Материалдар / Д. ИСАБЕКОВТІҢ «ӘПКЕ» ДРАМАСЫ МЕН Р.ГҮНТЕКИННІҢ «ҮЗІЛГЕН ЖАПЫРАҚТАР» ШЫҒАРМАСЫНЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҚТАРЫ МЕН ҰҚСАСТЫҚТАРЫ

Д. ИСАБЕКОВТІҢ «ӘПКЕ» ДРАМАСЫ МЕН Р.ГҮНТЕКИННІҢ «ҮЗІЛГЕН ЖАПЫРАҚТАР» ШЫҒАРМАСЫНЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҚТАРЫ МЕН ҰҚСАСТЫҚТАРЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақалада Дулат Исабековтің «Әпке» драмасы мен түрік жазушысы Решат Гүнтекиннің «Үзілген жапырақтар» шығармасы салыстыру нысанына алынған. Жұмыста «Әпке» драмасы мен түрік шығармасы «Үзілген жапырақтар» әлеуметтік тұрғыда талданып, қоғамдағы өзекті мәселелер салыстырылды. Бұл мақалада екі елдің отбасылық құндылықтарының ұқсастығы, екі ұлтты біріктіретін түсініктердің бар екендігі қарастырылды. Екі шығарманың мәдени тұрғыда жақындығы мен айырмашылығы талданды.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
22 Қырқүйек 2023
535
0 рет жүктелген
1500 ₸
Бүгін алсаңыз
+75 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +75 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Д. ИСАБЕКОВТІҢ «ӘПКЕ» ДРАМАСЫ МЕН Р.ГҮНТЕКИННІҢ «ҮЗІЛГЕН ЖАПЫРАҚТАР» ШЫҒАРМАСЫНЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҚТАРЫ МЕН ҰҚСАСТЫҚТАРЫ


Н.Ерік, Әлкей Марғүлан атындағы ППУ

Б.Ш.Құралқанова, Әлкей Марғүлан атындағы ППУ


Аңдатпа. Мақалада Дулат Исабековтің «Әпке» драмасы мен түрік жазушысы Решат Гүнтекиннің «Үзілген жапырақтар» шығармасы салыстыру нысанына алынған. Жұмыста «Әпке» драмасы мен түрік шығармасы «Үзілген жапырақтар» әлеуметтік тұрғыда талданып, қоғамдағы өзекті мәселелер салыстырылды. Бұл мақалада екі елдің отбасылық құндылықтарының ұқсастығы, екі ұлтты біріктіретін түсініктердің бар екендігі қарастырылды. Екі шығарманың мәдени тұрғыда жақындығы мен айырмашылығы талданды.

Аннотация. В статье обьектом сравнения стали драма Дулата Исабекова «Сестра» и произведение турецкого писателя Решата Гунтекина «Оборванные листья». В работе были проанализированы драма «Сестра» и турецкое произведение «Оборванные листья» в социальном плане и сопоставлены актуальные проблемы в обществе. В этой статье рассматривается сходство семейных ценностей двух стран, наличие концепций, объединяющих две нации. Была проанализирована культурная близость и различия между двумя произведениями.

Annotation. In the article, the object of comparison was the drama of Dulat Isabekov "Sister" and the work of the Turkish writer Reshat Guntekin "Ragged Leaves". The work analyzed the drama "Sister" and the Turkish work "Ragged Leaves" in social terms and compared current problems in society. This article examines the similarity of family values of the two countries, the existence of concepts that unite the two nations. The cultural affinity and differences between the two works were analyzed.

Түйінді сөздер. Драма, роман, әлеуметтік сипат, рухани-мәдени ұқсастық, отбасылық құндылықтар.

Ключевые слова. Драма, роман, социальный характер, духовно-культурное сходство, семейные ценности.

Keywords. Drama, roman, social character, spiritual and cultural similarity, family values.


ХХ ғасырдағы қазақ және түрік әдебиеті өкілдерінің еңбектерін өскелең ұрпаққа насихаттай отырып, шығармаларына талдау жасау қажеттілігі бүгінгі таңда өзекті болып табылады. Себебі қазақ және түрік жазушылары шығармашылығындағы рухани үндестік пен дәстүр жалғастығы оқырманға анық сезіледі. Екі елдің ұлттық, тарихи, саяси, мәдени хал-ахуалының, заман талаптарына сай құндылықтарының өзгеріске түсуі - осы секілді жайттардың уақыт жағынан біршама айырмашылығы болғанымен, екі елдің де басынан өткені бәрімізге мәлім. Әрине, мұның барлығы әдебиетке әсер етпей қоймайды. Қоғамның дамуы адамдардың сана сезімдеріне ықпал жасай отырып, айналаға деген көзқарас, таным түсініктерінің өзгеруі әдеби шығармаларда көрініс таппауы жазушыға келер сын.

Ал адам сезімдерін драматургиядан артық қай жанр бейнелей алуы мүмкін. Д.Исабековтің «Әпке» пьесасы Жазушылар одағы мен Мәдениет министрлігінің бәйгесінде жүлделі сыйлыққа ғана емес, сондай-ақ сахна сұранысына да ие болған көркем дүние деуге болады. Пьеса - автордың драматургия жанрындағы елеулі ізденісі. Онда жастардың өмірі суреттеліп, ұмытылмас бейнелері жасалған. Пьеса кейіпкерлері болашақ өмір жолындағы күрестің үстінде шыңдалып, ой-өрісі, түйсік-түсінігі кеңейеді, азаматтық келбеті қалыптасады. Отан алдындағы борышын айқындайды, жас адамға тән парасат биігінен көрінуге ұмтылады. Драматургтік пайымдар ой-түйіні де осыған саяды [1].

ХХ ғасырдың соңында жазылған бұл шығарма сол кездегі отбасыдағы шынайы оқиғаға негізделген қоғам шындығын бояусыз көрсетіп, оқырманға ой тастайтын шығарма болды. Шиеленіске толы кейіпкерлердің тағдыры, отбасылық құндылықтардың қарама-қайшылығы драманы тартысты сюжетке айналдыра білген. Драма тым қарапайым адамдардың өмірін көрсеткенімен, терең үңілер болсақ, бүкіл қоғамдағы ортақ мәселені қозғай алғанын көреміз. Ондағы әр кейіпкердің өмірге деген көзқарасы мен философиялық тартысты пікірталастарының тек отбасында емес, бүкіл қоғамда көрініс беріп жатқанын айтпай кетсек болмайды. Мысалы драмадағы үлгілі тәрбиелі қамқор және кішіпейіл, бүкіл отбасына бас-көз болған Қамажай бейнесі мен жеңіл ойлайтын, жаңа заман талабына сай тәрбиеленген, тек өзін ойлайтын Кәмиланың мінез құлықтары қоғамда да сол уақытта үлкен резонанс тудырып жатқан жайт болатын. Құндылықтар таласы мен адамдар арасындағы түсініспеушілік ешқашан бітпейтін дау десек болады. Қай заманда да, қай елде де бұл мәселе үнемі шешусіз қалатыны бар.

Мектеп бағдарламасының 8-сынып қазақ әдебиеті оқулығында «Әпке» драмасы енгізілген [2]. Оқушыларға бұл шығарманың берері мол. Оқушылар кейіпкерлердің өмірін өзара талқылап, тірі жетім болып өскен Нәзиланың орнына өзін қоя алса, бауырларына өмір бойы қамқор болған Қамажайдың ерлігін жасай аламын ба деп ой тербетсе, Кәмила секілді батылдықты бойынан іздей алса - қаламгердің мақсатының орындалғаны. Шығарма тұнған тәрбие мен нағыз өмір шындығын көрсете алатын айна іспетті. «Әпке» - бүгінгі жас замандастардың өмірін суреттейтін, жақындар арасындағы сырт көзге шалына бермейтін нәзік қарым-қатынас, бір-бірімен сыйластық, отбасы мен қоғам алдындағы азаматтық борыш мәселелерін мезгілінде көтерген шығарма. «Әпке» драмасы арқылы оқушыларға адамдар арасындағы күрделі психологиялық мәселені, туысқандық қарым-қатынасты танытып, адамдық, отбасылық борыш, жеке бас мүддесі, өмірдің мәні сияқты күрделі мәселерді сөз етуге, тақырып етіп көтеруге болады. Оқушыларға отбасының маңыздылығы мен құндылығын, үлкенді сыйлау мен ата-ананың қадірін бір-ақ сахнаға сыйғызып түсіндіре алған бұл пьеса қазақ әдебиетінің жетістіктерінің бірі десек болады. Қазақ қоғамындағы әйел рөлінің қаншалықты қиын екендігін, ер баланың мойнындағы жүктің ауыртпалығын жазушы осы пьесасы арқылы түсіндіре алған.

Дәл осы пьесада кездесетін оқиғаларды түріктің жазушысы Решат Гүнтекиннің «Үзілген жапырақтар» [3] романымен салыстыруға болады. Әрине дәлме дәл ұқсас болмауы мүмкін, бірақ әр отбасыда кездесетін оқиғалар осы екі шығармада сәйкес шиеленістермен орын алған. Әрине, екі ұлтты біріктіретін рухани, тарихи жақындықты ескерсек, мұндай ұқсас шығармалардың бар болуы заңдылық. Мұндай пікірдің жаны бар, бірақ соған қарамастан бұл екі шығармадағы айырмашылықтар да аз емес. Сюжет айырмашылықтары көп болғанымен, отбасылық құндылықтар жақындығы көп ұқсастық тудырады. Екі шығармада да ескі көзқарастағы таптаурындармен өмір сүретіндер бар, жаңа заман талабына сай өмір салтын ұстанатын адамдар бар, екі түрлі түсініктегі адамдардың түсініспеушіліктерінен туындаған тағдырларларының өзгеруі көрініс табады. Айта кететін жайт екі шығарма да кино мен сериалдарға арқау болып, үздік туындылар жасалды.

Қос шығарма сюжетінен бөлек, кейіпкерлер мінез құлқын салыстырып көрейік. Дулат Исабековтің «Әпке» драмасында отбасы ұйытқысы болып, анасының айтқан сөзін жерге тастамай бауырларына өле өлгенше қамқор болуға уәде берген, өзін соңғы орынға қоятын шығарманың басты кейіпкерлерінің бірі - әпке рөліндегі Қамажай. Оның мінезі жайдары, ұяң, қамқор, қарапайым, өз сөзінде тұратын әйел. Өз сөзінде тұратын деуіміздің себебі оның бауырлары есейіп аяқтан тұрғаннан кейін де анасының сөзіне бола өз бақытын ойламай, Қабен деген жігітке жоқ деп жауап қатуы. Қоғамда мұндай әйелдерді ақылды әйел деп қабылдап, оны жағымды кейіпкерлердің қатарына қосады. Ал шынында ол өзі үшін өзі жақсы ма? Ол бақытты ма? оқырманды осы сұрақтар толғандырады.

Түрік романына келсек, Қамажайға ұқсас отбасы ұйытқысы болып отырған Али Риза бейдің рөлін айтсақ болады. Отбасындағы бірлікке қатты көңіл бөлетін, намысқой, принципшіл, өзінің құндылықтарынан аттап ешқандай жаман іске бармайтын, балаларының болашағына қатты алаңдайтын қарапайым әке. Екі кейіпкер де дәстүрлі қоғамдағы таптаурындардан шығып ешқандай әрекетке бармайтын адамдар. Соған қарамастан жүректерінде жамандыққа орын жоқ, әділетсіздікке көнбестік пен өр мінезділік қатты байқалады. Оны шығарманың басынан ақ байқауға болады. Қарапайым кеңседе жұмыс істейтін Али Риза бей әділетсіздікке куә болып, бұған төзе алмай өз еркімен жұмыстан шығады. Ал Қамажай інісі Темірбектің әкелген әйеліне қарсы көзқарасы бола тұра түсіністікпен қарап, ұнатпағанымды білдіртсем Темірбекке әділетсіздік болады деп ойлауы, отбасындағы бірлікті сақтауға тырысуы нағыз отбасының ұйытқысы бола білгендігінің дәлелі. Дәл осы сюжет түрік романында да қайталанады. Али Риза бейдің ұлы Шефкет әке шешесіне таныстыруға сүйген әйелі Ферхундені әкеледі, ол да Кәмила секілді жаңа көзқарастағы, жұрттың сөзіне мән бермейтін өте сауықшыл әйел болатын. Әрине мұндай келін үйіне келген екі шығармадағы екі отбасы да есеңгіреп қалады. Осы жерде екі ұлттың отбасылық құндылықтарының ұқсастығы байқалады. Қамажай бауырына инабатты да ибалы келінді лайық көрген болса, Али Риза бейде дәл солай. Шығармадағы екі жасқа бауырлар қарсылығы да бірдей жүреді. Осындай түсініспеушіліктерді екі шығармадан оқу арқылы біз не байқаймыз? Екі елдің дәстүрлері мен қоғамдық көзқарастарының ұқсастығы бір отбасы туралы шығармадан-ақ байқалады. Демек, екі елді байланыстыратын тек бұл нәрселер емес.

Бір назар аударатын жайт - екі шығарманың шығу уақыттарының айырмашылығы. Решат Гүнтекин бұл шығарманы 1930 жылы жазса, Дулат Исабеков 1977 жылы жазған. Бұл тақырыптар әлі де болсын өзекті тақырыптардың бірі. Решат Гүнтекиннің романы реалистік тұрғыдан жазылғанын ескерсек, романда батыстың көрнекті өмір салтын үлгі ете отырып, өзінің өмірлік құндылықтарын ұмытқан отбасын көреміз. Қазақ драмасында да өзге мәдениетке еліктеушілік байқалады. Оқырмандар арасында бұл мәселеде екі жақты көзқарастар мен пікірсайыс туындап жатады.

Жалпы екі туындыны салыстыра қарасақ, кез келген жастағы оқырман оқып сабақ ала алатын шығарма. Қос жазушының айтқысы келгені отбасылық құндылықтарды бекем ұстау бүкіл отбасыға қорған болумен тең екендігі жайында секілді. Отбасы болу тек бір шаңырақтың астында тұрумен шектелмейтіндігі, отбасы болу бірлік ұғымында қандай жағдайда да бір-біріңе қолдау көрсетіп, қателіктерін кешіруді білдіреді. Али Риза балаларына не бере алмағанын іздеп бармақ тістесе, Қамажай қай жерден қателескенін іздеп әлек болды. Али Риза бейдің балалары үзілген жапырақтардай жерге түсіп жатса, Қамажайдың бауырлары жан-жаққа тарап кетті. Терең философияға толы екі шығарма көрерменнің көңілінен шытырман оқиғасымен, тәрбиеге толы көріністерімен есте қалды.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жұмақаева Б.Д. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі: Оқулық. Алматы: «Қыздар университеті» баспасы, 2015. – 242 бет.

2.Зайкенова Р. Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. – Астана: «Арман-ПВ» баспасы, 2018 – 256 бет.

3. Решат Гүнтекин Үзілген жапырақтар: повесть. - Алматы, «Фолиант» баспасы, 2018. - 176 бет.

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ