Материалдар / Мемлекеттік рәміздер -мақтанышым, Спорт - денсаулық кепілі, Дос боламыз бәріміз тренинг атты лагерь жоспарлары

Мемлекеттік рәміздер -мақтанышым, Спорт - денсаулық кепілі, Дос боламыз бәріміз тренинг атты лагерь жоспарлары

Материал туралы қысқаша түсінік
Жазғы лагерге арналған күнделікті жұмыстардың жоспарлары , дайын форматта
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады


Тақырыбы: «Мемлекеттік рәміздер- мақтанышым!»
Мақсаты: Оқушыларды аса маңызды мемлекеттік белгілер - рәміздермен жан - жақты таныстыру, ұлттық рәміздердің әрбір бөлшектеріне, халқымыздың өткені мен бүгінгі күндеріне қысқаша шолу жасау; Оқушыларға мемлекеттік рәміздердің аса маңызды екенін, оны құрметпен мақтан тұту керектігін ұғындыру, ой өрісін кеңейту;
Көрнекілігі: ҚР рәміздері, нақыл сөздер, суреттер
Барысы:
Мұғалім: Құрметті оқушылар! Бүгін мемлкеттік рәміздер мерекесі. Осы мерекелеріңіз құтты болсын. Бүгін сіздердің назарларыңызға «Мемлекеттік рәміздер- мақтанышым» атты іс-шара өткізгелі отырмыз. Олай болса, бүгінгі шарамызды бастауға рұқсат етіңіздер!
Мұғалім: Егеменді еліміз жер бетіндегі басқа мемлекеттермен терезесі тең, өркениетті ел ретінде танылып, 1992 жылы 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер Ту, Елтаңба, Әнұран бекітілді. ҚР Конституциясы 1995 жылы 30 - тамызда референдумда қабылданды. 9 - бөлім, 98 - баптан тұрады. 9 - бабында ҚР мемлекеттік рәміздері - Туы, Елтаңбасы, Әнұранның сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі конституциялық заңмен бекітілген. 34 - бапта әркім республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті екені айтылады. Мемлекеттік рәміздер белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, бүкіл болмыс ерекшелігін, айрықша арман аңсарын, басқалармен байланыс мұраттарын білдіреді.
Осы бір қасиетті белгілердің мәнін әрбір азамат терең түсініп, оны қастерлей білу керек.
Мақтансаң мақтан елім деп,
Тани біл елдік таңбаңды.
Елтаңба, Туын, Әнұран -
Тәуелсіздікке тән белгі -
Қасиетті осы рәміздер.
Еліме рух, мән берді,
Иесі оның мына біздер,- деп ары қарай жалғастырамыз.
1Б. Көк жүзінде көгілдір
Гүл жайнаған мөлдір нұр.
Қазақстан жалауы -
Азаттықтың алауы.
Желбірейді аспанда,
Отан орны асқарда.
2Б. Ту
Мөлдір, бұлтсыз ашық аспан күмбезің,
Бейнелеген алтын шапақ күн көзін.
Адалдық пен пәктік көңіл нышаны
Көріп жүрмін көк туымды күнде өзім.
Көгілдір түс мөлдір, таза пәктігім,
Ырымдады болса екен деп сәтті күн.
Бейбітшілік, тыныштықтың нышанын,
Көк туымыз білдіріп тұр тап бүгін.
3Б. Елтаңба
Көгілдір түс аясында шаңырағым шарықтап,
Жүйрік пырақ қанатты тұр қанатымен қалықтап.
Сәулесіндей күннің алтын уықтар тұр шаншылып.
Қасиетті Елтаңбаға қарап тұрсақ анықтап.
Түп төрінде жұлдызым тұр жаңа жанған бағымдай.
Мәңгі бақи тұрса екен өз орнынан алынбай.
Ортасында «Қазақстан» деген жазу жазылған,
Шаттандырып шабыт берген жүрегімнің қанындай.
4Б. Шаңырақ тұр арқау болып, бар жүгінді арқалап,
Шаңырағым биік болса шарықтайды шартарап.
Елім үшін шексіз өмір, тіршіліктің нышаны,
Қазақ елі бар әлемге үлгі болып тарқамақ.
Көк кілемдей желде ескен қанатты бар пырағы,
Елтаңбада екі жаққа мойын бұрып тұрады.
Желмаядай жүйрік болған, ай мүйізді пырағым,
Сол пырақпен бейнеленген ата баба тұрағы.
Жарық жұлдыз жарқыраған елтаңбаның төсінде,
Баршамызға бағдар берген айлы түннің кешінде.
Міне осындай суреттелген Елтаңбасы елімнің,
Әлі талай сақталады бүкіл әлем есінде.

5Б. Мемлекеттік Әнұран – еліміздің музыкалық поэтикалық эмблемасы, әдеби сазды құжаты. Ол халық жүрегінің лүпілін тұмар ғып түйген музыкалық сәлем хат іспеттес.
Жеңістерге қолбасыдай, ерліктердің жолдасындай
Еліміздің әнұраны жүректерде жаңғырады.
Жаршысындай даңқымыздың, жан серігі халқымыздың.
6Б. Әнұраным
Әйгілісің әуеніңмен әлемге,
Әнұраным, пәктігіңді дәлелде.
Қазағыма қайсар шабыт бергендей,
Ұран болып айтыла бер әр елде.
Жүрегінен орын алып елімнің,
Шартараптан шарықтаумен көріндің.
Әсем әнді әуеніңмен тербеткен,
Белгісісің кең жазира жерімнің.
Әрлі әуенің шартарапты шайқады,
Күштілігін бүкіл халық байқады.
Шабыт берген Әнұранды әрқашан
Маңғаз елім мақтанумен айтады.
Мұғалім: Мемлекеттік туымыздың авторы кім?
7Б. Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков. ҚР Мемлекеттік Туының авторы, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, Қазақстан дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі. 1938 жылы 12 - қарашада Тараз қаласында дүниеге келген. Ленинград жоғарғы көркем өнер училищесін бітірген. Алматы қаласының бас суретшісі.
Мұғалім: Қазақстан дейтін Отан анамыздың Елтаңбасының авторы кім?
8Б. Жандарбек Мәлібекұлы. ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы. Өзбекстанға еңбегі сіңген сәулетші. 1942 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Екпінді ауылында дүниеге келген. Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факультетін бітірген. Ташкент қаласындағы ғылыми зерттеу жобалау институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі, жобалар жөніндегі бас сәулетшісі, қазір Астанада тұрады.

Шотаман Ыдырысұлы Уәлихан.
ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы. Қазақстанға еңбегі сіңген сәулетші, мемлекет сыйлығының иегері, белгілі қоғам қайраткері. 1932 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Сырымбет ауылында туған. Мәскеу архитектуралық институтын бітірген. «Қазақ қала құрылысын жобалау» институтының қызметкері.
Мұғалім: Ал Әнұранымыз қалай өмірге келді? Авторлары кім?
: Шәмші Қалдаяқов.- әнін жазған. Шәмші Қалдаяқов есімі аталғанда аузымызға бірден халқымыздың әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әні түседі. Иісі қазақтың көкірегінде жыр болып төгіліп, сыр болып өріліп, әндерінің қай қайсысы да халықпен бірге туғандай біте қайнасып, оның бөлінбейтін бөлшегіне айналып кеткен. Халқының жүрегін осыншалықты сыршыл да кәусар саздың құдіретімен баураған ұлы сазгер есімі ұмтылмайды. Халық жүрегінде мәңгі сақталады.
Хиуаз: Жұмекен Нәжімеденов.- сөзін жазған. 1960 жылдардың бері қазақ поэзиясы мен прозасына өзінің ұлттық бояуы қанық, айшықты қолтаңбасын қалдырған дара тұлғалардың бірі. Ол 1935 жылы Атырау облысы, Теңіз ауданы, Қошалық ауылында туған. 1959 жылы Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясында оқып жүрген кезінде курстас досы Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» атты әніне сөз жазған. Бұл ән қазақ халқының ұлттық әнұранына айналып, күні бүгінге дейін ұрпақ санасын отаншылдық рухымен жаңғыртып келеді.
Сабина: Нұрсұлтан Назарбаев.- сөзін жазған. Достықтың, бірліктің, бауырмалдықтың туын берік ұстап, Қазақстанды әлемге паш етіп отырған ғасыр куәсі болған, еліміздің президенті. Елбасының болашаққа деген талпынысы, еңбекке ерте араласуы балалық кезден басталған екен. Жер жаннаты Жетісудің төскейінде, Шамалған ауылында болашақ тәуелсіз мемлекетіміздің басшысы дүниеге келген. Ол 1991 жылдан бері ҚР Президенті болып келеді.
Мұғалім: Жалпылама Қазақстан туралы білімдеріңді жинақтайсыңдар балалар
1. ҚР тәуелсіздікті қай жылы алды?
2. Қазақстан – «Еуразияның кіндігі» деп неліктен аталады?
3. Жер көлемі жағынан Қазақстан нешінші орында? 4. Еліміздің жер көлемі
5. Қазақстанда қанша облыс бар? 6. Қазақстанда қанша ұлт өкілдері тұрады?
7. ҚР - сы неше мемлекетпен шектеседі? 8. ҚР - ның тұңғыш президенті кім?
9.. ҚР - ның жаңа Астанасын атаңыз 10. ҚР - ның рәміздерін атаңыз
Қазақстанға саяхат
Қазақстанның өзендері, көлдері, облыстары, таулары, жазықтарының аттары аталады. Картадан көрсету керек.
Мұнайлы өлке(Батыс Қазақстан), Қазақтың ұсақ шоқысы (Сарыарқа), Күріш өсіретін аймақ (Қызылорда облысы), Ең ірі өзен (Ертіс), Еліміздің бас қаласы орналасқан өзен (Есіл), ең ірі тау (Тянь Шань)
Қорытынды.
Мұғалім:  «Қазақстандықтардың жаңа ұрпағы, ең алдымен бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Қазақстанға сендердің жасампаз еңбектерін, сендердің күш жігерлерің және сендердің білгендерің қажет. Отан сендерге зор үміт артады. Сендер оны ақтап шығатындарыңа сенімдімін. Отаншылық сезімі, өз еліңе деген мақтаныш оның рәміздеріне деген құрметтен басталады.» деген. Сондықтан оқушылар елбасымыздың сенімін ақтайтындай азамат пен азаматша болайық дегім келеді. Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бүкіл халқымызды жұмылдырып, рухтандырып тұрады. Мерейлі қазақ елінің Елбасы ел - жұртын жұдырықтай жүрегіне сыйғызып, қыран қанатының астына алып, барша жұрттың тендігін, татулық пен тыныштықты сақтауды мақсат етіп, бүгінгі қазақ елін осы дәрежеге жеткізді. Осындай халық қамын ойлаған азаматы бар қазақ елін бүгінде әлем таниды.
Құрметті оқушылар! Сендер тәуелсіз еркін елде ер жеткен ұлансыздар. Ендігі жерде еліміздің тағдыры, Қазақстан ертеңі өз қолдарыңызда. Туған елімізді жоғары дамыған елдер қатарына енгізетін мына сендерсіңдер. Ол үшін сендер терең әрі жан – жақты білім алу керексіңдер, – дей келе бүгінгі шарамызды аяқтаймыз. Қош сау болыңыздар.








































Тақырыбы: Спорт – денсаулық кепілі

Мақсаты: Оқушыларды салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жеке бас гигиенасын сақтауға, дұрыс тамақтануға,  дене шынықтыру мен спортпен шұғылдануға баулу.Оқушылардың икемділігі мен ептіліктерін, мергендік пен шапшаңдылық қабілеттерін дамыту. 

Түрі: жарыс (эстафеталық ойын)

Формасы: топтық

Көрнекілігі: қапшық, бел айналдыратын, доп, шелек

 

І. Ұйымдастыру бөлімі

- жаттығу жасау

- топтарды таныстыру
ІІ. Сайыс кезеңдері
1. Таныстыру

2. «Епті де, жүйрік» сайысы.
3. «Кім шапшаң» ойыны

4. «Кедергілер» ойыны

5. «Өрмекші» ойыны

6. «Қаппен секіру» ойыны

ІІІ. Қорытынды

Құрметті оқушылар! Бүгін сіздер «Спорт– денсаулық кепілі» атты спорттық сайысын тамашалауға жиналып отырсыздар! Сонымен сайысты бастауға рұқсат етіңіздер!

Ал, сайыскер балалар,
Ешкімің жоқ алалар
«Жеңімпаз» болу үлкен ерлік
Оны әділқазы бағалар.
(әділқазы мүшелерімен таныстыру)

Қош келіпсіз, бүгінгі көрерменім
Жиналып отырсыздар топтардың өнерлерін
Сергітер деп ойлаймыз, бүгінгі кеш
Тамашалап отырсаңыз спорттық бөлімдерін
Ендігі кезекте бұл сайыстың бағдарламасымен таныс болыңыздар!
Сайысымыздың басталуы.
1.Таныстыру. Топтар өз топтарын таныстырады.
«Күншуақ» тобы
Ұраны: Күндей болып күлеміз,
Шуақ шашып жүреміз.

«Жұлдыз» тобы
Ұраны: Бүгін жарыс бақшада
Қуанады бар бала
Бүгінгі спорт ойыны
Шаттық сыйлар баршаға.


«Денсаулық» тобы

Ұраны: «Дені саудың – жаны сау!»

2. «Епті де, жүйрік» сайысы.

Шарты: Сіздер 1 қатарға тұрасыздар. Алдыда тұрған топ басшысы допты аяқтарынан астынан допты береді. Ең соңғы оқушы допты алып жүгіріп, қабырғада ілулі тұрған жұмбақтың шешімін табуларыңыз қажет. 1,2,3 дегенде бастайсыздар.

Іске сәт!

1. Одан кір қорқады
Судан бұл қорқады. (сабын)
2. Дәмі де жоқ, түсі де жоқ
Пайдаланбас кісі жоқ. (су)
3. Жуынып болғанда
Жүреді қолында. (орамал)
4. Түйістіреді көзіңді көзіңе
Жолықтырады өзіңді өзіңе. (айна)
5. Қалтамда жатыр
Тістері бар батыр. (тарақ)
6. Бәтеңкесін, пальтосын
Өзі кие білмейді
Бұл баланы кім дейді? (жалқау)
7. Көзінен жас кетпейді
Балалардан шеттейді
Бұл баланы кім дейді? (жылауық)
8. Шықпай жатып көшеге
Үсті басы кірлейді
Бұл баланы кім дейді? (салақ)

9. Оны күткен адамдар,
Ұзақ өмір сүреді.
Қадірін білген жарандар,
Байлық осы деседі. (денсаулық)

10. Шомылған баланы
Аймалап алады
Сүртеді қолын да
Сүртеді жонын да Бұл не? (сүлгі)

11. Ақ қарда тек тұрмадым,
Қос тақтаймен зырладым. (шаңғы)
12.Аяқтарым қалтылдап,
Қос тай міндім жалтылдақ.
Шапса жұбын жазбайды,
Бір – бірінен озбайды. (коньки)
13.Бұдан кір қорқады
Судан бұл қорқады (сабын)
14.Дәмі де жоқ ,Түсі де жоқ (су)
15. Ұрып қалсаң кері атып,
Оралады өзіңе,
Көрсе досың бері атып,
Қайтып барар өзіңе (Доп)

3. «Кім шапшаң» ойыны
Шарты: Қолдарыңызда 1 қасық суды ұстайсыздар. Отырып алдыға жүріп жеткеннен кейін қасықтағы суды шелекке құясыздар. Артқа қайтып келесі қатысушыға қолыңызды пергеннен кейін ғана жүгіре алады. Әділ-қазы алқасы шелектегі су мен ең бірінші жеткен топтың бағасын қорытындылап шығарады.

4. «Кедергілер» ойыны

Шарты: Екі бала допты арқаларыңызға қойып жүресіздер. Одан ары қарай орындықты айланып қайтадан солай қайтасыздар. Ең соңғы қалған бала баскетбол добымен жүгіріп барып қайтады.

Ескерту: допты түсірмеулеріңіз керек.

5. «Өрмекші» ойыны
Шарты: Ойыншы өрмекші сияқты өрмелеп ортаға дейін барып, ортадағы секіретінмен 10 рет секіріп орындықты айналып, кері қайтқан кезде өрмекші болып қайтасыздар. Әділ-қазы алқасы топтардың қорытынды бағасын шығарады.

6. «Қаппен секіру» ойыны

Шарты: Қатысушы қаппен мәреге дейін секіріп барып, орындықты айналып, кері қайтқанда дәл солай қайтасыздар.
Қорытынды: (марапаттау)

Көрсетті міне өз өнерін балалар,
Сайыстың да соңы келіп таянар.
Жеңімпазды анықтайық қанекей,
Әділқазы сайысты әділ бағалар - деп, сайысымыздың шарттары бойынша қорытынды шығарып жеңімпаздарды анықтап, марапаттау үшін сөз әділқазыларға беріледі.

Спорт – көркі өмірдің,
Спорт- досың, серігің.
Жаттықсаң шымыр боларсың,
Шынығып, өсіп, толарсың, - демекші салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік етейік!

























Соркөл орта мектебі





Бекітемін.

ДТІЖО: Теміржанова А.А














«Мемлекеттік рәміздер - мақтанышым»

Ертеңгілік



Өткізгендер: Ақөтенова Ш.Б

Қойшығарина Ә.Ж





















2023-2024 оқу жылы



Тақырыбы: Дос боламыз бәріміз ( тренинг)

Мақсаты: Оқушылардың  арасындағы жағымды қарым-қатынас орнату, бір-бірін сыйлау, адал  дос  болуға және  қоршаған  ортамен   дос  болуға  үйрету.

Міндеті: Адам  қарым –қатынасындағы  достық  ұғымы  туралы  түсінік   беру; оқушылардың  арасында  достық   сезімдерін  дамытуға  ықпал  ету; оқушыларды  сыйластыққа,   әдептілікке, шынайлыққа, адалдыққа, тәрбиелеу.

Барысы:

 

«Досым, қалың қалай?» жаттығуы .

Мақсаты: оқушылардың көңіл – күйін көтеру, бір – бірімен қарым – қатынасын нығайту.

Шарты: оқушылар дөңгелене тұрады, психолог қолды шапалақтап нұсқау берген кезде, берілген тапсырмаларды орындайды.

1 рет шапалақтаған кезде – қолдарын қысады;

2 рет шапалақтаған кезде бір – бірін құшақтайды;

3 рет шапалақтаған кезде – бір-біріне жақсы тілек айтады.

Жаттығу «Досты қуанту»

Оқушылар дөңгелене отырады.Қасындағы досын қуанту үшін оның

атын әндетіп айтып,қолындағы жүрек шарды досына береді.

Не сезіндің?

Сен қуандың ба?

 

Жаттығу  «Досымның жүрегі»

Кеудеге тағылған жүрекке бір-бірінің жақсы қасиеттерін жазу.Бәрі жазып болған соң оқу.

 

Мұғалім.  Құрметті оқушылар,  бүгінгі тренинг  сабағымыздың  тақырыбы: «Дос болайық бәріміз»  Жалпы  дос  дегеніміз  не, қалай  дос  болу   керек екені    бәрімізге  белгілі, бірақ  та  кейбіреулер  дос  деген  сөздің   мәніне  жетпейді.

«Достықөмір  үшін  ең  қажетті  нәрсе,  өйткені  ешкім  ешқашан  да  барлық  басқа  игілікке  түгел  ие  бола  тұрса  да,  дос-жарансыз  өмірді  қаламақ  емес» деп  Аристотель  атамыз  айтқандай  бүгінгі  тренингіміз  дос  туралы  талқыланатын  боламыз.

Балалар, алдымен  достық  деген   не,  оны  қайсысымыз  қалай  түсінеміз, соны  айырып  алайық.

Достық  алдымен  екі  адамның  бір-біріне  деген  адалдығы. Адалдықсыз  достық  та   болмайды.  Ал  адалдық  деген  рухани  тазалық.  Онсыз  сен  досың  үшін  майданда  да  жан   бере  алмайсың?

 

Тақырыпты  ашу  сұрақтары.

1.Дос  деген  кім?





 

 

Сыр бөлісетін  адам.

Мені   жақсы  түсінетін   адам.

Көмекке  ардайым   дайын  адам

Қандай  жағдай  болмасын  бірге  болатын  адам.

 

2.Сендер өз достықтарыңды неге теңейсіңдер? (жауапты  сурет  арқылы  беру. Әрбір  оқушы  өздері  салған  сурет  бойынша  түсіндіреді.

Бірінші  жауап  Адамдар  арасындағы  байланыс.            

Екінші   жауап.Достықты  шеңберге   теңедім.

Үшінші  жауап  Жүрекке                    

 Төртінші  жауап  Байтерекке

 

 

 

3.Досың  барма? Ол қандай?

4.Досыңыздың  басына  қиындық  түсті, не  істейсіз?

5.Жақсы  дос  жаман  дос  қандай  болады?

6.Қыз  бала  мен ер  баланың  арасында  достық   бола  ма?

7.Менің  достарым   көп  болу  үшін  не  істеуім  керек?

 

«Жалғастырып  көр» ойыны

А) Әрбір  адамға  дос керек. Өйткені………………..

Ә) Менің  сыныптастарыма  немесе  досыма  тілегім……………

Б) Сыйластық  бар  жерде…….

Сауалға  жауап  іздеу.

1.Біздің   сынып   қандай?

2.Сынып  оқушылары  арасында  сыйластық,  достық  қатынас  орнаған ба?

Мақал-мәтелді жалғастыр?

1.Дос сыртыңнан мақтар, дұшпан………………….(көзіңе мақтар)

2.Досыңа  күлме  келер ………………………………..(басыңа)

3.Доссыз  адам  тамыры  жоқ …………………………( ағашпен  тең).

4.Досқа  күлкі  қылма,  дұшпанға……………………..(таба қылма)

5.Досы  жоқпен  сырлас,

Досы көппен ……………………………………………………( сыйлас)

6.Досыңменен  дос   болғанға  шаттан

Дұшпаныңмен  дос  болғанан ………………………….. (сақтан)

7.Ақылсыз  достан,  ақылды  ……………………………(дұшпан   артық.)

8.Дос  басқа  қарайды,

Дұшпан………………………………………………………….. ( аяққа  қарайды).

9.Досы көпті  жау  алмайды,

Ақылы  көпті……………………………………………….(дау алмайды)

 

«Ойланайық,  пікірлесейік»      Жағдаяттарды талдау

Оқушылардың сынып ұжымы туралы пікірлерін білу мақсатында жаттығу-ойлану жүргізу.

1-жағдаят:

Сенің сыныптас құрбың спорттық жарыстан «бас жүлде» алып жеңіспен оралды. Қуанышында шек жоқ.

Оның қуанышын қалай бөлісер едіңдер?

2-жағдаят:

Сыныптасың «Білімнің биік шыңы» атты сайысқа қатысып жеңіліп қалды. Ол қатты ренжулі.

Оған қалай көмектесер едіңдер?

3-жағдаят:

Сынып балалары ылғи тәртіпсіздік жасайды. Осылары үшін кезекші сынып  оларды «Кірпі» газетіне шығарды.

Осыдан кейін қандай шешім қабылдар едіңдер?

Оқушылардың   ой-пікірлерін    тиянақтап,  қорыту.

 

Шапшаң  ойын. « Иә  мен  жоқ»

Достық  біреуге  жымиғанан  бастала  ма?

Достық  біреуді  қорғағанан  басталады ма?

Достық  біреудің  бағынан  алма  ұрлағанан  бастала ма?

Достық  бір –біріне  зат бөлісуден  басталады  ма?

Достық  біреуді  итеріп  құлатқанан  басталады  ма?

Достық  біреудің  машинасын  жөндегенен   басталады ма?

Достық  төбелескенен  басталады  ма?

Достық  мазақтағанан  басталады ма?

Достық  сыпайы  болудан  басталады  ма?

  

Жүректен–жүрекке.

Ортада  қобдиша   тұр.  Онда  түрлітүсті  жүрекшелер  бар.  Кімге  қай   түстегі  жүрекше   ұнайды,  соны алайық.

 


04 Маусым 2024
204
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі