Материалдарды шектеусіз жүктеңіз ҚМЖ, ашық сабақтар, презентациялар, көрнекіліктер, дидактикалық материалдар, авторлық бағдарламалар және тағы басқа 400 000-астам материалды шексіз жүктеп алғыңыз келе ме?
Толығырақ
Толығырақ
Тақырып бойынша 14 материал табылды

Мамандық тандаудан қателеспеніз Жас маман

Материал туралы қысқаша түсінік
Жас мамандарға
Материалдың қысқаша нұсқасы

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДА ҚАТЕЛЕСПЕҢІЗ, ЖАС ТҮЛЕК

Бірде екі қыздың әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім. Ойлары бір жерден шығып отыр. Бастарын шұлғып, бірінің сөзін бірі қолдап, өздерінше ойларының дұрыстығына сенімдері мол. Иә, бұлар мамандық таңдауда ата-анасының пікіріне құлақ асып және қоғамдағы сұранысқа ие мамандықтардың тізімін жасап отыр еді. Сөздеріне қарасам, екеуі де оқушы үшін үлкен сынақ саналатын белестен жақсы нәтиже көрсеткен. Мемлекеттік оқу грантын жеңіп алуға деген мүмкіндіктері де бар екен. Алайда мені таңғалдырғаны, осынша уақытқа дейін қандай маман иесі атануды ойламағаны болды. Жүйелі ойы жоқ, саналары сан жақта.

Бірі айтады «менің отбасымның басым бөлігі заңгер мамандығын таңдаған, енді анам да сол бағытты таңда дейді. Мен де заңгер болатын шығармын, отбасылық дәстүрді жалғап» деп екіншісіне күлім қағып тұр. Ал, екіншісі болса «мен қаржы саласын таңдаймын. Себебі елдердің басым бөлігі сол саланы игеріп жатыр ғой. Көштен қалып жатқан жоқ секілді» деді де кезекті келіп жеткен қоғамдық көлікке қарай аяңдады.

Міне, содан ойға қалдым. Санама ең алдымен оралғаны өрімдей екі қыздың өз таңдауы жоқ па деген сұрақ. Олар үшін мамандықтың еш қызығы болмағаны ма? Өмір бойы азық ететін дүниесін әу баста ойламағаны болып тұр ғой.

Он бір жыл білім нәрімен сусындап, осы уақытқа дейін жиған-тергендерін, көрген-білгендерін саралаудың орнына өзгенің ырқына жығылғаны несі?

Иә, мен де жас болдым. Мектепті бітіргеннен кейін тілші болатыныма және ол үшін қолдан келетін барлық шаруаны жүзеге асыруға тырыстым. Отбасымның қарсылығына қарамастан, алған бетімнен қайтқаным жоқ. Табандап тұрып алып, осы мамандыққа құжат тапсырдым. Әрине, ол жерде не ата-анам, не өзгелердің ықпалы болмады. Бұл тек менің ойым ғана болды. Себебі өз өзіме сенімім мол еді. Осы мамандыққа тоқтап үнемі ізденіс үстінде жүрдім. Енді, міне, балалық шақтан армандаған мамандығыма қол жеткізіп, еңбек етудемін. Бұған да шүкіршілік етемін.

Қазақ әдебиетінің тарланы Ж.Аймауытов "мамандық­тың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе” деген сөзі әрбір жастың санасына орнығуы қажет. Рас, жас жеткіншек өз қалауымен таңдаған мамандығының ғана нағыз шебері атана алады.

Жалпы, мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті талап ететін іс болып табылады. Оған селсоқ қарауға болмайды. Расында қазіргі кезде жастар мамандықтың мансабына да қызығады. Мамандық таңдауда селсоқтық танытып, аяғында опық жейтін жандар қаншама. Білдей жоғары оқу орынын тәмамдап, қолына дипломын алып болған соң оның пайдасын көрмей, ақыры апамның баяғы сары сандығының ішіне сүңгиді. Мұндай жайттар қазіргі кезде жиілеп барады. Бұдан шығатын нәтиже еңбекке қабілетті жастардың жұмыссыздар санын арттыруына ықпал етуі.

Бүгінгі таңда мемлекет жастардың тегін білім алуына, жұмысқа орналастыруға көптеген мүмкіндіктер жасап қойған. Мұның бәрі де жастардың сапалы білім алып, саналы қызмет етуіне бағытталған . Елімізде білікті кадрларға деген сұраныстың артуы жыл санап ұлғайып келеді. Осындай мүмкіндіктер барда жастар аянып қалмауы тиіс.

Жалпы, мамандықтың оңайы жоқ. Әр мамандықтың өзіне тән қиыншылығы мен қызығы бар екені белгілі. Қытай елінің атақты философы Конфуций "Жаның қалайтын істі тап, сол кезде ешқашан жұмыс істемейтін боласыз” деп тегін айтпаса керек.

Өз ісін сүйіспеншілікпен жасайтын жандар жұмыста болатын ауыртпашылық пен қиыншылықтарды жеңе біліп, одан әрі қызығушылықтары арта түседі екен. Бірақ іске жарамды қолында дипломы бар жұмыссыз жүрген жастардың әрекеті санаға сыймайтыны жасырын емес.

Мұндағы айтайын дегенім, әрбір жас өзінің болашағына бейжай қарамауы тиіс. Осы тұста қазақтың «Өмірде жар, дос, мамандық таңдауда қателеспе» деген қанатты сөзін айтқым келеді. Әсіресе, жастардың мамандық таңдауда ойын әбден таразылап, қолынан келетін істің тізгінін ұстағаны абзал шығар деп ойлаймын. Себебі еліміздің келешегін жастармен байланыстырамыз емес пе?!

ЖЫРАУЛЫҚ ПОЭЗИЯ

15 – 18 ғ-лардағы қазақтың халық поэзиясы. Біздің дәуірімізге, негізінен, ауызша жетті. 15 ғ-дың орта шенінен бастап қазақ халқының төл мәдениеті өркен жая бастады. Көне, ортақ арнадан бөлініп, қазақ халқының дербес әдебиеті қалыптасты. Ж. п. қазіргі Қазақстан жерін қоныстанған ежелгі тайпалар туғызған бай рухани қазынадан нәр алды, ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, жаңа мазмұн қалыптастыру нәтижесінде кемелденді. Қазақ әдебиетінің ортақ арнадан оңаша жол тартқан алғашқы қадамдарының өзінен-ақ кемелдікті, көркем келісімді аңғару қиын емес. Ж. п. сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектелмеген. Содан да болар, Ж. п-да мейлінше терең танымдық ойлар буырқанып, ұдайы философиямен шендесіп жатады. Онда өмір мен болмыс, заман және адам туралы толғанады. Қоғам, дін, этика, адамгершілік, қарыз пен парыз, ерлік пен ездік, байлық пен кедейлік, о дүние мен бұ дүние жайлы сан-салалы ойлар тоғысқан философиялық туындылар Ж. п-ның терең дүниетанымдық сипатын аңғартады. Ж. п-ның алғашқы өкілдері, кезінде бүкіл Дешті Қыпшаққа даңқы кеткен Қодан Тайшы, Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Қазтуған жырауларжаңа әдебиеттің ізашарлары ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар деп те саналады. Елге, ер-азаматқа ақылгөй болған жыраулар қазақ поэзиясының болашақта ұмтылар бағыт-бағдарын, идеялық тұғыры мен көркемдік биігін айқындап кетті. Асан Қайғы туралы аңыздар ноғай, қырғыз, қарақалпақ халықтарында да сақталған. Мұндағы деректер арасында алшақтық жоқ деуге болады. Асан Қайғы – көптеген нақыл сөздердің, филос. толғаулардың авторы. Ол ел іргесінің берік болуын армандайды. Өз өлең, толғауларында мемлекетті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажетін насихаттайды. Осы орайда академик-жазушы М.Әуезов “Қазақ халқы өзінің тарихы жолында Асан есімін өктемдікке қарсылықтың символындай сезді. Ел мұңын жоқтаған ақындардың Асан есімін ауызға ең алдымен алатыны да осыдан” (“Уақыт және әдебиет”. А., 1962, 57-б.) деп атап көрсетті. Сахара эпосын тудырушылардың бірі, ірі эпик ақын, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы әрі нәзік лирик болған Қазтуғанның (15 ғ.) біздің дәуірімізге жеткен жырлары табиғат аясындағы көшпендінің болмыс, тіршілік, өзін қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді.

Жырау қиялының байлығы, суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі сол дәуірдегі қазақ поэзиясының биік өресін, өзіндік сипатын танытады. Қазтуғанның ұлттық бояуы қанық, афоризмдерге, көркем түстерге бай толғаулары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарына жатады. Ж. п-ның дамып, өркендеуінеДоспамбет пен Шалкиіз шығармалары айрықша әсер етті. Жорық жыршысы болған Доспамбет жырау (1523 ж. ө.) шығармаларынан ортағасырлық жауынгер көшпендінің ер тұлғасы, ерлік кейпі көрінеді, оның асқақ рухы, берік дәті, өмірлік мұраты танылады. Ойлы да сырлы Доспамбет толғаулары тақырыбы, мазмұны ғана емес, көркемдік ерекшеліктері тұрғысынан алғанда да соны сипатта. Доспамбет толғаулары ең алғаш 19 ғ-дың 80-жылдарынан бастап баспа бетін көре бастады. Ж. п-ның ең көрнекті өкілі – Шалкиіз жырау Тіленшіұлы (1465 – 1560). Өзінің ұзақ өмірінде Дешті Қыпшақтың төрт бұрышын түгел шарлаған, заманының бірінші ақыны боп танылып, үлкен даңққа бөленген жырау бүкіл өмірін күрес үстінде өткізеді. Өз тұсындағы әміршілердің ешқайсысының да шашбауын көтермейді, турашылдығынан танбайды. Жыраудың шағын көлемді шымыр толғауларынан көне заман таңбасы – дала тұрғынының дүниетанымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшелігі, адамгершілік, этик. қағидалары айқын аңғарылады.

Жырау дүниеде мәңгі, тұрақты ештеңе жоқ деп біледі. Әлем бір қалыпта тұрмайды, адам өмірі де өтпелі. Жырау осының бәрін табиғат заңы деп түсінеді. Жырау адамдық қасиеттерді асқақтата жырлайды. Жеке бас еркіндігін бәрінен жоғары қояды. Отаншылдық рухты насихаттайды. Шалкиіз қазақ поэзиясын көркемдеу тәсілдері, өлең өрнегі саласында да айрықша байытты. Шалкиіздің толғаулары ең алғаш 1875 ж. хатқа түсіп, баспа бетінде жарияланыпты. Жырау мұралары ерте жиналуына байланысты бүгінгі күндерге бірсыдырғы толық жетті. Негізгі қадым замандарда белгілене бастағанымен, Шалкиіз және Доспамбет шығармалары арқылы қалыпты жүйеге түскен жыраулық өлең өлшемі көне ақындар шығармаларында және батырлар жырында үш ғасырдан астам уақыт кеңінен қолданылды. Қазақ халқы ерлік күреске толы күн кешкен 17 ғ-дан біздің заманымызға Жиембет (17 ғ.), Марғасқа (17 ғ.) жыраулардың шығармалары жетті. Екеуінің де өмір жолы Есім хан тұсындағы тарихи оқиғаларға тікелей қатысты. Жорық жыршысы Марғасқа жырау Есім ханның бір орталыққа бағынған күшті мемлекет құру туралы идеяларының ұраншысы атанса, Жиембет жырау ханға қарсы араздығын бүкпесіз, бұлтармасыз жеткізеді. Бұлардың бізге белгілі толғауларынан 17 ғ-да Ж. п-ның сын-сипаты, даму бағдары ежелгі арна, байырғы дәстүр ауқымында болғандығы танылады. Жиембет жыраудың толғаулары ең алғаш 1908 ж. “Жақсы үгіт” кітабында жарияланса, Марғасқа толғаулары кеңес заманында зерттеліп, баспа бетін көрді. 18 ғ-да Ж. п. тақырыптық жағынан кеңейіп, идеялық-көркемдік тұрғыдан байи түседі. Жоңғар шапқыншылығы және “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” жылдары, қырғын соғыстар мен жеңісті жорықтар, саяси және қоғамдық өмірдегі өзгерістер – ел өміріндегі елеулі оқиғалардың барлығы да жыраулар шығарм-нда өзінің көркемдік шешімін табады. Жоңғар басқыншылығына қарсы күрес сарыны, әсіресе, Ақтамберді жырау (1675 – 1768) шығармаларынан айқын көрінеді. Ақтамберді өз толғауларында жау қолында қалған жерлерді азат етер күнді аңсайды, исі қазақ болып атқа қонуды, ойраттарға күйрете соққы беруді армандайды, жұртшылықты ерлікке үндейді, жауға тайсалмай шабуға жігерлендіреді. Ақтамберді шығарм-ндағы отаншылдық, патриоттық сарындар 18 ғ-дағы қазақ поэзиясының бет-бейнесі, бағыт-бағдарын айқын танытады. Осы кезеңде өмір сүргенҮмбетей жырау (1706 – 1778) мұрасындағы жетекші тақырып – сырт жауларға қарсы күресте көзге түскен ел қорғаны батырларды мадақтау. Сонымен қатар ол әр түрлі тақырыптағы тұрмыстық өлеңдерге де көңіл бөлген. 18 ғ-дағы Ж. п-ның көрнекті өкілдерінің бірі – Тәтіқара жырау. Ол көне заман батырлары, олардың ел қорғаудағы ерлік істері туралы, отаншылдық идеяны насихаттайтын жорық жырларын туғызған. Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара шығармалары кейінгі жылдары ел аузынан жазып алынып, бірнеше жинақтарға енді. 18 ғ-дағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі –Бұқар жырау (1668 – 1781). Ол жырау ғана емес, қабырғалы би де болған. Бұқар жырау өз тұсындағы қоғам өміріне белсене араласады. Қсімен де, жырымен де Абылай хан саясатын мейлінше қолдайды. Хандықтың нығаюы, хан үкіметінің берік болуы жолында күреседі. Алайда, ханға құлшылық ұрудан ада жырау қажетті жерінде ащы шындықты айтудан тайынбайды, оны сынау, шенеуге дейін барады.

Бұқар жырау өзінің таңдаулы шығармаларында қазақ қауымы үшін мәні зор әлеум. мәселелерді көтереді. Бұлардың ең бастысы – ел бірлігін ту ету, ішкі, сыртқы жаулардың қандайымен болса да бітіспес күреске үндеу. Бұқар жырау шығармаларынан жыраудың өзі өмір сүрген қилы заман келбеті айқын танылады. Бұқар жырау қазақ қауымы ежелгі тұйықтықтан арылуға бет алғанын, көне дәстүрлі әлеум. қатынастар бұзыла бастағанын көреді, осының бәрі болашақта жүзеге асар ұлы өзгерістердің басы ғана екенін түсінеді. Алайда, жырау мұндай құбылыстардың көбін ұнатпайды, оған сенімсіздікпен қарайды. Тіпті, туған халқының болашағына күмәнданады. Енді бір топ өлеңдерінде Бұқар жырау өмір мен болмыс, заман және адам туралы толғанады. Табиғат бір қалыпта тұрмайды дейді жырау. Адам өмірі де сондай. Жырау адамның, оның мінез-құлқының, салт-санасының өзгеруіне орай адам қоғамы да дамып отырмақ дегенге меңзейді. Бұқар жырау шығармалары ғақлия толғаныстар, нақыл, афоризмдер түрінде келеді. Образға бай, ұлттық бояуы қанық, көркемдігі кемел. Дәстүрлі Ж. п-ның бейнелеу тәсілдерін жете меңгерген Бұқар жырау туындыларының өлең өлшемі өте күрделі. Бұқар жырау шығармалары әлденеше ғасырлық тарихы бар Ж. п-ның қорытынды түйіні іспеттес болды. Бұдан былай қазақ поэзиясындағы жетекші рөл ақындардың үлесіне көшеді. Бұқар жырау шығармалары ең алғаш “Таң” журналында (1925) жарияланғанымен, ғыл. түрде жүйеленіп зерттелуі 20 ғ-дың 60-жылдарының үлесіне тиеді. 18 ғ-дағы халық поэзиясының танымал өкілдері –Көтеш (1745 – 1818) және Шал ақын (1748 – 1819). Көтеш шығармаларындағы негізгі сарын – кедейлік тақсіретін жыр ету, тағдырдың әділетсіздігіне наразылық. Ал Шал ақынның біздің заманымызға жеткен мұрасы тақырып жағынан алғанда біршама бай. Бұлар – дін, этика, мораль мәселелері, байлық пен кедейлік жайлы филос.-дидактикалық үлгідегі туындылар, тұрмыстық өлеңдер мен арнау жырлар. Екі ақын шығарм-ынан да әлеум. әуен айқын сезіледі. Ж. п. деген ортақ тақырыпқа біріктірілген 15 – 18 ғ-лардағы қазақ поэзиясы көне дәстүрді қайта түлетіп, жаңа тақырып, соны мазмұнмен дамытты. Осы тұста өмір сүрген және әдеби мұралары бүгінгі күндерге там-тұмдап болса да жеткен жыраулар шығарм-ғы сол заманның тұтас бір шежіресін құрастырады. Оларда ел өміріндегі елеулі оқиғалар, қоғамның ащы шындығы, халықтың әдет-ғұрып, салт-санасы бейнелі тілмен келісті көрініс тапқан. Бұл кезеңде төл әдебиетіміздегі ұлттық дәстүр дамып, халық поэзиясы сапалы жаңа биіктерге көтерілді.

М. Мағауин

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-том

0 0

Shape1

Shape2 Shape3

Пікір қосу

Shape4 Shape5

Akbope 2.12.2015 жауап берді

Жыраулар поэзиясындағы  патриотизм идеясы

«Патриотизм» сөзі (грек тілінде – patrіots – отандас, paths - отан, атамекен) Отанға деген сүйіспеншілікті, оған адалдықты, өз іс-әрекеттерімен оның мүдделеріне қызмет етуге ұмтылысты, сондай-ақ, туған жеріне, тұрақтаған мекеніне бауыр басушылықты білдіреді. Қазақ патриотизімін, отаншылдығын қалыптастыруда жыраулар поэзиясының алатын орны ерекше. Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде былай ой түйеді: «Халық рухының ұшқыны ақындардың, сазгерлер мен айтқыш абыздардың жүрегінде тұтанып, жалындай бастады. Асан қайғы, Шалкиіз, Бұқар жырау сияқты бұл дәуірдегі ұлттың шығармашылығында шынайы қазақ руханияты қалыптасып дамыды» [1,275].

Жыраулық поэзия – бойы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен сөз өнеріміздің асыл мұрасы, дамыған ұлт әдебиетінің ғажап көркемдік белгісі. Ә. Тәжібаев: «Жырау – сөз жоқ, ақын. Ақын болмай, жұрт қадірлейтін жырау атану мүмкін емес. Ақындығы күшті жыраулардың жалынды жырлары үнемі жаңғырып, кейінгі ұрпаққа сиқын бұзбай көрікті күйінде жетіп отырады. Ал, жыраулық-ертеден келе жатқан халық поэзиясының үлкен бір дәстүрлі саласы» [2,224], - деп жыраулық дәстүрді әдебиетте орны бөлек жеке сала ретінде алып қарастырады.

ХV-ХVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясы-өмірді танытушылық, философиялық-дидактикалық мағынасы мол мұра. Ақын-жыраулар өлең-жырларымен, өнегелi iсiмен халыққа белсене қызмет етiп, ел ұйытқысы, тәлiм-тәрбие мектебiнiң ұстазы бола бiлдi. 

Жыраулар  ел болашағын жырлауы тұрғысынан дараланып келген, сол дәуірдің ой-сана, әдет-ғұрыптық, тілдік шаруашылық, тарихи көріністерін суреттеген. Бұл жөнінде Х. Досмұхамедов былай дейді: «Қазақтың жеке өмірінің барлық сәттері – туғаннан бастап өмірден озғанға дейін, сондай-ақ тұтас халықтың немесе жеке рудың қоғамдық өміріндегі барлық оқиғалар халық әдебиетінде жырланады» [3,15]-деп ой түйсе, Е.Ысмайлов: «Жыраулар өмірдің ұсақ мәселесіне аз араласып, көбінесе, заман-дәуір, өткен мен келешек, адамгершілік, жақсылық пен жамандық жайында ойлар, болжаулар, қағидалы сөздер айтып отырған» [4,42]. Жыраулар поэзиясының өзекті тақырыбы – туған елі, оған деген сүйіспеншілігі, елдің бірлігі, бүтіндігі. Асан қайғы:

«Ай, хан, мен  айтпасам білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Шабылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің

Қымыз ішіп, қызарып,

Мастанып, қызып терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай,

Елеуреп неге сөйлейсің», - деп ханның мінін бетіне айтып, орда маңында болып жатқан келеңсіздіктерді, елінің қараусыз қалғанын батырып айтады. Одан әрі халқына жайлы қоныс, ырысты жер іздеген абыз жырау:

...Тіл алсаң іздеп қоныс көр,

Желмая мініп жер шалсам,

Тапқан жерге ел көшір,

Мұны неге білмейсің!", - деген ақылгөй сөзі – сол елінің қамын ойлаған жүрек сөзі. Сол сияқты Қазтуған жырау да:

"Қайран менің Еділім,

Мен салмадым, сен салдың,

Қайырлы болсын сіздерге

Менен қалған мынау Еділ жұрт!... - деп еңіреп өткен. Қазтуған жыраудың бұл толғауы өзінің рухани қуатын, идеологиялық мағынасын әлі жоғалтқан жоқ. Бұл туынды өзінің елге деген, туған жерге деген патриоттық рухымен, ғасырлар бойы халықты жігерлендіріп келді. 

"Еділдің бойын ел жайлап,

Шалғынына бие біз байлап,

Орындықтай қара сабадан

Бозбаламен күліп, ойнап,

Қымыз ішер күн қайда! " - деп Доспамбет жырау армандаған,  

"Ауылдан топыр үзілмей,

Ошақтың оты өшпесе,

Май жемесе қонағым...

Он кісіге жараса,

Бір кісіге асқан тамағым", - деп Ақтамберді жырау еліне ырыс, молшылық тілеген, бейбіт, тыныштық өмірді қалаған.

Жыраулар поэзиясы еліне деген ыстық сезімге толы. Олар сол еліне жалынды жырларын арнаған, халқын сол елі үшін қызмет етуге үндеген, керек болса, жанын пида етуге шақырған. Халқы үшін қан майданда шайқасқа түсіп, елін, жерін сыртқы жаудан қорғаған әйгілі халық батырларының ерліктерін де жыр еткен. Мысалы, Тәтіқара жырау толғауында:

«Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,

Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт.

Найзасының ұшына жау мінгізген

Еменәлі Керейді Ер Жабайды айт» - деп батырлардың ержүректілігін, батылдығын жыр еткен.

Шалкиіз жырау ерлер жаудан да, сойдан да тартынбайтын, батырлығы басынан асқан жігерлі жандар.

Ғаділ төре ел бастар,

Шешен адам сөз бастар,

Аға жігіт ел бастар,

Шешен адам сөз бастар, - деп ер жігіттің ерлікпен аты шығатынын, нағыз батыр қиындыққа  шыдап, ел үшін күреске шығу керектігін айтады.

Ақтамберді жырау:

...Қоңыраулы найза қолға алып.

Қоңыр салқын төске алып,

Қол қашырар ма екенбіз, - деп өзінің замандас жас ұрпағын табандылыққа, ерлікке, жауға батыл аттануға шақырады.

Ал Бұқар жырау өз заманының басты идеологы болды, толғаулары сол тұстағы маңызды мәселелерге арналды. Сол тұста ерекше ерліктерімен көзге түскен Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі Тілеуке тағы басқа батырларды ханның сенімді серіктері, «қазақтың абырой-арына бар күшін сарп қылған» ел қорғаны, әйгілі батырлары, асыл азаматтары тұрғысынан жырлады. Жырау Абылай ханның  

Қалмақты қашырдың.

Алатаудан асырдың.

Қазаққа жер кеңейттің,

Дұшпаныңды кеміттің,-деп жау қашырған қолбасы, батырлығы мен көсемдігін, өзгеге үлгі боларлық істерін жырлады. Сонымен, халқымыздың ауыз әдебиеті ұрпақ тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты және әлі де үлес қосып келеді. Ақын-жыраулардың поэзиясы, олардың ұлттық рух пен тарихи сананы жаңғырту идеясы қазірдің өзінде де өз күшін жойған жоқ. 

Елбасымыздың “Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетіміздің ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн.          

Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр. Қазақта мынандай мақал бар: «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз» [1,267]. Сондықтан жыраулардың бай мұраларын қазіргі жастардың пайдаланатын тәлімдік құралы етіп, оларды елін, жерін сүюге, құрметтеуге баулып, адамгершілік қағидаларының басты ұстанымы екендігін жастар санасына сіңіру қажет. 

Ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу тұрғысынан жыраулар мұрасы өз мәнділігін жоғалтпақ емес және ақын-жыраулар толғаған жырлар арқылы олардың бойына патриоттық сезімді қалыптастыруымыз қажет.

Әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. -Алматы, 2003.

2. Тәжібаев Ә. Жылдар. Ойлар. -Алматы,1976.

3. Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. -Алматы,1998.

4. Ысмайылов Е. Ақындар. -Алматы,1956.

5. Бес ғасыр жырлайды. -Алматы,1984.

Т.ғ.к., доцент  Колумбаева З.Е. магистрант  Ахметова А.А. «Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

0 0

Shape6

Shape7 Shape8

Пікір қосу



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
05.01.2019
438
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курс саны 12