Материалдар / "Ыбырай Алтынсарин-ұлы педагог, ағартушы жазушы" баяндама
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

"Ыбырай Алтынсарин-ұлы педагог, ағартушы жазушы" баяндама

Материал туралы қысқаша түсінік
Б ұ л м а т е р и а л ж а л п ы м ұ ғ а л і м д е р г е ж ә н е ж о ғ а р ы с ы н ы п о қ у ш ы л а р ы н а а р н а л ғ а н.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
07 Сәуір 2018
5458
2 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН – ҰЛЫ ПЕДАГОГ АҒАРТУШЫ, ЖАЗУШЫ

Ергазина Баглан Кабдолловна



Аса талантты педагог, ағартушы, дарынды жазушы, тамаша ақын, жалынды публицист, көрнекті қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин қазақ қоғамының мәдениет пен экономика жағынан аса мешеу кезінде өмір сүріп, қазақ халқының демократиялық мәдениеті мен өнерінің бірсыпыра салада жаңадан өсіп өркендеуіне айқын жол ашып, баянды негіз жасады.Жан-жақты талант иесі Ыбырайдың есімі қашан да болсын уақыт сынынан мүдірмей өтіп, қазақ халқымен бірге жасасып келеді.Оның өмірі өз Отанын шексіз сүйіп, оған бүкіл жан-тәнімен қызмет етудің тамаша үлгілерінің бірі болып табылады.

Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы, еңбек еткен ортасы, әлеуметтік істері өзгешелеу. Біріншіден, Ыбырай Шоқан мен Абайдың туған халқын мәдениетті халықтар қатарынан көргісі келетін арманын өз қолымен іс жүзіне асырды.Ол бұратана халықтар үшін тың үлгімен мектеп ашып, оқу құралдарын жазып, жинақтаған жаңашыл-педагог. Екіншіден, өзінің шығармаларын қос тілде бірдей жазды.Үшіншіден соқтықпалы соқпақты, дүбірлі кезеңдерде Ыбырай өз халқымен бірге болып, оның ауыртпалығын бөлісті.

Ағартушының өнегелі өмірі мен өрісі биік таланты бір кезде қандай жарқын да жанды қасиеттерімен көрініп, қазақ мәдениетінің тарихында айқын іздерін қалдырса, қазір де сол асыл да абзал ерекшеліктерін өз бойында толық сақтауда. Мұның өзі заңды да. Өйткені әрбір ұлы адамзатпен бірге жасайтын мәңгі өшпес, ескірмес идеяларды көтереді.

Сонымен, 1864 жылдың 8 январы-қазақ халқының мәдениеті мен тарихында жаңа типті халықтық мектептің дала өмірінде тұңғыш ашылып, іске кіріскен даңқты күні болып табылады.Бұл мектептің қазақ даласындағы өзіне дейінгі және сол кездегі өмір сүріп тұрған діни мектептердерден негізгі өзгешелігі- онда бүкіл тәрбие жұмысының адамгершілік идеясына негізделіп жүргізіліп, жастарға әрбір пән бойынша элементарлық білім беру ерекшелігінде және орыс тілінен басқа пәндердің таза қазақ тілінде оқылуында еді.

Бұрын ешқандай дайындығы жоқ бұл жаңа мектепте Ыбырай бүкіл педагогикалық жұмысты өз білгенінше, өзінің орыс мектебінен алған білімі мен тәрбиесі негізінде жүргізеді.Оқулық та, программа да, тәрбиелік нұсқау да табиғатынан педагог Ыбырайдың өзіндік шеберлігінен туып жатады. Соның өзінде оқу-ағарту ісіне жан-тәнімен берілген Ыбырай алғашқы 4-5 айдың ішінде-ақ оқушы жастарға бірсыпыра білім беріп үлгереді. «28 майда,- деп жазады Торғай бекінісінің бастығы Я.П. Яковлев өзінің 1864 жылғы 5 июньде Орынбор және Самар генерал-губернаторына жолдаған хатында жаңадан ашылған қазақ мектебінде оқу-тәрбие жұмысының жақсы жолға қойылғанын хабарлай келіп,-барлық офицерлер мен дін өкілдері училищеге шақырылды. Менің көзімше қазақ балаларынан емтихан алынды. Оқылған уақыттың аздығына қарағанда оқушылардың табысы өте жақсы. Төрт жарым айдың ішінде олардың алған білімі өте қанағаттанарлық, тіпті кейбіреулері орыс тілінде басылған кітаптарды жақсы оқи да алады, 9 бала қазірдің өзінде орысша жаза біледі,сондай-ақ мыңға жуық орыс сөзін дұрыс айта алады және 6 оқушы татарша оқиды және жазады». Бұған дейін ешқандай оқу-сызу тәжірбиесі, дәстүрі, не айқын программасы мен оқулығы жоқ жерде аз ғана уақыттың ішінде мұндай үлкен нәтижеге жету Ыбырай сияқты талантты педагогтың ғана қолынан келетін іс еді.

Ыбырай мектептерді ұйымдастыру ісіне де аса сақтық пен жауапкершіліктің қажет екенін әруақытта да бірінші орынға қойып, айрықша ескеріп отырды. Сондықтан да ол облыстық мектептер инспекторы болып тағайындалмастан бұрын-ақ осы мәселе жөнінде былай деп жазған еді. « Мектеп-қазақтарға білім берудің басты құралы, олар қазақ даласының кез-келген жеріне ретсіз орналаса салатын болса, ешбір пайда келтіре алмайды. Ал біздің барлық үмітіміз , қазақ халқының келешегі осы, тек қана осы мектептерде. Сондықтан мектептерде жақсы білім берілетін болсын, артта қалған халықты мектепке қызықтырып тарту үшін мектеп бітіргендерге қай жөнінен болса да, артықшылық берілетін болсын, сонда ғана оқушылардың саны ешбір күмәнсіз өте тез өседі. Осылай еткенде ғылыммен қаруланған, әр нәрсеге дұрыс көзқарасы бар адамдар қазақ арасында көбейіп, бүкіл халыққа әсер ете алады, сонда татар фанатизмінің де күлі көкке ұшады ».

Қазақ мектептері үшін оқулық жасау мәселесі 70 жылдардың бас кезінде айрықша көтеріле бастады. Ыбырай бұл кезде де ол оқулықтың қандай сипатта болуы жайында өз пікірін толық білдірді. «Мәселенің ең мәнді жері: қазақтарға татар фанатизмінің ықпалын тигізбеу ,қазақтардың білім алуына оның кесірін тигізбеу ғой. Ондай ықпалдан құтқару үшін, бірте-бірте, бірақ шын құтқару үшін мазмұны балалардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды асықпай, бірақ алған бағыттан қайтпай, қазақтың өз тілінде, олардың өздеріне таныс әріппен шығара білу керек» деп жазды. Ағартушының бұл пікірінен оның оқулық жөніндегі ойының 70-жылдардың бас кезінде айқын қалыптсақанын және нағыз прогресшіл сипатта қалыптасқанын көреміз. Мұның өзі, екінші жағынан, оның осы кездің өзінде жалпы эстетикалық принциптерінің де тұрақтап, жүйеленгенін, белгілі бір айқын мақсатты көздегенін білдіреді.

«Қазақ хрестоматиясы» 1876 жылдан бастап жазылып, 1879 жылы аяқталды. Бұл кезең Ыбырайдың көркем шығармаларының жазылған кезеңі болып саналады. Ыбырай шығармаларының әлеуметтік мазмұны мен идеялық бағытына көңіл бөлсек, даусыз бір мәселені байқаймыз. Ол- жазушының әдебиетті қоғамдық құбылыс ретінде бағалай білуі. Ыбырайдың әңгімелері мен өлеңдері аз да болса , тікелей өмір мәселелерін суреттеуге арналған. Сол кездегі ескішіл ақындардың шығармаларына тән діни уағыздаулар, қоғамнан, халық тілегінен тыс мәселелер бос қиял мен үмітсіздікке, дәрменсіздікке бой ұру, дараланушылыққа салыну, өмірден торығу, т.б. Ыбырай шығармалары үшін мүлде жат құбылыстар. Жазушы шығарманың тақырыбын күнделікті өмірдің ішінен алып, оған өзінің озық ойлары тұрғысынан баға беруге талаптанады. Бұдан оның жаңа идеяларды қоғам ішінде кеңінен жая түсу үшін көркем әдебитеті бірден-бір күшті құрал ретінде танығанын және шебер пайдаланғанын көреміз.

Қазақ жастары үшін арнайы оқытушылар мектебін ашу ісіне де Ыбырай зор көңіл бөліп, көп мән берді. Талмай іздену, тиісті орындарға жалықпай өтініш жасаудың, сондай-ақ оқытушылар мектебінің дала жағдайындағы ағарту ісі үшін айрықша қажет екендігін шебер дәлелдеудің нәтижесінде ол 1881 жылы Орск қаласынан қазақтың тұңғыш оқытушылар мектебін ашты.Бұл мектепке артқан үмітін және оның қоғамдық өмір ұшін маңызын ыбырай өз сөзімен былайша сипаттайды: « Оқытушылар мектебі біздің оқушыларымыздың барып түсетін мектебі еді; бұлар сонда белгілі бір білім алып қазақ халқының тұрмысына, шынында да, пайдалы болған болар еді... қазақ халқының ақыл-ойы мен экономикасының дами беруіне көмектесе алатын адамдар болар еді».

Ыбырай қазақ даласында ашылып отырған мектептер қоғамдық өмірмен тығыз араласып, өзінің оқу, тәрбие жұмысын оның озық талаптарына сай құра білуі керек деп таныды. Мектеп бітірген жастардың әлеуметтік өмірге бірден және батыл араласуын талап етті, сондай-ақ ең әуелі мектептің өзі оларды осы бағытқаьнақтылы тәрбиелей алуы қажет деп санады. « Қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшылық тұрмыстың артықшылығына... үйретудің өзі қазақ даласында тәрбиелік мәні бар жұмы деп білемін»- деп жазды ол.

Ыбырайдың оқытушы туралы пікірлері айрықша сөз етуді тілейді және олар ағартушының бұл мәселеде озық позицияда болғанын білдіреді. Ыбырай да, орыстың алдыңғы қатарлы ағартушы, педагогтері сияқты, мұғалімнің мектептегі роліне айрықша маңыз берді, мектеп ісінің әр саладағы жетістіктері оқытушының білімі мен іскерлігіне, өз жұмысын сүйе білушілігіне байланысты деп таныды. Мұғалімнің творчестволық ізденушілігі мен еркіндігін айрықша қолдап отырды. «Халық мектептері үшін ең керектісі-оқытушы,- деп жазды ол.-тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтар да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды». Осы пікірін нақтылай тұсіп, ағартушы бірде: « қазақ мектептерінің бар келешегі, көбінесе, істің қазіргі басталуына байланысты; сондықтан да мен қазір жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін деп жазды. Тұтас көзқарас ретінде алып қарағанда Ыбырайдың бұл пікірі XIX ғасырдағы тек қазақ қоғамы жағдайында ғана емес, жалпы педагогикалық ой-пікірлер тұрғысынан да аса озық түсінік еді.

Ыбырай оқушыны қатаң жазалауға барынша қарсы болды. Әрбір сабақ сыныптағы балалардың білім көлемі мен жалпы түсінігіне лайықталып жүргізілуге тиіс, әйтпесе, оқытушының оқушыларға түсініксіз сөздерді қолданып, мәнерлеп сөйлегені ешқандай нәтиже бермейді, оқытушы еңбегінің жемісі- балалардың білімімен өлшенеді деп таныды.ыбырайдың методика саласындағы осы еңбектері, ой-пікірлері оның педагогика мәселесіндегі әрбір ұсақ нәрселерге деін үлкен маңыз беріп, қадағалап отырған шебер де еңбекқор педагог екенін білдіреді. Оның бұл пікірлері өзінің әдістемелік сыр-сипаты жағынан әлі күнге дейін мәнәі жоймай келеді.

Ыбырай педагогикалық мамандық беретін арнаулы оқу орнында оқымаса да өзінің қажымай-талмай ізденуі мен орсытың озық бағытталған педагогикасынан үнемі үйренудің нәтижесінде қарамағындағы мектептердің мұғалімдеріне әрбір сабақты оқыту, оқушыларға оларды тиянақты тұрде меңгерту, сабаққа бөлінген уақытты ұтымды да шебер пайдалану, т.б. мәселелер жөнінен тиімді ақыл-кеңес берген тамаша методист те болды.

Бүгінгі күн тұрғысынан айтқанда, Ыбырайдың шығармашылығы мен өмір жолы инновациялық идеялар мен іс-әрекеттерден тұрады.Ыбырай шығармашылығына арналған зерттеулерге жүгінер болсақ, ол өзінің қолға алған барлық істерінде тұңғыш, негізін қалаушы, көшбасшы ретінде көрінеді. Мысалы, Ыбырай қазақтың әдебиет тарихында алғашқы балалар жазушысы болды.

Бір Аллаға сиынып,

Кел, балалар, оқылық,-

деп басталатын әйгілі өлең шумақтары жасөспірімдерді сауат ашып, білім алуға, материалдық емес, рухани байлықты азық етуге шақырады:

Мал дәулеттің байлығы,

Бір жұтасаң жоқ болар.

Оқымыстың байлығы

Күннен күнге көп болар,-

деп өнер-білім құдіретін өлеңмен өрнектеген Ыбырай-ақынның өсиет өлеңдерінің тілі көркем, ойы мейлінше терең.Ыбырай-ақынның өлеңдері табиғат әсемдігін, пендешілік пен кісілікті, адамгершілік пен азғындықты, білімділік пен надандықты, жастық пен кәрілікті, шындық пен әділетсіздікті көркемдік шеберлікпен сипаттай келіп, философиялық ой түйіндейді.

Ыбырай қазақ балаларының менталдық бейнесін жасаған жазушы, көркем сөз шебері.Оның дидактикалық әңгімелері қазақ баласының жан сарайын, кәсіби ойлау қабілетін ұлттық рухта сипаттайды. Жастарды еңбексүйгіштікке, ізгілікке, тапқырлық пен әрекетшілдікке, ізденімпаздыққа тәрбиелейді.

Бүкіл қазақ қауымын өзіне қаратып, балаларды жаппай мектепке тартқан жас Ыбырайдың мәдени-инновациялық қызметі оны біраз сергелдеңге салды.Әдепкіде Ыбырайдың бастамасы Ресей империясының қырағы саясаты мен өз қандастары тарапынан сенімсіздік туғызып, дін иелерінің қызғаныш, бақастық сезімін үдетті. Абайша айтсақ, «мыңмен жалғыз алысқан» жас Ыбырайдың жаңашылдығы Ыбырайға көп кедергі келтірді.

Дегенмен, Ыбырайдың қадірін біліп, қолдау көрсетіп, отырған замандастары да көп болған.Олардың қатарында Ыбырайдың ерекше қабілетін жас уағынан аңғарып, оның рухани қалыптасуына зор ықпал еткен Н.И.Ильминский, В,Григорьев сынды ғалым ұстаздары, Ыбыраймен қызметтес, силас болған В.В. Катаринский, Я.П.Яковлев сияқты орыс чиновниктері, мектеп ашу ісіне қаржылай және моральдық тұрғыда демеушілік көрсетіп,отырған қазақ сұлтандары, қазақтың өнерлі, саналы, ұлтжанды азаматтары болды.Өзінің мәдени-ағартушылық еңбектерімен Ыбырайдың даңқы сол кездің өзінде-ақ чуваш халқының атақты ағартушысы И.Я.Яковлевке жеткен.

Ізденіс барысында осындай телегей теңіз біліммен қаруланған Ыбырай өзі іргетасын қалаған мектептеріне санасындағы барын сығып беріп, жанкештілік пен іскерлік танытты.Ыбырайдың қазақ-орыс тілді бастауыш мектептері жалпы Орта Азиялықтарға, қазақ халқына тән менталитет пен еуропалық озық үлгілердің синтезі негізінде құрылды.. Жаппай отырықшылық тұрмыс-салтына көшуді, сауат ашуды, жастарды кәсіптендіруді, шетел мәдениетінен үйренуді Ыбырай қазақтарды мәдениетке жеткізудің тетіктері деп білді.

Ол мектептер балалар ғана емес, сауаттылықтан үміт күткен бүкіл қазақ қауымы үшін мәдени орта қалыптастырды. Алғаш рет білім мен мәдениет ұғымдарының мәні жуықтап, өзара ықпалдығы арта түсті. Ыбырай мектептеріндегі білім мен тәрбиенің мазмұны Орта Азия медреселерінен анағұрлым жоғары деңгейде, ғылыми жүзеге асты.

Орта Азия мен орыс мәдениетінен бастау алып, оны өз болмысында кіріктіре білген Ы.Алтынсариннің қайраткерлік тұлғасын еуразиялық идея тұрғысынан қарастыру да педагогика саласын жаңа қырынан танытатын зерттеулердің бір тармағы болмақ.Тарихи деркетерге сөйлетсек, XIX ғасырдың екінші жартысындағы бұратаналықтарға арналған мектеп ұйымдастыру мәселесіне орыстың озық ойлы қайраткерлері назар аударған. К.Д.Ушинский, Н.А. Корф сияқты ғалым-педагогтар әр халықтың ұлттық тілі мен мәдениетінің ерекшелігіне нұқсан келтіруге қарсы шықты.Туған халқының тілі мен діліне, дініне берік Ыбырай да қазақ балаларының ана тілін жетік білуіне, ұлттық рухта тәрбие алуына, жаңа заман талабына сай орыс тілін де игеруіне қамқорлық жасап отырды.

Ыбырайдың қазақ балаларына арнап жазған хрестоматиясына енген материалдарға зер сала қарасақ, оның балалардың жас ерекшеліктері мен қабылдау мүмкіндіктеріне сәйкес құрылғанын көреміз. Осы талаптарға орай айтылар ойдың дәлдігі мен нақтылығы, қонымдылығы мен көркемдік әсерлігі есепке алынады.Ыбырай жастарды оқу-білім, өнерге үндегенде құрғақ насихатқа ұрынбайды, қайта өз ойын нақтылықпен дәлелдеуге ұмтылады. Айтпақ пікірді оқушы зердесіне еркін сіңіру үшін әр алуан ұстаздық амал-тәсіл қолданады.

Табиғатынан дарынды Ыбырай орыс тілінде де, қазақ тілінде де шешен, тапқыр сөйлеген. Сонымен қатар ол қазақтың ән өнері мен сөз өнерін айрықша қадірлеу, терең түсінумен бірге оларды айта білетін адамдарды әр уақытта іздестіріп, кездескендерін өзінің айналасына топтастырып отырған. Осыған орай оның өзінің де азды-көпті ән салатын өнері болған.

Ыбырай қай кезде де өз үйінде жақсы кітапхана ұстап, оны әрдайым жаңа кітаптармен толықтырып отырған. Оның кітапханасында Крыловтың, Пушкиннің, Гогольдің, Лермонтовтың, Белинскийдің, Добролюбовтың, Чернышевскийдің Достоевскийдің, толстойдың шығармаларымен бірге, Батыс Европа әдебиеті классиктерінің шығармалары және педагогика саласындағы белгілі кітаптар болған.Мектептерді аралаудан бос уақытында Ыбырай кітапханасы орналасқан жұмыс бөлмесінде күніне 7-8 сағат бойы сарылып жұмыс істейді екен. Осындай қымбат кездерін ол ғылым мен техника, әдебиет пен мәдениет, педагогика саласындағы білімдерін онан әрі тереңдете түсумен бірге, қазақтың тарихына, ауыз әдебиетіне сондай-ақ жалпы мәдениеті мен этнографиясына байланысты материалдарды зерттеу, жинақтауға жұмсаған.

Ыбырай хрестоматиясының әр кезде де оқушы көпшілік тарапынан зор құрметке ие болып отырғандығын көрсете өту үшін мына бір жағдай ды да айта өткеннің артықшылығы болмайды. Бұл хрестоматия қай мезгілде жарияланса да баспасөз бетінде өзіне лайық үн, дабыл туғызып отырды. Надандықтан ғасырлар бойы қол үзе алмай келген мәдени және экономикалық мешеу ортада сол тұста шыққан өзге кейбір кітаптардың өзіне лайық оқушы таба алмай, көп кешікпей-ақ ұмыт болып отырғанын ескерсек, « Қазақ хрестоматиясының » сол дәуірде бірнеше рет басылып, әр басылуында оқушы жұртшылықтың бүкіл назарын өзіне аударуынан оның сонау келмеске кеткен қара түнек ескізаманның өзінде қандай маңызды болғанын әркім-ақ тани алады. Хрестоматияның А.Васильев редакциясымен басылуы жайында 1906 жылы 17 декабрьде « Тургайская газета » былай деп жазды: « оқытушылар мен оқушылар арқылы ол тіпті мектептен тыс та кең тарады, сондықтан да қазір Алтынсариннің хрестиматиясымен таныс емес сауатты қазақты өте сирек кездестіресіз... ұсақ халықтар арасында оқу-тәрбие жұмысының қойылуымен айналысушы адамдардың барлығына да осы пайдалы кітапты ұсынамыз. Алтынсариннің есімі жұртшылыққа соншалықты мәлім, сондықтан оның еңбегі айрықша таныстыруды қажет етпейді » .

Қазақ даласында надандық пен қараңғылықты алғаш рет дүр сілкіп, қатты тойтарыс берген, озық өнер мен өмірлік білімнің тұңғыш ұрығын шашқан Ыбырай өз еңбегінің нақты жемісін онша көре де алмай, творчестволық күш-жігері әбден толысқан, кемелденген кезінде, алдағы күніне зор үміт артумен, өзі бастаған ұлы істің өлмейтіндігін айқын сезінумен өмір жолын аяқтады. Бірақ ұлы ағартушының жаққан білім шамшырығы қазақ халқының жүрегінде мәңгілік жарқырап тұра бермек.

Қолданылған әдебиеттер:

1.«Ыбырай Алтынсарин тағлымы» М.Жармұхамедов «жазушы» баспасы 1991 ж

2. «Ыбырай Алтынсарин» Т.Ә.Қоңыратбай «Қазығұрт» баспасы 2003 ж

3. «Ыбырай Алтынсарин» Ә. Дербісәлин «Қазақстан» 1965 ж.


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!