Материалдар / Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларындағы рухани құндылықтар

Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларындағы рухани құндылықтар

Материал туралы қысқаша түсінік
Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ұрпағына қалдырып кеткен мол мұрасына талдау жасай отырып, шығармаларындағы гуманистік дүниетанымының мәнін, сипатын ашу, ұлттық құндылықтарды, халқымыздың рухани мәдениетінің тарихына қоскан үлесін анықтау.
Авторы:
19 Желтоқсан 2024
126
1 рет жүктелген
1500 ₸
Бүгін алсаңыз
+75 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +75 бонус беріледі Бұл не?
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады





Ғылыми жұмыстың тақырыбы:

«М.Жүсіп шығармаларындағы рухани құндылықтар»



Жұмыс бағыты: қазақ тілі мен әдебиеті

Секция: қазақ тілі мен әдебиеті

Ғылыми жетекшісі:

Мамандығы: Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі












Мазмұны


1.Кіріспе бөлім

«Мәшһүр» деген атқа ие болуы ________________________ 3-4- бет

2. Негізгі бөлім

2.1. Ақын еңбегінің шынайы бағалануы ______________________5 - бет

2.2. Ақынның алдына қойған мақсаты _________________________7- бет

2.3. Білгеннің жүрген жері – бәрі жарық ______________________ 8- бет

2.4. Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы____________________15- бет

2.5. Нәзік те отты, ойлы өлеңдер __________________________16- бет

3.Қорытынды ___________________________________21-22- бет

Пайдаланған әдебиеттер ____________________________________23- бет



















Пікір

Зерттеу жұмысының авторы  Саттаров Мирон бұл тақырыпқа мейлінше мол дайындықпен келген. Өйткені М. Жүсіптің зерттеу жұмысында талданған кейбір өлеңдері мектеп бағдарламасына енгізілмеген. Автор жұмыстың басты мақсатын жете түсініп, тақырыпты аша білген. Атап айтқанда, М. Жүсіптің ауыз әдебиетін жинақтауын, оған берілген бағалар мен ақынның алдына қойған басты мақсатын, ақын дүниетанымын, оның шығармаларындағы гуманистік ойды, рухани құндылықтарды, нәзік те отты, ойлы өлеңдерін жан – жақты талдаған.

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ұрпағына қалдырып кеткен мол мұрасына талдау жасай отырып, шығармадағы ұлттық құндылықтарды, гуманистік дүниетанымының мәнін, сипатын ашып көрсете білді. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ұрпағына қалдырып кеткен баға жетпес байлығын, мол мұрасын зерттеуде 8 -сынып оқушысы Саттаров Мирон басты мақсатына жеткен.


Жетекшісі:      














Аннотация

Зерттеу тақырыбы: Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларындағы рухани құндылықтар

Зерттеу мақсаты: Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ұрпағына қалдырып кеткен мол мұрасына талдау жасай отырып, шығармаларындағы гуманистік дүниетанымының мәнін, сипатын ашу, ұлттық құндылықтарды анықтау.

Зерттеу міндеттері:

- еңбектеріне шолу жасау;

М.Жүсіп шығармаларындағы рухани құндылықтарды анықтау;

- М.Жүсіп шығармаларындағы гуманистік дүниетанымды анықтау;

- «Білгеннің жүрген жері – бәрі жарық» деген тұжырымының ерекшеліктерін айқындау.

Зерттеудің кезеңдері:

  1. Ақпарат көздерін, кітап қорларын пайдалану.

  2. Шолуларды пайдалана отырып, М.Жүсіп шығармаларындағы гуманистік дүниетанымды анықтау.

  3. М.Жүсіп шығармаларындағы рухани құндылықтарына талдау жасау.

  4. «Білгеннің жүрген жері – бәрі жарық» тұжырымының мәні айқындау.

  5. Қорытынды шығару.

Зерттеудің дереккөздері. Зерттеу материалдары, М.Жүсіп шығармалары

Зерттеудің әдістері. Зерттеу жұмысында талдау, сипаттау, топтау, жүйелеу, тұжырымдау т.б. әдістер қолданылды.

Ғылыми жобаның құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Жұмыстың соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.

Қорытынды:

Осы жұмысты әдебиетшілерге, тарихшыларға, ақынның жырларын сүйіп оқитын оқырмандарға, жоғары сынып оқушыларына Мәшһүрдей елге танымал, дара да дана бола білуге, М. Жүсіптің өлеңдерін оқи отырып, одан ғибрат, тәлім – тәрбие алуға ұсыну.

1.Кіріспе

«Мәшһүр» деген атқа ие болуы

Талантты қолдан жасау қиын. Білімді жинауға болады. Ол үшін қажыр-қайрат, зерде-жады, алқымы іспес еңбек қажет. Жұмыс тәртібі өз алдына. Мұндай дамыған елдерге тән зиялы салт-машықты XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бірінші жартысында барша қазақ ұстана алған жоқ. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ел тарихындағы сондай дара саңлақтардың бірі болып қалды. Қазақтың Мәшһүр Жүсіп Көпеев сынды ойшылы өзінің саналы ғұмырында дін мен мәдениеттің, білім мен ғылымның, адамгершілік пен адалдықтың өзара жақындығын жете түсініп, оны поэтикалық-философиялық, гуманистік сипатта баяндап өткені белгілі. Сондықтан ағартушылық жолды ұстанған Жүсіп Көпеевтің дара тұлғасы замандастары тарапынан өз заманында-ақ өзіндік жоғары бағалауларға ие болды, халық оны қадірледі, сөзіне құлақ асты, білімдарлығын мойындады. Оған жастайынан «Мәшһүр» деген қазақтардың арасында ерекше құрметтелетін керемет сұңғылалықты білдіретін аттың таңылуы да бекер емес еді. Жастайынан өзінің ерекше қабілетімен танылған жас Адам Жүсіптің дарыны кейін «Мәшһүр Жүсіп» атанып кетуінің өзіндік тарихы да бар. Дегенмен бұл құбылыстың өзін кездейсоқ оқиға деуге болмайды. Себебі, Азан шақырып қойған аты  Адам Жүсіп екен. Жеті жасынан жұрт алдында "Қобыланды батыр", "Қозы Көрпеш - Баян сұлу", "Ер Тарғын" жырларын жатқа айтып көзге түскен. Қазақтың рухани мәдениеті тарихына зейін қойған бала Жүсіптің ерекше дарыны ел ағаларының көзіне түсіп, оған риза болған ел: "Бұл ұлдың аты Мәшһүр болсын, бүкіл елге танымал болсын!" деп батасын беріпті. Содан Мәшһүр Жүсіп атанып кеткен.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі:  Шынымен де қазіргі ұлттық тарихымызды қайта зерделеу заманында ерекше тұлғаның бұған дейін айтылмай келген өмір белестерінің белгісіз беттері енді ашылып, талай жылдар бойы тыйым салынып келген сүбелі шығармаларын қайта тануға бет

3

бұрылды. Екі ғасырдың жүгін бірдей көтерген ақыл-ой, өнер саласындағы

алыптардың қатарында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да бар. Уақыт өткен сайын, маржан тас су түбінде жатқан сайын жарқырай түсетіні сияқты Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ұрпағына қалдырып кеткен мол мұрасы, баға жетпес байлы-ғы оның даңқын бүкіл әлемге асқақтата паш етіп, өзінің құндылығымен ерек-шеленіп тұрады. Кезінде солақай саясаттың кесірінен еңбектерін жарыққа шығармай қудалады. Енді қазір заман түзеліп, өз қолымыз аузымызға жетіп, егемен ел болып, арыстар ақталып, елім деп еңіреген ерлерді еске алып, құр-меттеп ас беріп, мұражайлар ашып жатырмыз. Мәшһүр Жүсіп Көпеев әлі өзі-нің лайықты бағасын алған жоқ, оның мол мұрасын жан-жақты зерттеп, көп-шілік оқырман қауымға таныстыру – алда тұрған негізгі міндет екені анық.

Зерттеу мақсаты: Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ұрпағына қалдырып кеткен мол мұрасына талдау жасай отырып, шығармаларындағы гуманистік дүниетанымының мәнін, сипатын ашу, ұлттық құндылықтарды анықтау.

Зерттеу міндеттері. 

- еңбектеріне шолу жасау;

М.Жүсіп шығармаларындағы рухани құндылықтарды анықтау;

- М.Жүсіп шығармаларындағы гуманистік дүниетанымды анықтау;

- «Білгеннің жүрген жері – бәрі жарық» деген тұжырымының ерекшеліктерін айқындау.

Зерттеудің кезеңдері:

1.Ақпарат көздерін, кітап қорларын пайдалану.

2.Шолуларды пайдалана отырып, М.Жүсіп шығармаларындағы гуманистік дүниетанымды анықтау.

3.М.Жүсіп шығармаларындағы рухани құндылықтарына талдау жасау.

4.«Білгеннің жүрген жері – бәрі жарық» тұжырымының мәні айқындау.

5.Қорытынды шығару.

Зерттеудің әдістері. Зерттеу жұмысында талдау, сипаттау, топтау, жүйелеу, тұжырымдау т.б. әдістер қолданылды.

4

Ақын еңбегінің шынайы бағалануы

Халқымыздың өткен ғасырдағы атақты ақыны, терең ойшылы Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің ғұмыры қызық пен қиындыққа толы тарихи кезеңдерді басынан өткерді. Оның шығармашылық пен рухани кемелденумен көмке-рілген ғұмырының идеялық және зияткерлік бастауы жас кезінде Орталық Азия қалаларында алынған арнайы діни оқулармен, исламдық қағидалармен астасып жатады. Исламның өзіндік құндылықтары мен Ресей тарапынан келген Еуропалық мәдениеттің түйіскен тарихи кезеңінде қазақ жастарының таңдау жасайтын уақыты келген еді. Әрине, мұсылмандық дәрістер негізінен әліпбилік деңгейден аспағаны, сондықтан жас Жүсіптің терең діни білім алуға деген құмарлығы туындағаны да белгілі. Заманында Бұқара, Самарқан, Ташкент сияқты қалаларда исламдық руханияттың сүлейлерінен дәріс алған Мәшһүр-Жүсіп Көпеев өзінің барлық білімдарлығын қоғамдағы гуманистік ұстанымдардың орнығуына, этномәдениетімізде ғасырлар бойы қордаланған этикалық бағыттағы жәдігерлерді жинақтауға бағыштайды. Оның халық руханиятының өркендеуі үшін жасаған еңбегі кейінгі тәуелсіздік жылдары ғана шынайы бағалана бастайды. Әсіресе, ойшыл шығармашылығын зерттеуші ғалымдар мен Павлодар өңірінің зиялы жанды азаматтарының үлкен еңбегінің арқасында біршама орнықты істер тындырылды. Қазіргі кезеңде ақынның дүниетанымының көптеген қырлары ашыла түсуде. Серік Нұрматов, Бақытжан Сатершинов, Алмасбек Шағырбаевтардың құрастыруымен 2013 жылы жарық көрген «МӘШҺҮР ЖҮСІП КӨПЕЕВ» кітабында ұлы ойшыл ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы зерттеулер мен ғалымдардың тұжырымдары топтастырылды және бұл жинақ «Ғылыми қазына» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша жарық көріп отырған жұмыс болып табылады. Дара тұлғалардың рухани тарихымыздағы орнын анықтайтын ойшылдың өмірі мен қызметі туралы еңбек гуманитарлық кеңістіктегі заңды құбылыс деуге болады. Мәшһүр Жүсіп қазақ халқының кемеңгер әрі аяулы перзенті.

5

Ақынның шығармашылығы мен өміріне арналған іргелі еңбектер қазіргі кезеңде Алматы мен Павлодар және басқа да қалаларында әртүрлі көлемде жарық көріп келеді. Ғылыми зерттеулер жасалып, бұқаралық ақпарат ауқымында көрініс беруде. Ал, енді солардың қатарында басылып шыққан он үш томдық ақын шығармаларының жинағын кейінгі жылдардағы еліміздегі рухани кеңістігінің жетістігі. Авторлар абыз ойшылдың өмірі мен шығармашылығын барынша нақты материалдар арқылы көрсетумен қатар, оның философиялық дүниетанымын талдаудан өткізіп, тереңдей байыптауға тырысады. Осы еңбектің өзі ақынның шығармашылығын жаңа қырынан тануға септігін тигізері сөзсіз. Кезінде М.Ж. Көпеев сынды қазақ ойшылының үш бірдей кітабы 1907 жылы жарық көреді. Олар – «Көп жасағаннан көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі». Олармен қатар «Миғраж», «Хаятбақшы», «Қорқыт», Гүлшат–Шеризат» деген қисса-дастандары мен публистикалық этнографиялық еңбектерін жинақтауы қазақ халқының ауыз әдебиетін зерделеудегі орасан зор еңбек деп бағалауға болады. Ақын тек діни мәселелерді ғана шығармашылығына нысан ретінде күн тәртібіне қоймайды, ол сонымен қатар терең философиялық, этнопсихологиялық, әлеуметтанулық проблемаларды өрнектеп, өзектендіре түседі.

Жасынан білімге деген құмарлығы белгілі бола бастайды. Ақын өз ғұмырында ел аузындағы аңыз-дастандарды, ертегілерді, қиссаларды жинап, одан басқа өзінің шығармашылығынан туындаған жазбаларын жазып қалдырған. Осындай шығармашылыққа толы өмірі көзі тірісінде-ақ аңызға айналғаны белгілі.

Барлық өмірін болашақ ұрпаққа мол рухани мұра қалдыруды мақсат еткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің ғұмырын өнегелі тіршілікке айналдырады. Сондықтан оның барлық рухани мұрасын зерттеу және осындай асыл перзентінің ұлағатты өмір жолы мен ерең еңбегін лайықты бағалау, құнды тұстарын қордалау кейінгі ұрпақтың міндеті.

6

Ақынның алдына қойған мақсаты

Ғұламаның басты мақсаты әрі өмірінің негізіне айналған ой – қазақ халқын сауаттандыру болды. Себебі. ол қаршадайынан оқыған, оқып қана қоймай, көңіліне мол дүние тоқыған білімдар. Сондықтан ақын шығармашылығының түпкі мақсаты – қазақ қоғамының білімдік, дүниетанымдық деңгейін барынша биікке көтеру, оның руханиятына жаңашыл бағыттағы сарындарды орнықтыру, жастарды білімдарлыққа, тәрбиелілікке, өнегелілікке баулу болып келеді. Мәшһүр Жүсіптің жан-жақты шығармашылығындағы басым бағдар – ағартушылық екені белгілі болды. Ол туған халқы мен елінің мешеулігі мен артта қалушылығының себептерін айқындап, озық елдердің қатарына қосылуы үшін білім мен ғылым үйреніп, сауат ашуға, адал еңбек етіп, кәсіп үйренуге, сондай-ақ имандылық, ізгілік, адамшылық қасиеттерді бойына сіңірген жастарды тәрбиелеуге шақырды. Міне, осы талпыныс-тарынан-ақ ойшылдың барынша гуманистік ұстанымдарды, жасампаз рухани құндылықтарды өзінің дүниетанымына арқау етіп, өмірінде әрдайым өзіне идеялық басшылыққа алғанын байқаймыз. Өз халқын шынайы сүйген жан ғана осындай деңгейде рухани қадамдар жасай алатыны белгілі. Жастайынан Ақиқаттың жолын іздеп, шындыққа, адалдыққа, іңкәрлікке бейім тұрып, жақын болған Мәшһүр-Жүсіп өзінің кейбір өлеңдерінде адамға шынайылықпен өмір сүрудің соқпақтарының оңай емес екенін суреттейді. Мәселен, өзінің «Ғибрат наме» атты өлеңінде қазақтың «басқа бәле тілден!» деген тәлімінің өзінің жеке тағдырында жиі көрініс бергенін бейнелейді. Өмірдің қызығын қуудың орнына ащы да болса, оның шындығын әлеуметтік ортада айтып отыруға дағдыланған ақын үнемі әлеуметтік әділеттіліктің жағында болады. Ол үшін ғұлама өзімшіл пенделерден бірталай қыспақ та, озбырлық та көреді және оның барлығын сабырлылықпен көтеруіне гуманизмге деген бейімділігі, алға қойған мұраты көмектеседі. Бірақ ол қиындыққа мойып, ақиқаттың жолынан тайқуға, өмірде өзіне ыңғайлылықты іздеуге тырыспайды, керісінше, пендені бақытты болуға жеткізетін жол

7

ауыр екенін және ол негізінен білімділік пен ізгіліктің синтезі болатынын ерте түсінеді. Міне, осындай этностың тарихи кеңістігі үшін үлгілі, ерекше келбеттегі азаматтың қазақ қауымдастығының рухани әлемінің жаңғыруына шынайы қызмет еткенін, қарапайым қандастарының бір сүйем болса да рухани кемелденуіне түрткі болғанына күмән келтірмейміз. Әрине, ол өзінің ел сүйгіш іс-әрекеттері арқылы өз замандастарына игілікті ықпалын тигізгені айқын. Ол сонымен қатар кейінгі ұрпаққа рухани, мәдени мұраларын қалдыру арқылы өзінің ғасырлардың арасына да зияткерлік «көпір» сала білгенін ескертуге болады.

Ол бала болып ойнамаған, бес жасынан бастап оқуға зейін қояды, ержетіп бозбалалық шаққа жеткен соң да ала қағаздан бас алмаған. Ақын шарқ ұрып ізденудің нәтижесінде білімге де, парасатқа да ерте жетіпті. Күннің шуағын бірінші болып қарсы алып, батып бара жатқан шапағын да өзі шығарып салатын заңғар таудың құзар басы сияқты, алдымен не көрсе де білімді жан көрмек. Ақылды, білімді адам өмірдің соққан бар дауылына төтеп бермек. Мәшһүр Жүсіпті де осындай жан деп білеміз. Оның жанының нәзіктігін, көңілінің жомарттығын, "өзім не болсам да мейлі – өзгенің жаны жараланбасын, басқаның басына бақытсыздық, күңгірттік келмесін", – деп іштей жақсы тілеумен жүретінін айтып жеткізу мүмкін емес.

Білгеннің жүрген жері – бәрі жарық

Әрине, кез келген далалық даналықтың ұстанымы өмірде басымдық таныта бермейтін кезеңдер де болады. Сондықтан лайықты бағытта жетілу үшін адами ізденудің қажеттілігі зор екені белгілі, өмірлік кезеңдерде кейде қателесу жолында болса да адамға алға жылжудың маңызды екенін ақын жете ескерткенін байқаймыз. Әрине, дұрыс жолды таңдаудың орны ерекше. Бірақ ондай бақыт кез келген пенденің тағдырына жазыла кетпейді. Тіпті, Қожа Ахмет Ясауи, Абай және т. б. ғұламалардың өздерінің өмірі туралы айтқан тұжырымдарына сүйенетін болсақ, онда олар бірден даналықтың толыққанды құрылымдарына көтерілмей оған ақыл мен сабырлылықтың

8

арқасында бірте-бірте қол жеткізгенін аңғарамыз.

Бас болып, өнер білсең, тіпті жақсы,

Тамаша болдың жігіт таңғажайып. ...

Білгеннің жүрген жері – бәрі жарық,

Жоламас кем-кетіктік оған айып.

[Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Таңдамалы. 2-т. – Алматы, 97–98 бб. ] Автордың бұл өлеңі Ш. Құдайбердіұлының «Талаптан да білім мен өнер үйрен, Білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл», -деген терең ойлы, көркем мұраларын-дағы өлеңімен мәндес келеді. Білім, ғылым, өнер рухани құндылықтың бастау алар тамыры екенін насихаттайды. Ақынның дүниетанымының өзіндік философиялық келбетін барынша айғақтап беретін жоғарыдағы жыр жолдары өмірдің мәніне көңіл аудартып, оны жете түсінбеген пендемен сұхбаттасуы болып

табылады. Ойшылдың пайымдауынша, бұл дүниеде ерекше қабілет беріл-меген адам болмайды, тек соны белгілі бір салада паш ету керек, өнердің көзін тауып, адам қоғамға пайдалы болуы тиіс.

«Білгеннің жүрген жері – бәрі жарық» деген тұжырымның ар жағында әрбір пенденің бақытты болудың кілті бар екеніне мегзейді. Әрине, адамда адал еңбек пен шығармашылыққа деген ынта, зейін, ұмтылыстар болмаса, сонымен қатар оған қарай бағытталған белгілі бір деңгейдегі саналы-жігерлену қадамдары болмаса,онда ол тіршіліктегі уақытын бос кетіргені, берілген мүмкіндіктер топтамасын рәсуа еткені. Білімнің керемет қасиетін түсінбейтін жандарға ойшыл ескертпе жасап тұрғандай әсер қалдырады. Сөйтіп, ақын тарапынан айтылған пайымдаулардың философиялық тереңдігі сонау тарих қойнауында қалған түркі дүниесіндегі рухани мұралардағы тәлімдерімен үндесіп жататын кездері де болады. Егер білім туралы Жүсіп Баласағұнның, Қожа Ахмет Ясауидің, Ахмед Иүгінекидің, өзінің ұстазы болған Абай Құнанбаевтың тұжырымдарын еске алатын болсақ, онда олардың ойлары бір жерден түйісетіні байқалады. Оларды алдымен

9

түйістіретін ғұламалардың адамға деген гуманистік көзқарастары және терең руханилықты пір тұтқан философиялық жүйелері болып табылады. Жалпы әртүрлі халықтың ғұламаларының үндесетін жері ізгілік ілімін қадірлеуден, насихаттаудан басталады. Ғасырлардың сабақтастығын осы мағынада өзара рухани біріктіріп, оларды өзіндік эволюциялық тізбекке іліндіріп, жалғас-тырып тұрған нәрсе ол – адамгершілік қалыптары, рухани құндылықтар екені

анық. Сондықтан жас ұрпақ құндылықтар туралы өздерінің көзқарастарын нақты кейіпте қалыптастырған сайын олардың дүниетанымдары да тұтастана түседі. Сонымен, біртұтастанған, жүйеленген, адамгершілік ұстанымдарды арқау еткен дүниетанымның иегері әр уақытта елдің бірлігін, мемлекеттің тұтастығын, халқының білімділігін ойлайды.

Ойшыл думаға сайланатын адамдардың ұлт қамын, жер мен дін, білім мен ғылым, мектеп пен медреселердің жайын ойлап, қабырғасы қайысар, елім,

жерім деген нағыз ержүрек қасиетке ие болу керектігіне ерекше мән береді. Сый-құрмет, атақ-даңқ, мансап, дүние үшін халқын сатар екіжүзділерден сақ болуды да ескертеді.

Жастықта ұмтылып бақ ілгері өтіп

Жұмысын жабдықтансын ерте бітіп:

Қолыңа қармағанмен түк түспейді,

Қалған соң, жастық қуат бойдан кетіп [Таңдамалы. 2.89 б.]. Мәшһүр Жүсіп: «Адам баласының ең қызықты жемісті шағы жастық шақта білім, ғылым, өнер мен кәсіп үйреніп, жан-жақты үйлесімді жетілуі тиіс, жас кезінде алға қарай ұмтылмасаң, кейін өмірің өкініште өтеді», – деп тұжырымдайды. Ақын қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік, экономикалық мешеулігі мен артта қалушылығын жою үшін біріншіден, мектеп пен медреседегі оқу ісі заман талаптарына сай болу тиіс, білім беру ісінде халықтың салт-дәстүр мен нанымдарына, тілі мен діни сеніміне ерекше көңіл бөлінуі қажет, екіншіден, адал еңбек ету, өнер үйрену, егіншілік пен сауданы, шаруашылықты дұрыс жүргізе білу керек деп ой түйеді.

10

Қоғамдағы білім мен ғылымның дамуы елдің тәуелсіздігіне қол жеткізудің бірінші алғышарты деген ой тұжырымдайды. Адам білімділігі оның халқына тигізген пайдалы іс-әрекеті арқылы көрінеді. Ақынның гуманистік бағытбағдарының ерекшелігі өнер-білім мен ғылымды адам мен қоғам игілігі үшін және адамның өзін болмыстың ең жоғары кұндылығы мен ғаламның түпқазығы ретінде бекітуінен көрінеді. Ғылым мен білім – адамзаттың табиғи

күштері мен қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктерге қарсы күресіндегі арқа сүйер тірегі. Ғылымның Мәшһүр Жүсіп Көпеев дамуы мен жаңа білімдер адамзат қоғамының гүлденіп өркендеу жолында зор рөл атқарады.

Әр түрлі қылып пікір, ойла сана,

Ғылым, білім іздесең болдың дана .

Мәшһүр ғылым мен білім адамның ой-өрісі мен жан-жақты үйлесімді дамуының қайнар бастауы деп болжайды. Ғылым тек білімділік белгісі ғана емес, сонымен бірге адамды тәрбиелеудің кұралы. Ғылым мен білім адамның ақыл-парасатын, ойлауын, танымдық қабілетін жетілдірумен қатар, адамның ынталы, жігерлі болып, алдына қойған мақсатқа жетуіне деген сенімін нығайтады. Білімділік – ақиқатты тануға жетелейтін анық жол. Ғылым білім мен еңбекке құштарлық адамның мінез-құлқындағы жағымды жақсы қасиеттерді қалыптастырып, дамытуға жәрдемдеседі. Білімді, ғылым жетістіктерінен сусындаған саналы жастар – халықтың болашағы үшін күресер ер азаматтар. Мәшһүр Жүсіп еңбектерінде ғылым мен білімнің қоғам мен адам өміріндегі атқаратын жасампаздық ролі туралы баяндалды. Ғылыми білімнің шаруашылықты дұрыс ұйымдастырып жүргізудегі орнына әділ баға береді: «Әркім өз жанын тірілтуді керек қылса, ғұмырын ғылым, білімге сарып қалсын. Ғылым-білімге ғұмырын сарып қылған пенденің жаны тіріліп сыйлы болады», – дейді. Бұл терең философиялық пайымдауға мән бере санамызбен сараласақ, ғылым-білім мәңгі өлмес жанның қорегі, ғылым-білім адам жанының жетілуі мен кемелденуінің өзегі, ғылым-білім адам танымының тірегі.

11

Өз ғұмырын білім-ғылым іздеуге арнаған жан – ақынның мұраты. Мәшһүр ғылым-білім қоғамдық прогреске жеткізетін, қоғам мен адамның өскелең қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, қоғамды жаңа белестерге жеткізетін күш деп түсінді: Жастықта ұмтылып бақ ілгері өтіп

Жұмысың жабдықтансын ерте бітіп.

Қолыңа қарманғанмен түк түспейді,

Қалған соң жастық қуат бойдан кетіп, – деп жастарды жастық шақтың әрбір сәтін өзінің рухани өсуі үшін пайдалануға шақырады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қоғамдағы білім беру жүйесі мен оқу орындарын жаңашылдық (жәдидшілік) бағытта қайта кұру қоғам мен ұлт мүддесі үшін қажет деп санады. Ол жас ұрпақты тәрбиелеуге ұлттық мүдде тұрғысынан қарады. Жастарды өз ұлтын шынайы сүюге, қасиетті қазақ жерін қастерлеуге, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін құрметтеуге шақырады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының білім беру мәселесі туралы ой-толғауларының гуманистік

сипаты білім мен ғылымның жетістіктерін қоғам мен ұлт мүддесі үшін тиімді және үйлесімді қолдану қазақ қоғамын алдыңғы қатарлы елдермен терезесі тең болар күнге жеткізетінін және қазақ халқының болашағына деген сенімінен көрінеді. Білім – ақылдың керемет күші, оның көмегімен белгісіз құбылысты ашып, игеруге болады. Бұл үдеріс тереңдеген сайын дүниетаным да екшеленіп, жүйеленіп, тұрақтылық сипатқа ие болады. Білім адамның көкірегіне еніп, санасына ұялап, оның өмір тәжірибесінің елегінен өтіп барып, сенімге айналады. Сенім дегеніміз – дүниеге көзқарастың түп қазығы, бағыттаушысы, адамның өз позициясына, тоқыған ойына, істеген ісіне деген беріктігі. Сенімі берік адамның рухани көзқарасы, дүниетанымы нақты, ісі қонымды, бағыты қашан да айқын. Сенім діни дүниетанымның өзегін құрайды. Адам сенімсіз өмір сүре алмайды. Тек сенім арқылы адам өзінің кім екенін және жарық дүниеде не үшін өмір сүретінін біле алады. Сенім мен дүниетаным қатарласып жүрсе ғана адам санасы нұрлана түседі.Мәшһүрдің ағартушылық идеясының ерекшелігі оның азаттық, теңдік-бостандық

12


идеяларымен өзара байланысты және өзара үндестікте көрінуінде:

Өз жұртын оңған бар ма жатқа сатқан,

Ерді елдің пайдасы үшін хақ жаратқан.

Халық-жұртының қамы үшін қайрат қылып,

Айдалып атылсаң да арман бар ма?. Ұлт мүддесі және елдің азаттығы үшін жан аямай күресу елі үшін туған ердің азаматтық парызы.

Осындай қажымас қайратты ер жүрек азаматтар халықтың азаттығы мен тәуелсіздігінің баянды болуының кепілі. Ұлттық сананы ояту арқылы халықтың бірлігі мен ынтымақтастығының ұйытқысы қазақ оқығандары алдарына халықты сауаттандыру, білім мен ғылымды насихаттау міндеттерін қойды.

Халық қылып атандырды бізді қазақ,

Еркелі көп жұрт ел емес, өзі де қазақ.

Болғаннан алты ауызды ынтымақсыз,

Барасыз көрінгенге болып мазақ.

Халық бірлігі мен ынтымағы оның шығармаларында патриоттық сезіммен жырланады. Қазақ халқын бірлікке, достыққа, ауызбірлік пен татулыққа шақырады. Ел ішіндегі жікшілдік, Мәшһүр Жүсіп Көпеев рушылдық, партияға бөлінушілік, билік үшін қақтығыстардың заласын қарапайым бұқара халықтың тартып отырғанын ашына айтады. Ұлттық бірлік пен ұлттық тәуелсіздік – ақынның мұраты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылық мұрасы ішіндегі білім беру мәселесі мен ағартушылық қызметіне қатысты пайымдаулары бүгінгі уақыт тұрғысынан қарастырсақ, әлі де көкейкесті. Халқымыздың бай рухының мұрасын игеру мен қайнар бастауларының мөлдір тұнығынан нәр алу бүгінгі тәуелсіз елдің азаматтары үшін қажет. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының дүниетанымы қазақ қоғамындағы экономикалық, саяси, әлеуметтік өзгерістердің нақты тарихи жағдайында қалыптасты. Мәшһүр Жүсіп болашақ жастар арасынан жаңа заман талабына

13

жауап беретін жаңа тұрпатты зиялы қауым өсіп шығатынына және олардың биік асулардан жарқырай көрінетініне сенді. Мәшһүрдің ағартушылық көзқарастарынан жәдидшіліктің жаңашыл идеясы айқын байқалады. Ақынның халық даналығы мен салт-дәстүрін, тарихын, ділі мен дінін қастерлеп сақтауға шақырған жалынды патироттық сезімі оның шығармашылығының қайнар көзі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мол шығармашылық мұрасының халқымыздың рухани мәдениетінің тарихына

қоскан үлесі зор. Оның білім беру мен ғылым, мәдениет, дін жайлы ой-толғаулары бүгінгі жастардың бойында білім-ғылымға құштарлық пен имандылық қасиеттерін калыптастыруға көмектеседі. Мәшһүрдің азаттық идеясы біздің тәуелсіз мемлекетіміздің жастарын ұлттық мүдде мен ұлттық рухта тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.

Білім – ақылдың керемет күші, оның көмегімен белгісіз құбылысты ашып, игеруге болады. Бұл үдеріс тереңдеген сайын дүниетаным да екшеленіп, жүйеленіп, тұрақтылық сипатқа ие болады. Білім адамның көкірегіне еніп,

санасына ұялап, оның өмір тәжірибесінің елегінен өтіп барып, сенімге айналады. Сенім дегеніміз – дүниеге көзқарастың түп қазығы, бағыттаушы-сы, адамның өз позициясына, тоқыған ойына, істеген ісіне деген беріктігі. Сенімі берік адамның рухани көзқарасы, дүниетанымы нақты, ісі қонымды, бағыты қашан да айқын. Сенім діни дүниетанымның өзегін құрайды. Адам сенімсіз өмір сүре алмайды. Тек сенім арқылы адам өзінің кім екенін және жарық дүниеде не үшін өмір сүретінін біле алады. Сенім мен дүниетаным қатарласып жүрсе ғана адам санасы нұрлана түсетінін өз ойларымен көрсетіп дәлелдеп кетті.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жанжақты, кең әрі терең мәнді шығармашылығынан көрініс тапқан оның дүниетанымының өзіндік ерекшеліктері болды. Ол сонау ортағасырлардағы ислам өркениетіндегі әл-Фараби тәрізді ғұламаларға тән энциклопедиялық білімді бойына жинақтады. Сондай-ақ «ол қазақ қоғамындағы ұлттық дәстүр мен болмыстың інжу-

14

жармандарын жинақтаумен қатар өзінің діни-философиялық дүниеге қатынасын ерекше сипатта өрнектей алған қайраткер еді.

Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы

Ол өзі жазып қана қойған жоқ, сонымен қатар ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген, Абайдан кейінгі көрнекті қазақ ақындарының бірі болып, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинауда мол үлес қосты. Мәшһүр Жүсіп 1887-90 жылдары Орта Азияны аралап, Самарқан, Ташкент, Бұхара

қалаларында араб, парсы тілдерін үйреніп, Шы­ғыстың классикалық әдебиетімен су­сын­­дайды. Осы жылдары көрнекті түр­ко­лог-ғалым В.Радловпен танысып, «ауыз әдебиеті» үлгілерін жинап, бастыру істері­мен айналысады. Қазақ ауыз әдебиеті үлг­і­ле­рінің 5 томын жинап «Мес» деген атпен бастырып шығарады. Қолжазбаның «Мес» атануы тегін емес. «Мес» –

бес биенің тері­сінен істелген қымыз ашытатын ыдыс. Он­дай ыдыс бүкіл қазақ зиялыларының бас қосатын ұлы дүбірлі тойларына арналып жасалатын болған.

Халық ауыз әдебиетінің көптеген үлгілерін, дастандар мен хикаяларды жинап бастырады. Өз кезінде Мәшһүр Жүсіп сан-салалы ауыз әдебиеті үлгілерін мол жинағаны, өз замандастарының шығармаларын да хатқа түсіргені көпке аян.

Бұл жөнінде академик М.Әуезов былай деп тұжырымдайды: "Ол, өз шығармаларын былай қойып, басы ашық үлгілерді жазып алып, біздің дәуірімізге жеткізген еңбек Мәшһүрде мол екенін және естен шығармау

керек. Сондықтан қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің ғылымдық бір саласы историография бөлімінде Мәшһүрдің ол түрдегі еңбегіне әрдайым орынды баға берілуі шарт" десе, академик-жазушы С.Мұқанов: "ХVІІІ ғасырда жасаған ақындардың ішінен жыры мол сақталған – Бұқар жырау. Бұқардың жырларын сақтап, тарих алдында ерекше еңбек сіңірген адам – Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Бұқардың жырларын жазып алған Мәшһүр Жүсіп: "Бұқарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар, бізге

15

келіп жеткен тамыры ғана. "Мес" жинағына қарасаң көңілің тояттайды, оқысаң көзің қуанады. Сиясы әсем көшірілген қолжазба Мәшһүр махаббатына лық толы. Ол көне қолжазбаның әрбір сөзіне дейін жеткізуге, қазақ тілінің алтын қорын шашпай-төкпей сақтауға тырысқан",- деп бағалааған.

Өте зерек, алғыр болып өскен Мәшһүр Жүсіп ауыл молдасынан сабақ алса да, өз бетінше ізденіп, "Михзат", "Мұхамедия", "Наху", "Фиқх" кітаптарын

жатқа біліп, шағатай, түркі ,парсы, араб тілдерін еркін меңгерген. Кейінірек Хамаретдин, Бұхарадағы  Мірараб медіреселерінде  білім алады. 1875 жылдан ауыл мектептерінде оқытушы бола жүріп, "Дала уәлаяты" газетіне мақала, хат-хабар, ел аузынан жиған дүниелерін жіберіп тұрады. Сөйтіп ел арасына кеңінен танылып, Мәшһүр атын ақтайды.

Мәшһүр Жүсіп ауыз әдебиетін ел аузынан естіген күйінде  түзетпей, өзгертпей жазып алған. Әр айтушы, орындаушының айтып-жеткізу мәнерін сақтауды қадағалаған, соған орай әр мәтіннің шығу тарихы бір-біріне ұқсамай, қызғылықты оқылады. Халық мұраларын: ертегілер, жоқтау, беташар, жар-жар, шешендік сөздер мен айтыстар, мақал-мәтелдер, тарихи жырларды жанры бойынша сұрыптап, әрқайсысын бөлек-бөлек жинақтаған.

Бұқар жырау, Шортанбай, Шөже, Кемпірбай, Әсет, т.б. ақын-жыраулардың әдеби мұраларын хатқа түсіріп қалдырады.

Нәзік те отты, ойлы өлеңдер
Мәшһүр Жүсіптің ақындығына тоқталсақ, оның нәзік те отты, ойлы өлеңдері халықтың өз ішінен қайнап шыққан талант екенін көрсетеді. Ел ішінің жағдайына жастай қанық ақын ағайын-туыс, бауырдың жан сырын терең жырлайды, нәзік тербейді. Олардың мінез-құлқын салмақты баяндап, сабырлы түйіндейді.

«Қалмады ойлай-ойлай басымда ми» деген өлеңінде адамның жастық шағы бақ пен сордың адам басына біткен қасиетінен пайда болатындықтан, жақсы

мен жаман­дық­ты салыстырып көр де, жақсымен жол­дас бол, жақсы – ай мен

16

күндей, әлемге бірдей деген ойды айтады. Сырты жылтыра­ған, бірақ іші арам қуларға жолама, олар ба­сыңа күн туғанда сені сатып кетеді деп жақ­сы мен жаман мінезді адамдарды са­лыстыра суреттейді. Азаматтың бақыты отбасынан басталады. Бақыт пен байлық талапты ерге еңбегі арқылы келеді. Адал еңбек етіп, тер төксең, жақсымен жолдас бол­саң бақыт та, байлық та сені өзі іздеп та­бады. Бай болу, бақытты болу, адал ең­бекпен мал табу, кісі сөзіне ермеу, жолдасты дұрыс таңдай білу – адамгершілік зор қасиет. Адал

дос ағайыннан артық дегенді айтады. 

Жалпы кезінде тоталитарлық жүйе Ақиқат әлемінен енді орын теппес деген тарихтың «ақ таңдақтары» қазіргі кезеңде бірте-бірте ғылыми кеңістікте мамандар үшін ізденістер ауқымы, нысаны ретінде орнығып, күн санап мәні ашылу үстінде. Сол рухани күштердің, тарихи деректердің еркіндікке шығуы

мен айғақталу кереметін, яғни, басқаша айтқанда, халық рухының шабыттық деңгейде асқақтауын қазіргі заманда өз көзімізбен көріп, оның куәсі болып отырмыз. Бұл мәдени құбылыстар шын мәнінде қазіргі тарихи кезеңнің дәуірлік, шынайы заманауилық тұстарын тереңдетіп, оның өркениеттік сипаттамасы айналуда. Тұлғаларымыздың шынайы анықтаған сайын тарих қадірін бағалай түскеніміз болып табылады, ол сонымен қатар этникалық пәрменді жаңғыруымыздың өзіндік бастамасы болатыны да хақ. Кез келген тұлғаның дүниетанымына философиялық тұрғыда сипаттама беру барысында тарихи үрдістің астарында жатқан терең әлеуметтік психологиялық ерекшеліктер мен этникалық дүниенің онтологиялық іргелі ұстанымдарына тоқтала кеткен жөн. Осы тұрғыдан алғанда дәстүрлі қоғамның құндылықтар жүйесін сараптау маңызды және олар қоғамның мәндік негізі, руханиятының мәйегі ретінде кездейсоқ басымдық танытпайды және олардың өміршең болатындығы шын мәнінде өзіндік сынақтардан ғасырлар бойы өткеніне де байланысты екені белгілі. Мәшһүр-Жүсіптің көрегендігі ғасырларды өзара жалғастырушы рухани күштің мәдени құндылықтарда жатқандығы және оны

жете түсінгендігінде болып отыр. Қазақтардың түркілік дәуірі кезеңінде

17

этикалық ұстанымдарға негізделген дәстүрлі дүниетанымы барынша үстемдік еткені мамандарға белгілі. Әлем халықтарының басқа елдерінде құқыққа, эстетикалық ұстанымдарға басымдық беріп жатса, түркілік діл әруақытта мораль тілін, моральдің жүйелі қалыптарын өзіне негізгі құндылықтық бағдар, дүниетанымдық онтологиялық іргетас етіп ұстағанын атап өтуге болады. Міне, сондықтан ол дүниедегі біршама халықтардан

өзгеше және өзіне ерекше тән іргелі құндылықтық жүйелерді қалыптасты-рады. Оның философиялық терең сипатын анықтау және жастарды дүние-танымдық тұрғыда жетілдіретін тәрбиелік қайнар көздерді ұмытпау қазіргі заманның зиялы қауымының негізгі парыздарының бірі деген ойдамыз. Халықтың дүниетанымның семантикалық діңгегі, онтологиялық тірегі ретінде «құт» ұғымы алынғанын атап өтуге болады.

Шыныменде қазақтың ұлттық болмысында «құт» деген терең ұғыммен өмірдің барлық саласы байланыстырылады және ол қарапайым шаруашылық қадамдардан өмірдің мәнін іздеу арқылы терең иірімдерді бойлайтын құрылымдарға дейін қамтиды. Кез келген әлеуметтік немесе рухани құбылыстың мағыналық, мазмұндық, құндылықтық көрінісі жеке адам үшін немесе бүтіндей халық үшін құтты, қайырлы болмаса, онда оның өзіндік келбетінің әлеуметтік субъект үшін мәні де жоғалатыны анық. Бұл тұжырымдар өз кезегінде өткен тарихи кезеңдердегі және қазіргі таңдағы әлеуметтік процеске, әлеуметтік практикаға берілген жан-жақты және оңды аксиологиялық сипаттама болары да сөзсіз. «Құттың» рухани құндылыққа айналуының өзінде этникалық сананың ерекше көтерілген биігі байқалып отырылады. Қазақтың менталитетін жақсы түсінетін адам оның ұлттық дәстүрінде материалдық құндылықтарды иеленуге ұмтылушылық, оның қызығына дәнігушілік пен құнығушылық сияқты әдеттерді халқымыз өзінің қоғамдық санасында дәріптемейтіндігін байқайды. Сондықтан да болар мұсылмандық дүниетаным арқылы келген «қанағат», «сабыр», «тәуба» , «иман», «әдеп» сияқты терең мағыналы ұғымдар халқымыздың әлемді түсіну

18

көкжиегіне үйлесімді сіңісіп кеткені көрінеді. Жоғарыда аталған орнықты рухани құндылықтар, терең рухани тіректер ретінде белгілі ойшыл Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің шығармашылығында жиі кездеседі және ол бұл ұғымдардың өзінің дүниетанымына арқау ететінін де байқаймыз. Осындай аксиологиялық астары байқалған дүниетаным жүйесі қазақ ойшылының ерекшелігі ғана емес және ол жалпы түркі әлемінің де ділдік сипаттамасы деуге болады. Ежелден қазақ жұрты өнерді өте қадірлеген халық болып танылады. Ол туралы Қорқыт атаның жырларынан Абайдың өнер туралы айтқан өнегелі сөздерінен аңғаруға болады. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармашылығында өнердің адам мен қоғам өміріндегі ерекше орны туралы үнемі зерделі пайымдаулар мен философиялық тұжырымдар жыр жолдары арқылы айтылып отырылады. Мәшһүр Жүсіп өзінің ақындық қасиетін де Тәңір сыйлаған өнер деп түсінеді.

Ойланып қаламыңды қолға аласың,

Сүңгіп жүзіп кетуге толғанасың.

Естіген кейінгіге мирас болып,

Саусағым ақ қағазға жорғаласын (Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Таңдамалы. 1-т. – Алматы, 1990. 135 б.). немесе:

– Жабысты он бесімде өлең маған,

Түстеніп, өлеңші ата қона алмаған (сонда). Заманынан озық ғұлама ойшыл сөз өнерінің жазылмаған ережедей мән-мағынасы мен зілмауыр азабын және сол дәуірдің менталитетіне сай өлең сөздің әрі ғибрат, әрі шежіре, әрі пәлсафа ретіндегі қызметін әбден жетік түсінеді. Қазақ ақыны үшін «ғалымның хаты» – өлең. Мәселен, ақынның «Өнерпаз» деген тағылымдық сипаттағы шығармасында төмендегідей жолдар бар:

Өнерпаз қара жерге салар қайық,

Жаһаннан алар тағылым, қанат жайып.

Әр жердің тамашасын көзбен көріп,

Жастықта сайран етер болып ғайып.

19

Тұрғанда бойда қуат, жүрген жақсы,

Аяғың бір күн қылдан кетер тайып!

Басыңды тауға да соқ, тасқа да соқ,

Отырып қалмай үйде қыңырайып.

Жүргеннен тіпті қарап пайдалырақ

Бір әріп (харып) сөз үйренсең, кітап жайып.

Тамшыдан тама берсе, дария болар,

Кетпей ме ақырында бір молайып?!

Қылжақтап екі ауылдың арасында

Не пайда жүргендеріңнен құр сорайып?!

Өмірдің өтпелі кезеңдерінің әрбір сәтін бағалауға шақырған ақын даусы негізінен тек сезімдік құлшыныстарды қамтымайды, ол сонымен қатар адам ділінің түкпірінде жатқан ерекше ұстанымдарды догмалық қасиеттерден арылтуға бағыттайды. Адам психологиясы мен дүниетанымдық идеологиясындағы кертартпалық қасиеттерді барынша өзгертуге шақырады. Шыныменде кез келген прогресс дәстүрлі қалыптарды өзгертуге алып келеді, онсыз қоғамда алға жылжу да болмайды. Дана қазақ өнерпаздың өзіне «өнерді үйрен де, жирен!» деген. Сөйтіп, нағыз ол хас шебердің өзіне пәрменділіктің, мәңгілік дамудың тегеурінін танытатын, өзгерістерсіз жетілу жоқ екенін білдіретін концептіні ұсынады. Сондықтан ақын шығармаларын оқып қана қоймай, оның әрбір жолдарының астарына үңіліп, бізге айтып кеткен ойларын саралай білейік.







20

Қорытынды

Сонымен, өткен ғасырдың басында өмір сүрген қазақ ойшылдары арасында өзіндік орны болган тарихи тұлға Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің дүниетанымы өзіндік ерекшеліктерге толы. Ол қазақ қоғамындағы ұлттық дәстүр мен болмыстың інжу маржандарын жинақтауда үлкен еңбек сіңірді. Сонымен қатар ол өзінің діни-философиялық дүниеге қатынасын ерекше сипатта өрнектей алған қоғам қайраткері. Жалпы ақын шығармаларын жинақтап зерттей келе мына төмендегі гуманистік дүниетанымдарды сараладым:

1. Өзінің «Бес қымбат» деген жырында адамға қатысты құндылықтар иерархиясын, яғни сатылы тізбегін сипаттап береді. Олар: иман, ғақыл, сабыр, шүкір, әдеп.

2. Әр түрлі қылып пікір, ойла сана,

Ғылым, білім іздесең болдың дана, - дей отырып, ғылым мен білімнің аражігін көрсетті және жастарды ғылым мен білімді үйренуге үндеді. Ғылым: адамның ой – өрісі мен жан – жақты үйлесімді дамуының қайнар бастауы; тәрбиелеудің құралы; адамның ақыл – парасатын, ойлауын, танымдық қабілетін жетілдіреді. Білім: адамның ынталы, жігерлі болып, алдына қойған мақсатына жетуіне деген сенімін нығайтады; ақиқатты тануға жетелейтін анық жол; еңбекке құштарлық адамның мінез – құлқындағы жағымды жақсы қасиеттерді қалыптастырып, дамытуға жәрдемдеседі, - дей келе, білімді ғылым жетістіктерімен сусындаған саналы жастар – халықтың болашағы үшін күресер ер азаматтар екенін айтады. Ғылыми білімнің шаруашылықты дұрыс ұйымдастырып жүргізудегі орнына әділ баға береді: «Әркім өз жанын тірілтуді керек қылса, ғұмырын ғылым, білімге сарып қалсын. Ғылым-білімге ғұмырын сарып қылған пенденің жаны тіріліп сыйлы болады». Иа, осы айтылған гуманист тұлғаның өзіндік дүниетанымдық жүйесінің келісуге тура келеді. Жасампаз тарихи тұлғалардың дүниетанымының негізін гуманистік ұстанымдар мен рухани құндылықтар жүйесі құрайтыны белгілі.

Осы жағынан алғанда ақынның шығармашылық жолы халқының руханиятын

21

түлетуші, өркендетуші рухани күш сипатында көрініс бергенін атап өту керек.

Егер тарихтан ұрпақтарға тәлім беретіндей тұлғалық шынайылылықтың үлгісін іздейтін болсақ, онда қазақ халқының өткен ғасырдың басындағы талай азаматтары өзінің халыққа, өнерге, білімге деген риясыз қатынасымен паш ете білді. Қазіргі заманның есепшіл, пысықай прагматизмі, әсіреқызыл сипаттағы еліктегіштігі, әлеуметтік қыспақтарға өзіндік бейімделгіштігі кейде М.Ж. Көпеев сынды ерекше тарихи тұлғалардың дәріптеген, насихат-таған биік деңгейлі руханилықтарының солғын тартқан ғана кейпіндей, жалғасындай әсер қалдырады.

Замандастарымызға қазақ зиялылығының ерліктері жетіспейтіндей болады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мол шығармашылық мұрасының халқымыздың рухани мәдениетінің тарихына қоскан үлесі зор. Оның білім беру мен ғылым, мәдениет, дін жайлы ой-толғаулары бүгінгі жастардың бойында білім-ғылымға құштарлық пен имандылық қасиеттерін калыптастыруға көмектеседі. Мәшһүрдің азаттық идеясы біздің тәуелсіз мемлекетіміздің жастарын ұлттық мүдде мен ұлттық рухта тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.












22

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Алдабергенұлы Т. Дала тарихы. Мәшһүр Жүсіп өмірінің соңғы күндері// Төртінші билік.-2013.-№ 16- 17 (29 сәуір – 6 мамыр).

  2. Көпеев М.Ж. Қазақ шежіресі.-Алматы. Жалын. 1993.

  3. Қалижанұлы У. Қаазақ әдебиетіндегі діни - ағартушылық ағым. -Алматы: Білім.1993.

  4. Көпейұлы М. Таңдамалы. – Алматы: Ғылым. 1990.

  5. Әдеби мұра және оны зерттеу. -Алматы.1961.

  6. Марғұлан Ә. М. Ж. Көпеев // Қазақ әдебиеті. -1940, 5 қаңтар.

  7. Шағырбаев А.Д. Ш Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни көзқарасы: Жеке монография. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, 2018 ж. 16-17 бет.

  8. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Сөз жүгі. Шығармалары: 12- томдық. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2008. – Т. 12. – 363 б.

  9. Қабдиева С. «М.Жүсіп шығармаларындағы адамгершілік мәселесі» Қазақстан мектебі 2005 ж №2 59-61 б

  10. Сүтжанов С. «М.Ж. Көпеев шығармашылығы және оның зерттеу жайы» Қазақ тілі мен әдебиеті 1993 ж №1 38-39 б











23


Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі