Материалдар / "ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ БІЛІМ: ОҚУШЫЛАРДЫҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҒЫН ҚАЛАЙ САҚТАЙМЫЗ?"

"ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ БІЛІМ: ОҚУШЫЛАРДЫҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҒЫН ҚАЛАЙ САҚТАЙМЫЗ?"

Материал туралы қысқаша түсінік
"ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ БІЛІМ: ОҚУШЫЛАРДЫҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҒЫН ҚАЛАЙ САҚТАЙМЫЗ?"
ЖИ арқылы жасау
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады

ӘОЖ 004.8

"ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ БІЛІМ: ОҚУШЫЛАРДЫҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҒЫН ҚАЛАЙ САҚТАЙМЫЗ?"

Қойшыбай Бекнұр Ерболатұлы

Astana International University, Астана, Қазақстан

Аннотация. Қазіргі заманғы білім беру жүйесінде генеративті жасанды интеллект (ЖИ) технологияларының қарқынды дамуы оқушылардың академиялық адалдығы мен когнитивті дағдыларына елеулі әсерін тигізуде. Әсіресе, ChatGPT және басқа да тілдік модельдердің қолжетімділігі білім алушылардың өзіндік ойлау қабілетін дамыту мен академиялық адалдық қағидаттарын сақтауға жаңа сын-тегеуріндер туындатып отыр. Бұл зерттеуде Астана қаласы №111 орта мектебінің оқушылары арасында сауалнама жүргізу арқылы жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде пайдалану деңгейі мен олардың білім сапасына ықпалы бағаланды. Алынған деректер сандық және сапалық әдістер арқылы өңделіп, статистикалық талдау негізінде оқушылардың ЖИ-ға тәуелділік деңгейі және оның оқу жетістіктеріне ықтимал әсері анықталды. Нәтижелер көрсеткендей, бақылаусыз және реттелмеген ЖИ қолданылуы білім беру сапасының төмендеуіне, академиялық адалдық нормаларының бұзылуына, сондай-ақ шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау қабілеттерінің әлсіреуіне алып келуі мүмкін. Осыған байланысты, мақалада академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында институционалдық, педагогикалық және нормативтік интервенцияларға негізделген шешу жолдары ұсынылады.

Кілттік сөздер: академиялық адалдық, генеративті жасанды интеллект, когнитивті дағдылар, тілдік модельдер, эмпирикалық зерттеу, институционалдық интервенциялар, сандық талдау.


Кіріспе

Білім беру жүйесіндегі академиялық адалдық мәселесі қазіргі таңда жаһандық деңгейде өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы (2007) [1] және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы (2017) [2] білім беру жүйесін цифрландыру мен инновациялық технологияларды енгізуді көздейді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2020–2025 жылдарға арналған Білім мен ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы академиялық адалдық қағидаттарын сақтау қажеттігін айқындап [3], цифрлық технологияларды жауапкершілікпен қолдану міндетін жүктейді. Сондай-ақ, жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында жасанды интеллектті білім беруде интеграциялау мәселесі алға қойыған [4]. Осыған қарамастан, генеративті жасанды интеллект (ЖИ) құралдарының, соның ішінде ChatGPT-тің жаппай қолданысқа енуі білім беру саласында жаңа этикалық және педагогикалық сын-қатерлер туындатуда. Заманауи білім беру ұйымдары оқушылардың ЖИ технологияларын дұрыс қолдануын қадағалауға және академиялық адалдықты сақтауға жауапты болып отыр. Университеттер мен мектептерде бұл мәселе ішкі академиялық саясат пен Әдеп кодекстерінде көрініс тапқанымен, жасанды интеллект құралдарын қолдануды реттеудің нақты механизмдері әлі толық қалыптаспаған. Көптеген білім беру мекемелері ЖИ-дің оқыту процесіне ықпалын бағалау және академиялық адалдықты сақтау бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру қажеттілігіне тап болуда.

Аталған мәселені зерттеуге шетелдік және отандық ғалымдар да көңіл бөлуде. Мысалы, D. McCabe академиялық адалдықтың институционалдық аспектілерін зерттесе [5], P. Bretag (2013) жоғары оқу орындарында академиялық адалдықты қамтамасыз ету стратегияларын қарастырды [6]. Сонымен қатар, отандық ғалымдар қатарынан А. Әбдіғаппарова Қазақстандағы цифрлық технологиялар мен академиялық адалдықтың байланысын талдаса [7], С. Құлмағанбетова жасанды интеллекттің білім сапасына әсерін зерттеген [8]. Бұл зерттеулер жасанды интеллект құралдарының білім беру процесіне ықпалын жан-жақты қарастырады, алайда оқушылардың генеративті ЖИ-ды пайдалану үрдістерін жүйелі зерттеу әлі де жеткіліксіз деңгейде.

Қазіргі таңда орта білім беру ұйымдарында жасанды интеллекттің білім сапасына ықпал етуіне байланысты бірнеше маңызды қарама-қайшылық туындап отыр. Біріншіден, ЖИ технологияларын оқу үдерісіне интеграциялау қажеттігі мен олардың оқушылар тарапынан академиялық адалдықты бұзу мақсатында қолданылу қаупі арасында қайшылық байқалады. Екіншіден, оқушылардың ЖИ көмегімен тапсырмаларды орындауы олардың шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау дағдыларының дамуына қалай әсер ететіндігі әлі толық зерттелмеген. Үшіншіден, білім беру ұйымдарында ЖИ құралдарын пайдалануды реттейтін нақты нормативтік-құқықтық база мен педагогикалық әдістемелердің жетіспеушілігі орын алуда. Осы мәселелерді шешу үшін жасанды интеллекттің оқушылардың академиялық адалдығына әсерін эмпирикалық зерттеу және оны тиімді реттеу бойынша ұсынымдар әзірлеу қажет.

Генеративті ЖИ жүйелері, соның ішінде ChatGPT, оқушылар мен студенттерге тапсырмаларды орындауда, мәтіндік мәліметтерді өңдеуде және мәселелерді шешуде көмек береді. Алайда, мұндай технологиялардың артықшылықтарымен қатар, олардың адам когнициясына әсерін бағалау маңызды мәселе болып табылады. Соңғы зерттеулер ЖИ-дің білім алушылардың есте сақтау қабілетіне және дербес танымдық белсенділігіне кері ықпал етуі мүмкін екенін көрсетеді [9]. Бұл феномен «цифрлық амнезия» деп аталады және адамның ақпаратты өз жадына емес, технологиялық құралдарға сеніп тапсыруына байланысты дамиды.

Цифрлық амнезия (digital amnesia) – адамның маңызды ақпаратты есте сақтау қабілетінің төмендеуі және оны цифрлық құрылғыларға (смартфон, компьютер, бұлттық сақтау жүйелері) сеніп тапсыру салдарынан когнитивті дағдыларының әлсіреуі [10]. Бұл құбылыс танымдық жүктеменің азаюы және ақпаратты өңдеуге жұмсалатын когнитивтік күштің төмендеуі нәтижесінде орын алады. ЖИ негізіндегі құралдарды жиі пайдалану оқушылардың ақпаратты есте сақтау және оны талдау қабілеттерін әлсіретіп, білімді механикалық түрде қабылдауға әкелуі мүмкін. Классикалық когнитивті психология теорияларына сәйкес, жады ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді компоненттерден тұрады [11]. ЖИ-дің білім беру процесінде шамадан тыс қолданылуы ұзақ мерзімді жадының әлсіреуіне ықпал етеді, себебі оқушылар ақпаратты белсенді түрде өңдеудің орнына, оны тез ұмытып, қажет болған жағдайда қайта іздеуге дағдыланады.


Әдістеме мен материалдар

Бұл зерттеудің әдістемелік негізі жасанды интеллекттің (ЖИ) білім беру үдерісіне ықпалы мен оқушылардың академиялық адалдығына әсерін бағалауға бағытталған эмпирикалық зерттеу әдістеріне сүйенді. Негізгі зерттеу құралы ретінде сауалнама әдісі қолданылды, өйткені ол респонденттердің көзқарастарын, мінез-құлық үлгілерін және технологияларды қолдану тәжірибесін жүйелі түрде талдауға мүмкіндік береді.

Зерттеу 2025 жылы Астана қаласы №111 орта мектебінің 8-9 сынып оқушылары арасында жүргізілді. Іріктеу мақсатты сипатқа ие болды, зерттеуге барлығы 40 оқушы (20 сегізінші сынып оқушысы және 20 тоғызыншы сынып оқушысы) қатысты. Оқушылардың жас ерекшелігі ЖИ-мен өзара әрекеттесу тәжірибесінің әртүрлі деңгейлерін қарастыруға мүмкіндік берді.

Сауалнама құрылымдалған жабық және жартылай ашық сұрақтардан тұрды. Бірінші бөлім оқушылардың жасанды интеллект құралдарын пайдалану тәжірибесін (мысалы, ChatGPT, Google Bard, Copilot) бағалауға бағытталды. Екінші бөлімде ЖИ-ді үй тапсырмаларын орындауда қолдану жиілігі мен негізгі мақсаттары қарастырылды. Үшінші бөлім академиялық адалдыққа қатысты көзқарастарды анықтауға арналған сұрақтарды қамтыды. Алынған деректер сандық және сапалық талдау әдістері арқылы өңделді. Сандық деректерді өңдеу үшін статистикалық сипаттама, пайыздық көрсеткіштер және корреляциялық талдау әдістері қолданылды. Сапалық деректер контент-талдау негізінде сарапталып, оқушылардың ЖИ-ді қолданудағы негізгі тенденциялары анықталды. Зерттеудің сенімділігі мен валидтілігін қамтамасыз ету мақсатында сауалнама сұрақтары алдын ала сараптамалық бағалаудан өтті. Сарапшылар ретінде білім беру саласының мамандары және академиялық адалдық мәселелерін зерттейтін педагог-зерттеушілер тартылды.


Нәтижелер және талдау

Зерттеу нәтижелері бойынша, оқушылардың жасанды интеллект құралдарын пайдалану жиілігі әртүрлі деңгейде екені анықталды. Респонденттердің 62,1%-ы күнделікті қолданса, 27,6%-ы аптасына бірнеше рет қолданатынын көрсетті. Сонымен қатар, 6,9%-ы ЖИ-ді өте сирек немесе мүлдем пайдаланбайтынын атап өтті. Бұл көрсеткіштер оқушылардың цифрлық технологияларға қолжетімділігінің артуы мен олардың білім алу тәсілдерінің өзгеруімен байланысты болады.


Сурет 1. Сауалнама нәтижелері

Оқушылардың ЖИ-ді оқу процесінде қолдануы олардың когнитивті дағдыларына әртүрлі әсер етеді. Нәтижелер көрсеткендей, 23 респондент ЖИ-дің оң әсері бар деп есептейді, яғни олар оны жаңа ақпаратты тезірек меңгеруге және күрделі материалдарды түсінуге көмектесетін құрал ретінде қарастырады. Алайда, 4-і керісінше, ЖИ-дің жиі қолданылуы есте сақтау қабілетінің әлсіреуіне және өз бетімен ойлау дағдыларының төмендеуіне ықпал ететінін мәлімдеді. Бұл цифрлық амнезия феноменімен байланысуы мүмкін, себебі оқушылар ақпаратты есте сақтау орнына, оны қажет болған жағдайда ЖИ-ден қайта іздеуге дағдылануы ықтимал.

Сурет 2. Сауалнама нәтижелері

Академиялық адалдыққа қатысты сұрақтарға жауап берген оқушылардың арасында 19-ы әрдайым өздігінен орындауға тырысатынын айтты. Ал 10-ы кей жағдайларда ЖИ-ді пайдалануды қалыпты деп санайтынын, бірақ шектен тыс қолдануға қарсы екенін білдірді. Дегенмен, 7-і ЖИ-ді қолдану қазіргі заманның қажеттілігі екенін және оны қолдану әділ деп санайтынын атап өтті. Бұл көрсеткіштер білім беру жүйесінде академиялық адалдық мәселесін реттеу қажеттігін көрсетеді.


Корреляциялық талдау нәтижелері ЖИ қолдану жиілігі мен оның оқу үлгеріміне әсері арасында теріс корреляция бар екенін көрсетті (r = −0.38). Бұл оқушылардың ЖИ-ді жиі пайдаланған сайын оның оқу үлгеріміне және есте сақтау қабілетіне теріс ықпал ету мүмкіндігін білдіреді. Сонымен қатар, академиялық адалдық деңгейі мен ЖИ қолдану жиілігі арасында айтарлықтай әлсіз байланыс анықталды (r = −0.01), бұл оқушылардың ЖИ-ді қолдану деңгейі олардың адалдық қағидаттарын сақтауына тікелей әсер етпейтінін көрсетеді.

Қорытынды

Зерттеу нәтижелері жасанды интеллекттің (ЖИ) білім беру үдерісіне интеграциялануы оқушылардың оқу дағдыларына екі түрлі әсер ететінін көрсетті. Бір жағынан, ЖИ оқушыларға ақпаратты жылдам іздеуге және оқу материалдарын меңгеруге көмектеседі. Алайда, оның шамадан тыс қолданылуы есте сақтау қабілетінің төмендеуіне, сыни ойлау дағдыларының әлсіреуіне және академиялық адалдық қағидаттарының бұзылуына ықпал етуі мүмкін.

Осыған байланысты келесі ұсыныстарды енгізу қажет деп есептеймін:

  • ЖИ құралдарын қолданудың этикалық нормаларын қалыптастыру – білім беру ұйымдарында академиялық адалдық саясатына сәйкес реттеуші ережелер енгізу.

  • Белсенді оқыту әдістерін дамыту – ЖИ-ді тек көмекші құрал ретінде пайдаланып, оқушыларды өз бетімен зерттеу жүргізуге ынталандыру.

  • Оқушылардың ақпаратты сыни бағалау қабілетін дамыту – ЖИ ұсынған жауаптарды тексеру, талдау және өз ойларын қалыптастыру дағдыларын жетілдіру.

Бұл шаралар ЖИ-дің білім сапасына теріс ықпалын төмендетіп, оны тиімді қолдануға мүмкіндік береді.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Қазақстан Республикасы Парламенті. (2007). "Білім туралы" Қазақстан Республикасының заңы. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z070000319_

  2. Қазақстан Республикасы Үкіметі. (2017). "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы. https://digital.gov.kz

  3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі. (2020). Қазақстан Республикасының білім мен ғылымын дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. https://edu.gov.kz

  4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 24 шілдедегі № 592 қаулысы. (2024). https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P2400000592

  5. McCabe, D. L. (2001). Cheating in academic institutions: A decade of research. Ethics & Behavior, 11(3), 219–232. https://doi.org/10.1207/S15327019EB1103_2

  6. Bretag, P. (2013). Challenges in addressing plagiarism in education. Journal of Academic Ethics, 11(3), 213–225. https://doi.org/10.1007/s10805-013-9181-0

  7. Әбдіғаппарова, А. (2021). Цифрлық технологиялар және академиялық адалдық: Қазақстандағы білім беру саласындағы сын-қатерлер. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылыми еңбектер жинағы, 3(2), 45–57.

  8. Құлмағанбетова, С. (2022). Жасанды интеллект және білім беру: Орта мектеп оқушыларына әсері. Қазақстандық білім беру зерттеулері журналы, 7(1), 98–112.

  9. Kaspersky Lab. (2015). The rise and impact of digital amnesia: Why we need to protect what we no longer remember. Global Research Report.

  10. Atkinson, R. C., & Shiffrin, R. M. (1968). Human memory: A proposed system and its control processes. The Psychology of Learning and Motivation: Advances in Research and Theory, 2, 89–195. https://doi.org/10.1016/S0079-7421(08)60422-3

  11. Sparrow, B., Liu, J., & Wegner, D. M. (2011). Google effects on memory: Cognitive consequences of having information at our fingertips. Science, 333(6043), 776–778. https://doi.org/10.1126/science.1207745



ЖИ арқылы жасау
02 Шілде 2025
87
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі