МАГИЯЛЫҚ РЕАЛИЗМДЕГІ ВАМПИР ОБРАЗЫ: М.МАҒАУИННІҢ «ҚУЫРШАҚ» ӘҢГІМЕСІ НЕГІЗІНДЕ

Тақырып бойынша 11 материал табылды

МАГИЯЛЫҚ РЕАЛИЗМДЕГІ ВАМПИР ОБРАЗЫ: М.МАҒАУИННІҢ «ҚУЫРШАҚ» ӘҢГІМЕСІ НЕГІЗІНДЕ

Материал туралы қысқаша түсінік
МАГИЯЛЫҚ РЕАЛИЗМДЕГІ ВАМПИР ОБРАЗЫ: М.МАҒАУИННІҢ «ҚУЫРШАҚ» ӘҢГІМЕСІ НЕГІЗІНДЕ
Материалдың қысқаша нұсқасы

МАГИЯЛЫҚ РЕАЛИЗМДЕГІ ВАМПИР ОБРАЗЫ:

М.МАҒАУИННІҢ «ҚУЫРШАҚ» ӘҢГІМЕСІ НЕГІЗІНДЕ



А.Б.Боранбай

Ғылыми жетекші: Жәмбек .С.Н., филология ғылымдарының кандидаты

Ш. Уалиханов атындағы Көкшетау университеті, Көкшетау қ.

Boranbay.02@list.ru



Қазіргі күні өрелі, озық мәдениетке жеткен қазақ прозасын халық мұрасымен байланыстыра білу, оны айқындау өте күрделі шаруа. Оның себебі- көркем прозадағы тілдің өзі халық тілінен ажырап, жазушының өзіндік стилі пайда болып, өрені өзгеріп, әдебиеттің жаңа тынысы ашылды. Фольклорлық сюжеттер прозаға сол күйінде тасымалданбай, оны қаламгерлер өңдеп, сұрыптап өздерінің шығармаларының көркемдік-эстетикалық талаптарына сай қолданады. Фольклордағы эпикалық уақыт пен кеңістік прозада реалды-тұрмыстық өлшемге көшіріледі. Ертегі, эпостарда уақыт пен кеңістік міндетті түрде бақытты қорытындымен аяқталса, көркем прозада бұлай аяқталу- қарабайырлық саналатын шығарма тосын жайттармен тәмәмдалады. Фольклорда ескі таным мен образдарды қадағалау, бір ғана дүниені қайталау, ескіні дәріптеу әдісін қолданса, ал әдебиеттің міндеті жаңа кейіпкерлер мен бейнелерді жасау болғандықтан ол даралау тәсілдерін қолданады. Осы проблемаға сәйкес қазақ әдебиетінің классигі М. Мағауиннің шығармашылығын зерттеу- өзекті, әрі қазіргі қазақ әдебиетіне қажетті мәселе. Көркем әдебиетте, оның ішінде қазақ әдебиетінде магиялық реализм бағытында қалам тербеткен де М. Мағауин болды.

Біздің зерттеу нысанымыздағы «Қуыршақ» әңгімесі туралы бірнеше зерттеушілер сөз қозғап, өз пікірлерімен бөлісті. Соның ішінде ең ұтымды пікір айтқан зерттеуші Тұрсын Жұртбай «Қос қайырым» атты мақаласында: «Қуыршақ» әңгімесінің көркемдік қуатын сезіну үшін талдамай, оны жай ғана оқу керек»,- деген ойымен бөліседі. М.Мағауин шығармаларының ерекшелігі туралы зерттеуші Ақеділ Тойшанұлы өзінің «Мағауиннің жаңа прозасының алтын өзегі» мақаласында халық ауыз әдебиетінің мұрасы мен қазақ әдебиетінің көркем шығармасының сабақтастығы туралы өз ойын білдірді. Негізінен фольклордың және әдебиеттің даму сатысы, сонымен қатар өзіндік заңдылықтары, ондағы сюжеттер мен бейнелердің қолданысы, өзіндік ерекшеліктері туралы жазылған пікірлері формула іспеттес [1].

Әлем әдебиеті прозасындағы вампиризм тақырыбы ХVIII ғасырдан басталды. Қазіргі таңда бұл тақырыптағы шығармалар көбейіп, бүгінгі күнгі даму сатысында біршама жетістіктерге жетіп, сонымен қоса бірнеше өзгерістерге ұшырады. Ең алғаш әдеби шығармалардың жанрлық сипаты жұмбақ мистикалық сарында, әрі фэнтезилік бағытта болса, ал типологиялық тұрғыдан қарастырғанда көркем шығармадағы вампирлер ерекше қабілеттерге ие болды. Әлем әдебиетіндегі вампиризм тақырыбына ғылыми түсініктеме беру жұмыстары XX ғасырда бастау алуымен қатар, ғылыми-фантастикалық шығармалар легі де пайда болды. Ең алғаш вампиризм тақырыбын оқырманға өз шығармасы арқылы түсіндіре білген И.В.Гете. Оған жазушының «Коринф қалыңдығы» балладасы дәлел болады. Келесі кезекте И.В.Гетеден кейін, вампиризм тақырыбында жазылған шығармалар тізімін А.К. Толстойдың «Упырь», «Семья Вурдалаков» әңгімелері, Дж.Полидоридің «Вампир» повесі, Брэм Стокердің «Дракула» романы жалғастырады.

Жоғарыда айтылған вампиризм тақырыбы аясындағы әйгілі шығармалардың баршасы вампир образының типологиясын қалыптастыруға өзіндік мол үлесін қосты. Осы аталған жазушылардың шығармаларының желісі бойынша, олар қалыптастырған образды негізге ала отырып өзге жазушылар да вампиризм тақырыбында біршама шығармалар жаза бастады. Әйтсе де әр уақыт желісі мен принциптері бойынша, өзінше қалыптасып, дамып отырған тенденцияларға қатысты вампиризм тақырыбы да көптеген өзгерістерге ұшырады. ХХ ғасырдың екінші жартысында Батыс Еуропа және АҚШ-та қалыптасқан әлеуметтік ғылымдар саласындағы анархиялық сипат, толеранттылық мәселелері де әдебиеттегі вампиризм тақырыбын айналып өтпеді [2]. Уақыт пен кеңістік арасындағы өзгеріс вампирлік парадигманың дамуына өз септігін тигізді. Бастапқы кезеңдегі түркілік мифологиясында вампир образы жалмауыз кемпір арқылы сипатталса, кейін Шығыс және Батыс еуропалық шығармаларында ішінара кездесетін әйел вампирлер образынан кейін қалыптасқан мәдени образ ретінде әйел вампир образдары ашық сексуалдық тұрғыда сипатталып, сол бағыттағы сипатымен ерекшеленді. Мәселен, кейде вампир образы бір уақытта тұмшаланып, ашық суреттелмей, кейде ашық берілетін эротикалық бастаулар вампиризм парадигмасының бір сырын ашты. Оған дәлел Гетенің «Коринф қалыңдығы», Теофил Готьенің «Өлі сұлудың махаббаты», Эдгар Алан Поның «Вереника», «Морелла» , «Лигейя» «Элеонора», Джозеф Шеридан Ле Фанюдің «Кармилла» шығармалары.

Қазақ фольклорындағы вампир образы жалмауыз, мыстан образдары арқылы қалыптасты. Қазақ прозасында бұл жанрға алғашқылардың бірі болып қалам тартқан жазушы М.Мағауин. М. Мағауиннің «Қуыршақ» атты әңгімесіндегі мистикалық вампиризм тақырыбы фольклорлық туындылармен сабақтастықта жазылған, әрі вампирлік әдебиетте өзге әңгімелерден мүлде бөлек шығарма ретінде ерекшеленеді. Ғалым З.Н.Сазонованың жіктемесінде фэнтези ішінде пайда болған кіші жанр вампирлік фэнтези болса, ол да өз кезегінде қалалық және ертегілік вампирлік фэнтези болып бөлінетіндігін айтады [3, 269]. Демек, «Қуыршақ» әңгімесі жоғарыда атағанымыздай қалалық вампирлік фэнтези сипатында жазылған.

«Қуыршақ» әңгімесіндегі мистикалық вампиризм тақырыбы ерекше суреттелген. Аталған шығармадағы әйел вампирдің ішкі жан дүниесі мен жан қуатын автор сексуалдық жақындықтан толықтырып отыратынын желі етіп алған. Ғылыми фантастика мен мистика жанрларының қосындысынан пайда болған шығармасында М. Мағауин вампир образына тән барща тппологиялық белгілерді қолданбайды, ол бұл бағыттағы үйреншікті таптаурындардан бас тартып, өзгелерге мүлде таныс емес, құпияға толы вампиризмның басқа қырын көрсете білді. Шығармадағы вампир образы адамдармен тең дәрежеде, бір орта, бір қоғамда өмір сүретін көзге қарапайым болып көрінгенімен, өзгеше жаратылыс иесі ретінде сиптталады, сонымен қатар вампирдың ерекшелігі ол әдеттегідей қанмен емес, адам қуатынан нәр алады. Осы тұстан байқайтынымыз автор вампир образын оқырманға басқа бір қырынан көрсете білгенін көре аламыз. Яғни, автор оны қоғамда өмір сүретін физиологиялық ауытқушылығы бар адам ретінде суреттейді. Ғылыми фантастикалық жанрға сәйкес шығармалағы тылсым құбылысқа басты кейіпкері арқылы ғылыми тұрғыдан сипаттама береді. Дегенмен, сюжеттегі оқиғалар желісі мистикалық сарында жүріп, ежелгі фольклорға қарай бағыт алады. Мысалы, «Қуыршақ қыз үйінің телефонын айтты. – Ал махаббат... өртеніп кеткен. Менің аяқ-қолымды байлап, аямай отқа салдың емес пе?.. Жарар енді», – деп болмашы күрсінді де жүре берді [4]. Әңгіменің осы тұсында оқырманға беймәлім дүниелер орын алады, әрі мистикалық беймәлім сырға толы бояулар да сюжет желісінде кездеседі. Мистикалық бояудың бөліктерін Қуыршақ қыздың сүйікті жігітіне өзі сыйлаған қуыршақ ойыншықтың басынан өткен оқиғаны дәл сол күйінде сипаттап беруінен байқаймыз. Сонымен қоса, бұл тылсым құбылыстың мәнін образды сөйлету тұрғысынан да қарастыруға болады, әйтсе де екі ортада жазылып алынған телефон номерінің кездейсоқ жоғалып кетуі дәл соңында да жұмбақ күйінде қалды.

Қаламгердің аталмыш шығармасының өң-бойы ерекше тылсым оқиғалар мен құбылыстардан құралады. Ең алдымен, автор жансорғыштың есімін Қуыршақ деп атауы батысеуропалық мистиканың дәмін таттырғандай, кейін Қуыршақ өзінің құрбандығын ішкі жан-дүниесіне қарап таңдап алады. Мысалы, «Сенің атың кім?»- деп сұрадым бір кезде. Қыз наздана қарады, жымиып қойды. «Сенің атың-Қуыршақ!...» - дедім. Әрине, аты басқа, бірақ мен оны кейін білдім. Бірақ, мен оны Қуыршақ деп атап кеттім» [4].

Келесі кезекте, оқиғаның тылсым тұсы болашақ құрбандығының есімін Құрбан деп атауы шығарманың белгісіз дүниелерге толы екенін оқырманға аңғарта бастайды. «Қыз тағы да маған тіке қарағандай. Әлде мысқылдаған, әлде кекету ме түсінбедім. «Сенің атың- Құрбан!...»- деді. Менің төбем шық ете қалды. «Құр...ман..»-дедім. –менің атым Құрман». «Жарайды,- деді қыз. Құрман –Құрбан... айырмасы жоқ. Құрман. Мен- Қуыршақ, сен- Құрман...» [4].

Түн- қорқыныш пен үрейдің уақыты, ал автор бұны да уыстан шығармады, себебі Қуыршақ пен Құрманның махаббатының алғашқы шамшырағы қараңғылықта басталып, кенеттен көше жарығының сөнуі ежелгі вампирлердің түнгі сейіліне ұқсайды. Басты кейіпкер Құрманның әрдайым үрейде, қорқынышта жүруі де вампирдің жан соруы, энергияны қанды ішкендей, тартып алуы осыған сәйкес келеді. Оған дәлел, «Қоңырсалқын күз еді. Жапырақтар саудырап түсіп жатыр. Кеңет... көшедегі барлық шам сөнді. Тұмшалай төнген қараңғылық жалп етіп, үстімізді басты да қалды. Тастай түнек. Менің әуелгі қимылым- қызды белінен орай құшақтадым. «Байқа...»- дедім мен. «Өзің байқа...»- деді ол сықылықтап. Төбемнен мұздай су құйғандай. Мен түк көрмеген қараңғыда қыз еркін келеді. Қасымда келе жатқан- манағы Қуыршақ қыз емес. Әлдебір зұлым, сиқырлы кұш иесі...» [4].

Оқиғалар бірінен соң бірі ұласып, өрбей береді. Әсіресе, Қуыршақ қыздың Құрбанға берген қуыршақ ойыншығы және зәңгі қуыршаққа жан бітуі ежелгі культтің дәмін татырып, қара магияның нағыз көрінісі осы тұста байқалады. Демек, Қуыршақ қыз бен ойыншық қуыршақтың арасындағы магиялық байланыстан көне фольклорлық мотивтің М. Мағауин шығармасында қайта жаңғырғанын байқаймыз. Фольклордағы хикая жанрының шарттары ретіндегі елес, мазасыз үрей, түс, қараңғылықтың тылсым сағаттары сияқты ерекшеліктер прозада жалғасын тауып, жанрлардың бояулары бір-бірімен біте қайнасып, мистикалық әдебиеттің ерекшелігіне айналды. «-Сол зәңгі қуыршақты алып, қарап отырамын. Зәңгі қыз- біртүрлі қызық. Көзі аларған, қарасынан ағы көп. Шынында байқап қарасам кішкентай құбыжыққа ұқсас. Әрине, лақтырып тастай алмадым, шабадн түбіне салайын деп отырып, ұмытып кетіппін. Сол күні түсіме кірді. Әлгі қуыршақ. Қабырғадан түскісі келді. Сірә, менің кеудеме шықпақ. Кеудеме шығып, құшақтап жатпақ...» [4]. Қуыршақ қыз сыйлаған ойыншық қуыршақтың жай ғана ойыншық емес екенін автор осы эпизодта оқырманға білдіреді.

Вампирлік әдебиет ежелгі фольклорлық туындыларда да, сонымен қатар әлемдік әдебиетте те кездесіп отырады. Шығыс Еуропада латындық атаумен берілген вампир, славяндық упырь, вурдолактар қазақ фольклорында жалмауыз, мыстан кемпір образдары арқылы көрініс тапқан. Сонымен қатар, шығарма желісінде қалыңдықтың қанын сору, сәбидің қанын сору, әйелдің өзінің сүйіктісінің қанын сору сияқты әлемдік әдебиетте кең таралған вампиризм мотивіне қатысты бірнеше түрінің ішіндегі қазақ мифологиясына жақыны аллюзия ретінде алынған, яғни әңгімедегі жансорғыш кейіпкер әйел текті. Қаламгер барлық мистикалық әңгімелерге тән вампирлік образды, нақтылай айтсақ образдың жан-жануарларға құбылу процессін өзгертіп, авроамерикалық Вуду нанымындағы адам рухын өзге құбылысқа көшіру элементін жоғары деңгейде іске асырды. Вуду нанымындағы вольт қуыршақтарымен жасалатын қара магияның көрінісін оқырманға жеткізуде автор шығарманың мистикалық сипатын қоюландыра түсу үшін пайдаланды. Вуду қуыршақтарының қалыптасқан символикалық мәнін автор өз шығармасына қорқыныш пен үрей әсерін сыйлау үшін арқау еткен. Олай дейтін себебіміз Қуыршақ қыз сыйлаған қуыршақтың адамға шынайы тірі жан ретінде көрінуі, қуыршақтың қайта тірілуі сияқты сюжеттер африкалықтардың осынау нанымына дәл келеді.

Шығармадағы баяндау деңгейлері және жазушының қолданған тәсілі туралы ғалым Т.Жұртбай: «Баяндау мәнері де, құрылымы да, сюжеттің дамуы да кәдімгі классикалық үлгіде құрылған. Алайда, мұндағы кейіпкердің «мені» жазушының (баяндаушының емес) «менімен» астасып кетеді. Автор кей кезде кейіпкердің орнын алмастырып кетеді. Баяндауы бір желінің бойына тартылған, ширақ. Оқығаннан өзіне тарта жөнеледі, кей тұста автордың толғауымен алмаса ұласады. Мұның барлығы болған оқиғаға, әсіресе, соңғы шешімге оқырманды сендіру үшін жасалған әдеби тәсіл», – деп баға береді [1]. Шығарманың екінші бір ерекшілігі бұл- әңгіменің тылсым мен шындық аралас адамның психосоматикасын зерделеуге арналған шығарма сияқты көрінеді. Оған дәлел келтіретін болсақ, шығарма екі кейіпкердің әңгімесіне құрылғанымен, бір адамның ойындағы сұрақтар мен оның қисынға негізделген жауаптарынан тұратын секілді. Автор екі кейіпкерді де шығарманың басты қахармандары ретінде таңдап алып, екі кейіпкерді біріне кейде тым жақындатып, ал кейде тым алыстатып отырады. Осыған сәйкес әңгімедегі Құрман кейіпкердің әңгімесі таза мистикаға толы оқиғаларды баяндаудан тұрса, екінші кейіпкер бұл оқиғалардың барлығы тек қорқыныштан болуын алға тартып, шешу жолын іздейді. Бірақ баяндаушы кейіпкер шығармадағы оқиғалардың ғылыми тұсын іздесе де, бәрібір орын алған тылсымның түбегейлі шешімі табылмай, шешім оқырманның өзінде қалды. Осыған орай, мистикалық шығарманы оқығанда, оқырман көкейінде талай күмән-күдіктердің болуы заңдылық. Оқырманды да өз шығармасына қосқан М. Мағауин: «Түсініксіз құбылыстың бәрі қорқынышты болуы – табиғи жағдай» [5,151] – дейді ол.

Шығармада Құрман өз досына «Қуыршақ- менің жансорғышым еді» [4] , - дегені вампир образының типологиясын автор кейіпкерінің сөзі арқылы ашық суреттеп берді. Тіпті, шығарманың соңында автор кейіпкерлері арқылы барлық сұраққа жауап береді. Қуыршақ қыздың нағыз жансорғыш екендігі, үш рет некелескен үш күйеуінің де кездейсоқ дүниемен қош айтысулары осының бір дәлелі. Демек, вампир образының жан-жақты ерекшеліктерін, тұтас образды әр жағынан автор жоғары дәрежеде суреттей алғанын келесідегідей эпизодтардан байқадық.

Бұл әңгімеде қаламгер қазіргі қалалықтар жиі айтып жүретін демонологиялық сарынды өзінің кәдесіне жаратады. Қалалық өмір, ойыншық қуыршақтың тірілуі, елес, түс шарттары қазақтың ішкі жан-дүниесіне алшақ көрінгенімен, байырғы қазақ ертегілерінде ер азаматтарды дуалау, итке, есекке, небір шошқа тектес жануарларға айналдырырып, сиқырлап алатын әйелдердің мүсіндері, бейнелері, әрекеттері молынан кездесетіні хақ. Жазушының Қуыршақ қыз деп атаған сұлудың фамилиясы Орманбетова. « Ноғайсібір поштасындағы қыз «Арман... бей» деп еді ғой. Орысща қисында «О»-ны «А» деп айтады. –Орман... Көрдің бе... Жалғасы бей емес, бет. Демек. Орманбет. Орманбетова» [4]. Осы эпизод арқылы қаламгердің әр детальға назар аударғаны соншалық, қазақта «Орманбет би» деген ертегідегі бидің сұлу тоқалы көзіне көрінген адамның бәрін жан-жануарға айналдырып, сиқыршылықпен айналысқан [6]. «Түнеукүнгі алдыңнан киік болып көрініп сен атып алған мен едім. Мен Орманбет бидің бәйбішесі едім. Оның ашына әйелі мені киік етіп жіберді. Содан қарақұс та етіп жіберді. Ол сиқыршы болатын», — дейді. Әйел және «Сен ит болып жүргенде, ана бай ауылда құс болып барып, сені ұстап алған да мен едім. Сонда саған жақсылық етермін деп едім. Міне, соның есесі. Енді ана Орманбет би мен оның сиқыршы әйеліне не істе дейсің, қолымнан келеді. Мен қазір одан да артық сиқыршылық өнер таптым», — дейді. «Ол екеуін есек жасап, артына мың бұттан құм сүйретіп қой», — деп тілек етіпті. Орманбет би мен оның ашына әйелі осы кезге дейін жүгін тарта алмай бір жерде жүр-мыс дегенді аңыз етеді [7]. Демек, мистикалық вампиризмның типологиясын жан-жақты ашуда автор біршама еңбек еткенін осы бір ертегідегі мысалдан байқаймыз.

Шығарманың соңы Құрманның түнгі ұйқыдан көз ашпай, мәңгі ұйқыға кетуімен аяқталады. Автор өз оқырманын осындай бір жайтқа дайындағандай әсер аласыз. Өйткені, Құрманның өзі бұл жайында былай деген еді: «-Әуелгі күйеуі алғақшы пәтерлерін алғанда, шатырдан ойылған мұз төбесіне түсіп өліпті. Екінші күйеуі- көлік апатынан. Үшінші күйеуі- алқаш болып кеткен, баспалдақтан құлаған, тура бесінші қабаттан...» [17]. Тіпті, Құрман бұл дүниеге ерекше көзқараспен қарап, өзінің ойын да ашық жеткізе білген. Өз сөзінде Құрман былай дейді: «Әлденеше рет қайталанған кез келген құбылыстың да өзінің заңдылығы болады ғой» [4]. Яғни, басты кейіпкер өзінің жансорғышының кім екенін, оны да дәл осындай өлім күтіп тұрғанын басынан білген.

Вампирлік мистиканың пайда болу кезеңі мен даму сатысындағы өзгерістерді, әрі вампир образының типологиясын зерделей келе, М.Мағауиннің «Қуыршақ» әңгімесі қазақ прозасындағы алғашқы вампирлік шығарма екенін дәлелдедік. Автор «Қуыршақ» әңгімесінде вампирлік әдебиеттің типтік белгілерін қолданумен қатар, дәл осы парадигманың дамуындағы өзіндік өрнектерімен ерекшеленгенін зерттеу барысында байқадық. Сонымен қатар, біздің зерттеуімізде аталған шығарманың генезисі біршама мистикалық туындылар сияқты фольклорлық туындылардан бастау алатындығы, тіпті оның ертегілер мен мифтерде кездесетін мотивтермен тығыз байланысты екендігі анықталды.





































Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. https://adebiportal.kz/kz/news/view/19376 28.09.2017

  2. Альмуханова Р. «Античные мотивы в казахском фольклоре». – Алматы: Арыс, 2009.-320 с. – ISBN 9965-17-641-8

  3. Сазонова З.Н. Тема вампиризма в современном русском фэнтези: происхождение и своеобразие // Вестник Нижегородского университета Н.И.Лобачевского, 2013, №1(2), с. 269-272. 269-стр]

  4. https://s3.eu-central-1.amazonaws.com/magauin/%D3%98%D2%A3%D0%B3%D1%96%D0%BC%D0%B5%D0%BB%D0%B5%D1%80/%D2%9A%D0%A3%D0%AB%D0%A0%D0%A8%D0%90%D2%9A.pdf

  5. Мағауин М. Құмырсқа–қырғын Әңгімелер кітабы. – Астана: Аударма, 2004 – 352 б. – ISBN 9965-18-122-5

  6. Орманбет би//ӘӨИ Қолжазба қоры, 123 бума,5 дәптер).

  7. https://bilim-all.kz/article/9558-Ormanbet-bi







Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
19.05.2025
104
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі