ЖОШЫ ҰЛЫСЫ ТАРИХЫНДАҒЫ
САРАЙШЫҚ.
Ибаділда Саяжан
Асхатқызы,
6В02211- «Тарих» білім беру бағдарламасының 2
курс студенті.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университеті.
Әлемдік
тарих ғылымында Жошы ұлысы немесе Дешті Қыпшақ даласы атанған сонау
Ертіс пен Дунай аралығын қамтыған ұлан-байтақ аумақта мемлекеттік
рөлге ие болған қала көп емес. Зерттеушілер осы аралықта бұрынғы
жылдары 15-20 қала көрсетсе, ендігі жағдайда оның саны 150-ге
жуықтады. Белгілі тарихшы К.Байпақов: «көптеген зерттеушілер
жазбаша деректерге арқа сүйеп, моңғол шапқыншылығы кезеңінде
қалалық мәдениеттің дамуын тоқтатқанын» атап өткенімен, Алтын Орда
мен Шағатай мемлекеттерінде интеграциялық процестер дамығанын,
сауда-саттық және халықаралық байланыстар күшейгенін де жазған
болатын. Ғалымның соңғы пікірін кейінгі жылдары жарияланған
ақпараттар толық растайды. Жошының саясатын жалғастырған Бату хан
да қала құрылыстарына, ол арқылы ел басқаруға айрықша күш
салған. Мәселен, Бату сол заманда аты әлемге белгілі болған
Қырым, Маджар, Үкек, Қазан, Қажы-Тархан (Астрахан), Сарайшық
қалаларының негізін қалаумен дараланды. Ортағасырлық
зерттеуші Әбілғазы баһадүр Берке хан туралы жаза келіп: «Бір
күні аттанып, ағасының (Батудың – Ә.М.) салдырған Сарайшық
атты шаһарына барды» деп анық көрсетеді. Қала арқылы Бату хан
оларды экономика мен қалалық мәдениет орталығына айналдырып,
мемлекеттік саясаттың бөлшегі жасады. Дегенмен қалалардың
барлығы бірдей астана деңгейіне жетпеді. Бүгінде көпшілікке мәлімі
Жошы ұлысы астаналары қатарында Бұлғар, Сарай-Бату (Сарай
Әл-Махрус-Тәңірдің қорғауындағы Сарай), Сарай-Берке (Сарай
Әл-Жадид-Жаңа Сарай) және Сарайшық аталады. Құрбанғали Халид
өзінің «Бес тарихында»: «Сарай, Сарайшық пен хан ордасы
қалаларының айналасына орналасқандықтан хан, ханзадалар билігі
үзілмей жалғасып отырды» деп көрсетеді. Осылайша Жошы ұлысы
тарихындағы Сарай атауымен басталатын қалалар империя саясатында
басты рөл атқарады. Алдымен ол Жошы ұлысы хандары билігінің
орнығуымен, хандар ордасының аталған қалаларда орналасуымен
ерекшеленді. Біздіңше, Сарайшық қаласы Берке ханның тұсында аты
шыға бастағандай. Ол алдымен қаланың Ұлы Жібек жолында орналасып,
қайнаған сауда-саттықтың және Азия мен Еуропаны қамтыған
халықаралық орталық болуына қатысты. Әбілғазы баһадүрдің
Сарайшыққа «Мұнда Бұхарадан көп керуен келіп жатыр» деген
пікірлері дәлелдей түседі. Осылайша Сарайшық ХІІІ ғасырдың екінші
жартысынан бастап Еділ бойындағы қалалардан кейінгі негізгі
орталықтардың біріне айналды. Сарайшық қаласы Жошы ұлысы
хандарының таққа отыратын маңызды саяси орталығы – астанасы
болды. Сарайшық хан сайлану дәстүрімен, алтын тағымен аты шықты.
Ол турасында Әбілғазы еңбегінде: Өзбек хан өлгеннен соң оның ұлы
Жәнібекті хан көтерді, Жәнібек хан ғажайып мұсылман патша болды,
өзі ғұлама, ибалы, ақылды кісі еді, Сарайшық шаһарында таққа
отырды», «Жәнібек хан өлгеннен соң Тебризден Бердібек хан
Сарайшыққа келді. Үш күн аза тұтып, азадан соң барлық ханзадалар
мен әмірлер жиналып, Бердібекті хан көтерді» деп жазады. Белгілі
ноғайтанушы В.Трепавлов осы тізімге Өзбек ханды да
қосады. Тарихи деректер хандар
«Алтын таста», «Алтын тақта» отырды деп
жазады.
Мәселен, 1332 жылы Жошы
ұлысы иелігіне жеткен араб саяхатшысы Ибн Баттута: «Біздің келіп
жеткен жеріміз Дешті Қыпшақ деп аталады. Дешті түркі тілінде
далалық дегенді білдіреді», «Қырым шаһары ұлы Сұлтан Мұхаммед
Өзбек ханға (1312-1342) қарайды. Хан бізше сұлтан деген сөз. Бұл
сұлтанның тағы бір әдеті: ол әр жұма күні намаздан соң өзінің
«Алтын тас» деп аталатын үйінде отырады» деп жазады. Сарайшық
қаласы мұсылман дінін Жошы ұлысының мемлекеттік діні деңгейіне
көтерген рухани астанасы болды. Осында Берке (1257—1266), інісі
Тоқай-Темір 1263 жылы мұсылман дінін қабылдады, ал Өзбек хан
ұлыстың мемлекеттік дінін жариялады. Неміс ғалымы Б.Шпулер Берке
хан ислам дінін ХІІІ ғасырдың 40-жылдары қабылдады және ханға
Бұхара оқымыстысы 1261 жылы қайтыс болған Шамсуддин әл-Бұхари
ықпал жасады деп есептейді. Ол турасында Әбілғазы Берке хан
Бұхарадан келген керуеншілермен сөйлесіп «Мұсылманшылықтың
шарттары мен тарихын сұрады. Бұл кісілер мұсылманшылықты жақсы
баян қылды. Берке хан таза жүрегімен мұсылман болды. Сосын ол
халқын исламға сенуге шақырды», Өзбек хан «Елдің ұлыс-ұлысын
исламға кіргізді, халықтың дәулеті артты», Ибн Баттута Сарайшықта
«Бұл қалада түркіден шыққан құрметті тақуа діндар кісінің тұрар
жайы бар, оның аты – Ата. Ол бізді қонақ қылып әрі батасын берді»
деп толықтырады. Араб саяхатшысы суфиилік мекемеге – завияға
барған. Осы тұста Сарайшықта мешіт-медреселермен бірге қоғамдық
монша, әжетхана, кәріз жүйесі, су құбырлары, қауыздар, бұрқақтар
салынады. Оны дамыту мақсатында елдің оңтүстігінен діни ғалымдар
шақырылады. Сарайшықта сейіттер, молдалар, қожалар, хафиздер
қызмет ете бастайды.
В.Трепавлов Ноғайлы
кезеңінен Естерек тұсында сейіттердің басшысы ретінде Ибрагим б.
Калеват, Сайф ад-Дин б. Калеватты атайды. Олар сауатты тұлғалар
болғандықтан мемлекет басшысына ақыл-кеңес беріп, халықаралық
байланыста шешуші рөл атқарған. Сарайшықта бірнеше діни
орталықтар жұмыс істеген. Оларда әртүрлі діни миссионерлер өз
діндерін уағыздаған. Миссионерлер қала арқылы Азияға жол тартқан.
Өз зерттеуінде В.Бартольд 1338 жылы миссионер Пасхалияның
Сарайшыққа келгенін жазады. Сарайшық Жошы ұлысы билеушілерінің,
даңқты тұлғалардың пантеоны. Ол 1459 жылғы венециялық монах Фра
Мауроның картасында Жайықтың оң жағалауына салынып, күмбезбен
белгіленіп, «Билеушілер қабірстаны» аталады еңбектерінде анық
көрініс табады. Сарайшықта археологиялық қазба жүргізген
Н.Арзютов (1937 жылы) «Алтын Орда хандарының жерленген жері»,
Г.Пацевич (1950 жылы) «Сарайшықта Жошы ұлысының астанасы және
алғашқы Алтын Орда хандарының жерленген орны болғандай»,
Ә.Марғұлан (1950 жылы) «Жазба қайнар көздерінен байқауымызша,
ХV-ХVІ ғасырлардағы тамаша сәулет ескерткіштері қазақ хандары
Жәнібек пен Қасым ханға Сарайшықта тұрғызылды... 1524 жылы
Сарайшықта қазақ ханы Қасымның қаза тауып, жерленгені қайнар
көздерінен белгілі» деген тоқтамға келеді. Оларға негізгі дерек
Қадырғали Жалайыридің «Жылнамалар жинағы» мен ХVІІ ғасырдың
екінші жартысындағы Әбілғазының «Түрік шежіресі» және эпикалық
жырларымыз болады. Қадырғали Жалайыри Қасым хан жөнінде: «Оның
хикаясы әр жерде айтылады, сондықтан мәлім, мәшһүр болды. Ақырында
Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр»
ал Әбілғазы Алтын Орда хандары Тоқтағу хан «патшалық өмірі
алты-ақ жыл болды, Сарайшық шаһарында жерленді», Жәнібек хан
Өзбекұлын «ол он жеті жыл патшалық құрды. Сарайшықта жерленді» деп
жазады. Біз оларға қосымша Өтеміс қажының, Абдулғаффар Қырымидің
жанама деректеріне сүйене отыра, Сарайшықта Алтын Орда хандары
Жошының Батуынан тарайтын ұрпақтары Тоқтағу, Мөңке Темірұлы,
Жәнібек Өзбекұлы, Бердібек Жәнібекұлы, Жошының Тоқай Темірінен
тарайтын Тоқтамыс Тайқожаұлы, Жошының Орда Еженінен тарайтын
қазақ хандарының атасы Ақ Орда ханы Барақ Құйыршықұлы, Қазақ
хандығының билеушісі Қасым Жәнібекұлы Сарайшықта жерленген
деген қорытынды жасаймыз. Бұл бағытта түрлі тұжырымдар болғанына
қарамастан, болашақта зерттеулер жалғасын табады деп сенеміз.
Ортағасырлық Сарайшық Азияны Ұлы Жібек жолы арқылы Еуропамен
байланыстырған алтын көпір, Шығыс пен Батыс арасындағы
сауда-саттық орталығы болды. Жайық өзенінен өткен Ибн Баттутаның
«Біз Сарай қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп,
Сарай-жук қаласына жеттік.
Бұл «Ұлысу» деп аталған
үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала
екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейін екінші жүзбелі көпір
осында екен» деуі көп нәрсені аңғартса керек. Еуропадан Қытайға
баратын негізгі керуен бағыты Қырым, Астрахан, Сарайшық қалалары
арқылы, Сағыз, Уіл, Ембі өзендерінің аңғарлары арқылы, Каспий маңы
ойпаты бойынша, Үргеніш, Сырдария өзенінің төменгі бойы арқылы
Отырарға дейін, одан әрі Алмалыққа, Қамсуға, Ганчжоуға, Ханбалыққа
барады. Флоренция көпесі Франческо Пегалоти Сарайшыққа дейінгі
жолды жақсы білген. Оның жазуынша Сарайшықтан Үргенішке дейін
түйе жегілген арбамен 30 күн жүрген. Сауда айналасында шикізат –
жүн, тері, түбіт, бидай және т.б. бол- ған. Тоғыз жолдың торабы
түйіскен Сарайшық ХІІІ-ХІV ғасырларда Еділ-Жайық аралығындағы ірі
қалалардың біріне айналды. Ортағасырлық Сарайшық қаласының
аумағын 1861 жылы Сарайшық құландыларын зерттеген топограф
А.Алексеев 3 верст 350 сажен, Жайық бойы қалаларын ұзақ жылдар
бойы зерттеген археолог Л.Галкин бұл кезеңде Сарайшық халқы 50
мыңнан көп емес деп анықтайды . Сарайшық Сарай-Батумен
салыстырғанда шағындау қала болды. Зерттеуші В.Егоров
В.Тизенгаузеннің еңбегіне сүйеніп, Сарай-Бату қаласының көлемі
шамамен 10 км2, ал халқы 75 мың шамасында болғанын дәлелдеді. Мұның
өзі Сарайшықтың Алтын Орданың кіші сарайы болғанын да айғақтайды.
Сарайшыққа 1950 жылы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген
Ә.Марғұлан: «Сарайшық, Ескі Сарай және Жаңа Сарай – бір-біріне
жақын орналасқан үш Алтын Орда қалалары. Сарайшықтың атаулары,
оның сарайлары, мешіттері бар бай феодалдық қаланың мәртебесін
білдіреді... Сарайлардың, мешіттердің, медреселердің іздері
кесілген тақталармен сәнделген, алып қабырғалар түрінде
сақталған.
Сарайшық, сондай-ақ
қолөнершілердің қаласы болған» деп сипаттайды. Сарайшықтағы қала
құрылысы мен архитектураның жоғары деңгейін соңғы жылдардағы
қазбалар да толықтыра түсті. Сарайшықта ұзақ жылдар
археологиялық қазба жүргізген белгілі археолог З.Самашев пен
В.Плахов: «Қала құрылысының ешбірі жоспарсыз жүзеге асырылмаған,
онда көшпелі елдің қаласына тән дәстүрлер ескеріле отырып,
белгілі бір жүйеге бағындырылып салынған. Үй сәулетіне, оның ішкі
интерьеріне Төменгі Еділ жағалауы, Хорезм және Сырдария өңірі
қалаларының дәстүрі де біте қайнаған» дейді. Қорыта айтқанда,
тарихи деректер мен археологиялық қазба материалдары Сарайшықтың
әлемдік мәдениеттің тоғысқан орталығы болғанын айғақтайды.
Сарайшық Алтын Орда хандарының атынан теңге соғылатын ақша сарайы
орталығы болды. Бүгінде ақша сарайларының саны 60-тан асады.
Сарайшықтағы қазба жұмыстары кезінде табылған тиындардың ең
көнесі Менгу-Темір ханның теңгесі (1266-1282), ал кейінгісі
1515-1600 жылдары болса, Алтын Орда нумизматикасының негізін
салушы Х.Френнің анықтауынша Сарайшықтың өзінде соғылған
тиындардың ең ертесі Елбан ханнан бастап Дервіш хан тиындарына
дейін. Дегенмен бүгінде 1359-1361 жылдары Қызыр ханның тұсында
Сарайшықта теңге соғылғаны анықталды. Қызыр тұсында осында «Сарай
әл-Жадид» атымен теңге шығарылған. Ал 1370-1374 жылдары Сарайшық
шайбанилық Айбекке бағынған тұста теңге Әли-қожа мен Елбан хан
атымен соғылған. Алтын Орданы Тоқтамыс билеген жылдары оған
бағынған барлық тиын соғатын орындар хан атымен тиын шығара
бастады. Оның билігінің бас кезеңдерінде ақша реформасы
жүргізіледі. Содан Хорезмнен тыс мемлекеттің барлық жерінде 1,30
грамм, Хорезмнің өзінде 1,50 грамм салмақты күміс тиындар
соғылған. Осы тұста Сарайшықта қайтадан мыс, күміс тиындар соғыла
бастады. 1400-1417 жылдардағы Шайбан, Тоқа-Темір, Орда-Ежен
ұрпақтарының өзара күресі кезеңінде де Сарайшықта тиын соғу
жалғасты. Соғылым сапасы нашар болғанымен оның көптеп табылуы
ханның экономикалық әл ауқатын анықтайды. Тиындарды Болат хан
(1406/1407-1410/1411), Дервіш хан (1413/1414-1419/1420)
соқтырған. Сарайшықтағы теңге сарайы оның сауда-экономикалық
қарым-қатынастағы рөлінің өскенін және саяси белсенділігінің
өскенін көрсетеді. Сарайшық әлемдік тарихта аты қалған атақты
тұлғалардың кіндік қаны тамған жер. Олардың арасында 1549-1554
жылы Үлкен Ноғай ордасының билеушісі болған Едіге әулетінің
ұрпағы Жүсіптің қызы, Қазан хандығының ханшайымы Сүйімбике
(1516-1554), Қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек ханның
Жәдігінен тарайтын Ондан сұлтанның ұлы, Қазақ хандығы мен Москва
арасындағы дипломатиялық байланыстың негізін қалаушы
Оразмұхамед сұлтанның, Бөкей Ордасы ханы Жәңгір ханның туған
жері. Қорыта келгенде, ортағасырлық Сарайшық тарихы жаңа
ізденістерге шақырады. Оған қатысты шетел архивтерінен материалдар
іздестіріліп, Қазақстанға әкелінсе қала тарихы туралы тың
тұжырымдар жасалатынына кәміл сенеміз.