Өнерлі бала - өрелі
бала
Баимбетов Марат
Меирханұлы
М. Өтемісұлы атындағы оқушылар
сарайы
«Домбырамен ән айту»
үйірмесінің жетекшісі
«Құлақтан кіріп бойды алар,
әсем ән мен тәтті күй…», — деген өлең жолдарында, ұлы
Абай атамыз әннің өмірдегі орнын нақ суреттегендей, қазақ халқы
ән-күйді жанындай жақсы көріп, рухани жан-дүниесін ән арқылы шебер
бейнелеген. Баланың сана-сезіміне әсер етіп, өнерге, өмірге деген
сүйіспеншілігін тереңдетіп адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеуде, елін,
жерін, отанды сүю сезіміне баулуда домбырамен дәстүрлі ән айту
өнерінің тигізер пайдасы зор. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев
«Жастар - біздің болашағымыз. Оларды жаңа заманда өмір сүруге
үйрету – біздің міндетіміз. Біздің елде дарынды, енді
дамып келе жатқан жастарға ерекше жағдайлар жасалуда» - деген
еді.
Қазақстан Республикасының 2015
жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасына сәйкес кәмелеттік
жасқа толмаған әр бала қосымша тегін сапалы білім алады. Қосымша
білім беру ордасына бойында жетіліп келе жатқан дарыны бар оқушылар
келетіні белгілі. Демек өнерлі оқушы өзінің бойында дарын бар
екенін сезініп, сахнада өнер көрсетуге асығады. Сахна мәдениетін
игереді. Өз достарының ортасында мақтау мен құрметке ие болып,
өзіндік орны бар екенін білетін болады. Ата-анасының, бауырларының
мақтанышына айналады. Өнерінің арқасында ақ бата алып, жолы
ашылады. Көпшілікке жақын болады. Көптің арасында жүрген бала ерсі
әрекеттер мен жаман қылықтардан аулақ болады. Алдына мақсат қойып
оған жетер сара жолды таңдай білуді де үйренеді. Бір сөзбен
айтқанда асқақ армандары бар өнерлі қазақ баласы маңайына үлгі
болады. Енді сол өнерді игеріп бойындағы дарынын ашып ары қарай
алып кетудің де өз жолдары бар. Ұлы мұраларымыздың бірі – cан
ғасырлық тарихы бар әндерді насихаттау мақсатында, елордамыздағы
оқушылар сарайында «Домбырамен дәстүрлі ән айту» үйірмесі жұмыс
жасауда. Әнді үйренбес бұрын өлеңнің мазмұнын түсінуге, бұзбай
орындауға, тәрбиелік мәнін саналы түрде меңгеруіне мүмкіндік беріп,
шәкірттердің білімін сабақта және сабақтан
тыс мезгілдерде де Жетісу мектебінің халық әндері мен
термелерінің орындаушылары жайлы мағұлматтармен толықтырып отыру
артық етпейді. Қосымша білім беру жүйесі заманауи оқытудың
алғышарттарын игере отырып Ж.Қараевтың «Үш өлшемді әдістемелік
жүйесінің педагогикалық теориясы» негізінде оқытылуда. Үйірмеге
келіп жүрген әр оқушының музыкалық деңгейі әр түрлі. Бірі ән айта
білетін, бірі аспапты аз да болса меңгерген, ал тағы бірінің дауысы
орнықпаған болып келеді. Бұл балалармен жұмыс жасау аліпбиді жаңа
бастап оқытқанмен бірдей. Сондықтан оқушының қызығушылығын арттыра
отырып, бойындағы дарынын жетілдіру үшін қабілетіне қарай деңгейлеп
жұмыс жасалынады. Оқушының ырғақты сезіну, дыбысты таза есту,
дұрыс тыныс алу, әнді есте сақтау сияқты қабілеттеріне қарап,
онымен қоса дауыс көлеміне қарай репертуар таңдалады. Оқушының
алған ән репертуары мұқият қаралып, әннің жеңіл немесе
күрделілігіне қарай дауысын бұзып алмау үшін сол әннің айту үрдісі
көрсетіліп, төселіп үйренгенше мұқият тексеріліп отырылады. Әнді
үйренген соң, оның орындаушылық шеберлігі, мазмұны талданып, ішкі
жан дүниемен айтуға көңіл
бөлінеді. Деңгейлік тапсырмалармен жұмыс
жасау арқылы оқушының өзіндік жеке шығармашылық жолы, темпі, есте
қалыптасатыны айқындалды.
Бірінші деңгейдегі оқушылар
дұрыс отыруды, домбыра оң қол қағыстары мен
сол қол саусақтарының қойылуын
үйренеді.
Екінші деңгейдегі оқушылар
күрделенбеген шығармаларды үйренеді.
(халық әні «Еркем
ай»,
«Бипыл», «Сәулем ай»,
«Маусымжан», «Гүлдерайым»)
Үшінші деңгейдегі
тапсырмаларды барлық талаптарды сақтайтын домбыраның қыр – сырын
меңгерген, кең диапазонды шығармаларды орындай алатын, өз бетінше
ізденісі бар, үлкен сахналарға байқаулар мен концерттерге шығып
өнер көрсетуге дайын оқушылар орындайды.
(дәстүрлі сазгерлердің
әндері, мысалы; К,Әзірбаев «Туған жер», «Шырқа дауысым», «Ой
жайлау» т.с.с.)
Аталған деңгейдегі балалармен
үйірмеде бастауыш топ, ортаңғы топ, жоғарғы топтарға бөлініп жұмыс
жүргізіледі. Үйірме баланың қолайлы уақытына сәйкестендіріледі.
Оқушы өз қалауымен әндерді жаттап, аспапты өңдеп тартуды
үйренеді. Үнтаспа тыңдау, дикциямен жұмыс жасау
арқылы әншінің
орындаушылық ерекшеліктері жетілдіріледі.
Көптеген дайындықтардан кейін ғана ән жалғасымы үзілмей әдемі
естіле орындалады.
Нәтижесінде Алпысбаев Ернат Астана қаласы
Дельфиилік ойындарына және «Менің елім» қалалық патриоттық ән
байқауына сондай ақ «Сарыарқа сырсандығы» атты қалалық байқауға
қатысып – дипломмен марапатталды. Қасенова Камила Бурабайда
өткен Республикалық «Тайжарыс» радиобайқауынан II орынды иеленді.
Құлынбек Исмаил Астанада өткен халықаралық аспап-орындаушылары «Жас
өнер» байқауында, Есім Мақсат, Әжібаева Альмира Астанада өткен
«Шырқа дауысым» дәстүрлі әншілер байқауында жүзден жүйрік шықса,
Тұрсынхан Нұрай I орынды қанжығасына байлады. Шәкірттер өз
өнерлерін паш етіп, шын дарындар екендіктерін
дәлелдеді. Қала мектептерінен домбырамен ән айтуды
үйренуге келген оқушылардың жоғары оқу орындарына түсіп, өнер жолын
өмірлік серік етіп, мақсаттарына жете білгендіктері мақтануға
тұрарлық. Айта кетерлік
жайт үйірме түлектері бүгінде
«Шабыт» өнер колледжінде «Домбырамен ән айту» мамандығы бойынша
білімдерін жалғастыруда. Болашақта шәкірттердің жеке қабілетті
тұлға, ұлтжанды азаматтар болып қалыптасуына септігі тиіп жатса,
ұстаз еңбегінің еш кетпегені...
Пайдаланылған
әдебиеттер:
-
Мемлекет
басшысы Н. Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа жол» атты
Қазақстан халқына Жолдауынан (Астана, 2014 жылғы 11 қараша)
akorda.kz, zhasotan.kz сайтынан.
-
Қазақстан Республикасының
2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту
тұжырымдамасы
3. К.
Әзірбаев «Көпшілік тыңда әнімді»
4. Қараев
Ж. «Оқытудың үш өлшемді әдістемелік жүйесінің педагогикалық
теориясы» .