жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Әлихан Бөкейханұлы - ұлы тұлға
«Әлихан Бөкейхан – ұлы тұлға».
Қасымова Айдана Болатқызы
№18 жалпы білім беретін мектебінің
педагог-психологы
ХХ ғасырдың басында отаршыл орыс империясының қоғамдық өмірінде орын алған әлеуметтік толқулар мен саяси төңкерістер қараңғы қазақ көгіне азаттықтың үміт сәулесін себелеп төге бастаған еді. Осы тұста Міржақып: «Оян, қазақ!» деп ұрандатса, Ахмет, Әлихан, Халел, Мағжан Алаш туы астынан табылып, жаңа қазақ қоғамын құруға бел буып, білек түре кіріскені тарихтан белгілі. Осы Алаш туын бір ұйымға біріктірген Әлихан Бөкейханов Нұрмұхамедұлы еді.
Ə. Бөкейхан туралы бүгінде бірнеше том-том болып еңбектер жазылып, жүздеп мақалалар жариялануда жəне жазыла бермек. Ол тез өзгеріп жатқан заманда өмір сүріп қандай билік келсе де олардың тарпынан қолдау таппаған жан. Алайда ол XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам жəне мемлекет қайраткерлері қатарындағы өз елі үшiн басын құрбан қылған аса ерекше тұлға. Оның арғы атасы Шыңғысханның ұрпағы əйгілі Барақ сұлтан ақтабан-шұбырынды заманында ешкімге де бас имеген. Ал ержеткен ортасы — Абайдың шығармалары, Мəди мен Нарманбет секілді күрескер əнші-композиторлардың азаттықты көксеген тамаша туындылармен сусындаған, Қоянды жəрмеңкесіне келген бүкіл Арқа қазағының басын қосқан айтулы Қарқаралы өлкесі. Жасынан зерек, алғыр өскен Əлиханды əкесі Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ ол молданың қолынан оқуды қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. Оны бітіргеннен кейін 1879–1886 жж. Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқыды. 1886–1890 жж. Омбыдағы кəсіби-техникалық училищені бітіреді. 1890–1894 жж. Петербордағы Орман институтының экономика факультетінде оқыды. Мұнда ол студенттік қызу пікірталастарға қатынасып, ХХ ғ. босағасын аттағалы тұрған Ресейдің қандай жолмен дамуы тиімді болатындығы туралы қайшылықты пікірлер қақтығысына куə болды, өз ойын да шыңдай түсті.
Оның көш басында ресей оқу орындарында оқыған ұлт зиялылары тұрғаны белгілі. Зерттеушілер Ғ.Ахмедов, В.Григорьев М.Қойгелдінің мəліметтеріне сүйенсек, төңкеріске дейін мыңға тарта қазақ жастары Петербор, Мəскеу, Қазан, Киев, Саратов, Воронеж, Том, Омбы сияқты ірі қалаларда оқып білім алған. Осындай мəлімет 2014 ж. Алматы қаласында, «Сардар» баспасында шыққан Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлының «Алаш қозғалысы» атты энциклопедиялық анақтамасында да беріледі. Көрнекті мемлекет қайраткері, математика профессоры, «Алаш» қозғалысына қатысушы Əлімхан Ермектің деректеріне қарағанда, Ə.Бөкейхан Ленинмен бірге Петербор университетінің заң факультетін өз бетінше (экстерн түрінде) бітірген, бірнеше шетел тілін білген, сөйтіп жиырма төрт жасында жоғарғы білімі жөніндегі екі дипломға (бірі Орман институты) ие болған, керемет білімді жас, Санкт-Петербургтағы марксизм теориясын терең білетіндердің бірі ретінде атағы шыққан [4]. Ал ресейлік ғалым Б.И. Николаевский, сонымен бірге кейбір қазақстандық ғалымдар, мысалы, М. Базарбаев, С. Аққұлы оның масондық ұйымға қатысы барын жазады. Филология ғылымдарының кандидаты С.А. Аққұлы қазақ жəне орыс тіліндегі 7 томдық жинағында Бөкейханның өмірінен өте құнды деректер береді.
Сонымен Әлихан Бөкейханов басқарған қазақ зиялылары 1905 жылы кадеттер үлгісіндегі қазақтың ұлттық саяси партиясын құруға әрекет жасағанда оның ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанды буржуазиялық қатынастарға бейімдеуге жетекшілік жасайтын ұлттық-либералдық типтегі ұйым құруды ойластырды.
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және М.Дулатов сынды халқымыздың біртуар ұлдары басшылық еткен басылымға сол кездегі қазақ оқығандарының, көзі ашық, көкірегі ояу зиялы азаматтарының үн қатпай қалғаны некен-саяқ. Осыдан –ақ газеттің арқалаған жүгінің қаншалықты ауыр және әрі жауапты болғандығын аңдау қиын емес[4.5].
Әлиханның саяси көзқарасының пісіп, жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді. XX ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұхара мен Түркістанға бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді.
Басқа сөзбен айтқанда, Әлихан Бөкейханов кадет партиясынан ат құйрығын үзуін қазақ қауымы үшін өмірлік маңызды үш мәселе жөнінен – аграрлық, ұлттық-мемлекеттік құрылыс және дін мәселесі бойынша келіспегендіктен деп түсіндіреді. Осы басты мәселелер мен олармен тығыз байланысты басқа да күрделі проблемаларды талқылау үшін бүкілқазақтық съезд шақыруды дұрыс деп тапқанын ашық мәлімдейді. Бұл оның көзқарас эволюциясының либералдық-демократиялықтан ұлттық-демократиялыққа қарай өзгеріске ұшырағанын көрсетті.
Әлихан Бөкейханов Ресейдің көрнекті экономист, географ ғалымдарымен бірлесе отырып, «Россия біздің отанымыздың жалпы географиялық сипаттамасы» атты көп томдық еңбектің 1903 жылы шыққан қазақ өлкесіне арналған 18 томның тарауларын жазуға қатысқан. Әлекең қазақтар туралы шынайы мәліметтер келтіріп, қазақтарды асқақтатады. Қазақтың ой-өрісі мен дүние танымы, ежелгі мәдениеті мен тарихы сияқты қасиеттері анағұрлым озық тұрғанын аңғартады.
Уақытша үкімет құлағаннан кейін Қазақ аумақтық ұлттық автономия құруға шешім қабыолданды. Алаш орданың құрамына Бөкей Ордасы. Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Ферғана,Самарқан облыстары мен Әмудария аймақтары кірді.Осы аталған табиғат байлықтары, жер астындағы және оның үстіндегі барлық қазына Алаш автономиясының меншігі деп жариялады[2.5].
Ал Ә.Бөкейханов пен оның серіктестерінің 1905-1917 жылдардағы көзқарас эволюциясы 1917 жылғы шілдеде ұлттық-демократиялық мақсат-мүдделерді көздейтін Алаш саяси партиясын құруға алып келеді. «Алаш» шын мәніндегі дәстүрлі саяси партия болып қалыптасып үлгермегеніне, іс жүзінде саяси ұйым ретінде қоғамдық қозғалыс дәрежесінен әдеттегі партияға өту «кезеңін» бастан кешірген өтпелі саяси ұйым болғанына қарамастан, қоғамдық-саяси өмірге араласа бастаған кезден түбірлі екі ұлттық мақсатты – қазақ халқын отарлық езгіден құтқаруды және қазақ қоғамының өркениетті елдер қатарына жеткізуді өзіне басты нысана етіп белгіледі.
1918 жылы 8 қыркүйекте Уфада ашылған Ресейдің мемлекеттік құрылтайы Алаш автономиясын ұлттық республика ретінде таныды. Жиыннан Ә.Бөкейханов сүйінші сұрап былай деп жеделхат жолдайды: «Құрылтай уәкілдігінің комитеті Алашты автономиялы жұрт деп таныды. Бар күшті ұлт әскерін жасауға салңдар. Алаш Россиядағы одақтас мемлекеттерінің бірі. Сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш әскері[1.14].
Алаштың әлеуметтік тегі туралы мәселеге байланысты ортақ тұжырым қалыптасқан жоқ. Зерттеулердің бірі Алаш ұсақ буржуазияшыл партия десе екіншісі либералдық байшылдық деп бағалады, ал үшіншісі Алашты партия деуден гөрі қоғамдық-саяси қозғалыс деп анықтауды жақтайтынын білдірді. Алаштың басты идеологиясы отарлыққа қарсы бағытталған жалпы ұлттық идеядан туындады. Сондықтан да Алашты Қазақстанды капиталистік қатынастарға ыңғайлауға тырысқан негізінен ұлттық интеллегенция өкілдерінен тұратын идеологиясы отаршылдыққа қарсы бағытталған ұлттық-демократиялық саяси ұйым деп анықтауға болады.
Демек Алашты саяси ұйым ретінде қоғамдық қозғалыс дәрежесінен әдеттегі партияға ауысу кезеңін бастан кешірген өтпелі саяси ұйым деп қарастырған жөн.
Осы негізгі мақсаттарды және олардан туындайтын басқа да әлеуметтік-саяси міндеттерді шешуді Алаш басшылығы эволюциялық реформа жолымен жүзеге асыруды көздеді. Өздерінің алдына ел тағдырына байланысты, елдегі билік жүйесіне байланысты мақсат қойды, елдікке ұмтылды. Бірақ, бұл мақсаттарына жете алмай, алаш зиялылары, интелегенциялары сол жолда құрбан болды. Алаш партиясының әр мүшесі қудаланып, атылды. Тек саусақпен санарлық бөлігі ғана қашып құтылды.
XX ғасырда қазақтың азаматтық тарихындағы ең
ұлы идея қайсы десе, Алаш идеясы деп жауап берер едік. Бүгінгі
тәуелсіздігіміздің іргетасы – осы
идея.
Алаш идеясындағы қайраткерлердің жемісті
еңбек жылдары – ақыл һәм жүрек айбатымен күрескен 1907 жылдан 1937
жылға дейінгі 30 жылдай уақытты қамтиды. Тағдыр мен тарих оларға
осындай мерзімді ғана қиыпты. Одан кейінгі жайы белгілі: айдалды,
атылды, ресми тарихтан, ел жадынан аты
өшірілді.
Ұлт лидерлері (серкелері) шықты: Әлихан
Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Барлыбек Сырттан, Ахмет Байтұрсынұлы,
Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы,
Халел Ғаббасұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы. Алаш зиялыларының алдыңғы
толқыны болып есептелетін осынау тұлғалардың әрбірі, бүгінгі тілмен
айтсақ, мемлекет басқаруға қабілетті Президенттей
еді.
Сөйте тұра «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, бұлардың көшбасшысы Әлихан Бөкейхан болатын. Әлиханнан қалған мынадай тағылымды сөз бар: «Түген деген хан, пәлен деген би, батыр өткен, ерлігі, еңбегі көп деп мақтанамыз. Олар сондай болса, қазақ неге сорлы? Біздің кемшілігіміз – әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңдағыларға тастап
кететіндігі»[5.].
Ә.Бөкейхандар, міне, өзі айтқан «жүкті» қияға
қарай көтеріп шықты. Өзінен кейінгі бір буынды тәрбиелеп өсірді.
Бұл буынның қатарында М.Жұмабайұлы, С.Садуақасұлы, Қ.Кемеңгерұлы,
Ж.Аймауытұлы, Б.Күлейұлы, М.Әуезов т.б. бар
еді.
Әйтсе де, «Алаш» партиясы және оның айбарлы қайраткерлері ел тарихынан үлкен орын алып, халықтың жүрегіне елдікке деген сенім мен үміт ұялатты.
Қанша уақыт өтсе де, бүгінгі жас ұрпақ Әлихан Бөкейхановты ешқашан ұмытпайды. Өйткені біздің санамызда Әлихан есімі өлген жоқ, Оның рухы тәуелсіз еліміздің ұрпақтарын желеп жебеп, оларды адалдыққа, имандылыққа және отансүйгіштікке тәрбиелей береді.
Білім ордасы мектептерінде «Алаштану» тарихын оқытуды көтеру үшін мынадай ұсыныстар асырылса:
-
Мектептің жоғары сыныптарында қайтадан Алаштану пәні міндетті түрде енгізіліп, оқушылардың санасына құйлылу керек;
-
«Қазақстан тарихы» пәні бойынша оқу бағдарламасына «Алаш қозғалысы» тақырыбына сағаттар көбірек бөлінсе;
-
Алаш арыстары тек меретойлар, ғылыми конференциялар кезінде қозғамай, күнделікті ақпарат құрвһалдары мен теледеидар беттерінде кеңінен насихаттаса;
-
Алаш қозғалысы туралы деректі фильмдер көбірек түсіріліп, әр апта сайын көрсетіліп отырса.
Себебі қазіргі жастардың өз еліне отансүйгіштік рухын көтеруге тиіс. Елбасы айтқандай ХХІ ғасыр жастардың қолында. Өйткені олар басқа әлемдік елдерінде қазақ байрағын биік ұстауға міндетті.
Осы жылда «Алаш партиясының» құрылуына 104 жыл толады. Осыған орай Алаш қайраткерлерімізге арнап олардың еңбектерін келешек ұрпаққа жастарымызға насихаттай отырып, оларды Тәуелсіз Қазақстанымызды әрі қарай өркендетуге және көркейтуге үлестерін қосады деп ойлаймын. Әлихан Бөкейхановтың мына сөзімен: «Ұлтына жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» аяқтауды жөн көрдік. Тек қана ұлт, ел, жер, Отан үшін қызмет етейік.
Әлиханның атқарған ісі кейінгі ұрпаққа қалдырған аманат-мұрасы әлі де жан-жақты талданып, зерттеле түспек [3.144].
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
-
Қазақстан тарихы әдістемелік журнал №3 2014 жыл. 10-15 бет.
-
Қазақстан тарихы әдістемелік журнал №6 2013 жыл. 3-6 бет.
-
Алаш. Алашорда энцклопедия Алматы «Арыс» 2006 жыл 544 бет - 144 бет.
-
Қайрат Сақ «Алаш мұрасы» Алматы «Қазығұрт» баспасы 2014 жыл. 5 бет
-
Дихан Қамзабекұлы «АЛАШ МҰРАТЫ – ОТАНДЫҚ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ НЕГІЗДЕУШІ КҮШ» деген баяндамасынан үзінді.
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген