Тәңірмен тілдесу

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Тәңірмен тілдесу

Материал туралы қысқаша түсінік
Тәңірмен тілдесу
Материалдың қысқаша нұсқасы
Ерік Омарғалиев

ТӘҢІРМЕН ТІЛДЕСУ
(әлем әдебиетінен аударма)

1

УДК 82. 09 (574)
ББК 82
О 57
Жауапты редакторы – ғалым-зерттеуші
Қошым-Ноғай Байбота Серікбайұлы
Кітапты баспаға «Академик С.Қалиев атындағы
педагогикалық инновациялар» ғылыми-зерттеу орталығы ұсынған
Пікірші: «Зияткер» қоғамдық қорының президенті, ақын
Құдайбергенов А. Қ.
О 57
Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы
Тәңірмен тілдесу (әлем әдебиетінен аударма). «Зияткер»
қоғамдық қоры жанынан құрылған «Академик С.Қалиев атындағы
педагогикалық
инновациялар»
ғылыми-зерттеу
орталығы.
«Zhardem» республикалық баспа компаниясы. – 2023 жыл. – 57 бет.
ISBN: 978-601-08-2113-7
Аталған жинақта талантты ақын әм зерделі ғалымның әлем
әдебиетінің поэзиялық туындыларын түпнұсқадан және орыс тілі
арқылы соңғы кезде жасаған аудармалары топтастырылған.
Аудармашының
оқырман
санасын
сілкінтер
тәржімалық
талпынысы, тәуелсіздік жылдарындағы жас ақындардың еркін ой
самғауына куә болғызады.
Кітап поэзия сүйер оқырман қауымға арналғанымен құнды.

ISBN: 978-601-08-2113-7

УДК 82. 09 (574)

ББК 82

© Омарғалиев Е. Қ.
© «Zhardem» RBK, 2023 жыл
2

АЛҒЫСӨЗ
Өкшемізді басқан буынның арасында өлең аударатын ақындар
бар ма деп біраз талпыныс қылғаным бартын. Шынымды айтсам,
Абай облысынан шыққан жас ақындар арасында тек Біржан Ахмер
мен Ерік Омарғалиев қана осы салада өзін танытып, Әлем
әдебиетінен танымал ақындардың өлеңдерін аударып, жыр сүйер
қауымға танытып жүр екен.
Аударма - қиын сала. Оған ақындардың көбі бел шешіп бара
бермейді. Неге дейсіз бе? Себебі проза бұра тартуға көнбейді. Ал,
поэзиядан аударма жасадыңыз ба, әрине, бірден басыңыз дауға
қалады. Өйткені, сіз басқа мәдениеттің, басқа діннің, ұлтыңыздан
таным - түсінігі мүлде өзге беймәлім әлемге аяқ басасыз.
Жасыратыны жоқ көркем аудармадағы ең қиын тәржіма – бұл
поэзия. Тақырыбыңа терең бойлай алмасаң авторлық ойды
бастапқы түпқазығынан адастырып жібересің де, тамаша өлең
тамырынан солып, сұрқы қашып, жансыз өлі дүниеге айналады.
Бір айта кетерлігі Қуандық Шаңғытбаевтан кейін Омар Хаям
Рубаяттарын аудару бақыты Ерік бауырыма бұйырғанына разы боп
қалдым.
Шығыстық жұлдыздар қатарынан саналатын шайырлардың
темірқазығы - Омар Хаямның кей танымал Рубайларынан үзінділер
аударғаны үлкен ойдың жемісі сияқты, біз осы аудармаға разы
болдық.
Күндер мен жылдарға, өмірге... еш қайран!
Қалмаймын, үзілмей, тағы да кешкі ойдан!
Ғайыптан түссем де, күссем де, сезінем барлығын!
Онсыз бұл жалғанның... жарлығы - жоқ қой мән! – деп
аударғаны көңілге қонымды.
Біз осы жинаққа аудармашының әлемдік поэзиядан жасаған
аудармаларын «Түркі әдебиетінен аудармалар», «ТМД әдебиетінен
аудармалар» және «Еуропа мен Америка әдебиетінен аудармалар»
деп шартты түрде топтастыруға болады. Ерік тәржімаларынан
тілдік одағайлықты еш көре алмадық. Талантты аудармашы
бауырлас өзбек, әзірбайжан, тәжік, татар, және қырғыз әдебиетінде
өзіндік қолтаңбасы бар поэзия дүрлерін ана тілімізге төгілте
аударып, олардың шығармашылық өресі мен авторлық ерекшелігін
таныта алғандығы өлеңсүйер жан ретінде бізді қуантты. Мәселенки,
Ерік аударған шайырлардың есім - сойларын тізе кетуді жөн көрдік:
3

қырғыз ақындары Аман Тоқтоғұлов, Аалы Токомбаев, Сооронбай
Жусуев, Эртабылды Аттокуровтар және Татар ақындарынан
Мөдәррис Әгьләмов, Маннур Саттаров, Рәхим Саттар, Илсөяр
Иксановалар мен Өзбек ақындары Айгүл Сүйіндікова, Усман
Азимдер, тәжік ақыны Бахтиер Аминов тағы әзірбайжан ақыны
Аббас Саххат сияқты ақындар да бар. Сол себепті Түркі әдебиеті
өкілдерінен топ аудармалары туысқан халықтардың қазақ тілінде
құйқылжуы қуанарлық еңбек деуге әбден болады.
Бұдан бөлек орыс поэзиясынан Ахматова, Рязанов, Есенин,
Бунин, Пастернак, Тютчев, Высоцкий, Асадов, Н. Гумилевтей т.б.
шайырлардың өлеңдерін әрін қашырмай, жатық ана тілімізде
сөйлетіп отыр.
Мысалға, орыс жас ақыны Амелин Павелдің «Жаз күбірі»
атты өлеңі:
Күздің кешкі мұң - өрнегі,
Қылау күннің жанарында.
Ой торабы кіреукелі,
Жапырақтар сабағында. - деп аударылған түпнұсқаның
бағасын түсірмеген мұндай сәтті аудармалар Ерікте жетіп
артылады. Дейтұрғанменде, аудармашының орыс, беларус, украин,
қырғыз және өзбек пен татар, тәжік, әзірбайжан т.б. тілдерінен
тікелей аударма жасауы құптарлық та әлеуетті шығармашылық
қалып, үлкен жетістік.
Ерік аудармасы алашқа христиан әлеміндегі айтулы
ақындардың әлем аузына ілінген өлеңдерін қазақша сөйлете
білуімен құндырақ. Осындай ақындар арасында – немістің ақын ойшылы Фридрих Ницше, француздық Поль Верлен, бельгиялық
Морис Карем, мексикалық Октавио Пас, португалдық Фернандо
Пессоа, ағылшындық Перси Биши Шелли, италиялық Джосуе
Кардуччи, ағылшындық Кристина Россетти, америкалық Эмили
Дикинсон сынды біршоғыр Батыстың классиктері бар.
Әңгіме төркіні аударма жөнінде болғандықтан Еріктің барлық
аудармасына емес, тек бір ғана аудармасы төңірегінде сөз ететін
болсам. Тіл айшықтылығы мен қазақ әдібіне оңтайлап
ыңғайлауынан көп нәрсеге көз жеткіземіз. Сөзіміз орынды болуы
үшін Friedrich Wilhelm Nietzsche (Фридрих Ницшенің)
«Lebensregeln» атты үш шумақ өлеңі бар. «Lebensregeln» сөзбе -сөз
қазақшаласақ – «Ғылым өмірі». Оның алғашқы шумағы
төмендегідей:
4

Das Leben gern zu leben
Musst du darueber stehn!
Drum lerne dich erheben!
Drum lerne — abwaerts sehn!
Оның орыс тіліндегі «Правила жизни» атауымен өзі құралпас
жас ақын Олег Гаврилов жасаған аудармасы төмендегідей. Және
өлең атын орысшалау аударманың мәнін ашып тұрмағанын
аңғарамыз.
Чтоб жизнь прожить достойно,
Ты должен всё уметь:
И вверх идти спокойно,
И вниз легко смотреть.
Еріктің аудармасында бұл өлеңнің атауы қазақ ұғымына
бейімделіп алынған. Әрі «Құдайдың ұршығы» деп ұлттық
дүниетанымымызбен қабысады.
Құдайдың ұршығы:
Сүруің керек-ті жез - өмір.
Төгіліп ащы да көзе жыр.
Биікке шығуың оп - оңай.
Төменге қарауға көз - көңіл.
Біз аударманың қызығы мен шыжығына енді ғана өз
қаламымен түрен салған жас дарынға, тек сәт сапар тілейміз!
Сонымен, ұлт әдебиетінің болашағынан зор үміт күттірген жас
талап аудармашы қосылды. Тек, оған шалқар шабыт пен ойлы да
парасатты аудармашылық бақ тілейік!
Ақберен Елгезек,
Ақын

5

ОТАН
Шырылдаған бозторғайыңмын, сенің,
Қыбырлаған құмырсқаңмын, сенің,
Жыбырлаған жәндігіңмін, сенің,
— Отаным!
Құрсағыңда жаратылғанмын, сенің,
Сұлтаныңдай дара туғанмын, сенің,
Құшағыңда, қанатыңдамын, сенің,
— Отаным!
Бөленген ем, адалдығыңа, сенің,
Сүйінер көзім амандығыңа, сенің,
Теңегенмін ғазал - жырыма, сені,
— Отаным!
Бабалар жатқан жұмағымдайсың, сен,
Даналар уатқан ұлы нақылдайсың, сен,
Бағалар саф әм алтындайсың, сен,
— Отаным!
Отаным, мәлім, биік екенің,
Жүректің жасын жыры етемін,
Өзімнің демім, өзіңнің лебің, - үзілгенінше,
Өле - өлгенше сүйіп өтемін!
Байлығым, тек сенсің, қадірлі Отан.
Көрсейші, тап – таза арымды жаһан.
Ұяның ұшқан құсындай шырқап –
Қиямын, білші, жанымды Саған, Отан!
(Әзірбайжан ақыны: Аббас Саххат. * Vətən өлеңі.)

6

ӨЛКЕМ МЕНІҢ
Алдыңда, саған, бас ием.
Тәжікстаным, сүйіктім.
Мың рет сөзсіз ғашық ем.
Бір рет мәңгі биіксің...
Қашықта жүрсе перзентің...
Өлкесін жырлар қалайда.
Жүректе ыстық зерлепсің...
Тәңірден түскен - шарайна.
Сүймеу де мүмкін еместей,
Өлкесін туған жұлдыздар.
Өзіңнің жерің... елестей,
Ұйқыны пүліш түн бұзар.
Жұмаққа татыр - туған жер.
Жемісіңді де суреттеп.
"Қайда деп сендей шырай бел?".
Ұшты, әне, қара, мұң - кептер...
Сағыныш - мауық басылмас.
Шексіз ғой біздің махаббат!
Келемін, кең төсіңді аш.
Арман - аңсарымды арқалап!
(Тəжік ақыны: Бахтиер Аминов. - Я приклоняюсь пред Тобою.
Орыс тіліне ауд: Халиулова Людмила.)

7

ПЕРЗЕНТТІК ЖЫРЫМ ӨЗІҢЕ...
Мәзірет ием, кием, басымды саған,
Тәжікстаным, ерек гүлденген.
Перзенттерің ғашық ән салған,
Баурына басқанмен түрлі елдер.
Өзіңнен жырақтап кетсек те,
Сөкпегін бізді, Отаным.
Сүйеміз, қайда жүрсек те,
Сүйікті, кең өлке, дарханым.
Сол өлке, мейір қандырған,
Жұп-жұмсақ мақтасы әлдилеп.
Шәрбәтті қауыны, бал - думан,
Шақтағы елестеп, жан билеп.
Ой - Сезімде саған шек бар ма?!
О бастан кіндік байланған.
Арман жырыммен кеп тұрам ба?!
Сәждедей сүйе даламнан!

(Тəжік ақыны - Бахтиер Аминовтан. Орыс тіліне ауд:
Людмила Халиулова.)

8

КҮТЕМ ЖАЗДЫҢ ЖАҢБЫРЫН...
Тереземді тырс-тырс шертіп бейне осы,
Мезгіл менің ұрлап кеткен жастығым.
Ажар ашқан сұлулықтың дүниесі,
Күтіп келем жаздың жұмақ жаңбырын.
Мен отырсам терең ойға шомылып,
Ақсырық та суретіңді сағымдап.
Бұлттан болсын қол бұлғашы, көрініп,
Сағыныштың күйік - әні мамырлап.
Көңілімді билеп алған қызғаныш,
Оңашада тағы да ойлап күй толған...
Сыр жасырып мыңнан бөлек мұздап іш,
Неткен ыстық, неткен көркем сүйген жан!
Боз қыраудай аппақ шалса шашымды.
Ол анығы Күз салқыны деп білгін...
Мойындау да айтасың тек... расыңды.
Аруым-ау, мейірім сепші, төктім - мұң...

(Күтөм жаздын жамгырын.
Қырғыз ақыны - Эртабылды Аттокуровтан.)

9

ҚОС ЖҰЛДЫЗ
Естіші, ондай.. шақ қайда?!
Екеуміз қыдырған бақты ойла...
Қоңыр жел үттеп таңменен,
Қос жұлдыз туған аспанда...
Жұлдыздай сүюді Мен тілеп,
Жұлдыздай сүюді Сен тілеп,
Ол екеуміздің "жұлдыз деп",
Алмадық неге еншілеп?..
Қос жұлдыз сүмбіл жарасып,
Қос жұлдыз сүмбіл жанасып,
Сапарлас болып екеуміз,
Қалмадық айтшы, әрі асып...
Күндер де күндер жылжып сан,
Маусым бұлағы да сырғып паң.
Қуыс кеудемде маза жоқ,
Қос жұлдызды сондағы ұмытсаң...
ps:
(Арманға ғашық - Қос Жұлдыз...
"Жаңбырын" бізге, төкті күз...
Аяулы.. сонау.. сәттерден
Сағыныш орап кеп тұрмыз...)

(Кош жылдыз. Қырғыз ақыны - Сооронбай Жусуевтен.)

10

ЕГЕР БОЛСАМ...
Күн болсам, көз қуантып жарқыраған,
Нұрына қалағанша шомар едің.
Су болсам, асқарлардан шарқыраған,
Шөл кернеп су алуға барар едің.
Күркіреп жасындайын жарып өтіп,
Шарпылып құшағыма алар едім.
Мәңгілік махаббатқа тағзым етіп,
Сүйгенім, мейіріңе қанар едім.
Жан жетпес, тылсымдағы ғайып болсам,
Өзіңе шексіз ғұмыр берер едім.
Бұлбұлға гүлде тұрған лайық болсам,
Ұмтыла пәк жаныңа келер едім.
Ойланып, ұйықтай алмай жатқаныңда,
Ойыңды әнімменен бөлер едім.
Ақын болмай, шебер боп адаспағанымда,
Аспанға суретіңді безер едім.

(Егер болсом. Қырғыз ақыны - Аалы Токомбаевтан.)

11

ЖЕҢГЕЛЕР
Қалжыңы түйрер қайныларын,
Тілмен өткір жеңгелер.
Ұдай әркез ойындарын,
Қызық дәурен кем көрер.
«Кішісің» деп мүсіркеген,
Қайнап тұрсақ болаттай.
Біз бе, "бір саны үшін теңеу",
Тауыс па, олай тағатты - ай.
Жайлау түні. Ауыл маңы.
Жас бозбала жүгірген...
Қайда ол кез ойындары.
. "Ақсүйек пе" сүрінген...
Жүректе қап соның бәрі,
Мұнша зырғып ой кезген.
Бірақ, жаным жалындады,
Сәулесі ойнап қара көзден.
Қырдың ару жеңгелері - ай,
Сымбатқа ақылы келіскен.
Оқып жүрдім, мен, өлеңмен - ай,
Барлық сырды.. тек іштен.
Жеңгелерім...
Жеңгелерім, желдей жүйрік періштем!

(Жеңелер. Қырғыз ақыны - Аман Тоқтоғұловтан.)

12

АУЫРТПАШЫ ЖҮРЕГІМДІ
Қоңыр самал. Жер - гүлде,
Сыбызғы ойнатып үп үнді.
Сені ойлаған менмін бе?!
Ойға жеңдіріп ырқымды.
Жасыннан соңғы тербеліс,
Махаббат ескі әуенде.
Сыздаған жара. Өң мен түс.
Ұмтылған жаным кеудемде.
Қорқыныш - қапа жүрегім,
Тас боп кетсе бір күні...
Сезімнен суыды. Білемін.
Шық тамшы тұнып кірпігі...
Көлеңке басып өңіңді.
Сүймей-ақ өмір кешсең бе?!
Аяулым, ауыртқанша жүрегімді,
Хаяттың суын ішсем бе...

(Урюка цвет в траве. Өзбек ақыны - Усман Азимнен. Орыс
тіліне ауд: Александр Файнберг.)

13

ТҮС ПАРАЛЛЕЛІНДЕГІ ШУМАҚТАР
Аспан түс көрсе. Ол түсте
Ең бақытты құсша самғайын.
Өзен түс көрсе. Әм ол түсте
Жүзейін.. толқынына талмайын.
Ақ қыс та, оранды түс өңіне,
Бәйшешек түсіне еніп те...
Ал бұл гүлдерге, көктем - түс енуде,
Мен білетін гүлдерден ғажап кейіпте...
Мен ұшатын қияли зәуде түс көмген.
Мұңды - жел ол да жоғалған...
Анашым, мен жайлы түс көрген,
Таң бозында туған үйге оралған...
...Жарықты өшірме, үстелден !

(Небо видит сон. В этом сне.
Өзбек ақыны - Айгүл Сүйіндікова.
Орыс тіліне ауд: Николай Ильин.)

14

ЖАПЫРАҚ
Бүршік аңқыған ен шақта оянып,
Сәумең күнге кірбік бой созған.
Қыбынан жүзі бояу ағарып,
Сыбдыры жанынан ән салған.
Шат жұлдыз күлкісіндей түн шолған,
Иран-бақ от көктемнен жылыстап.
Күз жауса.. Сарғая.. тіні солған,
Жалғыздық әнін дыбыстап.
«Қаншасының шынына жеттім мен!».
Жапырақ жан қайғысы қат-қабат.
Арманыңды қанша шерттің сен,
Қара жер білсе таптап - ақ!
Жапырақ жаның - Хаққа жақ. . .

(Лист. Өзбек ақыны - Айгүл Сүйіндіковадан.)

15

ЖАҢБЫР ТІЛІ – ЖАУАПСЫЗ
Мұң – шерді ұмыт дейді ме,
Аулада себездеп таң - жауын.
Өткенмен күз де, кейіме,
Қоштасу дегенмен жандағы - үн.
Себезді жаңбыр аулада,
Күттірген тосын хабарын.
Егерде көп күтсең, жаурама,
Найзағай хат - жыр жазамын.
Аулама жаңбыр ән салып...

(На дворе удивительный дождь.
Өзбек ақыны - Айгүл Сүйіндіковадан.
Орыс тіліне ауд: Николай Ильин.)

16

СЕН
Бақытым, бақытсыздығым,
Шаттығым, сағынышым сен.
Ай күтіп шаршағанда,
Жоғалтқан табысым сен.
Көздерімнің қарашығы сен,
Жаздарымның мұңы сен.
Жырланбаған әм жырланбас
Ең, ең, ғажап жырым сен...

(Син. Татар ақыны - Илсөяр Иксановадан.)

17

МАХАББАТТЫҢ АЙЫБЫ НЕ?
Махаббаттың не айыбы,
Не кінәсі сүюімнің?!
Жүрегімді қинай - қинай
Тағдырыма сыйынуым.
Көңіліме ақ мұң, қонды
Сенің тұлғаң нарттай дара.
Көздерімнің қарасында
Сенің бейнең шоқтай жана
Осыншама азабы не,
Қор боп сені сүюімнің?!
Тек бір қарашы жылы жүзбен,
Бір аяты тілегімнің.
Өз - өзімді жұбатумен,
Жанды қинап күйінуім...
__________
...Сен үшін бе, айтшы бірден...
Сағынышын тапсын күзден...

(Мəхəббəтнең ни гаебе?. Татар ақыны - Илсөяр Иксановадан.)

18

СҰРАМАҢЫЗ
Сұрамаңыз жазмышымды Жазылмаған маңдайыма,
Жазылмаған сөздеріме,
Жазылмаған көздеріме,
Сұрамаңыз жазмышымды Бақытымды,
Алғысымды,
Сүюімді, әр сәтімді,
Жоғалтулар,
Табысуымды...
Қарамаңыз жанды теліп,
Сөйлемеңіз жанға тиіп.
Көздерімде заңғар қиял,
Тілегімде қайтіп қиям?
Бәлкім теңіз, бәлкім ұшқын,
Бәлкім жарға соққан толқын,
Бәлкім дауыл...
Сұрамаңыз.
Сұрамаңыз жазмышымды.
Жазылмаған ол еш сызбаға,
Белгісіз ол жұлдыздарға.
Көздеріме, сөздеріме Ешқайсына жазылмаған
Жазмышымды өзім жазам... ӨЗІМ!

(Юрамагыз. Татар халқының ақыны - Илсөяр Иксановадан.)

19

ХАЛҚЫМ ҮШІН
Күншығыстан шуақ төгуге
Атар ақ таң.
Көкке қалқып таулар көріне,
Қия қалқан.
Алға қараймын. Анда ұям...
Көз мұнартқан.
Ерек Туған елде арзу
Ғазиз анам.
Ыстық мекен тау қырыңда.
Сәт тулап ем...
Кіммін саған - арлы ұлың ба?!
Айт, Туған ел!
Бар қасыретің, бар михнатың,
Маған ортақ.
Сен ғана сүй, сен еркеле,
Сен мені бақ.
Тағы сен біл: әр тынысым,
Барлық көшім
Сенің үшін, Туған елім,
Сенің үшін!

(Халкым өчен. Татар халқының ақыны - Рəхим Саттардан.)

20

«САНДУҒАШТАР ҚАЙ ЖАҚТА...»
Сандуғаштар қай жақта,
Саздары жүр құлақта.
Бір-бір тағдыр арқалап
«Өмір кешкен» жырақта.
Жүрегі ме — «жыр — бағым?!».
Сазыңа аунар мына күн.
Жұмаққа да, «сәлем» айт,
Тозақ даусын тыңдадым...

(«Сандугачлар куакта...». Татар ақыны - Маннур Саттаровтан.)

21

ЕСІМДЕ ӨТКЕН КҮН

Есімде өткен күн,
Тұратын бұлдырап:
Арзу бар жүректе,
Тамшыдай тұнжырап.
Бәрі де қайғырып —
Қайғырып сабылар,
Жас бикеш, қыз — қырқын,
Жабығып сарылар.
Түн бойы сәулесі
Жандарын ұшпақтар.
Тілесең ұжмақ бар,
Сүйгенге – құшақтар.
Шаттанып жылады,
Жылады жасырын...
Жастығын жоғалтып
Жылады ашынып.
Әуелі ойымнан,
Кетпейтін иірімдер.
Зырғыған қиялынан,
Ұмтылар сүйгендер.
Бәрі де қаймығу,
...Шақтардан қорқулар.
Маңдайға әуелде,
Жазылған құрбылар.
Екі жан бір болып
Мәңгілік өткенше.
Ауылдың басынан,
Беу, тойлар жеткенше.
Жігіттер, тұрғылар,
Бізді айтшы, сөкпек кім,
Естелік құрбылар...
Есімде өткен күн. Есімде!
Жүректе лүп еттің...
Көзімде мөлт еттің...
Күніндей Көктемнің!
(Бар иде заманнар. Татар ақыны - Мөдəррис Әгьлəмовтен.)
22

ОМАР ХАЯМ. РУБАЙЛАР
****************
Жұмақ гүлдерін қояр ем,
Шарап құмырамды түн іші...
Қызылды-жасыл түске бояр ем,
Жалғыздан-жалғыз мұң ішіп...
Сәулелі ай қадап жыр көзін,
Мейірге үндеп осында.
Үшеуге айналып бір өзім,
Ай. Мұңдастар. Көлеңкем қасымда.
Жүректе құдірет күйі ойнап,
Симфония сыңғырын шашуда.
Ақынның жаны - біл бейбақ,
Ал, жырлары толы тосынға...
****************
Ей, Ақылдым!
Хақ мазмұнын.. қиын ба, тану ?
Теңдесі жоқ шеберлігін сен паш ет!
Бұ дүниеде, тәубесіз тек, құбылма, бәрі !
Өмір - Сахнаң... жабылмай, ұйқасып өт!
****************
Күндер мен жылдарға, өмірге... еш қайран!
Қалмаймын, үзілмей, тағы да кешкі ойдан!
Ғайыптан түссем де, күссем де, сезінем барлығын!
Онсыз бұл жалғанның... жарлығы - жоқ қой мән!
****************
Бір анық. Ол - "өмірді" бөлмеу деп: "жас - кәрі",
Пәкиза қалыпта сүюің, илеуде - күнәсіз!
Осы "өмір ғой", безбенде - көзімді... ашқаны.
Білдің бе, келетін түбінде, жарқыным.
Ілезде, әркімнің "сағаты" әр басқа - шүбәсіз!

23

ЖҮРЕК СОНЕТІ
Мен саған арнаған өлеңде,
Айнала мәңгі жаз күлген.
Күнәдан аршып көгенде,
Мейіріммен Жарықты жаздым мен.
Шегініп ойша қалдыра,..
Жаныңнан жылу төгілген.
Бәрінде, білсең, бар күнә,
Онсыз да айтамын сеніммен.
Сәулелеп жалғыз бар кескін,
Мамық қар сынды жалт ойнап.
Шаттыққа енген жанды ешкім –
Кім райдан енді қайтармақ?
Бұл – мендік әлемде шек жоқ қой!
Балбалдай өлең ұшырған...
Жүрекке, жаным, мөрлеп қой,
Сонеттерімді ұсынған!

(Сердечный сонет. Эдуард Асадовтан.)

24

ТӘҢІРІМ ЖҮРЕККЕ ОТ БЕРДІ
Тәңірім жүрекке от берді:
Ақын боп сезіндім ғаламды,
Ақын боп сезіндім жалғанды,
Күз бенен сүйіп Көктемді!
Күнікейім тербеп ең әуел:
Үзілген өлең тізбегі...
Мейірімнің күңгірт іздері...
Қарашық сәулем, қона көр!
Қызыл – ды – жасыл үнімнен:
Жоқ бақыт келсін тосыннан,
Әуені көктен қосылған,
Қанатына тылсым ілінген.
Жұмбақ қой, бәрі! Түңілме.

(Я ль виноват, что я поет. Сергей Есениннен.)

25

ӘУЕДЕ ПҮЛІШ – КӨК ҚАНАТ
Әуеде пүліш – көк қанат,
Көлеңке түгіл, мол жарық.
Патшадай өзі – отқарақ,
Бұйырады долданып.
Жауһары ойнап бүтіндей,
Салтанат құрса еркінде.
Бақсының түнгі сүпіндей,
Сәулелер шіркін көркінде.
Өліараның ба, баянындағы?
Түн түрленсе жез кеуім...
Ақшақар қыстың бояуындағы
Бір күйге тартса өз ішегін!..

(Декабрьское утро. Фёдор Тютчевтен.)

26

ТЕНТЕК ТАМШЫЛАР...
Себезгі тамшы сияқты маңым,
Иткөйлек кимек мылқау түс.
Қоя тұр, досым, ұятты, бәрін,
Ұяттан да ащыны ұрттап іш.
Қызғылтым сабау, күміс қылаулап,
Ұша жөнелген – бұл қай жақ?..
Мына күн қайтеді?
Құрышын аулап..
Көз тіккен сен бе сырнайлап?
Соқпағы бітпей тұман буазсып,
Қайығы солық шөлмек түп.
Жағада қоңыр угәй қаз ұшып,
Теңіз түсіндегі жел кеп тік...
Тентек тамшылар...
Жылап тұр жаным!
Еріткен мұзы бұлттан күш.
Бір белгі күтіп, лақтырмадым,
Иткөйлегімді сыртқа ағыс...

(Все наденут сегодня пальто. Борис Пастернактан.)

27

КЕШІРІМ ЗАҢЫ
Біз кездескенде қиюда,
Ақ шұғыладай жарқ өтіп.
Кірпігім ұшы – құбыла,
Құбылыс кешті әндетіп.
Ғажапқа толы барқыт шақ,
Самала, сенде, сезім – кен.
Жүзіңдегі жарыққа ұқсап,
Өмірді көрдім өзіңнен.
Үйірген нәзік жырға да,
Йілген көктем әні құр.
Қалтарыста ма? Бұрмада?
Ұмыту, Кешірім – заңы тұр...

(Мы встретились случайно, на углу. Иван Буниннен.)

28

ЖАН ӘЛЕМІМДЕ – ЖЕБІР МЕҢ
Жан әлемімде – жебір мең,
Кезеңі оның қай уаққа?
Бірде – тар, бірде – өмір кең,
Салқын ақылым, салмақта!
Кеуде үңгірі күрсініп қалың,
Тамтығын таңса бұ жалған?
Тұсаған тұмса тіршілік бәрін,
Қаперсіз мұңмен обалдан.
Ұмытсам шерді шіркін деп күліп,
Жарадан жадау жан тоңып.
Аспаным бұлтты күн түбіттеніп,
Үміт жаңбыры жалтарып.
Кеспірін сұмдық жасырған қалың,
Қамқалы тонның – іші бау...
(Жаралған жанмын ба жасыннан ағын?
Тұрымтай торғай тұсына – ау?!)
Жас ағып жанар мөлтінен үзік,
Сүреңге түссе бағдарсыз.
Таңданып сірә, өкінген – қызық,
Өкініш түбі – қармау құз.
Жан әлемімде – жебір мең.
Күмілжіп ойлы бейуақта.
Тыңдашы дүние! Жеңілмен –
Меннен өзге жан жоқ па?

(Капризная память. Эльдар Рязановтан.)

29

АЙ ЖҮЗІ
Жалын атады қанымда шерім,
Жанымның дертін емде, сен.
Құшағыңа орап ән ырғақ керім,
Өзгеше әлемге тербесең.
Аққу мойының йіліп сұңғақ,
Гүл тағып тәжіңе қойсам ба?
Алуан түске құбылып сымбат,
Ай жүзі жайнар о, сонда!

(В крови горит огонь желанья. Александр Пушкиннен.)

30

ПУШКИНГЕ ОДА
Армандап тылсымы күшті,
Бір ұлттың тұлғалы бақытын.
Твер бағында күрсініп ішкі,
Мен тұрмын оқып ақ үкім.
Ғажайып, ақжалтыр сынды,
Аңызға сіңген тұмандай...
Көріп қалдым, көкжалды мұңды,
Көкжалдық үнмен ұрандай.
Әсем де жасырған жұмбақ,
Кейіпте екен болмысың.
Асаулау басың да қымбат.
Бозқырау неткен тау мүсін.
Күмілжіп... аз қатарға жауап,
Шарайна сыртқы ой кездім:
Бақытты жүзгем қайтадан аулап,
Шын ақын сен деп әм сездім.
Дәуірлер жүзінде сыңғыр,
Сәулелі ән де қалықтап.
Я, Жаратқан, үзілмесін жыр,
Қоңырауларын қағып қап...

(Пушкину. Сергей Есениннен.)

31

КЕШЕУ ЖАПЫРАҚ
Жақыным – жүрегімдегі,
Жырақтасаңыз и мейлі.
«Бақыт ұғымын» бұл өмірдегі –
Бақытсыздар білмейді!
Жылай алмаймын, жалыным басып,
Келсе үмітті... Кім сырар ?
Гүл шоғындағы әр күнім ғашық,
Өлімге бас тік – мұң сыңар!
Тегершік уақыт. Сезім сыздайды.
Аппақ қардағы – аппақ із...
Сыңғырлап тұрар, өзіңіз жайлы,
Кешеу жапырақ бақта аңыз...

(«Сердце к сердцу не приковано...». Анна Ахматовадан.)

32

ЖАРЫҚ КҮН СҮЙЕДІ АДАМДАР
Я не люблю иронии твоей... (Н. Некрасов)
Сендік те, мендік те, ешкімдік –
Тағдырдың сүймей орамын.
Жасырып қайтем? Бес күндік!
Керексінбеймін қорғанын.
Үлбірек жаның ауырса,
Қуаныш та қайбір жылытсын.
Үрейдің көзі жабылса,
Бір – ақ сәт ауар суық күн...
Жауған қар, жалбыр, жарқыра,
Көк түсте аспан айналар.
Күлкінің өзі жарты да,
Қасіреттен адалық қайда бар?
Сұлулық қалап бір ауық,
Кеңістіктен де тамшысыз.
Не ұтсаң да, жылап, ұқ,
Таңданыстан да жаршысыз.
Күрмеуін шешпей байламдар.
Барлығы – ортақ төбе жоқ.
Жарық күн сүйеді Адамдар
Ызғар мен Ащы Мұң керек жоқ.

(Ни твоей, ни своей, ничьей. Вера Звягинцевадан.)

33

ТОЛҚЫН ҒҰМЫРЫМ ӨЗЕК ГҮЛ
Толқын ғұмырым өзек гүл.
Сіз мені ұмытқан шығарсыз.
Жүректің қуат көзі өткір.
Біртұтас қиял да күмәнсіз.
Оның да аңсары тұңғиық.
Қашықтығы да тұман түз.
Сүйеген басын жырға ұйып.
Көкпейіштегі Тұмар қыз.
Шыныдай аппақ жүзіңе.
Бал ашып қайта түрлене.
Ғайыпқа сіңерде үзіле.
Пәкизатым-ай, «сүй деме!»...

(Нежно - небывалая отрада. Николай Гумилевтен.)

34

ТАСҚАБЫРДАҒЫ ТАҢБА
Ерлік қорымында – қадамас шырақ
Баһадүрлерім – жас төкпес.
Гүлдер атады – жауға алас, бірақ,
Мәңгілік алауға – Көктен – КӨЗ!
Тас қабырғада – ирек таңба бар.
"Бағзының сөзі" – деп қалма.
Айтылады мұнда: сирек тәубалар
Тәубалар соңы – «өт жолда».
Жалын шоқтары – қызғалдақ қызған
Өртті қалалар... От солдат.
Ту тілген жеңіс – ызбандап бұзған
Ақтық дем ұшы – кек қайрап.
Қайсарлық үлгі – қасқайған батыр
Жұлдызы жалт – жұлт кешқұрым...
Жарқылдап шырақ – аспанда бақұл
Даңқ дабысын есті дүм...

(Братские могилы. В. Высоцкийден.)

35

ЖАЛҒЫЗДЫҚ КҮЙІ
Жабырқағанда, жаздым өлең.
Жалғыз да жалғыз қалпымда.
Өтеді, білем, аз күн дәурен,
Алданып бейне жарқылға.
Адам ғұмырын - өлшерсің немен?..
Өлшеулі бір-ақ өмір ол!
Ойлардың легі - сеңдер түнеген...
Шықпайтын алдан жеңіл жол...
Соқпаққа түге, жетерміз бекер.
Сыбаға тартқан мың күйік.
Жалғыздық күйі. Мекен іздетер.
Жалғыздық - шындық, тұңғиық!

(Украин ақыны: Тарас Шевченкодан.
- Полюбила я на печаль свою.
Орыс тіліне ауд: Алексей Плещеев.)

36

ТҮНГІ МЕЙРАМ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ЖЫР
Маған сені көру арман...
Жатсам - тұрсам сол елесің.
Қарашықта - сағымданған,
Жарық мейірім.. сен келесің.
Сезім көшкен суық жаққа.
Сағыныштан жүрек жадау.
Қаншама айтар сыр тұнықта.
Үнсіздікте құдірет бар-ау.
Көрсем деп ем жалғыз сені.
Мейрам түнгі қарсаңында...
Жап - жарық боп жұлдыз жолы.
Түсіңе айналып жер шарында...
(Перед Рождеством. Орыс ақыны - Ира.)

37

ЖАЗДЫҢ СОҢЫ
Жаз - жамал, жаз - сайран,
Мезгілдің гүлдеуі...
Арылмай сазды ойдан,
Армандар бүрлеуі...
Күн жүзі күлімдеп,
Жер - Ана мейірлі.
Ақ өзен гүрілдеп,
Бұрқанған йірімді.
Өмірдің шуағын,
Себетін «жаз» осы!
Мөп - мөлдір бұла күн.
Қайтқанша қаз - көші...
Көкжиек көк сағым.
Ерке бір күніңдей...
Жырымды - ай ақ жалын.
Жаз соны, білдің бе - ей?!
Сүйіне.. қарадым,
Қалғандай.. шалқуға аз,
Қоштасу сал әнін,
Алтын жаз, барқын жаз!

(Беларус ақыны: Якуб Коластан. - Канец лета.)

38

ЖАЗ КҮБІРІ
Күздің кешкі мұң - өрнегі,
Қылау күннің жанарында.
Ой торабы кіреукелі.
Жапырақтар сабағында.
Бір жылулық - жүрекке жыр.
Жазар бәрін: жаз күбірі...
Ақында ғой, құдіретті - өмір.
Өзі білген жалғыз мұны...

(Сезон стареющего лета. Орыс қыны - Амелин Павелден.)

39

КҮЗ ТАМШЫСЫ
Күз әуендетіп
Жапырақ сары,
Көкшіл түн жетіп,
Бұлтты атырап бәрі.
Жаңбыр үні әйнекте,
Жан - дүние құлазып.
Көз жасы төгіп өткен,
Көксия жыр жазып...
Күз тамшысы ғой бұл
Терезені қаққан,
Өтпеген... ай, жыл,
Аршы, мені, тұңғиықтан.
Тәңірім, дұға еттім!
Іргеде күз кеп,
Жылытшы, құдыреттім,
Жаурадым мұз боп.
Жел аңыздағандай,
Түз әнін жырға
Жапырақ та құлай
Тағылған сырға.
Әуенінде билеп,
Күз күйі тылсым.
Өзгеше сурет,
Басып бақ ішін.
Күз тамшысы ғой бұл
Терезені қаққан,
Өтпеген... ай, жыл,
Аршы, мені, тұңғиықтан.
Жылытшы құдыреттім.
Жаурадым мұз боп...
Тәңіріме дұға еттім.
Қайтадан күз кеп...

(Сергей Миняевтан. - Слезы осени.)
40

КӨКТЕМГІ ВАЛЬС
Ерніңнен сүйсем ерітіп жанды.
Көзіңе – көзім түйісіп биде.
Құшақтап нәзік төгілтіп әнді.
Сыр тосып сырғам, ұйысып үнде.
Перизат бейне - қалықтап жүр де...
Ай түнгі айна - қарасын бізге...
Ұмытып сәт те.. шарықтап биле...
Сызылтқан әуен жадырасын жүзде...
- «Арусың» деші?! - тербесін сөзің.
- «Жүрегім» бассын - пернесін сезім.
Қарашық - Көзім...

(Весенний вальс. Украин ақын қызы Анастасия Якимчуктен.)

41

«ҮМІТТЕР ЖАУЫНЫ»
Қанша көз - жауынды қоса алмайды
бірде - бір көктем.. білсең.. еркем...
Ойға алсаң шіркін.. біртін.. күн - түн..
"хат - есімдерді" шетінен.. тіптен...
Егер саған, кездейсоқ.. мүмкін, берсе...
Өмір Кілттерін. Сенім. Ұқ тегін.
Ол-дағы өмір. Ол шаттық. Күңгіртсіз.
Қалау еркіңде - "суреттер" сырғып жүз.
Алға қарай жүзсең, "ақ күндер" таңы атып.
Еш себепсіз.. лағыл сүйіп... Жанып Үміт.
Сыңарлы Қанатым. Күліп!
Сені, сені... Бақытты етсем... Жетсем.
Бірге. Күнде. Мәңгі. Мәнді. Өмір сүріп...
Қара көздеріңе үңіліп,
балдай сөздеріңе еріп - Тұнық!
Жылау - жүрегіңнің мөлдірі...
Сүю - жүрегімнің жыры...
Құлып!
Сағыныш - жаңбыр ғой, тұйық...
Сендегі... Мендегі... мезгілсіз гүлдейтін Бұлт!

(Столько дождя. Украин ақыны Сергей
Жаданнан. Орыс тіліне ауд: Олег Гаврилов.)

42

ТЕК СЕНІМЕН ҒАНА
Тек сенімен ғана, бөртегүл бүрлеп.
Тек сенімен ғана, ертегі дүрмек.
Тек сенімен ғана, бар теңіз кешіп Қарсы алған таң да, елтеді күн тек.
Тек сенімен ғана, өзімді табам.
Тек сенімен ғана, сезінген ғалам.
Тек сенімен ғана - ләйлі әлемге ғашықпын.
Тек сені ғана.. Мәуем.. Білер ме ең.. Зәуден..
Жіберген Тәңрім маған!
Алғашқы ән - Өмірді сүйші?!
Талмастан, Өзіңді сүйем...
Тек Сені... Сені, Сенші!

(Только с тобой. Украин ақын қызы Анастасия Якимчуктен.)

43

БАҚЫТ АЛАУЫ
Жанына үңіліп жартыңның
Ащыны – тұщыны татқанда,
Үміті дірілдек алтын күн
Жұбату сөзін тартқанда,
Қақ бөліп өмір шартын мың
Әлдекім сенім артқанда,
Адамдық адал қалпын құн
Айырбастамай жоқ – барға,
Аққудай жүзген сыңардың
Пәктігін құшып жатқанда,
Шомып бір көктем бұлағын
Жалғанға қарсы аққанға,
Бақыттың біліп мұрадын
Алауын ыстық оттан да,
Мәңгілік сезім шырағын
Жүректен – Жүрек тапқанда,
– Қандай ғажайып!

(Зельвин Горннен. Как хорошо быть чьей - то навсегда.)

44

ҚҰДАЙДЫҢ ҰРШЫҒЫ
Сүруің керек-ті жез - өмір.
Төгіліп ащы да көзе жыр.
Биікке шығуға оп-оңай.
Төменге қарауға көз - көңіл.
Күйігін татып та, тамшысын,
Сезімнің жасына - жан тұнсын.
Ұзақтау болса да жыры оның,
Бәрібір жауабы айтылсын.
Құдайдың салғаны бір басқа.
Тағдырдың жазғаны бұл баста.
...Ұлылық тілінде барлығы Жаралған.. білмеппін.. о баста!
Неліктен көп жерде қиғылық?..
Неге біз тоналдық? - сүйдіріп...
Маңдайға тиеді екен ғой,
Құдайдың ұршығы иіріліп...

(Неміс ақыны - Фридрих Ницшеден.
– Правила жизни. Орыс тіліне ауд:
Олег Гаврилов.)

45

ЖҮРЕКТЕ ЖОҚ ТЫНЫМ
Қоштасып, «сендік ән» ұзаған,
Жадымда тоқылып нешеме.
Көк гүлді өзіңе сыйлаған,
Хошында тұр сезім десе де.
Бөлініп кетсек те екіге,
Махаббат бал әні есте ғой.
Құштармын... сонда да жетуге,
Жаңбырдай шық таза өйткені ой.
Оралып, қайта бір қарармын,
Сен жүрген жолдағы гүл - ізге...
Жүректе - жоқ тыным. Жауабым:
Ерніңді ешкімге сүйгізбе...

(Ағылшын ақыны - Перси Биши Шеллиден.
- Растаяв. Орыс тіліне ауд: Олег Гаврилов.)

46

ЖАН НАЗАСЫ
Жаным мұңды. Жоқ маза.
Әуреге салған шоқ - Муза.
Ешқандай жүрекке жылу жоқ.
Соқпаққа салса да мың бір от.
Кетпейді ол муза елесі.
Жан - жүрек сөйлейді неге осы.
Ешқандай жүрекке жылу жоқ.
Соқпаққа салса да мың бір от.
"Екеуміз!" – деген жан - күбір.
Баурайды бірақ сағым нұр.
Ырайлы сыңғыр табармыз.
Бекеттің жолын армансыз.
«Жан» әмір айтып: «Жүрекке».
- Жетуіміз қиын тілекке.
Дегенмен, ғашық - тіл байлау.
Бірінсіз - бірі тұрмайды-ау...

(Француз ақыны - Поль Верленнен.
- Душа грустна. Орыс тіліне ауд: Олег Гаврилов.)

47

ПЕЙІШТІК КҮЗ ГҮЛДЕРІ
Ешкім де көрмейтін күз гүлі Бояулы алуан түстерге.
Бейне бір аспаннан түскен бе?!
Таңданып қарарсың үздіге...
Шіркін - ай, сұлулық келіскен.
Түнде де құлпырып, таңда да...
Әлдилі күз жыр сап жалғанға Мәңгіге келгендей пейіштен!
Жұлдыздың лағылын жағып ап.
Жайнайды шетінен Күз - Гүлдер...
...Сырларын емеспіз, біз - білер.
Жұмбағы жұпарлы бағында-ақ...

(Бельгия ақыны - Морис Каремнен.
- Странные цветы. Орыс тіліне ауд:
Олег Гаврилов.)

48

«ҒАШЫҚТЫҚ ЕЛЕС ТҮНІ»
Мысалы көп қой өмірдің,
Мұнтаздай оқысаң.
Қарасы бар, - мөлдірдің,
Ол аз ғой, шошысаң.
Жаратқан шеберлеп соққандай,
Түнді егіз, тәнді де.
Жүрегім ауырлап соққандай,
Жаралы.. қан - жүре.
Ертегі секілді құдды шын,
Тұңғиық тұр Аспан.
Бәріміз егізбіз. Кім білсін?!
Қашпайсың. Растан.
Ғарыштың шегіне көз салып,
Жарқылдан тұтанып...
Әлемге айнала жаздадық.
Ес - түссіз Біз - алып...
Жаныма келші, сен, сәт түнде...
Қарашық ішіне кірігіп.
Ғашықтың елесі - тақ мүлде...
...Жұбымыз қалмасын, бүлініп...

(Мексикан ақыны - Октавио Пастан.
- Два тела. Орыс тіліне ауд: Олег Гаврилов.)

49

ӨЛІАРА ҮШБАУЫ
Өліара нышанын мегзеген,
Қаңбақтай ұшатын құрсау кез.
Не күтіп алданыш іздегем.
Өткеннен - жоқ хабар. Салсаң көз.
Ақшуақ толтырып, тәж - күннен.
Қайырым одасын тұр оқып...
Мен соған да, мейлің, мәжбүр бе ем.
Есіркеп қойсаңшы, бір уақыт...
Жүректі шөл басып, кеузеліп,
Өзімше (құраймын) оны бос.
Құқайы бітеді. Мең-зең ғып.
...Әйтеуір, «бір келер», жолын тос.

(Португал ақыны - Фернандо Пессоадан.
День пасмурный, но не холодный.
Орыс тіліне ауд: Олег Гаврилов.)

50

ЖӘННАТ ГҮЛІНІҢ СОҢҒЫ СӨЗІ
Сүйіктім, мен өлгенде,
Азалы баспа әуенге.
Күлдіреуіш гүл қара жерде Солмайтынын біл, әуелде.
Толса да қауызы - аршыма,
Мезгілдер лайы басумен.
Еркіңде жаным, қалсын да,
Еске алу. Ұмыту. Расымен.
Қарғаның шалып сұқ даусы,
Ғасырдың жетіп сыбыры.
Қабіріме қанша сұқтаншы,
Жауынның тамып тұнығы.
Сені де ойлап сол маңнан...
Ұмытпай, бәлкім, тоңармын...
Жәннаттың бағы ораған.
Ғаршының құлы болармын...
...Мәңгілік сүйген, Аяулым!

(Ағылшын ақыны - Кристина Россеттиден.
- Когда умру, любимый. Орыс тіліне ауд: Олег Гаврилов.)

51

«ЖАН САРЫН»
Пәкизат алақаныңмен,
Сипасаң, өңімнен, сен.
Армандар жаралады,
Бүр атып небір неше ең.
Тағдырдың үміт - бағы.
Мәуезе Ай құлаған.
Жауратпай... жылытады
Гүл - бүрлеп ой - мұнарам.
Өмірдің соқ - тұйығын,
Кешердей ақселденген.
Білмедім, айтшы, гүлім,
Тамырың... әттең неден?!
Өзіңе бар сезімім.
Күн - алау мәңгі өшпейтін...
Өлеңі - әр сөзімнің.
Мың бір түн жан кешпейтін...

(Италиян ақыны - Джосуе Кардуччиден.
Старинная песня. Орыс тіліне ауд: Олег Гаврилов.)

52

АППАҚ ӘЛЕМ ІШІНДЕ
Ғажайып көрініс қыс күнгі,
Шағырмақ сәуле де әйнекте.
Күй шертсін бөтен жүз түрлі,
Шіркеу күмбезінен жан - дертке.
Жабырқап қалған жандардың,
Естісін.. қоңыр.. жандаусын.
Әлдебір тылсым Жаббардың,
Сөзіндей кезіп шарласын.
Қайғыны жеңер түр бар ма?..
Жарлыққа, түге, кім қарсы?
Қас - қағым сәттерді ымдауда,
Жүректі бір рет тыңдашы...
Жазмышты оқып. Үп - үнсіз.
Ажалдың аулы таяуда.
Ызғары өтті қыстың сыз.
Төк, тәңрім, жылу, аярға...

(Американ ақыны - Эмили Дикинсоннан.
- Зимним днём. Орыс тіліне ауд: Олег Гаврилов.)

53

МАЗМҰНЫ
Алғысөз .................................................................................................. 3
Отан ....................................................................................................... 6
Өлкем менің .......................................................................................... 7
Перзенттік жырым өзіңе... .................................................................... 8
Күтем жаздың жаңбырын... .................................................................. 9
Қос Жұлдыз ......................................................................................... 10
Егер болсам... ...................................................................................... 11
Жеңгелер.............................................................................................. 12
Ауыртпашы жүрегімді ........................................................................ 13
Түс параллеліндегі шумақтар............................................................. 14
Жапырақ .............................................................................................. 15
Жаңбыр тілі – жауапсыз ..................................................................... 16
Сен ....................................................................................................... 17
Махаббаттың айыбы не? .................................................................... 18
Сұрамаңыз ........................................................................................... 19
Халқым үшін ....................................................................................... 20
«Сандуғаштар қай жақта...» ............................................................... 21
Есімде өткен күн ................................................................................. 22
Омар Хаям. Рубайлар ......................................................................... 23
Жүрек сонеті ....................................................................................... 24
Тәңірім жүрекке от берді .................................................................... 25
Әуеде пүліш – көк қанат..................................................................... 26
Тентек тамшылар... ............................................................................. 27
Кешірім заңы ....................................................................................... 28
Жан әлемімде – жебір мең.................................................................. 29
Ай жүзі .................................................................................
Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
pdf
19.02.2024
132
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі