Материалдар / З.ШАШКИННІҢ «ДОКТОР ДАРХАНОВ» РОМАНЫНДАҒЫ ТІЛДІК ҚАТЫНАСТЫҢ МАҢЫЗЫ
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

З.ШАШКИННІҢ «ДОКТОР ДАРХАНОВ» РОМАНЫНДАҒЫ ТІЛДІК ҚАТЫНАСТЫҢ МАҢЫЗЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
Дәрігердің кәсіби қызметі төзімділікті, қайсарлықты, жанның тазалығы мен ақыл ойдың ізгілігін, ішкі болмысының негізін қажет етеді. Үздіксіз өнегелі қасиеттерін бойына сіңіре білген маман иесі ғана мақсатына жете алады. Дәрігер ауру адамға моральдық жағынан да қолдау көрсетуі қажет. Материал З.Шашкиннің шығармасы арқылы коммуникативті болудың маңызы түсіндіріледі.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
07 Шілде 2024
215
0 рет жүктелген
250 ₸
Бүгін алсаңыз
+13 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +13 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

З.ШАШКИННІҢ «ДОКТОР ДАРХАНОВ» РОМАНЫНДАҒЫ

ТІЛДІК ҚАТЫНАСТЫҢ МАҢЫЗЫ


ШЖҚ «Түркістан жоғары медицина колледжі» МКК

Алдабергенова Гульмира Кыдыралиевна


«Дәрігер қыран құстай қырағы, 

қыз баладай епті, жыландай ақылды,

арыстандай жүректі болуы тиіс».

Ибн Сина




Зерттеудің өзектілігі. Адамдардың денсаулығын қамтамасыз етуде психологияның рөлі тұрақты түрде өсе бастаған. Денсаулық психологиясы әдетте адам тіршілігінің бірнеше деңгейін қарастырады және оларды денсаулықтың тиісті деңгейлерімен сипаттайды. Психологиялық денсаулықтың маңызды өлшемдерінің ішінде – тұлғаның тұтастылығы, оның үйлесімділігі, байсалдылығы, руханилығы, өздігінен дамуға бағдарланғандығы бар. Қазіргі кезде білім беру жүйесі көптеген өзгерістер кезеңін бастан кешуде. Соның негізінде білім берудің болондық жүйесіне көшу, студенттерің денсаулығына қамқорлықпен қарау, сондай-ақ оқу-тәрбие үрдісінің ізгілендірілуі жатыр. Қазіргі кезде әдебиеттерде адам үшін тұлғалық маңызды ақпараттармен айналысатын «қызба» интеллект (тәжірибелік, әлеуметтік және эмоционалдық), деп аталатын ұғым кеңінен талқылануда. Тәжірибелік интеллект деп, күнделікті өмірде іс жүзіндегі міндеттерді шеше алу қабілеті аталады. Әлеуметтік интеллект басқа адамдардың мінез- құлқын дұрыс түсініп, болжай алу қабілетін білдіреді. Эмоционалдық интеллект – ол эмоцияларды түсініп ажырата білу қабілеті және өзін басқара алуы.

Болашақ медицина мамандарында салауатты өмір салтын ұстану дағдысының қалыптасуы, позитивті ойлауы рухани-адамгершілік құндылықтар мен бағдарлардың жүйелі өзара әрекеттестігінде жатыр. Өзара әрекеттестік арқылы когнитивтік, эмоциялық, коммуникативтік және тұлғаның басқа да мүмкіндіктерінің дамуы қамтамасыз етіледі. Осы орайда тұлғаның дамуына, рухани өсуіне ықпал ететін әрекеттердің бірі – әдеби кітап оқуға баулу. Соның ішінде болашақ медицина мамандары үшін бірі де бірегейі – З.Шашкиннің «Доктор Дарханов» романы десек қателеспейміз. Себебі «Доктор Дарханов» романы арқылы біріншіден сөздік қоры дамиды, себебі ондағы тілдік қолданыстағы жаңа сөздер мен халықтық мақал-мәтелдердің орнымен жұмсалуы; екіншіден медицина мамандарына қажетті латын тілі де көрініс береді. Дәрігерлер өзара сөйлесу барысында латын тілін жиі қолданып, студенттік шақтарында өткенді еске алады, бұл да медицина саласындағы әрбір маманның қызығушылығын тудырары сөзсіз, ал үшіншіден медицина мамандарының ауыр жұмысының қызығы мен қиындығын сезіндіре отырып, адалдыққа, қайтпас қайсарлыққа, адамзаттың денсаулығы үшін күресуге жігер беретін ерекше туынды екендігін мойындайсыз.

Тіл қарым-қатынас құралы. Сондықтан оған тән белгілерді сөйлем шекарасынан шығып, тыңдаушы, сөйлеуші жағдай, стиль сияқты уәждемелерді қамти отырып, анықтауға болады. Адамдар бірі-бірімен қарым-қатынас жасау, тіл арқылы түсінісіп, ой-пікірлерін жеткізе білуі арқылы қатынасқа түседі. Адам белгілі бір ортаға кіріп өмірдегі болып жатқан құбылыстар мен әлеуметтік жағдайлар жөнінде өз пікірін, көзқарасын ортаға салу арқылы жеке адамның сөйлеу әрекетін қалыптастырады. Сөйлеу барысында адамдардың бірі тыңдаушы екіншісі баяндаушы рөлін атқарады. Тілдесім арқылы кәсіби бағытта мағлұмат алып, бір-бірімен тілдік қатынасқа түседі. Адамзаттың сөйлеу құралы адамның тілі, тілдік қатынас құралы деген қоғамдық-әлеуметтік ұғым. Ал тілдік қатынасқа түсіп отырған адам сөйлесім әрекетін құрайды. Біз қарастырып отырған романда дәрігер мен науқастың арасындағы тілдік қатынас әрекеті талданады. Кәсіптік оқу орындарында көптеген мамандық саласына әдебиетті оқыту үрдісі орын алған. Сондықтан қазақ әдебиетін оқытудың да өзіндік ерекшелігі бар. Болашақ медицина қызметкерлері «Доктор Дарханов» романын қолына алған сәттен бастап, келешекте иеленетін мамандығына сай сөйлеуге, тілдесуге, бір-бірімен ойын ашық жеткізуге үйренеді. Сонымен қатар кітапты оқи отырып, қоғамда болып жатқан жаңалықтарға өз пікірін білдіріп, өзара пікір таластыра алатын дәрежеге жетеді. Қазақ әдебиетін оқытуда тілдің қатынас құралы ретінде құзіреттілігін арттыру керек. Әдеби кітаптар студенттің ой-өрісін кеңейтіп, өмірге көзқарасына жағымды әсер етуі тиіс. Соның ішінде болашақ медицина мамандары үшін әдебиеттің алар орны айрықша дегім келеді. Еліміздің денсаулық сақтау саласына қомақты үлесін қосып отырған медицина саласында еңбек етуге құштар жастар өте көп.

Болашақ медицина мамандарына қазақ тілі мен әдебиетін коммуникативтік-танымдық бағытта үйрету ерекше маңызды орын алады. Кәсіптік-техникалық оқу орындарының студенттеріне тілді қатысымдық тұрғыдан оның болашақ мамандығына сәйкестендіріп оқыта отырып, танымдық белсенділігін арттыру шарт. Коммуникативтік-танымдық бағыт дегенде студенттің сөйлем құрастырғандағы білімін, сөздік қорын, кәсіби тілдегі қарым-қатынас құзіреттілігін қалыптастыру керек. Жалпы оқылым, жазылым, тыңдалым, тілдесім әрекеттері студенттің кәсіби қатынастық құзіреттілігін қалыптастыруда зор ықпал етеді. Бұл орайда повестер мен әңгімелердің, соның ішінде романдардың алатын орны ерекше. Ол студенттердің әдебиетті оқуға деген қызығушылығын арттырады. Студенттің мамандыққа сай тілдік қатынасқа түсуі оның сөздік қорының молдығына байланысты. Қай мамандықта болмасын болашақ маман жиналыстарда, келіссөздерде, науқасты қабылдауда дұрыс сөйлесе білуі парыз. Ол үшін қазақ тілін кәсіби бағытта үйренуге талпынған әр студент ақын-жазушылардың шығармаларына үлкен мән беруі қажет. Осы орайда мамандыққа сай тілдік қарым-қатынасқа түсу - студенттің кәсіби сөйлеу тілінің дамуы мен қалыптасуы арқылы білімге, ғылымға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырары сөзсіз.  

«Адам өміріндегі ең тамаша нәрсе – оның басқа адамдармен қарым-қатынасы» деп А.Линкольн айтпақшы, әрбір адам белгілі бір қоғамның мүшесі болып табылады, ол қандай болмасын сүйікті бір ісімен айналысып, түрлі адамдармен қарым-қатынаста болады.
Жеке адамның өзіндік ерекшелігін бағалау, нені қалайтындығын білу, көңіл күйін қадағалау әрі науқасқа ерекше көңіл аудару - ол әр дәрігердің міндеті болып табылу керек.  Клиникада коммуникациялық дағдыларды тиімді пайдалану - «Ақ халатты абзал жандар» деп атанған дәрігердің парызы деп санауымыз қажет. Коммуникативтік дағдылар дегеніміз, парыз, адамгершілік, міндет, кәсіби этика туралы ғылымдарды белгілейді. Адамдар арасындағы болатын түрлі қиыншылықты жеңу үшін түрлі кәсіби қызмет дағдыларын кеңірек пайдаланған абзал.   Науқас адамдармен жұмыс жасау – қиын әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет.

Дәрігердің кәсіби қызметі төзімділікті, қайсарлықты, жанның тазалығы мен ақыл ойдың ізгілігін, ішкі болмысының негізін қажет етеді. Үздіксіз өнегелі қасиеттерін бойына сіңіре білген маман иесі ғана мақсатына жете алады. Дәрігер ауру адамға моральдық жағынан да қолдау көрсетуі қажет. Дәрігер мен науқас арасындағы қарым-қатынас белгілі бір жүйеге түсу үшін дәрігердің де бойында адами қасиеттер болғаны дұрыс.
Күйзеліске түскен жандардың ең басты емі - жан жылуы екендігін жақсы түсінуіміз тиіс. Коммуникативтік дағдыларды қолдану үшін науқастарды емдеудің жаңа технологияларын қолданысқа енгізіп, оның нәтижелі болуына көп көңіл бөлуіміз қажет. «Басы ауырып, балтыры сыздаған» кез келген адамға қол ұшын бере алатын, көмек қолын соза алатын құдірет иесі біреу-ақ, ол – дәрігер. Жанары жәутеңдеген, ағзасын ауру меңдеген науқас адамға ерекше көңіл бөлу, рухани дем беру, дертіне шипа беру, жан жылуын сыйлау - әрбір дәрігердің парызы. Ежелгі грек философы Сократ:
 
«Жанды емдемей, тәнді емдей алмайсың» деген ұлағатты ой айтқан екен. Маман иесі өте көп, алайда өз ісіне мығым, ойы мен ісін шеберлікпен ұштай алатын нағыз мамандар саусақпен санарлық.

  Өмірде үстіне ақ желең киіп отырып, есіктен енді еніп үлгірмеген сырқатты сыздана қарсы алып, ызғарымен ықтыратын дәрігерлер де кездеседі. Науқас адам сенен тән саулығын жазар деп үмітпен келгенде, оның жан дүниесін де ауырту құптарлық іс емес. Сондықтан әрбір дәрігер жақсы маман болумен қатар, жан дүниесі де рухани бай, психолог болу қажет деп ойлаймын. Әр адамның мүддесі болады. Адам болған соң оның көңілі бір нәрсені тілемей тұрмайды. Көңілінің тілеуі де, ол тілеуінің жолындағы амалы да адамына қарай түрлі болады. Сол секілді науқас адамның бойындағы жігерді, қайратты жүрегіне ұялата алсақ, қажеттілікті сезіндіре білсек, психикалық тіршілігінің мазмұнын байытатын қозғаушы күш болып табыламыз.

Әрбір науқас қуанышқа жетуге, ауруынан айығуға ұмтылады. Оған жетудің сенімді жолы - ойлау жүйесін бақылай білу. Ол сыртқы факторлар мен жағдайларға, әрі қасында жүрген адамдардың да қарым-қатынасына байланысты. Науқас адамдарға көңіл бөлу - бүкіл дәрігерге ортақ парыз. Өз қызметін дамыту үшін әр дәрігер өзінің түрлі қасиеттері мен қылықтарын талдай алатын, қоғам мен ұжым қоятын талаптарды ескере отырып, бұларға сын көзбен қарай алатындай қабілетке ие болуы тиіс.

Адам – ақыл ойы бар қоғам мүшесі. Оның іс-әрекеті белгілі бір мақсатқа бағынады. Қазіргі күрделі әлемде мақсатқа сай қимылдау үшін көп біліп қана қоймай, сонымен бірге адамдардың заман талабына сай дұрыс шешім қабылдай білуге қажет.
Адамдармен қарым-қатынасты орнықтыру үшін мәдениеттілікті басты назарда ұстау қажет. Әрбір адам адамдардың ішкі рухани әлемінің маңыздылығын, адамгершілікті жетілдіру маңызын түсіну керек. Ал дәрігер клиникада коммуникативтік дағдыларды тиімді пайдаланғанда ғана философиялық концепцияларды терең түсінуге жол ашады.

Сөз мәдениеті орыс тілінде «культура речи» деп аталады. Ол әдеби тілдің ауызша түрлеріне тән нормаларын игеру, сөйлеуде мәдениеттілік, әдептілік таныту. Сөз мәдениеті қазіргі әдеби тілдің жұртшылық таныған, үлгі тұтқан нормаларын жеке адамдардың сақтауын талап етеді. Сөйлеуде диалектизмдерді, қарапайым, дөрекі сөздерді, варваризмдерді қолдану, орынсыз көп сөйлеу, бір пікірді қайталау беру, асқақтап сөйлеу, дене қимылдарын араластыра беру сөз мәдениетіне жатпайды. Қазақ тіліндегі сөз мәдениетінің дамуына ауыз әдебиетінің өкілдері және А.Құнанбаев, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, т. б. шығармаларының ықпалы зор болды. Ал енді бүгінгі таңда тілдік қатынасқа түсуде З.Шашкиннің «Доктор Дарханов» романының дәрігерлер қауымы үшін және орта буынды медицина мамандары үшін берері көп.

Коммуникация мен адамдар арасындағы аралас-құраластық қарым-қатынасы – мәдениеттің маңызды бөлігі. Олардың маңыздылығы сонша, көп жағдайда мәдениетті коммуникациямен теңдестіру сарыны да жиі кездеседі. Мәдени қарым-қатынастарды зерттеудегі танымал маман Э. Холл мәдениет дегеніміз коммуникация, ал коммуникация дегеніміз мәдениет деп теңдестіре қарастырады. Коммуникативтік біліктіліктілік астарында тұлғаның психологиялық сипаттамасы жатыр, бұл арқылы адам белгілі-бір әлеуметтік топқа кіреді, қоршаған ортамен эмоционалды қарым-қатынасқа түсіп, басқа адамдармен бірге бола алады. 
Бұл психологиялық қасиет «аффиляция» деп аталады, яғни басқа адамдармен бірге «болуға», «қосылуға» ұмтылу қажеттілігі. 
Іштей аффиляция бауыр басу, адалдық сияқты сезімдер арқылы көрініс тапса, сырттай - ашықтық, басқа адамдармен үнемі бірге болу, қызметтес болу сияқты іс-әрекеттер арқылы көрінеді. Ұзақтылығымен, қарым-қатынасқа түсетін адамдардың алуан түрлілігімен ерекшелінетін  дәрігер жұмысына аффиляция:  
- науқастарға қызығушылықпен қарауға көмектеседі; 
- оларға көмектесуге ұмтылдырады; 
- кәсіби деформациядан, немқұрайлық пен ресмиліктен қорғайды; 
- науқасқа жеке “дене” деп қараудан сақтайды. Қарым-қатынас жасау барысында  дәрігердің басты психологиялық  қасиеті – бұл эмпатия көрсетуі, яғни дәрігердің науқас қиындығына ортақтасуы, терең сезінуі, науқас күйзелістеріне өзіндік  психологиялық тұрғыда  “қатысуы”  болып табылады.
Коммуникативтік оқыту технологиясын жүзеге асыру негізін қалаған Сент-Экзепюри: «Жер бетіндегі ең үлкен байлық – бұл қарым-қатынас байлығы» деп айтқан. Тіл дамыту жұмысы - күрделі де шығармашылық процесс. Тілдің жақсы дамуының құралы тілдік қор болып табылады. Ал тілдік қорды байыту үшін кітап оқу керек. Осындай бағалы кітаптың авторы, қазақ тілінің қорын байытуға қомақты үлес қосқан ірі тұлғаның бірі – зейін Шашкин болатын.

Үйірме мүшелерінің бастамасымен З.Шашкиннің «Доктор Дарханов» романын жастар қаншалықты біледі деген мақсатпен 2-3 курс студенттері арасында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде 300 студенттің басым бөлігі «Доктор Дарханов» романынан хабарсыз болып шықты. Сондай-ақ, Зейін Шашкиннің өзін танитындар да аз болып шықты. Ал кейбір сұрақтары жауап бермеген. Қорыта айтқанда сауалнамаға жауап бергендердің 100 пайызы да «Доктор Дарханов» романын оқуға қызығушылық танытты. Бұл біз үшін үлкен қуаныш.

Сауалнама

Жауаптары

1

Зейін Шашкинді танисыз ба?

Ия - 2%

Жоқ -98%

2

З.Шашкиннің дәрігер болғанын білесіз бе?

Ия -0%

Жоқ -100%

3

З.Шашкиннің медициналық білімі

Хирург-3%

Фтизиатр-12%

Окулист-8%

Акушер - 0

4

Сіз Зейін Шашкиннің «Доктор Дарханов» романы бар екенін білесіз бе?

Ия - 2%

Жоқ -98%

5

«Доктор Дарханов» романын оқығансыз ба?

Ия -0%

Жоқ-100%

6

Доктор Дарханов қандай ауруды емдеді?

Онкология- 4%

Туберкулез

- 8%

Жүрек аурулары -3%

Тері аурулары

7

«Доктор Дарханов» романын оқығыңыз келе ме?

Ия -100%

Жоқ -0%


     Қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік қолтаңбасымен белгілі жазушыларымыздың бірі Зейін Шашкин Жүнісбекұлы 1912 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында Бозшакөл дейтін жерде кедей шаруа семьясында туған. Ата-анасы, туған-туысқандары 1913 жылы Бозшакөлден Жаймаға қазіргі 3.Шашкин атындағы шаруашылық орналасқан ауылға көшіп барып қоныстанып қалған. Оның бүкіл балалық шағы осы Қызылтау-Жайма өңірінде өткен. Әкесі Жүнісбек жергілікті байларға қарсы бас көтергені үшін Сібірге айдалған. Айдаудан келгеннен кейін 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысып, кеңес өкіметін орнату жолындағы күреске атсалысады.

1920-1930 жылдарда Зейін Павлодар қаласында орта мектеп кабырғасында тәрбиеленеді. 1930 жылдан бастап ол Мәскеудің тарих, философия және әдебиет институтында оқиды. Сол кезден бастап әдебиетпен әуестенеді. Алғашқы шығармалары 1930 жылдары «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Әдебиет майданы» журналында жарияланады. Өлеңдері, сын, зерттеу мақалалары т.б. әңгімелері жарық көреді. Газет, баспа орындарында қызмет істейді, институтта сабақ береді. Әдебиет теориясы оқулығын даярлауға атсалысады. Бұл кезеңдегі әдеби еңбектерінің ішінде Абай поэзиясының тілі, Асқар Тоқмағамбетов шығармашылығы жайлы зерттеу мақалалары айрықша орын алады.

Институтты аяқтағаннан кейін Зейін Жүнісбекұлы 1933-1937 жылдар аралығында Қарағанды қалалық комсомол комитетінің хатшысы, одан кейін Алматы қаласындағы Қазақ педагогикалық институтының журналистика факультетінде оқытушы болған. Орыс тілін жетік меңгерген Зейін дәрісті екі тілде оқыған, яғни қазақ және орыс тілдерінде дәріс берді. Осы кезеңде ол қазақ әдебиетінің мәселелеріне көп көңіл бөлген. 1934 жылы «Абай поэзиясының ерекшелігі» деген еңбегін жазып, жария етіп, біраз уақыттан соң қазақ әдебиетшісі Исмайл Есмағамбетовпен бірігіп жоғарғы оқу орындарына арналған «Әдебиет теориясының оқулығын» жазады. Ол кезде Зейін небәрі 22 жаста еді.

1938-1948 жылдары Зейін Шашкин әдебиеттен алыстауға мәжбүр болды. Өйткені ол да сталиндік репрессияның құрбаны болып, ешқандай түсініктемесіз 2 жыл Алматыда абақтыда жатып, 1938 жылдың наурыз айында Семей қаласына (Семей пединститутына «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі ретінде жұмысқа шақырылған болатын) келген сәтінде ұсталып, Иркутскіге 10 жылға айдауға жіберіледі. Ол түрмеде жүріп, медицинамен айналысады. Сібірде жүріп репрессияға ұшыраған дәрігер М.С.Бинштокпен танысады. Айдауға жіберілгенге дейін Қырым климототерапия институтында жұмыс істеген М.С.Бинштоктың арқасында Зейіннің медицинаға деген шынайы махаббаты оянады. Сөйтіп ол лагерьде жергілікті халықты емдеп, дәрігердің көмекшісі болып қызмет атқарып жүреді. Онымен қоса ол Иркутск медицина институтына сырттай тапсырып, өз ісін қаншалықты үздік біліп тұрса да айдауда жүрген Зейінге фтизиатр мамандығы бойынша диплом емес, тек оқуды аяқтағаны туралы құжат қана беріледі. Әпкесі Мақиза Шашкинаның естеліктері бойынша Зейін Шашкин лагерьде өзімен бірге болған ғалым, әдеби сыншы Мұхамеджан Қаратаев, балалар жазушысы Өтебай Тұрманжанов, Хамза Есенжанов сынды тағы да басқа біраз танымал тұлғаларды емдеген. З.Шашкин 1948 жылы айдаудан келіп, қолындағы құжатпен Қарағанды қаласының Киров аудандық емханасына жұмысқа тұрады. Сол жылы ол шұғыл түрде емтихандарын тапсырып, дәрігер дипломын қолына алады. Содан 1948-1956 жылдар аралығында Бурабайдағы Бармашы санаториінде дәрігер-фтизиоларинголог болып қызмет атқарған. Зейін Жүнісбекұлы Қазақстандағы өкпе және көмей туберкулезін рентген сәулесімен емдей бастаған алғашқы дәрігерлердің бірі. Соңғы 6 жылдың ішінде ол сол санаторидің бас дәрігері бола тұрып, туберкулезге шалдыққан жүздеген науқастарға үміт отын сыйлаған. З.Шашкинді көзі тірісінде «Қазақтың Чеховы» деп атаған. Себебі ол Чехов, Вересаев, Булгаков сынды медицина мамандығын бітіріп, дәрігерлік қызметін әдебиетпен ұштастырған ерекше жандардың бір болды. 

Зейін Шашкиннің сол уақытта жүргізген зерттеулерін денсаулық сақтау Министрлігі жоғары бағалаған. Жазушының медицина саласындағы жетістіктеріне бүгінгі күні «Бурабай» санаториінде 1989 жылы ашылған мемориалды мұражайы дәлел бола алады. Осы уақыттан бастап ол әдебиетке қайта бет бұра бастайды. Күндіз дәрігерлік қызметін атқарса, түнде әдеби шығармаларын жазып жүреді. Заманауи медицинаның жағдайы мазалаған жазушының қазақ әдебиетіне медицинаға арналған «Дәрігер Дарханов» атты романын алып келуі жайдан-жай емес. Бұл романдағы басты кейіпкер Нияз Дархановтың прототипі Зейін Шашкиннің өзі болатын.

З.Шашкин 1956 жылы жазушы Алматыға қайта оралады. Оның көркем әдебиет жолындағы шығармашылық шарықтау кезеңі 50-ші, 60-шы жылдарға жатады. Өмірінің соңғы он жылдығында ол «Тоқаш Бокин», «Дәрігер Дарханов», «Сенім», «Теміртау» романдарын, «Таң атты», «Ұядан ұшқанда», «Темірқазық», «Өмір тынысы» повестерін жазады. Ал «Заман осылай басталады», «Ақын жүрегі» пьесалары республикалық, облыстық драма театрларда қойылған. Әрі оның «Тоқаш Бокин» романы негізінде жазушы өмірден өткеннен кейін «Мазасыз таң» атты көркем фильм болып түсірілген. Бұл да жазушы қаламынан туындаған дүниелердің құндылығын көрсетсе керек.

Бүгінгі күні Зейін Шашкиннің туындылары ТМД елдерінің тілдеріне аударылған. Оның атында туған ауылы Баянауылда мұражай ашылған, оның есімі ауыл мен мектептерге берілген. Сондай-ақ Алматы қаласында Зейін Шашкин тұрған үйге (Абай даңғылы, 51) мемориалды тақта орнатылған.

Зейін Шашкин өз шығармаларында дәрігерлер өмірін жан-жақты тереңдеп, зор білгірлікпен, шеберлікпен сипаттайды. «Доктор Дарханов» романында дәрігерлік өміріне жиі қайырылады. Бұлай етуі заңды да, Зейін Шашкин әмірінің едәуір мерзімін медициналық практикаға жұмсаған. 1946-1951 жылдары Бурабайда Бармашы санаториінде дәрігер-лотаринголог болып қызмет атқарған. Жәй көпқатарлы дәрігер ғана емес, өз мамандығын жетік білетін, көп ізденгіш, көпке сүйкімді, шипалы дәрігер болған.

Зейін Шашкин шығармашылық кемеліне келген шағында, 1966 жылы 29 наурызда 54 жасында ауыр науқастан қайтыс болады. Ол қазақ әдебиетін дамытудағы жемісті еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі президиумының грамоталарымен марапатталған. Зейін Шашкиннің шығармашылығы - мазмұн жағынан болсын, көркемдік сипаттары жағынан болсын, жан-жақты, қызықты мұра, құнарлы дүние.

Белгілі сыншы З.Қабдолов: «Тілі нашар шығарма ешқашан жақсы шығарма болған емес және бола алмайды. Демек сөз өнерінде тілдің атқарар қызметі бәрінен ерекше, бөлек һәм биік», - дейді. Сан қырлы, алуан түрлі көл-көсір сөздерді шығармаларында пайдалану – әр жазушыға тән қасиет. Шығарма тілі қандай болса, шығарма соншалықты қызықты, тартымды, бояуы қанық суреттей болады. Шығармаларында сөз айшықтарын орынды пайдалана білетін, сөз маржандарын тізбекке тізе білетін тапқыр жазушылардың бірі – З.Шашкин. Ал оның керемет сөздермен өрнектелген, шыншыл да, сыршыл туындысының бірі - «Доктор Дарханов»  романы. Жазушы дәрігерлер өмірі жайлы өрілген шығармасында көптеген айшықты сөз тіркестері мен керемет теңеулерді пайдалана білген. Оған дәлел шығармадан мына бір үзінді: «Нияз сағатына қарады: сегізге таянып қалған. Күнде бұл кезде корпустарды аралап, қатты аурулар палатасына кіріп те шығатын мезгілі. Топтың арт жағын ала келе жатқан – кешегі бота көз, аққұба қыздың ағасы Асқар Сағатовты Нияз салғаннан таныды». Осы мысалдағы «салғаннан таныды»  тіркесінің мағынасы Қазақ әдеби тілінің сөздігінде - кіріскеннен, ә дегеннен, алғаш бастағаннан дегенді білдіреді делінеді. Яғни еш қиындықсыз, бір көргеннен таныды дегенді білдіреді. Егер біреуді немесе бір нәрсені  бұрыннан танитын, білетін  болсаң оны кезіктіргенде көзіне оттай басылатыны анық. Сол секілді Нияз да Асқарды бірден таныды, бірден білді, яғни салғаннан таныды.

 

Ата-баба аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген бүгінгі азат елімізде өзгерістер орын алуда, уақыт қарқынымен бірге зымырап жатқан жаңа технологиялар адамзат баласына білім күшінің басымдығын айғақтауда. Діни наным сенімдер мен идеологиялар жаңаша сипат алып жатса да, өзгермейтін бір ғана құндылық бар ол – адамның бойындағы адамгершілік, мейірімділік, белсенді әрекет, яғни дәрігер-жазушы суреттеген адалдық, арлылық қасиеттер өзгеріссіз қалады.

Оқырман қауымға керемет шығармаларымен танылған Зейін Шашкиннің сөздік қоры әдемі сөздерге тұнып тұр. Жазушы З.Шашкиннің көркем шығарманың эстетикалық нысанын, идеясы мен тақырыптарын ашуда, шығармасы арқылы көрсеткісі келген өмірлік шыңдықты бейнелеуде, кейіпкер бейнесін сомдауда, жалпы алғанда, шығарманың мұрат-мақсатын айқындауда ең басты құралы – оның тілі, стилі.

Жазушы  шығармаларында тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні саналатын, сөз маржандары – мақал  мен мәтелді орынды пайдалана білген, тапқыр қолданған. Бұған  дәрігерлер өмірінен көрініс беретін «Доктор Дарханов» шығармасы – сөзіміздің дәлелі бола алады. Мақал – халық поэзиясының жанрлық түрі, түйінді ойды білдіретін, тура мағынасына орай астарлы мағына да бере алатын ықшамды нақыл сөз. Мақалдың тікелей мағынасы нақтылы өмір жағдайынан туған байлам, қорытынды түйін болады да, ал сол жағдайға ұқсас басқа өмір құбылыстарына да қаратылып айтылу мүмкіндігі  оның астарлы, ауыспалы мінін кеңейте түседі. Мақал қоғамдық өмірдің сан алуан құбылыстарын кеңінен қамтиды, тақырыбы мейлінше бай, жан-жақты келеді. Мақал ықшамды, мағыналы, тілі көркем, бейнелі және мейлінше қарапайым, көңілге қонымды болғандықтан есте сақтауға, айтуға жеңіл келеді. Мақалда сөздің ырғағы келісті, көбінесе өлеңдік өрнектерге сәйкес болады. Орнын тауып айтылса, мақал сөздің мәнін күшейтіп, айтылатын ойға ажар береді. Сөздің көркі – мақал» деген тегін айтылмаған»,-дейді З.Ахметов. Шынында да тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінің келтіретін мақал көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады дегендей, шығармаға әр беріп, көркейтіп тұрады. Енді орның тауып өрнектеліп тұрған мақалдарға назар аударсақ, шығармада:  «Тегі, маған Павлодардан басқа бір  қалаға ауысу керек шығар. Әлде Алматыға барып, ғылыммен айналыссам ба? Сағила тұншықтырып, шала-жансар ғып тастаған арманым қайта тірілді. Өмірдің ең жақсы қасиеті де, тіршіліктің мәні де – өнер. Қолдан келсе, өнеріңді көрсетіп бақ, істе, бұл дүниеге келгесін, бос кетпе! Жақсы адамның аты өлмейді» дейді қазақ, ол – жақсы адам артына үлгі қалдырған болар, әйтпесе несімен жақсы атанады. Жақсы дәрігер болу өнерге байланысты. Ал ол өнер менің бойымда болса, тысқа шығармай, неге өлі сақтайым?»,-дейді.

Шынымен егер бұл мақалды әрі қарай жалғайтын болсақ,  «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейміз. Жақсы адам артына із қалдырып, халқына пайдалы игі іс жасаса, әлбетте, оның есімі ел аузында сақталады. Өзі дүниеден өтсе де, артында естелік болып  жасаған жақсылықтары мәңгі қалады, себебі көрнекті іс көмілмейтіні рас... Енді мына бір диалогқа құлақ ассақ: «Құс қанатындай бұтақтары төмен салбыраған кәрі платанның түбіндегі орындыққа отырды профессор. - Мифодий Сергеевич, сізді стрептомицин сатты деп өсек қып жүрген  сияқты... Профессор бетіме таңырқай қарады. - Оны кім айтты саған? - Естідім. -Айта берсің. Ит үреді, керуен  көшеді. -   Жоқ, Мифодий Сергеевич, олай демеңіз. Мұның аяғы насырға шаппасың. Көрмейсіз бе, медицинаның нендей нәндері кім боп шығып жатқанын? Осындайдан ушығады... Осы сияқты уақиға менің өз басым да да болды... әуелі «пленнен келді» деген өсек таратты, артынан соңыма түсіп, ұстауға айналды... Дер кезінде қашып құтылдым»[4, 85]. Диалогта «ит үреді, керуен көшеді» деген мақал кездесті. Біреулердің мерейі үстем болып, бақытқа кенеліп, жұмысы жүріп, күндері сәттілікке толса, «күншіл адам күн бойы  ренжіп жүреді» дегендей, қасындағылар оны көре алмай, аяқтан шалады. Неше түрлі қауесет шығарып, барынша ол адамға әсер етуге тырысады, өйткені  күншіл адам міншіл келеді. Алайда оған «ит үреді, керуен көшеді» деп, көңіл бөлмейтіндері де бар. Иттің үре-үре аузы талатындай, мысқыл, мысқылдың түбі мүшкіл деп қастандық жасап, мысқылдаған адам да бір күні жалығады. Ал сенің көшін тоқтап қалмай, ілгері басады. Сондықтан бос сөзге мән бермей, тек алға ұмтылу керек деп жалған сөзге мән бермеуге шақыратын мақал. З.Шашкиннің де мақалына көз жүгіртсек, тағы да бір жерде:     «Қазақ ауылының әдеп-ғұрпын көріп отырып, дәрігер адамның ары қалай шыдайтынына таңым бар... -       Не болып қалыпты сонша жан түршігетіндей?-Нияз шамдана сұрады. - «Не болып қалыпты?»... Шын айтасың ба?.. Қой, қалқам, сен мысқылды жақсы көретін жігіт көрінесің, әзілің өзіңе, шың сұрасаң, мен сенімен айтысу түгіл, шешініп төбелесуге бармын. Нияз көңіліне секем алып, әлдене боп қалды дегендей, қобалжи бастады. - Қылша мойным талша. Айтыңыз! - Айтсам, қашанға дейін жерге отырып, қолмен тамақ ішіп, майлықпен қол сүртпек бұл ауыл? Қашанғы шыдай береміз?..»-деген мысал бар.  Осындағы  «қылша мойным талша» мақалы – мен тыңдауға әзірмін, не айтсаңыз да тыңдаймын деген мағынада қолданылса керек. Диалогта жазушының бұл мақалды қолдануы бір жағынан екі кісінің әңгімесін көркейтіп тұрса, екінші жағынан жазушының тапқырлығын, сиқырлы сұлу өнерін  көрсетеді. Шығармадағы  мынадай мысалға назар аударсақ: «Сағила да сезгенімен, рай бермеді, сыпылдай сөйлеп, стол үстін реттей бастады.  - Қазір папам келеді. Сонсоң өзіміз отырамыз...-деп билеп-төстеп,  басқарып әкетті. Баяғы бір айта салған қапы сөз енді есіме түсті: уәделі күн өткен, менің тарапымнан қайран болмаған соң, Сағила өзі шешкен. Ал сонда қызды қалай түсінуге болады: не айлалы қу қыз да, не әдет-ғұрып, жөн-жобадан ада, өмірге киімшең келген қыз. Жә, ол қыз білмей-ақ қойсын, шешесі неге ақыл айтпайды?.. Байқаймын, қыз бен шешесі де жайдары жүзбен көтеріңкі сөйлеп, қимылдай бастады. - Сағышжан, мен әлгі бәлішті әкелейін!-деді ол сатыдан төмен түсіп бара жатып, маған тағы да бір көз тастап. «Черт сним! Болар іс болды, бояуы сіңді. Бұл қызды енді үйден қуып шыға алмаспын! Не болса да көрдім!»-деп іштей буынып-түйініп, жеңді сыбанып жіберіп, мен де кірістім. Осы сөйлемде қолданыс тапқан «болған іс болды, бояуы сіңді» деген мақалға тоқталатын болсақ, бұл мақал енді қайтып оралмайтын дүниелерге өкінбеуді үйрететін мақал. Кейде біреу істеген қетелігіне, іс-әрекетіне өкініп жатса, «Болған іс болды, бояуы сіңді, өкінгенмен амал жоқ, қайта айналып келмейді»,-деп жұбатып жатамыз. Сол сияқты Нияз да бір кездегі істеген әрекеттеріне өкініп тұрғанымен нар тәуекел деп «болған іс болды, бояуы сіңді» деп тәуекелге бел буады өйткені өткен күн қайтып оралмасын Дарханов жақсы біледі. Біз «Доктор Дарханов» шығармасын оқып отырып тек қана қазақ мақал-мәтелдерін емес, сондай-ақ, көптеген орыс, латын мақал-мәтелдерін де кездестіреміз. Айталық шығармада: «Бокал екінші рет толтырылғанда, Шортанбаев дабырлап түрегелді.

-        Доктор Дарханов менің інім екен...-деп келе жатыр еді, бас дәрігер оны жеңінен тартып, нұқып отырғызып қойды.

-        Әкеңнен бұрын тұзаққа мойныңды сұқпа!-деді. Әйелдер дуылдап шаттана күлді. Бас дәрігердің ылғи қолданатын сөзінің бірі екен. Әйелдер біріне бірі сыбырлап, «Жұмыртқа тауықты үйретпейді» деп бас дәрігердің екінші мәтелін айтып, тағы да күлді». Шығармада қолданылып тұрған «жұмыртқа тауықты үйретпейді» деген қызғылықты мақал біздің «әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деген тәрбиелік мәні жоғары мақалымызбен мәндес, мазмұндас.  Үлкенге еш қарсылық білдірмейтін қазақ халқы үлкенді құрметтеуге, сыйлауға, қадір тұтуға шақырады. Жас адам қанша ақылды болса да кәрінің білгендерін білмейді. Осылайша қазақ әдебиеті тарихында өзіндік қолтаңбасы бар жазушы сөз иірімдерін иіріп, шығармасында қазақ мақал-мәтелдерін орынды пайдалана білген. Осы арқылы шығарманы одан әрі әрлеп, әсірелеп, көркейтіп, айшықтай түседі. Жазушы шығармасында қазақ мақалдарын қолдану арқылы біріншіден, тапқыр қазақ халқының сөз өнерінің көркемдігін  көрсетсе, екіншіден, өзінің де сөздік қорының мол екендігін, мақалдан кенде емес екенін білдіреді. Үшіншіден айтар ойың тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен беріп, мақал арқылы сөздің тоқ етерін айтады. «Жазушы тілі үш түрлі ұтымдылықта – дәлдікке, ықшамдыққа, сұлулыққа – негізделуі шарт»,-дейді З.Қабдолов. Осы аталған ықшамдылық та, дәлдік те, сұлулық та  мақал мен мәтелден табылады десек, артық айтқандық емес шығар.

Жазушы З.Шашкиннің тағы бір ерекшелігі – оның юмор мен сатирасы. Көрнекті ғалым Т.Қожакеев өзінің «Сатира – күштілер қаруы» атты монографиясында: «Сатирада ащы кекесін, күлкі ету, мазақ қылу, жоққа шығару, үкім айту, адам қиналысын аңлау, адам жүрегінің түпкіріне үңілу, көңілділік пен күрсініс, тенденциялық пен қатаң әділдік, лирикалыұ сезім мен ғылыми талдау тоғысып жатады. Қаламгер З.Шашкин сатираны жеке бір бейне, мінездерді болмыс, факт, елестерді суреттеп берудің құралы ретінде қолданған. Өзінің «Доктор Дарханов» шығармасындағы  Жүсіп атты кейіпкерді сатиралық әдіспен суреттеген: «Жүсіп ұрда-жық, сөзге ергіш жігіт. Ойыңды айтпай-ақ, емеурініңнен біліп, ар жағын өзі аяқтайды. Сөзге ергіш адаммен әңгімелесу де жеңіл... Сөзіңе қарауыл қойып, томсырайған қытымыр адамнан без. Тіл табу қиын, жаныңды қажап, әуре-сарсаң қылады».

«Көркем шығарма – ақиқат өмірдің көрінісі. Онда нақтылы өмірдің ізі, сәулесі, шыңдығы барынша көрінбек» -деп әдебиетші, ғалым Төлеутай Ақшолақов айтып кеткендей әрбір әдеби шығармада бір шыңдық жатады. З.Шашкин – кейіпкерлерінің жан иірімдерін, ішкі толғаныстарын, таңдаулары мен қалауларын, сезімдері мен сүйініш-күйініштерін суреттеуде өзіндік соқпағын салған суреткер ретінде танылады. Ең әуелі суреткерге тән қасиет - кейіпкер психологиясын ашу. З.Шашкин сомдаған кейіпкерлер өзінің шынайылығымен, даралығымен, өзіндік мәндерімен ерекшеленеді. «Суреткер белгілі дәуір перзенті. Оның творчествосы сол өмірдің сәулесі, көрінісі. Бірде-бір шынайы суреткер өз заманының саяси-әлеуметтік мәселелеріне үн қоспай, қатыспай, араласпай қалмақ емес»[1, 256]-деп Т.Ақшолақов айтқандай З.Шашкин де бұл шығарманы тегіннен тегін жазған жоқ. Дарханов бейнесі жалпы зиялы қауым келбетінің қазақ әдебиетіндегі жиынтық көрінісі іспетті қабылданды. Жазушы А.Смайыл бұл туралы: «Біріншіден, Дарханов білікті дәрігер, 60-шы жылдардағы қазақ зиялысы, ұлттық интеллигенцияның қалыптасу жолын көрсете алатын кішігірім болса да тұлға. Екіншіден, махаббат оты күйдіре алатын пенде. Үшіншіден, өз заманының патриоты. Бәрін тұтас алып қарасақ, коммунистік режимнің 60-шы жылдардағы түлегі». Жазушы Дархановты осындай бейнелерде сомдай отырып, сол тұстағы ұлт оқығанының шынайы образын жасаған. Дарханов образы несімен шыншыл, несімен реалистік образға жатады. Енді осы сауалдарға жауап іздеп көрейік. Дарханов – білікті дәрігер, әрі сол дәрігерлігін адал атқарушы. Ол «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мақалды  ұстанатын дәрігерлер қатарында. Шығармаға назар аударайық: «Осы кезде  сау етіп кешегі қарсы алған екі жігіт пен бір жас мұғалім «ассаламәләйкум!» деп кіріп келді, үй иесінің жоғары шық деуі мұң екен, жерде жасаулы ыдыс аяқты, тағамды елең қылған олар жоқ, бірінен соң бірі аттап төрге барды. Аяқтарының кірі ыдыс-аяққа ұшып түсіп жатқанын, не шай құйып отырған әйелі, не мұғалімнің өзі ескермеді. Нияз жиіркеніп кесесін  төңкере салды. - Неге ішпедіңіз? Ішіңіз, ішіңіз!-деп мұғалім де, әйелі де жалпақтап кесеге қарай ұмтылып еді, Нияз қолымен баса қойды. - Жоқ. Мен жиіркеніп отырмын. Отырғандар не дерін білмей, шын ба дегендей таңдана қарасты Нияздың бетіне. -      Я, сендер ауылға мәдениет әкелетін көзі ашық азаматсыңдар, істейтіндерің артта қалған надандардың қылығы. Кімді тәрбиелеп, кімге үлгі боласыңдар? - Не болды, доктор жолдас, сонша таусылып?-деді жаңа келген жастау мұғалім. -        Жаңа не істегеніңді өзің сездің бе? - Мен не істедім? Жазғаным азамат деп сыйлап келіп, сәлем бергенім бе? - Қайтейін, «сорлы» десем, өзіме тиеді. Хат танитын адамға қажет медицинадан хабарың жоқ. Лас, кір етігіңмен тағамға қарамай үстінен аттап өтесің де, не істедім дейсің? Сенің жер басып жүрген етігіңде  қандай тазалық бар? Сонсоң, өздерің мұғалімсіңдер, жерге қалай отырып, жерде қалай тамақ ішесіңдер? Ауру-сырқаудың бәрі осыдан. Жердің сызы, есіктен соққан суық ауа алдымен жерде отырған адамға зиян! - Баяғыдан бері қазақ жерде отырып-ақ жан сақтап келеді ғой!-деді тағы да әлгі жас мұғалім. -Бізді құртатын осы сөз, айналайын!.. Сенің қайда оқығаныңды білмеймін, бірақ білімін жоқ, надан адамның сөзін сөйлеп отырсың. Қазақ арасында туберкулез неге көп, сен оны білесің бе?-  Көп деп кім айтады? - Ойбу, қарағым-ай, таласпасаңшы, сенің мына ауырып жатқан председателіннің сырқаты да – сол туберкулездің бір түрі. Егер осы ауылды рентгенмен қарап жіберсең кемі төрт-бес адам табылады.-    Таба алмайсыз!-деді жас мұғалім ерегесіп. Нияз бетіне үңіле қарады да:- Сенің өзің де сау емессің, сенен де табам! Мұғалім қарқ-қарқ күлді.-   Олай болса, қазір менің аппаратымды алып келіңдер, ауыл адамдарын түгел мектепке шақырыңдар, жарты күнімді жіберіп, барлығын қараймын! - Бәрін бір күнде қарай алмассыз. Шынында, жақсы келдіңіз, біздің оқушы балаларды қарап беріңіз!-деді мектеп меңгерушісі. Нияз сол күні түске дейін мектепте оқушыларды тегіс рентгеннен өткізді. Мұғалімдерді де қарап, айтқандай, ерегіскен жас мұғалімнің өкпесінен жан-жағы жаңа ғана ісе бастаған очаг тапты. Бұл диалогта Ниязды бетке айтар батыл адам қырынан таныдық. Қисық сөйлеп отырған мұғалімге бет қаратпай, қатесін бетіне басып айтты. «Сөз – жүректің шері, оның да бар ғой айтылар жері» дегендей, жүректегі шерін Нияз ашына айтты. Және де ол: «Олай болса, қазір менің аппаратымды алып келіңдер, ауыл адамдарын түгел мектепке шақырыңдар, жарты күнімді жіберіп, барлығын қараймын!»,-дейді. Ол өзін қарап беруді өтініп, шақырған председательді ғана қарап, жұмысын аяқтап, санаторийіне қайтып кеткен жоқ. Ол ерінбей барлық ауыл адамдарын қарап береді. Және ол үшін ақы сұрамайды. «Еңбек – ердің сәні» демекші, ерінбей еңбек еткен Нияздың бұл да жақсы бір қыры.  Сол еңбегіне қарай Нияз да елге қадірлі бола білді. Оны Көкшетау маңындағы ауыл-аймақ тегіс біліп алды. Шығармаға назар аударсақ:«Доктор Дарханов деген атақ Көкшетау аймағына түгелдей тараған да, сол маңдағы колхоз, совхоз, Шортанды, Степняк, Еңбекшілер, Қызылту, Макинка сияқты аудан, қала орталықтарынан науқастар келіп-кетіп, емделіп те жатады. Бірінің қарлығып қалған даусын шығарып, бірінің естімей қалған құлағын естіртіп, енді бірінің кеңірдегіне дәрі құйып, рентгенде қарап, науқасының диагнозын қойып, ерінбей еңбек сіңірді. Кей дәрігерлердей істеген еміне бұлданып, күбірлеп, жақтырмаған пішін білдірсе де, іштей бірдеме дәметіп күн көрмеді. Жең ұшынан «мына бір сыйлық сізге!..» деп ұсынған адамға: «Үкіметтің берген ақшасы жетеді!» деп бетін талай қайтарып та тастады. Нияз «еңбекақы» деп науқас адамнан алған дәрігерлермен жаны қас, жеке адамнан ақы алудың өзі ерсі. Қол созып, қайыр сұрағаннан айырмасы қанша мұның? Бұ да – ескі дүниенің, сасық қылықтың сарқыты». Еңбегін сатып ақша алуға жаны қас Нияз сияқты адал жандар мемлекетке қашан да керек. Әсіресе ХХІ ғасырда қит етсе бармақ басты, көз қыстыға баратын, өз қызметін пайдаланып пара алатын қазіргі біздің заманымызда бұндай халық қамын ойлайтын адал азаматтар онның бірі ғана.

«Зейін Шашкин прозасының үздік табысы интеллигенция өкілдерінің образын жасауында, әсіресе дәрігерлер өмірін білгірлікпен суреттеуінде екенін мойындамасқа лаж жоқ. Қазақ әдебиетінде дәрігерлер өмірін жан-жақты тереңдеп, зор білгірлікпен, шеберлікпен суреттеу жөнінде З.Шашкинмен иықтасар жазушы әзірге болмағанын атап айту ләзім. Бұл тұрғыдан алғанда, З.Шашкинді орыс әдебиетіндегі А.П. Чеховқа ғана ұқсатуға болады»-деп Сапар Байжанов айтқандай, шыныңда да бұл шығарма оқырманың лезде баурап алатын, әр оқиғасынан сабақ алуға болатын, дәрігерлер өмірінен ғана сыр шертіп қоймай, әр адамның, әр тұлғаның ерекшелігін танытатын керемет туынды, өшпейтін мұра!

Жарық дүниеде небәрі елу төрт жыл жасап, оның тәттісі мен ащысын да, ауыры мен жеңілін де, қуаныш шаттығы мен қайғы қасіретін де көрген Зейін Шашкиннің творчествосын зерттеп, арнайы монография шығарған Сапар Байжановтың сөзімен айтқанда, қайтып оралғаннан кейін «әдебиетте бас- аяғы он жылға толар-толмас уақыт қана еңбек етті. Сол аз ғана уақыттың ішінде төрт роман, үш повесть, ондаған әңгіме, очерктер, пьеса, киносценарийлер беріп үлгерді, туған әдебиет тарихынан орын аларлықтай елеулі шығармалар жазды.

Дарханов өзінің мінез-құлығы, іс-әрекетімен келді. Сұм, зымиян, оңай олжаға қызыққыш жіліктің майлы басына жабысқыш, арды аттап, абырой дегенді қарақан басының рахатына ғана жұмсайтын опасыз «Мүсілімдердің» жинақы бейнесін жасауымен ғана емес, солардың көлеңкесінің өзі кесепат екендігін аңғартумен-ақ қоғамдық ойға атой салды. «Теміртаудан», «Доктор Дархановқа» ауған сюжеттік желінің бір тарамы осындайлардың әлі де болса арамызда жүргені кездесіп қалатындығы Нияз адалдығымен айыпталады. Осындайлардан сақ болыңдар деген қамқоршы он оқушыға қалтқысыз жетті. Өздерін осы қалыпта көргендер романның ықпалын азайтпақ болып айғай-шу шығарғанда жазушы өзінің көздеген мақсатының орындалғанын анық сезді. Сондықтан да, «Доктор Дарханов» романы кезеңнің көркемдік келбетін, замандастарымыздың тыныс-тіршілігін айқын танытты.

Жоғарыда айтып өткеніміздей З.Шашкин фтизиоларинголог қызметін атқарды. Тарқатып айтатын болсақ: Фтизиатр – туберкулезге диагноз қоятын және оны емдейтін маман иесі. Туберкулез тек қана өкпені емес, сонымен қатар бауыр, бүйрек, сүйек және т.б. мүшелерді зақымдайды, сондықтан да дұрыс диагноз қойып, тиісті ем-дом жасау қажет. Ал ларингология (грек. Іагепх (larynges) - көмей, грек. logos - ілім, сөз) - көмей құрылысы мен функциясы, аурудың алдын алу және емдеу әдістерін зерттейтін оториноларингология бөлімі. Яғни «Доктор Дарханов» романының басты кейіпкері өкпе туберкулезін рентген сәулесімен емдеумен айналысты. Бұл әдіс көптеген дәрігер ғалымдардың назарын өзіне аударды. Осы қиын да қиямет жолда жігері мұқалмай көресіп, сырқаттардың жанын сақтап қалуға барын салған күрескер жанның өмірі баршамызға үлгі. ХХ ғасырда екі ұдай күй кешірген рентген сәулесі өзінің жемісін берді. Әрине оны мөлшермен қолдануға рұқсат алынды. Нәтижесінде қаншама науқастар өмірін жалғастыруға мүмкіндік алды.

Ал ХХІ ғасырда Францияда 3D-айнасы ойлап табылды, оған кез-келген адам өзінің ішкі мүшелерін көре алады. Рентген-айнасы компьютерлік технология мен магниторезонанстық томография, рентген тексеруі, компьютерлік анимация мен Kinect қозғалыс жүйесінің бірігуі жолы арқылы жарыққа шыққан. Microsoft Kinect камерасы өз кезегінде түрлі мүшелерді, оның ішінде сан, шынтақ т.б. мүшелерді де қамтиды. Барлық медициналық сүреттер графикалық процессор арқылы анимацияланады, адамның дәл қазіргі таңдағы өзінің ішкі мүшесіне қарауға мүмкіндік береді. Ғалымдар бұл құрылғының медицинаға пайдасы бар деп есептейді. Мысалы, аталған жүйенің көмегімен адамдар өзінің кейбір дене мүшелерін тексере алады немесе алдағы операцияларға дайын бола алады.

«Доктор Дарханов» романы Зейін Шашкин творчествосында ғана емес, бүкіл әдебиетіміздің алпысыншы жылдардағы өркендеуінде белесті шығарма болып тарихтан орын алды. Зейін Шашкин қиын бақыттың иесі болғандықтан ел есінен шықпайтын, уақыт өткен сайын қадірлене, құрметтене беретін мұра жасап кетті. Өзі дүние салғаннан кейін алты томдық шығармалар жинағы шықты, творчествосы кандидаттық диссертация көлемінде зерттеліп, монографияға айналды.




Пайдаланылған әдебиеттер:

 1. С.Байжанов «Үш томдық тандамалы шығармалар». Замандас туралы толғау. І-том. «Елорда». – Астана, 2006.

2. З.Ахметов «Әдебиеттану терминдерінің сөздігі». Алматы қ., «Ана тілі» баспасы, 1996 жыл.

3. З. Шашкин «Доктор Дарханов». Алматы қ., «Раритет» баспасы, 2006жыл.

4. З.Шашкин. таңдамалы шығармалар. ІІ-том. Тоқаш Бокин. Алматы. «Жазушы» баспасы», 1973 жыл.

5. З.Қабдолов «Сөз өнері», Алматы қ., «Санат» баспасы, 2007 жыл.

6. Темірбек Қожакеев. Сатира – күштілер қаруы. Алматы. Жазушы. 1985.

7. Тұрсынбек Кәкішев. Саңлақтар. Шығармалары Т.1. – Алматы: Ана тілі, 2007, 253-262 б.

8. Төлегенов О. Қазіргі қазақ тіліндегі жалпы модельді және мақсат мәнді жай сөйлем типтері. Алматы; Мектеп, 1968. 178-б.

9. Кибрик С.С. Лингвистические предпосылки моделирования языковой деятельности // Моделирования языковой деятельности в интелектуальных системах. М., 1987.С.3.

10. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас; теориясы және әдістемесі. Алматы, 2000.207-б.

11.    «Мыңжылдық мақал-мәтелдер» Алматы: «Өнер» баспасы, 2009ж.-216бет.

12.   З.Қабдолов «Таңдамалы шығармалар» 2-ші том. Алматы 2003. «Санат» баспасы.

13. Дәрігер, ғалым, жазушы // Алдабергенов Қ., Арын М., Баткеева Б. Бір туар дара тұлғалар. - Павлодар, 2003. - 206-213 б. 

14. Бекхожин Қалижан. Арпалысып өткен асыл дос: [Зейін Шашкиннің шығармашылығы] // Қазақ әдебиеті. - 2013.- 25 - 31 қаңтар.(№3-4) 


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!