Информатиканы оқыту
әдістемесі
Оқыту технологиясы туралы
түсінік
«Оқыту технологиясы» ұғымы
60-жылдардың аяғында пайда болып, 70-жылдары көптеген жақтаушыларға
ие болды. Қазіргі уақытта, ол педагогикалық сөздікке бекем енді.
Әйтсе де, оны түсіну және қолдану әртүрлі болуда. Қазіргі заманның
педагогикалық теориясында жаңа оқыту технологиясын мектепке
енгізуде бірінші зерттеу жүргізген академик В. Беспалько [1]
болатын. Оның айтуы бойынша – «Педагогикалық технология – бұл оқу
үрдісін жүзеге асырудың мазмұнды техникасы» Ал жаңа технологияның
жеке сүрақтарын зерттеген және «Модулді оқыту технологиясын»
енгізген В.М. Монаховтың пайымыбойынша – «Педагогикалық технология
– бұл оқушы мен мұғалімге барлық жағдай жасау арқылы оқу үрдісін
жобалау, ұйымдастыру және өткізу бойынша бірлескен педагогикалық
іс-әрекеттің жанжақты ойластырылған моделі» «Педагогикалық
технология – техникалық және адами ресурстарды, олардың өзара
байланысын ескере отырып, оқыту және білімді игерту үрдістерін
құрайтын, қолданатын және белгілейтін, білім беру түрлерін
оңтайландыруды міндет санайтын жүйелі әдіс» (ЮНЕСКО). Дегенмен,
әдебиеттерде, мысалы: «массив ұғымын енгізу әдістемесі»,
«бағдарламалауға оқыту әдістемесі», «ақпараттық технологияларды
оқыту әдістемесі» және т.б. сөз тіркестері кездеседі. Мұндағы
«әдістеме» ұғымы мүлдем басқа мағына беретіні анық, ол «алгоритм»,
«әдіс», «технология» түсініктеріне жақын. Осыған байланысты,
«әдістеме» және «технология» ұғымдарын бөлу мәселесі туындайды.
А.В. Хуторской айтқандай, «оқыту теориясы „бәріне барлығын“ (жалпы
дидактика) және жеке оқу пәнін оқыту немесе белгілі типті
мекемелерінде оқыту теориясы (дербес дидактикалар) болып
ажыратылады. Дербес дидактикалар ... оқыту мәселелерін сәйкес оқу
пәндеріне қарай үйлестіреді және де әртүрлі деңгейде – бала
бақшадан бастап орта және жоғарғы оқу орындарына дейін. Дербес
дидактикаларды оқыту әдістемелері деп те атайды... Олардың мақсаты
– сәйкес оқу пәнін немесе пәндер тобын оқыту үрдісінде оқушыларды
дамыту және тәрбиелеу, оқыту құралдары және жолдары заңдылықтарын
зерттеу» [45, 9–21б.]. Г.К.Селевко педагогикалық технология
ұғымының үш иерархиялық деңгейін бөліп көрсетеді [41]: - бүтіндей
білім беру үрдісін сипаттайтын жалпы педагогикалық немесе жалпы
дидактикалық деңгей (аймақта, оқу орнында, оқу деңгейінде),
синонимі – «педагогикалық жүйе»; - бір пән, сынып, мұғалім және
т.б. аясындағы білім беру үрдісін сипаттайтын жеке әдістемелік
немесе пәндік деңгей, синонимі – «жеке әдістеме»; - оқшауланған
немесе модульдік деңгей, яғни оқу-тәрбиелік үрдістегі жеке
элементтер технологиясы (ұғымдарды қалыптастыру, бақылауды
ұйымдастыру, жаңа білімді игеру және
т.б.).
Информатиканы оқыту
әдістері
Әдіс (грек.– «methodos» –
«зерттеу») – бұл тәсіл, әдіс немесе әрекет бейнесі; мақсатқа жету
әдісі, қандайда бір айқындалған түрде реттелген әрекет; нақты
тапсырманы шешуге бағынышты, шындықты игерудің практикалық немесе
теориялық тәсілдері мен амалдардың жиынтығы. Әдебиетте әдіс ұғымына
әртүрлі анықтамалар келтіріледі: 1) мұғалім мен оқушы әрекетінің
тәсілі; 2) жұмыс тәсілдерінің жиынтығы; 3) мұғалім оқушыларды
білімсіздіктен білімге жетелейтін жол; 4) мұғалім мен оқушылар
әрекеттерінің жүйесі және т.б. Педагогтардың көпшілігі, әдістерді
оқыту үрдісінің тапсырмалар жинағын шешуге бағытталған, мұғалім мен
оқушының реттеліп өзара іліктелген әректерінің тәсілдері деп
қарастырады. Оқыту әдісі – бұл оқыту, дамыту және тәрбиелеу кезінде
белгілі бір тапсырмалар шеңберінде қолданылатын педагог пен
оқушылардың нысаналы педагогикалық қарым-қатынасын ұйымдастыру
ережелері мен реттеуші қағидалар жүйесі (М.И.Махмутов1 ). Оқыту
әдістерінің жіктеуі Оқыту әдістерінің саны мен сипаттамасы көп
болғандықтан, оларды бірнеше негіздемеге сәйкес жіктеуге болады.
Мұғалім мен оқушылардың өзара әрекет ету сипаттамасы бойынша –
Лернер-Скаткиннің2 жалпы дидактикалық оқыту әдістері: -
түсіндірме-суретті (көрнекілік) әдіс; - репродуктивті әдіс; -
проблемалы баяндау әдісі; бөлшектеп іздеу немесе эвристикалық әдіс;
- зерттеу әдісі. Мұғалім әрекетінің негізгі құрамдас бөліктері
бойынша – Ю.К. Бабанскийдің 3 оқыту әдісінің үш үлкен топтамадан
тұратын әдістер жүйесі: а) оқыту әрекетін жүзеге асыру және
ұйымдастыру әдістері (ауызекі, көрнекі, практикалық репродуктивті
және проблемалы,индуктивті және дедуктивті өздік жұмыстары және
мұғалімнің басшылығымен өтетін жұмыстар); б) ынталандыру және
білімді дәлелдеу әдістері (қызығушылықты қалыптастыру әдістері:
танымдық ойындар, өмірлік жағдайды талдау, жетістік жағдайын жасау;
білім алу парызын және жауапкершілігін қалыптастыру әдістері:
білімнің қоғамдық және тұлғалық мәнін түсіндіру, педагогикалық
талаптар қою); в) бақылау және өзін-өзі бақылау әдістері (ауызша
және жазбаша бақылау, зертханалық және практикалық жұмыстар,
машиналы және машинасыз бағдарламалық бақылау, жаппай және
сараланған, ағымдағы бақылау және қортынды); Жеке дидактикалық
оқыту әдістері 1. Ақпаратты жеткізу көзі мен қабылдау сипаты
бойынша – дәстүрлі әдістер жүйесі (Е.Я. Голант, И.Т. Огородников
және т.б.): ауызша әдістер (әңгіме, сұхбат, дәріс және т.б.);
көрнекі (көрсетілім, демонстрациялау және т.б.); практикалық
(зертханалық жұмыстар, шығармалар және т.б.). 2. Мұғалім мен оқушы
қарым-қатынасының деңгейі бойынша – айтып беру, баяндау, сұхбат,
өздік жұмыс; 3. Нақты дидактикалық тапсырмаларға байланысты (Б. П.
Есипов) – қабылдауға дайындық, түсіндіру, материалды бекіту және
т.б.; 4. Білімді бөлу және қосу қағидасы бойынша – талдамалы
(аналитикалық), жинақтамалы (синтездік), салыстырмалы, жалпылаушы,
жіктеуші; 5. Ақыл-ойдың білімсіздіктен білімге жылжу сипаты бойынша
– индукциялық, дедукциялық. Оқыту формалары мен әдістерін таңдау
Оқыту әдістерін және үйлесімділігін таңдау кезінде мына
критерийлерді басшылыққа алған жөн: 1) оқыту, тәрбиелеу және дамыту
мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестік; 2) оқытылатын материалдың
мазмұнына сәйкестігі (күрделілігі, жаңалығы, сипаты, материалды
көрнекі ұсыну мүмкіндігі және т.б); 3) сынып оқушыларының нақты оқу
мүмкіндіктеріне сәйкестігі: жас ерекшелігіне (физикалық,
психикалық), дайындық деңгейіне (білімділік, даму, тәрбиелілік,
ақпараттық және коммуникациялық технологияларды игеру дәрежесі
бойынша), сыныптың ерекшелігіне; 4) іс жүзіндегі жағдайға сәйкестік
(кабинеттің тиісті оқуқұралдарымен жабдықталуы1 , электронды және
баспадан шыққан оқуәдістемелік материалдардың болуы) және оқуға
жеке уақыттың бөлінуі; 5) эргономикалық жағдай (кесте бойынша сабақ
өткізу уақыты, сыныптың толықтығы, компьютерде жұмыс жасау ұзақтығы
және т.б.); 6) мұғалімдердің дербес өзгешеліктеріне және
мүмкіндіктеріне сәйкестік (мінез-құлқы, қандай да бір әдісті
меңгеру деңгейі, сыныппен қарым-қатынасы, бұрынғы тәжірибесі,
психологиялық педагогикалық деңгейі, әдістемелік және
ақпараттық-технологиялық дайындығы).