Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Латын әліпбиі – Тәуелсіздіктің жаңа белесі
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Латын әліпбиі – Тәуелсіздіктің жаңа белесі
«Латын әліпбиіне көшу қажет пе?», дәл қазіргі уақытта осы тақырып ересектер мен оқушылар арасында көп айтылуда. Мені де осы сұрақ ойландырды. Яғни «Латын әліпбиіне көшу қажет пе?» деген бүгінгі күннің сауалы – ел келешегін ойлаған әрбір азаматтың көкейкесті мәселесі болып отыр. Латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы неде? Қолданылып келе жатқан әліпбиімізді латын жазуына ауыстыру бізге не береді, неден ұтамыз, неден ұтыламыз деген секілді сұрақтарға жауап іздеп жүрміз.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді. Тарихымызға көз жүгіртер болсақ, сонау 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Өзіміздің латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгіміз 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.
Кириллицада тұрғанда олардың ана тілін үйренуге құлқы соқпағанда, латын әліпбиіне көшкенде ұлттық сезімі оянады деп ойлау мүлде қате түсінік. Тіпті, билік басындағылар «қазақ тілі республикамыздағы басқа тілдерді басып кетпеуі керек» деген пікірді де алға шығарды. Онда оның несі мемлекеттік тіл? Бүгінгі таңда қазақтардың 60 пайызға жуығы өз ана тілінде оқи алмайды, жаза алмайды. Ең бастысы, өзбек халқы біздер сияқты «ана тілін меңгерген қазақтар» немесе ана тілін менсінбейтін «космополит қазақтар» болып екіге бөлінген жоқ. Олардың бізден артықшылығы да осында. Әліпби негізінде қазақтарды екіге бөлу «қылмысқа барабар іс» деп ойларын сабақтаймыз.
Елбасымыз өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өтті.
Білім, ғылым, өндіріс саласына еніп жатқан жаңа технологияларға латын әліпбиі арқылы қол жеткізудеміз. Сондықтан латын әліпбиіне көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңілдейді, яғни ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашылады. Қазір бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу, бірнеше тілді бес-алты айдың ішінде қорықпай, еркін үйреніп алып жатқанда, ана тіліндегі дыбыстарды басқаша таңбалауды ғана меңгеріп алу біздерге көп қиындық келтірмейді. Әрі бүгінде ұялы байланыстағы хабарламалардың көбі осы графикамен жазылуда.
Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Тіл тазалығы мәселесіне келсек, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Қазақ тілін оқытуда басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарып, мектептен бастап барлық оқу орнында оқыту үдерісі жеңілдейді.
Қазақстанның кириллицаны тастап латынға көшуі – көршіміз Ресеймен достық байланыстарынан бас тартуы деген сөз емес. Бұл – тәуелсіз елдің ішкі ұлттық мәдени мәселесі. Ол мәселенің көрші елдермен қатынастарға қатысы жоқ. Ресей мен Қазақстанның достық негіздегі байланыстары екі ел үшін де пайдалы екені анық. Сондықтан Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі Ресеймен достық байланыстарды жалғастыруға еш кедергі келтірмейді.
Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуіне де өз әсерін тигізер еді. Мәселен, бұған дейін кириллицамен жазылып келген қазақ тіліндегі сөздерді латын әрпімен таңбалайтын болсақ, тіл үйренушілер ол сөздерді басқаша қабылдайды, олардың ойында басқа ассоциация пайда болады: Қазақстан – Qazaqstan, өнер – öner, өзен – özen, өмір – ömir т.б
ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры десек, бүгінгі компьютер заманында әлемдік ғаламтор жүйесіндегі ақпарат кімнің қолында болса, сол өз билігін емін-еркін жүргізе алады. Ал ақпараттың басты құралы – жазу. Яғни ғаламтор жүйесінде үстемдік жасаушы – ол латын графикасы.
Біз, қазақ елі, уақыт көшіне ілесіп, қалып қоймай, әлемдегі өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу үшін, жалпы ұлт ретінде сақталып қаламыз десек, көп кешікпей, әліпбиімізді латын жазуына көшіруіміз керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы.
Тілдері ұқсас, діні бір, түп негізі ортақ түркі тектес елдер осы күнге дейін әртүрлі әліпбимен жазып келеді, латын әліпбиін пайдаланатын түркі тілдес мемлекеттердің жазуы да бірізге түсірілмей келеді, барлығына ортақ әліпби құрастыру (жазу) түркі мемлекеттерінің тарихи, рухани, мәдени байланыстарының нығаюына, ынтымақтастыққа, өзара интеграцияға алып келер еді.
Қандай да істің бастамасында қиындық болатыны белгілі, бірақ әліпби мәселесінде ондай қорқыныш болмауы керек. Себебі бұл бір-екі жылда емес, Тәуелсіздік алған жылдардан бастап сөз болып келе жатыр және Елбасы атап көрсеткендей, оқушылар ағылшын тілін оқу арқылы латын әріптерін меңгерген, ғалымдардың, барша қоғам өкілдерінің көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы қабылдануы керек, жаңа әліпби үйрететін мамандар, оқулықтар дайындалып, бір-екі жылда әдістемелік жұмыстар жүргізіледі. Яғни жаңа әліпбиге көшу бірнеше кезең арқылы жүзеге асады. Ең бастысы, жаңа әліпби төл дыбыстарымыздағы ерекшеліктердің сипатын нақты көрсете алатындай, қазір қолданылып жүрген басы артық әріптерден құтылатындай, орфографиялық заңдылығымыздың табиғатына сай келетіндей болуы керек. Бізден бұрын латын жазуына көшкен түркі халықтарының қателігі бізге сабақ болып, сол қателіктерді қайталамау үшін жаңа қабылдайтын әліпбиіміздің ғылымилығына баса назар аударғанымыз жөн.
Бұл, әрине, өзара хат-хабар алмасуды күрделендіріп, жазу арқылы тілдесуді қиындатады. Мұны шетелдің жоғары оқу орындары аралық келісімшарт негізінде білім алып жатқан Қытай мемлекетінен келген қандас студенттерімізді оқыту барысында көріп жүрміз. Яғни латын әліпбиі – әлем қазақтарының рухани бірлігінің негізі деп айта аламыз. Біздің мұрағаттарда шаң басып жатқан көптеген мұрамыздың дені латын әліпбиінде жазылған. Латын әліпбиіне өту арқылы баға жетпес інжу-маржан, бай мұраларымызды кеңінен зерттеуге мүмкіндік алар едік.
Ендігі ретте латынға көшу не үшін қажет?- дейтін сауалға ғалымдардың дәлелдеуімен жауап беріп көрейік.Бұл сауда мен экономика саласында жұмыс істейтін қызметкерлерге жақын мәселе. Себебі, шетелден келетін күнделікті тұтыну тауарларынан бастап азық-түлік өнімдеріне дейін, соның ішінде бренд өнімдерінің барлығы дерлік атауы латын графикасымен жазылған. Біз күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде сағат сайын, сәт сайын осы мәселемен ұшырасамыз.
Сондықтан, қазақ руханиятындағы тарихи күн – 2017 жылғы 26 қазанды Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі күні деп белгілесе, артық емес. Латын әліпбиіне өту – Рухани Тәуелсіздікке жасалған болашағы зор жарқын қадам!
Елбасымыз өз сөзінде нақтылап айтқандай, Латын әліпбиі қабылданған соң, мемлекеттің негізгі ресми әліпбиі ретінде жұмыс істейтін болуы тиіс. Мемлекеттік әліпби – мемлекеттің тұтастығы үшін қызмет етуі керек. Мемлекеттік латын әліпбиі – мемлекеттік тілдің заңды төріне шығуына жол ашуы тиіс!
Тағы да қайталап айтамыз, Латын қарпін талқылауда зор белсенділік көрсеткен халық енді жаңа әліпбиімізді өмірге енгізуде де қарқынды қайрат танытуы керек. Рухани жаңғыруымызға темірқазық болып отырған жаңа әліпбіиіміздің тегеуріні мықты, болашағы айқын болады деп сенеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Н. Назарбаев. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру». Egemen.kz
2. Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық негіздері. – Алматы, 2010.
3. Әзімбай Ғали. http://qazaqtimes.com/article/8505.
4. Латын әліпбиіне көшуге қарсымыз. «Жалын» журналы, №3, 2013.
5. Айталы А. Қазақ тіліне сұраныс жоқ елде, латын әліпбиіне сұраныс бола ма? «Жалын» журналы, №3, 2013.
6. Әбілқасымов Б., Мәжітаева Ш. ХХ ғасырдағы қазақ әдеби тілі. – Астана: Елорда. – 2000.
7. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы, 1992.