Ұстаздың
жолы –
ұлы жол
Көптеген мамандық
арасындағы ең
құрметтісі, ең құдыреттісі адам санасына жарық сәуле салатын,
өмірді танытып, биікке жетелейтін, ең асылы - мұғалім мамандығы.
Адам дертіне шипа болатын дәрігер болмасын, көздін жауын алатын
зәулім үйлер салатын сіулетшілер болмасын, ел баскарып отырған
ағаларымыз болмасын өзіне тәлім берген, өмірге деген көзін ашып,
алдына келген тап-таза аппақ параққа өзінің бар білгенін, бар
жан-тәнімен мейірімін төгіп, білім үйреткен асыл жанға тағзым етіп,
бас имеуі мүмкін емес. Мұғалім мамандықтардың төресі.
Мұғалім - таудан арқырай аққан тау өзені секілді,
айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп,
таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында
тыныштық тауып, дамылдайды. Мүғалім - Жер деген әлемнің бетін
көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Мұғалім – ақылдың
тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары.
Сондықтан балалық шағымнан бастап ұстаз болуды арман еткен
едім.
Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан
Момышұлы "Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз
тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да,
еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ
берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін
ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген. Бала бойына
ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық
сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім. Мектеп — балалардың екінші үйі болса, ал ұстаздар
екінші анасы десек те артық етпейді. Әр үйдің еркелерін бір арнаға
тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды.
Ел болашағы жастардың қолында болса, осы жастарды
бала кезінен елін сүйген ұлтшыл, халқын сыйлайтын әдепті, елін
қорғайтын батыр, өжет, биік шыңдардан көрінетін саналы етіп
тәрбиелеу, оған білім беру мұғалімдердің қолында.
Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім
дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға
топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге
тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне
сіңіріп, тер төгеді. Қанша қиындық болса да қасқайып қарсы тұрып
алдыға үмтылады. Шәкіртерін өз балаларынан артық жақсы көріп, олар
үшін кез келген өзгеріске дайын болып, қызметін адал да,
құштарлықпен орындайды. Көздері жанып тұрған шәкірттерін биік
шыңдарға жетелейді.
Осынау құдыретті мамандық иелерінің қазіргі
қоғамдағы орны қандай? Өзіне лайықты мәртебеге ие ме? Қазіргі заман
балаларының мұғалімге деген құрметі қандай? Бұл сұрақтар елдің
қамын ойлаған, ұрпақтарының болашағын ойлайтын әр азаматтың
көкейінде жүр деп ойлаймын. Баяғыда қарттарымыз бата бергенде
“Мұғалім бол!” деп бата берген. Сол кездегі мұғалім мәртебесін осы
бір ғана сөзбен пайымдауға болады. Ал қазір ше, мұғалім мәртебесі
неге төмендеді? Бұл жағыдайға кім кінәлі? Бұл сұраққа көпшіліктің “
Заман кінәлі ” деп жауап беретініне сенімдімін. Бірақ бұл жансақ
пікір. Қай кезде болмасын мұғалім мәртебесі биік
тұрған.
Ұстаз болу – жүректің
батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн
шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы –деп ақын
Ғ.Қайырбеков жырлағандай, сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар
болғанын мақтаныш етемін. Ұстазға қажетті ең басты төрт қасиет осы.
Жүздеген баланы өз қамқорлығына алып, болашағын бағдарлау үлкен
батылдықты қажет етеді. Шәкірттерін алға жетелеу үшін оларға сеніп
үміт арту керек. Сол балалардың жүрегінен орын алып, өзін сыйлата
білу үшін көркем мінез, сарқылмас мейрімділік керек. Осы қасеттері
бойында бар әр ұстаздың қоғам алдын да, шәкірттері алдында да
мәртебесі биік болары сөзсіз.
Мен
үшін мамандығымның орны ерекше. Жаңа талапқа сай жұмыс істеу
барысында қиындықтар кездессе де, ұстаздық жолын ешқашан
тастамаймын. Қалам ұстауды білмейтін жас талапкерге жазуды, сызуды
үйреткен ұстазым менің жарық сәулем, менің алғашқы тәлімгерім, үлгі
болатын нағыз тұлға. Мұғалім болу үшін шыдам мен қажырлы еңбек
керек. Шәкірті қанша қателік жасасада үйретуден жалықпайтын
ұстаздар нағыз періште. Мұғалім шәкіртіне –ақыл сұраса кеңесшісі,
мейірімге зәру болса анасы, қиындыққа тап болса көмек сұрар
жәрдемшісі. Бір мұғалім бойында адамға қажетті барлық қасиеттер
бар. Олар тек білім ғана беріп қоймай, ұрпақ тәрбиесімен де
айналысады. Осынау асыл ұстазды сыйламай оған қарсы шығатын,
жақсылық ойлап ұрысқанына ренжіп, сыйламайтын шәкірттер өте көп.
Қандай жағдай болса да мұғалім мамандығы өз мәртебесін жоғалтпақ
емес. Сөз соңын әл-Фарабидың мына сөзімен түйіндегім келіп тұр:
“Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген,
естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын,
ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі. Мейлінше шешен,
өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын
ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне
жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді
білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.”
Елубаева Самал
Бериковна
Абай орта
мектебі
Бастауыш сынып
мұғалімі