Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті
Филология факультеті

ЖОБА
Тақырыбы: Модернизм: сана ағымы
Пәні: Әдебиетттанудың өзекті мәселелері
Орындаған: МҚТӘ-11 тобының магистранты Қайруллаев Н.Ж.
Тексерген: ф.ғ.к., М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың қауымдастырылған профессоры Султангалиева Р.Б.
Орал қаласы, 2025
Қайруллаев Нұртілек, «Модернизм: сана ағымы»
КІРІСПЕ
Әлемдік әдебиетте ХХ ғасыр басында кең өріс алған модернизм – адам жанының тылсым иірімдеріне үңілуді, ақиқат болмыстың субъективті қабылдануын, санадағы процестердің көркем бейнеленуін алдыңғы орынға шығарған бағыт. Бұл ағым Еуропа мен Америка әдебиетінде Джеймс Джойс,Марсель Пруст, Вирджиния Вулф, Франц Кафка, Альбер Камю, Жан-Поль Сартр сынды суреткерлердің шығармашылығынан бастау алып, кейіннен түрлі ұлттық әдебиеттерге тамыр тартты. Қазақ әдебиетінде де бұл ағым жаңаша сипатпен, ұлттық дүниетаныммен ұштаса отырып бой көрсете бастады. Әсіресе, 1960–80 жылдары жазылған прозалық шығармаларда сана ағымы, абсурд, экзистенциалистік сарындар, психологиялық иірімдер, уақыт пен кеңістік өлшемдерінің шарттылығы, кейіпкердің ішкі монологы, рухани жалғыздық пен алаң күй сияқты көркемдік-танымдық белгілер айқын байқалды.
Бұл зерттеуде біз қазақ әдебиетінің осы бір күрделі әрі қызықты кезеңін терең зерделеуді мақсат еттік. Мәселе – тек «модернизм болды ма, жоқ па» деген сауалда ғана емес, оның ұлттық прозада қалай көрініс тапқанында, жазушылардың шығармашылық лабораториясындағы терең ізденістерінде, рухани кеңістікті бейнелеудегі жаңаша көркемдік шешімдерінде. Әңгіме адам жанындағы алапат бұлқынысты, рухани дағдарысты, дүниенің мәні мен мағынасы жайлы сұрақтарды көркем формада жеткізудің күрделі жолдары төңірегінде өрбиді. Бұл ретте Ә. Кекілбаев, Т. Әбдіков, О. Бөкей, М. Мағауин, Д. Исабеков, Т. Әбдік сынды қаламгерлердің прозалық туындылары қазақ әдебиетінің жаңа бір белеске қадам басқанын айғақтайды.
Зерттеудің нысаны – осы жазушылардың шығармаларында сана ағымы тәсілінің көркемдік ерекшелігі мен идеялық салмағын айқындау. Жазушы кейіпкерінің ішкі жан әлеміне, рухани ахуалына, ой-санасының терең қойнауларына бойлай отырып, біз қазақ прозасының ішкі поэтикалық құрылымы қалай өзгергенін, модернизмнің ұлттық топырақта қалай жаңаша сипат алғанын танығымыз келеді. Бұл бағыттағы ізденіс тек әдебиеттің стильдік-формалық жаңаруын ғана емес, сонымен қатар ұлттық дүниетаным мен замана болмысындағы терең өзгерістерді, адам мен қоғам арақатынасының күрделене түскенін, тұлғаның рухани болмысына деген жаңа көзқарасты да айқындайды.
Сана ағымы – тек көркемдік тәсіл ғана емес, бұл – адамның ішкі жан дүниесін, рухани күйін, өмір мен өлім, жалғыздық пен үміт, мағына мен мағынасыздық секілді құбылыстарды бейнелеудің, жеткізудің жолы . Бұл – жазушыны философиялық тереңдікке бастайтын көркем құрал. Біз сөз ететін шығармаларда оқиға желісі екінші орында, ал бастысы – кейіпкер санасындағы үздіксіз қозғалыс, бейсанадан өрбіген елес пен сағыныш, жан жарасы мен үміт сәулесі, өмір мен өлім, жалғыздық пен болмыс ізденісі секілді мәңгілік тақырыптардың ізі.
Сондықтан да бұл жұмыстың мақсаты – ХХ ғасырдың соңғы ширегінде қазақ прозасында терең тамыр жайған сана ағымы тәсілінің ерекшелігін ғылыми тұрғыда зерделеу, ұлттық прозаның жаңаша даму үрдісін көрсету, көркемдік-эстетикалық ізденістерге обьективті баға беру, әрі осы үдерістің бүгінгі әдебиетке ықпалын да бағамдау. Осы арқылы біз қазіргі заман әдебиетінің қайнарларын, тамыр тартқан рухани негіздерін, көркемдік көкжиегін тереңірек тани түсеміз деп сенемін.
Модернистік қазақ әдебиеті
Модернистік прозада шарықтап дамыған сана ағымын суреттеу өнері М. Әуезов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев мәтіндерінде ұлттық дәстүр сілемдерін қалыптастырды, – дей отырып, – Поэзияда символизм мен импрессионизм көріністері, прозада экзистенциализм мен экспрессионизм (фрейдшілдік сарын) эстетикасына тән белгілер күрделі дүниетанымдық, көркемдік ізденістерге мұрындық болғанын жоққа шығару қате», – деген маңызды тұжырым жасайды [1, 8-9 б].
Көркем шығармашылықтағы М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Әуезовтерден тамыр тартқан модернизм үдерісінің ХХ ғасырдың 60-80 жылдар прозасына әкелген ықпалына да қатысты «ХХ ғасырдың катаклизмдерінің ішінде ғұмыр кешкен адамды тұтастық күйінде қарау – драмалық қазақ прозасының соңғы онжылдықтардағы негізгі бағыты. Авторлар мұнда модернистік деп аталатын поэтиканы қолдана бастайды (тәмсіл, сана ағымы, түс, фантастикалық суреттер мен образдар, бөлшектенген сананың метафорасы ретіндегі қос жарылу)» сипаттағы құнды тұжырымдар жасады [2, 220-б].
Модернизм әдебиетінің ұстанар басты принциптерінің бірі көркем шығарма тінін сана ағымына орайластыру десек, мұндай сипат 1960-80 жылдардағы қазақ прозасында анағұрлым басымдыққа ие болды. Мұндай үдеріс әсіресе, Ә. Кекілбаев, Т. Әбдіков, О. Бөкей, А. Сүлейменов, Қ. Ысқақов, А. Нұрманов, М. Мағауиндердің стильдік бағдарына тән еді. Кезінде американ психологі және философы У. Джеймстің «Психологияның ғылыми негіздері» (1890) атты еңбегінде тиянақталған «сана ағымы» тұжырымдамасы классикалық реализмдегі кейіпкерлердің белгілі бір рухани-психологиялық күйін бейнелеуге қолданатын ішкі монологынан біршама өзгешелектері бар. Реалистердің көпшілігі қолданған ішкі монолог бойынша ой заттық-құбылыстық фактыға негізделді. Модернистерге дейінгі әдебиетте көркемдік ойлау сананың ақиқат болмысқа деген рефлекциясы ретінде түсініліп келсе, сана ағымы ақиқат әлемнен қол үзуге дейін барды. Ю. Боревтің ұғындыруынша, «Рухани әлем өзгермелі, ой фактыдан бастау ғана алады, ойлау актысында адамның өткендегісінің барлық тәжірибесі қатынасады, ой өткенді, бүгінгіні, болашақты түгел қамтиды. Ой – фактыны адамның өмірлік тәжірибесі тұрғысынан қайта қорыту. Ойлау жүйесіне мидың аналитикалық және синтетикалық қана емес, сонымен бірге жады, елестету және фантазиялау сынды қабілеттері қатысады» [3, 457–458 б].
Реалистер ішкі монолог арқылы көркем туындыға психологизмнің қою бояуларын дарыта алғанын ешкім жоққа шығармайды. Ал модернистер қолданған сана ағымы шетін ситуацияларды таңдамай-ақ, шығармадағы уақыт пен кеңістіктегі еркіндік арқылы жүзеге асады. Яғни классикалық реализм үлгісіндегі әрекет пен сезім бірлігі қатаң сақтала бермей, ой тасқыны сюжет логикасына тым тәуелденбей, кейде фабуладан тыс та жасай береді.
Адам сезімдері мен ойларын санадағы жаңғырықтармен бейнелеу, кейіпкерлер мен реалды өмір ағыстарын шектеулі, тіпті механикалық қатынастарға құру, өмірдің бір-бірімен қатыссыз көріністерін сана арқылы жандандыру қазақ прозасында да өзіндік сипаттарымен танылып отырды. Ой тасқынына ерік беру көбінесе көлемдірек жанрларды қажетсінді. Біз қарастырып отырған кезеңдегі роман, повесть жанрында туған шығармалардың бірқатарында қоршаған орта мен қаһарман қатынасын сана ағымы арқылы көрсету М. Мағауиннің «Тазының өлімі», «Көк мұнар», Т. Әбдіковтің «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды», А. Сүлейменовтің «Бесатар», Ә. Кекілбаевтің «Күй», «Ханша-дария хикаясы», «Бәсеке», «Шыңырау», О. Бөкейдің «Мұзтау», «Өліара», «Сайтан көпір», «Қар қызы», «Жетім бота», «Құм мінезі», Д. Исабековтің «Қарғын», «Тіршілік», «Сүйекші», «Өкпек жолаушы», С. Елубаевтың «Жарық дүние» т.б. тән еді. Прозаға өзгеше тыныс, бөлекше серпін әкелген мұндай туындылардың бірінен соң бірі дүниеге келуі әдебиеттану мен сынның қалыптасып қалған дәстүрлі әдістемелерін де жаңғыртуды тіледі. Аталған шығармалардағы мекен мен мезгілдің нақтыланбауы, жазушылардың кеңістік пен уақыттық өлшемдерге басқаша қарай бастауы, қоғамдық-идеялық фактордан алыстап кету немесе мүлде ескермеу, әлеуметтік белсенді кейіпкерлерден бас тарту т.т. соны сипаттар алғашында тосырқатып тастағаны рас. Қоғамдық идеалдың бұлыңғырлығын, трагизмнің шектен тыс қоюлығын, кейіпкердің әрекетсіздігін тілге тиек еткен сындар да болып жатты. Өйткені әдебиеттің мүлде жаңа сорапқа түсуі, тың ізденістер арқасында әлемдік әдеби тенденцияларға батыл үн қосуы ұзақ уақытқа созылмаған күрт өзгерістер болатын.
Оқиғаларды, негізінен, персонаждың жадынан, сана түкпірлерінен орын алып қалған жаңғырықтар арқылы туындататын сана ағымына хас белгілер М. Мағауиннің «Тазының өлімі» повесінен аңғарылады. Мұндағы бас кейіпкердің ролі Қазыдан гөрі итке (Лашынға) тиесілі. Адам болмысының күрделі табиғатына, олардың қарым-қатынастарының мәнісіне, жалпы адамның әлемде алатын орны мен жаратылыс қайшылықтарына жазушы тазы көзімен қарайды. Тазының арпалысқа толы өз ғұмыры мен адамдардың қайшылыққа толы тірлігі туралы ойлары, тіпті ғаламат сәйкестігі жайындағы толғаныстары оның жадысы арқылы қайта тіріледі. Яғни жоғалған уақытты іздеу сарынына орай сана қалтарыстарына жүгіну сынды модернистік әдеби техника толығымен салтанат құрады. Жады категориясының маңызын модернистік әдебиеттің орталық тұлғалары Джойс пен Пруст шығармашылығы негізінде салмақтайтын Ю. Боревтің: «Олардың шығармашылықтарында адамның жады өмірлік тәжірибенің ұланғайыр қоймасы ретінде алғаш рет айрықша ыжаһаттылықпен, ұлғайтып көрсететін әйнекпен назар салғандай қаралып, оның өзіндік үстем мағынасы негізделді. Өткендегі өмір қазіргі санадағы шындық фактілерінен гөрі тұлғаның рухани ахуалындағы ең мәнді кезең ретінде ұғындырылды. Сана өмірлік импульстардан бірте-бірте қол үзіп, өзіндік тәуелсіз ағыс ретінде дәйектелді», – деген пікірі біздің ойымызды қуаттауға септеседі [3, 459-б].
Повестегі Лашынның ойлары да лирикалық шегініс арқылы баяндалуы үзік-үзік сана көріністерін бір-бірімен жалғау, қайта қалыптастыру ретінде беріліп отырады. Қарны бұлтиып тамақ ішетін, масатыдай құлпырған табиғатта армансыз аунап-қунайтын, бойын белгісіз қуаныштар кернейтін, дүниеге масаттанып қарайтын алаңсыз күшікке қоршаған әлемнің барлығы қызылды-жасылды қызыққа толы. Оның балаң санасы өмірдегі бар заттарды «жеуге болатын және жеуге болмайтын» деп екіге ғана бөледі. Алайда қызықты дәурен ұзаққа созылмай, өмірдің ащы сабағын күшік кезінде-ақ алады. Ол – қара төбет Бардасоққа талануы. Қатыгез өмірдің алғашқы соққысын осылай көреді. «Екі-үш апта бойы жақсылап күткеннен кейін денесіндегі жаралар жазылды. Бірақ күшіктің жүрегіне басқа бір жара түскен еді: ол дүниеде әділетсіздік, зұлымдық, зорлық барын, басыңа бақытсыздық төнсе ақтығың, жазықсыздығың арашалап алып қала алмайтынын ұқпаса да, бұдан былай бейтаныс жан иелерінің бәріне күмәнмен, дұшпан көзімен қарайтын болған»[4, 9-б].
Дүниенің бей-берекет ретсіздігі, мәнсіздігі модернистік әдебиет танымының ең көп дендеуге тырысқан мәселесі болды. Кезіндегі «Абсурд театрының» дүниеге келуінде де модернистік эстетика ықпалы басты рөл атқарды. Неміс драматургы В.Хильдесхаймер: «Тек абсурдтық жағдай ғана өмірдің толық картинасын бере алады. Және де абсурдтық пьесалардың жиынтығы, яғни, құбылыс ретінде өмір сүріп тұрған абсурдтық театр ғана ӛмірдің аналогы бола алады», – демекші, модернистер үшін хаостық жағдайлар ғана болмыс ақиқатына жақындатады [5, 546-б].
Қазақ прозасында абсурдтық идея көбінесе әлемнің «күштілер үстемдігіне» құрылған әділетсіздігі түрінде танылды. Мысалы, сана ағымы поэтикасын әбден меңгерген Т. Әбдіковтің «Ақиқат» повесін алып қарайық. Шығарма бас кейіпкері Роберттің үзік-үзік санасындағы жаңғырықтар абсолютті шындық, адам мен әлем, жаратылыс пен мәңглілік т.б. іргелі философиялық толғамдарына құрылған. Повесть қарапайым ғана сюжетке құрылған, тіпті фабулалық қисынмен түзілген. Қаламгерге оқиғалар қоюлығы, сюжет дамуының логикасы аса маңызды емес. Роберттің телепаттық қасиетін өз мақсатына пайдаланушы профессормен, жындыханадағы көршісі священникпен және дәрігермен болатын диалогтық қарым-қатынастар ғана сюжеттік желілер түрінде көрінгенімен, олардың байланыстары да әлсіз. Олардың ортасындағы диалог полемикалық тұрғыда басталғанымен, бара-бара Робертпен диалогқа түсуші субьект ығысып, орталық образдың субъективті толғаныстары күш алып кетіп отырады. Өйткені ішкі монологтың күрделенген типі, ой мен сезімді бейнелеудің модернистерге тән техникасы – сана ағымы доминанттық сипат алады. Профессор-Роберт диалогының бір үзіндісіне жүгініп көрейік:
– ...Болашақ тұнып тұрған фальсификация. Шындық пен жалғанның шекарасын таба алмаймыз. Өйткені бәрін қолдан жасаймыз.
– Бұл сұмдық қой, – деді профессор сыбырлап. – Адамзаттың санасымен жасалған осыншама заттың бәрін жоққа шығаруға бола ма?..
– Мынау өмірдегі мән-мағына, қасиет, әділет деп жүргендеріміздің бәрі адамдардың өздері ойлап тауып жүрген дүниелері. Әйтпесе олардың жаратылыс заңының негізін құрауға еш қатынастары жоқ...» [6, 425-б].
Диалогқа пассив-қатынасушылар Роберттің болмыс хақындағы толассыз ойларына тамызық берушіге айналып отырады. Қаламгер Роберттің бейнесін ішкі ой-толғаныстарымен танытудағы мақсаты – өмір шындығын емес, өмір туралы пайым-түйсіктердің тиегін ағыту. Модернистік шығармада өмірдің алуан құбылыстарынан гөрі өмір жайындағы таным қырларын бірінші орынға шығаруы аталған туындының да басты ерекшелігіне айналады. Роберт үшін болмыс – «Шетсіз-шексіз кеңістікте зеңіп жүрген өлі-тірі денелер. Ажалдай қатал, мейірімсіз әлем. Мәңгілік деп аталатын уақыт кеңістігінде тіршілік атаулы қараңғы түнекте анда-санда бір жалт еткен нәзік сәуле секілді. Ал жеке адамның ғұмыры ше?.. Мәңгілікпен салыстырғанда осынша қып-қысқа ғұмырының ішінде осынша үлкен азапты арқалап кететіндей адам сорлының не жазығы бар?..». Сыртқы әлем заңдылықтарын иррационалды тұрғыдан қабылдайтын кейіпкер социумнан ажыраған, одан жатсынған контексте алынады. Ол – трагедиялы әлемге, оның онтологиялық мағынасыздығына бүлік шығаратын қаһарман. Сондықтан да ол басқалармен тіл табыса алуы мүмкін емес.
Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» повесі
Повесті алғаш оқығаннан-ақ, біз сыртқы оқиға емес, кейіпкердің ішкі монологын көреміз:
-
«Айқай – жаңғырыққа тең. Ал жаңғырықтан біздер, біздің іс-әрекетіміз, ой-мақсатымыз, тіпті күллі адамзаттың бар тіршілігі жаратылғандай...» [7, 3-б].
Қаламгер бұл жерде сырттағы «айқай» мен «жаңғырықты» кейіпкердің жан айқайына теңестіріп отыр. Бұл – сана ағымы ретінде оқырманды бірден кейіпкердің ішкі кеңістігіне енгізудің тәсілі.
Аспан шал молаға келгендегі күйі – ақыл мен түйсіктің, сана мен бейсананың ара-жігі бұлдырап кеткен сәт. Ол өзінің көмілген аяқтарына келгенде естелік пен елеске шомады. Бұл сананың ретсіз, еріксіз ағыны:
«Әлі есімде: ирелеңдеген көрбілте жол орманға кіре бергенде екіге айрылып… мені сыбырлап жүр-жүрлейтін» [7, 4-б].
Кейіпкер қайдан, не үшін бара жатқанын өзі де анық білмейді. Тек жүрегінің түкпірінен шыққан бір жұмбақ сезім оны алға жетелейді. Жазушы бұл сәтті шынайы өмір заңдылығымен емес, адам санасындағы беймәлім сезім арқылы суреттейді.
Түс көру – сана ағымы әдісінде өте маңызды. Аспан шалдың көрген түсі – оның жан дүниесінің күйін ашатын көркем құрал:
-
«Қос сирағы… сартылдап қуып жетіп, буындыра бастайды… тіл бітіп: ‘Сен бізді ұмыттың’, – дейді» [7, 8-б].
Бұл тек қорқынышты көрініс емес, адамның өз ар-ожданы, өткен күнмен, кінәсімен бетпе-бет келуі. Екі аяғының өзіне «сөйлеп», кінә артуы – еріксіз болып жатқан дүние.Бұл – адам мен өзі жасаған тағдырдың күресі.
Уақыт пен кеңістіктің бұзылуы
Сана ағымында уақыт түзу емес, ол ес пен жадының ығында жүреді. Аспан шал бірде балалық шағына кетіп қалады, бірде бүгінгі күнге оралады, бірде болашаққа көз тастайды. Мысалы:
«Бұл көзін жұма қалса өтірік жылайтындар, шын қуанатындар өте аз болады... аспан шал отыз жылдан бері өлімнің сапарына дайындалып жүр» [7, 18-б].
Кейіпкер үшін уақыт – тек сағат тілі емес, ол – ішкі қасірет пен үміттің өлшемі. Жазушы уақытты емес, уақытты сезіну сезімін береді. Бұл — сана ағымына тән ерекшелік.
Жан дүниемен астасқан табиғат үні
Боран, тау, қалың қар, түнгі тыныштық – бұлар жай табиғи құбылыс емес, кейіпкердің ішкі жағдайының символы:
-
«Қарлы боранда қан түкіртерлік қатыгездік бар... Құдіретті адамға қарсы тұрған табиғат» [7, 14-б].
Боран – оның жан дүниесіндегі аласапыран ойлар, өмірмен күресі, ал шөгіп бара жатқан күн, көмілген аяқтар – уақыт пен тағдырдың символы.
Адам мен қоғамдық арасындағы алшақтық
Аспан шалдың тірлігі – өзге үшін. Ол енді өзі үшін өмір сүрмейді:
«Аспанның тірлігі басқаға керек... өзге үшін өмір сүру керегін ұқты» [7, 8-б].
Бұл – экзистенциалдық сана. Модернизмде жиі кездесетін адам мен әлем арасындағы жатсыну, ішкі жалғыздық, қоғамға керексіздік сынды идеялар осы тұста ашылады. Аспан шал өзін «керексіз адам» деп сезінеді. Бұл – модернистік трагедия.
Шығарма соңында Аспан шал өзіне емес, ұлына тілек тілейді:
«Сайтан көпірден қорықпай өтсе, аман оралар еді» [7, 19-б].
Мұнда «Сайтан көпір» – өмір мен өлім арасындағы өткел, көпір – тек географиялық нысан емес, бұл – өмір мен өлім, сағым мен шындықтың символы.Бұл – сенім мен үміттің баспалдағы. Жазушы сол арқылы кейіпкердің жан-дүниесін тазартуға, ар мен рухтың биігіне жеткізуге тырысады.
Д.Исабеков «Қарғын» романы
Бағила – уылжыған, өмірге жаңа қадам басқан жас қыз. Әуелгі романтикалық арманы, өмірге деген сенімі оның алғашқы үлкен сапарында-ақ күйреп, ішкі күйзелістің сарынына ұласады. Міне, осы бір алғашқы сәттердің өзінде сана ағымының үлгісі айқын байқалады:
-
«Жарылмақ түгіл жаңқа боп кетсең де жігіттің мұнымен түк шаруасы жоқ... қуаныш пен бақытқа мас аласұрған балаң көңілге мұз басқандай әсер етті...» [8,3-б]
Осы үзіндіден бастап кейіпкердің ішкі арпалысы басталады. Оқиға дамыған сайын Бағиланың көзқарасы, таным өлшемі өзгеріп, оның жан-дүниесінде терең сілкініс жүреді. Бұған түрткі болған – пойызда кездейсоқ танысқан бейтаныс жігіт. Ол жай ғана сапарлас емес, Бағиланың жан-дүниесін төңкерген тұлға.
Бағила бейтаныс жігіттің жазып кеткен парағын оқығанда, оның ішкі дүниесінде күрт өзгеріс болады. Ол бұған дейін өз ортасын, айналасын биік көріп келген болса, енді сол ортаның қаншалықты қуыс, қаншалықты мағынасыз екенін түсіне бастайды:
-
«Бір парақ қағаз болдырмасын еріксіз мойындады. Өзіңнің өзгеден төмен екеніңді мойындау қорлықтың атасы екенін, білім мен парасат үстемдігін жеңер ешқандай қайрат, ешқандай қару да жоқ екеніне Бағила осы тұста ой жіберді...» [8, 15-б].
Бұл тұс — кейіпкердің ішкі жан әлеміндегі серпіліс сәті. Ой мен сезім иірімдері сана ағымы арқылы шынайы әрі әсерлі жеткізілген.
Автор кейіпкердің ішкі әлеміне терең бойлайды, оқырманға оқиғаны Бағиланың көзімен, жан дүниесімен сезіндіреді. Оның ойы мен сезімі – бүкіл оқиғаның негізгі арқауы:
-
«Жалған намыс өз бойында да жатқанын, жасырын жатқанын ұғынды, ұғынған сәтте өз-өзінен шошыды...» [8, 14-б].
Жасын-болмысы күрделі тұлға
Жасын — Бағиланың ішкі өзгерісіне тікелей себепші тұлға. Бірақ оның өзі де сана ағымы тасқынында өмір сүріп жатқан, психологиялық тұрақсыздық пен парасаттық ізденіс арасындағы тұлға. Ол өз махаббатын бағалай отырып, оны ақылмен шектеуге тырысады:
-
«Мен әйел адамды жақсы көру деген белдеуден асып кеткемін. Бәріне қақым бар, тек сүюге қақым жоқ...» [8, 86-б].
Оның ішкі дауылы – махаббат пен қоғамдық мораль, отбасылық міндет пен ішкі адалдық арасындағы трагедиялық тартыс. Жасынның санасында үнемі екі дауыс қатар сөйлейді: бірі оны ұмытылмас махаббатқа бастайды, екіншісі тоқтатып, өткеннің заңымен өмір сүруге шақырады:
-
«Оқуын бітірген соң ол өз бетінше кетеді, мен өз бетімше қалмақпын ба?.. Тып-тыныш, бейғам, бейтарап?» [8, 87-б].
«Қарғын» — адамның жан әлеміндегі бұлқыныстың бейнесі
Шығармадағы атау – «Қарғын» сөзінің өзі символдық сипатқа ие. Қарғын – көктемгі мұз еріген кездегі тасқын. Жасын: «...ішкі дүниеме қарғын судай күрт өзгеріс енгізіп...» деп Бағиланы сипаттайды. «Қарғын» сөзі бұл жерде тек табиғи құбылыс емес, жан-дүниенің арпалысын, сана тасқынын білдіреді.
Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі
Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі — қазақ прозасындағы сана ағымы тәсілінің терең әрі кемел қолданылған шығармаларының бірі. Бұл туындыда басты кейіпкер Еңсептің ішкі дүниесі, рухани күйзелісі, естеліктер мен елестер арқылы өрілетін сезім тасқыны сана ағымы техникасына толық сай келеді. Автор сыртқы әрекеттен гөрі ішкі ойды, бейсаналық процестерді алдыңғы қатарға шығара отырып, адам болмысының күрделі философиялық, психологиялық қырларын ашуға тырысады.
Повестің бас кейіпкері — Еңсеп. Ол — кәсіби құдықшы, өмірін суды іздеуге арнаған адам. Бірақ шығармада оның негізгі күресі — жермен емес, өз жанымен, өткен өмірімен, тағдырымен арпалыс. Әңгіменің оқиғасы сырттай қарағанда қарапайым: құдық қазу, ел мен бай тапсырысы, бірақ шын мәнінде бұл — сана тереңіндегі адамның өз болмысын тану процесі.
Еңсеп құдыққа түскен сайын, ол өзінің балалық шағына, жастық дәуреніне, өткен армандары мен өкініштеріне бойлайды. Бұл — сана ағымының негізгі ерекшелігі: логикалық ретпен емес, естеліктердің кездейсоқ ағынымен берілетін ішкі монологтар. Еңсептің әрбір әрекеті, әрбір қозғалысы — сыртқы қимылдан гөрі, ішкі толғанысқа алып барады:
-
«Көзін құдықта ашса да, жер астына әр түскен сайын бір жас қартайғандай болады.» [9, 5-б].
Уақыт пен кеңістік ұғымының көмескіленуі
Модернистік сана ағымы ерекшеліктерінің бірі – уақыт пен кеңістіктің шартты түрде берілуі. Еңсеп құдықта жүрген сәтте нақты уақыт ұғымы жойылып, оның жадындағы өткен күндер – жастық шағы, әкесі Құлжанмен естелігі, сүйген қызы, ағасы Дәржанмен болған оқиғалар – санасына үздіксіз тасқындай оралады. Осы арқылы автор шындық пен елестің арасындағы жіңішке иірімді сәтті ұстайды.
-
«Жан-жағынан аш қасқырдай анталаған үрей де кейін серпілгендей болды... Көңіліне қырық қайтара ойлап, қырық қайтара есіне алған, бірақ ойлаған сайын тереңдей түсетін тұңғиық ойлар қайта оралады.» [9, 6-б].
Сана ағымының белгілері осындай — кейіпкердегі өткен мен бүгін арасындағы үзілмейтін ой тасқыны.
Шығармада автор Еңсептің ойларын үшінші жақтың баяндауы арқылы емес, оның өз сезімі, өз ой ағымымен беріп отырады. Бұл ішкі монологтар — шынайы, кейде бей-берекет, бірақ эмоциялық жағынан өте тығыз. Мысалы, Еңсептің бақыт туралы толғанысы:
-
«Адам байғұстың қиялы жеткен жердегі жақсы мен тәттіні бір бойына сыйғызған осы бір сөз... бақыт қуған адамның тапқан бақытынан жоғалтқан бақыты көп болса керек.» [9, 12-б].
Мұндағы ойлар терең философиялық мәнге ие. Бұл тек бір кейіпкердің пайымы ғана емес, жалпы адамзаттық трагедияның көрінісі.
«Шыңырау» — символға тұнып тұрған шығарма. Құдық — бұл жай ғана географиялық объект емес. Ол — Еңсептің өмір жолы, адам болмысының тереңі, адам санасының шетсіз түпсіз кеңістігі. Еңсептің құдық түбіне түсуі — бұл жер қазу емес, өзінің өткен өміріне үңілу, өз түбіне жету.
-
«Сонау иненің жасуындай сығырайма тесікке, жарық дүниеге қарай жаныға өрмелеп барады.» [9, 6-б].
Жарық пен қараңғылық — өмір мен өлімнің, үміт пен торығудың мәңгілік күресін бейнелейді.
Төлен Әбдіковтің «Оң қол» повесі
Адам жанының бөлінуі – сана ағымының түпкі арнасы
Төлен Әбдіктің «Оң қол» әңгімесі – адам санасының бөлшектеніп, өзіне өзі жат бола бастағанын көркем түрде бейнелейтін шығарма.Жазушы адам жанындағы осы қорқынышты, санасындағы күресті көркем түрде жеткізген.
Шығармадығы Алма есімді қыздың сөзі:
-
«Маған қастандық жасаған мынау, бұл менікі емес, мүлде бөтен қол, мені өлтіргісі келіп жүр» [10, 5-б]. Бұл психиатриялық диагноз емес, бұл – адам жанының физикалық шындықпен келіспей, өзін-өзі жек көруінің ең соңғы шегі.
Мұнда біз модернизмнің өзегін көреміз:
-
Кейіпкер – өз ішкі әлеміне сенбейді.
-
Әлем – жүйесіз, абсурд, қорқынышты.
-
«Мен» – үзіліп қалған.
Өз-өзінен жатсынған кейіпкер
Алма – өзін-өзі түсінуден қалған адам. Оның есінде өмірбаян бар, ата-анасы бар, бірақ сана деңгейінде денесі мен жаны екіге жарылған. Мұндай жағдайды әдебиетте «тұлғаның күйреуі» дейді.
-
«Оң қолы кеңірдегін тас қылып қысып алған. Сол қолымен жанталасып айырмақ болды» [10, 7-б]. –Бұл көрініс – адамның өзін өлтіруге ұмтылысы емес, өз жанындағы қараңғы күшпен күресі.Оқиға жай ғана психикалық ауытқу емес, терең философиялық мәселе ретінде де көрінеді.
Шығармадағы дәрігер бейнесі – шындық пен елестің арасында тұрған кейіпкер. Ол алғашында бейтарап бақылаушы болса, кейіннен Алманың рухани әлеміне кіріп, сол трагедияның емшісіне емес, куәсіне айналады.
-
«Мен Алманың оң қолын алақаныма салып, сәбидей ұйықтап жатқан түріне қалғып-шұлғып қарап отыруға әбден дағдыланып алдым» [10, 16-б].
Осы кезден бастап дәрігер енді жай маман емес, Алмаға шын жанашыр жанға айналады. Оның ісін енді ақыл емес, көңіл билейді.
Модернисттік әдебиетте символ – оқырманға терең мағына ашады. Бұл әңгімеде оң қол – адам өз ішінде жеңе алмай жүрген тылсым, жат күштердің көрінісі.
Шығармада Алманың ауруы тек физиологиялық сипатта емес, ол – рух пен тәннің тартысы, сана мен бейсананың күресі. Бұл қақтығыс көбіне ұйқы мен түс көріністері арқылы беріледі:
-
«Ол тіпті түсінде де өзін қылғындырып жатқан оң қолынан қорқады» [10, 13-б].
Санасы екіге жарылған Алмада «мен» мен «ол» деген екі бөлек күш тартысып жатыр. Бұл – сананың ағымы ғана емес, бейсананың да жарылуы.
Әңгіме қайғылы жағдаймнн аяқталғанымен, ол – тек соңы емес. Бұл – адамның жан күйзелісін жеңе алмаған сәті. Бірақ сол трагедия арқылы біз адам табиғатының ең терең қатпарларын көреміз.
-
«Тамағында көкпеңбек қолдың ізі. Оң қолы кеудесінде жатыр...» [10, 24-б].
Ол өзін-өзі өлтірген жоқ. Ол – өзіндегі бөгде қараңғы күштің құрбаны болды. Адам – өзі үшін де жұмбақ жаратылыс.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ прозасының ХХ ғасырдың 60–80 жылдарында басталған көркемдік жаңғыруы – ұлттық әдебиет тарихындағы елеулі белес. Бұл кезең — қаламгерлердің тек мазмұн ғана емес, форма, тәсіл, стиль тұрғысынан да жаңаша ойлап, әдебиеттің табиғатын түбегейлі өзгертуді көздеген дәуірі. Осы дәуірдегі жазушылар әлемдік әдебиеттегі модернистік ағымның басты көркемдік тәсілдерінің бірі – сана ағымын шығармашылық зертханасына батыл енгізе отырып, оны ұлттық дүниетаныммен үйлестіріп, қазақ оқырманының рухани танымына лайықтай алды.
М. Мағауиннің «Тазының өлімі», Т. Әбдіковтің «Ақиқат», О. Бөкейдің «Сайтан көпір», Ә. Кекілбаевтің «Шыңырау», Д. Исабековтің «Қарғын», Т. Әбдік жазған «Оң қол» секілді шығармалар – сана ағымы тәсілінің көркемдік қуатын, оның кейіпкер болмысын ашудағы шексіз мүмкіндіктерін толық көрсеткен туындылар. Бұл туындыларда сюжеттік оқиға екінші планға ысырылып, кейіпкердің ішкі дүниесі, жады, естелік, сезім иірімдері, бейсаналық күйі басты бейнелеу объектісіне айналған. Әдебиет оқырманды сыртқы әрекетке емес, ішкі күйзеліс пен толғанысқа, санадағы арпалысқа жетелейтін арнаға көшкені анық байқалды.
Бұл шығармалардағы басты құндылық — адам жанының тереңдігін бейнелеу. Сана ағымы – дәл осы тереңдікке бойлаудың ең көркем, ең нәзік әрі философиялық әдісі. Ол жазушыны да, оқырманды да сыртқы шындықтан алыстатып, адамның ішкі болмысын, рухани дертін, жан күйзелісін көркем суреттеуге бағыттайды. Бұл тәсіл арқылы әдебиет өмірдің емес, өмір жайлы ойлардың, ақиқаттың емес, ақиқатты іздеудің кеңістігіне айналды.
Зерттеу нәтижесінде мынадай ғылыми тұжырым жасауға болады:
Сана ағымы – қазақ прозасын модернистік биікке көтерген көркемдік құрал ғана емес, ұлттық әдебиеттің әлемдік рухани кеңістікпен үндесуіне жол ашқан эстетикалық көпір. Ол әдебиеттің тақырыптық шеңберін ғана емес, поэтикалық құрылымын да өзгертті. Адам санасының ішкі қозғалысы, уақыт пен кеңістіктің шарттылығы, бейсаналық процестердің көркем бейнеленуі, жалғыздық пен жатсыну, қоғам мен тұлға арасындағы тартыс — осының бәрі қазақ әдебиетін бұрынғы шекарасынан асырып, жаңа көркемдік кеңістікке алып шықты.
Бұл үдеріс – бүгінгі әдебиет үшін де маңызды. Себебі сана ағымының поэтикасы арқылы жасалған шығармалар — тек дәуірдің көркем шындығын емес, адамзаттық, онтологиялық мәселелерді көтерген туындылар. Олар адамның ішкі болмысына қатысты мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді: адам кім? Оның өмірінің мәні неде? Рухани күйреуден қалай құтыла алады? Жан жарасы мен үміт арасындағы күрес неден туады? Мұндай сұрақтарға жауап беруде сана ағымы тәсілі – ең дәл әрі әсерлі жол болып шықты. Сондықтан да мұндай шығармалар – қазақ әдебиетінің асыл қазынасы ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ рухани байлық ретінде бағалануға лайық.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Майтанов Б. Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар. // «Қазақ әдебиеті» газеті, 2004. №43. – Б.8-9.
2.Есембеков Т. Драматизм и казахская проза.– Алматы: Ғылым, 1997. – 231 с.
3.(Борев Ю. Эстетика. – Ростов-на-Дону: «Феникс», 2004. – 704 с.).
4.Мағауин М. Екі томды таңдамалы шығармалар. Т.2. – Алматы: Жазушы, 1990. – 448 б.
5. Hildesheimer W. Erlanger Rede uber das absurde Theater. «Akzente», 1960, №6.
6. Әбдіков Т. Таңдамалы: Роман және повестер. – Алматы: Жазушы, 1991. – 512 б.
7.Бөкей Оралхан. Шығармалары. Повестер. / Оралхан Бөкей. – Алматы: «Елшежіре», - 2013. -384 6.
8.Исабеков Д. Сүйекші: Роман – Қарағанды: Qasym баспа үйі, 2022. – 320 б.
9.Әбіш К. Шыңырау.– Sana Publishing, 2025, – 80 б.
10. Әбдік Т.: Оң қол. – Қарағанды: Qasym баспа үйі, 2024. – 132 б.
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Модернизм-сана ағымы

шағым қалдыра аласыз