай элементтері деп тану керек [5,62].
Ал қазақша тіліндегі шағатай элементтерін Абайдың қалған тұтас творчествосынан, оның ішінде тіпті едәуір кітабиланған 13, 38- қара сөздерінен де іздестіруге тиіспіз. Олар морфология саласында: есімшенің -мыш жұрнақты түрі, дүр форманты, ІІІ жақтағы етістіктің көпше түріне –лар көрсеткішінің жалғануы, парсы изафеті және ІІІ жақтағы бұйрық рай тұлғасының үшін шылауымен тіркесі. Бұлар негізінен белгілі бір шығармаларында ғана шоғырланған. Өлеңдерінің тілінде мүлде қолданылмаған. Бұл кітаби тұлғалар прозалық шығармаларының басым көпшілігінде жоққа тән, негізінен, атақты 38- сөзінде қолданылған. Оның себебі, жоғарыда айттық, бұл шығарманың әдейі « кітабишыланып» жазылуында. Бірақ ішінде тек морфологиялық емес, лексикалық та шағатай элементтері толы бұл шығарманы жоғарғы үш өлең тобына, яғни Абайдың « шағатайша » мұрасына қосуға және болмайды, өйткені « кітабишылап» жазу таза шағатай тілінде жазу емес, 38- сөздің де негізі, сүйегі қазақша. Сондықтан бұл да Абайдың « қазақы» тіліндік мұрасына жатады. Бірақ дін, мораль, этика, білім-ғылым, қысқасы, адам баласының рухани дүниесі туралы шығыс философиясымен, теологиясымен хабардар оқырманға бағыштаған бұл шығармасында жазушы шағатай элементтерін әдейі пайдаланған. Демек, бұлар стильдік мотивпен қолданылған.
Қорытынды
Қазақ әдеби тілі нормаларының қалыптасып дамуына үлес қосқан қазақтың айтулы тұлғаларының кейінгі ұрпаққа мұра ретінде тастап кеткен шығармашылық қолтаңбаларын оқып-үйрену, зерделеу, олардың өз кезеңіндегі орны мен маңызын және бүгінгі ғылым тұрғысынан өзектілігін тұшыну - бүгінгі тілшілер, мамандар үшін қасиетті борыш екендігін баса айтқымыз келеді.
Әдеби тіліміздің даму барысының бір дәуіріндегі - ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы- грамматикалық сипатын Абай тілі арқылы көрсетіп, қазақ әдеби тілін дамытудағы қосқан үлесі, жаңалығы, орны анықталып, грамматикалық тұлға-тәсілдерді активтендіру, нормалау ісіндегі Абайдың қызметін таныту бағытындағы дипломдық жұмыстың нәтижесінде Абай қарасөздерінің морфологиялық ерекшеліктерін былайша сипаттауға болады.
Сөйтіп, -лық –Абай тілінде ең өнімді сөз тудырғыш аффикстердің бірі. Бұл құралмен жасалған сөздердің ішінде жалпы халықтық тілде қолданылып келгендері де, Абай жасаған жаңалары да бар. Жаңалары- бір қатар абстракт есімдер мен сын есімдер.
Абайдағы өзге де сын есімдер сияқты –лы жұрнақты туынды сын есімдер де сөйлем ішінде субстантивтеніп келеді. Абайда -лы арқылы өзі жасаған жаңа сөздер аса көп емес. Біздіңше, өнерлі) және қол өнерлі, сәулелі (кісі), жетімді (жеткілікті сөзінің дублеті), мінді (мінсіз-дің антонимі), кеселді (түйін, қылық) сөздерін ғанаАбай өзі жасаған болар, немесе кейбіреулерін активтендірген болар.
-шы (-ші) жұрнағы қазіргідей Абай тұсында да өнімді аффикстердің бірі. Беретін мағыналары: адамның кәсібін, мамандығын білдіру. Абайда өте жиі қолданылған сөз –алдамшы: алдамшы өмір, алдамшы саудагер, алдамшы шайтан, алдамшы болу. Сірә, заманынан, замандастарынан үміті, арманы алданған ақын осы сөз арқылы өзінің айналасына (болмысқа) деген көзқарасын білдірген болу керек.
-шыл (-шіл) жұрнағы адам мінезінің қасиетін, оның бір нәрсеге бейімділігін білдіреді. Бұл – Абайдың таңдап алып, өте жиі пайдаланған жұрнағы.
–ма жұрнағы Абай кезінде қазіргідей актив болмаған.
Өткен ғасырда –ым жұрнағы әлдеқайда активтеу болғанға ұқсайды, етістіктен есім тудыратын тәрізді жұрнақтармен қызметі ажыратылмай, қатар қолданылған сәттерін табамыз. Мысалы, Келімі келген кер миық. Туымына әркім ден қойған. Болымы жоқ бозбала. Бұл сөздердің бірқатары қазіргі әдеби тілімізде көп қолданылмайды.
Сөз жасаудың синтаксистік тәсілдері- сөздердің қосарлануы, бірігуі және тіркесуі біз әңгіме етіп отырған кезеңде, оның ішінде Абай тілінде қазіргідей жүйелі амалдар, бірақ өнімділігі жағынан бірдей емес. Сондай-ақ қазақ тілінде өнімді қолданылған еліктеуіш қос сөздерді (пыш-пыш, сап-сап, алаң- жұлаң, әні-шаны, бұрқ- сарқ, бүлк- бүлк т.б.) Абай да еркін пайдаланған. Абай сөзді қосарлау арқылы жаңа лексикалық единицаларды жасауды басты, өнімді тәсілдердің бірі етіп алмаса да, мағыналары жуық кейбір сөздерді қатар қолданып, кейде қос сөз дәрежесіне келтіру тенденциясы бар. Мысалы, ағайын- жұрт, ағайын- туған, ақыл- ой, арқа- басы, ашап-ішу, әл—қуат, думан- сауық, дос- асық, жылай-жырлай,зар- нала, керенеу-кердең, керім- кербез, қоңыр-күңгір, әділет- шапқат, ғиззат- құрмет тәрізді парларды Абай өзі тіркестірсе керек.
Абай тілінде –ар жұрнақты есімше актив тәсілдердің бірі болып келіп, әр алуан қызмет атқарған. Ол қызметтердің барлығы дерлік қазақтың жалпы халықтық тілінде ертеден келе жатқандар. -ар жұрнақты тұлғаның қолданылудан қалып бара жатқан үздіксіз іс –әрекетті білдіру, қимыл есімі ретінде жұмсалу сияқты қызметтерін Абай жандандырып, өнімді амал етіп пайдаланған. Сондай-ақ бұл тұлғаның атрибуттық қызметін де Абай халықтық нормадан алған. -ар жұрнақты сөзді субстантивтендіру және –лық жұрнағын жалғайтын негіз етіп алу тәрізділерді де ұлы қаламгер активтендіріп, өзінің жазушылық мәнерлеріне тән тәсілге айналдырған.
Қазақ тіліндегі, оның ішінде Абай тіліндегі –арға тұлғасының қолданылуы ешбір өзге түркі тілдерінің, оның ішінде кітаби тілдің ықпалы емес, қазақтың өз нормасының көрінісі деп табамыз. Оған ең негізгі дәлеліміз – бұл тұлғаның ауыз әдебиеті үлгілерінде, оның ішінде әдеқайда конструкциясы мен лексика-грамматикалық структурасы тұрақты мақал-мәтелдер құрамында кездесетіндігі.
Қазірде әдеби норма ретінде танылмайтын грамматикалық амалдардың бірі- етіс тұлғасы арқылы көптік категорияны білдіру – әдеби тіліміздің ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы даму кезеңдерінде, оның ішінде Абай, Ыбырай тілдерінде белгілі бір дәрежеде қолданылған норма болған [24,27].
Қазіргі әдеби тілімізде шартты райдың керек сөзімен тіркесі келер шақтық мағына мен шақтан тыс мағынада ( -у тұлғасының орнына) өте сирек қолданылады. Публицистика стилі мұны мүлде пайдаланбайды деуге болады ( ал көркем әдебиетте ара- тұра кездесіп қалады). Сондықтан негізінен ғылыми – публицистикалық жанрға жататын Абай «Қара сөздерінің» қазірде норма емес бұл тәрізді тәсілді актив пайдалануын оны (Абай прозасын) кейбіреулерге әдеби тілде жазылмаған нұсқалар етіп көрсетуі мүмкін. Зерттей келсек, бұл- белгілі бір кезеңнің, яғни ғылми- публицистикалық стиль мен көркем проза жаңа қалыптаса бастаған кезеңнің, әдеби нормасы болып шыққанын мойындаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан Республикасының президенті – елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2012 жыл 14 желтоқсан
2. Высшее образование Казахстана в третьем тысячелетии. Ред. Коллег. А.Е.Абилкасимова, Е.Г.Гаевская и др. Алматы: Республиканский издательский кабинет, 1998. -178 с.
3. Білім туралы заң. // Қазақстан Республикасындағы Білім туралы заңнама. Заң актілерінің жиынтығы. –Алматы: Юрист, 2003. -180 б.
4. Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. Алматы, 1960. 2-т.
5. Сыздық Р. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. Алматы. «Арыс» баспасы.2004.
6. Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы, «Жазушы», 1986.; Батырлар жыры. Алматы, І-ІІ том.1979.
7. Әуезов М. Абай Құнанбаев. Алматы, 1967.
8. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. Алматы, 1991. Қордабаев Т.Қазақ тілі білімінің қалыптасу, даму жолдары. А.,1995. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. -өңд., 3-бас. - А.: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2010.; Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. А.: «Санат»,1994.
9. Жубанов Х. Из истории порядка слов и предложении. Алма-Ата, 1936.
10. Қазақ тілі тарихы мен диалектология мәселелері. 1960. 3-шығ.
11. Жанпейісов Е. Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезовтің тіліндегі стильдік кейбір ортақ өрнектер. // Қазақ ССР ҒА Хабаршысы, 1962. №11.
12. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. -өңд., 3-бас. –Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2010.
13. Әуезов М. Абай Құнанбайұлы. Әр жылдар ойлары. Алматы, 1959.
14. Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. Астана,2002.
15. Қазақ тілі. Энциклопедия.А.,1998.
16. Неталиева Х. Имена действия в современном в казахском языке. АКД., Алматы, 1963.
17. Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері.А.,2007.
18.Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. Алматы, 1959.