Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттырудың мән-маңызы
(Баяндама)
Аралас мектептер – сол мемлекетте өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің құқын қорғау, тіліне құрмет білдіру мақсатында ашылғанымен, мектепте мемлекеттік тілге басымдық берілмесе, ұлтаралық араздыққа бастар дүрдараздықтың кілтіне айналуы мүмкін. Кез-келген мемлекет өз ішінде өмір сүріп жатқан халықтардан, мемлекеттік тілді талап етуге толық құқылы. Ал аралас мектептерде мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын жақсарту, оңтайландыру, шәкірттерді қазақ тіліне қызықтыра оқыту – мұғалімдерге тапсырылған ұлы міндет. Өзім де аралас мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретіндіктен, өзге әріптестеріме тіл үйрету мен оқытудың сапасын арттыру жолында атқарып жүрген іс-тәжірибеммен бөлісе кетуді жөн санадым.
1. Ең алдымен өзге ұлт өкілдеріне тіл үйрету – қатаңдықпен, ұрсып талап етумен емес, балалардың аз да болса жеткен жетістіктерін мақтап, қолдап, қолпаштаумен жүзеге асса жөн болады. Ол үшін «Оқушылар не нәрсеге қатты қызығады?», «Қандай фильм мен мультфильмдерді сүйіп көреді?», «Қандай ойындар ойнағанды ұнатады?» деген мәселелерді зерттеуден бастаймыз. Аталмыш фильмдер мен ойындардың кейіпкерлерін көрнекілік құрал ретінде пайдаланып, қазақша күлкілі, қызықты, тартысты диалогтар құрастырамыз. Қазақша білмейтін оқушылар өз кейіпкерлерінің сөздерін айтқанда, сынып ду етіп күлсе, оларда міндетті түрде «менің қай сөзім күлкілі болды?» - деген ой пайда болып, өздері қолданған диалогты терең зерттеу үдерісі іске қосылады. Ал кез-келген зерттеу, ой жүгірту, талдау, қорытынды жасау – оқушының оқу сапасын арттырып, білім көкжиегін кеңейтеді.
2. Оқулықта көбінесе дайын мәтін жаттығулар беріледі. Кейде оқушыларға осындай жаттығуларды өздері ойлап тауып, грамматикалық тапсырмаларын тақырыпқа сай жасап, орфографиялық қателерсіз орындауды тапсырсақ, небір қызықты жұмыстарды оқимыз. Оқушылардың басым көпшілігі оқулықтағы жаттығуларды орындауды «іш пыстырарлық» жұмыс санайды. Неге? Өйткені берілген сөйлемдер балаларға беймәлім, күрделі, жат мазмұнда жазылған. Ал шығармашылық еркіндікті барынша қолданып, тақырыпқа сай сөйлемді өздері құраса, балаға өткен тақырыпты игеруге әлдеқайда жеңіл болары сөзсіз.
3. Ақша, дүкен, табыс, байлық тақырыптары – адамзат баласына қай жаста да, қай кезде де қызық, ұлт таңдамайтын тақырып. Осы тақырыпқа түрлі шағын қойылымдар жазып, көңілді, қызықты шығармашылық минуттарын ұйымдастыру - айтылым, тыңдалым дағдыларын дамытудың бір тәсілі.
4. Жазылым дағдысын дамытатын әдіс-тәсілдерді уатсап жазбалармен де орындауға болады. Ортақ чатта мұғалім балаларға тапсырма береді. Оқушылар бір-біріне ұқсамайтын түрлі мазмұнда жауап жазады. Қай оқушы қатесіз, қызық, сауатты сөйлемдермен жауап жазса, сол оқушы жоғары баға алады. Сабақты бұлай ортақ чатта орындаудың артықшылығы – балалар бір-бірінің қателіктерінен сабақ алып, бір тапсырма орындап, бірнеше тапсырманың ескертуін естиді.
5.Тыңдалым дағдысы бойынша орыс тілді балаларға «Қалай бойды өсіруге болады?», «Қалай инстаграмнан көп оқырман жинауға болады?», «Алғашқы ақшамды қалай таптым?» деген сынды түрлі тақырыптарда қосымша тапсырмалар беріп, айтылым дағдыларын дамыту мақсатында қысқаша түсінік айтқызамыз. Кейде оқушыларға «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ Құлан» секілді мультфильмдер мен «Қыз Жібек», «Менің атым – Қожа» сынды фильмдерден 1 минуттық үзінді көрсетіп, сол үзіндіде қолданған диалогтарды өзгертіп келуге тапсырма береміз. Мұндай тапсырмалар балалардың тыңдалым, айтылым дағдыларын шыңдап қана қоймай, кез-келген жұмысқа шығармашылық ізденіспен келуге дағдыландырады.
6. Тілді үйренудің бірінші қадамы – тыңдаудан басталады. Мен кейде оқушыларға тыңдап келуге «онлайн ертегілер» сілтемесін жіберемін. Ертегілердің мазмұны – жеңіл, сюжеті – қызықты, оқиғалардың құрастырылуы – тосын болғандықтан, балалар қызыға тыңдайды. Таласа мазмұндайды. Тіпті тыңдаған ертегілерін комикс ретінде құрастыруға ерінбейтін де оқушылар бар. Балалардың осы қасиетін жаңа тақырыпты сіңіруге шебер қолдануға болады. Тек оқулықтағы тапсырмалармен шектеліп қалмай, қосымша үй тапсырмасы ретінде ертегі мәтінінен үзінді келтіріп, грамматикалық талдау жасатуға болады.
7. «Диктор ойыны» арқылы оқушылардың оқылым дағдыларын өте жоғары деңгейге көтеруге болады. Шағын жаңалықтарды тауып немесе мектептегі түрлі жаңалықтарды ресми стильде жазып, оқушылар арасында «бейнежаңалық» оқудан жарыс өткіземіз. Ең жақсы оқылған жаңалықты ФБ желісіне немесе Инстаграм парақшасына жүктейтінімізді айтамыз. Адам табиғаты қашан да бәсекелестікке, даңққұмарлыққа бейім. «Ұлты – орыс, ұйғыр, татар, өзбек, тәжік, түрік бола тұра, қазақша жаңалықты судай жүргізеді» - деген мақтан, барлық балаға ұнайды. Осы атаққұмарлықты дұрыс жағынан пайдаланып, оқушыларды көпшілік назарынан қорықпайтын, қазақша мүдірмей таза, анық сөйлейтін, даусы қойылған, қазақша кез-келген кешті жүргізе алатын конферансье, өз-өзіне сенімді тұлға етіп тәрбиелей аламыз.
8. Біз грамматикалық ережелер мен күрделі сабақтарды түсіндіру үшін үнемі көрнекілік құралдарын пайдаланамыз. Қазір көрнекілік құралдарының орнын смарт тақталардағы қызықты ойындар алмастырып жатыр. Уақыт өте келе бала назарын бұл ойындар да ұстап тұра алмайтынын байқап отырмыз. Ойлана келе білім – балаға шынайы өмірде нақты пайда әкелсе ғана, еш зорлықсыз өз еріктерімен оқитынын байқадым. Сол себепті кей үй жұмысының орнына «сатылым әкелетін» жарнамалық жазба немесе оқырман жинайтын пост түрінде орындап келулерін сұраймын. «Сендердің болашақ тұтынушыларың (клиент) – қазақтар. Олар сендердің орыс тілінде жазған жарнамаларың мен жазбаларыңа мән бермейді. Егер мемлекеттік тілді өте жоғары деңгейде үйреніп алсаңдар, сендер тек қазақтарға ғана емес, түркі тілдес барлық ұлттарға өз қызметтерің мен тауарларыңды ұсына аласыңдар, әрі оңай сата аласыңдар!» - деймін. Ойланып қалған оқушылар әр сөздің қатесіз жазылуына мән беріп, тілді өзгеше ынтамен үйрене бастайды.
Аталмыш әдісті іске асыру барысында мектепте болатын «Алтын Күз», «Жәрмеңке» секілді іс-шараларда тек қазақша сөйлеген, таза қазақша жарнама жасаған оқушылардың заттарын ғана алып, өзге тілде сауда жасаған балалардың жанынан үндемей өтіп кетуге оқушыларға тапсырма береміз. Басында жыламсырап «неге біздің затымызды ешкім алмайды?» - деген орыс тілді балақайлар, соңында «апай, бізден алыңызшы?», «бізге келіңіз?» - деп таза қазақ тілінде қызмет көрсете бастайды.
Баяндамамды қорыта келе айтарым, тілді үйретудің мемлекет бекіткен бағдарламасы біреу ғана болғанымен, сол бағдарламаны бала санасына сіңірудің жолы сан алуан. Егер біз өз ана тілімізге жүйрік, шығармашыл, талапшыл, ізденімпаз, білімді ұстаз болсақ «қазақша білмеймін» - дейтін шәкірт болмайды. Біздің міндет – күрделі тапсырманы оңтайландырып, оңай тапсырманы қызықты ғып беру. Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттырудың мән-маңызын ұғыну. Қажеттілігін сезіну. Орыс тілді шәкірттерге мемлекеттік тілді үйренуден келетін пайданы, жақсылықтар мен артықшылықтарды көрсету. Өз қалауларымен қазақша үйренуге жәрдем беру.
Тек бұл жәрдем түрі қасаң қағидалар мен үйреншікті әдіс-тәсілдерден бөлек, бала жанын баурап алатын қызықты болғаны дұрыс. Жалқау миды жалықтырып алатындай ұзақ, қорқақ көзді қарықтыратындай көп болмағаны абзал!
1
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Аралас мектептердегі қазақ тілін оқыту

шағым қалдыра аласыз