Махамбет дәстүрінің Ф.Оңғарсынова
поэзиясындағы көрінісі
Махамбет дəстүрінің екпінді, əуенді мақамын
бұзбай, тіпті тақырып, мазмұн барысын да толықтай сақтай отырып,
одан əрі дамытқан ақынның бірі - Фариза Оңғарсынова.
Махамбет жырларындағы күрескерлік рух, сөз
саптаудағы ерен еркіндік, ерлікке үндер қатулы мінез, сол сықылды
аздаған қаһарлы мұң ашу белгілері Фариза ақын поэзиясында молынан
кездеседі. Сонымен
қатар, Ф.Оңғарсынова
Махамбетті өзінің ұстазы санайды. Өлеңдеріне Махамбетті арқау
етеді. Фариза ақын өлеңдерінен Махамбет дәстүрін байқаймыз.
Сондықтанда Фариза ақынды «Қазіргі заманның Махамбеті» ретінде
көреміз. Әдебиеттің жетекші жанры - лирикада өзіндік үні мен
қолтаңбасын белгілеген ақынның бірі - Фариза Оңғарсынова
саналады. Ақын поэзиясындағы көрікті
көрінер алтын көмбе- шынайылық пен танымдық иірімдері , қас
суреткерге тəн тағылымдық үрдістің үдесінен көрінуі - "биік сезім
ақыны" Ф.Оңғарсыновада бар тəлім. Фариза – алдымен лирик ақын.
Оның ақындық əлемінің айшығы мен əшекейі де осы лирикасында
жатыр. Фариза ақындығының ажары сол -
жеке өзіне тән мінез-үні, дара даусы бар. Қандай тақырыпты
толғамасын, лирикалық кейіпкер шын көңілден сыр ағытуға, ой
бөлісуге асық. Мәселен, сүйіспеншілік жыры бола ма, немесе елдік,
ерлік мәселесі ме, ақын беріле, ағынан ақтарыла төгіледі. Фариза
кейіпкерлеріне жасандылық, жалаң ұғымдар жат. Фариза лирикасы
өзіндік сыр-сипатқа ие, тұрақты оқырманы бар, іздеушісі мен
сұраушысы бар, өлең-жырдың жетік дәстүрін өн бойына жиған байсалды
поэзия. Ойлы оқырманның көңіл төрінен
өзіндік стилімен төл табиғатымызға тән мінез-құлық (сыршылдық,
мұңшылдық, нәзіктік пен қайсарлық т.б.) әдебінің ажарын айқара ашып
таныту - ақын поэзиясының нұрлы шамшырағы десе де
болғандай. Жалпы жыр табиғатының
тəлімінен өз соқпағын тауып, жол салған және сол даңғылдың
арна-жиегін көркем сөз əшекей-асылдарымен безендіру - ақын
Ф.Оңғарсынова суреткерлігінің бір қыры.
Фариза лирикасының маржан
жырларының мәйегі қатарында ақынның құрыш-болаттай шымыр
шумақтарымен қатар ажарлы көрінер күнгейі – азаматтық әуен-жырлары,
қоршаған ортадағы оңды құбылыстар мен келеңсіз көріністер де оғаш
оқиғаларымен қоса қуаныш-қияметтің баршасы лириканың азаматтық
айбарын танытатын абыройлы тақырып.
Оқырманын ойға сүйрер отты
леппен өрілген өлең өрісін қалыптастыру - Оңғарсынова поэзиясының
табиғатына әбден тән тағылым. Найзадай егеулі, тағадай табанды
жырдың желкенін желбіреткен ақиық ақынның сезім сырларында
болмыстың баянсыз байлауына қарсы жүзер батылдық
бар.
Ақын Фариза туындыларының
басым деңгейіне тəн құбылыс - ақын поэзиясы лирикалық монологтардан
тұратындығы. Кейіпкерлері үнемі толғаныстарда жүретін ақын
өлеңдеріндегі лирикалық бейненің өмірге, қоғамға көзқарасы, талап
пен тартыстың тезін тартқан, ақ пен қараның ара жігін ажыратудың
амал-қаракеті үшін күрескен жандардың жігерлі қимыл-үні ақын
өлеңдерінің желісін құрайды. Фариза Оңғарсынованың өмір туралы тұжырымдары
тылсым сырларға толы. Адамзатты аялаған дүниенің кескін-келбеті: күн
мен түн, ай мен жұлдыз, тау мен тас, өзен мен көл - бір сөзбен
айтқанда қоршаған ортаға жан бітіріп, лирика тілінде сөйлету - ақын
сынды сезімтал, сергек жандардың жаратылысына бұйырған болмыс.
Табиғат əлеміндегі əшекейлі бітім, əрекетті қимыл, қызықты құбылыс,
əрлі бояу Оңғарсынова лирикасында сол қалпында көшіріле салмаған.
Əр зат, əр дененің дəл көрінісі сөз өнерінің əсем жанрында əдемі де
əсерлі суретке айналады... Ақын – лирик Ф. Оңғарсынова
өлеңдеріндегі көпке таныс, ешкімге бас имейтін өзіндік дара мінезі
бар, көбіне қатал характерімен оқырман есінде қалған әйел
кейіпкерді автордың ондаған, жиырмалаған туындыларынан жиі
кездестіреміз.
Қазіргі қазақ лирикасында
әйел-ана, қыз-келіншектер бейнесін психологиялық пайым-танымда
тереңнен толғап, жүректен қозғап өткен ақынның бірі. Оның
лирикасындағы қазақ әйелінің қадір-қасиеті, болмыс – бітімі ерекше
назар аударуды, терең үңіле зерттеуді аса қажет ететін құйылымы
бөлек жыр-маржаны саналып та жүр. Ақын өлеңдеріне арқау болған
аталмыш тақырып аясында Фаризаға тең әріптесті табу - сірә да қиын.
Жаратылыс - жалғанның жасампаз жаны - әйел ананың өмірдегі өрісі,
қоғамдағы рөлі мен орны қазіргі әдебиетте (оның ішінде прозада)
барынша әдемі де терең жан-жақты бейнеленгені мәлім, алайда, лирика
жанрында қаншалықты көтерілді?! Жаратылысы күрделі, жұмбағы
мол әйел жанының сезім сырларын шым-шымдап сыртқа жайған
суреткердің сөз сарайына енген сайын әйел хақындағы бұрынғы
көзқарастың байырғыға айналғанын аңғарамыз. Ақындық мұраттың
айдынында айқұш-ұйқыш айшықты із қалдырған қаламгердің жыр-өлеңі
әйелдер қауымына арналған ән ұран есебіндей ширек ғасырдан астам
уақыт, әлі күнге дейін айтылып, жарығын шашып
келеді. Жалпы әйел характерін сомдауда
Фариза қаламынан жүздеген өлеңдер, яғни лирикалық туындылар дүниеге
келген. Қазақ әйелінің психологиясын әдебиет атты арғымақ өнерде,
оның ішінде поэзияда сан қырынан сапалы қасиетте жырлау көптеген
ақын-жазушылардың еншісіне бұйырса, соның көш басында Ф.
Оңғарсынова тұрады. Ақын кейіпкерлерінің шоқтығы биік шыңы -
әйелдер дүниесімен қатысты болуы қаламгер тудырған жаңашылдық
белгілеріне барып тіреледі. Әйелдер әлемі - ақын лирикасының басты
арқауы. Әйелдер тағдыры - ақын шығармашылығының өмір өзегі. Әйел
тақырыбын қазақта жырламаған ақын жоқ, алайда Фариза ақындай беріле
толғаған ақын қазақта сирек екені және шындық. Фаризаның лирикалық
кейіпкерлері қоршаған ортаның, қоғамдық болмыстың отына күйіп,
суығына тоңған, қуаныштың шат күлкісіне оранған, қайғының
мұң-тұманына тұншыққан жандар, яки жер басып жүрген адамдар әлемі.
Акын кейіпкері кімнің атынан сөз алса, соның көкейтесті келелі
мәселесін ашып көрсетуге, кінәратсыз жеткізуге ұмтылады. Ақын
шығармаларының маңызды мәні сол - қаламгер туыңдыларынан азаматтық
пайым мен таным, адамгершілік, тазалық сықылды биік қасиеттерге
үндейтін, уағыздайтын өлеңдер дүниеге келді. Өмір шындығын көркем
дүниеге айналдыруда автордың өзіндік қолтаңбасы, дербес үні
бар.
Махаббат лирикасы Фаризада қыз
сезімі, қыз қуанышы мен күйініші, кейіпкердің ой-толғаныстарының
сан алуан қыры бар болмысымен байланысты көрініп, кестеленіп
отырады. Көңіл күйсандығынан күміс күлкілі бойжеткеннің кінәмшіл
сырына үңілсеңіз, махаббат мәселесінің тұңғиығына еріксіз сүңгисіз.
Бірде жаз боп күлімдеген, бірде қыс боп қаһарланған көңіл-күйдің
күн шуағы, қыз мінезінің күйреуік шәлкес шақтары ширыға,
пісіп-толыса келе лирикалық шумақтардың өмірге келуіне себепші бола
алған. Фаризаның махаббат жайлы қай
шығармасын алып қарасақта барлығы адамға
арналған. Қос ғашықтың арасында болатын
пәк сезімге бас иді. Махаббатты ұлы сезім деп бағалады. Бірлік пен
мәрттікті жаны қалады. Фаризаның махаббат жырларыннан ешкімге
ұқсамайтын ерекше өзгешелікті байқауға
болады.
Ф. Оңғарсынова өнерпаздығының
басты өлшемі оның лирик - ақын екендігімен ерекшеленеді. Қазақ
өлеңінің жасыл жайлауынан оты шүйгін, шұрайлы өрісін еншілеген ақын
мұрасы мәңгілікті мұрат етері кәміл анық.
Ақынның әдебиеттегі алар орны
мен өзіндік келбеті қаламгердің табиғи талантының шеңберінде
өлшеніп, бағаланды. Ф.Оңғарсынова суреткерлігінің құдірет- қуаты
ақынды қадір тұтар оқырманын тудырып,
тәрбиеледі. Лириканың тұп-тұнық мөлдірін
лайламай турасын айтсақ, Фаризаның поэзиядағы көркемдік ұстанымы
өткінші дәуреннің ғана емес, мәңгілікті мұрат еткен дәуірлік
мұра. Қорыта айтқанда, ақын Ф.
Оңғарсынова лирикасы ғасыр бедерінде лайықты орнын алар, ұлттық
рухани байлықтың бірегейі десек,
қателеспейміз!