Материалдар / Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» поэмасындағы Еңліктің қазақ қыздарына кереғар мінездерін талдау

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» поэмасындағы Еңліктің қазақ қыздарына кереғар мінездерін талдау

Материал туралы қысқаша түсінік
Еркін сөйлеуге, сыни ойлауға үйрету, шығармашылық пен жұмыстануға ықпал ету. Сөйлеу мәдениетін меңгерген тұлға ретінде өмір сүру біліктілігін қалыптастыру. Ана тілінде таза, еркін сөйлеуге төселгендігін таныта білу. Мәліметтерді ұстану мен рәсімдеу қабілеттерін қалыптастыру. Ғұмыр бойы өз білімін жетілдіруге деген ұмтылысын қалыптастыру. Шешімді түзу, танымдық іс-әрекеттің мақсатымен алынған нәтижені салыстыру , өзін-өзі бақылау қабілеттерін қалыптастыру. Күтілетін нәтиже: Поэманың тақырыбын, негізгі идеясын, мазмұнын біледі, кейіпкерге талдау жасайды, қорытынды шығара алады. Өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізуге дағдыланып, сындарлы ой айта алады. Өзін және өзгені бағалайды. Заман талабына сай өз білімін өмірде қолдана біледі.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
21 Желтоқсан 2017
2998
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Тақырыбы: Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» поэмасындағы Еңліктің қазақ қыздарына кереғар мінездерін талдау арқылы қазақ қызының ұлттық келбетін қалыптастыру.



Кіріспе

Зерттеу тақырыбына арқау болған Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» поэмасы халыққа кеңінен танымал. Шәкәрім Құдайбердіұлы өмір сүрген XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезі қоғамдағы саяси, әдеби, рухани өзгерістерне байланысты кезең туралы сөз қозғалған. Шәкәрім мұрасының қомақты саласы – поэмаларының бірі «Еңлік-Кебек» поэмасындығы Еңлік бейнесін талдау арқылы қазіргі қазақ қыздарының келбетін қалыптастыруда ғылыми түрде дәлелдеп, талдау жасалған.

Ғылыми-зерттеу жұмысының тақырыбы – Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» поэмасындағы Еңліктің қазақ қыздарына кереғар мінездерін талдау арқылы қазақ қызының ұлттық келбетін қалыптастыру.

Зерттеу жұмысының мақсаты: 1.Шәкәрім шығармашылығының табиғатын таныту. 2.Еңлік мінездерін жыр шумақтарынан мысал келтіре отырып дәлелдеу.3.Қазақ халқының дәстүрлі тәрбие түрлері арқылы қыздардың ұлттық келбетін қалыптастыру.

Ғылыми-зерттеу жұмысының өзектілігі - Бүгінгі қазақ халқының мақсаты  жаһандану заманында ұлттық және рухани құндылықтарды сақтай отырып, оларды жастар тәрбиесінің қайнар көзіне айналдыру.

Ғылыми-зерттеу жұмысының жаңалығы – Еңлік бейнесін талдау арқылы қазақ қызына тән мінезді ашып көрсету.

Зерттеудің барысы үш кезеңнен тұрады.

Зерттеу бірінші кезеңінде Шәкәрім өмірі туралы деректер келтірілді. Зерттеудің екінші кезеңінде «Еңлік-Кебек» поэмасы туралы түсінік берілді.

Зерттеудің үшінші кезеңінде поэмадан деректер негізінде Еңліктің қазақ қыздарына тән емес кереғар мінездері дәлелденіп, қазіргі қазақ қыздары тәрбиесімен байланыстырылды.


















I-тарау.

1. Шәкәрім – Абайдан кейінгі ірі тұлға.Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі,шығармашылығы туралы деректер.

Қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде өзіндік із қалдырған, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген, ұлы Абай мектебінің дәстүрін жалғастырушы, өзінен кейінгі ұрпаққа сарқылмас мол мәдени мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердиев белгілі гуманист ақын, ойшыл тарихшы-шежіреші ағартушы, ғұлама болды.

Шәкәрім Құдайбердиев халықымыздың қоғамдық ағартушылық, мәдени және әдеби өміріне белсене атсалысқан, ағартушылық-демократиялық, гуманистік идеяларды насихаттаған, Шоқан, Абай, Ыбырай ұстаған ағартушылық дәстүрді ілгері жалғастырушылардың бірі болды.

Артына мол мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердиев қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде 1858 жылы шілденің 11-де дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған, Абаймен әкесі бір, шешесі бөлек. Шәкәрім сонда Абайға немере іні болып келеді.

Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде, атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған. Шәкәрім жетімдік тауқыметін тарта қоймаған. Өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді: ол жөнінде ақынның өзі: «қажы марқұм мені „жетім“ деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім» деп өкіне еске алады. Алайда ақылды бала өсе келе тез ес жиып, жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытады.

Оның ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады, «молда сабағынан» басқа орысша үйренеді. Ақындыққа баулып тәрбиелеген ұлы Абай оның әйгілі ақын болып қалыптасуына елеулі үлес қосады. Бес жасынан оқып, аз ғана жылда сауатын ашқан зейінді де зерек жас көне түрік, араб, парсы тілдерін игеріп, көп ұзатпай орыс тілін де еркін меңгереді. Араб, парсы, түрік тілдерін өзінің туған анасы Дәметкеннен (шын аты Төлебике. [1.300] үйренсе әкесі Құдайберді ескі кітаптарды, қазақтың көне қисса – дастандарын, ақын, жыраулардың өлең, жырларын жатқа айтатын кісі болған деседі. Осындай тәрбие көріп өскен Шәкәрімнің өлеңге деген құштарлығының оянуына осы үлгі қолайлы жағдай жасайды. Былайғы өмірін ғылым білім қуумен қатар, домбыра тарту, гармонда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Ол жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер етеді. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өседі. Ақындық өнерін де таныта бастайды.[4.572]

«Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты тұңғыш кітабы 1911 ж. жарық көрген. Шәкәрімді философ, тарихшы, ойшыл ретінде де танытатын «Үш анық», «Мұсылсандық шарты» атты туындылары, әлеуметтік ағартушылық арнадағы «Жолсыз жаза», «Қалқаман — Мамыр», «Ләйлі — Мәжнүн» т.б. жыр жинақтары мен поэмалары басылып шыққан. Оның сезімді жүрегінен «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» сияқты жиырмаға тарта әсем әуезді әндер туған.

Шәкәрім — өзінің жарты ғасырдан астам уақытқа созылған шығармашылық өмірінде әдебиеттің барлық жанрында жемісті еңбек еткен қайраткер. Төңкеріске дейін, яғни 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспасынан Шәкәрімнің «Қазақ айнасы», «Қалқаман — Мамыр», «Жолсыз жаза, яки кез болған іс», «Еңлік — Кебек» атты кітаптары жарыққа шығады. Ақынның жекелеген шығармалары сол кездегі қазақ баспасөзінде жарияланды. Шәкәрімнің Физулиден аударған «Ләйлі – Мәжнүн» дастаны Ташкенттегі «Шолпан» журналының 1922-1923 жылғы бірнеше санында басылды. Одан кейін бұл поэма С.Сейфуллиннің бастыруымен 1935 жылы Алматыда «Ләйлі – Мәжнүн» деген атпен жарияланды. А.С.Пушкиннен аударған «Дубровский» әңгімесі жеке кітап болып басылды. Бұл әңгіме 1935 жылы орыс ақынының қазақ тіліндегі таңдамалы өлеңдерінің жинағына енді. А.С.Пушкиннің Шәкәрім аударған «Боранын» Б.Кенжебаев 1936 жылы «Әдебиет майданы» журналының 2-ші санында жариялады. Ақынның бір топ өлеңдері 1978 жылы Ленинградта шыққан М.Мағауин құрастырған «Поэты Казахстана» жинағында жарияланды. Өз заманының суретшісі, табиғат, қоғам, адам туралы көп толғаныс тебіреністер, философиялық тұжырымдар жасаған – Шәкәрім Құдайбердіұлының ақындық әлемі түрлі бейнелі образдарға, тілдік көркемдегіш сөздерге толы. Шәкәрім Абайдан кейінгі қазақ ақындарының көпшілігі секілді қазақтың өз әдебиетінің шеңберінде қалып қоймай Шығыс, Батыс, орыс әдебиеті үлгілеріне зер сала отырып, сөз өрнектерін әр түрлі бояумен әрлеп, көркемдеп отырады.

Шәкәрім әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абай Құнанбайұлының қолында тәрбиеленгеи. Бұл жағдай Шәкәрімнің дүние көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шындалуына зор әсер етті. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік менгерген. Батыс, Шығыс әдебиеттерін жетік білген. Жеті жасынан бастап өлең жазып, омірінің ақырына дейін ағартушылық бағыт ұстаған. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын болған. Шәкәрім шығармасы сан-салалығымен ерекшеленеді. «Жастарға», «Жастық туралы», «Кәрілік туралы» өлендері Абай үлгісінде жазылған. «Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар». «Анық асық әулие», «Шын сырым». «Арман», «Насихат» өлеңдерінің авторы. Шәкәрім ауыз әдебиетінің суырыпсалма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына, мазмұнынын өмірмен етене жақындасуына мол еңбек сіңірген. «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік — Кебек» дастандарын жазған. «Нартайлак-Айсұлу» поэмасының, «Әділ — Мария»романының, «Кодар өлімі». «Крез патша» шығармаларының авторы.

Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады. ХІХ ғ. — дың аяғы мен ХХ ғ.-дың басындағы қазақ өміріндегі оқиғаларға, құбылыстарға қызу үн қосты. «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық!» (1877) өлеңінде талапты жастарды ұлы Абайдан үлгі-өнеге алуға, содан үйренуге шақырса, «Жастық туралы», «Кәрілік туралы» (1879) өлеңдері Абай үлгісінде жазылып, адамның өмір жасын жыр етеді. «Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Құмарлық», сияқты дидактикалық өлең-жырларында боямалы ажарды, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алады.

Ғашықтық сезім таза, пәк жүректен маздайтынын айта келіп, («Анық асық әулие», «Шын сырым») адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндейді. «Жастарға» (1880), «Арман», «Насихат» (1881) атты өлеңдерінде әртүрлі тап пен топ өкілдерінің ниет, мақсаттарын шеней келе, қоғамда әлі моральдық өлшемнің дұрыс қойылмағанын сөз етеді. Шәкәрім — қазақ поэзиясында оның философиялық саласын дамытқан ақын. Бірақ кейбір өлеңдерінде («Бай мен кедей», «Бай мен қонақ») мәселенің әлеуметтік мәнін ашуға бара бермейді. Үстем таптың озбырлығын, қиянатын айтумен шектеліп, «еңбек ет, бөтенді қанама, ісіңе арың басшы болсын» деп уағыздайды. «Жуандар» деген өлеңінде байларды сынайды, бірақ таптық көзқарасты санасына терең сіңіре алмай, ағартушылық көзқараста қалып қояды.

1905 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы қажылық сапар шегеді. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Стамбул, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқиды. Осылай жинаған материалдар негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі» (1911) кітабын, қисындарын қазақ мүддесіне үйлестіре түсу мақсатымен «Мұсылмандық шарты» деген еңбек жазды. (1911) Бұл тұста ақынның діншілдігі ғана емес, үлкен ойшыл философ екендігі айқын танылды. Ол жаратушы алланы ақылға салып түсінуге ұмтылыды. Дін бұзушыларды қатты сынға алады. («Көнбеймін дінді теріс бұрғаныңа, Сопының бара қойман құрбанына». Абай сияқты Шәкәрім де феодалдық- рулық ортаның мінез-құлқын, моралін жат көрді, сол кездегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік жарықшақты көре білді. Шәкәрім кертартпалыққа қарсы күресте мәдениет пен ғылымның жетістіктеріне сүйенді, халықтар достығы мен туыстығын қуаттады. («Мен ұлтшыл емеспін, жақыным мынау демеспін» [2.720]). Орыс, батыс әдебиетінің тамаша үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстырды. Лев Толстойдың творчествосын аса жоғары бағалап, («Ақиқат сырымды айтсам Толстойдың, мың сопыны алмаймын тырнағына») өз халқын дүние жүзінің озық мәдениетін игеруге шақырды. Өзін ғұмыр бойы Л.Толстойдың шәкіртімін деп санады, онымен хат жазысып тұрды. Американ жазушысы Гарриет — Бичер Стоудың (1811-96) «Том ағайдың балағаны» романын, Л.Н. Толстойдың «Асрхадон патша», «Үш сауал» т.б. әңгімелерін А.С. Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударды. Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын нәзира үлгісімен жырлады (1907). Идеялық мақсат-мұраттары жағынан Шәкәрім үнемі демократтық, халықтық, гуманистік — ағартушылық бағытта болды. Бұл орайда 20-ғасырдың басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болды. Адамгершілік, ар-ұждан тақырыбына жазған ойшыл да парасатты туындылары баршамызға рухани азық.

Алашорда қайраткерлерінің еңбегін бағалай білді. Абайдың реалистік дәстүрлерін жалғастырып, эпикалық жанрдың дамуына үлес қосты. Адам санасына сіңіп, бойына тазалық пен инабаттылық дарытатын көркем шығармалардың тәрбиелік мәні зор. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, егемен ел болған заманда туған халқымен қайта қауышқан алыптарымыздың бірі Шәкәрімнің шығармаларын оқу, оқып қана қоймай, терең сырлы құпиясын ашып, оның адамдық, азаматтық құқық жайында жазған өлеңдеріне талдау жасай отырып, жас ұрпақты адамгершілік биік мұраттарға, адалдық пен ақылдылық, парасаттылық пен азаматтыққа үндейтін Шәкәрім шығармаларымен сусындап өсу қажет деп ойлаймын.


2.Поэма туралы түсінік.

Нысан абыз бейнесі кездесетін «Еңлік-Кебек» оқиғасы он сегізінші ғасырдың үшінші ширегінде, дәлірек топшылағанда 1770-1780 жылдардың аралығында Шыңғыс тауының алқабындағы Бөкенші өзенінің бойы мен Кіші Орда тауының балақ сілемінде өткен. Ол оқиғада мынадай тарихи шындық ізі жатыр: Қазақ басына ауыр күн туған заманда жоңғар шапқыншылығынан ығысқан қазақ елінің дені Сыр бойын сағалайды. Сарыарқа иен қалады. Тобықты ол кезде Қаратауды мекен еткен екен. Жоңғарлықтарды өкшелей қуған жұрт өзіне жол-жөнекей ұнаған жерлерге қоныстанған. Тобықты биі Қараменде мен батыр Бақай өз елімен Ертісті өрлеп барып, жоғары ағысына мекен етуді көздейді. Алайда олардан бұрын келген қалың найман мен керей Ертісті қапталдай жайғасады. Сондықтан да олар Шыңғыстаудың етегін баса, сыбан мен матайлардың арасына сыналай тұрақ тебеді. Жер дауы, жесір дауы өршиді. Мұның соңы тобықты Бақай батыр мен сыбан Маян батырдың жекпе-жегіне ұласады. Екеуі де қаза табады. Осы оқиғадан соң тобықты мен матай арасындағы қызыл жаулыққа әкеледі. Міне, осы кезде Еңлік-Кебек оқиғасы бұрқ ете түседі. М. Әуезов: «Шыңғыстың бұрынғы иесі матай болады. Сол матайды Кеңгірбай тұсында тобықты ру басылары алғаш ірге тепкен жерінен тайдырмақ болады. Бұның арты шабуылға ұласады. «Еңлік-Кебек» оқиғасы дәл осы алғашқы талас-тартыстың кезін көрсетуші еді», -деп түсініктеме береді. Еңлік – Кебек оқиғасына байланысты жазылған туындылардағы әлеуметтік тартыс, трагедиялық дау-дамайдың түп тамырында сонау ел басына күн туып, есіл жұрт үдере көшіп, қоныс іздеген тарихи кезеңнің зардаптары жатыр. Шығармаларда найман көптігінен тобықтының сескенетіні айтылғандығы болмаса, бұл тікелей сөз болмайды. Дегенмен, Еңлік пен Кебектің махаббат сапарында қайғылы қазаға ұшырауын тарихи оқиғалар аясындағы қоғамдық, әлеуметтік тартыстың қаталдығынан көреді. Еңлік пен Кебек оқиғасының драматизмін «ақтабан шұбырынды алқакөл сұламадан» кейінгі қайғылы ел тарихының ауыр жағдайы, ру мен ру арасындағы тартыс, рубасылардың арасындағы бітіспес кикілжің, қазақтың баласын бесікте айттырып қоятын, қыз баланы малға қалыңмалға сататын ескілік салты — бәрі-бәрі қосылып матастырып, қояландырып жібереді. Еңлік пен Кебек оқиғасы туралы мәлімет баспасөз бетінде 1892 жылы «Дала уалаяты газетінде» «Қазақтың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген атпен жарияланды. Кейіннен 1900 жылы тағы да осы газетте «Қазақ турасынан хикая» деген атпен шықты.[3.672] Мағауия Абайұлы да «Еңлік-Кебек» дастанын жазған. «Еңлік – Кебек» оқиғасының сюжетіне Шәкәрім ақын поэма арнаған. «Еңлік-Кебек» поэмасы Абайдың көзі тірісінде, оның ақылымен жазылған. Оқиғаны Абай шәкірттеріне айтып беріп, поэма етіп жазуды ұсынады. Шығарманың негізгі арқауы махаббат трагедиясы болғанмен, Шәкәрім замана кейпін нақтылау, оқиғаның ескі күндерде өткенін, ендігі жерде ел арасында мұндай келеңсіз істер болмауға тиісін дәлелдей түсу үшін хикаяның өмірлік фонына айрықша мән беріп, шағын көлемді тарихи ақпар жасайды. Дастанның кіріспесі ел-жұрттың бұл жерге келу тарихына барлау іспетті. Ақын осы тарихи процесс үстіндегі нақты жағдайларды тәптіштеп баяндайды.

Ақынның мұны ғажайып тартысты ойдан шығару емес, сол адам нанғысыз оқиғаны өмip заңдарымен дәлелдей білуде». Бұл айтылған пікірлердің қайсысы да шығарма шындығының төркіні өмірдің өз ағымынан туатынын қуаттайды. Ш.Құдайбердиевтің адам бостандығы туралы заман идеясына үн қосу қадамынан туған ғашықтық тақырыбындағы поэмалары осы махаббат деген ұлы сезімнің барлық уақыттарда бірдей, бip қалыпты, бip мөлшерде таныла, бағалана бермегенін білдіреді. Қоғамдық қатынастар мен өмip салтына, мәдениеттің әр алуан дережеде болуына байланысты, шындығында, махаббат туралы түсініктер де үлкенді­кішілі өзгерістерге ұшырап, тың түciнiк, талғамдарға ие болып, соған сәйкес өмірден де өзінше бағалар алып отырған. Мұның өзi заңды да. Адамның тipшiлік харакеті, санасы өскен сайын оның жалпы жайды ондағы құбылыстарды, өзімен бipгe басқаларды тануы, білуі, бағалауы да тереңдей түспек. Біз Ш.Құдайбердиевтің поэмаларынан осы жайды байқаймыз. Атап айтсақ, олардан бiз, махаббат деген асыл сезімнің қазақ жағдайында, қазақтың екі­үш ұрпағының өмipi тұсында ру таласын қоздыра түскен қатал да қатыгез кектің құралы дәрежесінен адамдық абзал қасиетті білдіретін үлкен сезім қалпына келуін, өсу жолын көргенбіз. XX ғасырдың бас кезі еді, ұлы өзгеріс заманының қарсаңы үшін бұл махаббатты асыра бағалағандық өмipді тepic түсінушілік емес еді, керісінше, адамдық байырғы абзал сезімге тың сипат, соны мазмұн берушілік еді. Махаббат сөзінің әр кезде, әр ортада әр түрлі танылып, әр­алуан бағалар алып келгенін бiз тек Ш.Құдайбердиев поэмаларынан ғана емес, әдебиет пен мәдениеті көне кездерден дамып келе жатқан өзге елдердің өмірінен де көреміз. «Үлкен әдебиет пен мәдениет бар Жапонияға Толстойдың «Воскресение» романы алғаш келгенде, — деп жазады В.Шкловский, — халық Катюша Маслованың жезөкшелігіне таңданбапты. Өйткені, жезөкшелік туралы ұғым мұнда біздегідей масқара мінез­құлықты білдірмейді жұртты таңдандырған нәрсе — Катюшаның Нехлюдовты сүйе тұрып, оған тұрмысқа шықпауы, басқа адаммен кетуі бопты. Махаббаттың осы бip жаңа қасиеті бүкіл елде күндей күлімдеп, мұхиттың асыл жағалауларындағы кiшiгiрім ауылдарға деген неше алуан әндер туғызыпты, ал Катюшаның eciмi адамдық жаңа сезімдердің символындай ұғынып кeтiптi. Tiптi сөздерінде «Махаббат» деген сөзге түсінік бергенде де, осы eciм бipгe аталды дегендей айтады». Бұл сияқты деректерге қарағанда, бip кезде ел бұзар, жұрт аздырар кесапаттай көpiнiп, керітартпа әдет­ғұрыптардың құрбаны боп кеткен Қалқаман мен Мамыр, Еңлік пен Кебек махаббатын кейінгі кезеңдерде үлкен адамдық қасиет, аса қадірлі сезім ретінде ашықтан­ ашық жырлануы, қоғамдық, әлеуметтік сипат, салмақ алуы тiптi де кездейсоқ жағдай емес. Мұның өзi, сайып келгенде, махаббатты тану, бағалау дәрежесінің адамның өзімен бipгe өciп, адамдық, қоғамдық маңызды құбылыс ретінде қадір ­ қасиетінің үнемі артып, тіпті бағасын алып келе жатқандығының айғағы боп табылады. Сонымен Ш.Құдайбердиев поэмаларының белгілі аңыздар негізінде туу мысалын, автордың сол аңыздарды жаңа заман талабына лайық суреттеу мақсатын көрсетіп өттік.

Мұның қайсысы да уақыт рухына сай көркем шығарма жасау үшін қажет шарттар, бipaқ олар әлі де шығарманың өзi емес. Шығарманың өзін жасау үшін ешкімнің, өлгенге жан берерліктей үлкен суреткердің қолы керек. Тарихтың дерегі — жеке нәрсе. Ол қаз қалпында өзгермей керісінше, оқушыға көп әсер ете де бермейді. Сол тарихи жеке нәрсені жинақтау, көпке ортақ үлкен көркем дүниеге айналдыру және оған тартымды, жанды сипат беру — көркемөнер ici. Өнер табиғаты осыны талап етеді. «Қалқаман — Мамыр», «Еңлік — Кебек» аңызы жұрттың бәріне белгілі. Сол көпке мәлім аңызды уақыт пен адамдардың өзара қатынасымен, өткен өмip, алдағы болашақпен, жалпы адамгершілік идеялармен тығыз байланысты түрде бейнелегенде ғана жұрт құптарлықтай көркем дүние жасауға болады. «Ақынның міндеті — деген данышпан Аристотель («Поэтика», IV тарау)[5.256], — болған нәрсені айту емес, анық болу мүмкіндігін, болуға ықтимал мүмкіндіктері мен қажеттілігін айту… Геродоттың шығармаларында өлеңге аударуға болады. Бipaқ бipi метраз (өлең өлшемі, бipi метрге тарих боп қалар еді». Сондықтан көркем шығармаға баға бергенде, оның тарихи шындықпен арасындағы айырмасын тeкcepiп жатудың онша қажеттілігі жоқ. Мәселен сол көркем дүниенің көркемдік құнын күңіретіп ғана, айқындай білуде. Осы әңгіменің үлкен түйіні осында. Ш.Құдайбердиевтің «Қалқаман — Мамыр», «Еңлік — Кебек» поэмалары әдебиетімізде өмip құбылыстарын адам тағдыры арқылы ашудың, оны мұқият зерттеуге батыл бет бұрыстың алғашқы тәжірибелерінен саналады. Олардағы сюжеттік арналар бip­бipiнe ұқсас болғанымен, коғамдық өмip қайшылықтарын бейнелеу деп негізгі көркемдік тәсіл ретінде тартымды да тапқыр тартылған. Қазақ қоғамын сан ғасыр бойы жегідей жеп, тежеп, өзара атыстырып, шабыстырумен келген ру таласы, ру тартысы поэмалардың негізгі арқауын белгілеп, автордың қоғамдық өмipдегi көп кecip, сан сұрапыл зорлық­-зомбылықтың сырларын ашуына мүмкіндік береді, адалдық, әділдік, теңдік іздеген аяулы жандардың мойнына қыл арқан боп түскен кесапат сиқын бейнелейді Ру таласы, отбасы тартысы — дүние жүзі әдебиетіне неше алуан ғашықтық дастандардың, трагедиялардың тууына себепкер болған белгілі сюжеттік желі зұлымдық пен махаббатты суреттегенде бірсыпыра ұлы жазушылар осы тартысты негізге алып, өз дәуірінің өз қоғамының кескін­-кейпін терең сындарлы аша білген. Мысал үшін алысқа бармай­ақ, әлемге әйгілі «Ромео­Жульетта» трагедиясындағы (В. Белинский бұл шығарманы лирикалық трагедия деп атайды) Монтекки мен Капулетти отбасыларының арасындағы қарым­-қатынасты және оның белгілі нәтижесін айтсақ та жеткілікті. Тағы басқа осындай ұқсас жайттар көбінесе бip жазушының eкiншi бip жазушыдан үйренуінен, үлгі алуынан туа бермеген. Қоғамның осы, өрлеу жолындағы ортақ, ұқсас жағдайлардың талас-­тартыстардан туып, ақын жазушылардың шығармашыдығынан өзіне лайық орын алып отырған. Мысалы, Ш.Құдайбердиевтің «Қалқаман — Мамыр» поэмасындағы негізгі түйін — Мәжетай мен Олжай арасындағы тартыс Қалқаман — Мамыр оқиғасына немесе «Еңлік — Кебек» поэмасындағы Матай мен Тобықты руларының тартысы Еңлік — Кебек трагедиясына әкеледі, бipaқ бұл жәйтті автордың Шекспир тағлымынан үйренуінен немесе соған еліктеуінен туған нәтиже деп бағалау қиын.




II-тарау.

1.Еңліктің қазақ қыздарына кереғар мінездерін жыр шумақтарынан мысал келтіре отырып дәлелдеу.

Сөз басын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де - біздің қазақ», - деген пікірінен бастасам.

Рухани тарихымыздың тарғыл беттерін парақтасақ, қазақ қыздары мен қазақ әйелдері, жалпы аналар әлемі туралы толғанбаған тұлғалар сирек екен. Солардың бірі мен жазғалы ортырған Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» дастанындағы Еңлік бойындағы қазақ қызына тән емес керағар мінездер. Қазақ әдебиетіндегі көптеген поэмаларда кейіпкерлерден болашағымызға улгі етерлік қасиеттері мен өзіміздің бойымыздан алшақ етуге тырысатын қасиеттер болады.Қазақ әдебиетінің шығармашылығында кейіпкердің бейнесін керемет суреттейді.Соның бірі Шәкәрім Құдайбердиевтің Еңлік-Кебек поэмасындағы екі ғашықтың бейнесі.Батыр Кебек пен тік мінезді сұлу Еңліктің бейнелерін оқып отырып көзге елестете аламыз.Кебектің батырлық ер мінезіді,парасатты әрі ақылды ер екені,ел-жұрты үшін жасқанбайтын азамат екенін білеміз.Еңліктің сұлулығымен қатар бойындағы батылдықпен күресшілдік қасиеттерін байқаймыз.Бірақ Еңліктің бойынан қазақ қызына тән емес қасиеттері байқалады.Еңліктің қай мінезі қазақ қызына сай емес екендігін талдап көрейік. Қазақ қоғамында қызға қойылған талаптар:


Қызға қойылатын талаптар

Талапқа сай ұлттық түсінік


1

Қыз бен жігіт арасындағы туыстық жеті атаға толуы

Жеті атасын білмеген жетесіз. Жеті атасын білген жігіт жеті жұрттың қамын ойлайды. Жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық.


2

Қыз бен жігіт арасындағы жас үйлесімі болуы

Отау тігер жас – жігіттерде 19 бен 25, ал қыздарға 16 мен 19. - Жиырмаға жеткен қыз сары болар, өңі кетіп, шырайы сары болар. (Шал ақын)


3

Қыздың ақылдылығы

Әйел алсаң, қарап ал ақылдысын, Ол сенің ақыреттік жақың кісің. (Шал ақын)

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата – ананың қызынан қапы қалма (Абай)

4

Қыздың тектілігі

Тегіне қарап қызын ал

Соғуына қарап қау ас.

Көріп алған көріктіден,

Көрмей алған текті артық.

Аяғын көріп асын іш,

Шешесін көріп қызын ал.

5

Қыздың сымбаты мен көркі

Әркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне.

Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу,

Махаббаттың отына күйген сұлу.

Ақылына көркі сай

6

Қыздың іскерлігі

Өнерсіз қыздан без.

Өнегесіз ұлдан без


а)Еңліктің бойындағы еркекшоралық.Ер балаша киіну қазақ қызына мүлдем жараспайды.Қазақ қыздары ұзын көйлекпен орамал киюдің арқасында өздерінің гүлдей нәзік сұлу жандар екенін көрсете білген.Еңліктің ер балаша әрекет жасауы да қазақ қызына жат қылықтың бірі.

ә)Қазақ қызы ешқашан ата-анасына қарсы шықпаған,ата-анасының ақ батасын алмай кетпеген.Еңлік өзінің атастырылған адамы бар екенін біле тұра ол Кебекке өз сезімін айтадаы.Еңліктің Кебекпен қашып кеткенін есту қыздың ата-анасына оңай болмады.Қазақ қызы ешқашан ата-анасының рұқсатынсыз қашып кетпейді.Ата-анасы қабылдаған шешіміне Еңліктің қарсы шығуыда қазақ қызына кереғар мінездерінің бірі.Қыз бала өзінің орнын білген,үлкендердің шешіміне қарсы шықпаған. "Мен жүрген бір сорлымынбағым жанбай" деп Кебекке өзінің басқаға атастырылып сорлының кейіпін кешіп жүргенін айтады.Еңліктің бойында қыз балаға тән ұяңдық байқалмайды.Қазақ қызы әрдайым гүлдей нәзік ,тәрбиелі жан болуы қажет.Қазақ халқы қыз баланы ерекше құрмет тұтады.Парасаттылығы мен инабаттылығы бойында,көркіне ақылы сай қазақ қыздары әрдайым ұлтымыздың ұлылығының дәлелі бола алады.

Қойшы Еңлікті таба алмай іздеп-іздеп,

«Қызың қашып кетті», — деп шалды оятты.

Шал жылап, әлі келді екі көзге,

Қолынан не келеді онан езге.

Қойшы барып еліне хабар айтып,

Матай келді жиылып осы сөзге.

Жан білмейді Еңлікті кім алғанын,

Қайда кетіп, қалайша жоғалғанын.

Алты ай қыстай кім келіп, кім кетпейді,

Қайдан білсін кәдікті кім қонғанын?

б) -Кебектің есімін естігенде қыз Кебекке тіке бетіне ұзақ қарап қалады.

«Атым — Кебек» дегенде жалт қарады,

Бағанағы айтылған бойжеткен қыз.

Бай қайтадан сөз сұрап қайырмады,

Әлгі қыз Кебектен көз айырмады.

Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде: «Ұяттылық пен әдептілік әрқашан қайырлы істерге бастайды», - делінген. Ұят – әдепті белден басып өте беретін, отырғанда, тұрғанда өзінің жаратылысын ескермейтін, қызға өте жарасатын қымсыну, тартыну, қызару, имену деген ойына кіріп – шықпайтын қыз өзіне ғана емес, ата-ана, бауыр –туғандарына сөз келтіріп, жерге қаратады.

г)-Ұйықтар уақыт болған Еңлік Кебекке өз төсегін салып береді. Қазақта қыз баланың белін 7 жасқа келгенде аналары белбеумен буып қоятын болған. 12-ге келген соң аналары қызының төсегіне дәл жауырының астынан келетіндей етіп қос арқан керіп соған ұйықтатқан. Мұның мәнісі қыздарымыз бұраң бел, аршын төс, сымбатты болып өссін деген тілектен туған. Сонымен бірге қызды он екіге толған шағында ата – анасы қызға киіз үйдің оң босағасынан орын беріп, оның көрпе төсегін көлегейлеп шымылдық ілген. Бұл дәстүр ел ішінде «қызын оң жаққа шығару»деп аталады. Шымылдық ішінде «қыздың үйі» - «қосаға», ал, осы қосағаны бүркемелеп тұрған перде «көсеге»делінеді.Қызы тұрмысқа шыққанда жасауымен бірге көсегесін де ала кетеді. «Көсегең көгерсін»деген тілек сөз осы дәстүрге байланысты қалыптасқан. 

Кебек келсе төсек жоқ төр алдында,

Қай араға жатарын тұрды білмей.

Күлімсіреп қыз айтты Кебек ерге:

«Қонағым, неге тұрсың құр бекерге.

Мен сізге өз төсегім дайындадым,

Бұрын жатқан жоқ па едің ондай жерге?»

Тең шешіп, мамық көрпе алды тауып,

Кебектің де қызға тұр көңілі ауып,

«Анық Кебек сен болсақ, арызым бар,

Бір айтармын», — деді де салды жауып.

Кебек батыр жатқан соң төсекке кеп,

Қыз мінезін ішінен қылады есеп.

Танымаған қонаққа сыр білдірген

Көрсеқызар, жеңсікқой ұрғашы — ау деп.


д)-Көз байланып, барлығы ұйқыға батқанда Еңлік Кебекті оятып, өз сырын айтады.

Түн ортасы ауғанда шал да жатты,

Қорылдап қатты ұйқыға әбден батты.

Үйдегілер теп-тегіс ұйықтаған соң,

Кебекті келді-дағы қыз оятты.

Ей, батыр сен жатырсын, ұйқың қанбай,

Мен жүрген бір сорлымын бағым жанбай.

Көрінгенге көз сүзген көрсеқызар,

Әдепсіз қыз дейсің ғой әлдеқандай.

Өз әлімше сынадым мен де сені

Сен қалай деп ойладың, айтшы, мені? 

Қыздан сорлы бола ма бұл жалғанда

Кез болмаса өзінің сүйер теңі?

Атым — Еңлік мына шал — менің әкем

Малы көп, бірақ, еркек баладан кем,

Жасында бұл да өзіңдей батыр еді,

Қор болып, осы күнде әркімге жем.

е)-Өзінің бір байдың баласымен атастырылғанын, оны өзіне тең көрмейтінін, атасқан жігіттің ездігі мен ынжықтығын айтады.

Мені де кедей емес, байға берген,

Күйеуім өткен жазда ұрын келген.

Қасына жатпақ түгіл жуымадым,

Білген соң шіріктігін келген жерден.

Нышаны жоқ бет аузында сақал, мұрттан,

Бұрын да естуші едім жайын сырттан.

Түн болса ұйқыдан бас көтермейді,

Күндіз асық іздейді ескі жұрттан.

Бетіне тумай тұрып түскен әжім

Күңге де есіктегі қылды тәжім.

Кер кеткен кеселдіге душар болдым,

Осыдан құтылардың бар ма лажым?

Оң қолының бармағы тағы шолақ

Бармақсыз қол ұстауға қандай олақ.

Мен сорлы емей, кім сорлы, ойла, батыр,

Күйеуімнің болған соң жайы сол-ақ.

Көп жігіт жүр сыртымнан қылып кеңес,

Мен ұнасам, алмаймын сені демес.

Солардың біреуімен кетер едім,

Байқаймын, бәрі менің теңім емес.

ж)-Кебектен өзіне тең көрер болса, алып қашуын өтінеді.

Бүгін мұнда кез болдың құдай айдап,

Атыңды естіп жүруші ем сырттан сайлап.

Тасыр болса, талғамай тап берер деп,

Түні бойы сынадым сізді абайлап.

Мен татысам, жігітсің маған татыр,

Міне, осындай ішімде қайғым жатыр.

Ойнас емес, өмірлік жолдасым деп,

Беремісің уәде, Кебек батыр?

Ауыл шауып, мал алып, қан төгілер,

Ойла! Қалып жүрмелік теріс батаға!

Ей, батыр, бұл сен айтар сөзің емес,

Уайым қып сескенер кезің емес.

Келер істі жалғыз-ақ Алла білер,

Ол сенін, өлшеп сатар бөзің емес.

Кімнің көзі жетеді күні ертеңге,

Теңін тапқан сенімен жалғыз мен бе?

Ел шабысып кетті ме соның бәрі,

Алып қашып алды ғой талай пенде! .

Оң жақтағы кезде жүз жігіттің арманы болса да, қызға бір азаматтың адал жан жары болу – парыз. Бүгінгі қыз – ертең бір әулеттің оң жағын қызартып, отау тігетін келіні. Желегі желбіреген сол келін өмірге ұрпақ әкеліп, ақ жаулықты ана атанады. Ал аналар – елдің тәрбиешісі, ұлттың беломыртқасы, берекенің бесігі. Іргетасы мықты соғылған үйдің ұзаққа шыдайтыны секілді, жақсы тәрбиенің қаймағын қалқып ішкен қыздан көргенді келін, білікті ана шығады. Әйел-аналар өнегелі болса, елдің көсегесі көгеріп, керегесі кең жайылады.

з)-Қыз Кебекке Тобықты мен Найман бітіскен уақытта бітіскен уақытта алып қашу керектігін айтып, оған дейін жартас маңында кездесіп жүрелік дейді. Осылайша олар 6 ай бойы кездесіп жүреді. Еңліктің аяғы ауырлайды.Араға біраз уақыт салып екеуі елден бірге қашып , жартасты паналап жатады. Жартаста қос ғашық ұлды болады.

Ер Кебек тыным алып үйде жатпай,

Еңлікке келіп жүрді дамыл таппай.

Кейде түзден жолығып, кейде қонып,

Алты ай қыс аттың терін бір құрғатпай.

Кебек келді бір күні қызға тағы

Ойында бар, ел бітсе, іс қылмағы.

Еңлік те дайын болды сол арада,

Қара жартас — белгілі табыспағы.

Қыз айтты: — Түнеугі айтқан уағда қайда,

Кел, кетелік кідірмей осындайда.

Азық-түлік киерлік киімдерім

Дайындап әкеп қойдым, мына сайда.

Қосылған соң кешікпей болдым буаз

Онан бері қыс өтіп, шықты ғой жаз.

Босансам өз қолында босанайын,

Құры бүйтіп жүргенге болмалық мәз.

Екеуі тәуекел деп кетіп қалды,

и) –баланы тастап кетуі .

Қыз ояу, Кебек ұйықтап жатыр еді,

Қозы күрең кісінеп қағады елек.

Еңлік түртіп оятты Кебек ерді,

Атқа қарғып мінгенше жау да келді.

Күрең атқа мінгесіп жөнелгенде,

Баласы бесігімен қала берді.

Өмірімізде ананың ыстық құшағы мен аяулы алақанына жететін не бар шіркін?! Əрбір сəби дүние есігін ашқан сəтте,ана дүниеде таңдап алынған періште оған қамқорлық жасап,өмірінің мəніне айналады екен. Əрбір сəби дүние есігін ашқан сəтте,ана дүниеде таңдап алынған періште оған қамқорлық жасап,өмірінің мəніне айналады екен. Ол періште біздің анамыз. Осы сəттен ананың бар мейіріміне зəру боламыз. Ал сол періштеміз, ардақты анамыз бізді керек қылмай жатсынып тастап кетсе не істей аламыз? Тумысынан тастанды аталған бала,болашаққа қалай үміт артпақ? Əрбіріміз болашақ сəбиіміздің осындай өгей өміріне себеп болмайықшы! Халқымыз қай заманда да қыздарын əлпештеп өсірген. Қыз баланың құлағына жасынан «Қыздың жолы жіңішке» дегенді құйып өсірген , сыпайы болған.  Ер адамға тік қарамаған.  «Қызға қырық үйден тыйым» деп қазақ салт-дәстүрінде тәрбиелік ұғым, ұстанымды атайды. 

Жарыса сөйлеуге

Жалғыз қыдыруға

Жыртақтап күліп,

сыпсыңдап сөйлеуге

Орынсыз ұрынуға

Басқаларға қол тигізуге

Өтірік, өсекке

Суық жүріс, сумаң қылыққа

Кісіге қарай керіліп есінеуге

Талтайып отыруға

Шалқайып жатуға

Тамақты обырлана асауға

Ұрлық-қарлыққа

Ұятты мүшелерін ашып жүруге

Бұраңдап қылымсуға

Қызыл іңірде жатуға

Түске дейін ұйықтауға

Кісі алдында киім ауыстыруға

Салт-дәстүрден аттауға

Елді ғайбаттауға

Үлкендердің жолын кесіп, атын атауға

Ішімдік ішу пен шылым шегуге

Ұрыс-керіске

Беттен алып, бет жыртысуға

Қараулыққа, ысырапқа

Рахымсыздық пен қатыгездікке

Түнде суға жалғыз баруға

Жат жыныстылармен араласып жатуға

Күйеуге қашып тиюге

Әдепсіз сөзге Тарс-тұрс етуге

Адам мен жануарларды тебуге

Кісіні қорлап жәбірлеуге

Тәкаппарлық пен сайқымазақ жасауға

Айқай-сүреңге

Шектен тыс сыланып жасануға

Қызғаншақтық пен күншілдікке

Менмендік пен өзімшілдікке

Алдап-арбауға

Көрсеқызарлыққа

Нәпсі құмарлыққа тыйым

Ұлттық тəрбиенің зерттелуі мен жүзеге асуындағы басты мəселенің бірі — жалпы адамзаттық жəне ұлттық ерекшеліктерді үйлестіріп отыру. Əрбір ұлттың қыз бала тəрбиелеуде ескіден келе жатқан жолы бар. Ұлт тəрбиесі баяғыдан бері сыналып келе жатқандықтан, əрбір тəрбиеші, сөз жоқ, əр ұлттың қыз баласы өз ұлтының намысын ойлайтын болғандықтан, тəрбиеші қыз баланы сол ұлт тəрбиесімен тəрбиелеуге міндетті.

Мектеп психологы А.Жақыпбекованың ұйымдастыруымен “Қыз тəрбиесі - ұлт тəрбиесі” тақырыбында 9 - 11 сыныптар қыздары мен аналарының қатысуымен сыр-сұхбат сағаты өткізілді. Бүгінгі қазақ қызы туралы, олардың қандай болуы туралы ой-пікірлерін  білу үшін сауалнама жүргізген болатынбыз. Соның жауаптары:

1-    сауал. ХХІ ғасырдағы қазақ қызын бұрынғы қазақы тәрбиемен тәрбиелеуге қалай қарайсыз, сіздің түсінігіңізде ХХІ ғасырдағы қазақ қызы қандай болуы керек?
2-    сауал. Бүгінгі қазақ жастары махаббат бостандығына қалай қарайды, соның ішінде қазақ қызының өзі бірінші болып жігітке сөз айтуы дұрыс па?
3-    сауал. Бүгінгі қазақ қызы қалай киінуі керек деп ойлайсыз?
Арай, оқушы .
1.    Мен үшін үлкендерше пайымдау қиын болар, сонда да өз пікірімді білдіріп көрейін. «Ана көрген тон пішер, ата көрген оқ жонар» деп аталарымыз бекер айтпаған болар, сондықтан тәрбиелі болғанға не жетсін. Біздің кез келген білместігіміз анамызға сын, сол себепті де анама сөз келтіргім келмейді. 
2.    Ондай жағдайды бастан өткеріп көрмегендіктен жауап беру қиын екен. Солай болса да әркім өз жүрегінің үнін тыңдағаны дұрыс болар. Біреуге ұят, намыс саналған нәрсе, енді біреу үшін қалыпты жағдай болып көрінуі де мүмкін емес пе?!
3.    Қай елде болмасын жарасымды киіне білген жөн. Осы сәнде екен деп шектен шығудың керегі жоқ. Қазақ қызына ашық-шашық жүру мен әлеміш бояу жараса бермейді, тартымсыз көрінеді.
Кенжегүл.
1.    Иә, менің ойымша қазақы тәрбие алу дұрыс. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтылмаса керек. Қыздарымыз-дың санасына кішкентай күнінен бастап рухани құндылықтарды сіңіргеніміз дұрыс. Қазір Европаға еліктеу кең етек алған заманда, жастардың соның ішінде ертеңгі ана болатын қыздарымыздың рухани жұтаңдануына жол бермеуіміз керек. Сондықтан да ХХІ ғасырдағы қазақ қызы жан-жақты білімді, тәрбиелі, иманды болғаны дұрыс.
2.    Жалпы менің түснігімде қазақ қыздары ар-намысын биік қоюы керек. Нақтырақ айтсам:
Кешегі Қыз Жібектер қысқа киім, Жігітке асылуды білмеп еді.
Қасиетін сақтаған аруларды Қазағым қай кезде де құрметтейді.
3.    Өз дене бітіміне сай, ыңғайлы, жарасымды киінгені жөн. Батыстың мәдениетіне еліктеп тым ашық, жұтаң киінуіне қарсымын.
Динара, ата-ана 23 жаста
1.    Қ.Мырзалиевтің «Әдемі қыз – көзіңе жақын, әдепті қыз – көңіліңе жақын» деген сөзі бар, осындай көңіліңе жақын қыз тәрбиелеп өсіру әрбір ата-ана, әулеттің ғана емес мемлекет пен қоғамның да міндеті. Біздің аналарымыз алған тәрбиені бүгінгі қыздардан іздеу орынсыз деп ойлаймын. Өйткені қазір шеше тәрбиесінен гөрі көше тәрбиесі басымырақ.  Қазір аяқ бассаң болды  кілең арзан сөзден құрылған мәнсіз, мағынасыз өлеңдер, дүңкілдеген әуен, оңай пайда табу тырысқан, қиындықтан қашқан, кіндігін ашқан жастар. Десек те осындай жастарды жолға салу үшін бұрынғы қазақы тәрбие керек-ақ деп ойлаймын. Алайда жастарды кінәлауға да болмайды, себебі бүгінгі аналардың көбі жұмысбастылыққа салынып бала тәрбиесін ақсатып алған.
2.    Кейде маған қазіргі жастар көбіне махаббаты бір сәттік ләззатпен алмастырып алғандай көрінеді. Көпшілігі алдамшы сезімнің жетегінде жүргенін білмей соны махаббат деп ойлап жүр. Шетелдік фильмдерге еліктеп, бүгін танысып ертең бір төсектен табылу қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай ма қалай?! Қыздың  жігітке сөз айтуын өз басын кемсіту деп ойлаймын.
3.    Қазір корей, түрік фильмдеріне еліктеп киіну жиі кездеседі. Парсылар қыздарын аяғын айқастырып отырғаны үлкен әбестік саналы, сол үшін оларды полицейлер дүрелейді екен деп естігенім бар еді, мұның қаншалықты шындыққа жанасатынын білмеймін. Әрине, бұлайша қатал жазалау дұрыс та болмас, дегенмен қыздарымыздың кіндігін ашып, қысқа киім киюдің ұят қана емес денсаулыққа зиянды екенін де ескергені дұрыс.
Гүлмира,ата-ана
1.    Әрине, қыз тәрбиелеп отырған ана ретінде әже, апаларымыздың ізінен танбауымыз керек деп ойлаймын. Заман ағымына ілесемін деп ұлттың қалыптасуына зор ықпал ететін ата тәрбиесін ұмытуға болмайды.
2.    Қазір Қыз Жібек пен Төлегеннің, Баян мен Қозының махаббатын кездестіру қиындау болар, көпшілік жастарымыздың сезімдері ерте табысқанымен, соншалықты тез айрылысып та жатады. Біздің қыздарымызға ана тәрбиесі жетпей жүргендей көрінеді. Аналар тәрбие бермейді деуден аулақпын, десек те қазақ қызын ертеңгі бір шаңырақтың ұйытқысысың деп, аса еркелетпей, әдепті етіп өсірсе деймін. Өз басым қыздың жігітке сөз айтуын құптамаймын, бірақ әркімнің еркі өзінде ғой.
3.    Батысқа еліктегеннен гөрі қазақ қызының өзіндік киіну салтын қалыптастырған дұрыс.

Айнұр, ұстаз-ана

1.    Менің түсінуімше, қазақ қызы деген абыройлы есім, оны алып жүру де кез келгеннің қолынан келе бермейді, әрі тәрбиенің бұрынғысы мен бүгінгісі болмайды. Тәрбие қашан да ұлттың өзіндік ерекшелігін, құндылықтарын сақтауы керек. Ал ұлттық құндылық дегеніміз қай уақытта да бір ғана мақсатқа бағытталады, яғни, салауатты, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Олай болса тәрбие ескірмейді. Сондықтан да қазақ қызы өз ибалылығын жоймай, өзгеге үлгі боларлықтай болу керек. Ақан сері «Ойнақтап сиыр үркіп жылқы болмас» дейді олай болса жүз жерден батысқа еліктегенімен қазақ қызы орыс та, ағылшын да, неміс пен француз да бола алмайды, сол қазақ қызы күйінде қалады. Бұлай дегенім қазақ қызы көштен қалсын дегенім емес, заманына сай оқысын, қызмет етсін, бірақ өзінің негізгі міндетін ұлт келешегін тәрбиелер ана екенін естен шығармағаны жөн деп ойлаймын.  

2.    Күнделікті өмірде жиі кездесіп қалатын жай - жастардың көпшілік ортада аймаласып, сүйісіп тұруы. Мұны өздерінше махаббат бостандығы деп ойлайды. Ал қазақ баласы еш уақытта да махаббатын жарқыратып жұрттың алдына жайып салып, көрмеге қойған емес. Өзіңіз ойлап қараңызшы беті ашық тұрған зат пен беті жабық тұрған заттың қайсысы жұртты қызықтырады. Әрине, жабығы. Олай болса махаббат құпия, нәзік болса ғана маңызды, ал мені көрдің бе дегендей өз сезіміңді жұртқа жариялау, көрінгенмен құшып, сүйісу махаббат емес, құр жабайы сезім болса керек. Неге мен өзімнің аялаған, нәзік нәрсемді жұртқа жариялауым керек?! Махаббаттың нәзіктігі сонша кішкентай елеусіз нәрсе оны жаралауы мүмкін. Ал қыздар қашан да өз құпиялылығын жоймауы, яғни жігітке сөз айтпауы керек.  

3.    Киіне білу - бұл үлкен өнер. Әр ұлттың, әр ортаның өз киіну әдебі болады. Өзгелер жапырақ жамалып жүрген заманның өзінде қазақтың  ұлттық киімдері көз жауын алардай әдемі еді. Бұл - халқымыздың талғамының жоғары болғанының белгісі. Дегенмен заман өзгерді. Өзіңнің жасыңа, жүрген ортаңа сай киіне білу керек. Сондықтан көп ашылып, шашылмай, бірақ сәнді киінген дұрыс.

Осы сауалнамалардың нәтижесінде түйгенім бүгінгі күні қыздарымызды қазақ халқының ұлттық дəстүрлері негізінде тəрбиелеудің заңды объективті қажеттігі туындайды. Мұндай жағдайда қыз балаларымызды өз халқының рухани қазынасымен, оның ұлттық мəдениетімен, əдет-ғұрып дəстүрлерімен тереңірек танысу қажеттігі бірінші орында тұрады. Өйткені өз халқының ұлттық ерекшеліктерін сезбей, басқа халықтың өзіне тəн ерекшеліктерімен салыстырмай, бағаламай өз рухани байлығын арттыру мүмкін емес.

Салт-дəстүрлердің қоғамдағы маңызы жайлы біраз ғалымдардың (С.Қ.Қалиев, Қ.Жарықбаев, Ж.Наурызбай, К.Ж.Қожахметова, Қ.Қ.Шалғынбаева, Р.Дүйсембінова, С.С.Қоңырбаева) еңбегінде талданған Бұл ғалымдардың берген ғылыми бағалары, пайдалану жолдарына байланысты ұсыныстары менің зерттеу жұмысым үшін маңызы зор болды. Осы ғалым еңбектеріне сүйене отырып қазақ халқының дəстүрлері негізінде қыз баланың ұлттық келбетін қалыптастыру моделін жасап, төмендегі қазіргі қоғамдық талаптарды ескердім.

Қоғамның қазіргі дағдарыстан шығу — жаңару мен даму кезеңінде болып жатқан саяси- экономикалық, мəдени-əлеуметтік жəне т.б. өзгерістердің, ұрпақ тəрбиесіндегі жаңа бетбұрыстардың, білім жəне тəрбие беру жүйесінің ісін жаңа сатыға көтеру қажеттілігіне көңіл бөлу;

-қазіргі мектептің оқу-тəрбие үдерісінде қазақ халқының қыз тəрбиесіндегі тəжірибесін тəрбие құралы ретінде пайдалану арқылы оқушы қыздардың бірегей дүниетанымын, адамгершілік көзқарасын қалыптастыруды жүзеге асыру, халқының əдет-ғұрпын, салт-дəстүрін білуге үйрету, отбасының ұйытқысы, болашақ ана, ұлтының тұтқасы ретінде сезінуге тəрбиелеу;


-өркениетті қоғамға сай білімді, іскер, шығармашыл, өз еркімен жауапты шешім қабылдай алатын, оның салдарларын болжай білетін, ынтымақтастыққа икемді, белсенді, елінің тағдырына, салт-дəстүрлеріне, əдет-ғұрпына үлкен жауапкершілікпен қарайтын қыз тұлғасын тəрбиелеу.

Сондықтан мен қыз балаларды қазақ халқының дəстүрлі тəрбиесі негізінде тəрбиелеуді жоғарыда аталған қоғам талаптарын ескере отырып, тəрбиелеудің төрт бағытын бөліп алдым: танымдық, эмоционалды-мотивациялық, мазмұндық, іс-əрекеттік.


Көрсетілген өлшемдер қазақ қызының ұлттық келбетін қалыптастыру үдерісінің нəтижесін анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан осы үдерістің бір құрылымдық компоненті ретінде қарастыра отырып, қазақ халқының дəстүрлі тəрбие түрлері арқылы қыздардың ұлттық келбетін қалыптастырудың моделі құрылды. Моделге сəйкес қазақ халқының дəстүрлі тəрбие түрлері арқылы қазақ қызының ұлттық келбетін қалыптастырудың мақсатын жүзеге асыра отырып, білім беру жүйесінде қазақ қызының ұлттық келбетін қалыптастырудың жүйесін құрастыру негізгі міндет болып табылады. Бұл міндет қазақ халқының дəстүрлі тəрбие түрлері арқылы қазақ қызының ұлттық келбетін қалыптастырудың төрт бағытын жүзеге асыруды көздейді.

Ғылыми негіздерден қазақ қыздарының ұлттық келбеті қаланады. Сонымен бұл нобай қазақ қызының ұлттық келбетін қалыптастыруды айқындауға жол ашады. Демек, қазақ халқының дəстүрлі тəрбие түрлері арқылы қыздардың ұлттық келбетін қалыптастырудың нобайы қыздардың табиғатпен біртұтастық сезімін ұштауға, дəстүрлерден тағылымдық алу шеберлігін шыңдауға меңгерген тəрбиесінен рухани құндылықтарды игеруіне мүмкіндіктер береді.


Бұл моделде қазақ халқының дəстүрлі тəрбие түрлері арқылы қыздардың ұлттық келбетін қалыптастырудың бүгінгімен жалғасуын ескеру қажеттілігі зерттеу барысында байқалды. Мұнымен бірге оның қағидасын, адамның өзін-өзі тануын, рухани құндылықтарды қалыптастыруын, имандылығының терең болуын қамтамасыз етуіне рөлі ашылды.

Моделден шығарар қорытындым:

қыз тəрбиесіне байланысты дəстүр, салт, əдет-ғұрыптардың жаңаруы;

халық санасында сақталған қыз тəрбиесінің озық дəстүр, салт-ғұрыптардың қайта жаңғырығуы;

қазақ халқының дəстүрлі тəрбие түрлері арқылы қыздардың ұлттық келбетін қалыптастыру амалының сұрыпталуы.Қазақ халқының дəстүрлі тəрбие түрлері арқылы қыздардың ұлттық келбетін қалыптастыру нобайы оның даму тарихына байланысты құрылды.

Қазақ халқының дəстүрлі тəрбие түрлері арқылы қыздардың ұлттық келбетін қалыптастыру толыққанды тəжірибеде қолдану мақсатында біздер тəрбие үдерісіндегі ұлттық келбетті құрдық. Ата- ана баласын өнегелі сөзімен, жеке басының үлгісімен тəрбиелейді. Оның азаматтық келбеті, мінез- құлқы отбасындағы жандардың күшті ықпалымен қалыптасады. Мектеп жасына дейінгі балада үлкендердің сөзіне, қылығына, іс-əрекетіне електеушілік басым. Қазақ халқы қыз бала тəрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Тəрбие тірегі — халық мұрасы. Өйткені халықтық педагогика — белгілі бір ұлт өкілдерінің, əдебиеттің, мəдениеттің т.б. ежелден жинақталған, толығынан сақталған келер ұрпаққа қалдырған бай қазынасы. Бұны жас ұрпаққа жеткізу, əдет-ғұрып, салт-дəстүрді жаңғыртып, үздіксіз білім беру жүйесінде қыз балалардың бойында қалыптастырып тəрбиелеу — тəрбие саласындағы қызметкерлердің міндеті.








Қорытынды


Халықтардың кəсібіне, сенім-нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын салт-дəстүрдің əр адам өмірінде алатын орны ерекше. Себебі бізге туғаннан бастап ұлттық рəсімдер, салт-дəстүрлер арқылы ұлттық тəрбиені бойымызға қалыптастырады. Халқымыз «Бала тəрбиесі бесіктен басталады» дейді. Сондықтан білім беру жүйесінде қыздардың ұлттық келбетін қалыптастыру қажет. Оның өзі ана тілін білу, үйрену арқылы жүзеге асырылады. Өйткені ана тілі арқылы ғана адам өз халқының мəдениетіне, тарихына, дəстүріне ұмтылады, ұлттық мінез-құлық пен ой-қабілет ерекшелігін бойына сіңіреді. Қазақ халқының дəстүрлі тəрбие түрлері арқылы болашақта қазақ қызының ұлттық келбетін сақтау жəне оның уақыт пен кеңістігіне үндес дамып отыру үдерісін тарихи сананың негізінде іске асыру деп түсінеміз. Н.Ə.Назарбаевтың «тамыры жоқ болашақ ұлттық сипатты жойып, дүбəралық күйге ұшыратады» деген философиялық түйінінен байқаймыз.Сондықтан да қазақ халқының дəстүрлі тəрбие түрлері арқылы қыздар тəрбиесін қалыптастыруды өңдеу қазақ қызының ұлттық келбетін қалыптастыру жөнінде жұмыстың мақсаты, міндеттері, мазмұны, формасы, əдістерін, құралдарын анықтауға мүмкіндік береді. Қазақ қызының ұлттық келбетін қалыптастыруда келесі нəтижеге қол жеткізуді болжаймыз: қазақ қызына сай ұлттық келбеті қалыптасқан, ана тілін терең білетін, ата-тегі, адалдығы мен пəктігі бойына дарыған, өз ұлты мен жалпыадамзаттық құндылықтарын игерген, ұлттық дəстүрлі тəрбие түрлерін жете меңгерген қыз тұлғасы.Тұтас педагогикалық үдерістің өзіне тəн бағыттары бар. Олар оқыту мен тəрбиенің мақсаты, мазмұны формалары мен əдістері, сонымен қатар нəтижесі. Бұл бағыттар бір-бірімен тікелей байланысты түрде іске асырылады, демек, педагогикалық үдеріс сонда ғана татымды нəтиже беретіні белгілі.

Біз нобай құру барысында тəрбие үдерісінің ерекшеліктеріне де сүйендік. Тəрбие үдерісі — күрделі жүйе. Қазіргі теориялық педагогикада тəрбие үдерісі жүйесінің төмендегідей өлшемдер бойынша құрылған моделі белгілі: тəрбие үдерісінің мақсаты мен міндеттері, мазмұны,үдерістің жүру шарттары, тəрбиеші мен тəрбиеленушілердің өзара іс-əрекеті, қолданылатын əдістер, формалардың, үдерістің даму сатыларының, т.б. өзара байланысында.

Демек, қазақ халқының дəстүрлі тəрбие түрлері арқылы қыздардың ұлттық келбетін қалыптастыруға жасалған модел негізінде қазақ қызының ұлттық келбетін тəрбиелеудің нəтижелі болуы тəрбие үдерісінің бірте-бірте өзін-өзі тəрбиелеу үдерісіне ұласуына байланысты болатындығын есепке алу маңызды.

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ