Ғылыми жоба: Темірбек Қожакеев – ғалым, ұстаз, қайраткер, сатирик

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Ғылыми жоба: Темірбек Қожакеев – ғалым, ұстаз, қайраткер, сатирик

Материал туралы қысқаша түсінік
Зерттеу жұмыстарында Темірбек Қожакеевтің сатира саласында қалам тартқан еңбектерін жан – жақты зерттелген. Қожакеевтің шәкірттері, оның фельетон саласындағы еңбектерін талдау. Күле білу –өмір екенін көрсетіп, күлкі саласына қалам тартқан қаламгерлерге тоқталған. Сатираның қоғамдағы қызметі, жастарды тәрбиелеудегі орнын анық көрсете білген.
Материалдың қысқаша нұсқасы




Зерттеу жұмысының тақырыбы:


Темірбек Қожакеев – ғалым, ұстаз, қайраткер, сатирик




Бағыты: Тарихи тұлғалар





7 сынып


Жетекшісі:
























Аннотация


Оқушы зерттеу жұмыстарында Темірбек Қожакеевтің сатира саласында қалам тартқан еңбектерін жан – жақты зерттеген. Өз жұмысын Темірбек Қожакеев туралы айтылған пікірлермен бастап, ұлы Медеттің «...Кежегесі кері тартқандарды кере­геге ілмесе де, басылымдарға жа­зып, мысын басып қоятын. Сол күрестен нәтиже шығаратын. Қоғам мен адамды түзеуді сол кісіден үй­рену керек сияқты», - деген әке туралы тебіренісімен толықтырған. Қожакеевтің шәкірттерін, оның фельетон саласындағы еңбектеріне тоқталған. Күле білу –өмір екенін көрсетіп, күлкі саласына қалам тартқан қаламгерлерге тоқталған. Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов шығармаларындағы сатиралық үн – тілмен жазылған туындыларға талдау жасаған. Сатираның қоғамдағы қызметі, жастарды тәрбиелеудегі орнын анық көрсете білген.

Қазақ сатирасы жоқ дегендерге дау айтып, сатира – халықтық сатирадан бастау алатынын: ертегілерде, беташар жырларда, қыз бен жігіт айтыстарында кеңінен көрініс тапқанын мысалдармен дәлелдей отырып көрсеткен ғалым пікірлерін дәл тауып бере білген.

Абайға дейінгі қазақ сатирасы мен Абайдың сатиралық шығармаларына талдау жасау арқылы Абайдың сатиралық шығармаларын үш түрге топтастырған. Темірбектің қазақ сатирасын ғылыми айналымға енгізген ғалым екенін дәлелдермен көрсете білген.

Темірбек Қожакеевтің бір ананың емес, тұтас елдің үмітін ақтаған азамат екенін дәлелдеген. Ғалымның зерттеу еңбектері мен оқулықтарының, оқу құралдарының әрбірі үшін төгілген терінің тегін кетпегенін көрсете білді. “Ғалымның хаты өлмейді” деген қанатты сөздің растығын осы жұмыс арқылы растады. Оқушы жан - жақты ізденіп, тақырыпты аша білген. Алдына қойған мақсатына жеткен.






Ғылыми жетекші:














Мазмұны:

  

1.Кіріспе

2. Негізгі бөлім:

2.1. Мық шеге

2.2. Күле білу - өмір, күлдіре білу - өнер, күлкі болу - өлім

2.3. Сатира саласындағы қаламгерлер шығармаларына пікір

2.4. Сатираның қоғамдағы қызметі

2.5. Қазақтың халықтық сатирасы

2.6. Абайға дейінгі қазақ сатирасы

2.7 Абай - сатирик

3. Қорытынды

4. Қолданылған әдебиеттер




























Зерттеу жұмысының тақырыбы: «Темірбек Қожакеев – қазақ сатирасын ғылыми айналымға енгізген ғалым зерттеуші.»

Өзектілігі: Қожакеев – қазақ сатирасын ғылыми айналымға енгізген ғалым зерттеуші екенін естен шығармау. Автор өз ойлары мен пікірлерін әдебиеттануда бұрын ғылыми айналымға түспеген дерек көздері негізінде тұжырымдап, жаңа қорытындылар жасайды. Көркем әдебиеттегі әзіл, әжуа жайы, жазушының тілі мен стилі, сюжет, композиция түзу жолдары туралы ойлар мен толғаныстар автордың талдау және жинақтау шеберлігін, ойлау мәдениеті мен ой түю машығының сәулетін ашып, оқырманды да ойға түсіріп, ойласуға бастайды. Ғалым Алдаркөсе мен Қожанасыр әңгімелерінен бастаған сараптауларын Әбдіраштың Жарасқанының бүгінгі шымшымаларын, эпиграммаларын пайымдаумен ұштастыра отырып, әзіл-қалжыңның бірқатар өткір мәселелерін көтереді. Жекелеген ақындар мен жазушылардың шығармашылық ізденістеріндегі кемшіліктерді ашып көрсетуде де ғалым ойының туралығымен, пікірінің өткірлігімен дараланады.

«Темірбек Қожакеев – қазақ сатирасын ғылыми айналымға енгізген ғалым зерттеуші» атты ғылыми жобамның мақсаты:

-Жерлесіміз Темірбек Қожакеевтің сатираның дамуына тың жол ашқан ғалым екенін саралау;

- Автордың өз ойлары мен пікірлерін әдебиеттануда бұрын ғылыми айналымға түспеген дерек көздері негізінде тұжырымдап, жаңа қорытындылар жасағанын айқындау;

- Сынның атасы – сатира екенін ұғындыру;

- Ғалымның зерттеу еңбектері мен оқулықтарының, оқу құралдарының әрбірі үшін төгілген тер, кеткен уақыт, жұмсалған күш алтын іздеген кеншінің белден қазған, жерде төккен терінен, кеткен уақытынан, жұмсаған күшінен әлдеқайда артық екенін көрсету.

Зерттеудің болжамы - егер сатира жайлы көбірек оқып білсек, онда сатираның көптеген сырларын ашар едік.

Зерттеу әдістері

ғалым әдебиеттеріндегі анықтамалармен танысу;

зерттелген нәтижеге талдау жүргізу.













Кіріспе

Қожакеев- қайталанбас тұлға. Ол қазақ журналистерінің мақтанышы, үлгі тұтары, журналистік жолындағы шамшырағы. Сатираның дамуына тың жол ашқан ғалым. «Қазақ сатирасы», «Қазақ совет сатириктері», «Сатира және дәуір», «Адам.Қоғам.Сатира», «Сатира – күштілер қаруы» тағы басқа еңбектері қазақ сатирасына қосқан зор үлесінің бір парасы ғана. Оның еңбегі жазған туындыларымен ғана емес, тәрбиелеген шәкірттерімен, сол шәкірттерінің қазақ сатирасына, баспасөзіне қосқан үлесімін де өлшенеді. Белгілі сатирик жазушы Ғаббас Қабышұлының «Темірбек Қожакеевті сатып та ала алмайсың, атып та ала алмайсың» деп жазуы көп нәрсені аңғартса керек.
1937-1938 жылдары жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет қайраткерлерінің, журналистердің өміріне арналған Темірбек Қожакеевтің «Жыл құстары» кітабы 1991 жылы үздік сыйлыққа ие болды. 1994 жылы таңдаулы журналистік жұмыстарға жарияланған бәйгеде жеңіп шыққаны үшін белгілі зерттеуші, журналист Темірбек атамыз «Дәуір» корпороциясының Сәтімбек Төлешов атындағы жүлдені иеленген. Сатира жанрын дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Ара» журналының 75 жылдық мерекесінде құрмет грамотасымен марапатталған.

Қазақ сатирасының тарихы мен оның жанрлық-көркемдік ерекшеліктері, қазақ әдебиеті мен баспасөзінің тарихы, теориясы жөніндегі мыңға тарта мақа­ла мен көркем-публицистикалық очерктердің, фельетондардың, көптеген монографиялар мен оқулық кітаптарының авторы. Кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекеттік қайраткерлер мен жазушылар, журналистер мұраларына арналған еңбектері жарық көрді.

Темірбек Қожакеұлы аузын ашса, көмекейінен күлкі төгілетін шын мәніндегі сатирик еді. Сынай да, сыната да біледі. Айта да, жаза да біледі. Яғни, іскер. Жоғарыдағы сатириктер шоғырының шығармаларын талдағанда шемішкеше шағып, шындықты бет-жүзіне қарамай айтатын. Со­ңы­нан ерген жастарды да естен шығармайтын.

Темірбек Қожакеұлы елдегі өзгерісті елемейтін енжар емес, нағыз қайраткер де болды. Желтоқсанның жойқынында Темірбек Қожакеұлы тасада қалып қара басының қамын ойлаған жоқ. Дүрліккен дүрбелең мен шарпыған оттың ішінде жүрді. Жәй ғана жүрмей, кеудесін ұлтжандылық намысы кернеп: – Жүгенсіздікті доғарыңдар! – деуге дейін барды.

Сол үшін қызметтен де қуылды, «ұлтшыл» да атанды. Партиядан да шығарылды. Бұл оның жұдырықтай жүрегін сыздатпай қойған жоқ. Денсаулығына сызат түсірді.

Кейін сатириктер қауымдастығы атынан оншақты сықақшылар Елбасына арнайы хат жазып, Қожакеевке таңылған «қиянат қамытын» сыпыртып тастады. Ол өзінің университетіне, ұстаздық ісіне қайта оралды. Жалғыз емес, жанашырлары бар екенін жанымен сезді.


Мық шеге

Ғалымның зерттеу еңбектер мен оқулықтардың, оқу құралдарының әрбірі үшін төгілген тер, кеткен уақыт, жұмсалған күш алтын іздеген кеншінің белден қазған жерде төккен терінен, кеткен уақытынан, жұмсаған күшінен әлдеқайда артық. Осы сатира саласында сіңірген еңбектерін екшелей отырып, сатира саласында қалам тартып жүрген жазушылардың Темірбектей ой толғап, Темірбектей сын көзбен қарауы абзал.Өйткені осы және басқа еңбектерде баяндалған ойлар мен толғаныстарды бойына сіңіріп, сабағын ойына қондырып, игілігіне жаратып қазақ журналистикасының, қазақ сатирасының сан лек мамандары өсіп, жетілді. Бұл – үлкен жетістік, елдің жетістігі, баға жетпес байлық, ұлттың байлығы. Мұндай жетістік пен мұндай байлықты алтынға айырбастап алу мүмкін емес, күміске сатып алуға болмайды. Сондықтан да Темкеңнің қазақ журналистикасына, қазақ сатирасына, Қазақстан жоғары мектебіне сіңірген еңбегі алтыннан ардақты, күмістен салмақты.

Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов Темірбек туралы тебірене жазған естелігінде: «Қазақ университетінің филология, журналистика факультетінде қырқыншы, елуінші жылдары оқыған адамдар эстетикалық ілім жағынан өз қатарларынан оқ бойы озық тұратын мамандар… Неге десеңіз, олар әдеби білім жағынан Әуезов мектебінен шыққан адамдар. Дәл осы ұлы мектепте пісіп-жетілген менің талантты достарымның бірі – Темірбек Қожакеев!

Қысқасы, Темірбек деген бір мық шеге! Дүниенің қаны қашқан, қаусаған, қаңыраған жерін қағып-қа­ғып жіберіп, қалпына келтіру үшін осындай адам­дар­дан шеге жасар ма еді» – дейді. Энциклопедия­лық білімді академик ағамыз дауылпаз ақын Мая­ковскийдің: «Бәлшевектер шымыр, ширақ шеге­дей» дегеніне «мық» сөзін қосып онан сайын күшей­тіп жібергені сезіліп тұр. Асылы, Қабдоловтан асырып айта қою қиын.

Жалғыз Зейнолла ағамыз емес, қиян шеттегі бауырлас елдердің ғибратты ғұламалары да Темір­бек Қожакеев еңбектеріне тәнті болғаны белгілі. Темірбектің журналистика, әдебиеттану, қазақ сатирасы тарихы хақында инемен құдық қазғандай, тер төгіп қалың оқырманға ұсынған қадау-қадау зерттеу еңбектері Әзірбайжан, Қырғыз, өзге де көптеген ғалымдардың берген бағаларын көзі тірісінде-ақ өз құлағымен естіп, көңілі көншіген-ді.

Әке туралы ұлы Медет: «Өзгені би­леу үшін өзіңді билеп ал» деген­дей, оның талап-тілегі өзгеге де, өзіне де қатаң болды. Уақытпен са­нас­пай, жұмыс істейтін. Көп оқып, көп жазатын. Қазақ және орыс тілінде жарық көретін басы­лым­дардың бәрін шолып шығатын. Қа­жет жерлерін түртіп алып оты­ра­тын. Сөйтіп, жүріп қазақ сатирасы мен журналистикасына һәм ғылы­мы­на ерен еңбек сіңірді. Мыңдаған маман дайындады. Олардың са­ны­на емес, сапасына мән берді. Кез кел­ген істің жоғары деңгейде орын­далғанын қалайтын. Соны бәрінен та­лап ететін. Өз ісіне немқұрайды қа­райтындарды ұнатпайтын. Жал­қаулар мен жауапсыздарды, жағым­паз­дарды суқаны сүймейтін. Сон­дық­тан да олармен ылғи күресіп жү­ретін. Кежегесі кері тартқандарды кере­геге ілмесе де, басылымдарға жа­зып, мысын басып қоятын. Сол күрестен нәтиже шығаратын. Қоғам мен адамды түзеуді сол кісіден үй­рену керек сияқты» - деп тебірене еске алады.

Ұзақ жылдар бойы бір ғана Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінде ұстаздық еткен Қожакеев шәкірт­тері ұланғайыр республикамызда қоғам қайрат­керлері Бас редакторлар, ғылым докторлары, кандидаттары болып шарлап жүр… Алтынбек Сәрсенбаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Тұманбай Молдағалиев, Нұрлан Оразалин, Сұлтан Оразалинов, Әбдеш Қалмырзаев, Жанғара Дәдебаев, Намазалы Омашев, Серік Әбдірайымов, Оразбек Сәрсенбаев, Бексұлтан Нұржекеев, Ұлықбек Есдәулетов, Жүнісбек Сұлтанмұратов, Есенбай Дүйсенбайұлы, Жарасқан Әбдірашев, Баққожа Мұқай, Қастек Баянбаев, Смағұл Елубаев, Ғаббас Қабышев, Ахат Жақсыбаев, Үмбетбай Уайдин, Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбек, Еркін Жаппас… тағысын тағы тағылар.

Темірбек мылжың сөздің емес, мықты істің адамы болатын. Әдетте, біткен іске сыншылар, піскен асқа жеушілер, …«Әй, соны қойшы» – деушілер жын атады ғой. Басы ақылға, сөзі нақылға толы сатирик дәріс беру сыртында сан сырлы сықақтар да жазды. Темірбек Қожакеевтің алғашқы фельетондарының бірі «Аяңшыл жеңгейлер» 1944 жылы 25 мамырда Меркі ауданының «сталин жолы» газетінде жарияланса, «Судан тұнық, сүттен ақ» кете бере ме?», «Монша деумен бес жыл өтті», «Көсемнің көк сүңгісі», «Қолайсыз көріністер», «Басқарма, білмесең бас ие болма», «Телестудияның текесі» сынды әзіл – қалжыңдары түрлі басылымдарда жарық көрді. Енді сол шығармаларының бірінен қысқаша үзінді:

Ессіз «Әзілкешке» ескерту

Ол:

Ұйықтап жатып жан шошырлық қорқынышты түс көрем, арасында ылғи Қожакеев жүреді, – деп шағыныпты.

Жылқы еті тауып жей алғанның тісіне кіреді, тауып жей алмағанның түсіне кіреді, – деген ата-баба. Сол айтпақшы, Темірбек Қожакеев есі бардың басына кіреді; ессіздің түсіне кіреді. Әзілкеш ессіз болса, өзінен көрсін…

***

Күле білу - өмір, күлдіре білу - өнер, күлкі болу - өлім

«Күле білу - өмір, күлдіре білу - өнер, күлкі болу - өлім» дейді Сейіт Кенжеах­метов. Расында, күлкінің құдіреті күшті. Қазақ ойындағысын орайлы әзілмен, астарлы қалжыңмен-ақ жеткізе білген. Жалпы, сатираға қызмет еткен қырғи тілді қаламгерлер қазақта көп. Қазақ әдебиеті­нің Ілияс, Бейімбет, Сәбит Дөнентаев, Сәкен сынды қайраткерлері бұл жанрды айналып өтпеген. Ал олардан кейінгі сати­риктер қатары Асқар Тоқмағамбетов, Жүсіп Алтайбаев, Садықбек Адамбеков, Шона Смаханұлы, Балғабек Қыдыр­бек­ұлы, Оспанәлі Иманәлиев, Оспанхан Әубәкір, Сейіт Кенжеахметов, Мыңбай Рәш, Есенжол Домбаев, Үмбетбай Уайдин, Қажытай Iлияс, Ғаббас Қабышев, Сақ­тапберген Әлжіковтерден басталып, Көпен Әмірбек, Берік Садыр, Толымбек Әлім­бекұлы, Мұхтар Шерім, Ермахан Шай­хыұлы, Еркiн Жаппас және т.б. болып жал­ғасып кете береді. Бұдан біз қазақ са­тириктерінің қатары сиремегенін аңғара­мыз. Соңғы аталған сатириктердің әр­қайсысы бір-бір газетте күлкі бұрышта­рын жүргізетінін ескерсек, бұл өткір жанрдың «өлмегеніне» көз жеткіземіз. Тіпті, бұл жанрға қалам сілтегендер қатарында да­нышпан ақынымыз Абай да бар. Белгілі сатирик, ғалым Темірбек Қожакеев оның өлеңдерін сатиралық жанрлар бойынша талдап, жіктеп берген. Бұл күлкінің өмір­шең екенін дәлелдеп тұр емес пе? Демек, «сатира жоқ» деушілер қателеседі.
Көпшілік көбіне қазіргі сатира мен Кеңестік кезеңдегі сатираны салыстыра­ды да, оны жоққа теліп жатады. Жұрттың бұлай ойлауы орынды. Біріншіден, Кеңес­тік қоғамда сатираға көп мән берілді. Бұған дәлелді сатира жанрының жілігін шаққан, оны тұңғыш болып зерттеген Темірбек Қожакеевтің еңбектерінен табуға бола­ды. Қазақтың халықтық сатирасын түбегейлі зерттеп, көпте­ген кітаптар жазған ғалым сатира­ның ке­мелденуіне әсер еткен фактор ретін­де би­ліктен келген нұсқауларды қарасты­рады.

Сатираның кемелденуіне әсер еткен екінші себеп ретінде фельетон жанрын қарастыруға болады. Темірбек Қожакеев: «Әдебиет пен баспасөз тәжірибесінде жа­мандыққа жаны қас, жақсылықты ғана іздейтін, азулы да айбынды бір жанр бар. Ол - фельетон. Фельетон жат мінез, жай­сыз қылық, кемшілік мінді көрсе-ақ айырын ала салып, оны түйрей қояды, жұрт алдына сүйреп шығарып, қағып-сілкіп, масқара етеді» дейді. Расында, сол кездері фельетон сатираның ең өтімді де, өткір жанры болған. Өкінішке қарай, бұл жанр бүгіндері мүлдем жоғалған. Қазір сыналған адам емес, сына­ған адам сүйкімсіз болып жатады. Осы­лайша, фельетонға қақпақ қоюшылар пай­да болып, сатириктер бұл жанрды жазуды қойды. Осы біз сатирадан емес, фельетоннан айырылып қалдық десек дұ­рыс болады-ау. Сондай-ақ қазір сатираны жіктеп, түптеп жүрген зерттеуші жоқ.

Сатира саласындағы қаламгерлер шығармаларына пікір

Сатираның жеке бір іс, құбылысты зерттеп білудің әдіс-тәсілі ретінде көрінетіні де рас. Бұл сапада ол эпостық, лирикалық, драмалық шығарма-лардың бәрінде, барлық түр жанрында пайдаланыла береді. Олардағы белгілі бір елестер мен образдарды суреттеп берудің құралы, поэтикалық әдісі түрінде ғана қолданылады. Мысалы, І.Жансүгіровтың «Жолдастары», М.Әуезовтың «Абай жолы», Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлкесі» – эпостық шығармалар. Сөйтсе де олардың кей беттері сатиралық үн-тілмен жазылған. Сатира жеке бір эпизод, образдарды суреттеп, сипаттап берудің құралы, тәсілі ретінде көрінген. Мысалы, Ілияс Ықсан молданы былай суреттейді: «Қымызға келгенде түк жоқ кісі – ноғай Ықсан молда. Алдына келген аяқты жерге қоймайды. «Алқамды лелла» деп, бір кекіріп алады да, басына бірақ төңкереді, өзі үлкен үйелмендей кісі. Майданкөзі бітіп, мұрны үшкірленіп қалған. Мойны мен жауырыны тұтасып, басы итбастанып қалыпты. Омырауы есіктей болып, қарны дастарханға сүйретіліп отыр. Бұған берген қымыз тек бір сабадан бір сабаға қотарылған сияқты. Өзі бұрыннан құрсақты молда, іші кеңіген сайын айы жақындаған әйелдей айналып отыра алмай, тек сүйретіліп отыр. Ыңқ-ыңқ етеді. Сөйлесе, қоздайтын қойдай мекіренеді». Ілияс романының «Сары ала қаз пәтуасы» бөлімінде Шалматай, Есентай қажылар да осылайша сатиралық әдіспен сүмірейте суреттелген. Автордың елестетуінше, «тығыз сары Есентай қажынының иектен бұғағы асып, шүйдесі шодырайып, майдан екі көзі айналып кеткен. Бұл қажының қымызды жұтқан сайын беті берен шымылдықтың тозығы сияқтанады». Осы сияқты, М.Әуезов Қарқаралы дуанының әміршісі, орыс ұлығы қызыл сары майырды былай сипаттайды: «Үлкен көк көздері қылилау келген. Бет-аузын қалың бұйра сары сақал басқан. Шүйдесі қып-қызыл, екі қатпар болып тұратын. Мұны қазақ атаулы өз атымен атамай, өзге майырлар сияқты, сырт белгілерімен атайтын. Жалғыз-ақ, бұрынғы майырларды бірақ белгімен: «сұлу майыр», «семіз майыр», деп немесе бетінің секпіліне қарап «тарғақ майыр» десе, мынаның сыртқы түсі, түгі талай ат атауға өз-өзінен сұранып тұрушы еді. Сондықтан мұның атын неше саққа мінгізіп кеп, бірде «шапыраш» майыр, бірде «жүндес» майыр, бірде «піскен» бас майыр деп атасатын. Құнанбай, Алшынбай айналасы оны ақылсыз деген болжаммен көбінесе, сол «піскенбас» майыр деуші еді» . «Піскен бас» майырдың тілмашы Қасқаны Мұхаң «сақалы шошайған, өзі қағілез келген, арық сұр» кісі еді деп алып, Құнанбайға «ін аузында отырған ақкөт торғай сияқты қылп-қылп еткеніңді қойшы осы» дегізіп тағы әшкерелейді. Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлкесіндегі» Жұман бай, Күреңкөз қажы төңірегінде де талай сатира жүр. Осының бәрінде де сатира – жеке бір бейне, мінездерді болмыс, факт, елестерді суреттеп берудің құралы, тәсілі ретінде ғана қолданылған. Бір орайда сатираның әшкерелеу пафосымен жазылатын көркем шығарма екені де рас. Сатиралық роман мен повесть те, сатиралық әңгіме мен мысал да, пародия, шарж, эпиграмма да, фельетон, памфлет – бәрі де көркем туынды. Бәріне де әдемі тіл, әдеби ажар шарт. Оларды оқырмандар, сөз жоқ, көркем шығарма деп оқиды.

Өмірдегі негізінен жағымды нәрселер мен құбылыстардың осындай жеке бір мінін, «әттегенай!» дегізерлік әлсіз, жөнсіз жағын жеңіл күлкі, әзіл оспақпен көңілді, іш тарта тәлкек етудің, бағалаудың түрін юмор дейді. Ол құр күлу үшін емес, белгілі бір құбылысты жақсырақ көру, дұрыс бағалау үшін пайдаланылады. Мысалы, О.Әубәкіров «Түкпірдегі дүкен» деген өлеңінде сауда қызметкерлерінің «бір жағы Қызылқұм, бір жағы Қарақұм, шалқар көлі жоқ, самал желі жоқ» шөлде жатқан ауыл дүкеніне шілдеде сазан, қайық, кеме түсіргенін жеңіл юмормен тәлкек етеді. Осы ойланбай істелген істі «шөлдегі ел шөлдеп өлсін дегенің бе?», «Шөлдегі елге кеме деген неменеге керек?» деп мысқылдайды. Кейде жазушыларымыз сатирамен сылқита соғуға болатын сорақылықтарды да юморлық әдіс-тәсілмен, жеңіл күлкі ғана тудыра қоятын үн-стильмен іліп-шалып кете салады. Мысалы, Ғ.Мүсірепов Күреңкөз қожаның «есек құйрығын жусаң да, әйтеуір мал тап!» деген қағиданы қатаң тұтынған, осы «өсиетпен» жылт еткен жерден құр қалмауға тырысатын пайдакүнем, дүниқоңыз жан екенін мына бір юмормен сипап өткен: «Күреңкөз қожа Омбыдан олжалы қайтқан Байжанның үйіндегі екі жас баланың піштірілмеген шөтейлерін басқа бір надан қағып кете ме деп, әдейі бұрылып келіп еді. Шөтейлер әзір аман сақтаулы екен. Қожакең көңілденіп, Байжанның аса діндар адам екеніне қоса, Жұбайдың қою құла торы шайын да мақтап алды» . Міне, мұндағы юмор да болмысқа қатыстың ерекше әдісі, түрі, нақты бір оқиға, фактіні, объект – нысананы суреттеп, бағалап берудің тәсілі ретінде көрініс тауып отыр. Өмірлік болмыстың әлгідей күлкі келтіретін ерекше құбылыс, көріністері болады. Сол комизмдер юмор арқылы күлкі етіледі.

Сатираның қоғамдағы қызметі

Қазіргі тәуелсіздік дәуірінде адам жаны, адам санасы, адам парасаты үшін күрес, оларды биік мақсаттарға баулу – жаңа қоғам құрудың алғы шартта-рының бірі болып отыр. Қоғам адамдарын, әсіресе, жастарды жоғары адам-гершілік, ізгілік, коммунистік идеяларға сенімділік, партия, халық алдындағы парызға, советтік патриотизм мен пролетарлық интернационализмге адал-дық, буржуазиялық идеологияға ымырасыздық рухында калыптастыру – бүгінгі өнер туындыларының, оның ішінде сатираның да басты міндеті. Бұл ретте бүгінгі казақ сатирасы адамтану проблемаларын қозғауды бірінші қатарға шығарды. “Ап кетті”, “жеп кетті” деп қылмыс, ұрлық-қарлық төңірегінде аттан салудың орнына, адамдардың сана сезім, мінез-құлқындағы ескінің сарқыншақтарына жиі үңілетін болды. Мысалы, Т.Құлиясовтың “Жарықтық... тартынбайды” атты әңгімесінде “көрпесіне қарай көсілмей”, трактордың моторы қай жерінде тұратынын білмей бас инженер болғысы келген Кәдірбайдың мәнсапқорлығы мазақталады. “Қара қалпақ”, “Соңғы үкім”, “Кесілген бұрым” әңгімелерінде арақ ішсе, ақылын ішіп, ақымақтық әрекеттерге баратындар сықақталады. “Жілік шағарда” жұртты сойылға жыққыш Айдаржандай әумесерлер әшкере табады. Е. Айтмағанбетов бір әңгімесінде қараниеттілікпен шоққа отырып қалған, жерлес, туыс іздеп тауып, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жорғалағысы келген жездекейлерін күлкіге жыққан. “Өзгерген телеграммада” айнымалы адамгершілікті, “Табылған туыста” есеппен бауыр бола қалуды мансұқ еткен. Ақырғы рет болғай да” әңгімесінде “ал, кеттім!” деп “қорқытатын”, жүз кетіп, жүз қайтып келетін кесапатты келіндер келемежделген. К. Әмірбеков “Жоғалған студент” сықағында кейбір тентектердің содыр-сойқандыққа, басбұзарлыққа үйірлігін, Ш.Смаханұлы “Сандықтан шыққан сайтан” әңгімесінде баянсыз махаббат иелерімен, көрсеқызар нәпсіқұмармен таныстырды.

Қоғамдық сатира ғана әсерлі, ықпалды болмақ. Біздің көптеген сатиралық шығармаларымызда осы талап ескерілмейді. Мысалы, О.Әубәкіровтің “Сенің атың Хамит”, “Жалаңаш оқ”, “Ассалаумағалейкум, ата!” “Маскүнем тауық”, “Қастандық”. О.Иманалиевтің “Есебі бар жігіт”, “Ұры сиыр”, Т.Құлиясовтың “Тәкеевтің рогаткісі”, Ш.Смаханұлының “Тарғыл танкетка”, “Асқазанның аһ ұруы”, Е.Айтмағанбетовтың “Көмектесеміз”, “Құлақтың қырсығы” деген дүниелерінің қоғамдық, әлеуметтік мәні жоқ. Көбі – бос қылжақ, әшейін күлкі үшін жазыла салған нәрселер. Бұларда сатира жүгі мүлде жеңілдетіліп, қарадүрсінділікке жол берілген. Мұндай сатирадан ешбір тәрбие, ешқандай қайыр жоқ. Сатираның тәрбиелік мәні, ықпалы болу үшін ол жағымсыз жайларды жай хабарлай салуға тиісті емес. Кемшілік бар, дерт бар деп айқайлау жеткіліксіз. Сатира кім не істеді, неге істеді, не болды, қалай болды деген сұрақтарға жауап берумен ғана шектелмеу керек, дерт иелері осыны істеуге қалай қалыптасты, неге мәжбүр болды; бұған жеткенше, осынша құлдырағанша қандай жолдардан өтті. Қазір ол сүйеніш, тіректі кімнен, неден тауып отыр деген сұрақтарға жауап беруге міндетті. Демек, бізге теріс мінез, зиянды құбылыстардың орын алу себебін, тамырын ашып, аршып көрсететін сатира қажет.

Қазақтың халықтық сатирасы

Қазақ әдебиетінің тарихында” Шернияз Жарылқасұлының сатирасы туралы айтыла келіп, былай делініпті: “...Ирония, сарказм Шернияздан бұрынғы халықтық ауыз әдебиетінде де кездеседі. Бірақ ол кездесулерде заңды жоба бар дей алмаймыз. Сондықтан, ол кездейсоқ қана нәрсе. Кездейсоқ қай кезде болсын жоққа тең”. Осы пікірге қосылу қиын. Өйткені, сатира, юмор тек қана ауыз әдебиетімізде кездеседі, оның өзі де жобасыз, кездейсоқ нәрсе, ол жоққа тән деу даусыз қате. Бұл – фольклорлық сатирамыздың қоғамдық әлеуметтік мәнін жоққа шығарғанда, халқымыздың мәдени, әдеби мұра жасаудағы дарын қабілетіне, сықақшыл, әзілкеш қасиетіне шек келтіру, оның бастан-аяқ ирония мен сарказмге құрылған күлдіргі, аңыз ертегілерін, аңыз-әңгіме, хикая-анекдоттарын, жұмбақ-жаңылтпаш, мақалмәтелдерін менсінбегендік. Қазақ ауыз әдебиетінің сатира, юморға өте бай екендігін мойындамағандық. Ешбір халық өз фольклорындағы сатира, юморға бұлайша олқысынып қарамайды. Қайта, мұнсыз ауыз әдебиеті жоқ деп дәлелдейді. Белгілі әдебиет зерттеушілерінің бірі Д.Молдавский: “Сатира орыс фольклорының барлық жанрын бірдей аралап өтеді” – деп жазады. Қазақ ауыз әдебиеті жөнінде де осыны айтуға болады. Оның да сатира, юмор араласпайтын саласы жоқ. Күлкі ғасырлар бойы неше түрлі теңсіздік пен әділетсіздіктің куәсі болды.

Қазақ халқының ауыз әдебиетінде сатира, юмор толыққандығы жанр ретінде де, белгілі бір болмыс-құбылысты суреттеп, айтып берудің әдіс-тәсілі ретінде де көрінеді. Әдіс-тәсіл сапасында ол халқымыздың ең көне досы, өмірінің айнасы – тұрмыс-салт жырларының өзінде-ақ мол кездеседі. Әдетте күлкі-сықақ, әзіл-оспақ халықтың өз күшқуатын сезінген, көңіл-күйінің көтерілген сәттерінде туады. Үй-ішіндегі қуаныш-қызық, қыз ұзату, келін түсіру сияқты жайлар соған себеп болады. Сондықтан да сатира, юмор соларда айтылатын той бастар, жар-жар, беташарларда көбірек ұшырасады. Сонымен бірге, тұрмыс-салт жырларының бұл түрлерінің қуану, масаттану мақсатының өзі күлкінің болуын талап етеді. Әзіл-оспақ, акылды қалжың мол болса ғана, той қызықты өтеді, той бастар мен бет ашардың тындаушыға әсері күшті болады. Тойға жұрт қызық көреміз, көңіл көтереміз деп келеді. Той бастаудың бірінде:

Жиналар той дегенде тірі – тірлік,

Жарасар қыз-жігітке күлкі, серілік.

Екіншісінде:

Той – базар, той-той-базар, тойлап келдік,

Қолға алып алтын сақа, ойнай келдік.

Тойларға мұндай-мұндай келмес те едік,

Өтерін дүниенің ойлай келдік ,- делінуі осы сырды аңғартады. Мұнда тойға келген қыз, жігіттер ойын-сауықты қыздыруға тиісті, жұрт тамаша көруге келіп отыр, тірлікте ойнап-күлген ғанибет деп халықты әзіл-қалжыңға шақыру бар.

Бет ашарда да осылай әзіл-шын, күлкі-сын араласа жүреді. Келінге “бәлендей, түгендей болма”, “үйтпе, бүйтпе” деп ақыл айту, тілек білдіру үстінде жаман әйелдердің ұнамсыз әдет-дағдысы, мінез қылығы келемеж етіле кетеді. Мысалы, “қаптың аузы бос тұр деп, құрт ұрлама, келіншек” дегенде, оған акыл айта, талап қоя отырып, кейбір әйелдердің суыққолдылығы, жымысқылылығы ажуаланады. “Аузы-мұрның сүйреңдеп өсек айтпа, келіншек” дегенде де, ақыл-кеңес берілуімен бірге, бірсыпыра жеңгеміздің өсек-аяңға үйірлігі, сүйреңдеп сөзді көбейтіп жүретіндігі сықақталады. Бет ашар келінге сәлем жасатар тұста жылы юморға ауысады. Сәлем етілетін адамдардың ойниеті, тірлігі зілсіз күлкімен, жеңіл қалжыңмен баяндалады. Бірде:

Қарт атаң отыр көрем деп,

Көрімдігін берем деп.

Екі қара көп қой деп,

Бір қара берсем дөп қой деп

Ерінбесең, келінжан,

Атаңызға бір сәлем!– дейді. Мұнда бет ашар айтушының көрімдік дәметіп отырғаны, екі қараны қайдам, бір қараны өзі де берем деп отыр деп қайынатаны қайрағаны еріксіз езу тартқызады. Мұндағы күлкіні:

Ана отырған қайынағаң

Қоралы жылқы айдаған.

Қазы менен қартаны

Қия бір кесіп шайнаған.

Апыр-ай, келін түскесін

Не берсем деп ойлаған.

Ерінбесең, келінжан,

Қайынағаңа бір сәлем! – деген шумақ күшейе түседі. Қайынағасын мақтауы-ның сиқына бір күлсек, “көрімдікке не берсем екен деп, ол көптен ойланып жүр” дегеніне екі күлеміз. Бұл, әрине, тіленшектік емес, парыз. Жаңа түскен келінге көрімдік сұралмаса, менсінбегендік, оның келуіне қуанбағандық. Онда той қызықсыз, келін көңілсіз болмақ. Сондықтан да бет ашушы қайын жұрттан мақтап-мақтап көрімдік сұрайды.

Тұрмыс-салт жырларының жар-жар, бәдік сияқты көне айтыс түрлерінен беріректе қыз бен жігіт айтысы келіп шығады.Қыз бен жігіт қақтығысы шапшаң жауаптасып, бір-бір шумақтан қайтарылып отыратын, диалог ретіндегі қайым, түре айтыс түрінде келеді. Міне, айтыстың осы түрінде бұрынғы жар-жар, бәдіктегі кездесетін әзіл-қалжың, сын-сықақ жаңа белең алады, түрлене түседі. Қыз бен жігіт әрі бір-бірін жеңу, әрі жұртты күлкіге кенелту ниетімен сөзбен шалуға, кекетіп-кемсітуге көп бой ұрады. “Бұл ретте, – дейді академик М.Ғабдуллин, –айтысушылар бір-бірінің бойындағы мін-кемшілігін де өлеңмен күлкі ететіні болады”. Бұл пікірдің растығына дәлел көп. Мысалы, бір айтыста қыз жігітті былай мазақтайды:

Қызға барған ел білсін атағыңды,

Түзетіп ки мұнан соң шапаныңды.

Қыздан көңілі қалмаған қу көкірек,

Қырғызсаңшы бір қап жүн сақалыңды .

Мұнда қу қыз жігіттің шапан киісін де, қыздан дәмесін де, қауқиған сақалын да келемеж етеді. Менсінбегендік сыңай аңғартқандай. Бірақ жігіт бұған тоқталмайды:

Бала жастан баяғы салған әнім,

Сақал шіркін кіргізер беттің сәнін.

Сан-сапалақ сақал көп шыға берер,

Жиырмадамын, өзіме жасым мәлім, – дейді. “Сөздің көркі – мақал, адам көркі – сақал” деген уәж айтады. «Сақалдан қорықпа, жас, жалынды жігітпін», – деп қызға жабыса түседі.

Шешендік сөздерде сатира әр қилы сипатта көрінеді. Бірде ол ұрланып, тасаланып, бұғып, байқалмай тұрады.

Ертегілердің сын-сықақ кездеспейтін түрі жоқ. Тіпті, тұрмыс салт ертегілерінің бірсыпырасы бастан-аяқ таза юморлық, қуақы күлкіге құрылған. Олар әдебиеттік тарихымызға “Күлдіргі ертегілер” деген атпен енді. “Бұл ертегілер,– деп жазды академик М.Әуезов, – бала мен үлкенге бірдей ортақ, тапқыр күлкіге, қызықты жеңіл түйіндерге құрылған әңгімелер” Халық күлдіргі ертегілерді бой көтеріп, көңіл ашу, өз даналығын паш етіп, үстем тап өкілдерінің ақымақ, бейшара екендігін келекелеу үшін туғызып отырған. Осы мақсатпен өз ертегілерін күлкілі етудің, юмормен байытудың алуан-алуан амалын тапқан. Ең алдымен, халық олардың кейіпкерін ерекше адамдар етіп алады. Кейіпкерлердің кескін-кейпі, түр-түсінің өзі күлкілі, оқыс болып келеді. Сол бейнелеріне лайық оларға адам күтпеген қызық аттар тауып береді. “Тоғыз тоңқылдақ”, “Бір шіңкілдек”, “Шибұт”, “Қағанақбас”, “Қылтамақ”, “Қаңбақ шал”, “Қу тазша”, “Тазша бала” деген аттарын естігендеақ тыңдаушы жымиып сала береді. Кейіпкердің кім екені, бітім-жаратылысы әлгі аттарынан-ақ көзге елестей қояды

Алдар аңызы ел арасына көп тараған. Қазір жақсы да қызықты, алдауға, айла-амалға құрылған әңгіме болса, Алдар көсе әңгімесі сияқты екен дейміз. Алдаркөсе аңыздары қарақалпақ, өзбек, түркімен халықтарының ауыз әдебиетінде де бар. Өзбек аңызында Алдар өледі деп айтады. Оның өлу себебін қызық түсіндіретін көрінеді. Бір адам Алдардың кескінін, көселігін мазақ етеді. Соған жауап таба алмаған Алдар жарылып өліпті-міс.Ал қазақта Алдарды өлді, ел оны көмді деп айтпайды. Оның себебін академик Мұхтар Әуезов былай түсіндіреді: “Алдар аты – күлкі аты, күлкіге өлім жоқ. Ендеше сол күлкі өшпейтіндей, Алдар да өлмес жан бейнесінде әңгімеленуі шарт. Қазақ аңызында Алдардың туысы айтылмаса, өлімінің де айтылмайтын мәні осыдан... Күлкі – өлмес елдің өшпес күші” . Қожанасыр әңгімелері де күлдіргі, мысқылюморлы әңгімелерге жатады. Бірақ, Қожанасыр әңгімеле-рінің Алдаркөсе аңыздарынан идеялық жағынан да, мазмұн жағынан да үлкен айырма, ерекшелігі бар. Халық, Алдар әңгімелерінде өз кейіпкеріне басқаларды мазақтатып, ақымақ еткізіп отырса, Қожанасыр әңгімелерінде, көп ретте, кейіпкердің өзін аңғал, аңқау етіп көрсетіп отырады. Бірінші жағдайда басқалардың ақымақ болып, алданып қалғанын айтып, жұртты соған күлдірсе, соңғы жағдайда персонаждың – Қожанасырдың өзінің аңғал-аңқаулығына, әпенділік әрекетіне күлдіреді.

Абайға дейінгі қазақ сатирасы

XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының бірінші кезеңін “Абайға дейінгі қазақ әдебиеті”, екіншісін “Абай дәуіріндегі қазақ әдебиеті” деп атау жөн. Біз аталған ғасырлардағы қазақ сатирасын осылай дәуірлеп, қарастырдық. Абайға дейінгі дәуір ұлы тарихи окиғаларға мысалы, XVIII ғасыр қазақ халқының тарихында кескілескен күрес, аласапыран алыс-жұлыс дәуірі болды. Қазақ хандықтарына шығыстан Жоңғар шапқыншылары, тыстан қалмақ феодалдары, оңтүстіктен Бұхар, Хиуа хандықтары шабуыл жасап, жаугершілік істеп жатты. Қазақ хандықтары өз тарапынан қорғану, өзін сақтау күрестерін жүргізді. Ал XIX ғасырдың бірінші жартысы қазақ елінде -сын-сықақ сонау Бұхар жырау заманында-ақ сыртқа да қарсы қолданыла бастаған. Басқа хандықтың жасаған қиянатын да әшкерелеп отырған. Мысалы, Жалайыр Жанкісі би өзінің “Қоқан ханына айтқаны” деген өлеңінде оның қазақка зорлық-зомбылық көрсетіп отырғанын былай шенеп-мінеген: Айтайын десе ұрады,

Ұрмақ түгіл қырады.

Алға салып айдайды,

Ашулансақ, байлайды.

Әкімі жоқ қазақта

Теңдік жоқ деп ойлайды.

Алған малға тоймайды,

Біз жыласақ, ойнайды.

Жақсыларды сөгеді,

Ат үстінен тебеді.

Бұл – шын мәніндегі сатирада алушы, тонаушы болғаны ашық айтылған. Жанкісінің бұл шағым шығармасындағы жергілікті жауына іс-әрекеті сатира, юмор өз көркі, өз сипатымен Шал Құлекеұлының творчествосынан да көрінеді. Ақын мұрасына алғаш назар аударған ғалым Малыбаев: “Шал Құлекеұлы әсіресе, сынау, мінеу, өсиет-ақыл өлеңдерін көбірек айтқан” , -деп дұрыс атап көрсетті.

Біздің елде Жүзбай бар.

Жүзбайдың жүрген жерінде

Жылау менен ойбай бар, – дейді ол.

Құлеке батырдың Күреңкей деген тұлпарын Абылай ханның балалары майын сұрап мініпті де, қайтарып бермепті. Қүлеке 15 жасар баласы Тілеукені ертіп, атын сұрай хан ордасына барыпты. Хан бұйымтай айтылғаннан кейін: “Өзің батыр Құлекесің. Басқан ізің мал болса да, сонша жерден бір тайды іздеп жүр екенсің”, – депті. Жалғыз қараны ханға қимай сабылғаның қалай дегендей жақтырмапты. Құлеке қысылып тоқталып қалады. Келесі күні Шал ертемен ханның ауыл сыртында үйелеп, жауында қалған жаман тоқтыны көтеріп тұрғызып, бұтаның ығына қарай сүйреп жүргенін көріп қалады. Ақын бала: “Бәлем малдың дәмін білмейді екенсің!” – деп ішінен күліп қояды. Ертеңгі шай ішіледі. Қонақтар жүрмек болады. Сонда хан: “Бала сені ақын деп есіттім, бір-екі ауыз өлең айтып кет!” дейді. Осыны күтіп отырған Шал былай деп салады:

Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің,

Қойға пана болмайды тал дегенің.

Жалаң аяқ, жалаң бас тоқты арқалап,

Хан ата, қалай екен мал дегенің?

Сыйлайды ханымыз деп үлкен-кіші,

Біреудің хақын жемес жақсы кісі.

Тақтағы хан, топтағы биді еңкейткен,

Хан ата, қалай екен малдың күші?

Осы екі шумақта Шал ақын Абылайды әрі сөзге жығып, әрі сынап-мінеп кеткен. Оның мал ащы, мал қажетсіз болса, көйлек-дамбалшаң үсті-басыңды сары-ала етіп, көтерем тоқтыны неғып көтеріп жүрсің, жаман тоқты тақтағы ханды еңкейткенде, әкемді тұлпар неге іздетпейді дегені – орынды сөз, қатты сын. Шал ақын сатира мен юморды өз тұсындағы хандарды қағыту үшін ғана емес, өмірдегі әлеуметтік, тұрмыстық дерттерді мінеп-шенеу үшін де батыл пайдаланған.

Абай - сатирик

Темірбек Қожакеев «Абай – сатирик» деген еңбегінде Абай сатирасының өткірлігін жан-жақты талдайды.. Ақын сынының негізгі объектісі мен тақырыбын, өз заманындағы қоғамдық қайшылықтарды, ел билеу жүйесін, ұлық, болыс, әкім пысықтардың жемқорлық айла-амалдарын әшкерелеу әдістері мен шеберлігін сөз етеді. Абай сатирасының жазылу түрі мен тәсілін жіктеп (тұрмыстық, саяси-әлеуметтік, этикалық, моральдық), қазақ әдебиетінде сатира, әзіл-оспақ, сын-сықақ жанрын жаңа түрмен, соны мазмұнмен байыта түскенін ашып көрсетеді.

Орыстың классик сатириктерін аудару, оқу Абай творчествосына қатты ықпал жасап, оны сатиралық, юморлық мотивтерге мүлде байытып жіберді. Ол «ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тілмен» қазақ сахарасындағы барлық дерт біткенді батыл әшкерелеп өтті. «Өткір тілді найза етіп», «Неше түрлі айла етіп», өз тұсындағы әділетсіз әкімдермен сайысып-ақ бақты. Оның сатирасы жай сыншылдық дәрежеден көтеріліп дәуір дерттерін аяусыз әжуалаудың әдіс-тәсілі ретінде, нағыз жанр сипатында көрінді.

Абай сын-сықаққа жастай-ақ бой ұрды. Бала күндерінде Біржан, Әсетті тыңдап, Дулат, Шөже, Кемпірбайды көріп жүрді. Өз нағашылары Қантай, Тонтайдың ішек-сіле қатыратын күлдіргі әңгімелері мен уытты сөздерін

естіп өсті. Мұның бәрі сөз өнеріне ден қойғыш Абайға қатты әсер етіп, еліктіреді. Оны әзілкеш, қалжыңбас етіп қалыптастырады.

Сондықтан да болашақ ұлы ақынның алғашқы өлеңдерінің өзі реті келгенде айтылған әжуа, мысқыл ретінде көрінді. Бізге жеткен бірер өлеңі осыны растайды.

Бірде бала Абай тайға мініп, шауып келе жатса, ауыл түйелерін аралай екі атты өтіп барады екен. Жөн сұраса, бірі – төркіндеп қайтқан келіншек, екіншісі – оның ағасы болып шығады. Ол өзі берген жауыр айғырын жетектеп келеді екен.

Кім екен деп келіп ем түйе қуған,

Қатын ғой күлдәрімен белін буған.

Төркініңнің бергені жауыр айғыр,

Бауырыңды ұрайын бірге туған,

Абай Құнанбаев сатирасын жазылу түрі – формасы жағынан үш топқа жіктеуге болады. Оның бір тобы – тұрмыстық эпиграммалар. Бұлар өзінің құрбы-құрдас, жора-жолдас, қыз-жеңгелеріне арналған бірқақпайлар түрінде келеді.

Олрда ақын өз замандастарының бойындағы жеке мін-кемшіліктерді әзіл-шынын араластыра отырып сынап-шенейді, ұялтып-қызартып жөндем еткісі келеді. Жеке бастағы ұнамсыз қылық-мінезден арылтуға тырысады.

Тұрмыстық эпиграммаларында Абай ажуа еткен кемшін-міндер әр қилы, алуан сипатты. Ақын Жамантайұлы Көжекбайға арнауында оның өсекшіл-дігін, бірді-бірге атыстырып, ел арасын бүлдіріп жүретін мінезін сықақта-ған. Екі досты айдап салатын жаман әдетіне «Шіркінде ес болсайшы сезед деген» деп кейіген. «Әркімге өсек тасып безектеген» деген жалғыз жолда Көжекбай тұтас тұлға, бүкіл бітімімен ел алдына келіп тұра қалған. «Безек-теген» – әрі ащы сөз, әрі образ шындығын ашып тұрған сөз. Осы өсекшіл-дігі, екіжүзділігі үшін Абай Көжекбайды «Кімнің жүгі биік болса, соған қарғып шыққан мысық», – деп атайды екен. Мұндайларды ел «Күнгебағар», «Кімнің тарысы болса, соның тауығы» деуші еді. Ал Абай оларды өзінше теңеп, өзінше бейнелеп айтқан.

Ақын «Шәріпке», «Қара қатынға» атты эпиграммаларында мораль мәселесін қозғайды. Замандас кейбір келіншектердің ұстамсыздығын, нәпсіқұмарлығын әзіл-шыны араластыра отырып, қатты сықақтайды.

Абай сатирасының екінші саласына жататын бұл өлеңдері – түр жағынан сатиралық портретік суреттемелер. Өйткені оларда болыстардың,Тәкежан, Дүтбай және басқалардың іс-тіршілігі, жүріс-жорығы, жан-дүние, психоло-гиясы, келбет-бейнесі ашылады. Соларға мінездеме беріліп, нендей адамдар екені айтылады. Ақын бірсыпыра сықақ өлеңдерін басқа түр-формада жазған. Оның «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Антпенен тарқайды», «Бойы бұлғаң» өлеңдері – сатиралық шолулар. Осындағы бірінші аталған өлеңде қазақ тұрмысындағы көп дерттерді аңғартады: «Алам, алам» деп аузын ашып тұрғандарды мұрнынан тізіп, сыпыра әшкерелеп шығады. Өз тұсындағы кеудесінде жаны бардың бәрінің біреуден алсам деп жұтынып тұратын мінездерін, «берем» деген жан жоқ екенін күйіне

сынайды.

Абай сатирасының үшінші саласы – мысалдары. Рас, оның дені аударма. Бірақ, оларды өз мүлкіміздей көруге қақымыз бар. Өйткені, біріншіден, тұрақты жол өлшемі, шумағы жоқ, ауызекі сөйленген қара сөз сияқты

болып келетін Крылов мысалдары үлкен творчестволық шабытпен өлең етіліп, сахара тіршілігіне лайықталып аударылған. Қазақ өмір-тұрмысына сай емес образдар, есімдер халқымызға тән бейнелермен ауыстырылған.

И.А.Крыловтың «Дуб и трость» мысалында еменнің шілікке мақтанып «Кавказға иық теңеп асқақ тұрмын» дейтіні бар. Абай осыны «Тау-жартасқа ұзарып бой теңеттім», – деп аударған. Қазақ даласында Кавказ жоқ, сондықтан ақын оны мұнда бар нәрсемен, жұрттың өзі білетін нәрсемен ауыстырған.Осы сияқты ұлы мысалшының «Лягушка и вол»

мысалында бақа өгізбен жазық көк майсада кездеседі. Ал Абайда бұлақ басында, өгіз су ішуге келгенде кездеседі.

Ақын бұл сәтті:

Су ішкелі бір өгіз,

Барып еді бұлаққа,

Бақалар қорқып, тарбақтап

Қашып шықты әр жаққа,

деп өзінше баяндаған. Табиғи заңдылыққа өте жақындата түскен. Сол сияқты «Стрекоза и муравей» мысалын аударғанда инелікті шегірткемен ауыстырған.

Міне, осындай творчестволық ізденістің нәтижесінде ақынның И.А.Крыловтан аударған «Емен мен шілік», «Қазаға ұрынған қара шекпен», «Жарлы бай», «Есек пен бұлбұл», «Қарға мен бүркіт», «Шегіртке мен құмырсқа», «Әншілер», «Ала қойлар», «Қарға мен түлкі», «Бақа мен

өгіз», «Піл мен қанден» мысалдарын халқымыз өзінің төл туындысындай тұшына оқиды. Жылы қабылдап, жаттап ап, өзара айта жүреді.

Екіншіден, бұл мысалдарда келемеж етілген міндер мен сыналған кемшіліктер біздің қазақ қауымына да тән дерттер. Шегірткедей қамсыз, бақадай ақымақ, түлкідей сұм, есектей парықсыз, қарғадай әлін білмес әлек қазақ аспаны астында да жеткілікті еді. Мысалдарды оқығанда, көп адамдар өзін көріп, өз психологиясын танып отырады.Абай ой-пікірді мысалдап, тәмсілдеп айтуға жалпы бейім болған.

Мысалы, оның:

Күшік асырап ит еттім,

Ол балтырымды қанатты.

Біреуге мылтық үйреттіп,

Ол мерген болды, мені атты,-дегенінде астарлы ой бар.

Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Менсінбеуші ем наданды», «Қайғы шығар ілімнен», «Қарашада өмір тұр», «Бойы бұлғаң» деген өлеңдерінде де ел ішінің бұзылуы, ондағы жікшілдік, баққұмарлық, көреалмаушылық, алауыздық, өтірікшілдік, өсекшілдік, пайда іздеу, ұрлық қылу, сұмдық-сұрқиялық істеу сияқты

дендеген дерттерге қарғыс таңбасы басылған.

Барымта мен партия –

Бәрі мастық, жұрт құмар

Сыпыра елірме, сұрқия

Көп пияншік нені ұғар, –деген шумақта ақын кейісі, ақын ашу-ызасы сыртқа теуіп тұрғаны хақ.

Сатира, юмор элементтері Абайдың қарасөздерінде де көп кездеседі. Әрине, ақын прозалық бұл туындыларын дерттерді сынап-мінеу ниетімен емес, өсиет-өнеге айтып, ақыл-кеңес беру ниетімен жазған. Бірақ, сол ағалық ақыл-

тілегін айту үшін алдымен теріс іс, мінез-қылықты шенеп-шенеп алады да, негізгі тілек ниетін сонан соң айтады. Мысалы, Алтыншы сөзінде ақын еңбек қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып жүруді тірлік деп білме! Ондай

тірлік итте де бар. Сыртың пасық, ішің нас, артын ойлап ұялмас болып жүріп тірімін деме, онан да алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық дейді. Міне, осында Абай, бір жағынан, кеселді жалқау, қылжақбастарды, әзір тамақ, әзір астың иелерін қатаң сынға алған, екінші жағынан, еңбек ет, арлы бол, ұятты бол деген өсиет-өнегесін айтқан. Абай басқа қарасөздерінде де

бір жайларды сынай отырып, оқушысына қарай сөйлеп, сұрау қойып, олармен әңгімелесе, пікірлесе жазады. Оқушысын ойландырып, дерттің неден екендігіне, зияндылығына үңілдіре отырады. Сондықтан да Абайдың қарасөздеріндегі мұндай айшық-өрнектерді дидактикалық сатира көрінісі деп тануымыз жөн.

«Мыңмен жалғыз алысып» шаршаған ақын жоғарыда аталған содыр-сойқандықтарды ашып, әшкерелеп отырғанда:

Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой,

Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар, –

деп елдегі кінәмшіл, басбілмес жастарды ренжімеуге, кінәламауға шақырады. Жалпы елге тән, ортақ дерттерді нысанаға алдым деген болып, «қызым саған айтам, келінім, сен тыңда!» әдісін қолданады.

Қазақтың ұлы Абайы да осындай жандардың бірі еді. Сондықтан да өз дәуірінің қатал сыншысы, елдегі сорақылықтардың бітіспес міншісі болды. Ол жалпы әдебиетті ғана емес, оның сатира, юмор саласын да жаңа

белеске көтерді. Бұрынғы жыр, толғау, дидактикалық өлең, шешендік сөз түрінде ғана келетін сатира-юморды жаңа түр, жаңа мазмұн – жаңа сапамен байытты.

















Қорытынды

Қазақты бағы жанған халық деуге болады. Өйткені алдыңғы құрсақ аналар дүниеге алып келген ұлдардың бізде осалы жоқ. Темірбек атамыз-бір ананың емес, тұтас елдің үмітін ақтаған азамат. Атамызға қанша таңданып , дарынына, адамдық келбетіне тәнті болғанымызбен туған жері туралы сөз болғанда ешкім таңырқамайды. Өйткені, талай алыптарды өсірген қасиетті топырақта бұндай тау тұлғаның туылуыда заңдылық еді. Атамыз туралы деректерді оқыған сайын сананың бір түкпірінде өкініш қылаң беріп, көңілде қыжыл пайда бола бастайды. Өйткені, біздің буын Қожакеевті көрген жоқпыз, оның мектебінен өткен жоқпыз. Қожакеевті танып, тағылым алған әрір жас Темірбек атамыздай тау- тұлға болып өссе деп тілеймін. Өйткені, біздің қоғамымызға атамыздай ұлы тұлғалар аса қажет…

Қоғамымыз мінсіз емес. Мініміз де, сынсыз қалып жатқан жоқ. Мін бар. Сын да бар. Тек оған мән беріліп жүрген жоқ. Темірбек Қо­жакеев сынды бүгінгі сатираны зерттеуге кіріскен жан да жоқ. Расында, әдебиетіміздің бұл саласына бүгінгі күні маңыз беріліп отырған жоқ. Бұл жанр Темірбек Қожакеевке дейін де зерт­теусіз тұр еді. Бірақ ғалым: «Қазақ сатирасы күні бүгінге дейін арнайы зерт­телмей келеді. Әдебиетіміздің бұл саласын елемеуге жөн жоқ. Сатира халқымыздың бүкіл өмірімен біте қайнасып, оның қанау мен тонауға, әділетсіздік пен теңсіздікке қарсы күресінде ең айбынды қаруы болып келді» деп, оны зерттеуді өз қолына алған болатын.

Салиқалы еңбектері қазақ әдебиеті мен журналистикасында бұрын ешкім кеңінен сөз қыла қоймаған тақырыптарды алғашқы болып игеріп, рухани мұрамызда өзіндік орны бар сатираны әдебиеттану ғылымының игілігіне жаратып, ғылыми айналымға енгізуімен құнды. Ғұлама ғалым еңбектері сатирадай сан сырлы құбылыстың  құпиялы қырын ашып, жанрларының жігін ажыратып,  оның рухани өміріміздегі орнын айқындап беруімен қымбат. Талғамы биік, танымы терең Темірбектей зерттеушінің бұл еңбектері болашақта әдебиеттанудың сатираға қарасты қырын қарастырамын дейтін талай жас талаптың ғылым жолындағы адастырмас темірқазығына айналары хақ “Ғалымның хаты өлмейді” деген қанатты сөздің мәні осында жатса керек-ті.  Артында басқан ізін қасиет тұтар ұрпағы бар. Күш-қайратын сарп етіп жазған том-том еңбектерінің сан мың шәкірттер жанына сан ғасыр шырақ жағары сөзсіз. Халқына мәңгілік мұра қалдырған адамда арман болушы ма еді?! Иә, Темірбек Қожакеұлының есімі болашаққа бет алған ұрпақ көшінің алдында ұран болып жүрерінде күмән жоқ.










Пайдаланылған әдебиеттер:

1.А.Құнанбаев Шығармаларының толық жинағы А.1954 ж.

2.Х.Сүйіншәлиев Қазақ әдебиетінің тарихы А.1997ж.

3.Қазақ совет энциклопедиясы,1972ж.

4.Т. Қожакеев. «Фельетон мәселелері» (1962 жыл);
5. Т. Қожакеев. «Қазақтың халық сатирасы» (1962 жыл);
6. Т. Қожакеев. «Қазақтың халық сатирасы» (1968 жыл);
7. Т. Қожакеев. «Қазақ мысалдары» (1969 жыл);
7. Т. Қожакеев. «Қазақ сатирасы» (1970 жыл);
8. Т. Қожакеев. «Абай – сатирик» (1970 жыл);
9. Т. Қожакеев. «Сатира – күштілер қаруы»;

10. Т. Қожакеев. «Адам. Қоғам. Сатира» (1980 жыл);
жыл;
11. Т. Қожакеев.
Таңдамалы шығармалар. 2-том. Сатира, юмор және қазақ сатирасының тарихы. – Алматы: 2007 жыл;
12. Т. Қожакеев.
Таңдамалы шығармалар. 3-том. Сатира тарихы, сатира жанрлары. – Алматы: 2007 жыл;
13.
Т. Қожакеев. Таңдамалы шығармалар. 4-том. Қазақ сықақшылары, сатира проблемалары. – Алматы: 2007 жыл.

























Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
doc
26.12.2024
255
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі