Материалдар / Абай және орыс әдебиеті
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Абай және орыс әдебиеті

Материал туралы қысқаша түсінік
Абай – қазақ әдебиетінің орыс әдебиетімен байланысын күшейтуге аса зор үлес қосқан қайраткер. Абай заманы, ақындық өнерге, ағартушылық жолындағы күреске барын салып кіріскен кез – қазақ халқының тарихындағы ең күрделі, талас-тартысы, қайшылығы мол дәуір болатын. Бұрынғы хан билейтін заман артта қалып, ел арасынан сайланған аға сұлтандар шыққан болса, ондай тәртіп те жарты ғасырға жетпей өзгертіліп, қазақ даласы ұсақ-ұсақ болыстарға бөлшектеніп, ел билеу тізгіні уезд бастықтарының – патша әкімдерінің қолына көшкен еді. Бұл болыстардың билікке таласуын, ұлықтардың жолсыздығын, бассыздығын, парақорлыққа бейімділігін арттырды.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
28 Қараша 2021
523
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Жалпетекова Айнур Орынбасаровна- орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

Абай және орыс әдебиеті

Абай – қазақ әдебиетінің орыс әдебиетімен байланысын күшейтуге аса зор үлес қосқан қайраткер. Абай заманы, ақындық өнерге, ағартушылық жолындағы күреске барын салып кіріскен кез – қазақ халқының тарихындағы ең күрделі, талас-тартысы, қайшылығы мол дәуір болатын. Бұрынғы хан билейтін заман артта қалып, ел арасынан сайланған аға сұлтандар шыққан болса, ондай тәртіп те жарты ғасырға жетпей өзгертіліп, қазақ даласы ұсақ-ұсақ болыстарға бөлшектеніп, ел билеу тізгіні уезд бастықтарының – патша әкімдерінің қолына көшкен еді. Бұл болыстардың билікке таласуын, ұлықтардың жолсыздығын, бассыздығын, парақорлыққа бейімділігін арттырды. Қазақ жерінде Россиядан көшіріліп қондырылған кедей шаруалардың саны көбейіп, патшалық әкімшілік талай шұрайлы жерлерді тартып алып, елді ата мекенінен ығыстырды. Патша үкіметінің Қазақстанды отарлау саясатының жемісі, нәтижесі болған осындай ауыртпалықтан, заңсыздықтардан, рухани кіріптарлықтан елді құтқарудың ендігі жаңа жағдайда бірден бір ұтымды жолы – білім-ғылым үйрену еді. Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев секілді алдыңғы қатарлы қоғам қайраткерлері осыны жақсы түсініп, ұлттық ұранға айналдырды. Олар Россиямен қарым-қатынасты күшейте түсудің аса пайдалы жағы орыс мәдениетінің үздік үлгілерін ел ішіне, жұртшылыққа тарату деп санады. Мал бағумен қатар елдің егіншілікке, сауда-саттық секілді кәсіптерге бейімделуі қажет екенін де олар басқалардан бұрын сезді. Бұған дейін қазақ ақын, жыршылары шығыс халықтарының аңыз-ертегілерін, дастандарын қызықтап, ел арасына жыр етіп таратып келсе, енді орыс әдебиетін оқып, үйренуге, орыс ақын, жазушыларының шығармаларын насихаттауға көңіл бөле бастады. Қазақ елі мен көршілес орыс халқының арасында мәдени ауыс-түйіс бұрыннан орын алған еді десек те, орыс әдебиетінің қазақ мәдениетіне үлкен жаңа арна болып қосылуы осы кезде басталды. Орыс әдебиетін білуге, оны еркін игеруге ұмтылған Абай орыс ақын-жазушыларының шығармаларын тек қана өнерпаздықтың, көркемдік шеберліктің үлгісі деп қараған жоқ, айналадағы қоғамдық өмірді терең танып-түсінудің таптырмас құралы деп санады. Орыс жазушыларының шығармалары   Россияның тарихынан,   орыс халқының өмірінен хабардар болу үшін ғана емес, қазақ даласында әкімшілік жүргізіп отырған патша үкіметінің саясатын, ол саясатты жүзеге асырып отырған ұлық-әкімдердің озбырлықіс-әрекеттерін білу үшін де қажет еді.

Орыс классиктерінің шығармалары қазақ даласында озат адамгершілік идеалдардың жаршысы бола алатыны көп оқып, көп тоқыған Абай назарынан тыс қалмағаны анық. Абай жас кезінде-ақ орысша хат таныған. Ол 13 жасында Семей қаласында медреседе оқып жүрген кезінде «Приходская школаға» түсіп, орысша оқыды. Бірақ бұл оқу үш айдан аспайды. Жас Абай ел билеу ісіне араласып кетеді. Оның орысша кітаптарды, орыс әдебиетін оқуға шындап кіріскен уақыты – жасы 30-дан асқан кезі.Абайдың Семейге жер аударылып келген Е. П. Михаэлиспен танысуы осы тұста. Михаэлис Петербургте 60 жылдары студенттер қозғалысын ұйымдастырғандардың бірі болғаны үшін біраз жылдар айдауда Сібірде жүріп, кейінірек, 1869 жылы Семейге келіп орналасқан. Абай 1870 жылы Семей кітапханасында Л. Толстойдың «Русский Вестник» журналында басылған романын сұрап тұрғанда Михаэлис онымен сөйлесіп, екеуі сол жерде танысқан. Ал ондай кітапты оқу үшін орыстың әдеби тілін жақсы меңгерген адам болу керек екені анық. Бұл жылдары Абай қыс кезінде үш-төрт ай бойы Семейде жатып, кітапханадан әр түрлі   кітаптар   алып   оқып   жүреді.   Сонда Михаэлиспен жиі кездесіп, кеңесетін болған.

Жасынан Н. Г. Чернышевскийдің революциялық идеяларына көңіл бұрған, ғылымның әр саласынан хабары мол, әсіресе орыстың қоғамдық ой- пікірлерінен терең мағлүматы бар осы бір айрықша білімдар адаммен жақсы таныс, жақын болуы Абайдың орыс әдебиеті, сыны, тарихы ғана емес, жалпы қоғамдық ғылымдар бойынша да көптеген құнды кітаптар оқуына ықпалы аз болмаса керек. Сонымен   қатар   бұлардың   қарым-қатынасы Михаэлиске де пайдалы болғаны сөзсіз. Жергілікті халық – қазақтың өмірін, тұрмыс-жағдайын жете білу оған да аса қажет еді. Михаэлис кейінірек Семейде құрылған Статистикалық Комитеттің хатшысы қызметін атқарып, қазақ даласының шаруашылық, географиялық жағдайын зерттеуде елеулі еңбек еткенін ескерсек, оның Абайдан көп нәрсе естіп-білгені, үйренгені анық. Абай Михаэлиспен достасып, аралас-құралас болып жүріп, Н. И. Долгополов, С. С. Гросс сияқты Семейге айдалып келген бірнеше адамдармен де жақын танысады. Бұлар жас кезінде революциялық қозғалысқа қатысып көзге түскен, ал кейін орыс мәдениеті мен ғылымына өз

қалдарынша   елеулі   үлес   қосқан   адамдар.

Сондықтан олар Абайға орыс халқының өмір-тұрмысынан әр түрлі мағлұмат берген болса, соның өзі оның орыс мәдениетін, әдебиетін еркін игеруіне себін тигізген деуге лайық. Ал әдебиет, тарих, қоғамдық мәселелерді айтсақ, Абайдың ой-өрісін, дүние-танымын кеңейтіп, шырқау биікке көтерген, әрине, орыстың А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, И. А. Крылов, В. Г. Белинский, Н. Г. Чернышевский, Л. Н. Толстой, Н. А. Некрасов, И. С. Тургенев, М.Е. Салтыков-Щедрин секілді ең көрнекті жазушы, қоғам қайраткерлерінің шығармаларын оқып, олардың озық ой-пікірлерімен тікелей танысуы екенін атап айтқан жөн.

Абай сол замандағы орыстың қоғамдық ойының, әдебиетінің ең құнды

жетістіктерін қадағалап, зерлеп білуге көп күш жұмсаған. Тұтастай алып қарағанда, Абайдың орыс әдебиетінен оқығаны, түйгені көп екені анық. Жоғарыда аталған «Русский Вестник» журналымен қатар, 1909 жылғы Абай өлеңдерінің жинағында берілген Кәкітай Ысқақұлының мақаласына қарағанда, ақын Чернышевскийдің «Современник» журналында басылған әдеби шығармаларды оқып отырған. Орыс әдебиетінен оқығаны қаншалық көп болса да, Абай поэзиялық шығармаларды аударуға немесе еркін тәржімелеп, сарындас өлең жазуға келгенде үлкен талғампаздық танытып, кейбір өлеңдерді іріктеп қана алған.

Пушкин, Лермонтов, Крыловтан басқа ақындардың шығармаларын сирек аударған. Я. П. Полонскийден «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы…», И. А. Буниннен «Қорқытпа мені дауылдан» деген өлендер, басқа ақындардан тек екі-үш өлең ғана аударады.

Абай аудармалары жайлы сөз болғанда, алдымен айқындап аларлық жай – олардың бірталайы бүгінгі қалыптасқан мағынадағы аударма емес, Абайдың қолынан шыққан бара-бар, дәлме-дәл аударма дерлік өлеңдер бар да, сонымен қатар еркін тәржімеленген, әр түрлі өзгерістер енгізілгендіктен сарындас шығарма дерліктей сипат алғандары және аз емес. Осы топтағы шығармалардың ішінде төлтума туындыға айналған өлеңдер де бар. Сондықтан аударма өлеңдердегі сәйкес дәлме-дәл түсетін түстарын артықшылығы, ал өзгеше, өзгертіліп берілетін жерлерін кемістігі деп санау қисынға келмейді. Өйткені Абай аударып отырған өлеңінің мағынасын бастан-аяқ дәл, тура жеткізуге үнемі ұмтылмайды, «Жарым жақсы киім киіп…» деп басталатын Онегиннің елердегі сөзін Абай түгелдей өз жанынан шығарған, «Евгений Онегин» романында Онегиннің өлімі туралы тура ештеңе айтылмайды. Рас, қолжазба нүсқалардың бірінде Онегиннің аузына «Мен неге оқтан жарақаттанбадым?» («Зачем я пулей в грудь не ранен?») деп сөз салатыны бар. Бірақ Онегиннің өлімін айтуы Абайдың өзінің тапқан көркемдік шешімі деп санаған орынды. Орыс әдебиетіне зер салғанда Абай назарының алдымен Пушкинге ауғаны тегін емес-ті. Пушкин орыс әдебиетіндегі жаңа дәуірдің, қоғамдық мазмүны, тақырып-идеялары мен көркемдік сапасы мүлдем жаңа классикалық әдебиеттің басы болды. Ол қоғамдық ой-өрісі, дүниетанымы, тарихи мақсат-нысанасы, эстетикалық-көркемдік жүйесі – барлық сипат-қасиеттері өзгеше сөз өнерін қалыптастырды, орыс әдебиетінде реализм әдісін берік орнықтырды. Пушкин қазақ жерінде, Орынбор, Орал қалаларында болған кезінде қазақ халқына сүйіспеншілік сезіммен қарап, оныңеміріне, әдет-ғұрпына, мәдениетіне зер салды. Ол қазақ жігіттерінің Е. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне бел шеше қатысқанын білумен ғана тынған жоқ, сонымен қатар қазақ халқының бай сөз өнеріне құмарта қызығып, ауыз әдебиетінің асыл нұсқаларының бірі – «Қозы Көрпеш — Баян сқлу» дастанын жаздырып алды. Өмірінің соңғы кезінде жазылған белгілі «Ескерткіш» атты өлеңінде өз шығармаларын ұлы Россияның барлық халықтары оқитын болады дей келіп, осы өлеңнің қолжазба түрінде сақталған бір нұсқасында қазақ халқын да атап   кетеді. Пушкиннің аса   кесек   көркем туындыларының бірі — «Евгений Онегин» шын мағынасында халықтық шығарма. Мұндағы басты кейіпкерлердің төменгі таптан шыққан адамдар емес екені рас. Бірақ ең маңызды нәрсе – Онегин мен Татьяна, Ленский мен Ольга – осылардың қай-қайсысы болсын қарапайым халыққа қаншалықты жақындығы тұрғысынан бағаланады, олардың халық мүддесін түсіне білуі – артықшылығы болса, халықтың ой-түсінігінен алшақтығы — осалдығы болып шығады. Мұны кезінде Белинский өте қисынды дәлелдеп көрсеткен болатын.

Пушкин өз романында халықтың өмірін мейлінше толық, жан-жақты суреттейді, дворяндар мен шаруалардың өзара қарым-қатынасын да айқын көрсетеді. Халықтың кұнделікті тұрмыс тірлігін, әдет-ғұрпын, әр алуан адамдардың мінезін, іс-әрекетін, табиғат көрінісін, бәрін де терең және көркем бейнелегендіктен бұл шығарма шын мәнінде «орыс өмірініңэнциклопедиясы»болды. Әрине, Пушкиннің дастандары «Борис Годунов» атты драмасы, «Дубровский», «Капитан қызы» секілді шығармаларында сан алуан қоғамдық құбылыстар, тарихи оқиғалар, мол өмір шындығы жатыр. Алайда «Евгений Онегиннің» алатын орны ерекше. Бұл – Пушкиннің ең бір ішкі сыры молынан ақтарылған шығармасы, оның қиялының сұйікті перзенті, Пушкиннің тұлғасы «Онегинде» көрінгендей ақын тұлғасы мейлінше толық, жарқын және анық көрінетін туындылар ете сирек кездеседі. «Мұнда оның бар өмірі, барлық жан сыры, барлық махаббаты да, сезімдері, ұғым түсініктері, идеалдары да айқын көрініс тапқан» деген Белинскийдің пікірі көп жайды аңғартады.

Пушкиннің ұлылығын сол заманда, сол ортада отырып тани, бағалай білгендігі – Абай ұлылығының бір жарқын көрінісі. Абайдың Пушкинмен үндестігі, оны жақын тартуы тегін емес. Ол өз дәуіріндегі қазақ әдебиетінде бір кезде Пушкин орыс әдебиетінде атқарған қызметті атқаруды, сондайжұкті көтеруді мақсат етті. Қазақ қоғамы алдына қойған зор міндетті – жаңа реалистік әдебиетті қалыптастыру ісін Абай тиянақты атқарған болса, оған орыс әдебиетінің асқар алыбы Пушкиннің әдеби мұрасының демеуі тимей қалған жоқ. Тек осының өзі ғана Пушкиннің мұрасы, есімі қазақ әдебиетімен қаншалықты жақын болып кеткендігін айқын көрсетсе керек. Әсет, Әріп сияқты ақындардың «Евгений Онегинді» дастан етіп айтып жүргені Абай орнықтырған дәстүрдің сол кездің өзінде-ақ жалғастық тапқанын көрсетеді. Абай Пушкин шығармаларынан «Евгений Онегинді» айрықша бағалап, үңіле зерлеп, таңдаулы үзінділерін қазақша өлең еткен болса, орыстың лирикалық поэзиясынан көптен-көп сүйіп аударғаны – М. Ю. Лермонтов өлеңдері. Бұл жерде көңіл қоярлық мәселе мынау – осы айтылғанның өзі де белгілі бір шығармалар тобына ғана тән, солармен шектеліп жатқан ой-пікір емес. Осыған жақын пікірді талай-талай өлең-жырларынан, мысалы, «Ақын» деген жырынан да кездестіреміз. Тегінде, Лермонтов бір өлеңдерінде азаматтық намыс-арын жоғары ұстайтын адамның бұлжымайтын беріктік, тұрақтылығын қастерлеп отырса, ондай жанды кеудесін толқын қанша ұрса да, мызғымайтынжартасбейнесіндекөрсетсе, енді бір өлеңдерінде тартыс жолын, күрес жолын қалаған ақын-жыршының қайсар, ешкім бас имейтін табанды, темірдей берік болуын талап етеді. Мұқалмайтын, қайтпайтын алмас қанжардың бейнесі – Лермонтов шебер жасаған тұлға – ақынның осындай алғырлығы, таңқаларлық табандылығының символындай болып поэзия қазынасынан берік орын алды.

Абайдың Лермонтов поэзиясына деген ықыласы ерекше еді. Ол орыс ақынын айрықша жақын көрді, сырлас, мұңдасын тапқандай болды. Орыс поэзиясына бейімделе ден қойған Абайдың ең көп үндестік тапқан ақыны, ең бір өзіне үндес сезінген адамы Лермонтов. Абай ұлы ақынның, тіпті сол кездегі орыс қауымының тілек-талабын, мұңын ұға алатын дәрежеде еді. Ол мұңын ұққан халықтың жырын да ұқты. Лермонтовтың ыза-кегі, наразылығы орыс халқының, езілген қауымның кегін, наразылығын танытатынын, оның қайғы-мұңынан, налуынан ел мұңы, халық мұңы көрінетінін сезінді.

«Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен», «мыңмен жалғыз алысқан» ақын, өзі де ашу-кекті, ызаны «жалын мен оттан жаралған» жырларына нәр еткен-ді. Оның «қаны қара бір жанмын, жаны жара» деп ашулы мұң шерткені де белгілі. Лермонтовты ол ерекше ызаның ақыны, махаббаты ашумен уланған ақын» деп, өте-мөте іш тартып, жақын көрді. Абайдың ұлылығы алдымен лирикалық поэзиядан анық көрінетіні айрықша дәлелдеуді қажет етпейді. Абай қазақ әдебиетіне, поэзиясына лирикалық шығармалардың бұрын орын теппеген, таралмаған жаңа түрлерін енгізді десек, соның ішінен адамның жан дүниесін суреттейтін өлең-жырлар, ақындық өнерді, оның қоғамдық мәнін айқындайтын өлеңдер, табиғатты суреттейтін өлеңдер тобын еске алуымызға болар еді. Осы шығармалардың мүлде жаңа әдеби дәстүр орнықтырғаны айқын-ақ. Әрине, қанша тың, соны болса да, бұлар — қазақ топырағында туған жаңалық. Халықтың өлең-жыр теңізіне терең бойлап өскен жеміс. Сонымен бірге олардың ішінде суреттеу әдісі, тәсілі жағынан орыс классикалық әдебиетінің үздік туындыларымен, Пушкин, Лермонтов шығармаларымен үндес көрінетіні де бар екеніне ешкім таласпас. Абайдың кейбір өлеңдері әлеум. өмірдегі орнын, мақсат-міндетін терең түсіну, өлең сөздің халықтық сипатын жоғары бағалау жағынан Пушкин, Лермонтов шығармаларына ұқсас келсе, тағы бір топ өлендері адамның ішкі сезімін және табиғат көрінісін таңқаларлық көркемдік шеберлікпен суреттеуімен, өмір шындығын мейлінше айқын, әсерлі көрсетуімен соларға жақын сезіледі. Мұндай ұқсастықты өмірдің өзі туғызған бірнеше ақынға ортақ белгілер деп таныған жөн. «Өзіңе сенбе жас ойшыл…» өлеңін Абай Лермонтовтың ақынның қоғам алдындағы міндетін түсінуі өз эстетикалық көзқарастарымен үйлес болғандықтан аударған. Өнерпаздық жолға түскен жас ақын құрғақ қиялдануға, өзімен өзі болып, әлденеге кейіп налитын әсерленгіштікке бой алдырмай, өмірдің ауыртпалығын көріп, азабын тартып жүрген адамдардың мұңын түсіне білсе ғана нағыз құнды, татымды поэзиялық шығарма тудыра алады деген осы өлеңнің негізгі идеясын Абай қазақ өмірінің жағдайына сәйкестендіріп еркін жеткізеді.

 



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!