ҚАЗАҚ ТІЛІ ӘЛІПБИІНІҢ ЛАТЫН
ГРАФИКАСЫНА КӨШУІ –МАҢЫЗДЫ
ШЕШІМ
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2017
жылдың 12 сәуірінде «Егеменді Қазақстанда» жарияланған «Болашаққа
бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «2025 жылдан бастап латын
әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдеген. Латын тіліне
көшудің терең логикасына тоқталған. Қазіргі заманғы технологиялық
ортаның, коммуникацияның, XXI ғасырдағы ғылыми және білім беру
процесінің ерекшеліктерін атап өткен елбасының бұл пікірлерін
ғалымдар, оқытушылар толығымен қолдады.
2017 жылдың 26 қазанында
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін
кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойып
Қазақ жазуының жаңа кезеңіне аяқ бастық. Барша көзі ашық, көкірегі
ояу қазақстандықтар бұл қадамды толық
қолдайды.
Себебі ол қазақ халқының
рухани дамуына жол ашады және ел егемендігінің нышаны болып
табылады.
1992 жылдың мамыр айында
Түркия Республикасы үкіметінің бастамасымен Анкара қаласында барлық
тәуелсіз түркі мемлекеттерінің өкілдері жиналып, латын әріпінің
негізінде жаңа әліпби жасау мәселесін
талқылады.
Бір аптаға созылған маңызды
басқосу барысында барлық тәуелсіз түркі мемлекеттерінің өкілдері
кириллицадан латын әрпіне көшуге
келісті.
Содан бері қазақ ғалымдары
жаңа әліпбиге көшу жолында жұмыс атқарып
келді.
Түркияда өткен ғылыми
мәжілістің нәтижесінде Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан латын
алфавитіне көшіп алды.
Ендігі кезек Қазақстанға да
келіп, жаңа әліпби дайындағанда біз жоғарыда аталған мемлекеттердің
тәжірибесін пайдаланып, оларда орын алған кемшіліктерді ескеріп,
латын әрпінің негізінде қазақ әліпбиін жасадық. Президенттің бұл
үлкен бастамасына бүкіл қазақстандықтар
қатысты.
Жалпы алғанда біз қазақ тілін
латын әліпбиіне көшіре отырып, әлемдік мәдениетпен етене араласып,
қазақ тілін кеңінен танытатынымызды ұмытпауымыз қажет. Латын
әліпбиіне көшу – тарихи тамырымызға
оралу.
Латынға көшудің терең логикасы
және мұның үлкен саяси мағынасы да бар, біз тәуелсіз мемлекет
екенімізді көрсете білдік. Себебі біздің келешегіміз осыған да
байланысты болып келеді. 30 дамыған мемлекеттің қатарына қосылу да
осыған байланысты. Латын әліпбиіне өту әлемдік инновацияларды жедел
игеруге, келешегімізге нық басып, технология мен коммуникацияны
меңгеруде мүмкіндік беретін құрал. Сонымен қатар кең сөйлеуге,
ағылшын тілін және медицина саласын меңгеру үшін жол ашатын
мемлекеттік маңызды шаруа. Бір сөзбен атап айтқанда, бұл ғажап
дүние. Бұдан айырылып қалмау керек.
Бұл реформаның енуі үшін уақыт
қажет. Жаңа әліпбиді оқыту, қазақ тілді оқулықтар, әдебиет шығару,
баспасөзді латын графикасына ауыстыру көп еңбекті талап етеді.
Алайда қазақ халқының келешегі үшін, рухани дамуы үшін, кезінде
тоталитарлық режимнің күштеп енгізген әрпінен бас тарту
егемендігімізді нығайтуға, мемлекеттік тәуелсіздігімізді сақтауға
жол ашып отыр.
Сонымен қатар, Елбасымыз
айтқандай қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілді азаматтардың
құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін
шектемейді.
Қазақ тілінің жазу тарихында
әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық
әліпби деңгейіне жеткен. Мысалы, ежелден қазақ даласында руникалық
орхон-енисей жазбасы қолданылса, 9 ғасыр бойы қазақ халқы араб
алфавитін жүргізді, одан кейін 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару
Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы
латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу
туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу
үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылды,
демек 10 жылдан астам латын
алфавитін пайдаланды.
1920 жылдары латынға
көшу қажет деген мәселе күн тәртібіне қойылды. Қазақ зиялыларының
бірсыпырасы осы пікірді қолдады. Қызу пікірталастар, айтыстар,
дөңгелек үстелдер басындағы ойлар баспасөз беттерінде жарияланды.
Белгілі қоғам қайраткері, журналист Әбдірахман Байділдин “Біздің
жобамыз” атты мақаласыңда Мәскеуде қызметте және оқуда жүрген
қазақ жастарының латыншылдар ұйымын ашқанын айтады. Күн тәртібінде
бұл мәселенің неге қатты қойылып отырғанын айта келіп, “Елді
сауаттандыру керек. Бұл игі істі тездетуге араб әрпі жарамсыз, тез
хат танытып, тез жаздыруға қолайсыз. Оның баспа ісіне де
кедергілері көп. Саны 24-28, ал басуға, жазуға келгеңде 100-ден
асады. Шым-шытырық нүктелер көп, жазу оңнан солға қарай, ал цифрлар
солдан оңға қарай оқылады, пән белгілеріне жарарлық таңбалар жоқ”
деген уәж айтады.
Мәскеуде, Тәшкентте
латыншылдар ұйымдары құрылды. 1924 жылы маусым айында
Орынборда әліпби ауыстыру мәселесін талқылау мақсатында
Қазақ-қырғаз білімпаздарының тұңғыш сиезі ұйымдастырылды.
Аталған жиында қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов:«Біз қазаққа
латын әрпін күшпен алдырғалы отырғанымыз жоқ. Латын әрпі үйрену,
жазуға тым пайдалы, жеңіл. Түрік (араб) әрпінің біреуі төрт түрлі,
латындікі бір ғана түрлі» деп, латын әліпбиі Қырғыз, Өзбек,
Түрік сынды шығыс елдерінде қолдау тауып отырғандығын да
айтты.
1926 жылы бірінші бүкілодақтық
түркологиялық съезінде түрік халықтары «яналиф» бірыңғай түрік
әліпбиін қабылдады.
1927 жылы 19-қарашада Халық
Комиссарлар кеңесінің шешімімен Жаңа қазақ әліпбиінің орталық
комитеті құрылды. Аталған шешім негізінде комитеттің төрағасы -
Нұрмақов Нығмет болса, мүшелікке Тоқтабаев Кәрім, Жандосов Ораз,
Байділдин Әбдірахман, Ермеков Әлімхан, Тоғжанов Ғаббас, Шонанов
Телжан сынды қайраткерлер
тағайындалды.
1929 жылғы 7 тамызда КСРО
Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің
Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі
алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Басылымдардың барлығы
дерлік латын әліпбиіне көшірілді. Ауылдарда жаппай сауаттандыру
мақсатында қызыл отаулар тігіліп, ол жерде латын әліпбиі
насихаттала басталды
Латын әліпбиінің негізінде
жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін
кириллицаға ауыстырылды.
1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ
жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа
әліпбиге көшіру туралы» заң
қабылданды.
Латынға көшу мәселесін
дұрыс-бұрыс деп, таласып, дауласудың қажеті
жоқ.
«Көз қорқақ, қол батыр»
демекші, үлкен қадамға бет алдық. Біздің аталарымыз латын әрпінде
оқыған, жазған. Осы уақытқа дейін кітапханаларда сол жылдары
латынша шыққан еңбектер бар. Бүгінде кирил әрпінде оқитындар
латынға көшкен уақытта осы уақытта дейін жазылған еңбектерді,
кітаптарды оқи береді, оған қоса жаңа әліпбиді үйренеді. Ал
жастарымыз ағылшын, француз, неміс тілдер арқылы латын әріптерін
біледі. Енді бүкіл халық болып жаңа бекітілген латын графикасына
негізделген қазақ тілі әліпбиін меңгеру және дамыту жолында жұмыла
жұмыс істейік.
Әліпбилерді жаңарту – бұл
қалыпты тарихи тәжірибе. Қазіргі ақпараттық және технологиялық
кеңістікте латын жазуы – жаһандық прагматистік құрал, ол ешкімді
бөліп жармайды. Керісінше, бұл коммуникация құралы. Және де ол
қазақстандықтарға жақсы таныс. Латын әліпбиі ұлттық сөздігімізге
халықаралық, ғылыми-техникалық лексиканы бейімдеуге оңтайлы
мүмкіндік бермек.
Қазақ тілінің әліпбиін латынға көшіру
табандылықпен жүзеге асырылды. 2006 жылы Қазақстан халқы
Ассамблеясының 12 сессиясында Елбасы «Біз қазақ тілі әліпбиін
латынға көшіру мәселесіне қайта оралуымыз керек. Кезіңде біз оны
кейінге қалдырдық. Латын графикасы коммуникация кеңістігінде
басым.» - деп ой
салды.
2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен
«Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын
әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» - деп мәлімдеді
.
Ал 2017 жылы қазақ әліпбиінің жаңа
графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылданып, 2018 жылдан
бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге
арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажеттілігін айтып,
алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге
тиіс деп нақты тапсырмалары берілді. Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу
кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті
де қолданыла тұратының атап
өтті.
Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға
жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта
еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін
әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті
елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ
анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер
қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Мемлекеттік тілді
латын қарпіне көшіру әлем елдерінде тұрып жатқан қандастарымыздың
қазақ тілін үйренуіне де жақсы жағдай жасайды. Сондықтан латын
әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда
маңыздырақ
Латын әрпіне көшу − түбі бір, тарихы ортақ
түркі халықтарымен жақындастыра түсетіні де маңызды факторлардың
бірі. Олармен бірлесе отырып, гуманитарлық ғылыми-зерттеулерді жаңа
сатыға көтеруге мүмкіндіктеріміз көбейеді. Туыстас халықтардың
ынтымақтастығынан ешкім
ұтылмайды.
Әдебиет:
1.Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» стратегиясы:
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан
Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы 14 желтоқсан
2012 ж.
2. Н.Ә.Назарбаев 2017 жылдың
12 сәуірі «Егеменді Қазақстан» «Болашақ бағдар: рухани
жаңғыру»
3.А. Жұмаділдаев. «Қазақ
әдебиеті» газеті №42